Әлем
Маңғыстауда экологиялық теңгерімді тұрақтандыру мақсатында сексеуіл өсіру сәтті жалғасуда 15.02.2025
Маңғыстау облысында экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жоспарлы жұмыс белсенді жүзеге асуда. 2004 жылдан бері Сенек ауылында басталған құм тоқтату жұмыстары, кейіннен Ұштаған, Тұщықұдық және Шебір ауылдарында жалғасын тапты. Бұл жобалардың негізгі мақсаты – ауылдарды көшпелі құмнан қорғау, яғни сексеуіл өсіру арқылы экологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру.Деректерге жүгінсек, Ұштаған ауылында 2007, ал Тұщықұдықта 2012 жылдан, сондай-ақ Шебірде 2016 жылдан бері сексеуіл отырғызу жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде, әр ауылда 2021 жылға дейін жалпы 3329 гектар жасыл белдеу пайда болған .- 2022 жылы бұл алқап Маңғыстау облысы әкімінің қаулысымен «Бейнеу ормандар және жануарлар дүниесін қорғау» КММ-нің құрамына берілді. 2018 жылы Маңғыстау ауданының Жарма, Сазды және Сауысқан ауылдарында 134 гектар аумақты құм көшкінінен қорғау бойынша 6 жылдық жоба жасақталды. Жобаның бірінші кезеңінде 2022-2024 жылдар аралығында 60,34 гектар аумаққа 203 634 түп сексеуіл мен жүзгін ағаштары отырғызылды. Бұл кезеңнің шығымдылығы 85-90% құрады. Екінші кезеңде 2025-2027 жылдары қалған 73,74 гектар аумаққа 248 887 сексеуіл мен жүзгін ағаштарын отырғызу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың 2022 жылғы Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында берген тапсырмалары негізінде, Бейнеу ауданының Тәжен, Сыңғырлау, Сам, Тұрыш және Ақжігіт, Қарақия ауданының Сенек және Бостан, Маңғыстау ауданының Жармыш және Ақшымырау, Түпқараған ауданының Таушық елді мекендеріндегі қауіпті эолдық процестердің даму қаупін анықтау мақсатында жобалар әзірленді,- деп атап өтті Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасар Хайдар Тулеушов.Жергілікті бюджеттен 72,5 млн. теңге бөлініп, толықтай игерілді. Жоба 2025-2032 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Жалпы 10 ауыл бойынша жобаның құны 2 968,0 млн. теңгені құрайды.Қорытындылай кетсек, 2025 жылдан бастап кезең-кезеңімен аталған ауылдардың шөлейттенуіне қарсы сексеуіл өсіру жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар экологиялық ахуалды жақсартуға, жердің құнарлылығын арттыруға және ауыл тұрғындарының өмір сапасын көтеруге бағытталған. Маңғыстау облысында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар тек экологияны қорғап қана қоймай, сонымен қатар ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын да жақсартуға ықпал ететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/936456
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы іс-шаралар жалғасуда 15.02.2025
Маңғыстау облысы «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында эко-акцияларды белсенді түрде өткізуді жалғастыруда.12 ақпан күні Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінде студенттердің қатысуымен кездесу өтті.Кездесуге өңірге белгілі экологтар К.Осин, А.Козыбаков, аталмыш университеттің 120-дан астам студенттері, ауыл әкімдері мен қала және аудандардың тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімдерінің басшылары қатысты. Шара барысында өңірдегі негізгі экологиялық сын-қатерлер, оларды шешу жолдары және табиғатты қорғауға жеке үлестің маңыздылығы туралы сөз қозғалды.Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың назарын қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне аудару, экологиялық мәдениетті дамыту, өңірдің табиғи байлығын сақтауға жауапкершілікпен қарауға тәрбиелеу, экологияның ағымдағы жағдайы туралы хабардар ету және оларды қоршаған ортаны қорғау бойынша практикалық қызметке тарту.«Маңғыстау табиғаты» ҚБ төрағасы Адильбек Козыбаковтың айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы халық арасында экологиялық мәдениетті дамытуда үлкен рөл атқарады:– Бүгін біз жастардың экологиялық шараларға қатысуы тек аумақтарды тазарту емес, табиғатымыздың болашағына саналы үлес қосу екенін көріп отырмыз. Әрбіріміз қоршаған ортаны сақтау сияқты үлкен істің бір бөлігі бола аламыз. Баршаңызды қала аумағындағы кез келген экологиялық шараларға қатысуға шақырамыз. Сіздің белсенділігіңіз – таза әрі экологиялық қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.Сонымен қатар, кездесуден кейін студенттер университеттегі қалдықтарды өңдеу цехына экскурсия жасап, жұмыстарымен танысты. Өткізілген экскурсияға қатысты «Пакетная фабрика» ЖШС жетекшісі Мамед Афандиев:– Жастар – еліміздің болашағы және экологиялық мәселелерді шешу міндеті дәл соларға жүктеледі. Мұндай кездесулер тек экологиялық сауаттылықты арттырып қана қоймай, қоршаған ортаны қорғауға деген жеке жауапкершілікті тәрбиелеуге де ықпал етеді. Аталған шара көптеген жастарды өңірдегі экологиялық бастамаларға белсенді түрде қатысуға ынталандыратын бастама болады деп үміттенеміз. Бірлескен күш-жігерімізбен Маңғыстауды одан әрі таза және экологиялық қауіпсіз аймаққа айналдыра аламыз, - деп өз пікірін білдірді.Сондай-ақ, экскурсиядан кейін студенттер университет аумағындағы жылыжайға барып Жапон софорасы ағашының тұқымын отырғызды.Жапон софорасы ( Sophora japonica L.) – дәрілік құнды өсімдік, жемісі қабынуға қарсы және жараны жазатын әсерге ие. Табиғатта биіктігі 25 метрге дейін жететін ағаш. Қазіргі кезде Маңғыстау жерінде сынақтан сәтті өтіп, кең ауқымда көгалдандыруға қолданылып жүр.Сондай-ақ, студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті. Шараға қатысушылардың бірі:– Өңірдегі экологияны жақсарту үшін не жасай алатынымызды білу біз үшін өте пайдалы болды. Мұндай кездесулер мен акциялар бізді әрекет етуге және айналамыздағы табиғатты қорғауға шабыттандырады, - деді.Акция аясындағы іс-шаралар жылы әрі продуктивті атмосферада өтіп, жастардың экологиялық жауапкершілікке деген ұмтылысын нығайтты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/936462
Астанадағы саябақта еріктілер ерекше акция өткізді 15.02.2025
Елордалық студенттер мен еріктілер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қосылып, қаладағы саябақтардың біріне құстарға арналған ұя ілді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.«Таза Қазақстан» акциясы аясында елордалық Құрылыс-техникалық колледжінің студенттері «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының еріктілерімен бірлесе отырып, әл-Фараби мешітінің жанындағы саябаққа құс ұяларын ілді.Олар ұяларды өз қолымен дайындаған.«Құс ұялары фанерадан жасалды. Қатарластарыммен бірге шебер ұстазымыздың бақылауымен үш күнде жасап шықтық. Кәсіби шеберлігімді пайдалана отырып, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосқаныма қуанамын», - дейді Астана Құрылыс-техникалық колледжінің 3-курс студенті Аллаберген Маратұлы.Акция биоәртүрлілікті сақтауға және қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған. Қатысушылар ұялар құстардың жайлы әрі қауіпсіз тіршілігіне септігін тигізетініне сенімді.«Табиғатты аялау кішігірім әрекеттен басталады және осындай әрбір қадам экологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі. Сіз де өз үлесіңізді қосқыңыз келсе, біздің науқандарға атсалысыңыз», - деді «Астана жастары» МКҚК еріктісі Ерасыл Төленді қала тұрғындарына. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936801
Қостанай облысында прокурорлар заңсыз кен іздеушіліктің жолын кесті 15.02.2025
Қостанай облысы Жітіқара ауданының прокуратурасы шекара қызметімен бірлесіп, Аққарға ауылының маңындағы Оңтүстік Тоқтаров кен орнында тіркеусіз және рұқсатсыз бағалы металдарды іздеумен және өндірумен айналысатын ауданның екі тұрғынын анықтады.Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік істер қозғалды, олар сотқа жіберілді. Сот заң бұзушыларды кінәлі деп тауып, әрқайсысына 55 380 теңге көлемінде айыппұл салды, сондай-ақ мемлекет пайдасына жалпы құны 5 миллион теңгеден асатын екі металл іздегішті тәркіледі.Заңсыз құрылыс - бұл экологиялық тепе-теңдіктің бұзылуына әкелуі мүмкін үлкен бұзушылық, сондықтан заңдар мен тәртіпті сақтау экологияны сақтауға және табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға бағытталған маңызды қадам болып табылады.Дереккөзге сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-kostanay/press/news/details/935289?lang=kk Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/936142
Астанада жеңіл атлетикадан турнир өтеді 15.02.2025
Астанада 23 ақпан күні Qazaqstan жеңіл атлетикалық спорт кешенінде әуесқойлар арасында жеңіл атлетикадан жыл сайын өтетін INDOOR RUN ASTANA 2025 турнирі ұйымдастырылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Турнирдің басты мақсаты – жеңіл атлетиканы насихаттау, бұқаралық спортты дамыту және салауатты өмір салтын дәріптеу. Жарыс бағдарламасына мына қашықтықтар енеді: 600 м, 1000 м, 1 миль, 2000 м, 3000 м жүгіру, аралас эстафеталық жүгіру және критериум жарысы. Турнирге еліміздің 10 аймағынан 25-тен астам жүгіру клубының 110-нан аса әуесқой спортшысы өтініш берді. Сондай-ақ, жарысқа Ресей Федерациясынан әуесқой спортшылар қатысады. Өткен жылдағыдай, зияткерлік даму ерекшеліктері бар жандар да турнирде өнер көрсетеді. Ресми ашылу рәсімі – 09:30;Жарыстың басталуы – 09:50.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936581
Астанада «Мектепалды топ балаларын мектепке бейімдеу» тақырыбында қалалық семинар өтті 15.02.2025
Елордадағы К.Мыңбаев атындағы №59 мектеп-лицейінде балабақша әдіскерлері мен бастауыш сынып бойынша мектеп директоры орынбасарларының қатысуымен «Мектепалды топ балаларын мектепке бейімдеу» тақырыбында қалалық семинар өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.Жиында балабақшада тәрбиеленіп жатқан балалардың дағдылары мен қажеттіліктерін ескере отырып, мектепке бейімдеудің тиімді жолдары, балалардың жаңа ортаға үйреніп, сіңісіп кетуіне жағдай жасауға қатысты жұмыстарды жандандыру мәселелері қарастырылды.Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Балаларды ерте дамыту» институтының директоры Мария Ерманова мемлекеттік білім беру бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен балабақшаға баратын балғындардың мектепке барар кездегі дағдыларды игеруі, оларды бақылау мен білім беру ұйымдарының арасындағы байланыс туралы баяндады.«Білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілген. Оған сәйкес білімнің бірізділігін, сабақтастығы және үздіксіздігін қамтамасыз етуіміз керек. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы мен «Балаларды ерте дамыту» институты бірлесіп, іс-қимыл жоспарын жасадық. Тірек мектептері мен тірек балабақшалары анықталып, олардың арасында байланыс орнатылды. Мониторинг негізінде баланың жеке даму картасын жүргізуге назар аударылатын болды. Бізде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың бағдарламасы бар, соның аясында жылына 3 рет бала тиісті дағдыларды қалай игеріп жатқанын анықтау мақсатында мониторинг жүргізіледі», - деді Мария Ерманова.Мамандардың айтуынша, балабақша мен мектептің арасындағы сабақтастық бірінші сынып оқушыларының мектепке бейімделуі мен мектеп бағдарламасын толық және сапалы игеруіне ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936600
Астана спортшылары Азия чемпионатында 5 алтын медаль жеңіп алды 15.02.2025
Бангкок (Таиланд) қаласында мектеп оқушылары арасында Азия чемпионаты өтті. Жарысқа 18 Азия елінен 1500 спортшы қатысты. Бұл сында Қазақстан намысын қорғаған елордалық спортшылар бес бірдей алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Бірінші жарыс күнінде елордалық спортшылар жоғары деңгейін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды.Чемпионат қорытындысы бойынша елордалық спортшы Ханзада Нұрлыбекова жалпы есепте 2-орын алып, 259 ұпай жинап, «Үздік спортшы» кубогына ие болды.Елордалық спортшылардың нәтижелері:1-күнгі жарыс нәтижелері:1-орын – Ханзада Нұрлыбекова (100 м шалқалай жүзу);2-орын – Арсен Амантай (200 м баттерфляй);3-орын – Луиза Огаз (50 м брасс).2-күнгі жарыс нәтижелері:1-орын – Ханзада Нұрлыбекова (50 м шалқалай жүзу);2-орын – Ханзада Нұрлыбекова (100 м баттерфляй);3-орын – Ханзада Нұрлыбекова (200 м еркін стиль).2-орын – Луиза Огаз (200 м брасс);3-орын – Арсен Амантай (100 м баттерфляй);3-орын – 4×50 м еркін стиль эстафетасы (МИКС) – Мендіхан Шахмина, Луиза Огаз, Арсен Амантай.3-күнгі жарыс нәтижелері:1-орын – Ханзада Нұрлыбекова (50 м баттерфляй);1-орын – Ханзада Нұрлыбекова (50 м еркін стиль);2-орын – Ханзада Нұрлыбекова (200 м шалқалай жүзу);3-орын – Луиза Огаз (100 м брасс);3-орын – Мендіхан Шахмина (200 м шалқалай жүзу);1-орын – 4×50 м кешенді эстафета (МИКС) – Мендіхан Шахмина, Огаз Луиза, Амантай Арсен.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936623
Астанада зейнеткерлер жұмысшыларға арнайы мерекелік концерт ұйымдастырды 15.02.2025
Астанадағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері жұмысшыларға мерекелік концерт қойып, көтеріңкі көңіл күй сыйлады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. «Осы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Сол арқылы құрылыс, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп сияқты және т.б. салаларда жұмыс істейтін азаматтарға көп көңіл бөлінеді. Соған орай біз де «Еңбек адамына құрмет» акциясын бастап жатырмыз», - деді Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы Нұра ауданы бөлімінің күміс волонтері Ләззат Өтеғұлова. Астаналық зейнеткерлер құрылысшыларға домбырамен ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ, олар еңбек адамдарына сыйлықтарын табыстап, тәттілерін ұсынды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастама жұмысшылардың еңбегінің маңыздылығын түсінуге ықпал етеді. «Мұнда көбіне патриоттық әндер шырқалды. Сондай-ақ бүгінгі акцияға «AMANAT» партиясының Нұра ауданы бөлімінің «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілері де атсалысты. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету», - деді Л.Өтеғұлова. Айта кетейік, еңбек адамдарын қолдауда маңызға ие осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/936618
Риддердегі көпсалалы аурухана кешенінің құрылысы: медициналық көмек сапасын жақсартуға бағытталған қадам 15.02.2025
Риддердегі медициналық кешен қала тұрғындарына ғана емес, көршілес елді мекен тұрғындарына да қызмет көрсететін көпсалалы емдеу мекемесіне айналады. Айта кетейік, аурухананың негізгі ғимараты мен педиатриялық бөлімше 80 жылдан астам уақыт бұрын салынған.Бүгінгі таңда дайындық деңгейі емхана бойынша 70%-ды, стационар бойынша 30%-ды, ал тамақтану орны мен сыртқы желілер бойынша 90%-ды құрайды.2024 жылдың соңында құрылысты аяқтау үшін арнайы мемлекеттік қордан қаражат бөлінді. Аурухана құрылысын аяқтау 2025 жылдың соңына жоспарланып отыр.ШҚО әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/936428
164 МЫҢ АДАМ ҚАҢТАР ҰБТ-СЫН ТАПСЫРДЫ 15.02.2025
164 МЫҢ АДАМ ҚАҢТАР ҰБТ-СЫН ТАПСЫРДЫ164 мыңға жуық адам қаңтар айындағы ҰБТ-ны тапсырды. Оның ішінде талапкерлердің 76,81%-ы қазақ тілінде, 23,14%-ы орыс тілінде, 89 адам ағылшын тілінде тестілеуден өтті.ҰБТ-да шекті балды 70,35%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65,81 балды құрады. Ең жоғары балл – 139. Жалпы 186 талапкер 130-дан жоғары балл жинады.Тестке қатысушылардың басым бөлігі «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған, атап айтқанда, 17,5%-ы тапсырды. «Биология-Химия» пәндерін 17,27% таңдаған. Сондай-ақ топ-3 қатарына талапкерлердің 10,29% таңдаған «Математика-Информатика» комбинациясы кірді. Ең аз таңдалған комбинация – «Химия-Физика», оны 197 адам тапсырған.2025 жылғы қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығы» пәнін жоғары деңгейде тапсырды. Орташа есеппен сұрақтардың 75,43%-ына дұрыс жауап берілген. Ал «Физиканы» тапсырған талапкерлердің тек 32,32% тапсырманы дұрыс орындаған, олар үшін «Электромагниттік индукция» тақырыбы қиын болды. Осылайша, ҰБТ нәтижелері бойынша Ұлттық тестілеу орталығы тек сандар емес, сонымен қатар тақырыптар бойынша егжей-тегжейлі талдауды да ұсынады.Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында қаңтар ҰБТ-сына 392 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.ҰБТ өткізу барысында 197 ереже бұзушылық анықталған. Оның ішінде 101 талапкер смартфон және шпаргалка сияқты тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, ал тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 96 адам шығарылды. Өзге тұлғалар анықталған жоқ.Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алды. Бұл жолы 14 мыңнан астам өтініш қабылданды, олардың ішінде 10 өтініш қанағаттандырылды. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді. Айта кетсек, 2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін тестілеудің бейнежазбаларына талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда түсушінің ҰБТ нәтижелері жойылады.Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады. ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/936542
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАЛАЛАР ХИРУРГИЯСЫНЫҢ НЕГІЗІН ҚАЛАУШЫ КАМАЛ ОРМАНТАЕВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ 15.02.2025
Бүгін елдің медицина жұртшылығы орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында Қазақстандағы балалар хирургиясының негізін қалаушы, педиатр дәрігер, медицина ғылымдарының докторы, профессор, еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі және вице-президенті, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Камал Сәруарұлы Ормантаев өмірден озды.Камал Сәруарұлы 1936 жылы Қызылорда облысында туған. 1953 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне түсіп, медицинада өз жолын бастады. 1968 жылы ол бүкіл ғылыми мектептің дамуына негіз қалап, осы институттың балалар хирургиясы кафедрасын басқарды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының директоры (1980-1993) болды.Өзінің айрықша еңбек жолында ол мыңдаған баланың өмірін сақтап қалу үшін 20 000-ға жуық күрделі операция жасады. Оның еңбегінің арқасында 1500-ден астам практика дәрігері даярланды, олардың көпшілігі Қазақстанда және одан тыс жерлерде үздік мамандар болды.Еліміздің медицина жұртшылығы отандық медицинадағы орны мен рөлі шын мәнінде бірегей болып табылатын қазіргі заманның ең үздік хирургтарының бірі болған ұлы дәрігердің, педагогтың өмірден озуына қатты қайғыруда. Камал Ормантаевтың есімі Қазақстан медицинасының шежіресіне алтын әріптермен жазылған.Оның даналығы, біліктілігі және өз мамандығына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі онымен жұмыс істеу құрметіне ие болған дәрігерлердің көптеген ұрпақтары үшін үлгі болып қала береді.Денсаулық сақтау министрлігі Камал Сәруарұлы Ормантаевтың отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біздің тәлімгеріміздің, ұлы балалар дәрігерінің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/936402
АЛМАТЫДАҒЫ ФОРУМ: 2024 ЖЫЛЫ ОТАНДЫҚ ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ӨНІМДІ ӨНДІРУ КӨЛЕМІ 22%-ҒА ӨСТІ 15.02.2025
Қазақстанда өткен жылы отандық фармацевтикалық өнімді өндірудің үлесі 22%- ға, 171,6 млрд.теңгеге дейін ұлғайды. Бұл ретте соңғы 7 жылдың ішінде фармацевтика саласына тартылған инвестициялардың көлемі 9,5 есеге ұлғайды, деп мәлімдеді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев Алматыдағы 2-ші Қазақстандық фармацевтикалық форумға қатысушылардың алдында.Дәрілік заттардың отандық өндірісін дамыту және олардың қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты кеңейту, инвестицияларды тарту, технологиялар трансферті және елдер аумағында өндірісті оқшаулауға жаңа әзірлемелер бойынша шаралар көзделеді.«Дәстүрге айналған кезекті қазақстандық фармацевтикалық форум мхемлекет пен инвесторлар үшін денсаулық сақтау саласына инвестициялар тартуға жағдай жасауға және еліміздің фарминдустриясын дамытуды қамтамасыз етуге бағытталған өзара қолайлы шешімдерді әзірлеудің пәрменді тетіктерінің бірі болып табылады», - деп атап өтті Ержан Нұрлыбаев.Форумның жұмысына реттеуші органдардың, фармацевтикалық секторға қызмет көрсететін жетекші халықаралық және жергілікті фармацевтикалық компаниялардың 200-ден астам өкілдері, «СҚ-Фармация» ірі кәсіпорындарының, «QazBioPharm» ҰХ, Қазақстанның халықаралық фармацевтикалық өндірушілер қауымдастығының басшылары қатысады.Форумның алаңында Қазақстан Республикасының дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйелері мен фармацевтика саласын дамыту, сондай-ақ «жалғыз терезе» шеңберінде дәрілік заттар нарығына шығу процестерінің реинжинирингі мәселелері талқыланды.ҚР ДСМ Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің өкілдері дәрілік заттарды таңбалауды енгізу нәтижелері, жеткізу тізбегінің ашықтығына және халық үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігіне әсері туралы ақпаратты ұсынды. Фармацевтикалық қызметтің басым бағыттарымен қатар форумның жұмысында ББҚ, оның ішінде импорттық өнім айналымын мемлекеттік бақылау және қадағалау бойынша өзекті мәселелер талқыланды.Сондай-ақ Қазақстанда дәрі-дәрмектерді ілгерілетуде диджитал-шешімдерді қолдану тақырыбы ерекше қызығушылық тудырды, Қазақстанның фармацевтикалық нарығында баға белгілеу мәселелері көтерілді, дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз етудегі реттеуші талаптарды үйлестіру, ұлттық және ЕАЭО стандарттарын тиімді интеграциялау үшін жағдайлар жасалды, ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету тізбесін қалыптастыру қағидаттары туралы ақпарат ұсынылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/936547
«Ulytau Zhastary» тұрғын үй бағдарламасы 15.02.2025
Айдана Ерденбаева - он жылдан бері қосымша білім беру педагогі болып қызмет атқарып келеді. Қазіргі таңда Жаңаарқа ауданындағы «Оқушылар үйінде» жұмыс істейді.Жерлесіміз Ұлытау облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» бірлесе қолға алған тұрғын үй бағдарламасының арқасында өз баспанасына қол жеткізген. Айдана Қайроллақызы бағдарлама үмітін ақтағанын айтады.«Ulytau Zhastary» тұрғын үй бағдарламасының жылдық мөлшерлемесі 6%-ды құрайды. Қарыздың ең жоғары сомасы – 20 млн теңге. Бастапқы жарна кем дегенде 10%.Аталған бағдарлама 2023 жылы бастау алды және оған 18 бен 35 жас аралығындағы Ұлытау облысының белгілі талаптарға сай келетін азаматтары қатыса алады.Қадірлі жерлестер!Тұрғын үй бағдарламасы 2025 жылы да жалғасын табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/936339
ТҮРКІСТАНДА БЕКЗАТ САТТАРХАНОВТЫҢ 45 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН ТУРНИР БАСТАЛДЫ 15.02.2025
Түркістанда Сидней олимпиадасының чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бекзат Саттархановтың 45 жылдығына арналған 2009-2010 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық ашық бокс турнирі басталды.Жарыстың ашылу салтанатына Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, Бекзат Саттархановтың алғашқы бапкері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, еңбек сіңірген жаттықтырушы Нұрлан Жұмабаев пен анасы Сырлыгүл Шойбекова және спорт жанашырлары мен жасөспірімдер қатысты.Турнирдің ашылуында арнайы ҚР Ұлттық ұлан 6506 әскери оркестрінің сүйемелдеуімен Мемлекеттік Әнұран орындалып, «Сенім мен жеңіс» атты көрініс ұсынылды. Онда Бекзаттың спорттағы жолы мен Олимпиададағы тарихи жеңісі бейнеленді.Турнирге қатысушылар үшін бұл дода – тек жарыс қана емес, чемпион Бекзаттың рухына тағзым етіп, оның жолын жалғауға ұмтылыс.Жарысқа 14 салмақ бойынша еліміздің 15 облысынан, Қырғызстан мен Өзбекстаннан 250 боксшы қатысуда. Жарыстың финалы 13 ақпан күні Б.Саттарханов спорт кешенінде өтеді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/934919
ТҮРКІСТАН: МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ САЛАСЫНДАҒЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ТАЛҚЫЛАНДЫ 15.02.2025
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде мәдениет және спорт салаларын дамыту жолдары, өзекті мәселелері талқыланды. Өңір басшысы аталған басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жұмысты жүйелеуді және жандандыруды тапсырды.– Мәдениет және спорт – елдің еңсесін көтеріп, сана-сезімін өзгертіп, қоғамға әсер ететін салалар. Мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандырып, қазақтың өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін жас өскіннің бойына сіңіру керек. Облыс аумағындағы мәдениет және спорт нысандарының бірінші кезекте қажеттілігін анықтау бойынша бекітілген критерийге сәйкес 3 жылдық кешенді жоспарды қайта бекітуді тапсырамын. Облыстағы білім, мәдениет, денсаулық сақтау және тағы басқа әлеуметтік нысандарға типтік жобалау-сметалық құжаттамасы қажет. Аймақта өтетін концерттік бағдарламаларды облыстың имиджін көтеретін креативті идеялармен толықтырып, алдағы Наурыз мерекесін Түркістан қаласында және аудан, қалаларда жоғары деңгейде ұйымдастыру қажет. Өңірдегі спорт мекемелерінің ғимараттарының мәселесін шешу үшін нақты ұсыныс енгізіп, жұмысты жүйелеңіздер, – деген Нұралхан Көшеров аталған сала басшыларына сын-ескертпе айтып, нақты міндеттер жүктеді.Мәжілісте Түркістан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев пен Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарушы Алмасбек Нақыпбековтың есебі тыңдалды.Жуырда аудан, қалалардағы мәдениет нысандары құрылысының 3 жылдық жоспары бекітілген. Жоспарға сәйкес 2025-2027 жылдар аралығында 30 мәдениет нысанының құрылысы жүргізіледі деп күтілуде. Мәдениет нысандарына мониторинг жүргізіліп, тиісті ұсыныстар енгізілген. Облыстағы кәсіби 3 театрда биылғы жылы 15 жаңа қойылым қойылмақ. Облыс аумағында жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын байқаулар мен фестивальдердің өту форматтары жаңаша бағытта жоспарлануда. Республикалық «Түркістан дауысы» байқауы, халықаралық «Voice of Turan» фестивалі, «Күй құдіреті» республикалық күйшілер байқауы, термешілердің «Түркістан мақамдары» республикалық байқауы, «Turkistar» балалар шығармашылық фестивалі және өзге де маңызды мәдени-рухани іс-шаралар өтеді.Облыс әкімінің тапсырмасымен аймақта спорт нысандарының қажеттілігіне мониторинг жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 108 спорт кешенін салу және 48 ғимаратқа жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет екені анықталды. Бүгінгі таңда облыс аумағында 3540 спорт нысаны тіркелген. Оның 2577-сі білім беру мекемелерінде болса, әкімдік теңгерімінде 543 нысан бар. 270 нысан жеке меншікте, ал 150 нысан спорт мекемелерінің меншігінде. Басқармаға бағынысты және қала, аудан әкімдіктеріне қарасты 100 спорттық ұйым қызмет атқаруда. Жөндеуді қажет ететін спорт нысандарына да жыл сайын кезең-кезеңімен қаржы бөлінуде. Дәлірек айтқанда, биыл 14 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт нысандарына қажеттілікті азайту мақсатында 2025 жылы 51 спорт нысанның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935004
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӨКТЕМГІ ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ 15.02.2025
Түркістан облысында биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көлемі өткен жылдан 26 мың гектарға ұлғайтылып, 896 мың гектар жерге егіледі. Оның ішінде, жаздық дақылдар – 518 мың гектар, күздік егіс – 204 мың гектар, ескі жоңышқа 174 мың гектар жерге егілмек. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде айтылды.Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне көктемгі дала жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды, шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдаулар жөнінде тұрақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.– Көктемгі дала жұмыстарына бекітілген жоспардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Кейбір аудандарда жер жырту, сор шаю жұмыстары төмен деңгейде атқарылуда. Мерзімінде аяқтауды тапсырамын. Өңірлік операторлар арқылы дизель отынын тұрақты босату, қажетті минералды тыңайтқышты ендіру, жоғарғы репродукциялы тұқымдармен қамтамасыз ету жұмыстарын қадағалаңыздар. Егістік алқаптарына су үнемдеу технологияларын ендіру жұмыстары күшейтілуі керек, – деген Нұралхан Көшеров аудан, қала әкімдерінің осыған қатысты уәждерін тыңдады.Жиында көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндады. Оның айтуынша, бүгінде жер айдау жұмыстары 50 пайыздан асса, сор шаю жұмыстары 30 пайыздан аса орындалған. Көктемгі дала жұмыстарына 55,3 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлініп, босату жұмыстары басталды. Дала жұмыстарына 25 мың бірлік техника қызмет атқаруда. Осы жылы ауыл шаруашылығы техникалар паркін 6,5%-ға жаңарту көзделуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің жол картасына сәйкес, жыл соңына дейін 190 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізіледі. Бағдарламаға өтінім қабылдау басталды.Тауар өндірушілерде жаздық дақылдардың қажетті тұқым көлемі жеткілікті. Нақтырақ айтқанда, егіске қажетті 4,3 мың тонна бидай, 6,7 мың тонна арпа, 1,8 мың тонна мақсары, 3,6 мың тонна мақта, және 0,9 мың тонна жоңышқа тұқымдары бар. Ал, жүгері және картоп тұқымдары коммерциялық ұйымдардан алынады. Мақта сапасын арттыру мақсатында жоғарғы репродукциялы 3,3 мың тонна мақта шиті Түркия, Өзбекстан, Қытай елдерінен импортталмақ.Апталық мәжілісте Мемлекет басшысының тапсырмаларын уақтылы орындау мәселесі, «Жайлы мектеп» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыту маусымының жай-күйі сараланды. Ұлттық жобалар аясында атқарылатын жұмыстар пысықталып, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берілді.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935121
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА БІР ЖЫЛДА 5 ЖАҢА ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ ҚҰРЫЛДЫ 15.02.2025
Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту, индустриалды аймақтарды дамыту және көбейту жұмыстар жалғасып жатыр. Өңірде 1 700 гектардан тұратын өңірлік маңызы бар 14 индустриалды аймақ болса, оның ішіндегі 5-еуі соңғы 1 жылдың ішінде құрылды. Сонымен қатар Арыс қаласындағы «Мега-Агат» және Ордабасы ауданындағы «Бөкей» компанияларының ұсыныстары бойынша 2 жеке индустриалды аймақ құрылып, жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылған индустриалды аймақтардың саны 16-ны құрап отыр. Ол өндірістік аймақтарда бүгінгі күнге 120 млрд теңгені құрайтын 82 жоба жүзеге асырылуда.Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров индустриалды аймақтардың жұмысын жандандыру, жаңа жобаларды жүзеге асыру жөнінде мәжіліс өткізіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.– Өңірде жаңадан құрылған және енді ашылатын индустриалды аймақтарды қажетті жермен, инфрақұрылыммен қамту жұмысын жүргізіңіздер. Жұмыс істеп тұрған индустриалды аймақтарға жаңа инвесторлар тартып, жобаларды көбейту маңызды. Аудан, қала әкімдері, жауапты басқарма басшылары осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Жаңаша көзқарас, ізденіс, зерделеу жұмыстары қажет. Жерді алып, жұмысын бастамаған кәсіпкерлермен келісімді тоқтатып, жерді қайтару керек. Индустриалды аймақтарды абаттандыру, көгалдандыру, ретке келтіру мәселесі де назарда болсын, – деді Нұралхан Көшеров.Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов осы салада атқарылған жұмыстарды, көрсеткіштерді баяндады. Жаңадан ашылған және ашылуы жоспарланған индустриалды аймақтарды газ, электр, су және өзге де инфрақұрылыммен қамту, жер телімін алу мәселелері туралы айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан және қала әкімдіктері жаңадан құрылатын индустриалды аймақтар бойынша ұсыныстарын берді. Жер телімдері инфрақұрылым нүктелеріне жақын орналасқан.Айта кетейік, Түркістан облысындағы өндірістік аймақтардағы жобалардың басым бөлігі құрылыс материалдарын өндіру, дайын металл өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, жеңіл және жиһаз өнеркәсібі салаларына жұмылдырылған. 2024 жылы Өңірлік үйлестіру кеңесі тарапынан 18 инвестициялық жоба мақұлданып, индустриалды аймақтарға енгізілген.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935169
ТҮРКІСТАН: САЙРАМ АУДАНЫНДА 5 ҚАБАТТЫ 47 ҮЙ САЛЫНАДЫ 15.02.2025
Түркістан облысы, Сайрам ауданында жаңа шағынаудан пайда болады. Аталған мәселе облыс әкімдігінде арнайы талқыланып, ұсыныстар мен жоспарлар тыңдалды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құрылысты сапалы атқаруды тапсырды.– Бұл бастаманы қолдаймыз. Аудан әкімі жауапты басқармалармен бірге жұмысты жүйелі атқаруы керек. Бірінші кезекте инфрақұрылымды тарту қажет. Әрбір құрылыс нысаны, ғимараттар терең ойластырылып, сапалы салынуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов жаңа шағынауданның жоспарымен таныстырды. Өңірдегі ең халық тығыз орналасқан әрі даму деңгейі жоғары ауданда тұрғын үй мәселесі өте өзекті. Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округі, Қарасу ауылындағы 57 гектар аумақта жаңадан құрылатын шағынауданда 5 қабатты 47 тұрғын үй (2820 пәтер), ауылдық әкімшілік ғимараты, тәулігіне 250 адам қабылдайтын заманауи емхана, Мәдениет үйі мен Жастар сарайы біріктірілген ғимарат, 600 орындық заманауи жаңа мектеп, 280 орындық балабақша, 6 коммерциялық нысан мен саябақ салу жоспарланған. Сонымен бірге мешіт салуға да орын қарастырылған.Жобаның мақсаты – халықтың өмір сүру сапасын жақсартып, тұрғын үйге мұқтаждығын азайту. Аудан әкімдігі тарапынан аталған нысандарды инженерлік-коммуникациялық жүйелерімен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттары дайындалған.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935478
ҮКІМЕТТЕ КӨКТЕМГІ ЕГІС ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ: ТИІМДІЛІГІ ЖОҒАРЫ ДАҚЫЛДАР АЛҚАБЫН ҰЛҒАЙТУ ЖӘНЕ ҚАРАЖАТТЫҢ МАҚСАТТЫ ЖҰМСАЛУЫН БАҚЫЛАУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ 15.02.2025
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі дала жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды. Ағымдағы жағдай туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ҚР энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, сондай-ақ бірқатар өңірлердің әкімдері баяндады.2025 жылы 23,8 млн гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 518 мың гектарға артық. Дәнді және бұршақты дақылдардың егістік алқаптары шамамен 16,6 млн гектарды құрайды (2024 жылы – 16,7 млн га). Майлы дақылдардың ауданы 365 мың гектарға артып, 3,3 млн гектарға жетеді, оның ішінде күнбағыс дақылдары 50,6 мың гектарға өсіп, 1,3 млн гектарға дейін жетеді. Сондай-ақ картоп алқабын 14,9 мың гектарға ұлғайтып, аумақты 136,8 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда, ал қарақұмық дақылдары 41,5 мың гектарға артып, 147 мың гектарды құрайды. 2025 жылы қант қызылшасының ауданы 18,4 мың гектарды құрайды. Жемшөп дақылдарының ауданы 184 мың гектарға ұлғайып, 3,4 млн гектарға жетеді. Мақта дақылдары 135,2 мың гектарды, ал күріш – 90,2 мың гектарды құрайды.Биыл көктемгі-дала жұмыстарын ЖЖМ қамтамасыз ету үшін (МӨЗ-де өндіріс көлемін ескере отырып) 401 мың тонна дизель отыны бөлінді. Дизель отынын тиеп жөнелту бойынша МӨЗ-ге облыстарды бекіту кестесі бекітілді, сондай-ақ межелі стансаға дейін литріне 232 теңге мөлшерінде баға белгіленді.Операторлардың шығындарын ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының түпкілікті құны литріне 254 теңгені құрайды, бұл жанармай құю стансаларында литріне 295-300 теңгені құрайтын нарықтық бағадан 13-15%-ға төмен.Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров олардың өңірінде дала жұмыстарына кіріскенін хабарлады. Сондай-ақ Ақмола облысында, өңір әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, биыл картоп алаңын 352 гектарға ұлғайту жоспарлануда, ал жалпы картоп отырғызу 8,9 мың гектарды құрайды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,1 мың гектарға артық.Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы аграрлық секторды экономикалық өсудің флагмандарының бірі ретінде дамытуға ерекше назар аударатынын еске салды. Премьер-министр өз баяндамасында экспортқа шығатын және нарықта сұраныс жоғары, көбірек табыс әкелетін дақылдардық алқаптарын кеңейтуге басымдық беру қажет екеніне баса назар аударды. Биыл егіншілік саласын қаржыландыру көлемі 700 млрд теңгеге дейін ұлғайтылды. Лизингке жұмсалатын қаражат 200 млрд теңгеге жеткізілді. Сондай-ақ жеңілдікпен 400 мың тоннадан астам дизель отыны бөлінді.Олжас Бектенов бұл шаралардың барлығы егіс науқанын ойдағыдай өткізуге бағытталғанын баса айтты.«Мемлекет егіс науқанын ойдағыдай өткізу үшін қажетті шаралардың барлығын қабылдады. Жұмыстарды нәтижелі әрі ұйымдасқан түрде жүзеге асыруымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрлігі жеңілдетілген несиені тиімділігі әрі жауапкершілігі жоғары диқандарды қолдауға бағыттауы керек», — деп атап көрсетті Премьер-министр. Бұл ретте ол бөлінген қаражаттың дұрыс жұмсалуы әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс екенін ескертті. Сонымен қатар оның айтуынша, егіншілерді сапалы және тексеруден өткен тұқым қорымен қамтамасыз ету маңызды. Ол үшін бірінші кезекте, отандық өндірушілерді ынталандыру қажет. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарында агротехнологияларды қатаң сақтап, тыңайтқыштарды және өсімдіктерді қорғау құралдарын уақтылы қолдану керек. Қазақстанда тыңайтқыштар енгізу жоспары ғылыми негізделген норманың тек 59%-ын, ал ауыл шаруашылығы техникасының техникалық дайындығы – 75%-ды құрайды. Олжас Бектенов жаппай егін егу жұмыстары басталғанға дейін бұл көрсеткішті 100%-ға дейін жеткізіу қажет екенін атап өтті.Премьер-министр отырыс барысында министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырмалар берді:Ауыл шаруашылығы министрлігі «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, егіншілерді тиімді мемлекеттік қолдау мақсатында несие мен субсидия беру рәсімдерін оңтайландыру және жеңілдету шараларын қабылдасын.Энергетика, ауыл шаруашылығы министрліктері мен өңір әкімдері арзандатылған отынның тиісті көлемін жеткізуді бақылауда ұстасын. Әкімдіктер бір апта мерзімде өңірлік операторлар бойынша толық деректерді берсін. Шаруаларға тиесілі отынның сатылып кетуіне жол беретін компаниялар мен жеке тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылдауды тапсырамын.Су ресурстары министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен және әкімдіктермен бірге фермерлерді суармалы сумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларын қабылдасын. Әкімдіктер қар тоқтату және су қорын жинау жұмыстарын жүргізуі қажет.Сондай-ақ Премьер-министр көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы жүргізуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935948
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТА ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛІП, 2 ТОННАҒА ЖУЫҚ ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ 15.02.2025
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы тазалық, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары Түркістан облысында жүйелі жалғасып келеді.Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тазалық жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп, аудан тұрғындары экологиялық мәдениетті қалыптастыруда.Бүгін «Таза қала» коммуналдық мемлекеттік мекемесі тарапынан Сарыағаш қаласы аумағындағы саябақтарға, балалар ойын алаңшаларына, әлеуметтік нысандар мен ескерткіштер маңына және гүлзарларға тазалық жұмыстары жүргізілді. Бей-берекет тасталған күл-қоқыстар жиналып, шөптер орылды. Бұл жұмыстарға 2 арнайы техника жұмылдырылып, 2 тоннаға жуық қоқыс полигонға шығарылды.Айта кетейік, Түркістан облысында «Taza Qazaqstan» платформасы сәтті іске асырылуда. Тазалық жұмыстарына қатысты өтінімдер @TazaQazBot telegram-бот арқылы қабылданады. Жұмыс алгоритмі бойынша операторларға түскен өтінімдер санаттарына сай әкімдік қызметкерлеріне жолданады. Орындаушы атқарылған жұмыстарды фотоға таспалап, платформаға жүктейді. Өтініш иесіне жауап сол мезетте telegram-бот арқылы түседі. Осылайша, тұрғындармен кері байланыс орнатылады.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/935949