Enbekshi QazaQ

Әлем

«Сычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегацияның Қытайға жұмыс сапары аясында Cычуань провинциясының Чэнду қаласында «Cычуань – Қызылорда» сауда-экономикалық форумы өтті. Оған екі елдің жауапты сала басшылары мен кәсіпкерлері қатысты.Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев форум қатысушыларын өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстырды.Сонымен қатар, «Алтын Орда» ЖШС директоры Нариман Абжанов «Тұз өндіру», «Шалқия Цинк Лтд» басшысы Асқар Тлеулин «Шалқия кен орнын игеру», «Абзал және К» ТС қаржы жөніндегі директоры Сағидулла Сыздықов «Күрішті терең өңдеу» жобалары бойынша баяндама жасады.Облыс Қытайға негізінен мұнай, балық өнімдерін, майлы дақылдардың тұқымын, өңделмеген алюминий экспорттайды. Импорттың негізгі позициялары – машиналар, жабдықтар, полимерлер және құрылыс материалдары.Форумда облыстың инвестициялық әлеуетіне сай ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, жем-шөп өндіру, құс фабрикаларын, ет және балық, жүн мен тері өңдеу кәсіпорындарын құру, өнеркәсіптік жылыжайларды, құрылыс материалдарын шығару және т.б. салалардағы жобаларды іске асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару жайлы сөз болды.Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев пен жауапты сала басшылары, сырбойылық кәсіпкерлер «Zangge Mining Co.» компаниясы басшыларымен калий мен литий барлау және өндіру, «Chuanhan Metallurgical Furnace Charge Co., Ltd» компаниясы басшыларымен қорғасын, никель, молибден өндіру, «Power China Sinohydro Bureau 10 Co., Ltd» компаниясы басшыларымен пайдалы қазбаларды барлау және өндіру бойынша кездесіп, келіссөздер жүргізді.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947499
Облыс әкімі Сычуань провинциясының губернаторымен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары барысында Сычуань провинциясының губернаторы Ши Сяолиньмен кездесті. Басқосуға жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысып, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, баламалы энергия көздері, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, машина жасау мәселелері талқыланды.Сычуань – табиғи газ өндірісімен, ауыл және орман шаруашылығымен айналысатын, электр энергиясын экспорттайтын Қытайдағы ірі аймақтардың бірі.«Бүгінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасы халықаралық жобаға және ынтымақтастықтың ірі платформасына айналды. Ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарым-қатынасымыз одан әрі дамып, жаңа Жібек жолы – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі Еуропа, Азия және Таяу Шығыс елдерін байланыстырады.Қытай негізгі сауда-экономикалық серіктесіміз болғандықтан, өзара тауар айналымы мен инвестиция көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қызылорда облысында қытайлық бизнес қауымдастық өкілдерімен, инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеудің берік негізі қаланғанын, мол тәжірибе жинақталғанын атап өткім келеді»,– деді Н.Нәлібаев.Аймақтағы 15 мұнай өндіруші компанияның 8-і қытай кәсіпорны. Қытайлық инвесторлардың қатысуымен өңірде ірі индустриялық жобалар іске асырылуда.«Чайна Гежуба» компаниясымен бірлескен цемент зауытында жылына 1 млн. тонна цемент өндіріледі. «Чайна Гласс» компаниясының қатысуымен ашылған шыны зауытының қуаттылығы – жылына 197 мың тонна табақша шыны. Зауыт өнімінің 30%-ы ішкі нарыққа жіберіліп, 70%-ы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузияға экспортталады. Бүгінде шыны кластерін құру бойынша жаңа ілеспе жобаларды іске қосу бағытындағы жұмыстар белсенді жүргізілуде.Аймақ басшысы бастаған облыс делегациясының жұмыс сапарын ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947507
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісімен кездесті 28.02.2025
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Шахрат Нұрышевпен кездесіп, аймақ делегациясының іссапарын қысқа мерзімде әрі жан-жақты ұйымдастыруға көрсеткен қолғабысы үшін алғыс білдірді.«Өзіңізге белгілі, Мемлекет басшысы отандық және шетелдік инвестицияларды тарту арқылы ірі жобаларды іске асыруды, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырды. Жұмыс кестесінің тығыздығын ескеріп, құрамында тәжірибелі кәсіпкерлер бар делегация іссапармен келдік.Бүгін сізбен кездесіп, Қызылорда облысы мен Қытай арасында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылағанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін.Қытай – Қазақстанның серіктесі және біздің облысымыз осы елдің компанияларымен өзара тиімді байланысты одан әрі дамытуға мүдделі. Осыдан екі жыл бұрын, яғни 2023 жылғы Қытайға іссапар кезінде қол жеткен келісімдер аясында Қызылордада жылына 5 млн. шаршы метр энергия үнемдейтін шыны өндірісі іске қосылды.Қуаттылығы 141 МВт-тық 4 күн және 1 жел-электр станциясының құрылысы жүргізілуде. Оның біреуін қытайлық «Huadian» компаниясы қолға алған. Осы жолғы іссапарымыз да өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп ойлаймын, дипломатиялық қызметіңізге табыс тілеймін. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға бағытталған бірлескен әрекеттеріміз биіктерге жеткізеді деп сенемін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.Аймақта мұнай қорының сарқылуы салдарынан он жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы жылдары оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты.Өңірде қытайлық инвесторлардың қатысуымен жылына 1 млн. тонна цемент, 197 мың тонна табақша шыны өндіретін зауыттар жұмыс істейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/947712
Қазақстан мен Австрия елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойды 28.02.2025
Астанада Қазақстан Республикасы мен Австрия Республикасы үкіметтері арасында елде заңсыз жүрген азаматтарды реадмиссиялау және транзиттеу туралы келісімге қол қойылды. Құжатқа Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ержан Саденов пен Қазақстандағы Австрияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахер қол қойды.Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әзірлеген келісім елде заңсыз жүрген азаматтарды қабылдау және транзиттеу мәселелерінде тараптардың тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз етуге бағытталған.Австрия тарапымен келіссөздер 2023 жылдан бері жүргізілді. Өткен жылдың желтоқсан айында Мальтада өткен жұмыс кездесуі барысында екі елдің сыртқы істер министрлері құжатты алдын ала мақұлдау рәсімін өткізді. Бұл оның түпкілікті қол қойылуына бағытталған маңызды кезең болды.Аталған келісім көші-қон саясаты және қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.Сонымен қатар бұл Екіжақты келісім қиын жағдайда құжатсыз қалған азаматтардың соттан тыс тәртіппен отанына оралуына мүмкіндік береді, олардың реадмиссиялау процесін жеңілдетіп, ұзаққа созылатын бюрократиялық кедергілерді жояды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/948698
Гендерлік тепе-теңдік: директорлар кеңесі мен байқау кеңесі құрамында әйелдердің 30%-ы болуы тиіс 28.02.2025
Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық әл-ауқат қорын қоспағанда, мемлекет 100% қатысатын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің директорлар кеңесі мен байқау кеңестері үшін тәуелсіз директорларды (тәуелсіз мүшелерді) іріктеудің жаңа ережелері мен өлшемшарттарын енгізеді.Бұл өзгерістер корпоративтік басқару сапасын арттырып, мемлекеттік компаниялар деңгейінде шешім қабылдаудың тәуелсіз болуын қамтамасыз етеді. Кеңестер құрамында гендерлік тепе-теңдікті сақтауға ерекше назар аударылмақ. Бұл шешім қабылдау үдерісінің әр алуандығы мен сапасына әсер етеді.Жаңа ережелерге сәйкес, тәуелсіз директор лауазымына үміткер кәсіби дағдысы мен тәжірибесімен қатар, жеке қасиеті де көрінетін біліктілік талабына анық сай болуы керек. Барынша ашық жүргізілетін іріктеу жүйесі біліктілігі жоғары мамандарды табуды мақсат тұтады. Сонымен қатар, директорлар кеңесі мен байқау кеңестерінде сабақтастықты енгізуді міндетті жоспарлау көшбасшылықты орнықтырып, тиімді шешім қабылдауға ықпал етпек.Үміткерлерді іріктеуді жеңілдету үшін Тәуелсіз директорлар тізілімі жасалады. Осылайша, уәкілетті орган білікті маман туралы деректі оңай біле алады. Ал оларды іріктеу уәкілетті орган ұйымдастыратын конкурс арқылы жүзеге асырылады. Мамандар біліктілік бойынша бағаланады. Комиссия сұхбаттасу өткізеді.Үміткерлерді іріктеуде бейтараптық сақталып, кәсібилік алдыңғы орынға шығуы үшін комиссия құрамына мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ корпоративтік басқару мәселесімен айналысатын сарапшылар мен қоғамдық ұйым өкілдері енгізіледі.Жаңа ережедегі маңызды ұсыныс – директорлар кеңесі мен байқау кеңесінің құрамындағы әйелдердің үлесін кемінде 30% ету. Бұл гендерлік тепе-теңдікті жақсартуға, өзекті шешім қабылдау кезіндегі пікірлердің әр алуандығына ықпал етпек.Айтылған жаңашылдықтар іріктеудің ашықтығы мен объективтілігін арттыру, басқару органдары жұмысының тәуелсіздігі мен тиімділігін күшейту тәрізді бірқатар мақсатты көздейді. Осы арқылы тәжірибелі, сараптамалық білімі бар, біліктілігі жоғары мамандарды тартуға, корпоративтік басқаруды күшейтуге, мемлекет қатысатын компаниялардың беделін жақсартуға жол ашылады.Бұйрықтың жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылған. Талқылау 2025 жылғы 17 наурызға дейін жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/947772
Астананың әскери мұражайында қазақстандық жауынгерлерді еске алды 28.02.2025
ҚР Қарулы күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығының Әскери-тарихи мұражайында Ұлы Отан соғысы жылдарында ұрыс даласында қаза тапқан жауынгерлердің туыстарына «Ерлігі, борышына адалдығы үшін» медалін табыстады.Іс-шараға ардагерлер ұйымдарының, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының өкілдері және қызыләскерлердің ұрпақтары қатысты.«Мемориалдық аймақ» қоғамдық бірлестігінің марапаты майданда қаза тапқан жауынгерлердің балалары мен немерелеріне табысталды. Ұйымды профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы Майдан Құсайынов басқарады. Ол көп жылдан бері Санкт-Петербург маңындағы Синявин батпақтары мен биіктіктерде қаза тапқан жауынгерлерді іздестіруге қатысып келеді. Оның іздестіру жасағы Ақмола мен Петропавлда құрылған 310-шы және 314-ші атқыштар дивизияларының құрамында соғысқан жүзден астам қазақстандық жауынгерлердің қабірін іздеп тапты.Қызыләскер Қалмен Тайшыбаевтың 85 жастағы қызы әкесінің наградасын алуға ұлдарымен бірге келіпті.– Ол майданға кеткенде мен небәрі бір жарым жаста екенмін. Сіңілім әкем кеткеннен кейін көп ұзамай дүниеге келіпті. Біз оны көрген жоқпыз. Бүгін мен 14 немере мен жиырмадан астам шөбере сүйіп отырған әжемін. Әулетіміздің атынан Майдан Көмекұлына іздеу жасағының жұмысы үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл туыстарынан айырылған және олардың тағдырынан хабарсыз отбасылар үшін өте маңызды, – деді Ақнұр Тайшыбаева.Ағайынды Биахмет пен Сләм Рақымбаевтар соғыстың алғашқы күндері майданға аттанған. Олардың наградасы Гүлнар Биахметованың немересіне табысталды. Іс-шараға ол әпкесі Эльмирамен және ұлдарымен бірге келді.– Біздің атамыз Биахмет Рақымбаев 1908 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Маңырақ ауылында дүниеге келген. Ол Днепрде соғысып, Донецкіні азат етуге қатысқан. Ленинградты қорғап, Курск шайқасына қатысты. 1943 жылы Украинада ерлікпен қаза тапты. 1911 жылы туған екінші атамыз Сләм Рақымбаев Жеңісті Берлинде қарсы алған екен. Үйге қайтып келе жатқанда бандеровшілердің қолынан қаза тапқан. Біздің аталарымыз Жеңіс үшін өз өмірлерін құрбан етті. Жастар мұны әрдайым есте ұстауы керек, – деп атап өтті Гүлнар Биахметова.Бұл іс-шараның ұрпақтар сабақтастығын нығайтудағы маңыздылығын «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы» РҚБ елорда филиалының төрағасы Асхат Налшыбек те атап өтті. Ол сондай-ақ іздеушілерге соғыс майдандарында қаза тапқан жауынгерлерді есімін есте қалдыруға қосқан баға жетпес үлесі үшін алғыс айтты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948163
Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізіледі 28.02.2025
Қорғаныс министрлігі «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы» қорғаныс ведомствосы басшысының бұйрығының жобасын әзірледі.Бұйрық жобасы «Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша дайындық қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 12 шілдедегі № 350 және «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымдарында әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша әскерге шақырылушыларды, әскери міндеттілерді жинау, оларды жіберу және өтеусіз және өтеулі негіздерде оқыту, оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру қағидаларын, сондай-ақ оқу мерзімдерін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 17 шілдедегі № 357 бұйрықтарына өзгерістер енгізуді көзейді.Жоғарыда көрсетілген нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 39/НК бұйрығымен бекітілген Мемлекеттік қызметтер тізіліміне енгізілген өзгерістерге байланысты жаңартылады.Азаматтарды әскери есепке алу мәселелерін автоматтандыру жергілікті әскери басқару органдары мен «Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебі» РМҚК лауазымды адамдарының азаматтарды іріктеу және әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша ақылы негізде оқуға жіберу процесіне қатысуын болдырмайды.Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «Электрондық үкімет» порталында ағымдағы жылдың 12 наурызына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына сілтеме бойынша танысуға болады: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15460656 Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948200
Теңіз жаяу әскерлері қала ішіндегі іс-әрекетті пысықтауда 28.02.2025
Маңғыстау облысының «Оймаша» полигонында Әскери-теңіз күштері теңіз жаяу әскерлері десанттық-шабуылдау батальонының әскери қызметшілерімен тактикалық сабақтар өтіп жатыр. Аталмыш сабақтар бөлімшелер ішіндегі тактикалық іс-қимылдар мен өзара әрекет ету дағдыларын пысықтай отырып, кешенді даярлауға бағытталған взводтардың жауынгерлік атысы шеңберінде ұйымдастырылған.– Әскери қызметшілер тұрғын үй алаптарында дұрыс бағдар жасауды, бейтаныс ғимаратқа кіруді, түрлі қару түрін қолдануды үйренеді. Бұл әрекеттер көзге түсуі қиын және құрылысы тығыз қала жағдайында жауынгерлік тапсырмаларды сәтті орындау үшін өте маңызды, – деді десанттық-шабуылдау батальонының командирі капитан Мұрат Ибрагимов. Десантшылар үшін әртүрлі ұрыс жағдайлары модельденеді. Мысалы, шартты қарсылас ғимаратты басып алған кезде, шабуылдау тобының алдына ғимаратқа кіріп, содырларды жою және бос емес позицияны басып алу міндеті жүктеледі. Сабақтар бөлімшелерге жүктелген міндеттерді ескере отырып, тәжірибелі офицерлердің басшылығымен өткізіледі, бұл дайындықты нақты жағдайға бейімдеуге мүмкіндік береді. Теңіз жаяу әскерлерін даярлаудың бұл кезеңі өзара іс-қимыл дағдыларын қалыптастыру және күрделі ұрыс жағдайында жылдам шешім қабылдау үшін маңызды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948214
Қазақстанның Қарулы күштерінде «Әскер аруы» фотобайқауы басталды 28.02.2025
Бұл Қарулы күштер сапындағы мақсаты айқын, қызметте табысты және сұлу қыз-келіншектердің фестивалі әскери мамандықты меңгеріп, кәсіби тұрғыда танылғандардың алаңы болмақ.8-ші наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында өтетін фотобайқау әскери қызметтің беделін арттыруға және қоғамның назарын әскер қатарында жүрген әйелдердің рөліне аударуға бағытталған. Қатысушылар туралы ақпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында жарияланған. Фотобайқауға Қарулы күштер түрлерінен, әскер тектерінен және өңірлік қолбасшылықтардан, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінен 36 әскери ару қатысуда.Қатысушыларды бағалау 2025 жылдың 28 ақпаны мен 5 наурызы аралығында Қорғаныс министрлігінің Instagram ресми парақшасында дауыс беру арқылы өтеді. Ең көп дауыс (лайк) жинаған қатысушы жеңімпаз атанады.Байқау қорытындысын шығару және жеңімпаздарды марапаттау Астанада өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/948237
Астанада оқушылар ұстаздарына ерекше жолмен алғыс білдірді 28.02.2025
Елордадағы «Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінде Алғыс айту күніне орай 250-ге жуық оқушы ұстаздарына ерекше алғыс білдірді, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.Мектеп қабырғасында түсірілген әсерлі видеожазбада бастауыш сынып оқушылары музыка пәнінің мұғалімі Талғат Желдібаевтің «Алғыс айту» әнін шырқады.«Бүгін мектебімізде Алғыс айту күніне орай оқушыларымыз ұстаздарын қарсы алып, шынайы ризашылықтарын білдірді. Бізге бейбіт өмір, тұрақтылық пен болашаққа нық қадам басу мүмкіндігін берген қасиетті жерімізге мың алғыс»,- деді мектеп директоры. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/947967
Қарулы күштер мемлекеттік мекемелерінің тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өткізу қағидалары бекітілмек 28.02.2025
Қорғаныс министрлігі «Қарулы Күштер республикалық мемлекеттік мекемелерінің тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу және оларды өткізуден түскен ақшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы» қорғаныс ведомствосы басшысы бұйрығының жобасын дайындады.Нормативтік құқықтық акт жаңа Бюджет кодексін іске асыру үшін және «Қазақстан Республикасының қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» Заңның 22-бабы 2-тармағының 5-5) тармақшасына сәйкес әзірленді. Құжатта жеке және заңды тұлғаларға ақылы қызметтер көрсетудің, сондай-ақ оларды сатудан түскен ақшаны пайдаланудың бірыңғай тәртібі айқындалады.Бұйрықты қабылдау ведомстволық мекемелерге олардың материалдық базасын нығайту, медициналық, офистік, спорттық жабдықтар сатып алу, ғимараттар мен құрылыстарды күтіп ұстау бөлігінде жағдай жасайды.Қорғаныс министрі бұйрығы жобасының толық мәтінімен «электрондық үкімет» порталында биылғы жылдың 13 наурызына дейін «Ашық НҚА» бөлімінде мына https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15462729сілтеме бойынша танысуға болады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/947752
Әскери жоғары оқу орнының оқытушысы ғалымдардың республикалық байқауының номинациясында жеңімпаз атанды 28.02.2025
Отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосқан номинанттарды марапаттау рәсімі Қазақстанның Ұлттық Ғылым академиясында өтті. Әскери офицер полковник Дмитрий Ботинге «Үздік ғылыми қызметкер – 2024» сыйлығы марапатын Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек табыстады.Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті полковник Дмитрий Ботиннің ғылыми қызығушылығы әскери білім мен тарих мәселелеріне арналған. Ол PhD докторы, қауымдастырылған профессор, 50-ден аса еңбектің авторы. – Байқау бізге жаңа тәжірибе алуға және басқа ғалымдармен білім алмасуға мүмкіндік берді. Мен үшін бұл өзімді сынау мүмкіндігі, – деп атап өтті полковник Д. Ботин. Байқауға қатысушыларды іріктеу бағалауды ашық және объективті қамтамасыз ететін автоматтандырылған жүйенің көмегімен жеті бағыт бойынша жүргізілді. Полковник Дмитрий Ботин «Әскери ғылым және ұлттық қауіпсіздік» номинациясының жеңімпазы атанды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/947761
Қарағанды облысында бочча паралимпиадалық спорт түрі танымал болып келеді 28.02.2025
Қарағандыда үшінші рет бочча бойынша облыстық турнир өткізілді. С. Сәпиев атындағы бокс орталығында тірек-қимыл аппараты бұзылған 40 спортшы, сал ауруының ауыр түрлеріне шалдыққан балалар мен ересектер жиналды. Спорттың бұл түрі ептілікті, дәлдікті, төзімділікті, сондай-ақ тактикалық ойлауды дамытады.– Қарағандыда бочча 2020 жылдан бастап дами бастады. Қысқа мерзімге қарамастан, бұл спорт түрі танымал болып келеді және жетістіктер бар. Біздің спортшылар республикалық және халықаралық деңгейде өнер көрсетеді. Қарағандылықтар ұлттық құрамаға кіреді, – дейді жарыстың жаттықтырушысы және бас төрешісі Татьяна Ходзинская. – Облыстық жарыстарды үшінші рет өткізіп отырмыз. Белсенділік артып, география кеңейе түсуде. Егер алғашқы жарыста 10 қатысушы болса, қазір 40-қа жетті. Қарағандыдан басқа Саран, Абай аудандарынан да спортшылар келді.Жарыс түрлі санаттарда өткізілді, онда спортшылар өз бетінше және көмекшілерімен ойнайды. Әуесқойлар арасында алғаш рет ашық сынып ұйымдастырылды.Төрешілік BISFed халықаралық федерациясының ережелері мен нормалары бойынша жүргізілді.Ұлттық құраманың мүшесі, бес алтын медаль иегері Аружан Жеңіс ВС3 санатында шеберлік сабағын өткізді.– Екі жылдан бері боччамен айналысамын. Жетістіктер жақсы. Мен спорт шеберімін. Бәрі ұнайды: күшті, батыл болу керек. Халықаралық жарыстарда Польша мен Финляндияда болдым. Әрдайым анам жанымда: ол менің операторым, – деді Аружан.Ұлттық құрамаға Анастасия Кутурман да кіреді. Ол бочча спортымен осы спорт түрі Қарағандыда пайда болған сәттен бастап айналыса бастады. Екі жыл бұрын Грекиядағы халықаралық турнирге қатысқан.– Секцияның ашылғанын біліп, оны көруге келдік. Бізді алмайды деп ойладым. Настяның қолы мүлдем жұмыс істемеді. Бірақ бізді қабылдап, айналыса бастадық. Прогресс жақсы: қазір допты өзі лақтырып жатыр. Сенімдірек, талапкер бола түсті. Аптасына үш рет жаттығуға барамыз, үйде де айналысамыз. Даму үшін де, қарым-қатынас үшін де пайдасы зор: Қарағандыда ғана емес, басқа қалаларда да достар тапты, – деп бөлісті ерекше спортшының анасы Елена Кутурман.Қарағандылық құраманың алдында Астанада өтетін республикалық жарыс тұр.Сәуір айында Анастасия Кутурман мен Аружан Жеңіс Бахрейн астанасы Манамада өтетін World Boccia Challenger халықаралық турнирінде ұлттық құраманың құрамында өнер көрсетеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/946696
Қорғаныс министрлігі алғаш рет Алматы мен Қарағандыдағы әскери колледждерге қабылдауды жүргізуде 28.02.2025
Бұл жайлы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен әскери оқу орындарына қабылдау мәселелері жөніндегі брифингте Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің (ӘБҒД) бастығы полковник Мұрат Олжабаев мәлімдеді.Журналистермен кездесуде ол әскери білім берудің қолданыстағы жүйесі, Қорғаныс министрлігінің оқу орындарына қабылдау шарттары, мамандықтар, оқу мерзімі және кадеттер мен курсанттарға қарастырылған жеңілдіктер туралы айтты. Қорғаныс ведомствосының өкілі Қорғаныс министрлігінің қарамағында Щучинск қаласында Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж, Астана қаласында Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледж және Шымкент қаласында Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледж бар екенін мәлімдеді.Бұдан бөлек Алматыда «Жас ұлан» республикалық мектебінің базасында Бауыржан Момышұлы атындағы Әскери-спорт колледжі, Қарағандыда Талғат Бигелдинов атындағы Әскери колледж құрылады. Біріншісінде «Дене шынықтыру және спорт жөніндегі нұсқаушы» және «барлау, десанттық-шабуылдау бөлімшелерін басқару», екіншіде – «зымыран және артиллерия әскерлерінің бөлімшелерін басқару», «заттай қамтамасыз ету» және «азық-түлікпен қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша даярланады. Колледж не «кіші сержант» әскери атағы беріліп, келісімшарт бойынша қызмет өткеру үшін Қарулы күштердің әскери бөлімдеріне, ҰҚК Шекара қызметіне, Мемлекеттік күзет қызметіне, ТЖМ және Ұлттық ұланға жіберіледі.Бұдан басқа, оларға ҰБТ тапсырусыз конкурстық негізде ұқсас бағыттар бойынша қысқартылған оқу мерзімдері бар білім беру бағдарламалары негізінде әскери институттарға оқуға түсу құқығы беріледі. Жоғары білім деңгейі бойынша офицер кадрларды даярлау Алматыда Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында және Құрлық әскерлерінің әскери институтында, Ақтөбеде – Әуе қорғанысы күштерінің әскери институтында жүзеге асырылады. Оқу кезеңінде курсанттар тегін тұрғын-жаймен, қаражатпен, азық-түлікпен, заттай және медициналық үлеспен қамтамасыз етіледі. Түлектерге «лейтенант» әскери атағы беріледі, содан кейін олар одан әрі қызмет өткеру үшін әскерлерге жіберіледі.Қорғаныс ведомствосының өкілі биыл әскери жоғары оқу орындарына түсу мәселесі бойынша азаматтардың жергілікті әскери басқару органдарына жүгінуінен басқа балама нұсқа – EGOV порталы арқылы құжаттарды тапсыру қарастырылғанын да айтып өтті. Үміткерлер кәсіби-психологиялық іріктеуден, нақты медициналық куәландырудан және дене шынықтыру дайындығы бойынша тексеруден өтуі керек. Қорытынды кезеңде конкурстық іріктеу және қабылдау жүргізіледі.– Әскери жоғары оқу орнында білім ала отырып, жастар сұранысқа ие мамандықты ғана емес, сонымен қатар басқа да артықшылықтар мен әлеуметтік жеңілдіктер алады, атап өтсек, әскери білім ордасын аяқтаған түлекке лайықты ақы төленетін жұмыс орны мен тұрғын үй мәселесін шешуге кепілдік беріледі, – деді ӘБҒД бастығы.Естеріңізге сала кетсек, әскери колледждер мен жоғары оқу орындарына түсу үшін қажетті құжаттардың тізбесі, үміткерлерге қойылатын талаптар Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 22 қаңтардағы № 35 «Әскери оқу орындарына қабылдау қағидаларында» көрсетілген.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/947114
Қазақстан СІМ-де Әзербайжан Елшісімен кездесу өтті 27.02.2025
Астана, 2025 жылғы 26 ақпан – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев Әзербайжан Республикасының Елшісі Ағалар Атамоғлановпен кездесті.Кездесу барысында саяси диалогтың үдемелі дамуы, екі елдің үкіметтік құрылымдары, парламенттері және іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылдың жандана түсуі, сондай-ақ гуманитарлық байланыстардың кеңеюі аталып өтті. Биік деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру және алдағы ресми іс-шаралардың күн тәртібі мәселелеріне ерекше назар аударылды.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік танытты. Белгіленген бастамаларды табысты іске асыру және Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы стратегиялық серіктестікті тереңдету үшін күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығы аталып өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/947485
Алматы облысының әкімі Қырғыз Республикасының Бас консулымен кездесті 27.02.2025
Қонаев қаласында Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Қырғыз Республикасының Алматыдағы Бас консулы Жеңішбек Асанқұловпен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективаларын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік саласындағы жоспарларды талқылады. Кездесуде екі елдің іскерлік қоғамдастығын бірлескен жобаларға белсенді тарту арқылы серіктестікті дамытуға өзара мүдделілік білдірілді. Қазақстан мен Қырғызстан 33 жыл бойы достық және ынтымақтастық дәстүрлеріне негізделген тату көршілік қарым-қатынасты сақтап келеді. Осы уақыт ішінде экономика, логистика, мәдениет және білім беру сияқты түрлі салаларды қамтитын 150-ден астам келісімді қамтитын берік шарттық-құқықтық база қалыптасты. • Екі мемлекет үкіметаралық, парламентаралық және өңіраралық деңгейлерде белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. Тек соңғы жылдың ішінде ғана ел басшылары әртүрлі іс-шаралар аясында алтыдан астам кездесу өткізді, – деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев. – Біз бұл байланысты одан әрі нығайтып, жаңа жобаларды іске қосып, серіктестік деңгейін көтеруіміз керек. Кездесуде экономикалық өзара іс-қимыл, логистика және бірлескен бастамаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қырғызстан – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі, ал 2024 жылы Алматы облысы мен көршілес республика арасындағы тауар айналымы 12%-ға өсіп, 150 млн АҚШ долларын құрады. Өңірде қырғыз капиталының қатысуымен 31 кәсіпорын және 8 бірлескен компания жұмыс істейді. Сондай-ақ қырғызстандық ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін көтерме тарату орталығын құру мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл логистиканы жақсартып, көлік шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. • Біздің басты міндетіміз – екі ел арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты жандандыру. Біз тауар айналымының өсуіне, бірлескен кәсіпорындар құруға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Кәсіпкерлік қызметті кеңейту үшін бизнес-форумдарды ұйымдастыру маңызды, – деп атап өтті Жеңішбек Асанқұлов. Сондай-ақ тараптар туризм әлеуетін дамыту және өңіраралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Алматы және Ыстықкөл облыстарындағы танымал маршруттарды біріктіретін бірыңғай тау-туристік кластерін құру мүмкіндігі қарастырылды. Бұл көбірек турист тартуға және туризм индустриясының инфрақұрылымын нығайтуға мүмкіндік береді. Тараптар мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті, оның ішінде академиялық алмасу бағдарламаларын кеңейту, өнер саласындағы серіктестік және бірлескен мәдени іс-шаралар ұйымдастыру мәселелері қаралды. Кездесу соңында қатысушылар сындарлы диалог үшін алғыстарын білдіріп, одан әрі ынтымақтастық екіжақты қатынастарды нығайтуға және жаңа стратегиялық бастамаларды жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/946893
Педагогикалық шеберлік байқауының облыстық кезеңінде үздік педагог анықталды 27.02.2025
Щучинск қаласының жоғары колледжі аланында «Білім беру» саласы бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында облыстық кәсіптік шеберлік конкурсы өтті.Іс-шара педагогикалық мамандықтар мен жалпы білім беретін пәндер оқытушысы мамандығының мәртебесін арттыруға, педагогикалық тәжірибемен бөлісуге және танымал етуге ықпал етеді.Конкурсқа 16 колледжден жалпы білім беретін және арнайы пәндердің 22 оқытушысы қатысты.Жарыс барысында педагогтар жоғары теориялық білім, кәсіби шеберлік және заманауи мультимедиялық технологияларды оқыту тәжірибесінде шебер қолдануды көрсетті.Байқау соңында келесі бағыттар бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды: Педагогикалық мамандықтар бойынша:1 орын- Әлия Заманбекова, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі;2-орын- Наталья Короткова, Щучинск қаласының, жоғары педагогикалық колледжі;3-орын- Гүлзат Жұманбаева, Жоғары қазақ гуманитарлық-техникалық колледжі.Жалпы білім беретін пәндер бойынша:1 орын - Арайлым Басымова, Щучинск қаласының, жоғары педагогикалық колледжі;2 орын - Қарлығаш Қалиева, Көкшетау қаласының, Жоғары техникалық колледжі; Сарша Жанар, Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжі.;3 орын - Гүлнара Жексенбаева, Ш. Уәлиханов атындағы университетін жанындағы көпсалалы колледж.Сонымен қатар, «Кәсіпкерлік үшін» номинациясы бойынша білім басқармасының дипломдарымен Анастасия Семерная, Есіл қаласы. агротехникалық колледжі; Лилия Домбровская, Ветеринария және биотехнология жоғары колледжі; Светлана Злочная, Щучинск қаласының,Жоғары техникалық колледжі; Айжан Қабдешова, Ш. Уәлиханов атындағы университетін жанындағы көпсалалы колледж марапатталды.Байқаудың барлық қатысушылары сертификаттармен марапатталды. Облыстық турдың жеңімпаздары конкурстың республикалық кезеңінде Ақмола облысын таныстырады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/946694
Астанада Үкіметтік емес ұйымдар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті 27.02.2025
Бүгін Астанада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Қазақстанның Азаматтық альянсы және Астана қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Дүниежүзілік үкіметтік емес ұйымдар күніне орай салтанатты іс-шара өтті.Кездесу барысында мемлекеттің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жүйесін дамытуда ҮЕҰ-ның маңызды рөлі аталып өтті. ҮЕҰ өкілдері азаматтық қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Еңбек ардагері» медалімен және алғыс хаттармен марапатталды.Мемлекет үкіметтік емес секторды қолдауды жалғастырып келеді. 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 41%-ға, ал гранттық жобалар саны 33%-ға артты. Өткен жылдың өзінде 2 мыңнан астам әлеуметтік жоба жүзеге асырылды.Айта кетейік, 2008 жылдан бастап ҮЕҰ саны шамамен 2,5 есе артты. Бүгінде елімізде 22 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның 18 мыңы белсенді жұмыс істейді.Биыл қазан айында Қазақстанның XII Азаматтық форумы өтеді. Бұл – мемлекет пен азаматтық сектор арасындағы өзара іс-қимылдың тағы бір жарқын көрінісі болмақ. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/947179
С. Жақыпова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру туралы айтты 27.02.2025
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Еңбекмині) кеңейтілген алқа отырысында министр Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдарды техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету, объектілердің қолжетімділігін арттыру және оңалту іс-шараларының нәтижелері бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Үкімет аппаратының өкілдері, ЕХӘҚ вице-министрлері, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, ЕХӘҚМ бағынысты ұйымдарының басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен әлеуметтік әріптестер және өзге де жауапты лауазымды тұлғалар қатысты.Алқа отырысы барысында Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.Бүгінде 737,4 мың адам немесе халықтың 3,6%-ның мүгедектігі бар. Олардың жартысынан көбі еңбекке қабілетті жастағы адамдар, 15%-дан астамы балалар, 30%-ға жуығы зейнеткерлер.18 жастан асқан адамдар арасында мүгедектіктің себептері ішінде психикалық бұзылулар (18,1%), қан айналымы жүйесінің аурулары (17,2%) және жарақаттар (12,9%) басым. Балалардың мүгедектігінде жүйке жүйесінің аурулары (26%), туа біткен ақаулар (24,6%) және психикалық бұзылулар (23,8%) басым. Соңғы 3 жылда балалардың мүгедектік көрсеткіші 10% - ға өсті.«2024 жылы Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар 512,3 мың адам техникалық құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтылды.Министрлік тұрақты негізде Порталды жаңарту бойынша жұмыс жүргізуде. Жыл басынан бері жосықсыз жеткізушілердің 3400 өтінімі алынып тасталды, 5 мыңнан астам қайталанатын карточкалар жойылды, соның ішінде түрлі жалған акциялар өткізіп, сыйақылармен жарнама жасағандар бар. Жеткізушілердің қызметіне қойылатын талаптар күшейтілді, атап айтқанда 3 күн ішінде өнімді беру немесе тауарларды жеткізу туралы мәліметтер болмаған кезде тапсырыс жойылады. Сондай-ақ тауарлар мен қызметтердің құнын өтеу үшін ұсынылатын кепілдендірілген соманы айқындау әдістемесі қайтадан қаралуда», – деді Светлана Жақыпова.Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мониторингі интерактивті қолжетімділік картасы арқылы жүзеге асырылады. 2024 жылы әлеуметтік нысандардың 40%-дан астамы қолжетімділікпен қамтамасыз етілді, 2695 тексеру іс-шаралары жүргізілді. Биыл бұл көрсеткіш 60% - ға дейін ұлғайтылады.«Елімізде мүгедектігі бар адамдарға арналған 4 жаңа заманауи оңалту орталығы (Семей, Тараз, Кентау және Орал қалалары) және аутизм спектрі бұзылған және басқа да ментальды бұзушылығы бар балаларға арналған 7 күндізгі болу орталығы (Шымкент, Павлодар, Өскемен, Талдықорған, Тараз, Қостанай және Ақтөбе қалалары) ашылды.Төрт өңірде «Қазақстан Халқына» қорымен бірлесіп, инновациялық оңалту құралдарын қолдана отырып, үйде тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларды оңалту бойынша пилот іске асырылуда (Семей, Қызылорда, Павлодар, Шымкент қалалары)», – деді Светлана Жақыпова.Министр оңалту іс-шараларының бақылауы мен тиімділігін арттыру үшін Оңалтудың цифрлық күнделігі іске қосылғанын, нозология түрлері бойынша әлеуметтік оңалту хаттамалары әзірленгенін айтты.2024 жылы 13 мыңға жуық адам толық оңалтудан (қайта куәландырылған мүгедектігі бар адамдардың 7,2%) өтті және 11 мыңнан астамы анағұрлым жеңіл мүгедектік тобына ауыстырылды.Сөз соңында Светлана Жақыпова Еңбекмині 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасын іске асыруға кіріскенін, оның шеңберінде мүгедектікті танудың дәстүрлі және медициналық модельдерінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу жүзеге асырылатынын хабарлады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/947228
С. Жақыпова еңбек саласындағы мәселелерді шешу бойынша қабылданған және жоспарланған шараларды атап өтті 27.02.2025
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – ЕХӘҚМ) кеңейтілген алқа отырысында министр Светлана Жақыпова еңбек қатынастарын реттеу саласындағы негізгі сын-тегеуріндерді айтып, оларды шешу бойынша қабылданған және жоспарланған шаралар туралы хабарлады.Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің және Үкімет аппаратының өкілдері, ЕХӘҚ вице-министрлері, аппарат басшысы, комитет төрағалары, департамент директорлары, ЕХӘҚМ бағынысты ұйымдарының басшылары, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармаларының басшылары мен әлеуметтік әріптестер және өзге де жауапты лауазымды тұлғалар қатысты.Светлана Жақыпова өз сөзінде еңбек қатынастарын реттеу ЕХӘҚМ қызметінің маңызды бағыты болып табылатынын атап өтті. Министр осы саладағы негізгі сын-тегеуріндерге тоқталып, ведомствоның проблемалық мәселелерді қалай шешетінін айтты.Біріншісі – бейресми еңбек қатынастарының болуы. Еңбек шартынсыз жұмыс істеу, кірістерді жасыру, еңбекақы төлеу бойынша берешек мәселелері өзекті болып қала береді. Бұл әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қызметкер үшін жағымсыз салдарға әкеледі.«Өткен жылы еңбек инспекторлары 5,6 мың кәсіпорынды тексерді, еңбек шартынсыз 200-ден астам жұмыс фактісі анықталды, 3,7 млрд теңге сомасына жалақы бойынша берешек өндірілді, 2,8 мың кәсіпорын жоғары тәуекел аймағынан шығарылды. Бұл ретте 49 кәсіпорында шамамен 950 млн теңге сомаға 1343 жұмыскер алдындағы жалақы бойынша берешек сақталады», – деді министр.Министр ЕХӘҚМ қызметкерлерінің еңбек қатынастары мен кепілдіктерінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін бірқатар цифрлық шешімдерге бастамашылық жасалғанын айтты: жұмыс берушінің HR Enbek ақпараттық жүйесіндегі кәсіпорындардың штат кестесін декларациялауы; еңбек және ұжымдық шарттар жасасу рәсімін электрондық форматқа ауыстыру; еңбек жанжалдарын дәлірек болжау және алдын алу үшін еңбек тәуекелдері картасының функционалын кеңейту.«Ұсынылған шаралар жұмыс берушілердің еңбек шарттарында көзделген міндеттемелерді орындауын қамтамасыз етеді, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.Екінші сын-қатер – жұмыскерлердің біліктілігінің төмен деңгейі. Бейіндік білімі бар көптеген жұмысшылар еңбек өнімділігін арттыру үшін қажетті дағдыларға ие емес. Жалақының өсуі кәсіби құзыреттілікті ескермей, әкімшілік әдістермен көбірек қамтамасыз етіледі.«Жұмыс берушілер мен қызметкерлерді біліктілік жүйесіне тарту мақсатында «Кәсіптік біліктілік туралы» Заңға сәйкес бірқатар шаралар іске асырылды. Сұранысқа ие 12 мың құзыретті қамтитын Цифрлық дағдылар банкі құрылды, бұл еңбек нарығының өзекті қажеттіліктерін дәлірек анықтауға мүмкіндік береді. Сұранысқа ие 4 500 мамандық үшін 800-ден астам кәсіптік стандарттар әзірленді, олар жоғары оқу орындары мен колледждердің 11 мыңнан астам білім беру бағдарламаларына негіз болды. Бұл еңбек нарығының талаптарына жауап беретін кадрларды даярлауды қамтамасыз етеді», – деді ЕХӘҚМ басшысы.Жақын арада жоспарлануда:- біліктілікті танудың 5 жаңа орталығын ашу, оның 2-і халықаралық стандарттарға сәйкес келеді, бұл құзыреттерді бағалау сапасын арттырады;- мемлекеттік органдар мен бизнестің ұсыныстары негізінде 800 жаңа кәсіпті қоса отырып, Ұлттық қызметтер сыныптауышы жаңарту;- Еуропалық біліктілікті ескере отырып, Ұлттық біліктілік шеңберін өзектендіру. Бұл отандық дипломдарды шетелде тануға және өмір бойы оқыту тұжырымдамасын дамытуға ықпал етеді.Үшіншісі – жарақат және зиянды еңбек жағдайлары.Еңбекмині қабылдаған еңбекті қорғау саласындағы кешенді шаралар 2024 жылы тұтастай алғанда өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша оң серпінді сақтауға мүмкіндік берді. Мәселен, өткен жылы зардап шеккендердің саны 2023 жылғы деңгейге қарағанда 4,5% - ға, ал өлім-жітім саны 19,5% - ға азайды.«2024 жылы еңбекті мемлекеттік бақылау функциялары Халықаралық еңбек ұйымының стандарттарына сәйкес Еңбекминінің қарамағына қайтарылды. Осылайша, мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдау кезінде еңбек инспекторларының тәуелсіздігі мен бейтараптығы қамтамасыз етілді.Зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін арнаулы әлеуметтік төлемдер енгізілді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 17 млрд теңге сомасына 13 мыңнан астам адамға төлемдер тағайындалды», – деді Светлана Жақыпова.Бұдан басқа, заңнамалық деңгейде «ескерту» санкциясын «айыппұлға» ауыстыру және айыппұлдарды екі есеге ұлғайту бөлігінде еңбекті қорғау саласындағы талаптарды бұзғаны үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде шаралар қабылданды.Кәсіпорындардың цифрлық картасы енгізілді, ол нақты уақыт режимінде еңбек жағдайларына мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.Өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеудің жеделдігі мен ашықтығы FSM мобильді қосымшасын енгізу арқылы артады.Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында 519 мың жұмыскер жұмыс істейді. Адам шығынымен аяқталған топтық жазатайым оқиғалар және өндірістік жарақаттануды жасыру фактілері бар.Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін еңбекті қорғау саласындағы қадағалау мен бақылау тетіктерін қатаңдату жөніндегі келесідей шараларды іске асыру жоспарлануда:1) жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа әдістемесін енгізу;2) қауіпті жұмыстарды шұғыл тоқтата тұру үшін мемлекеттік еңбек инспекторларына қадағалау функцияларын беру;3) төтенше жағдайлар тәуекелдері туралы ерте хабарлау жүйелерін енгізу (мобильді қосымшалар, арнайы датчиктер және басқа да заманауи технологиялық шешімдер);4) кәсіптік тәуекелдерді бағалауды жүргізу бойынша мамандандырылған ұйымдарға қойылатын талаптарды күшейту;5) мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректері негізінде кәсіпорынға бармай профилактикалық бақылау мүмкіндіктерін кеңейту.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/947257