Туризм

Allur кәсіпорыны мен Қостанай колледжінің серіктестігі: автоөндіріс пен кәсіптік білім берудің дамуына жасалған қадам 21.02.2025
Allur автозауыты мен Қостанай автомобиль көлігі колледжі арасындағы ынтымақтастық бірнеше бағытты қамтиды. Осыдан 4 жыл бұрын бұл колледжді шефтік қамқорлыққа алған «Allur» автозауыты маман даярлау сапасын арттыру және оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге қатысып келеді. Бүгінде колледжде 13 мамандық бойынша 1400 студент білім алады. Соңғы бес жыл ішінде колледж студенттері автомобиль және IT құзыреттіліктерінде WorldSkills Ұлттық чемпионатында тұрақты түрде жеңіске жетіп келеді. Студенттер Абу-Дабиде өткен WorldSkills, Будапештте Euroskills, Казанда WorldSkills, сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы халықаралық чемпионаттарға қатысты. 2023 жылдың қыркүйегінде колледждің екі түлегі EuroSkills Gdańsk-2023 чемпионатының қола жүлдегері атанып, 2024 жылы Данияр Әбікенов Лиондағы WorldSkills чемпионатының әлемдік кезеңінде кәсіби шеберлігі үшін медальмен марапатталды. Сонымен қатар, колледждің әрбір оқытушысы зауытта тағылымдамадан өтеді, бұл оқыту сапасын жақсартуға және студенттерге индустрияның заманауи талаптарына сәйкес келетін білім мен тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Студенттер үшін автозауыттың өндіріс алаңдарында еңбекақы төленетін тәжірибелер ұйымдастырылды.Ынтымақтастық шеңберінде автомобиль өндірісі мен сервистік қызмет көрсетудің заманауи технологиялары бойынша мамандар даярлауға бағытталған бірнеше білім беру бағдарламалары құрылды. Бұл бағдарламалар нарық талаптарын ескере отырып жасалған, ол студенттердің еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Нәтижесінде, колледж түлектеріне оқу аяқталғанға дейін жұмысқа орналасу туралы ұсыныстар түседі. Қостанай автомобиль көлігі колледжі мен Allur автозауытының арасындағы әріптестік автомобиль саласы үшін білікті мамандар әзірлеуге бағытталған білім беру мен өнеркәсіптің табысты интеграциясының үлгісі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938746

Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері инновациялық жылыту жүйесін ұсынды 21.02.2025
«Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері өздері әзірлеген автономды жылыту және ыстық сумен жабдықтау жүйесін таныстырды. Ол орталықтандырылған желілерден дербес жұмыс істейді, энергияның жоғары тиімділігі мен экологиялық тазалықты қамтамасыз етеді. Автоматты басқару жүйесінің арқасында температура жоғары дәлдікпен реттеледі, бұл жылу шығындарын азайтуға және жайлылық деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Заманауи технологиялармен жұмыс жасай отырып, студенттер өзекті инженерлік шешімдерді меңгеріп қана қоймай, болашақ кәсіби қызмет үшін қажетті практикалық тәжірибе алады. «Бұл жоба теориялық білімді іс жүзінде қалай қолдануға болатындығын нақты көрсетеді. Біз жай ғана оқып жатқан жоқпыз — нақты жұмыс жағдайларына дайындалып жатырмыз, оқуды бітіргеннен кейін біздің түлектеріміз өндіріске дайын маман болып барады», — дейді колледж студенті Қырықбай Алпамыс. Мұндай бастамалар оқушылардың білімін арттырып қана қоймай, олардың кәсіби құзыреттерін дамытады. Инновациялық технологиялармен жұмыс тәжірибесі студенттердің заманауи өнеркәсіптің талаптарына бейімделуіне ықпал етеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938748

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Жұмысшы мамандықтар қаласына барды 21.02.2025
Фестиваль алаңында ол 8 тақырыптық көшенің жұмысымен танысты. Атап айтқанда, тау-кен ісі және металлургия, машина жасаушылар мен көлік қызметінің мамандары, құрылысшылар және т. б. Естеріңізге сала кетейік, Фестиваль елордада 11-15 ақпан аралығында Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында өтуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/938828

Президент «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестиваліне барды 15.02.2025
EXPO көрме алаңында болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен кәсіптік-техникалық ұйымдардың басын қосқан «Жұмысшы мамандықтарының қаласы» фестивалі өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылындағы» алғашқы ауқымды іс-шара.Фестиваль Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен және басқа да салалық ведомстволардың, ұлттық компаниялар мен ірі кәсіпорындардың қолдауымен өтіп жатыр. Қалашықтағы 40 интерактивті көрмеде 200-ден астам мамандықтың қыр-сырына қанығып, экономика секторларының ерекшеліктерімен танысуға болады. Фестиваль аясында бірнеше күн бойы түрлі семинарлар, шеберлік сағаттары, инновациялық сессиялар мен жұмыс жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Алғашқы екі күнде іс-шараға 15 мыңнан астам адам келген.Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, тау-кен, металлургия, мұнай-газ, құрылыс, ауыл шаруашылығы және тағы да басқа салаларға маман даярлау үдерісімен танысты. Сондай-ақ Президентке еңбек нарығындағы сұранысқа және әр өңірдің ерекшелігіне қарай кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарын трансформациялау мысалдары баяндалды.Президент атом электр стансасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру қарсаңында сапалы білім мен кәсіби дағдыны меңгерген мамандар өте қажет екенін айтты.Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937522

Мемлекет басшысы «Жұмысшы мамандықтарының қаласын» аралап көрген соң өңірлерден келген жастармен жүздесті. Президент кез келген еңбек қадірлі, құрметке лайық екеніне назар аударып, жастарды аянбай еңбек етуге шақырды 15.02.2025
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдай туралы пікір білдіріп, еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығы ең басты құндылық екеніне назар аударды. – Біз «Бірлігіміз – әралуандықта» идеологиясын темірқазық етіп ұстанып отырмыз. Ұлтымыз бен наным-сеніміміз әртүрлі екеніне қарамастан, бір қоғамда тұтас халық болып өмір сүреміз. Мен баршаңызды осынау терең үдерісті толық түсінуге шақырамын. Сонда ғана табысқа жете аламыз. Қазір Украина жөнінде көп айтылып жатыр. Біз алғашқы кезден бастап осы соғысты міндетті түрде тоқтату керек, дипломатиялық келіссөздер арқылы бір мәмілеге келу қажет деп айттық. Бұл ұстанымымыз енді шындыққа айналды. Екі алпауыт ел саяси сұхбат жүргізе бастады. Бұл – жақсы үрдіс. Әрі Қазақстанға пайдасын тигізеді. Сондықтан біз мұны мейлінше қолдаймыз, – деді Президент. Akorda.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937531

Аэрофотогеодезия саласында мамандар даярлайтын жалғыз колледж Абай облысында жұмыс істейді 15.02.2025
Абай облысы білім басқармасының жоғары колледжі геодезия, картография және құрылыс саласында мамандар даярлайды. Бұл елдегі аэрофотогеодезияны оқытатын жалғыз мамандандырылған оқу орны. Аэрофототүсірілім және геодезиялық әдістердің көмегімен жер бедерінің карталары, цифрлық рельеф модельдері және ортофотопландар жасалады. Дрондардан, ұшақтардан және спутниктерден алынған кескіндерді өңдеу жер бетінің координаталық деректерін дәл анықтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын жастардың осы мамандыққа деген қызығушылығы артып келеді. Биылғы жылы оқуға түскендер саны 650 адамға жетті. Колледж халықаралық серіктестермен белсенді жұмыс істейді. Таяу шетелдің оқу орындарымен білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумдар жасалды. Мамандарды даярлау процесінде инновациялық технологиялар мен заманауи геодезиялық құралдар пайдаланылады. Студенттерге халықаралық деңгейдегі оқу бағдарламалары және озық жабдықтарда практикалық сабақтар ұсынылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/937255

Алматы құрылыс колледжінің студенттері «Ақылды үй» жобасын жасады 15.02.2025
Жұмысшы мамандықтар қаласында Алматы құрылыс колледжінің студенттері Arduino технологиясымен әзірлеген инновациялық «Ақылды үйдің» макетін ұсынды. Автоматтандыру жүйесінде уақытқа қарай шамның жанып-сөнуін реттейтін интеллектуалды жарық сенсорлары, сондай-ақ дамыған қауіпсіздік жүйесі қарастырылған. Мұнда қозғалыс PIR-датчиктері, газ және түтін сенсорлары бар, олар ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алады. Ал температураны өлшейтін және ылғалдық сенсорлары желдету мен жылыту жүйесінің жұмысын автоматты түрде реттеп, жайлы микроклиматты қамтамасыз етеді. «Ақылды үйдің» барлық функцияларын Bluetooth және Wi-Fi арқылы смартфоннан қашықтан басқаруға болады. Қауіп төнген жағдайда, мәселен, газ немесе түтін шыққан кезде жүйе дереу хабарлама жібереді, ал зуммерлер мен LCD-дисплейлер қауіп туралы ескертеді. «Біздің жобамыз заманауи технологиялардың баспананы қалай жайлы әрі қауіпсіз ететінін көрсетеді. Мысалы, газдың шығуын жүйе бірден анықтап, иесіне хабарлама жібереді», — дейді колледж студенті Ғаббас Баязитов. Жүйенің барлық элементтерін студенттер өздері құрастырып, бағдарламалаған. «Ақылды үйді» басқаруға арналған мобильді қосымша Play Market пен App Store қосымшаларында қолжетімді. Бұл жоба осындай технологияларды тұрғын үйлерге қоюдың нақты перспективаларын көрсетіп, олардың энергия тиімділігі мен қауіпсіздік деңгейін арттырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/936261

Алматылық колледж студенттері күн панелін шығаруда 15.02.2025
Алматы энергетика және электронды технологиялар колледжінің студенттері оқу шеберханасында алғашқы күн панельдерін өндіруді іске қосты. Олар өз жобаларын Жұмысшы мамандықтар қаласында таныстырды. «Біз күн панельдерін толықтай өз қолымызбен жасаймыз. Алдымен фотоэлементтерді өзара жалғап, арнайы негізге дәнекерлейміз. Кейін панельді сыртқы әсерлерден қорғау үшін ламинация жасаймыз және оны алюминий корпусқа бекітеміз. Соңғы кезеңде жүйені қосып, оның күн энергиясын электр қуатына қаншалықты тиімді айналдыратынын тексереміз», — деп бөлісті колледждің 3-курс студенті Мәди Жанболат. Бұл жоба студенттерге жаңартылатын энергетика саласындағы заманауи технологияларды игеруге көмектесіп қана қоймай, Қазақстанда күн панельдерінің өз өндірісін дамыту үшін перспективалар ашады. Бұдан басқа, колледждің жоғары курс студенттері жетекші компанияларында ақы төленетін практикадан өту мүмкіндігіне ие болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/936876

Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ашылды 15.02.2025
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/935592

Жұмысшы мамандықтар қаласы —экономиканың 15 негізгі бағыты бойынша өндірістік көрмелер 15.02.2025
Астанада Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында алғашқы ауқымды «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтуде. Фестивальдің бірінші күнінде-ақ оған 200-ден астам жұмысшы мамандықтарының өкілі қатысып, 10 мыңға жуық адам тамашалады.Фестивальге келушілер техникалық білім беру саласындағы жаңа технологиялармен, оқу бағдарламаларымен танысып, отандық колледждер ұсынатын жаңа және сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат алды, сондай-ақ әлеуетті жұмыс берушілермен кездесті. Әсіресе жоғары сынып оқушылары ерекше қызығушылық танытып, көрмені белсенді түрде аралады, жұмысшы мамандықтары бойынша мансаптық перспективаларды талқылады.Фестиваль кәсіби білім беру жүйесі мен бизнес арасындағы ынтымақтастықтың көрінісіне айналды. Өндірістік көрмелер экономика үшін стратегиялық маңызы бар 15 бағытты қамтиды: машина жасау, ақпараттық технологиялар, құрылыс, агроөнеркәсіп кешені, энергетика, көлік және ел экономикасының болашағын айқындайтын басқа да салалар.Мұндағы әрбір көрме нарық талаптарына бейімделген жаңа технологиялар, жабдықтар және білім беру бағдарламалары бойынша жетекші кәсіпорындар мен кәсіптік білім беру ұйымдарымен ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/935932

Қазақстан колледждері атом энергетикасы, дрон құрастыру бойынша мамандар даярлай бастайды- Ғани Бейсембаев «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінің басталуы туралы 14.02.2025
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында Астанада техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы ең ауқымды іс-шара — «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі ашылды. Салтанатты шараға премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, сондай-ақ ірі компаниялардың, кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, колледж студенттері, сарапшылар қатысты, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Фестиваль қонақтарын қарсы ала отырып, Оқу-ағарту министрі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждерді жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге ұлғаяды. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, ал болашақта олардың санын 4 мыңға дейін арттыру жоспарлануда. «Жұмысшы мамандықтар жылында іске асырылатын негізгі іс-шаралардың бірі еліміздің 10 колледжін интернационалдандыру болмақ. Негізгі мақсат - олардың жаһандық деңгейде бәсекеге қабілеттілігін арттыру және білім беру бағдарламаларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіру. Атом энергетикасы бойынша мамандарды даярлауда Венгрияның тәжірибесін енгізу, сондай-ақ Қытайдың IT, дрон құрастыру және машина жасау саласындағы тәжірибесін қолдану жоспарлануда», - деді Ғани Бейсембаев. Сонымен қатар Астанада техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттерін қолдау және дамыту мақсатында Ұлттық құзыреттілік орталығы құрылады. Мұндай орталық Қытайда, Оңтүстік Кореяда және БАӘ-де табысты жұмыс істеуде. Ал осы күзде Ақтауда TurkicSkills - түркітілдес елдер арасында I-ші кәсіби шеберлік чемпионаты өтеді. Айта кетейік, «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі — Жұмысшы мамандықтарының жылын ресми түрде ашатын алғашқы іс-шара. Бұл болашақ мамандардың, жұмыс берушілердің, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастығы үшін құрылған алаң. Фестивальдің бірегей форматы қонақтарға әртүрлі кәсіптердің ерекшеліктерімен танысуға және интерактивті алаңдар мен мамандандырылған жабдықтардың көмегімен экономиканың түрлі саласында өздерін сынап көруге мүмкіндік береді.«Жұмысшы мамандықтары қаласында» сегіз тақырыптық көше ашылды: тау-кен ісі және металлургия, машина жасау және көлік, энергетиктер мен мұнайшылар, ауылшаруашлығы, су шаруашылығы мамандары, құрылысшылар, сондай-ақ құтқарушылар, өрт сөндірушілер, медицина көшелері, сондай-ақ болашақ мамандықтарына арналған көшелер де бар. Сонымен қатар кәсіби дамудың түрлі салалары мен бағыттарын көрсететін 40 креативті үй ұсынылған. Бірнеше күн ішінде қала аумағында түрлі семинарлар мен мастер-класстар, мұнай және энергетика өнеркәсібі тақырыптары бойынша хакатон, кәсіптер шеруі, бос орындар жәрмеңкесі, стартаптардың тұсаукесерлері, концерттер мен тренингтер өтеді. Фестивальді ұйымдастырушы – Қазақстан Республикасының оқу-ағарту министрлігі, оған өнеркәсіп және құрылыс, көлік, энергетика, ауылшаруашылығы, экология және табиғи ресурстар, су ресурстары және ирригация, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, төтенше жағдайлар, денсаулық сақтау министрліктері, сондай-ақ Ұлттық компаниялар мен еліміздің кәсіпорындары қолдау көрсетті. Анықтама: Қазақстанның кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 556 мың студент оқиды. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында 2 жыл ішінде колледж студенттерінің стипендиясы екі есе өсті. 2025 жылы студенттерді сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 153 мыңды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық. Мемлекеттік тапсырыстың 70% - ы машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және т. б. қоса алғанда, техникалық мамандықтарға бағытталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/935482

2025 жылдан бастап Қазақстандағы барлық кәсіптік-техникалық колледждер сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін оқытатын болады 14.02.2025
Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент білім алуда. Еңбек нарығын сұранысқа ие мамандармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекет 9-сынып түлектеріне тегін білім алу мүмкіндігін жасауда.Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 153 мыңды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артты. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бағытталатын болады.«Негізгі басымдық – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, бұл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуды, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуді қамтиды. Сондай-ақ, кәсіпорындар үшін дуальді оқыту жүйесін дамыту және мамандарды даярлау мақсатында бизнес құрылымдары мен инвесторларды тарту жоспарлануда», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов.Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/935001

Астанада «Жұмысшы мамандықтар қаласы» республикалық фестивалі өтеді 14.02.2025
Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында 11-15 ақпан аралығында елордада ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ұйымдастыруымен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі өтеді. Фестиваль болашақ мамандардың, жұмыс берушілер мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының өзара ынтымақтастық алаңына айналады. Жұмысшы мамандықтары қаласының қонақтары арнайы тақырыптық көшелерді аралап, таныса алады: тау-кен, металлургия көшесі, машина жасау және көлік көшесі, ауыл және су шаруашылығы көшесі, құрылысшылар көшесі, болашақ мамандықтар көшесі, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер бұрышы және т.б. Бірнеше күн бойы түрлі семинарлар мен шеберлік сыныптары, мұнай және энергетика салаларындағы тақырыптар бойынша хакатондар, мамандықтар шеруі, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, стартап жобалардың таныстырылымы, машина жасау бойынша шеберлік сыныптары, концерттер, халықаралық аккредиттелген техникалық және кәсіптік оқыту курстары және тағы басқа көптеген іс-шаралар өтеді. Фестивальге кіру тегін. Күн сайын сағат 10:00-ден 18:30-ға дейін ашық. Мекен-жайы: «EXPO» Халықаралық көрме орталығы, Мәңгілік ел, 53/1 Толығырақ mamanfest.kz парақшасындаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/934291

Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры тағайындалды 14.02.2025
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры болып Толқын Жолдыбайқызы Исақова тағайындалды.Толқын Жолдыбайқызы Исақова 1977 жылы 1 ақпанда Жамбыл облысында дүниеге келген.М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша, 2021 жылы Еуразия гуманитарлық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдады.Еңбек жолын 1999-2008 жылдары Жамбыл облысының Байзақ ауданында бастаған.2008-2011 жылдары ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінде қызмет атқарған.2011-2016 жылдары ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитетінде бас сарапшы, басқарма басшысы.2016-2019 жылдары Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнде сектор меңгерушісі болған.2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің құрылымында қызмет атқарған.2025 жылғы 3 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің стратегия және халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры лауазымына тағайындалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/931956

Оқу-ағарту министрі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету бойынша аумақтық департаменттердің басшыларымен кеңес өткізді 14.02.2025
Ғани Бейсембаев министрліктің аумақтық департаменттерінің басшыларымен кеңес өткізді, онда білім беру жүйесін дамыту, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жергілікті жерлерде мемлекеттік бастамаларды тиімді орындау жөніндегі стратегиялық мәселелер қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауға, білім беру сапасын арттыруға, балалардың құқықтарын қорғауға, педагог мәртебесін қолдауға ерекше көңіл бөлінді. Министр сапалы білім беру елдің тұрақты дамуының негізгі факторы болып табылатынын, ал балалардың құқықтарын қорғау және олар үшін қолайлы білім беру ортасын құру министрлік қызметінің басым бағыты екенін атап өтті. Сондай-ақ кеңес барысында мемлекетпен қабылданған шаралардың іске асырылуына бақылауды күшейту, балалардың қауіпсіздігін, білім беру ұйымдарындағы жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету, жергілікті жерлерде бұзушылықтардың алдын алу мәселелері де талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша Ғани Бейсембаев бұл бағыттағы жұмысты күшейту, жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету және білім беру бастамаларының орындалуына мониторинг жүргізудің қосымша тетіктерін енгізу жөнінде нақты тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/932154

Педагогтердің біліктілігін арттыруды түбегейлі қайта қарау – Ғани Бейсембаев «Өрлеу» филиалдарына жаңа міндет жүктеді 14.02.2025
Оқу-ағарту министрі «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығы АҚ-ның басшыларымен жиын өткізіп, 2024 жылдың жұмысын қорытындылады және 2025 жылы жүргізілетін жұмыстардың басым бағыттарын айқындады.Қазіргі уақытта министрліктің бағынысты ұйымы мектепке дейінгі, орта, арнайы білім беру педагогтеріне олардың бейіндік қызметтеріне қарай пәндік және цифрлық құзыреттерді дамыту, инклюзиялық білім беру бойынша курстар өткізуде. Өткен жылы 80 мыңнан астам педагог тегін біліктілікті арттыру курстарынан өтті, оның ішінде 57,8% - ауыл мектептерінің мұғалімдері.«Білім беру саласындағы қазіргі талаптар мен тенденцияларға сәйкес педагогтердің біліктілігін арттыру тәсілдерін қайта қарау және курс бағдарламаларын жаңарту қажет. Себебі білім сапасы мұғалімдердің кәсіби деңгейіне тікелей байланысты. Еліміздің үздік педагогтерімен тәжірибе алмасу және жас мұғалімдерге шеберлік сыныптарын өткізу мүмкіндіктерін қарастыра отырып, оларға курстан кейінгі кәсіби қолдау көрсету маңызды», - деп атап өтті оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.Жиын соңында 2025 жылға негізгі бағыттар айқындалды, оның ішінде педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламаларын жаңарту, көбірек тәжірибеге бағдарлау және үздік халықаралық әдістемелерді педагогтерді кәсіби дамыту жүйесіне интеграциялау, педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуына жағдай жасауға басымдық берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/932308

Оқу-ағарту министрі өңірлік әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді 14.02.2025
Мемлекет басшысының білім беру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Оқу-ағарту министрі әдістемелік орталықтардың басшыларымен кеңес өткізді.Ғани Бейсембаев оқу-әдістемелік және тәрбие жұмысын жетілдіру мәселелеріне назар аударды, сонымен қатар әдістемелік орталықтарды трансформациялаудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және инфрақұрылымды жаңғырту жоспарын бекітті.Қазақстанда өңірлік деңгейлерде 20 әдістемелік орталық, аудандық және қалалық білім бөлімдерінің жанында 205 әдістемелік кабинет жұмыс істейді. Еліміздің әдістемелік қызметінде 3 мыңға жуық маман еңбек етеді, оның 55%-ы ауылдық жерлерде.«Сапалы білім берудің іргетасын кәсіби білікті педагогикалық құрам қалайды. Педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету, мықты мұғалімдер базасын қалыптастыру және олардың табысты тәжірибесін әріптестер арасында таратуға ықпал ету керек», – деп атап өтті Оқу-ағарту министрі.Министр білім беру саласындағы мемлекеттік бастамалардың іске асырылуын бақылауды күшейтуді, әдістемелік орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыруды, озық тәжірибелерді енгізуді және білім берудің барлық деңгейінде әдістемелік жұмысты нығайтуды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/932508

Кеңейтілген алқа отырысы: білім беру мазмұнының сапасы, менеджмент, заманауи инфрақұрылым, балалардың қауіпсіздігі және экономика үшін кадрлар даярлау 14.02.2025
Астанада педагогикалық және ата-аналар қауымдастығының, өңірлік білім басқармалары басшыларының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, сарапшылардың және саланың басқа да қызметкерлерінің қатысуымен ҚР Оқу – ағарту министрлігінің дәстүрлі алқа отырысы өтті.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен жылды қорытындылап, білім беру сапасын одан әрі арттырудың басым бағыттарын айқындап берді. Ол орта білім беру мазмұнының қайта қаралғанын, ал жаңа МЖМБС жобасына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына енгізілген құндылықтар енгізілгенін атап өтті.«Білім беру тәрбиемен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойына құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған алты негізгі жобаны қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі көп жағдайда сынып жетекшілеріне байланысты. Сондықтан оны мол тәжірибесі бар білікті ұстаздардың орындауы маңызды. Тәрбие бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерін ескере отырып, педагогтердің сынып жетекшілігіне деген көзқарасын түбегейлі қайта қарау керек», - деді Ғани Бейсембаев.Ведомство басшысы елімізде білім беру сапасын бағалаудың өзіндік ұлттық жүйесі қалыптасқанын атап өтті. ББЖМ қазақстандық бағалау құралы RCEC сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығында халықаралық деңгейде танылды, осылайша Қазақстан Орталық Азиядағы білім беру сапасын бағалау жүйесі бойынша аккредиттеуден өткен жалғыз елге айналды.«Министрлік педагогтің үздіксіз кәсіби даму процесі ретінде біліктілікті арттыру парадигмасын қайта қарады. Барлық рәсім «Ұстаз» ұлттық платформасында автоматтандырылған. Биыл алғаш рет платформада 88 мыңнан астам модератор мен сарапшыны аттестаттаудан өткізу жоспарлануда», - деді министр.2024 жылы бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болды. Бұл - еліміздің педагогтерінің еңбегіне Президент тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет, артылған зор сенім.Сонымен қатар министр «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын бұзу фактілеріне алаңдаушылық білдірді.«Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырамын», – деді Ғани Бейсембаев.Елімізде 7 мыңнан астам мемлекеттік мектеп жұмыс істейді. 2023 жылдан бастап жаңа форматтағы басқарушыларды даярлау үшін «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы іске асырылуда. Қазірдің өзінде республикалық кадр резервіне 583 кандидат алынды.Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің басты міндеті болып қала береді. 2024 жылы заңға кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және отбасын қолдауға бағытталған түзетулер енгізілді. Сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілеттіктері кеңейтілді. Биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ-да Қазақстанның осы саладағы реформалары жоғары бағаға ие болды. «Біз инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуды жалғастырамыз. 2025 жылға қарай психологиялық-педагогикалық қолдауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық орталығы мен Ұлттық инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау басталды. Қазан айында Қазақстан алғаш рет Инклюзия бойынша дүниежүзілік конгресті қабылдайды», - деп атап өтті ведомство басшысы.Білім беру сапасындағы алшақтықты азайту үшін қалалық және ауылдық мектептер арасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылуда. Ол материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуге және оқыту сапасын арттыруға бағытталған.«2024 жыл білім беру инфрақұрылымы үшін маңызды кезең болды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет мектептердің рекордтық саны салынды. 2023 жылы 165 мектеп қолданысқа берілді, 2024 жылы 257 мектеп бой көтерді, оның 105-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Оларды тиімді басқару үшін Министрлік бірыңғай жүйе әзірледі», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.Процестерді цифрландыру және автоматтандыру қазіргі білім беру ортасының маңызды бөлігі болып табылады. Министрлік «SMART ОҚУ АҒАРТУ» жобасын іске қосты. Ол цифрлық білім берудің бірыңғай экожүйесін құрып, оқытудың сапасын арттырады, оқыту процестерінің барлық қатысушылары үшін білім беру ресурстары мен қызметтеріне қолжетімділікті жеңілдетеді.Starlink терминалдарын енгізу есебінен сапалы интернет тартылған мектептердің үлесі 2022 жылғы 19%-дан 2024 жылы 95%-ға дейін, яғни 3 есеге ұлғайды.«Жыл басынан бері мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды өңірлерге таратуға кірістік. Білім басқармаларының басшылары өңірде ваучерлік қаржыландыруды уақытылы әрі сапалы енгізу үшін жағдай жасауы қажет. Ұлттық білім беру дерекқорымен интеграциялау қаржыландырудың жаңа моделіне жылдам көшуді қамтамасыз етеді» - деді министр.Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында техникалық және кәсіптік оқытуды трансформациялау міндетін қойды. Өткен жылдан бастап министрлік әкімдіктермен бірлесіп колледждерге толық инвентаризация жұмыстарын жүргізді. Өңірдің барлық индустриялық жобаларын, жұмыспен қамту карталарын ескере отырып, кадрларды даярлаудың бейіндік бағыттары айқындалды.Сөз соңында министр азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға тоқталды. Ол педагогтер үшін өздерінің құқытарының қорғалғанын, ал олардың қызметіне қатысты шешім қабылдауда объективтілік пен заңның сақталуы маңызды екенін атап өтті.Сондай-ақ алқа отырысында ғалымдар, педагогтер, ата-аналар, сараптамалық және бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауымбай Қараев, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар және т. б. бар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/932666

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қазіргі білім: сапа және менеджмент, заманауи инфрақұрылым, балалардың қауіпсіздігі, экономика үшін маман даярлау» тақырыбында кеңейтілген алқа отырысы өтті 14.02.2025
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Қазіргі білім: сапа және менеджмент, заманауи инфрақұрылым, балалардың қауіпсіздігі, экономика үшін маман даярлау» тақырыбында кеңейтілген алқа отырысы өттіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/932904

ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысындағы спикерлердің сөзінен 14.02.2025
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің кеңейтілген алқа отырысындағы спикерлердің сөзіненАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/933375