Әлем
Ақтөбеде онкологиялық диагностика орталығын ашу жоспарлануда 06.12.2024
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Orhun Medical компаниясымен денсаулық сақтаудың сегіз ауқымды жобасын жүзеге асыру туралы келісімге қол қойды. Олардың қатарында бірқатар өңірде онкологиялық ауруларды диагностикалау сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретін қазіргі заманғы позитрон-эмиссиялық томография орталықтарын құру да бар. Атап айтқанда, Ақтөбеде осындай орталықтардың бірін ашу жоспарлануда, бұл облыстың медициналық инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Orhun Medical бас директоры Гоненч Н. Дирикпен кездесіп, өңірде орталық ашу жөніндегі жобаны іске асыру мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Гоненч Н. Дирик Ақтөбе облысы компания үшін маңызды өңір болып саналатынын және онкодиагностика орталығын құру тұрғындарға өңір аумағынан шықпай-ақ, озық диагностикалық зерттеулерден өтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. Ол орталықтың іске қосылуы онкологиялық аурулармен күрес саласындағы ауқымды жобаларды дамытудың бірінші кезеңі болатынын жеткізді. «Көптеген жыл бойы өңірдің ем алушылары онкологиялық ауруларды диагностикалаудың мамандандырылған орталықтарына жүгініп келеді. Жақында Ақтөбеде онкологиялық диагностиканың жаңа орталығы ашылады, ол барлық қажетті тексерулерді тікелей сол жерде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл пациенттер үшін диагностикаға қол жеткізуді айтарлықтай жеңілдетеді, оларды Астанаға немесе Алматыға бару қажеттілігінен босатады. Орталықтың ашылуы - үлкен жобаның бірінші кезеңі ғана. Алдағы уақытта онкологиялық ауруларды емдеуге бағытталған жаңа бастамаларды іске асыру жоспарлануда»,деді Гоненч Н. Дирик. Облыс әкімі Асхат Шахаров компанияның бастамасына қолдау білдіріп, медициналық қызметтердің сапасы мен диагностиканың қолжетімділігін жақсарту үшін жобаның маңыздылығын алға тартты. Ақтөбедегі позитрон-эмиссиялық томография орталығын келер жылы іске қосу жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/897822
«KazConstructionGroup»: мемлекеттік қолдау өндірісті жақсартуға көмектесті 06.12.2024
Қазақстандық кәсіпорындар өз қызметтерін жетілдіруге бағытталған шығындарының бір бөлігін өтеу түріндегі мемлекеттік ынталандыру шараларын алуды жалғастыруда. Бұл бағыттағы қолдау арқылы зауыттар, фабрикалар мен цехтар өндірісті дамыту мен жаңғыртуды жоспарлауға мүмкіндік беріп, олардың нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.Осы жылдың IV тоқсанында мемлекеттік ынталандыру шаралары темірбетон бұйымдарының жетекші отандық өндірушісі – баспалдақ сатыларын, қабырғалық іргетас блоктарын шығаратын «KazConstructionGroup» компаниясына көрсетілді. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 120 мың текше метр бетонды құрайды.QazIndustry компанияға мемлекеттік ынталандыру шаралары аясында технологиялық процестерін жетілдіруге жұмсалған 10,3 млн теңге көлеміндегі шығындарын өтеді. Бұл қаражатқа кәсіпорын жаңа жабдықтар сатып алып, өндіріс тиімділігін айтарлықтай арттырды. Нәтижесінде компания өндірісті жаңғыртып қана қоймай, өнім сапасын жақсартып, тапсырыстарды орындау уақытын қысқартып, жаңа жұмыс орындарын ашты.«QazIndustry ұсынған мемлекеттік қолдау шаралары біздің кәсіпорнымызды дамытуда маңызды рөл атқарды. Біз өндірістік процестерді айтарлықтай жақсарттық, бұл өнім көлемін арттырып қана қоймай, ел экономикасының дамуына өз үлесімізді қосуға мүмкіндік берді», – деп атап өтті «KazConstructionGroup» ЖШС бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев.Жаңа жабдық дайын бетонды құйып, оны айналмалы қорап арқылы арнайы қалыптарға жеткізуге арналған. Бұл техника процесті автоматтандырып, өндіріс қарқынын едәуір жеделдетті.Аталмыш жабдықтың арқасында қандай нәтижелерге қол жеткізілді?Біріншіден, өндіріс көлемі 113%-ға өсті. Жаңа технологияны енгізу арқылы кәсіпорын бірдей уақытта өнімді көбірек шығара бастады, бұл қаржылық көрсеткіштердің жақсаруына ықпал етті. Екіншіден, өндіріс циклының уақыты 25%-ға қысқарды. Енді кәсіпорын тапсырыстарды жылдамырақ орындайды, бұл клиенттердің сұранысын қанағаттандыруға және нарықтағы бәсекеге қабілеттілікті арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, жаңа жабдықтың арқасында өндіріс ауысымдылығын арттыру мүмкіндігі пайда болып, компания қосымша 10 жұмыс орнын құрды. Қазір «KazConstructionGroup» компаниясында 46 адам еңбек етеді. Төртіншіден, шығындарды үнемдеу мен рентабельділікті арттыруға қол жеткізілді. Жабдықтың тиімділігі 35%-ға артып, өндіріс шығындарын 40%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Осылайша, өнімнің өзіндік құны төмендеп, компанияның пайдасы 12%-ға өсті.«KazConstructionGroup» компаниясының нақты нәтижелері мемлекеттік ынталандыру шараларының табысқа жетудегі маңызды рөлін дәлелдейді. «Мемлекеттің қолдауы кәсіпорынды сәтті жаңғыртуда және оның нарықтағы орнын нығайтуда шешуші рөл атқарады. Біз дамуды жалғастырып, жаңа жетістіктерге жетуге және өнім сапасын жақсартуға ұмтыламыз», – деп қорытындылады компания басшысы. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/897839
Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен облыстың оңтүстік өңірлеріне барды 06.12.2024
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен облыстың оңтүстік аудандарында болды. Сапар барысында инфрақұрылымды жақсарту, экономиканы дамыту және халықтың өмір сүру деңгейін арттыру мәселелері басты назарда болды. Әсіресе, облыстың стратегиялық дамуы үшін маңызды рөл атқаратын Арқалық қаласына ерекше көңіл бөлінді. Жаңа ЖЭО – жылу мен тұрақтылықтың кепілі Әкім барған маңызды нысандардың бірі – қалаға тұрақты жылу беруді қамтамасыз ететін жаңа жылу-энергетикалық орталық болды.•Техникалық сипаттамалары: жалпы қуаты 6,5 МВт болатын екі бу қазандығы мен екі турбоагрегат.•Қаланы жылумен қамтамасыз ету: 2 қазанда басталған жылыту маусымынан бері ЖЭО 4500 тоннадан астам көмір пайдаланған.•Резервтік қуат көздері: қажеттілік туындаған жағдайда мазутты станция жүйені қолдауға дайын.•Көмір қоры: 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымына 42 000 тонна көмір жоспарланған, оның 15 155 тоннасы жеткізілді. Жаңа станция Арқалықтың тұрақты жылумен қамтамасыз етілуінің негізі болмақ және қала тұрғындарының жайлы өмір сүруіне жағдай жасайды. Арқалықты дамыту перспективалары Құмар Ақсақалов қаланың дамуындағы басым бағыттарды атап өтті:1.Жолдарды жөндеу: Арқалықтан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 68 шақырым жолды қалпына келтіру жоспарланған.2.Әуежайдың жұмысын қайта жандандыру: көлік қатынасын жақсартып, экономикалық даму мүмкіндіктерін арттырады.3.Білім беруді дамыту: Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесі беріледі.4.Балабақша салу: жаңа мектепке дейінгі мекеме жобасы балалар үшін сапалы білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Тұрғындармен ашық диалог Сапар барысында облыс әкімі Арқалық тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Кездесу барысында өзекті мәселелер мен бастамалар талқыланды:•Тұрмыстық жағдайын жақсартуды қажет ететін отбасыларға қолдау көрсету.•Көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы төлеу.•Спорт инфрақұрылымын дамыту және жаңа алаңдар салу. «Мен үшін әр азаматтың мәселесін тыңдап, оны тез арада шешу өте маңызды. Барлық өтініштер бақылауға алынды», – деп атап өтті Құмар Ақсақалов. Амангелді және Жангелдин аудандарындағы жұмыс кездесулері Сапар аясында әкім Амангелді және Жангелдин аудандарына да барып, есеп беру кездесулері мен азаматтарды жеке қабылдаулар өткізді. Негізгі тақырыптар – инфрақұрылымды дамыту, өмір сүру деңгейін арттыру және Арқалық – Торғай жолын қалпына келтіру болды. Сондай-ақ, халықаралық тоғызқұмалақ турнирінің жеңімпазы Жайна Алпысқызымен кездесу ерекше мақтанышқа айналды. Әкім оған естелік сыйлық табыстап, спортта жаңа жетістіктер тіледі. Қорытынды Облыстың оңтүстік аудандары инвестициялар мен жаңа мүмкіндіктер орталығына айналуда. Жоспарланған жобаларды іске асыру өңірдің дамуына қуатты серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға септігін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/897774
Таза Қазақстан: Бүкіләлемдік топырақ күніне арналған жастармен кездесу 06.12.2024
Дүниежүзілік топырақ күні Baitursynuly University-де аталып өтті«Таза Қазақстан» акциясы аясында өткен іс-шараға университеттің оқытушылары мен студенттері ғана емес, сондай-ақ шетелдік ғалымдар – Түркияның Ondokuz Mayıs University профессорлары қатысты.Топырақ ресурстарын сақтау мәселесіне қатысты Дүниежүзілік топырақ күніне арналған экологиялық іс-шараны кең ауқымда өткізу идеясы Қостанай өңірлік университетінің студенттеріне тиесілі.– Топырақты сарқылмайтын қазына ретінде қарастыруға болмайды, – дейді биология ғылымдарының кандидаты, ҚӨУ-нің қауымдастырылған профессоры м.а. Татьяна Чехова. – Антропогендік әрекеттер көптеген күрделі мәселелерге әкелді: тұздану, шөлейттену, эрозия, дегумификация. Жер шарындағы топырақтың 33%-ы деградацияға ұшыраған. Біздің университет бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі – ғылыми зерттеулер жүргізіп, топырақ көрсеткіштерінің динамикасын зерттейді.Бұл мәселені зерттеуге халықаралық үлесін қосқан – топырақтану және өсімдіктердің қоректенуі саласындағы танымал сарапшы Ondokuz Mayıs University профессоры Rıdvan Kızılkaya болды. Оның әріптесі Izzet Akca да іс-шараға қатысып, зиянкес жәндіктерді, олардың экожүйедегі рөлін және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғау әдістері жөнінде әңгімеледі.Студенттер де белсенділік танытты. 10 жылдан астам уақыт бойы атап өтіліп келе жатқан Дүниежүзілік топырақ күнінің тарихы туралы «Экология» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Ольга Мелихова мен Валерия Спивак баяндама жасады. Ал Наталья Яблонская ғылыми топырақтану мен топырақ географиясы мектебінің негізін қалаушы Василий Докучаевтің өмірі мен ғылыми жетістіктері туралы баяндамасын ұсынды.Іс-шара экологиялық викторинамен аяқталды. Қатысушылар топырақтың құрамы мен оның экожүйедегі рөлінен бастап, топырақтанудың заманауи әдістері мен оны қорғау мәселелеріне дейін әртүрлі сұрақтарға жауап берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/897772
Ақтауда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды 06.12.2024
Бүгін, 5 желтоқсанда, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиын барысында өңірдегі автожол саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен оларды жою шаралары кеңінен талқыланды.ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің Превенция басқармасының басшысы Али Абдулов өңірдегі жол сапасына қатысты мәселелердің маңыздылығын атап өтіп, саладағы бірқатар құқық бұзушылықтарға тоқталды.- Биылғы мамыр айында Мемлекет басшысы отандық жолдардың сапасыздығы туралы сын айтқан болатын. Маңғыстау облысы бойынша жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 2844,1 шақырымды құрайды. Жүргізілген талдау нәтижесінде осы салада бірнеше сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Мәселен, өңірде жалпы құны 2 жылға кепілдік берілген автожолдарды салу және реконструкциялау бойынша 9 заңбұзушылық, ал кепілдік мерзімі мүлде көрсетілмеген 5 факт тіркелді. Департаменттің ұсынысы негізінде уәкілетті органдар жол құрылысына кепілдік беру мерзімін 84 айға, ал орташа жөндеу жұмыстары бойынша 60 айға дейін ұзартты, – деді Али Абдулов.Сонымен қатар, жиында Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айдос Хамиев өңірдегі әлеуметтік маңызы бар 11 проблемалық нысанның жай-күйін баяндады.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай автожол саласындағы жұмыстарды жетілдіру қажеттігін ерекше атап өтіп, жауапты органдарға нақты тапсырмалар жүктеді.- Жол сапасы – тұрғындардың өмір сапасын анықтайтын маңызды фактор. Сондықтан бұл бағыттағы кемшіліктерді жою, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және құрылыс жұмыстарын уақытында аяқтау біздің басты міндетіміз. Жауапты органдар мен мердігерлер бұл мәселені ерекше бақылауда ұстауы тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/897741
Маңғыстауда заманауи технологияларға негізделген гибридті электр станциясы салынады 06.12.2024
5 желтоқсан күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай «Arm Wind» компаниясының Бас директоры Федерико Пульезе және Eni компаниясының Қазақстандағы техникалық директоры Андреа Римольди бастаған делегацияны қабылдады. Кездесу барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және италиялық Eni S.p.A. энергетикалық компаниясы Жаңаөзенде құрылысын бастаған заманауи технологияларға негізделген гибридті электр станциясының жобасы талқыланды.Жиында компания өкілдері станцияның құрылымымен таныстырып, оның тиімділігі және болашақтағы маңыздылығын атап өтті. Аталған станция күн, жел және газ электр станцияларын біріктіру арқылы тұрақты әрі төмен көміртекті электр энергиясын өндіруді қамтамасыз етеді.Жобаның ерекшелігі – әртүрлі энергия көздерін тиімді үйлестіру. Мәселен, 50 МВт қуаттылыққа ие күн электр станциясына 82 000 заманауи күн панелі орнатылады, бұл күн энергиясын электр энергиясына тиімді түрлендіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, 77 МВт қуатты жел электр станциясының құрамына әрқайсысы 7 МВт болатын 11 жел турбинасы кіреді. Аймақтың тұрақты жел ағынын (орташа жылдамдығы – 8,5 м/с) пайдалана отырып, турбиналар жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, 120 МВт қуатты газ электр станциясы 20 МВт қуатқа ие 6 газ турбинасымен жабдықталады.Күн электр станциясын 2025 жылдың III тоқсанында, ГазЭС-ті 2026 жылдың II тоқсанында, ал ЖЭС-ті 2026 жылдың IV тоқсанында іске қосу жоспарланып отыр.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жаңаөзен қаласында салынып жатқан гибридті электр станциясының аймақ үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, өңірдің дамуына бағытталған жобаларды қолдауға дайын екенін айтты.— Гибридті электр станциясы Маңғыстау облысының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз. Сонымен қатар, бұл жоба аймақтың мұнай-газ саласына тәуелділігін азайтып, табиғи ресурстарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өз тарапымыздан өңір дамуына бағытталған барлық бастамаларды қолдауға әрқашан дайынбыз, — деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/897744
Ақтауда Құқықбұзушылық профилактикасы бойынша ведомствоаралық комиссия отырысы өтті 06.12.2024
5 желтоқсанда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен Құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Басқосуда құқық қорғау органдарының адам саудасына қарсы күрес, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сервистік тәсілдерді енгізу бойынша атқарған жұмыстары қаралды.Маңғыстау облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Ильяс Жұмағұлов облыста адам саудасына қарсы күрес бағдарламасының жүзеге асырылу барысын баяндады.- Жыл басынан бері 1062 шаруа қожалығы қамтылған түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Ал, мобильді топтар «Адам саудасына қарсы іс-қимыл» тақырыбында тұрақты акциялар өткізуде. Сонымен қатар, жезөкшелік пен притондарды ұйымдастырудың алдын алу шаралары белсенді жүргізілуде. Нәтижесінде биыл Маңғыстау облысы бойынша адам саудасына қатысты 8 қылмыстық іс қозғалды, - деді Ильяс Жұмағұлов.Сонымен қатар, Маңғыстау облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі бастығы Нұрсейт Оразов сервистік тәсілдерді енгізу бойынша жұмыстардың нәтижелерін мәлімдеді. 2023 жылдың ақпанында құрылған аналитикалық жұмыс тобы кәсіпкерлік нысандар, білім беру және спорт ұйымдары, сондай-ақ шағын аудандардағы тұрғындармен кездесулер ұйымдастырған.Кездесулер барысында 1341 сауалнама жүргізіліп, 257 азаматтың сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалған.Облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай құқықбұзушылықтардың алдын алу және оларды азайту бойынша жұмыстарды күшейту үшін бірлесе әрекет етудің маңыздылығын атап өтті.- Құқықбұзушылықтардың алдын алу – қоғам тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің басты кепілі. Біз адам саудасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да құқықбұзушылықтарға қарсы күресті жүйелі түрде жүргізуіміз қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды мемлекеттік органдар ғана емес, азаматтық қоғам да белсенді түрде қолдауы тиіс, – деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/897746
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық шаралар жалғасуда 06.12.2024
6 желтоқсанда Маңғыстау облысында “Таза Қазақстан” республикалық бағдарламасы аясында “ЭкоМаңғыстау” үкіметтік емес ұйымы ұйымдастырған экологиялық акция өтті. Шара Ақтау қаласының маңында орналасқан табиғаты көркем Саура шатқалында өтті.Акцияның негізгі мақсаты – жастардың қоршаған ортаны қорғауға деген назарын аударып, экологиялық жауапкершілік сезімін қалыптастыру және Маңғыстау облысының табиғи байлығын сақтауға үлес қосу. Іс-шараға Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің 50 студенті қатысып, ұйымдастырушылармен бірге шатқал аумағын тазалап, қоқысты сұрыптап, өңірдің қайталанбас табиғатын сақтау ісіне өз үлестерін қосты.Каспий теңізінің батыс жағалауынан 90 шақырым жерде орналасқан Саура шатқалы өзінің табиғи сұлулығымен, ерекше экожүйесімен және тарихи мәнімен тартымды орын. Бұл аймақтың басты көрікті жері – мөлдір тас қабырғалармен қоршалған көл. Онда сирек кездесетін реликтті батпақты тасбақалар мекендейді. Саура жайлы көптеген аңыздар айтылған. Соның бірі бойынша, бұл көл қайғыдан көз жұмған әйелдің көз жасынан пайда болған делінеді. Тағы бір аңызда Бекет ата “сенімсіздік аққуларымен” Саураға ұшып келіп, өзінің сенімінің мықтылығын дәлелдегені туралы баяндалады.Сонымен қатар, шатқал аумағында қола дәуірінен қалған бекініс қалдықтары, ежелгі қорымдар және Ұлы Жібек жолы керуендерінің іздері сақталған. Археологиялық қазбалар барысында жерлеу орындары, артефактілер және ежелгі жер сілкіністерінің іздері табылып, бұл бекіністің жойылуына себеп болғаны анықталған. Саура – табиғат, тарих және аңыздар бір-бірімен үйлескен, туристер мен зерттеушілерді ерекше атмосферасымен баурайтын аймақ.Экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды қадам“ЭкоМаңғыстау” үкіметтік емес ұйымының жобалар менеджері Джавид Зейнелабдинұлы Әлиевтің айтуынша, “Таза Қазақстан” бағдарламасы халық арасында экологиялық мәдениетті дамытуда үлкен рөл атқарады:– Бүгін біз жастардың экологиялық шараларға қатысуы тек аумақтарды тазарту емес, табиғатымыздың болашағына саналы үлес қосу екенін көріп отырмыз. Әрбіріміз қоршаған ортаны сақтау сияқты үлкен істің бір бөлігі бола аламыз. Баршаңызды қала аумағындағы кез келген экологиялық шараларға қатысуға шақырамыз. Сіздің белсенділігіңіз – таза әрі экологиялық қауіпсіз Қазақстан құру жолындағы маңызды қадам.Сондай-ақ, Маңғыстау облысында “ЭкоЛидер” клубының бастамасымен, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының шағын гранттар бағдарламасы аясында “Қаракөл сақшылары” жобасы жүзеге асырылды. Жобаның мақсаты – Қаракөл көлінің биоалуантүрлілігін зерттеу, экожүйенің жағдайына жедел талдау жүргізу және құстардың тіршілік ету ортасын зерттеу.Жобаны іске асыруға отбасылық үлгідегі балалар үйінің тәрбиеленушілері, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары, Ш. Есенов атындағы университеттің экология және биология мамандықтарының студенттері мен туризм колледжінің оқушылары қатысты. Жоба аясында 135 ерікті жиналып, көлдегі 15 000-ға жуық поганка, 10 000 аққу, сонымен қатар фламинго, шағала, үйрек, қоқиқаз сияқты құстардың популяциясын бақылауға алды.Жобаның нәтижесінде жиналған деректер мен жасалған сызбалар оқушылар мен студенттердің жаңа ғылыми жобаларының негізіне айналды. Мысалы, Маңғыстау облысынан шыққан екі оқушы “Қаракөл” мәселесіне арналған зерттеу жұмыстарымен республикалық ғылыми жобалар байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды.“ЭкоЛидер” еріктілер клубының жетекшісі және “EcoJer” қауымдастығының өңірлік экологиялық кеңесінің мүшесі Бақытгүл Өмірханқызы мұндай бастамалардың маңыздылығын ерекше атап өтті:– Өткен жылы Маңғыстау облысында біз 1200-ден астам аққудың және 2000-ға жуық Каспий итбалықтарының қырылу себептерін тәуелсіз зерттеуге бастамашы болдық. Мұндай экологиялық апаттардың алдын алу үшін халықтың экологиялық сауатын арттыру қажет. “ЭкоЛидер” клубы “Таза Қазақстан” бағдарламасы аясында белсенді түрде қоқысты жинау, сұрыптау және өңдеу жұмыстарымен айналысады.Сонымен қатар, біз мектеп оқушыларын табиғатты қорғау және зерттеумен байланысты мамандықтарға бағыттау бойынша жұмыс жүргізіп келеміз, – деді ол.“Таза Қазақстан” – жаңа форматтағы экологиялық бағдарламаАйта кетейік, 2024 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып жатқан “Таза Қазақстан” бағдарламасы сенбіліктердің ауқымын кеңейтіп, жаңа форматқа көшті. Экоапталықтарға 168 мыңнан астам адам қатысып, 27 462 тонна қоқыс шығарылды. Ақтауда 45 632 шаршы метр жол жөнделіп, өңірде 20 300 ағаш отырғызылды. Сонымен қатар, 137 тарихи-мәдени нысан қалпына келтіріліп, әлеуметтік ғимараттар абаттандырылды. Каспий теңізінің жағалауындағы кепкен шөптер мен қамыстар арнайы техникамен тазаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/897747
Атбасар ауданының әкімі тағайындалды 06.12.2024
2024 жылғы 6 желтоқсанда Ақмола облысы әкімінің өкімімен, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және мәслихат депутаттарының мақұлдауымен, Атбасар ауданының әкімі болып Кенеш Әлімжанов тағайындалды.Жаңа әкімді аудан активіне Ақмола облысы әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов таныстырды. Ол аудан әкімдігіне жүктелген негізгі міндеттерді атап өтті.Жаңа әкімнің алдына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. «Әр тұрғын үшін қолайлы өмір сүру жағдайлары коммуналдық қызметтердің сапалы жұмысымен және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының тиімділігімен бағаланады. Басты міндеттердің бірі – сумен жабдықтау, жол инфрақұрылымын дамыту және әлеуметтік нысандарды салу бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаларды аяқтау. Сонымен қатар, аудан әкімдігі жылыту маусымын сәтті әрі үздіксіз өткізуі қажет», – деп атап өтті Елдос Рамазанов.Бұдан бөлек, Атбасар ауданы әкімдігіне кәсіпкерлікті дамыту резервтерін толық пайдалану, мемлекеттік қолдау мүмкіндіктерін тиімді қолдану, жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстарын жандандыру сынды тапсырмалар берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/897735
«Қасбеттен қасбетке дейін»: Ерболат Досаев Алматы көшелерін жаңғыртудың жаңа қағидаты туралы айтты 06.12.2024
Алматыда көшелерді жаңғыртудың жаңа қағидаты – «қасбеттен қасбетке дейін» енгізілуде. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025–2027 жылдарға арналған қалалық бюджет талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.«Бүгінде әлемнің дамыған мегаполистерінде барлық инфрақұрылымдық қабатты жаңғырту арқылы көшелерді кешенді көріктендіру жұмыстары «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша жүргізілуде. Біз Алматыда алғаш рет осы халықаралық тәжірибені қолдана бастадық», – деді қала басшысы.Әкімнің айтуынша, «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты бойынша қазіргі уақытта Достық даңғылының әл-Фараби даңғылынан Құрманғазы көшесіне дейінгі және Пушкин көшесінің Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі бөлігін жаңғырту жобалары аяқталды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың наурыз айында басталады. Бұл мақсатқа 3,7 млрд теңге қарастырылған.2025 жылы Радостовец, Мақатаев, Әуезов, Гоголь, Жандосов, Розыбакиев және Сәтбаев сынды тағы 7 көшені жобалау аяқталады.«Алматыбасжоспар» ҒЗИ ЖШС-нің мәліметінше, жобалық жұмыстар аясында қалалық инфрақұрылымды кешенді қайта құру көзделген: көшелер заманауи жаяу жүргіншілер жолдарымен жабдықталып, тұрғындардың қауіпсіздігін әрі жайлылығын қамтамасыз етеді. Тротуарларда жайлы орындықтар, күркелер, қоқыс жәшіктері және жаңа жарықтандыру бағаналары орнатылады.Барлық жұмыс Алматы тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, экологиялық және тартымды орта құруға бағытталған заманауи көріктендіру стандарттарын ескере отырып жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897737
Алматыда 2025 жылы қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау инфрақұрылымын модернизациялау аяқталады 06.12.2024
Алматыда «Таза Қазақстан» жалпы республикалық тұжырымдамасы аясында 2025 жылдың соңына қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау инфрақұрылымын толығымен модернизациялау жоспарлануда. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев 2025-2027 жылдарға арналған мегаполис бюджетінің жобасы қаралған қалалық мәслихат сессиясы барысында хабарлады.Ауқымды жоба 2012 жылы құрылған ҚТҚ жинау инфрақұрылымының әбден тозуына байланысты 2023 жылдан бастап іске асырылуда. Басты мақсат-экологиялық жағдайды жақсарту, қала тұрғындарының жайлылығын арттыру және санитарлық тазалаудың заманауи стандарттарына сәйкестендіру.Қала әкімі кешенді шаралар көрсетілетін қызметтердің сапасын едәуір арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Мәселен, бүгінде қоқыс таситын көліктердің күнделікті желіге шығу көрсеткіші 2023 жылғы 70% - дан 2024 жылы 85% - ға дейін өсті, 2025 жылы 95% - ға дейін жеткізілетін болады.Бүгінгі таңда Алматыда 1 454 контейнер алаңында орналасқан 8 003 контейнер қолданылады. Модернизация аясында 3 текше метр тереңдіктегі контейнерлер көбейтілді, бұл жағымсыз иістердің таралуына және құстардың немесе қаңғыбас жануарлардың қол жетімділігіне жол бермейді. 2023 жылы 42 алаңда 214 контейнер орнатылды, оған 600 млн теңге бөлінді. 2024 жылы мұндай контейнерлер саны 142 алаңда 786 бірлікке ұлғайтылды, оған 1,3 млрд теңге бөлінді. 2025 жылы 581 алаңда тағы 1683 контейнер орнатылады, бұл 4,3 млрд теңге көлемінде салымдарды талап етеді.Сонымен қатар, 2024 жылы көлемі 1,1 текше метр болатын 1800 - пластикалық еуроконтейнерлер сатып алынды, 2025 жылы тағы 1 000 осындай контейнер сатып алу жоспарлануда. Осылайша, 2025 жылы модернизацияланған контейнерлік алаңдардың үлесі 100% - ға жетеді.Бұл шаралар қалдықтарды жинау тиімділігін арттырып қана қоймай, қоқысты бөлек жинау және қайта өңдеу қағидаттарын одан әрі енгізу үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. Қала тұрақты даму бастамаларына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бейілділігін көрсетуді жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897739
Әрқайсысында жауапкершілік: Алматыда объектілерді паспорттау жалғасуда 06.12.2024
Алматы әкімі Ерболат Досаев қаланың үш жылдық бюджетінің жобасы қаралып жатқан мәслихаттың кезектен тыс сессиясы кезінде абаттандыру паспорттарын енгізу барысы туралы айтып берді. Бұл құжаттар биылғы жылы қабылданған қаланы абаттандырудың жаңа ережелерінде қарастырылған.«Мемлекет басшысының бастамасымен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында әкімдік сүйікті қаламызды абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Қаланы абаттандыру және көгалдандыру – жайлы қалалық орта құру және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша біздің басымдығымыз. Абаттандырудың жаңа сапасына қол жеткізу және жасыл қорды кеңейту үшін осы маңызды басымдықтарды қаржыландыру 2025 жылы 40% - ға немесе 50 млрд теңгеге 170,5 млрд теңгеге дейін ұлғаяды», - деді Ерболат Досаев.Қала басшысы ағымдағы жылдың шілде айында аумақтарды абаттандыру паспорттарын енгізуді көздейтін қаланы абаттандыру ережелері бекітілгенін еске салды. Паспорттау кәсіпкерлер мен басқа субъектілердің іргелес аумақтар үшін жауапкершілік шекараларын нақты анықтауға мүмкіндік береді.Абаттандыру паспортында ЖТҚ аумақтарын, құрылыс, балалар және спорт алаңдарын, нөсерлі кәріз желілерін, бақша-саябақ жиһаздарын және МАФ ұстау тәртібі сипатталған. Ғимараттар мен құрылыстардың иелері қасбеттерді уақтылы жөндеуді және сырлауды қоса алғанда, оларды тиісті күтіп ұстау мен пайдалануды қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, қасбеттер мен аумақтардың эстетикалық және санитарлық жағдайының дұрыс застігі үшін меншік иелерінің әкімшілік жауапкершілігі бекітілген.Паспорттау процесі үш кезеңге бөлінеді. Бірінші кезеңде магистральдық көшелерде, қалалық маңызы бар аймақтарда және жаяу жүргіншілер кеңістігінде мыңнан астам нысан қамтылды. Екінші кезеңде аудандық маңызы бар көшелерге назар аударылады, ал соңғы кезең жергілікті маңызы бар көшелер мен аулаішілік аумақтарды қамтиды.Бұл құжат 2 мыңға жуық кәсіпкерлік нысаны үшін ресімделді және 2025 жылдың 1 сәуіріне дейін 6 039 нысанды қамти отырып, паспорттауды толық аяқтау кезең-кезеңмен қамтамасыз етілетін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897756
Қазақстанда өлшеу құралдарын тексеру туралы сертификаттарды есепке алу және ресімдеу рәсімі жеңілдетілді 06.12.2024
Бұл процестер енді цифрлық форматта жүргізіледі.Есепке алу құралдарын тіркеу және тексеру саласындағы бірқатар функцияларды техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне ауыстырудың арқасында жұмыс жеңілдетілді. Цифрлық платформаға көшіру себебінен, атап айтқанда, тексерілетін өлшеу құралдары туралы сертификаттарды, сондай-ақ олардың жарамсыздығы туралы хабарламаларды рәсімдеу айтарлықтай оңтайландырылды және жеңілдетілді. Деректер техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне келіп түскен сәттен бастап автоматты түрде тіркелетін болады. Бұдан кейін мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа қағаз жүзінде есеп тапсырудың қажеті болмайды.Сонымен қатар, техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде өлшеу құралдарын тексеру деректерін есепке алу автоматтандырылған режимге ауыстырылды, бұл тексеру зертханалары үшін де, өлшеу құралдарының иелері үшін де деректерге қолжеткізуді жеңілдетеді.Сондай-ақ, өлшеу құралдарын тексеру туралы сертификаттың жаңа нысаны бекітілді, ол техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінде электронды түрде қолжетімді, бұл бастапқы деректерді толтыру процесіне дәуір жеңілдетеді. Сертификаттарда тексеру белгісі туралы ақпарат және ақпараттық жүйе автоматты түрде жасайтын QR коды болады.Бұл өзгерістер Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласындағы 3 нормативтік құқықтық актіге өзгерістер енгізу жолымен заңнамалық тұрғыда бекітілген:«Салыстырып тексерілетін өлшеу құралдары туралы деректерді электрондық есепке алу және оларды мемлекеттік ғылыми метрологиялық орталыққа беру қағидаларын бекіту туралы»;«Салыстырып тексеру таңбаларын дайындау, сақтау және қолдану қағидаларын бекіту туралы»;«Өлшеу құралдарын тексеруді жүргізу, өлшеу құралдарын салыстырып тексеру кезеңділігін белгілеу қағидаларын және өлшеу құралдарын тексеру туралы сертификат нысанын бекіту туралы».Өзгерістер тексеру зертханаларында өлшеу құралдарын тексеру процестерін автоматтандыруға, оңтайландыруға және жеделдетуге, өлшеу құралдарын тексеру және есепке алу процестерінің сапасы мен ашықтығын жақсартуға бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/897685
Қазақстанның ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 12,7%-ға өсті 06.12.2024
ҚР Парламенті Сенатында өткен «Азық-түлік қауіпсіздігі – ұлттық қауіпсіздіктің негізгі құрамдас бөлігі» атты парламенттік тыңдауда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров негізгі тауарлар бойынша ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі халық қажеттілігінен бірнеше есе жоғары екенін мәлімдеді.Мәселен, ұн бойынша қамтамасыз ету деңгейі халық сұранысынан 2,4 есе, күріш пен күнбағыс майы бойынша – 1,7 есе жоғары, ал қой еті – 106%, сиыр еті – 101% деңгейінде.Министр атап өткендей, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты негізгі индикаторлар мен міндеттер Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2030 жылға дейінгі АӨК дамыту тұжырымдамасы және ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2028 жылға дейін екі есе арттыруға арналған Жол картасы сияқты стратегиялық құжаттарда көрсетілген.«Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша салада оң динамика байқалады. Ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 12,7%-ға өсіп, 7,1 трлн теңгені құрады. Өсімдік шаруашылығында өсім 18,8% немесе 4,5 трлн теңге, ал мал шаруашылығында 3,3% немесе 2,6 трлн теңге болды», – деп министр негізгі көрсеткіштерді атап өтті.Министр биылғы жыл дәнді дақылдардың рекордтық өнімімен ерекшеленгенін еске салды: 26,7 млн тонна астық жиналды, бұл 2023 жылғы деңгейден 1,5 есе жоғары. Өндірістің өсуі күріш, қарақұмық, майлы дақылдар мен картоп сияқты басқа да негізгі дақылдар бойынша да байқалды.Мәселен, майлы дақылдардың жалпы өнімі 3,2 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейден 46%-ға өсті. Күріштің жалпы өнімі 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға, қарақұмық – 42%-ға, күнбағыс тұқымы – 35%-ға артты. Картоп 2,9 млн тонна жиналды, бұл 40%-ға өскенін көрсетеді.Сойылған ет өндірісі 4,4%-ға өсіп, 889,0 мың тоннаны құрады, оның ішінде сиыр еті – 6,2%-ға, құс еті – 10,3%-ға артты. 3,1 млн тонна сүт (4,2%) және 3,8 млрд тауық жұмыртқасы өндірілді. Сүт-тауарлы фермаларда орташа сүт өнімділігі 7,4%-ға өсті.«Саланың табысты дамуы тиісті жем-шөп базасын қамтамасыз етусіз мүмкін емес. Биыл 35,2 млн тонна шөп дайындалып, бұл бір жарым жылдық қорды құрады. Қалған жем-шөп түрлері бойынша қажеттіліктің 111%-ы қамтамасыз етілді. Бұл көлемдер ауыл шаруашылығы жануарларын қыс мезгілінде тұрақты азықтандыруды ұйымдастыруға мүмкіндік береді», – деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/897740
Жетісу облысының әкімдігі Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығымен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды 06.12.2024
Бүгін Талдықорған қаласында облыс әкімдігі мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығы өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Меморандум аясында облыс тұрғындарын диагностикалау, емдеу, оңалту бағытында, жаңа технологиялар мен озық емдеу әдістерін меңгеруде, инновациялық әдістемелерді дамытуда екі жақты білім мен тәжірибе алмасу жүргізіледі, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой бастаған орталықтың білікті ұжымына өңірлермен ынтымақтастық орнатуға ықылас танытып, бастама жасағандары үшін шынайы ризашылығын білдірген Бейбіт Исабаев облыста денсаулық сақтау саласына жасалып отырған қолдау шаралары жайлы қысқаша айтып өтті.- Жетісу облысының денсаулық сақтау саласына тұрақты негізде мемлекеттік қолдау көрсетіледі. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста 59 нысанның құрылысы жүргізілуде, оның 33-і жыл соңына дейін іске қосылатын болады. Жалпы облыста ауылдық жерлерде сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігі қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаражаты есебінен соңғы 3 жылда 61 блоктық-модульдік медициналық нысан салынды, атап айтқанда 2022 жылы – 12, 2023 жылы – 22, 2024 жылы – 27. Денсаулық сақтау саласы нысандарын соңғы жылдары 53% жаңарттық. Сонымен қатар жеке инвестор есебінен Талдықорғанда заманауи онкологиялық орталық салынады. Өңірде қабылданған қолдау шараларының нәтижесінде өткен 9 айда облысқа 152 медицина маманы келді. Екі жылда медицина мекемелеріне 63 жедел жәрдем машиналарын алып бердік. Біз өз тарапымыздан денсаулық сақтау саласына жаңа нысандар салу, материалдық-техникалық базасын нығайту, мамандарға қолдау көрсету жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз. Мемлекет басшысы айтқандай, халықтың денсаулығы – елдің ең басты байлығы. Сондықтан сіздер мен біздің мақсатымыз ортақ, - деген Б. Исабаев өзара ынтымақтастық орнатудың халықтың денсаулығын нығайтып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға ықпал ететін шара болатынына сенім білдірді.Өз кезегінде ҚР Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының жетекшісі Алексей Цой Президенттің Іс Басқармасының Медициналық орталығы күндерін ұйымдастыруға жәрдемдескені үшін алғысын білдірді.- Мемлекет басшысы өңірлік денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлу туралы тапсырма берді. Президенттің Іс Басқармасы Медициналық орталығының күндері елдің барлық өңірлерінде өткізіледі. 90 жылдан астам уақыт ішінде Президенттің Іс Басқармасының Медициналық орталығы денсаулық сақтау жүйесінде көшбасшы болып келеді. Соңғы 3 жылдың өзінде орталықтың медицина қызметкерлері 150-ден астам жаңа технологияны сынақтан өткізді. Өңірлердегі әріптестерімізге медициналық практикалық көмек көрсетуді жоспарлап отырмыз. Бұған бүгін қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум ықпал етіп отыр, бұл осындай акцияларды тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Негізгі мақсатымыз – аймақтарға жаңа технологияларды кеңінен енгізу. Мәселен, Жетісу өңірінің тұрғындары облыстан сыртқа шықпай-ақ, күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде де ала алады. Біздің бірлескен жұмысымыз медициналық қызметтердің сапасын кезең-кезеңімен жақсарта түсуге мүмкіндік береді, - деп атап өтті А.Цой.Кездесу барысында Жетісу облысы мен Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы медициналық орталығының өзара ынтымақтастығы туралы Меморандумға қол қойылды.Атап өтсек, ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық Орталығы күні аясында мамандар осы аптаның басынан Талдықорғанның бірқатар медициналық мекемелерінде пациенттерді қабылдады. Мамандар қатарында эндокринолог, травматолог, генетик дәрігер, аритмолог дәрігер, гастроэнтеролог, пульмонолог, ангиохирург, геронтолог, невропатолог, аллерголог, эпилептолог бар. Акцияның аясында 31 операция жүргізілді, оның 7-і бірегей операция. Жүкті әйелдерді, балалар мен қарттарды қоса алғанда, 207 пациентке консультациялық-диагностикалық көмек көрсетілді. 193 маман қатысқан 11 дәріс пен презентация өткізілді.Жетісу облысы - «ҚР ПІБ Медициналық орталығының күндері» акциясы өтіп отырған 14-ші аймақ. Акцияның негізгі мақсаты - ҚР ПІБ Медициналық орталығы жүйесінің озық тәжірибесін өңірлердің денсаулық сақтау саласына тарату, бұл өз кезегінде халық тұратын елді мекендерде жоғары технологиялық қызметтер мен емдеудің озық әдістерінің қолжетімділігін кеңейтуге ықпал етеді.Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фототілші: Жеңіс ЫсқабайАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/897676
Астанадан қыс мезгілінің басынан бастап 66 мыңнан астам жүк көлігіне тең қар шығарылды 06.12.2024
Қыс мезгілінің басынан бастап коммуналдық қызметтер Астанадан 840 мың текше метрден астам қар шығарды. Қар тазалау жұмысы тәулік бойы үздіксіз іп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.6 желтоқсан күні күндізгі ауысымда қала көшелерінен қар мен мұзды күреуге 2,7 мыңнан астам жол жұмысшы мен 100-ге жуық арнайы техника жұмылдырылды.6 желтоқсанға қараған түні қар полигондарына 84 ауыр жүк рейсімен 878 текше метр қар шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 66 519 рейспен 847 мың текше метр қар шығарылды.Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/897629
Ерболат Досаев - Алматыда абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдануда 06.12.2024
Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев мәслихат сессиясы барысында хабарлады, онда 2025-2027 жылдарға арналған мегаполис бюджеті қаралды.«Абаттандырудың жаңа сапасына қолжеткізу және жасыл қорды кеңейту үшін осы маңызды басымдықтарды қаржыландыру 2025 жылы 40% - ға немесе 50 млрд.теңгеге, яғни 170,5 млрд. теңгеге дейін ұлғаяды», - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.Ыңғайлы қалалық ортаны қамтамасыз ету үшін абаттандырудың жаңа Ережелері қабылданды, аулаларды кешенді күтіп ұстауға үш жылдық шарттар енгізілді, сондай-ақ магистральдық көшелер бойындағы үйлердің қасбеттерін жөндеу тәсілдері қайта қаралды.2024 жылдың қаңтарынан бастап алғаш рет аулаларды күтіп ұстауға үш жылдық шарттар жасалды. Олар санитарлық тазалауды, абаттандыру элементтерін жөндеуді және жасыл аймақтарды күтуді қамтиды. Бұл тәсіл мердігерлердің жауапкершілігінің кемшін жағын жояды және жұмыс тиімділігін арттырады. 2023-2024 жылдары «Алматы тазалық» паркі үшін 141 бірлік техника сатып алынды, 2025 жылы тағы 32 бірлік техника сатып алу жоспарлануда. «Алматы тазалық» жұмысы 2025 жылы магистральдық көшелерді тазалауға бағытталатын болады.Алматыда қалалық инфрақұрылымды дамыту үшін кешенді жұмыстар аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша көгалдандырудың жаңа тәсілдері белсенді түрде енгізілуде. 2023-2024 жылдары 643 мыңнан астам жасыл желек отырғызылды, ал 2030 жылға дейін бекітілген Жол картасына сәйкес 2,5 млн ағаш пен бұта отырғызу жоспарлануда.Жасыл қордың жағдайын жақсартудың негізгі бағыттарының бірі тамшылатып суару және автосуару жүйелерін енгізу болды. 2023 жылы 500 мың ағаш (200 км тамшылатып суару) қамтылды, 2024 жылы 220 мың ағашқа тағы 110 км қосылды. 2025 жылы 120 км тамшылатып суару және 168 км авто суару орнату жоспарлануда, бұл 240 мың ағашқа күтім жасауды қамтамасыз етеді.2025 жылдан бастап ірі көлемді көшеттерді жаппай отырғызуды бастау жоспарлануда: биіктігі 4 метрден асатын 23 мың ағаш және биіктігі 6 метрден асатын 4 мың ағаш.Сонымен қатар, қалада көгалдар мен гүлзарларды (бірінші деңгей), бұталар мен сәндік өсімдіктерді (екінші деңгей), сондай-ақ ірі ағаштарды (үшінші деңгей) қамтитын үш деңгейлі көгалдандыру қолданылады. Бұл жасыл желекті едәуір ұлғайтуға және қала тұрғындары үшін жайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897626
Ерболат Досаев: Алматыда аулаларды кешенді ұстаудың үш жылдық шарттары енгізілді 06.12.2024
Алматыда аула аумақтары мен көше-жол желісін санитарлық ұстау бойынша жаңа қағидат енгізілді. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында хабарлады, оның барысында 2025-2027 жылдарға арналған мегаполис бюджеті қаралды."Әкімдік алғаш рет санитарлық тазалауды, абаттандыру элементтерін жөндеуді және жасыл аймақтарды күтіп ұстауды қамтитын аулаларды кешенді күтіп ұстаудың үш жылдық шарттарын жасасу тәжірибесін енгізді. 4 020 аула аумағына және 24 млн шаршы метр көше-жол желісіне қызмет көрсету үшін 2025 жылдың бюджетінде 27 млрд теңге қарастырылған, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 10% - ға өскен", - деді Ерболат Досаев.Айта кету керек, бұған дейін аулалар мен көшелерді күтіп ұстау бойынша конкурстар жылына бір рет өткізіліп, мердігер ұйымдарға қымбат арнайы техниканы сатып алу тиімсіз болған. Бұл келесі жылы олар тендерді жеңе алмауы мүмкін деген қорқынышпен байланысты болды, бұл мұндай инвестицияларды негізсіз етеді.Осыған байланысты, Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қаланы жинау жұмыстарын жүргізудің сапасы мен жеделдігін жақсарту үшін ағымдағы жылдан бастап қаржыландыруды жыл сайын индекстеу шартымен үш жылдық шарттар жасау арқылы конкурстар өткізіледі.Бұл шара мердігерлік ұйымдарды дамыту үшін неғұрлым болжамды және орнықты жұмыс ортасын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, инновация конкурстық рәсімдер кезінде мердігерлердің болмауына байланысты тазалаудың тоқтап қалуын болдырмайды. Өз кезегінде мердігерлер техниканы сатып алу және қызметкерлер құрамын кеңейту шығындарын жоспарлай алады.Бүгінде Алматыда санитарлық тазарту 24 млн шаршы метр аумақты қамтиды; ұзындығы 2777 км 2318 көше; 1304 км тротуар және 1167 км арық. Сондай-ақ, қаланың сегіз ауданында күн сайын 4020 аула тазаланады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897633
Ерболат Досаев: Алматыға «бақ қала» мәртебесі қайтарылады 06.12.2024
Мемлекет басшысының Алматыны «бақ қала» ретінде қайта жаңғырту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мегаполисті ауқымды көгалдандыру бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев 2025–2027 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы талқыланып жатқан мәслихат сессиясында мәлімдеді.Негізгі бастамалардың бірі 2022 жылы бекітілген «Жасыл Алматы» жол картасы. Бағдарламаның басты мақсаты 2030 жылға дейін 2,5 млн жасыл желек отырғызу. Жыл сайын 320 мың ағаш пен бұта отырғызу көзделген. 2025 жылға дейін 1,2 млн, ал 2030 жылға дейін шамамен 1,3 млн ағаш отырғызылады.2024 жылы 320 мың жасыл желектің 224 мың көшеті отырғызылды, оның ішінде 150 мыңнан астамы ағаш, ал 74 мыңы бұта. Ағаш отырғызу жұмыстары жалғасуда, жыл соңына дейін тағы 96 мың көшет отырғызу жоспарланған.«Мемлекет басшысының «Алматы – бақ қала» мәртебесін қайта жаңғырту тапсырмасын сапалы жүзеге асыру мақсатында 2023-2024 жылдары 500 км автосуару және тамшылатып суару желілері орнатылды. 2025 жылы тағы 290 км желі тарту үшін 4,1 млрд теңге бөлінеді. Бұл жүйе 1 млн-нан астам ағашты автоматты суару жүйесімен қамтуға мүмкіндік береді», – деді Ерболат Досаев.Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың сәуір айында «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны аясында «Алматы – бақ қала» акциясы өткізілді. Іс-шара барысында 7 мыңнан астам жасыл желек, оның ішінде 4 015 жеміс ағашы (оның 3 855-і алма ағашы), 1 090 жапырақты ағаш және 2 600 бұта отырғызылды.Негізгі көгалдандыру жұмыстары қаланың маңызды аймақтарында жүргізілді: «ALA» саябағында 2 270 алма ағашы, ҮАК көшесінің солтүстігіндегі саябақта 500 жеміс ағашы (250 алма ағашы және 250 өрік ағашы), Боралдай өзені бойындағы бақылау алаңында 1 000 жапырақты ағаш отырғызылды.Аудандық әкімдіктер де алма ағаштары аллеяларын және бұталарды отырғызуға белсенді атсалысты. Алатау ауданында 70 алма ағашы және 250 бұта, Медеу ауданында 220 алма ағашы, оның ішінде 150-і Алматы хайуанаттар бағы аумағында, Бостандық ауданында 230 алма ағашы, оның ішінде 150-і Тұңғыш Президент саябағында отырғызылды.«Жасыл Алматы» жол картасы – тек экологиялық жағдайды жақсартуға ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған бастама. Жасыл желектер микроклиматты жақсартуға, ауа ластану деңгейін төмендетуге және жайлы қалалық орта құруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897639
Алматыда 2025 жылы қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға арналған бюджет биылғы жылмен салыстырғанда 40% - ға ұлғаяды 06.12.2024
Алматыда қаланы абаттандыру және көгалдандыру шығындарын қаржыландыру ұлғаяды. Бұл туралы қалалық мәслихаттың 2025-2027 жылдарға арналған бюджеті қаралған сессия барысында мегаполис әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді."Мемлекет басшысының бастамасымен" Таза Қазақстан " бағдарламасы аясында әкімдік сүйікті қаламызды абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауда. Бұл жайлы қалалық орта құру және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша біздің негізгі басымдықтарымыз", - деді Ерболат Досаев.Осылайша, қаланы абаттандыру мен көгалдандыруға арналған шығыстарды қаржыландыру 2024 жылғы 121,6 млрд теңгеден 2025 жылы 170,5 млрд теңгеге дейін 40% - ға ұлғаяды.Сондай-ақ, Алматыда "Халық қатысатын бюджет"бағдарламасын табысты іске асыру жалғасуда. Соңғы үш жылда 39,1 млрд теңге сомасына 938 жоба іске асырылды, оның ішінде 2024 жылы – 18,8 млрд теңге. 2025 жылға бюджетте 17,1 млрд теңге қарастырылған.Өз сөзінде Ерболат Досаев атап өткендей, "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы қала тұрғындарының идеялары мен тілектерін іске асырудың тиімді құралына айналды және Алматы әкімдігі оның дамуын қолдауға ниетті.Айта кетейік, алматылықтардың ұсыныстары бойынша бағдарлама аясында аула аумақтары, балалар және спорт алаңдары абаттандырылды, жаңа қоғамдық кеңістіктер, жаяу жүргіншілер аймақтары құрылды, сыртқы жарықтандыру желілері жүргізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/897645