Enbekshi QazaQ

Туризм

Балалардың игілігі – мемлекеттің басым міндеті: Қазақстан халқының үштен бірін балалар құрайды 26.01.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде балалардың құқығын қорғау бойынша ауқымды заңнамалық және стратегиялық шаралар жүзеге асырылады. Ел тұрғындарының үштен бір бөлігін балалар құрайды. Атап айтқанда, Қазақстанда 6,8 млн. бала бар. «Елдегі әрбір баланың бақытты және қауіпсіз балалық шағы болуы тиіс», - Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті. Қабылданған үш заңдағы маңызды бастама – ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың өмірге бейімделуі үшін тәлімгерлер институтының құрылуы. Бүгінде 330-дан астам бала тәлімгерлермен қамтылып, қажетті көмек алуда. Балалардың құқығын қорғаудағы негізігі шаралардың бірі – балаларға қатысты құқықбұзушылық үшін жаза қатаңдатылып, кәмелетке толмағандарға жәбір көрсеткені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мақсатында балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп кетуге тыйым салынды. 2025 жылдан бастап мектептер мен колледждерде республикалық бірыңғай «111» байланыс орталығына жедел хабарласа алатын QR-кодтар енгізілді. Биылғы жылдың қаңтар айындағы мәлімет бойынша байланыс орталығына 17 400 бала жүгінген. Елдің әр өңірінде балалардың құқықтары жөніндегі арнайы уәкілдер жұмыс істейді. 2024 жылдан бастап қорғаншылық органдарында мамандарының саны 303-тен 692 адамға, яғни екі есеге артты. Қорғаншылық органдарының штаттық саны бойынша норматив бекітілді. Атап айтқанда, 5 мың балаға кемінде 1 маманнан бөлінді. Елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және жетім 17 660 бала қазақстандық отбасыларда тәрбиеленуде. 2024 жылы 3 мыңнан астам бала жаңа отбасын тапты. 2025 жылдан бастап отбасылық орналастырудың жаңа түрі – кәсіби қабылдаушы отбасылар енгізілмек. Бұл бастама қиын өмірлік жағдайға тап болған балаларға қамқорлық көрсетіп, оларға үй жағдайында қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. 2024 жылдан бастап елімізде 627 балабақша ашылып, 93,1% бала мектепке дейінгі ұйыммен қамтылды. Соңғы 3 жылда балабақша кезегі 2 есеге қысқарған. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы мектептердегі орын тапшылығы мен үш ауысымды оқу мәселесін тиімді шешіп келеді. Жоба жүзеге асырылған уақыттан бастап 105 жайлы мектеп қолданысқа берілді. Сонымен қатар 2024 жылы 373 мың орынға арналған 257 мектеп қолданысқа берілді. Биыл 300 мың білім алушыға арналған 200-ге жуық мектептің құрылысы жүруде. Білім беру ұйымдарының қауіпсіздік шаралары күшейтілді. 20 мыңнан астам нысан бейнебақылау жүйесімен жабдықталып, Жедел басқару орталықтарына қосылған. Барлық ұйымдарда дабыл түймелері мен турникеттер орнатылып, лицензияланған күзетпен қамтамасыз етілді. Мемлекет өскелең ұрпақ үшін тең мүмкіндіктер қалыптастыруға басымдық беріп келеді. 2024-2025 оқу жылында мемлекеттік мектептерде оқитын 1,7 млн. бала тегін тамақпен қамтамасыз етілді. Бұл мақсатқа 162 млрд. теңге бөлінді. «Жалпыға міндетті білім беру» қорының есебінен қосымша 22,5 млрд. теңге бөлініп, 510 мың бала мектеп керек-жарақтарымен қамтылды.2025 жылдан бастап жекеменшік мектептерде оқитын әлеуметтік тұрмысы төмен отбасылардың балалары да тегін тамақпен қамтылады. Жергілікті бюджеттен 25 мың баланы тегін тамақтандыру үшін 12 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінді. «Ұл-қыздарымыздың парасатты және жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтардың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау әрдайым мемлекеттің басты басымдығы саналады. Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан еліміздегі әрбір жеткіншектің мейірім мен қамқорлыққа бөленіп, үлкеннің қолдауын сезінуі, ертеңгі күнге сеніммен қарауы өте маңызды», - Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті. Қазақстанда балалардың қосымша білім алуы, сапалы демалыс және сауықтыру ұйымдарымен қамтылуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бүгінде 3,3 млн. бала түрлі бағыттар бойынша үйірмелерге, секцияларға қатысады.2024 жылдың жаз мезгілінде 3,1 миллионнан астам бала 10 743 лагерьде сауықтыру демалысын өткізді. Білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыру тек техникалық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Мемлекет балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу және олардың құқықтары мен саламаттығын қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспар қабылдады. Жоспар балаларға қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған іс-шаралар жиынтығын қамтиды. Оның аясында өңірлерде 20 психологиялық қолдау орталығы ашылып, 242 759 оқушы мен ата-аналарға көмек көрсетілді. Барлық білім беру мекемелерінде буллингпен күрес жүргізу мақсатында Kiva және ДОСБОЛLiKe бағдарламалары енгізілді. Бұл шаралар мектептерде достық пен өзара сыйластық қарым-қатынасын құруға септігін тигізеді. 2024 жылдың қыркүйегінен бастап балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген жеке қауіпсіздік сабақтары енгізілді. 14,3 мыңнан астам білім беру қызметкері балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша оқытылды. Сондай-ақ мектеп пен отбасы арасында ынтымақтастық орнатуға, позитивті ата-ана мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Біртұтас тәрбие» бағдараламасы енгізілді. Балалардың қауіпсіздігі – болашаққа жасалған қамқорлық. Бүгін ертеңгі елдің іргетасын қалайтын ұрпақты қалыптастырудамыз. Балаларға қамқорлық көрсете отырып, қауіпсіз әрі гуманист, мықты қоғам құрамыз.Қазақстан балалардың жан-жақты дамуы және болашағының жарқын болуы үшін құқықтық базаны нығайтып, әлеуметтік қолдауды күшейте отырып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жалғастырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/924594
Алтынсарин академиясы мен әлемдік жетекші Google және Microsoft компаниялары ЖИ саласында ынтымақтастықты жоспарлауда 26.01.2025
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Big Tech екі жетекші компаниясы Google for Education және Microsoft-пен меморандумға қол қойды. Серіктестік білім сапасын арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізуге жаңа мүмкіндіктер береді. Атап айтқанда, Google for Education-пен педагогтер жұмысын оңтайландыру, қазақстандық оқушылардың цифрлық мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған оқу процесін ұйымдастыру үшін озық құралдарды пайдалану жоспарлануда. Ал Microsoft-пен ынтымақтастық бұлтты технологияларды әзірлеу мен енгізуді, сонымен қатар мұғалімдер мен оқушылардың цифрлық сауаттылығын арттыруды көздейді. «Ірі технологиялық компаниялар кеңселерімен меморандумға отыру білім беру жүйесін цифрлық трансформациялаудағы маңызды қадам болып табылады. Осы әріптестік аясында білім беру саласында жасанды интеллектіні этикалық және жауапкершілікпен пайдалануға баса мән беріледі, бұл – қазіргі заманауи технологияларды оқу процесіне интеграциялауда жоғары мәнге ие», — деп атап өтті Алтынсарин академиясының вице-президенті Азамат Жұмахмет. Естеріңізге салар болсақ, өткен жылдың қаңтарында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев компания өкілдерімен кездесіп, тараптар одан әрі ынтымақтастық туралы келісімге келген болатын. Ал одан бір жыл бұрын Алтынсарин академиясы Солтүстік Қазақстан облысында шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамыту бойынша Microsoft компаниясымен бірлескен жобаны іске асырған еді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/924598
Мектептердегі тамақтану сапасы талқыланды 26.01.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылғы қыркүйектен бастап мектептерде бастауыш сынып оқушыларына алғаш рет тегін ыстық тамақ беріле бастады. Оқу-ағарту министрлігінде Денсаулық сақтау министрлігі, өңірлік білім басқармалары және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен өткен жиын барысында білім беру ұйымдарындағы тамақтану сапасын қамтамасыз ету шаралары талқыланды.Тамақтану сапасын арттыру мақсатында өткен жылы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Тамақтану нормалары қайта қаралып, асхана қызметкерлеріне қойылатын талаптар күшейтілді, жеткізушілерге СЭС қорытындысын алу міндеттелді, сондай-ақ тегін тамақ алушылардың есебі автоматтандырылды. Мектептерде тамақтану сапасын күнделікті бақылау үшін бракераждық комиссиялардың жұмысы міндеттелді. Бұған қоса, барлық өңірлерде ата-аналар, қоғамдық ұйым өкілдері және мәслихат депутаттарының қатысуымен ведомствоаралық сараптамалық комиссиялар арқылы қоғамдық бақылау ұйымдастырылды.Жалпы тамақтануды жүйелі түрде ұйымдастыру сапасын мемлекеттік бақылауды Денсаулық сақтау министрлігінің Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің аумақтық бөлімшелері қамтамасыз етеді. Бүгінде білім беру ұйымдарындағы тамақтану стандартының жобасын әзірлеу және бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде.Өз кезегінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнес қауымдастығын сапалы және қауіпсіз тамақтануды ұйымдастыруда жоғары жауапкершілік танытуға шақырды.Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев уәкілетті мемлекеттік органдарға бракераждық және ведомствоаралық комиссиялардың құрамын жаңартып, оларға өңірлік кәсіпкерлер палаталарының өкілдерін енгізуді, комиссиялардың жұмыс алгоритмін жаңарту, сондай-ақ барлық процеске қатысушылардың мониторинг жұмыстары мен бақылауын күшейту тапсырды. Талаптар жүйелі түрде бұзылса жергілікті билік органдарына қызмет көрсетушілермен келісім-шарттарды біржақты тәртіппен бұзу құқығы беріледі.Бүгінде 1,7 миллионнан астам қазақстандық оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 192 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. 2025 жылдан бастап жеке мектептердің 25 мың оқушысын тегін тамақпен қамту жоспарланды, оған мемлекет қосымша 12 миллиард теңге бөледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/924604
Ги Бейсембаев"жайлы мектеп" ұлттық жобасын іске асыру бойынша кеңес өткізді 26.01.2025
"Жайлы мектеп" Ұлттық жобасының іске асырылу барысы облыс әкімдері орынбасарларының, білім басқармалары басшыларының, орталық мемлекеттік органдар өкілдерінің және "Samruk Kazyna Construction"АҚ атынан құрылыс операторының қатысуымен өткен кеңесте қаралды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде "жайлы мектеп" Ұлттық жобасы іске асырылуда, оның шеңберінде 2026 жылға дейін 460 мың оқушы орнына арналған жаңа форматтағы 217 мектеп салу жоспарлануда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 254 мың оқушыға арналған 105 мектеп салынды. Ұлттық жобаны іске асыру кезінде білім беру ортасының функционалдығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін бөлек блоктар қарастырылған. Талаптардың қатарына қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шараларын арттыру, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру және мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету жатады. Кеңес соңында министр нысандарды одан әрі сапалы салу және іске қосу жөнінде тапсырма берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/924607
Робототехникадан әлем чемпионатының алтын жүлдегері алматылық оқушы Айви Лигасына кіретін университтен шақырту алды 25.01.2025
17 жастағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Иманәлі Көксал Пенсильвания университетінде тегін оқуға мүмкіндік алды. Бұған оның оқудағы жетістігі мен робототехникаға деген құштарлығы себеп болды — деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Иманәлінің робототехникаға деген қызығушылығы 7-сыныпта басталған. Ал халықаралық First Global Challenge (FGC) байқауына қатысуы оның бұл құштарлығын еселей түскен. «Сингапурдағы FGC 2023-те инженер болудан бөлек, матчтар кезінде жүргізуші болдым және роботты басқардым. Бұл стресске төзімділікті қажет етеді. Жарыста 194 елдің арасында өнер көрсетіп, бірінші орын алдық. Бұл команданың ауызбіршілігі және табандылығы мен еңбек етуінің нәтижесі екенін көрсеттік», — деді Иманәлі. Дәл сол уақытта Қазақстан құрамасы робототехника бойынша екінші рет әлем чемпионы атанды. Дарынды оқушы инновациялық жобаларды әзірлеумен де белсенді айналысады. Мәселен, ол есту қабілеті нашар адамдарға арналған ақылды сағат жасап шығарды. «Бұл сағат есту қабілеті нашар адамдарға вибрация арқылы күмәнді немесе қауіпті дыбыстар туралы ескертеді. Мен мұқтаж адамдардың өмірін жақсартатын технологияны жасағанымды мақтан тұтамын», — дейді 17 жастағы чемпион. Иманәлі болашақта Қазақстанның технологиясы мен экономикасын дамытуға үлес қосқысы келеді. Сондықтан Пенсильвания университетін таңдағанын айтады. «Wharton School бизнес мектебі әлемде бірінші орында болғандықтан осы университетті таңдадым. Университет тек білім беріп қана қоймай, студенттердің әлеуметтік өмірін дамытады, бұл мен үшін өте маңызды. Мен алған білімімді өз елімнің дамуына жұмсау үшін еліме қайтып оралуды жоспарлап отырмын. Менің оқиғам жастарды өз армандарына ұмтылуға және ешқашан берілмеуге шабыттандырады деп үміттенемін», — деп қорытындылады оқушы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/922659
Мектептегі білімнің сапасын бағалаудың ұлттық жүйесі RCEC халықаралық сапа белгісін алды 25.01.2025
Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингілеу ұлттық құралы (ББЖМ) халықаралық аккредитациядан өтті. Бүгін Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығының (RCEC) директоры Арнольд Брауердің кездесуі өтті.ББЖМ - оқушылардың білім сапасын, мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын (МЖМБС) меңгеру деңгейін айқындайтын ұлттық құрал болып табылады. 2023-2024 жылдар аралығында Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі ББЖМ халықаралық аккредиттеу процесіне бастамашылық етті.Ғани Бейсембаевтың айтуынша, ББЖМ ұлттық құралының халықаралық аккредитациядан өтуі оның сенімділігін, шынайылығын және халықаралық сапа стандарттарына сәйкестігін растайды. ББЖМ-нің барлық кезеңдері мен процедуралары PISA, TIMSS және PIRLS сияқты белгілі зерттеулерде қолданылатын ғылыми тәсілдерге негізделген.«Қазақстан білім сапасын арттыру жолында сенімді қадамдар жасауда. ББЖМ-нің халықаралық танылуы – озық тәсілдер мен стандарттарды енгізуге бағытталған бағдарымыздың дұрыстығын дәлелдейді. Біз уақыттың сын-қатерлеріне төтеп бере алатын және жаһандық білім беру қауымдастығына сәтті интеграциялануға қабілетті жүйе құрудамыз. Бұл жетістік білім сапасын одан әрі арттыруда маңызды кезең болатынына сенімдіміз», – деді министр.Халықаралық сараптама және сертификаттау ғылыми-зерттеу орталығының (RCEC) директоры Арнольд Брауер атап өткендей, Қазақстанның ұлттық бағалау жүйесі Орталық Азия аймағындағы бірлескен бағалау жобаларының негізі немесе бір бөлігі бола алады.«Қазақстандық білім беру жүйесі қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетуде. Ынтымақтастықтың екі жылында ББЖМ аккредитациясының 7 кезеңі жүзеге асырылды, олар бағалау жүйесін әзірлеуді, тест сұрақтарының базасын құруды, барлық қатысушылар үшін нұсқаулық әзірлеуді, цифрлық платформада тестілеуді әкімшілендіруді, халықаралық стандарттарға сәйкес нәтижелерді талдауды қамтиды. Бұл білімді бағалау жүйесін дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті Арнольд Брауер.Еске салайық, ББЖМ – мектеп оқушыларының білім сапасын зерделейтін қазақстандық ұлттық зерттеу, ол оқу-тәрбие процесіндегі күшті және әлсіз тұстарды анықтауға мүмкіндік береді. Оның түпкі нәтижесі – білім сапасын арттыру үшін әр өңірге кешенді талдау жасай отырып, әдістемелік ұсыныстар әзірлеу болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/922867
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы белсенді жүзеге асырылуда. 25.01.2025
Оқу жылының басынан бері алғаш рет 254 мың оқушы орны пайдалануға берілді, ал 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 460 мың орынға жетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/923195
Робототехника бойынша Орталық Азия чемпионатына өңірлік іріктеу аяқталуда 25.01.2025
2025 жылғы 25-26 қаңтарда Астанада 800-ден астам оқушы мен олардың жаттықтырушыларының қатысуымен FIRSТ робототехника чемпионатына іріктеудің қорытынды кезеңі өтеді. Биылғы FIRSТ чемпионатының басты тақырыбы – жаһандық экологиялық проблема болып табылатын су асты әлемін зерттеу. Іріктеу екі кезеңді қамтиды:• FLL Challenge – төменгі сынып оқушылары инженерлік тапсырмаларды шешу үшін LEGO роботтарын бағдарламалайды.• ⁠FIRST Tech Challenge – жоғары сынып оқушылары күрделі тапсырмаларды орындау үшін металл конструкциялардан роботтар жасайды. FIRST чемпионаты 1980 жылдан бері өткізіліп келеді. Аталған чемпионатқа Қазақстан 2017 жылдан бері белсенді қатысуда. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама FIRST Global Challenge-де үш дүркін (2022, 2023, 2024) әлем чемпионы атанды. Айта кетейік, 20-23 ақпан аралығында Алматыда Almaty Tech Cup жарысы Дүниежүзілік FIRST бағдарламасы аясында Орталық Азия робототехника бойынша чемпионаты өтеді. Оған 5000-нан астам оқушы мен олардың жаттықтырушылары қатысады деп жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/923577
Қазақстанның барлық мектептері мен колледждерінде «111» байланыс орталығының QR-кодтары іске қосылды 23.01.2025
2025 жылдың қаңтар айынан бастап мектептер мен колледждерде ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілімен бірлесіп енгізілген "111" байланыс орталығына қол жеткізу үшін QR-кодтар енгізілді. Бұл орталық отбасының, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғауда құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетеді. Енді "111" нөміріне қоңырау шалудан басқа, балалар мен олардың ата-аналары QR кодтары арқылы сұраныстар жібере алады. Олар барлық білім беру ұйымдарында, балаларға арналған орындарда, сондай-ақ аялдамаларда орналасқан. Бұл жаңалық көмек алудың ыңғайлылығы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған. "Бұрын балалар байланыс орталығына тек телефон арқылы хабарласа алатын, енді олар QR кодтары арқылы сұрау жіберу мүмкіндігіне ие болды. Бұл қолдау алу процесін едәуір жеңілдетеді, оны ыңғайлы және қол жетімді етеді. QR-кодтар қажетті ақпарат пен көмекті тез және жасырын алуға мүмкіндік береді, бұл балалардың сұрақтары мен сұрауларына жедел жауап беруге ықпал етеді", — деп атап өтті ҚР Білім министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова. 2024 жылдың қорытындысы бойынша "111" байланыс орталығына балалардан 1000-ға жуық өтініш түсті. Оларға анықтамалық ақпарат берілді, психологиялық қолдау көрсетілді және мемлекеттік органдармен ынтымақтастықта уақтылы көмек ұйымдастырылды. Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы қабылдаған Қазақстан Республикасының әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі Заңы шеңберінде "111"байланыс орталығының функциялары заңнамалық түрде бекітілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/920783
«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы»: тағы 50 резервист басшылық қызметке тағайындалды 22.01.2025
2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының бастамасымен жаңа форматтағы көшбасшыларды іріктеу мен оқытуға бағытталған «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарламаның бірінші жылында 207 қатысушы республикалық кадр резервіне алынды, оның 180-і мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшылары болып тағайындалды. Ал 2024 жылы аяқталған екінші лектің нәтижесінде 376 педагог қабылданды. Олардың 50-і мектеп директоры, 40-қа жуығы директордың орынбасары қызметіне кірісіп кетті. Жобаға қатысушылардың бірі - Мейрам Бектеміров. Петропавл қаласындағы қалалық мектепте жұмыс істегеннен кейін 2025 жылдың қаңтарында Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы ауылдық мектептің директорына тағайындалды. «Мен жоба туралы өткен жылы біліп, белсенді түрде дайындала бастадым. Бұл педагогтер үшін үлкен мүмкіндік. Іріктеудің барлық кезеңдерінен сүрінбей өттім. Байқаудың кәсіби шеберлікті ғана бағалап қоймай, күнделікті тапсырмаларға жаңаша көзқараспен қарауға көмектесетінін түсіндім. Бұл тәжірибе басқа тәсілдерді ойлап табуға және кәсібилігімді байытуға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда мектебімізде оқу үдерісін ұйымдастыруды айтарлықтай жеңілдететін ASC Timetable жүйесін пайдалана отырып, инновациялық жоспарлау бағдарламасы енгізілуде. Өңірдегі әріптестеріммен тәжірибемді бөлісемін,- деді Мейрам Бектеміров. Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2023 жылдан бастап Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісімен жобаны жүзеге асыруда. 2024 жылы жобаға қатысуға ниет білдірушілер саны алдыңғы жылға қарағанда 2,5 есеге артқан. Бағдарламаға балабақша, мектеп және колледж мұғалімдері қатысуда. Іріктеу бес кезең бойынша өтті: кәсіби және басқарушылық құзыреттерді бағалау бойынша тестілеу, оқу, еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өту, қорытынды бағалау және республикалық комиссиядан әңгімелесуден өту.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/921690
XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 318 медаль сарапқа салынды 20.01.2025
Астанада математика, физика және информатика пәндері бойынша оқушылардың XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы (IZhO 2025) өз мәресіне жетті. Олимпиадаға 15 елден келген 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысты. Олимпиада қатысушылары мен қонақтарын ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев құттықтады.«Бүгін білім беру жүйесі үшін айтулы күн. Осымен 21 жыл қатарынан көрнекті ғалым-математик, академик Орымбек Жәутіковтің атындағы бұл олимпиада талантты математиктердің тұтас буынын қалыптастырып келеді. Халықаралық Жәутіков олимпиадасы жүздеген дарынды оқушыларды біріктіріп, білімдерін көрсететін және қазақ мәдениеті мен дәстүрлерін таныстыратын алаңға айналды. Қатысушылардың әрқайсысы математика мен физика, информатика секілді іргелі ғылымдардан лайықты нәтижелер көрсетіп, бүгін өз елінің туын әлемдік аренада абыроймен көтерді», – деді министр қатысушыларға арнаған сөзінде.XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасында барлығы 318 медаль сарапқа салынды: 69 алтын, 100 күміс және 149 қола.Олимпиаданың абсолютті жеңімпазы атағын Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы №239 Президенттік физика-математика лицейі иеленді.«Үздік олимпиадалық команда» номинациясында I орынды Мәскеу қаласындағы В.Ф. Овчинников атындағы «Екінші мектеп» лицейі жеңіп алды.Екінші орынды Сербияның Белград қаласындағы Математикалық гимназиясы мен Ресей Федерациясының Долгопрудный қаласындағы П.Капица атындағы «Физтех лицейі» өзара бөлісті.Қазақстандық оқушылар Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі құрамында үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар үшінші орынды Мәскеудегі «Воробьевы горы» лицейі мен Түркияның Тубитак ғылыми мектебі бөлісті.Қазақстандық оқушылар барлығы 116 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 21 алтын, 33 күміс және 62 қола медаль бар.Олимпиада қатысушыларына Нұрлан Қаппаров атындағы қордың арнайы сыйлықтары мен әр пән бойынша арнайы жүлделер табысталды. Гран-при иегерлеріне кубокпен ноутбуктер табысталды. Барлық жүлдегерлер ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен марапатталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/920384
«XXI ҒАСЫР КӨШБАСШЫСЫ»: талай жүйріктің тұсауын кескен тележоба экранға қайта оралады 17.01.2025
Көпшілік көрерменге танымал оқушылар арасындағы «XXI ғасыр көшбасшысы» интеллектуалдық ойыны телеэкранға жаңа форматта қайта шығады. «Хабар» агенттігі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО бірлесіп, мегажобаны қайта жаңғыртуға кірісті. Жоба көктемнен бастап «Хабар» телеарнасының эфирінен көрсетіле бастайды.Аталмыш жоба еліміздің болашақ көшбасшыларын тәрбиелеуге бағытталған жастар қозғалысы. Қазірдің өзінде жүздеген дарынды оқушы шақыруды қабылдап, қызықты интеллектуалдық ойынның қатысушыларына айналды. Әр облыстағы іріктеу кезеңдері 2024 жылдың қазан айында басталып, 2025 жылдың ақпан айына дейін жалғасады. Өңірлерден іріктелген ең үздік бес оқушы республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алады, ол осы жылдың наурызынан бастап маусым айына дейін өтеді.Жас дарындардың білімдері мен қабілеттерін жалпы бұқараға көрсетуге мүмкіндік беретін телевизиялық жоба «Хабар» Агенттігінің 30 жылдығына орай өткізіліп отыр. Ең үздік үш жеңімпазға еліміздің жоғары оқу орындарында оқуға гранттар табысталады.Қазірдің өзінде Павлодар, Қарағанды, Абай, Ақмола, Түркістан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ұлытау, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облыстарынан, сондай-ақ Астана және Шымкент қалаларынан республикалық турға қатысатын үздік бестіктер анықталды. Алматы, Ақтөбе, Жетісу, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында және Алматы қаласында іріктеу кезеңдері қаңтар-ақпан айларында өтеді.«XXI ғасыр көшбасшысы» — жас дарындарға жаңа мүмкіндіктер беретін бірегей алаң. Интеллектуалдық ойын білімді әрі талантты жастарды қоғамға таныстырып қана қоймай, шалғай елді мекендерден шыққан дарынды жасөспірімдер үшін үлкен әлеуметтік лифт болатынына сенім бар.Тележоба алғаш рет 25 жыл бұрын ұсынылған. Осы уақыт ішінде ол отандық телевизиядағы үздік жобалардың бірі ретінде танылды. Бүгінде осы жобаға қатысқан көптеген жастар өз жолдарын тауып, өнер мен мәдениеттен бастап қоғамдық қызмет пен бизнеске дейін түрлі салада кәсіби мамандар ретінде танылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/920115
Білім беру ұйымдарында жайлы орта қалыптастыру барлық білім алушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін негізгі фактор – Ғани Бейсембаев Қазақстанда инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту туралы 17.01.2025
Оқу-ағарту министрі «Талдау мектебі – Школа аналитики» қоғамдық жобасының қатысушыларымен кездесіп, инклюзивті және арнайы білім беру мәселесін талқылады. Ғани Бейсембаевтың айтуынша, 2024 жылы елімізде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 230 мыңнан асты. Барлық білім беру ұйымдарында бірдей инклюзиялық білім берудің қажеттілігі мен маңыздылығын ескере отырып, министрліктің құрылымында алғаш рет Инклюзивті және арнайы білім беру департаменті құрылды.«Өткен жылы ғылыми қауымдастық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп қыруар жұмыс атқарылды. Инклюзиялық және арнайы білім беру саласындағы барлық нормативтік құжатқа талдау жүргізіліп, нәтижесінде 15 нормативті-құқықтық акт қабылданды. Осыған орай баланың дүниеге келген сәтінен бастап оқу оқып, мамандық алған кезіне дейін психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің үш деңгейлі үлгісі енгізілді, қолдау кабинеттері үшін жаңа талаптар бекітілді, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс үшін жеке бағдарламалар әзірленді, одан бөлек педагог-ассистент, арнайы педагог, жеке көмекші секілді жаңа лауазымдар пайда болды», - деп бөлісті бұл туралы әлеуметтік желідегі өз жазбасында министр. Сондай-ақ министрлікпен Ұлттық үздіксіз инклюзивті білім беру орталығын құру туралы шешім қабылданды. Оның мақсаты педагогтерге әдістемелік сүйемелдеу көрсету, білім берудегі қиындықтарды анықтау және алдын алу бойынша ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу қызметін үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыру.«Әсіресе, балалардың әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінуде. Міне, дәл осы мақсатта Алматы қаласындағы Арнайы және инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау қолға алынуда. Маңыздылығына баса назар аударар тағы бір жаңалық — былтырдан бастап техникалық және кәсіптік білім ұйымдарында мүмкіндігі шектеулі балалар үшін квота саны өсті. Онымен қоса «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға кешенді қолдау көрсету туралы» жаңа заң жобасы әзірленуде. Білім беру ұйымдарында жайлы орта қалыптастыру барлық білім алушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін негізгі фактор», - деп қорытындылады министр. Естеріңізге сала кетейік, елімізде бүгінгі таңда 500-ге жуық арнайы білім беру ұйымы жұмыс істейді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ел аумағындағы мектептердің 90%-да инклюзивті білім алуға жағдай жасалды, ал балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту 80%-ға жетті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/919723
Қазақстанда дарынды балаларға арналған «ABAI ULTTYQ MEKTEBI» алғашқы ұлттық мектебі ашылады 17.01.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Алматыда «ABAI ULTTYQ MEKTEBI» алғашқы ұлттық мектебінің құрылысы басталды, деп хабарлайды ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі. Жаңа білім ошағы Абай философиясына, оның ішінде «бес асыл» іс идеясына негізделеді. Оқу процесі қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқуға бағытталған. Ол үшін Алматыдағы Абай атындағы мектеп-интернатының әлеуеті толық көлемде қолданылады. «Республикалық дарынды балаларға арналған Абай атындағы арнайы мектеп-интернатын модернизациялау отандық білім саласының дамуына жаңа серпін беріп, өскелең ұрпақ арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды нығайтуға үлес қосады. «ABAI ULTTYQ MEKTEBI» заманауи білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті жастар үшін оқу-ағарту орталығына айналуы қажет. Ол Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымдамасы мен Абайдың «Толық адам» іліміне сәйкес патриоттардың жаңа буынын қалыптастыруға, мемлекеттік басқарудың қазақстандық элитасын тәрбиелеуге бағытталған. Қазіргі уақытта біртұтас «ABAY-Programme» бағдарламасы әзірленуде, онда қазақ тілін және бірнеше шет тілін тереңдетіп оқуға басымдық берілген», - деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев. Айта кетейік, жаңа білім ошағының құрылысы былтыр қараша айында басталған еді. Жаңа ғимарат нысаны 900 оқушы орнына арналған. Оның инфрақұрылымында мектеп-пансион, мұғалімдер үйі, кітапхана, спорт кешені, жылыжай аумақтары және тағы басқа құрылыс нысандары қарастырылған. Білім ұйымын 2026 жылы қолданысқа беру жоспарланған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/918886
Жайлы мектептерді дамыту бойынша семинарға 1500-ге жуық педагог қатысты 16.01.2025
Елімізде заманауи жайлы мектептер үшін педагогтердің жаңа лебін даярлау жұмыстары жалғасып жатқандығы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығына сілтеме жасап хабарлайды. «Жайлы мектептің педагогикалық ұжымы: ынтымақтастық, даму және қолдау» тақырыбында өткен бірінші семинар-тренингке Шымкент қаласы, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарынан жайлы мектептерде жұмыс жасайтын 1500-ге жуық педагог қатысты. «Оқыту - қолайлы білім беру ортасын құруға және жаңа ұжымдарды қалыптастыру процестерінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін жайлы мектептердегі басшылар мен педагогтер арасындағы тиімді тұлғааралық коммуникацияларды дамытуға бағытталған. Оның аясында педагогтер қазіргі стереотиптерге талдау жүргізді, командалық өзара іс – қимылды оңтайландырудың негізгі бағыттарын анықтады және кәсіби міндеттерді шешуге өздерінің қатысу деңгейін арттырды», - деп атап өтті «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының төрағасы Айдана Шилибекова. Сонымен қатар семинарға қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берілді. Мұндай тәжірибе басқа өңірлерде де жалғасатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/919106
Ваучерлік қаржыландыру: жүйе қалай жұмыс істейді және оның артықшылықтары қандай? 15.01.2025
2024 жылдан бастап Қазақстанда ваучерлік қаржыландыру әдістемесін қолдана отырып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырысты орналастыру бойынша пилоттық жоба іске асырыла бастады. Бүгінгі таңда ваучерлік қаржыландыру Тараз (Жамбыл облысы), Түркістан, Шымкент, Орал және Астана қалаларында жүзеге асуда. Мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жобасы белгіленген талаптарға сай болған жағдайда барлық мектепке дейінгі ұйымдарға, оның ішінде жаңадан ашылған ұйымдарға да мемлекеттік тапсырысты орналастыруға мүмкіндік береді. Негізгі артықшылықтары: ата-аналарға балабақшаны өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріледі, бұл жеке және мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар арасында дұрыс бәсекелестікті ынталандырады. Жүйе, ең алдымен, бүкіл қаржыландыру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, мұнда «ақша ұйымға емес, балаға беріледі». Жаңа жүйе балабақшаға кезекке тұру процедурасын жеңілдетіп қана қоймай, сонымен қатар мұндағы түрлі заңсыз факторларды жояды. Ваучерлік қаржыландыру қағидаттарының бірі — серпінді бәсекелестік құру және тиісінше қызмет көрсету сапасын жақсарту болып табылатынын атап өткен жөн. 2025 жылдан бастап ваучерлік қаржыландыру жүйесі ел аумағында кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/917959
Тегін техникалық және кәсіптік білім берумен қамтамасыз ету: 2025 жылы еліміздің колледждерінде мемлекеттік тапсырыс 153 мың орынға дейін артады 14.01.2025
Оқу-ағарту министрлігі тоғызыншы сынып түлектері үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуға жағдай жасауда. Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 153 мыңды құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға артты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға, оның ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT, құрылыс және басқа да салаларға бағытталатын болады. «Негізгі басымдық – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау, білім беру мекемелерін заманауи материалдық-техникалық базамен толық қамтамасыз ету, педагогтердің біліктілігін арттыру. Қазіргі таңда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыс жүргізілуде, бұл мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуды, білім беру бағдарламаларына үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуді, кәсіби шеберлік чемпионаттарын өткізуді қамтиды. Сондай-ақ, кәсіпорындар үшін дуальді оқыту жүйесін дамыту және мамандарды даярлау мақсатында бизнес құрылымдары мен инвесторларды тарту жоспарлануда», – деп атап өтті Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Әсет Мұханбетов. Қазіргі уақытта колледждерге 518 кәсіпорын шефтік қамқорлық көрсетеді, олардың санын 4 мыңға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік стандарттар мен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары және WorldSkills стандарттарының талаптарын ескере отырып, 8 мыңға жуық білім беру бағдарламасы әзірленді. Биыл колледждер мен жұмыс берушілер 2 мыңнан астам білім беру бағдарламасын әзірлейді және өндірістік базада 2 мың педагог тағылымдамадан өтеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/917388
Халықаралық Жәутіков олимпиадасында 15 мемлекеттен келген үздік оқушылар білімдерін сынауда 14.01.2025
Астанада 21-ші Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталды. 15 мемлекеттен келген үздік оқушылар математика, физика және информатика пәндері бойынша сынға түсуде. Олимпиаданың ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Наталья Жұмаділдаева сөз сөйледі. Ол қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, дарынды жастарды анықтау мен қолдауда осындай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті. «Жәутіков олимпиадасы оқушылардың интеллектуалдық әлеуетін дамытуға ғана емес, Қазақстандағы білім берудің мәртебесін арттыруға да ықпал ететініне сенемін», — деді Наталья Жұмаділдаева. Сондай-ақ, Олимпиаданың қазылар алқасы төрағасы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев қатысушыларға өз тілегін білдірді. Өз сөзінде ол Жәутіков олимпиадасы әр елдің ең қабілетті оқушылары арасында білім, тәжірибе және идеялар алмасатын бірегей алаң екенін атап өтті. «Бұл тапсырмалар тек білімді тексеріп қана қоймай, сыни ойлауға, шығармашылық шешімдер табуға және ғылымды өмірде қолдануға үйретеді. Сіздерге сенімділік, сәттілік және жаңа жетістіктер тілеймін!», — деді Асқар Жұмаділдаев. Байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзербайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия елдерінен 700-ге жуық қатысушы келді. Олимпиада бес күнге созылып, жеңімпаздар 17 қаңтар күні анықталады. Доданың қорытындысы бойынша жеке рейтинг, сонымен бірге мамандандырылған мектептердің мықты командаларының рейтингі шығарылады. Олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/917391
Тағы 1000-ға жуық ауылдық мектеп 2025 жылдан бастап "ауыл мектебі – сапа алаңы" республикалық жобасына кіреді 14.01.2025
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бүгінгі таңда елімізде «Ауыл мектебі – сапа алаңы» республикалық жобасы іске асырылуда, оның ішінде Ақтөбе облысында «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып шағын жинақталған ауылдық мектептердің әлеуетін дамыту», Алматы облысында «Жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім беру сапасын арттыру», Маңғыстау облысында «Отпан» тірек мектептерінің желісін дамыту», Ұлытау облысында «Ustaz Ulytau» сияқты өңірлік бастамалар қамтылған. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінің нәтижесінде мектептердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды, заманауи пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды, сондай-ақ, жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету шешілді. Жобаға қатысушылар цифрлық құзыреттілікті арттыру және кәсіби дамытуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай, оқытудың 4 моделі әзірленді. «2023 жылы жобаға Ақтөбе облысындағы 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты. Ал, оның алдында Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының тағы 10 тірек және 30 шағын жинақталған мектептері қосылды. Осы жылдан бастап жобаға 192 тірек және 759 шағын жинақты мектеп қатысады», - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім Комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев. Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бүгінде 8 мың мектеп бар, оның 67%-ы ауыл мектептері, 51%-ы шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына тиесілі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/917566
Қазақстанда математика, физика және информатика бойынша XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы басталады 13.01.2025
13-17 қаңтар аралығында Астанада алғаш рет IZhO – 2025 математика, физика және информатика пәндерінен Республикалық физика-математика мектебі мен ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» РҒПО ұйымдастыруымен XXI Халықаралық Жәутіков олимпиадасы өтеді. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь, Армения, Әзірбайжан, Түркия, Грузия, Болгария, Румыния, Сербия және Моңғолия секілді әлемнің 15 елінен 700-ге жуық оқушы мен 150 жетекші қатысады. Командалардың құрамы ұлттық пәндік олимпиадалардың қорытындысы бойынша анықталады. Олимпиада бес күнге созылады және екі кезеңнен тұрады. Тапсырмалар күрделілігі бойынша мамандандырылған сыныптар бағдарламасына сәйкес келеді және оларды халықаралық қазылар алқасы құрастырды. Қазылар алқасының төрағасы белгілі қазақстандық ғалым-математик, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Асқар Жұмаділдаев. «Математика, физика және информатика пәндерінен оқушыларға арналған Халықаралық Жәутіков олимпиадасы елімізде 21-ші рет өткізілуде. Биыл ол алғаш рет Астанада өтеді. Қатысушылар техникалық жарақтандырылуы осы олимпиаданы өткізу шарттарына толық сәйкес келетін Республикалық физика-математика мектебі мен Astana IT университетінің аудиторияларында теориялық және практикалық кезеңдерде өз білімдерін сынайды», - деп атап өтті «Дарын» РҒПО директоры Ғажембек Тұрсынов. Жәутіков олимпиадасының қорытындысы бойынша қатысушылар қатысу сертификаттары мен естелік сыйлықтар, ал жеңімпаздар мен жүлдегерлер – түрлі дәрежелі дипломдар, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдармен марапатталады. Естеріңізге сала кетейік, Халықаралық Жәутіков олимпиадасы 2005 жылдан бері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен өткізіліп келеді. Мақсаты - оқушылар арасында физика-математика ғылымдарын насихаттау, халықаралық ынтымақтастықты дамыту, түрлі елдердің мамандандырылған мектептері арасында достық қарым-қатынас орнату, тәжірибе алмасу, сондай-ақ Қазақстанның білімі мен мәдениетін паш ету.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/916696