Туризм

Оқу-ағарту министрі Германия елшісімен кездесті 24.02.2025
ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Германия Федеративтік Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Моника Иверсенмен кездесу өткізді. Іскерлік кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту, өндірістік кәсіпорындарда студенттер мен педагогтер үшін тағылымдамаларды ұйымдастыру, сондай-ақ неміс тілі пәні бойынша педагогтердің біліктілігін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, мектепке дейінгі, орта, инклюзивті білім беру саласында одан әрі ынтымақтастықты орнату мүмкіндіктері қаралды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/943301

Қостанайлық оқушы су тасқыны кезінде көпірлерді қираудан қорғау үшін «Smart Bridge» инновациялық жобасын әзірледі 21.02.2025
Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі «100 жаңа есім — 100 жаңа тұлға»айдарын жалғастыруда. Бүгінгі айдардың кейіпкері — Қостанай ауданы Александр мектебінің 10-сынып оқушысы Виктор Рыжков.Жас өнертапқыш ұстазы Виталий Базаркиннің жетекшілігімен су деңгейінің күрт көтерілуі кезінде көпірлердің бұзылуына жол бермейтін «Smart Bridge» инновациялық жүйесін құрастырды. Бұл идея Викторға 2024 жылғы көктемгі су тасқынынан кейін келген.Автоматтандырылған жүйе су деңгейінің критикалық көтерілуінің алдын алады: датчиктер алдымен қауіпті тіркейді, ал бағдарламаланған Arduino микроконтроллері көпірді бірден көтеру механизмін іске қосады, оны тіпті күшті ағынмен де бұзудан қорғайды.«Менің мақсатым — адамдар мен инфрақұрылымның су тасқынына дайын болуына көмектесетін жүйені құру. Жобаны жасау барысында көтеру механизмін таңдау қиындық тудырды, бірақ оны сәтті жүзеге асыра алдық», — дейді Виталий Базаркин.Болашақта Виктор көпірді көтеру функциясын және шұғыл қызметтерге автоматты түрде хабарлама жіберетін радио интеграцияны қосу арқылы модельді жетілдіруді жоспарлап отыр, бұл дабылға жедел жауап беруге мүмкіндік береді.Жоба қазірдің өзінде жоғары бағаланып, «Ұлы өнертабысқа алғашқы қадам» Республикалық инновациялық идеялар байқауында «Өнеркәсіп саласындағы техникалық құрылыс» номинациясы бойынша бірінші орынға ие болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/941168

APEC Petrotechnic жаңартылатын энергетика және мұнай-газ саласында мамандар даярлайды 21.02.2025
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде APEC Petrotechnic Жоғары колледжі Батыс өңірінде алғашқы жаңартылатын энергетика цехының іске қосылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Жаңа оқу-өндірістік орталық күн панельдерін өндіруге арналған заманауи құрылғылармен жабдықталған, онда студенттер озық технологияларды және практикалық дағдыларды меңгереді. Колледж студенттері инновациялық жобаларға қатысудан бөлек ақылы жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Бұл мүмкіндік олардың кәсіби тәжірибесін нығайтады.«Біздің колледжде IWCF аккредитациялық орталығын ашу жоспарлануда, ол халықаралық мамандарды ұңғымаларды қауіпсіз басқару және бұрғылау бойынша даярлайтын болады. IWCF сертификаты бұрғылау процесіне қатысу үшін міндетті және тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де міндетті деп танылған. Оқу ағылшын тілінде жүргізіледі, бұл түлектердің халықаралық компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтеді», — деді колледж педагогы Айнұр Шакенова. Сонымен қатар, APEC Petrotechnic-те мұнай-газ саласында қолданылатын қондырғылардың шағын нұсқаларымен жабдықталған шеберхана цехы жұмыс істейді. Бұл студенттерге мұнай мен газды бұрғылау, пайдалану және өндіру технологияларын іс жүзінде үйренуге мүмкіндік береді. APEC Petrotechnic түлектері Теңізшевройл, Schlumberger, ҚазМұнайГаз және т.б. сияқты жетекші мұнай-газ компанияларында табысты мансап құруда. Колледж әр түрлі салалар үшін сұранысқа ие мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламаларын дамытуды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/940864

800 мектеп кітапханасы модернизациядан өтіп, кітап қоры жаңартылды 21.02.2025
Қазақстанда 800 мектеп кітапханасының модернизациясы аяқталып, 280 мыңнан астам бала жаңартылған ресурстарға қол жеткізді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды. Мектеп кітапханаларының материалдық-техникалық базасын нығайту 1000 ауыл мектебін модернизациялау бағдарламасының бір бөлігі болып табылады. «Мемлекет жыл сайын мектеп инфрақұрылымын жақсартуға қаражат бөледі. Биыл модернизация аясында 800 мектеп кітапханасы жаңартылып, олардың қоры жаңа көркем әдебиетпен толықтырылды. Сонымен қатар, кітапханалардағы жиһаздар жаңартылды», — деп атап өтті Инфрақұрылымды дамыту департаменті директорының орынбасары Роза Сембаева. Бұдан бөлек, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында мектеп кітапханаларын дамыту және оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда мектеп кітапханаларының қорына 1,6 миллион дана көркем әдебиет қосылып, жалпы кітап қоры 141 миллионнан асты. Сондай-ақ, мектеп кітапханашыларының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. 2024 жылы 1 775 маман арнайы курстан өтті, оның ішінде 1 239-ы мектеп кітапханашысы, 536-сы колледж кітапханашысы. Бұл шара кітапхана қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеріп, олардың жұмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/940443

Қазақстан Орта Азиядағы білім сапасын бағалау бойынша аккредиттациядан өткен жалғыз ел атанды 21.02.2025
Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингін бағалаудың ұлттық құралы RCEC халықаралық сапа белгісін алды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.ББЖМ ұлттық құралының халықаралық аккредитациядан өтуі оның сенімділігін, шынайылығын және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды. ББЖМ-нің барлық кезеңдері мен процедуралары PISA, TIMSS және PIRLS сияқты белгілі зерттеулерде қолданылатын ғылыми тәсілдерге негізделген.«ББЖМ аккредитациясынан өту еліміздің бағалау саласындағы әлеуетін және сараптамасын арттыруға мүмкіндік берді. Біз ББЖМ трансформациясы барысында әзірленген негізгі қағидаттар мен тәсілдерді ұлттық білім беру жүйесін жетілдіру аясында басқа білім деңгейлеріне енгізуді жоспарлап отырмыз. Бұл бағалау жүйесінің тұтастай дамуын және балалардың білім сапасы туралы объективті деректер алуды қамтамасыз етеді», – деді «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Мағжан Аманғазы.Сонымен қатар аккредиттеу Қазақстанның Орталық Азия өңірінде білім беру сапасын бағалау бойынша бірлескен бастамаларға көшбасшылық етуіне бірегей мүмкіндіктерді береді.ББЖМ аккредитациясы 7 кезеңнен тұрады, олар бағалау жүйесін әзірлеуді, тест сұрақтарының базасын құруды, барлық қатысушылар үшін нұсқаулық әзірлеуді, цифрлық платформада тестілеуді әкімшілендіруді, халықаралық стандарттарға сәйкес нәтижелерді талдау.Еске салайық, ББЖМ – мектеп оқушыларының білім сапасын зерделейтін қазақстандық ұлттық зерттеу, ол оқу-тәрбие процесіндегі күшті және әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Оның түпкі нәтижесі – білім сапасын арттыру үшін әр өңірге кешенді талдау жасай отырып, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/939574

Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық робототехника және дрондар чемпионаты Алматыда өтеді 21.02.2025
20-23 ақпан күндері «Атакент» орталығында Орталық Азиядағы ең ірі Almaty Tech Cup — робототехника және дрондар чемпионаты өтеді, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Биылғы жылғы робототехника чемпионатының тақырыбы су ресурстары мен суасты әлемін зерттеудің жаһандық мәселесіне арналмақ. Оқушылар өздерінің ғылыми жобалары мен инновациялық стартаптарын төрт санаттық жас бойынша ұсынады:• FIRST LEGO League Discover (4-6 жас)• FIRST LEGO League Explore (6-10 жас)• FIRST LEGO League Challenge (10-16 жас)• FIRST Tech Challenge (12-18 жас) Командалар АҚШ-тың Техас штаты, Хьюстон қаласында өтетін әлемдік кезеңде ел намысын қорғау үшін бақ сынайды. Дрондар чемпионаты төрт бағытта өтеді:• ASPAN Drone Competition — дрондарды бағдарламалау және басқару;• ASPAN Cyber Competition — VelociDrone симуляторындағы виртуалды жарыстар;• ASPAN Drone Race — FPV (First Person View) дрондар жарысы. Жеңімпаздар Оңтүстік Корея, Еуропаның бірнеше елдері, Қытай және Түркиядағы чемпионаттарда Қазақстанның намысын қорғауға мүмкіндік алады. Айта кетейік, Қазақстан өткен жылдың қазан айында Афинада өткен жарыста 190 елдің ішінде үш дүркін әлем чемпионы атанып, рекорд орнатқан болатын. Чемпионат ұйымдастырушылары: Алматы қаласының білім басқармасы, USTEM Foundation қоры, «Ashyq Aspan» ғылыми-білім беру қоры, РНПЦ «Дарын», ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен қала әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/939490

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің қорытындылары 21.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938997

ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Дания Еспаева «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің жұмысымен танысты 21.02.2025
Жастар үшін ұсынылған сұранысқа ие мамандықтардың көрмесін аралады. Дания Еспаева бұл шараның кәсіби мамандар даярлауда аса маңыздылығын, мемлекет тарапынан техникалық және кәсіптік білімді қолдау бойынша жасалып жатқан жұмыстарды атап өтті. Айта кету керек, төрт күнде бұл ауқымды іс-шараны 40 000-ға жуық адам тамашалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938953

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII шақырылымының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов Жұмысшы мамандықтар қаласына келді 21.02.2025
Ол жұмыс алаңын аралап көріп, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған мемлекеттік бастамалардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ іс-шараның кең көлемде ұйымдастырылғанын және мұның түлектердің таңдау жасауына мол мүмкіндік екенін айтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938955

Жұмысшы мамандықтар қаласы алаңына энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев келді 21.02.2025
Ол энергетика және мұнай-газ секторы үшін білікті кадрларды даярлау жүргізіліп жатқан оқу алаңдарында болды. Практикалық оқытуға, заманауи жабдықтарға және оқу орындарының жұмыс берушілермен өзара ынтымақтастығыга ерекше көңіл бөлінді. Министрдің келуі экономиканың түрлі салаларын білікті мамандармен қамтамасыз етуде техникалық және кәсіптік білім берудің маңыздылығын көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938957

Төрт күн ішінде «Жұмысшы мамандықтар қаласына» 40 мыңға жуық адам келді. 21.02.2025
Олардың ішінде министрлер, сенаторлар, Мәжіліс депутаттары, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың басшылары, сондай-ақ экономиканың түрлі салаларының сарапшылары мен өкілдері бар. Ең басты қонақтарымыз — балалар болды, олар жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын ұғынып, өздері үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938959

Түркістан облысының Капланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжі ауыл шаруашылығы үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын даярлайды 21.02.2025
Түркістан облысының Капланбек жоғары аграрлық-техникалық колледжінде аграрлық салада сұранысқа ие дрон операторлары оқытылады. Колледж студенттері өздерінің жобаларын «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде таныстырды. Ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдану ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыруға ықпал етіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. «Бұл – өңірдің экономикалық ерекшеліктерін ескере отырып енгізіліп жатқан заманауи мамандықтар. Агродрондар химиялық препараттарды 20%-ға, суды 80%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді, жанармай шығынын, жұмыс күшін және техниканы қолдану көлемін азайтады. Сонымен қатар, олар тұқымдарды, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын біркелкі енгізуді қамтамасыз етеді», – деп атап өтті колледж директоры Бағлан Шығанов. Бұған дейін колледж қытайлық компаниямен меморандумға қол қойып, оның аясында мамандарды даярлау бойынша әдістемелік және материалдық-техникалық қолдау алатын болады, ал оқытушылар өндірісте тәжірибеден өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938960

Көлік министрі Марат Қарабаев «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестиваліне қатысты 21.02.2025
Ол теміржол және авиация салалары үшін мамандар даярлайтын бейінді колледждердің жұмысымен танысып, көлік саласын дамыту үшін тәжірибеге бағдарланған оқытудың маңыздылығын атап өтті. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі жастарға болашақта сұранысқа ие болатын мамандықтар туралы білуге мүмкіндік беріп, техникалық және кәсіптік білім беруді насихаттау алаңына айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938963

«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде кәсіпорындар мен колледждердің 250 жаңа ынтымақтастығы құрылды - Ғани Бейсембаев техникалық және кәсіптік білімді дамыту туралы 21.02.2025
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 11-15 ақпан аралығында өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өз мәресіне жетті.Іс-шараның қатысушылары мен қонақтарына ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтау сөзін арнады. Бес күн ішінде фестивальға еліміздің барлық өңірінен 50 мыңнан астам адам келіп тамашалады. Қонақтар 200-ден астам жұмысшы мамандықтарымен танысып, 8 тақырыптық көше мен 40 интерактивті алаңды аралады. Фестиваль аясында мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына ерекше көңіл бөлінді. 30 мыңнан астам оқушы кәсіби диагностикадан өтіп, өздерінің дағдылары, қызығушылықтары мен қабілеттерін анықтады. Бұл олардың болашақ мамандығын таңдауда аса маңызды. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі тек ауқымды шара ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуда маңызды өсу нүктесіне айналды. Негізгі нәтижелердің бірі – колледждер мен кәсіпорындар арасында 250-ге жуық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Жұмыс берушілердің бұл процеске белсенді қатысуы қуантады. Біздің басты басымдығымыз – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандарды даярлау. Бұл үшін біз бизнес-қоғамдастық және инвесторлармен өзара ынтымақтастықты арттырамыз. Осы бағытта 270-тен астам мемлекеттік колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту, сондай-ақ колледждерге шефтік қамқорлық көрсететін кәсіпорындар санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарланып отыр», – деді Ғани Бейсембаев. Министр сөз соңында фестивальді ұйымдастыруға және жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға үлес қосқан барлық министрліктерге, әкімдіктерге, ұлттық компанияларға, кәсіпорындарға, колледждерге, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне алғыс білдірді. Фестивальдің бес күнінде 30-дан астам кәсіптік бағдар беру шеберлік сыныптары, 70 викторина, 200-ге жуық ойындар мен квиздер ұйымдастырылып, 1000-нан астам жүлделер мен сыйлықтар ойнатылды. Арнайы дайындалған гидтер колледж студенттері мен мектеп оқушылары үшін 210-нан астам экскурсия өткізді. «Бейбіт атом» шеберлік сабағы аясында балалар атом энергиясы қолданылатын салалар туралы білді, ал «Бортсерік мансабы» воркшопында «Air Astana» әуе компаниясының қызметкерлері мамандықтың артықшылықтарын, бортсеріктер мен ұшқыштарға қойылатын талаптар туралы айтып берді. Металлургтер көшесінде студенттер мен оқушылар геолог, геофизик, кенші, оператор рөлінде өзін сынап көрді. ERG, Kazakhmys, Qarmet сынды ірі жұмыс берушілер көрмелерін тренажер, макет, симулятор, VR-технологиялармен жабдықтап, қатысушыларға мамандықтардың қыр-сырына терең үңілуге мүмкіндік берді. IT, автоматтандыру, ғарыш саласындағы болашақ мамандықтарға арналған кең ауқымды экспозиция ұйымдастырылды. Техно-аренада технологиялық колледждер, университеттер және республикалық ғарыштық байланыс орталығы шеберлік сыныптары мен перфоманс-шаралар өткізілді. Инноваторлар мен болашақ әзірлеушілер үшін Quattuor командасы ұйымдастырған роботтар шайқасы ерекше әсер қалдырды. Айта кетсек, бүгінде Қазақстанның техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж 556 мың студентке білім беруде. Мемлекет басшысының қолдауымен 2023 жылдан бастап колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе өсті. Биыл сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік білім алатын студенттер саны 153 мыңға жетеді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да техникалық мамандықтарға бөлінетін болады. Фестивальдің ұйымдастырушысы – ҚР Оқу-ағарту министрлігі, сондай-ақ ҚР Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік, Энергетика, Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар, Су ресурстары және ирригация, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктері, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен елдің ірі кәсіпорындары қолдау көрсетті. Ресми серіктестер: ERG, «Қазақтелеком» АҚ, «НК Қазақстан Ғарыш Сапары» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ, «QazaqGaz» АҚ, «KEGOC» АҚ, «SamrukEnergy» АҚ, «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» АҚ, «Қазпошта» АҚ, «Kazakh Tourism» АҚ, «НИТ» АҚ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Kazakhmys» корпорациясы» ЖШС, «ҚаздорНИИ» АҚ, «Халықаралық әуежай» АҚ, «Қазаэронавигация» РМК, BI Global, «Тау-Кен Самұрық» АҚ, «Automatic system» ЖШС, «Air Astana» АҚ, «SCAT» әуе компаниясы» АҚ, Қазақстан автомобиль одағы, Құс өсірушілер одағы, Qarmet, EcoCulture – Eurasia, Allur, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, «Eurasia Agro Semey» ЖШС, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы, Сүтті және аралас тұқымды ІҚМ республикалық палатасы, BI Global, «НҰР АСТАНА ҚҰРЫЛЫС» ЖШС, «Барка» (Sardar Group) ЖШС, «Қазақстандық жүк теміржол тасымалдаушылар қауымдастығы» ӨЖҚ, «Integra Construction KZ» ЖШС, «Қазақстан жолшылар қауымдастығы» ӨЖҚ, China Energy, «Туристік қамқор» корпоративтік қоры және басқалар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938986

Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі қыш тақтайшаға «Жұмысшы мамандықтар жылы» логотипін салды 21.02.2025
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында Қарағанды техникалық-құрылыс колледжі қыш тақтайшаға «Жұмысшы мамандықтар жылы» логотипі салынған ерекше жоба ұсынды. Бұл жоба туралы идея фестивальге дайындық барысында туған. Кәсіби шеберлік пен шығармашылықтың жарқын көрінісі болған жобаны авторлары екі күнде дайындаған. Жобаның авторы — колледжде 10 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан Рымбек Қапашұлы. Бұл жұмысты орындауға колледж студенттері де белсенді қатысып, теориялық білімдерін тәжірибеде қолданды. Сонымен қатар колледж «Жұмысшы мамандықтар жылы» логотипі бейнеленген бұйымдар мен шыны ыдыстар әзірледі. Бұл кәдесыйлар фестиваль ұсынған ерекше жобалардың бірі болды. «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі кәсіби дағдыларды ғана емес, сонымен қатар жұмысшы мамандықтар саласында қолданылатын заманауи технологияларды таныстыратын маңызды алаңға айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938358

Астаналық колледж студенттері ландшафттық дизайн бойынша виртуалды тур ұйымдастырды 21.02.2025
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде Астана қаласының Сервис және туризм колледжінің студенттері ерекше жоба — ландшафттық ғимарат ішін виртуалды аралауды ұсынды. Іс-шараға қатысушылар тек көркем абаттандырылған аумақты VR-технологияларының көмегімен толықтай виртуалды түрде көре алды. Бұл жоба студенттердің осы оқу жылында алғаш рет ашылған жаңа мамандықтар — ландшафттық дизайн және флористика бағыттары бойынша жұмыстарының нәтижесі. «Бұл жобамен жұмыс жасау бізге ерекше қызықты болды. Біз 3D-моделдеу мен визуалдау бағдарламаларының қолданылуын меңгеріп, заманауи технологиялардың жобалау процесін қалай жақсартатынына көз жеткіздік. Жұмысшы мамандықтар фестивалі — біздің жаңа кәсіби мүмкіндіктерімізге жол ашатын маңызды алаң», — деп атап өтті колледж студенті Артур Васильев. Ландшафттық дизайнер мамандығы қазіргі еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие. Бұл сала мамандары аумақты тек көркемдеп қана қоймай, оның функционалды бөліктерін дұрыс ұйымдастыру, көгалдандыру, жайлы орта қалыптастырады. Студенттердің жобасы фестивальге келгендердің ерекше қызығушылығын тудырды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938362

Allur кәсіпорыны мен Қостанай колледжінің серіктестігі: автоөндіріс пен кәсіптік білім берудің дамуына жасалған қадам 21.02.2025
Allur автозауыты мен Қостанай автомобиль көлігі колледжі арасындағы ынтымақтастық бірнеше бағытты қамтиды. Осыдан 4 жыл бұрын бұл колледжді шефтік қамқорлыққа алған «Allur» автозауыты маман даярлау сапасын арттыру және оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге қатысып келеді. Бүгінде колледжде 13 мамандық бойынша 1400 студент білім алады. Соңғы бес жыл ішінде колледж студенттері автомобиль және IT құзыреттіліктерінде WorldSkills Ұлттық чемпионатында тұрақты түрде жеңіске жетіп келеді. Студенттер Абу-Дабиде өткен WorldSkills, Будапештте Euroskills, Казанда WorldSkills, сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы халықаралық чемпионаттарға қатысты. 2023 жылдың қыркүйегінде колледждің екі түлегі EuroSkills Gdańsk-2023 чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2024 жылы Данияр Әбікенов Лиондағы WorldSkills чемпионатының әлемдік кезеңінде кәсіби шеберлігі үшін медальмен марапатталды. Сонымен қатар, колледждің әрбір оқытушысы зауытта тағылымдамадан өтеді, бұл оқыту сапасын жақсартуға және студенттерге индустрияның заманауи талаптарына сәйкес келетін білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Студенттер үшін автозауыттың өндіріс алаңдарында еңбекақы төленетін тәжірибелер ұйымдастырылды.Ынтымақтастық шеңберінде автомобиль өндірісі мен сервистік қызмет көрсетудің заманауи технологиялары бойынша мамандар даярлауға бағытталған бірнеше білім беру бағдарламалары құрылды. Бұл бағдарламалар нарық талаптарын ескере отырып жасалған, ол студенттердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Нәтижесінде, колледж түлектеріне оқу аяқталғанға дейін жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар түседі. Қостанай автомобиль көлігі колледжі мен Allur автозауытының арасындағы әріптестік автомобиль саласы үшін білікті мамандар әзірлеуге бағытталған білім беру мен өнеркәсіптің табысты интеграциясының үлгісі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938746

Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері инновациялық жылыту жүйесін ұсынды 21.02.2025
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері өздері әзірлеген автономды жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйесін таныстырды. Ол орталықтандырылған желілерден дербес жұмыс істейді, энергияның жоғары тиімділігі мен экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді. Автоматты басқару жүйесінің арқасында температура жоғары дәлдікпен реттеледі, бұл жылу шығындарын азайтуға және жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялармен жұмыс жасай отырып, студенттер өзекті инженерлік шешімдерді меңгеріп қана қоймай, болашақ кәсіби қызмет үшін қажетті практикалық тәжірибе алады. «Бұл жоба теориялық білімді іс жүзінде қалай қолдануға болатындығын нақты көрсетеді. Біз жай ғана оқып жатқан жоқпыз — нақты жұмыс жағдайларына дайындалып жатырмыз, оқуды бітіргеннен кейін біздің түлектеріміз өндіріске дайын маман болып барады», — дейді колледж студенті Қырықбай Алпамыс. Мұндай бастамалар оқушылардың білімін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттерін дамытады. Инновациялық технологиялармен жұмыс тәжірибесі студенттердің заманауи өнеркәсіптің талаптарына бейімделуіне ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938748

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Жұмысшы мамандықтар қаласына барды 21.02.2025
Фестиваль алаңында ол 8 тақырыптық көшенің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, тау-кен ісі және металлургия, машина жасаушылар мен көлік қызметінің мамандары, құрылысшылар және т. б. Естеріңізге сала кетейік, Фестиваль елордада 11-15 ақпан аралығында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938828

Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды 15.02.2025
EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.Фестиваль Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен және басқа да салалық ведомстволардың, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен өтіп жатыр. Қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Алғашқы екі күнде іс-шараға 15 мыңнан астам адам келген.Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ Президентке еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды.Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты.Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937522