Саясат
Жетісу облысында Жаңа жыл қарсаңында 105 отбасы баспаналы болды 04.01.2025
Бүгін Жаңа жыл қарсаңында Жетісу облысында тағы 105 отбасы қоныстой қуанышына кенелді. Талдықорған және Жаркент қалаларында кезекте тұрған азаматтарға тұрғын үй кілттері табысталды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Атап айтқанда, Талдықорғанда көп балалы 25 отбасына «Береке» коттедж қалашығындағы үйлердің кілттері тапсырылды.
Жаңа қоныстанушылардың бірі 7 баланың анасы Гүлнұр Нұрымбетова:
- Бұл менің отбасым үшін Жаңа жылға үлкен сый болды. Тұрғын үй кезегінде 10 жылдан астам тұрдым. Осы сәтті ұзақ күттік. Біздің отбасымызды қуанышқа кенелткен азаматтардың бәріне шын жүректен алғыс айтамын, - деді.
Жалпы Талдықорған қаласында кезекте тұрғандарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңмен жүргізілуде. Жыл басынан бері қалада 1283 пәтер берілді. Олар - негізінен жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер. Алдағы 2025 жылы кезекте тұрғандар тағы 1448 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Ал Панфилов ауданының Жаркент қаласында 80 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа пәтерлерді әлеуметтік осал топ санатымен кезекте тұрғандар, жетім балалар, көп балалы отбасылар және басқа да санаттағы азаматтар алды.
Атап өтсек, жыл басынан бері Панфилов ауданында кезекте тұрған 700-ге жуық адам баспаналы болды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Нұрбол Қанағатов, Олжас ҚұрмашевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/912573
Жаңа жыл бақ береке әкелсін! 04.01.2025
Жетісу облысының әкімі
Бейбіт Өксікбаевтың Исабаевтың
2025 Жаңа жылмен құттықтауы
Құрметті жетісулықтар!
Сіздерді 2025 Жаңа жылдарыңызбен құттықтаймын!
Осы мереке қарсаңында әдетте жылды қорытындылап, болашаққа жоспар құрып, арман-мақсаттарымызды айқындаймыз. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бәріміз күш-жігерімізді жұмылдырып, ортақ істерді бірігіп атқардық. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер салдық, жолдар жөнделді, газ бен су жүйелері тартылды. Халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын осындай іс-шаралар алдағы жылы да жалғасады.
Келер жылы атқарылатын ауқымды істерімізді, батыл бастамаларымыз бен айқын мақсаттарымызды еңбексүйгіштік, береке-бірлік, өзара сенім, жанашырлық пен жауапкершілік сияқты ізгі қасиеттер арқылы жүзеге асырамыз деп сенемін.
2025 жылда өңірдің өсіп-өркендеуінің жаңа көкжиектері ашылып, игі жаңалықтарымыз, қуанышты сәттеріміз көп болсын.
Баршаңызға мықты денсаулық, молшылық, бақыт, отбасыларыңызға берекелі ғұмыр тілеймін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/912712
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» 04.01.2025
Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, былтыр «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатыңызда жылды қорытындылап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бердіңіз. Осындай сұхбаттар жақсы дәстүрге айналып келеді. Бұл елімізді дамытуға қатысты шаралардың мәнмаңызын азаматтарымыздың терең түсінуіне мүмкіндік береді. Бүгін де мазмұнды әрі ашық әңгіме өрбітеміз деп ойлаймын. Алғашқы сұрақ: Қазақстан үшін өткен жыл несімен ерекше болды?
– Былтыр көптеген маңызды оқиға болды, қыруар жұмыс атқарылды. Мысалы, әбден тозығы жеткен инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары барлық аймақта жүргізілді. 18 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 7 мың шақырым автокөлік жолы салынып, жөнделді. Алматы, Қызылорда және Шымкент әуежайларында жаңа жолаушылар терминалы іске қосылды. Тау-кен, мұнай-химия және металлургия салаларында ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Қайта өңдеу секторы қарқынды дами бастады. Оның өнеркәсіптегі үлесі өндіру саласының деңгейіне жуықтады. 27 миллион тоннаға жуық астық жинап, соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізген диқандарымыздың жетістігін айрықша атап өткен жөн.
Мен былтырғы сұхбатымда 2024 жыл Қазақстан үшін айрықша маңызды жыл болатынын айтқан едім. Шын мәнінде солай болып шықты.
Біз еліміз үшін күрделі болса да, жүйелі экономикалық реформаларды қолға алып, алдағы бес жылдық дамуымыздың берік негізін қаладық. Сол үшін көптеген маңызды жобалар мен бастамалар жүзеге асырылды. Келешекте бұдан да ауқымды жұмыс жасалмақ.
Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады.
Қазір әлемде бұрын-соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр. Соған қарамастан, Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында тиімді рөл атқаратын мемлекет ретінде халықаралық аренадағы позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамызды орнықты дамытуға септігін тигізеді.
Жалпы, өткен жыл оңай болған жоқ, тіпті күрделі жыл болды деуге келеді. Қазақстанға сыртқы факторлардың салқыны тиді, табиғат апаты да жоспарларымызға әсер етті. Алайда біз ахуалды бақылауда ұстап қана қоймай, жан-жақты реформаларымызды жалғастыра алдық. Осылайша, жасампаздық стратегиясы одан әрі жүзеге асырылып жатыр.
– Сіз былтырғы табиғат апатын еске алдыңыз, яғни өңірлердің тең жартысын басып қалған алапат су тасқынын тілге тиек еттіңіз. Сол кезде уәкілетті органдарға апаттың салдарын жою туралы нақты тапсырма бердіңіз. Содан бері жұрт ауқымды жұмыс атқарылғанына куә болды. Бірақ қарғын су кезінде қордаланған көптеген мәселенің беті ашылды. Мемлекет осы табиғат апатынан қандай сабақ алды?
– Былтырғы тасқын еліміз үшін зор сынақ болды. Мұндай алапат тасқын Қазақстанда бұрын болмаған. Мемлекет орасан зор қауіптің бетін қайтару үшін шұғыл шаралар қабылдады. Адамдар дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді, олардың уақытша паналайтын орындары әзірленді, материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Апаттан құтқару жұмыстарына Төтенше жағдайлар министрлігінің ғана емес, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық ұланның және басқа да құрылымдардың қызметкерлері, жалпы саны 63 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Соның арқасында көптеген азаматты құтқарып, аман сақтап қалдық. Ең бастысы – осы.
Бір ел, бір халық болып, жұдырықтай жұмыла білсек қана мұндай апаттарды еңсере алатынымызға бәріміз көз жеткіздік. Су тасқыны кезінде волонтерлер қозғалысының әлеуеті зор екенін көрдік. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген еріктілер құтқарушыларға жәрдемдесті, гуманитарлық көмек ұйымдастырып, зардап шеккендерге қолдау көрсетті.
Қарғын судың қарқыны шынымен де қатты болды: үйлер, жолдар, көпірлер, әлеуметтік және коммерциялық нысандар бүлінді, біраз мал қырылды. Бөгеттер мен гидротехникалық қондырғылар салуға ондаған жыл бойы жете көңіл бөлінгенде, апаттың салдары соншалықты ауыр болмас еді. Мұны мойындау керек. Қазір қателікті түзеп, олқылықтың орнын толтыруға кірістік. Парламентте жаңа Су кодексінің жобасы қаралып жатыр. Су ресурстарын басқару тұжырымдамасы және оның кешенді жоспары бекітілді. Онда 2030 жылға дейін 40-тан астам су қоймасын салу және 37 су қоймасын жөндеу қарастырылған. Сондай-ақ жалпы ұзындығы 14 мың шақырымнан асатын ирригация каналдарын жаңғырту көзделген.
Төтенше жағдайларды болжау және оның алдын алу жүйесін жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар басталды. Су мамандарының тапшылығы мәселесін шешу және зерттеу жұмыстарын жандандыру үшін Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университеті құрылды.
Былтыр желтоқсан айының басында Сауд Арабиясында One Water Summit атты басқосу өтті. Қазақстан мен Франция төрағалық еткен осы алқалы жиынға қатысып, сөз сөйледім. Онда суға байланысты апаттарға төтеп беру мүмкіндігін арттыру қажеттігіне арнайы тоқталдым. Шын мәнінде, халықаралық қауымдастық су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және климаттың өзгеруіне қарсы күресу үшін бірлесе әрекет етуі керек. Қазақстан осы мәселеге басымдық береді.
Күрделі сәттерде қоғамдағы қордаланған келеңсіздіктердің беті ашылатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бірақ әр қиындықтың қайыры бар. Сондықтан дағдарыс кезінде байбалам салмай, байыпты болған жөн. Біз өзекті мәселелерге қатысты дұрыс шешім қабылдап, істің көзін таба білуіміз қажет.
Әдетте мемлекеттік қызметшілерді орынсыз сынап-мінейтін әңгімелер жиі айтылады. Алайда бәрі де салыстырғанда көрінеді. Әсіресе басқа елдермен салыстыру арқылы сараланады. Біз коронавирус індетінен бастап қазірге дейін дағдарысты жағдайлардың бәрінен ойдағыдай өтіп келеміз.
Көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін қабылданған шаралар мемлекеттің тиімді жұмыс істей алатынын көрсетті. Зардап шеккен бір де бір отбасы көмек-қолдаусыз қалған жоқ. Үй салынды, пәтер берілді, инфрақұрылым нысандары қалпына келтірілді, қарғын судан зардап шеккен барша тұрғындар мен кәсіпкерлердің шығыны өтелді. Мұның бәрі өте қысқа мерзім ішінде жасалды. Су тасқынының салдарын жоюға ірі бизнес өкілдері де елеулі үлес қосты.
Бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде техногендік сипаттағы апаттар мен табиғат апаттары көбейіп тұр. Оның бәрін еңсеруге көптеген ел, соның ішінде дамыған мемлекеттердің өзі дайын болмай жатады. Біз бұған 2024 жылы да анық көз жеткіздік. Әрине, әлі көп жұмыс істеу қажет екені сөзсіз. Дегенмен төтенше жағдайға төтеп беру тұрғысынан, Қазақстан басқа елдермен салыстырғанда лайықты орында тұр.
Желтоқсанның соңғы күндері Ақтау қаласында Әзербайжан әуе компаниясының ұшағы апатқа ұшырады. 38 адам қаза болды, оның ішінде еліміздің 6 азаматы бар. Ауыр жарақат алғандар да көп. Мұндай сәтте әрбір секунд қымбат. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсетті. Жақын жердегі Маңғыстау өңірлік электр торабы компаниясының жұмысшылары бірден көмекке келді. Төңіректегі тұрғындар да зардап шеккендерді құтқаруға атсалысты. Азаматтарымыздың жанқиярлығы арқасында барынша көбірек адамның өмірін сақтап қалдық. Мен құтқару жұмыстарына қатысқан әрбір адамға шын көңілден ризашылығымды білдіремін. Қазақ халқының апаттан зардап шеккендерге жанашырлығы мен тілеулестігі азаматтарымыздың жаппай қан тапсыруға асыққанынан да айқын байқалды.
Ұшақ апатының себебін анықтау үшін Үкімет комиссиясы құрылғанын атап өткім келеді. Сонымен бірге 17 халықаралық сарапшы шақырылды. Оның ішінде Халықаралық азаматтық авиация ұйымының және Мемлекетаралық авиация комитетінің мамандары бар. Үкімет комиссиясы мәліметтің бәрі жазылған арнайы құрылғыны сол ұшақты жасаған Бразилия еліне жіберу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам тергеу жұмыстарының объективті әрі бейтарап жүргізілуіне қажетті бірден-бір дұрыс шешім екеніне сенімдімін.
– Сіз Сауд Арабиясындағы халықаралық форумға қатысқаныңызды атап өттіңіз. Жалпы, былтыр әлемдік деңгейдегі осындай көптеген іс-шараға қатыстыңыз. Бұл сіздің сыртқы саясатқа баса мән беретініңізді меңзеп, «Президент – кәсіби дипломат, сондықтан халықаралық мәселелерге көбірек назар аударады» деген әңгіменің шығуына түрткі болды. Шынымен де солай ма?
– Қазақстан орналасқан жері, экономикалық әлеуеті және қазіргі геосаясат ахуалы тұрғысынан алғанда, әлемнің көптеген мемлекеті үшін стратегиялық маңызы бар ел саналады. Бізбен байырғы серіктестеріміз ғана емес, сонау Африка құрлығындағы мемлекеттер де достық қатынас құруға мүдделі. Батыста, жалпы жер жүзінде Қазақстанды орта держава деп атайды. Әрине, бұл мәртебенің салмағы да ауыр. Біз, ең алдымен, халықаралық аренадағы іс-әрекеттерімізге жауапкершілікпен қарап, қазіргі заманның аса күрделі мәселелеріне келгенде, сындарлы ұстанымда болуымыз керек. Сондықтан Қазақстан «барша адамзаттың ортақ үйі», еш баламасы жоқ әрі әмбебап құрылым саналатын Біріккен Ұлттар Ұйымын қашанда жақтайды.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы ретінде ішкі саясат мәселелерімен күнделікті айналысамын. Бұл – өте маңызды жұмыс. Сондықтан менің қызметімде сыртқы саясатқа басымдық беріліп кетті деген пікір дұрыс емес.
Менің басты мақсатым – мемлекетіміздің экономикалық әлеуетін, егемендігін және халықаралық аренадағы орнын нығайта түсу. Мемлекет басшысы болған сәттен бастап қазірге дейін қабылдаған шешімдерім мен оның түрлі салдары үшін бар жауапкершілікті өз мойныма аламын. Мен басқаша жұмыс істей алмаймын, істегім де келмейді.
– Ақыры, Біріккен Ұлттар Ұйымы туралы айтылған соң, бір тосын сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Әлеуметтік желіде Сіз 2026 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымын басқаруыңыз мүмкін, соған байланысты елімізде кезектен тыс Президент сайлауы өтеді деген қауесет тарап жатыр. Осы қауесеттің негізі бар ма?
– Мен Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары және Қарусыздану жөніндегі конференцияның бас хатшысы ретінде осы ұйымның Женевадағы кеңсесін үш жылға жуық басқардым. Халықаралық үдерістердің қыр-сырына бойлап, мол тәжірибе жинадым. Осының өзі артығымен жетеді деп ойлаймын. Менің елімізді дамытуға қатысты талай жылға арналған ауқымды жоспарларым бар, оның бәрін жүзеге асыруға ниеттімін.
– Былтыр «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Игі бастама барлық өңірді қамтыды. Сіз «Таза Қазақстан» дегеніміз көше тазалаудан әлдеқайда ауқымды ұғым екенін атап өттіңіз. Осы бағыттағы жұмыс қалай жалғасады?
– «Таза Қазақстан» акциясы қоғамға экологиялық мәдениеттің жаңа талаптарын енгізу идеясынан бастау алады. Халықтың бұл бастамаға барынша қолдау білдіргеніне тәнтімін. Әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді.
Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайлы қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады.
Бұл акцияға 3,8 миллионға жуық адам қатысты. 1,5 миллион тоннадан астам қоқыс жиналып, 3,2 миллионнан астам көшет егілді. Осының өзі азаматтарымыздың сана-сезімі жоғары, олардың Қазақстанды өзгертуге нақты іспен үлес қосуға дайын екенін көрсетпей ме?
«Таза Қазақстан» жобасының жүзеге асуына, ең алдымен, әкімдер жауапты. Елді мекендердің тазалығы – тұрмыс сапасының жоғары екенін білдіреді. Мен аймақтарға барғанда қалалардың қалай абаттандырылғанына үнемі назар аударамын. Осы ретте «Таза Қазақстан» идеясы ұлттық идеологиямыздың аса маңызды бөлігіне айналуға тиіс екенін тағы да қайталап айтамын.
– Қоғамда бірыңғай уақыт белдеуі туралы түрлі пікір бар. Парламент пен Үкіметтің арасында осыған қатысты пікірталас жүріп жатқанын да білеміз. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Әрине, мен жағдайды көріп-біліп отырмын. Үкімет өз шешімінің орынды екеніне сенімді және Қазақстан бір уақыт белдеуінде болуы қажет деп санайды. Уақытты дұрыс пайдалану туралы Барселона декларациясында әртүрлі уақыт белдеуін енгізуге, оны қысқы және жазғы уақытқа ауыстыруға әуес болмау қажеттігі айтылған. Дегенмен азаматтарымыз өтініш білдіріп жатыр. Үкіметтің шешіміне қатысты ашық талқылаулар жандана түсті. Меніңше, қоғамда көзқарас қайшылығын тудыратын мұндай мәселелерді мұқият талқылау қажет. Сондықтан Парламентте ғалымдардың, сарапшылардың және аймақ өкілдерінің қатысуымен қоғамдық тыңдау өтті. Тараптар уақыт белдеуін ауыстырудың ел экономикасына және азаматтардың тұрмысына әсері жөніндегі барлық пікірді ескере отырып, 1 наурызға дейін жан-жақты зерттеу жүргізуге уағдаласты. Содан кейін нақты ұсыныстар әзірленеді. Парламент пен Үкімет бұл мәселені байыппен зерделеп, ортақ әрі дұрыс шешімге келетініне сенімдімін.
– Сіз былтырғы сұхбатыңызда «Дербестікке және қосымша өкілеттікке ие болуға ұмтылған Үкімет қалағанын алды. Бірақ «алмақтың да салмағы бар», олар өздеріне қойылатын талап та күшейетінін түсінуге тиіс» деген едіңіз. Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанына, міне, 11 ай өтті. Меніңше, бұл – белгілі бір пайым жасауға жеткілікті мерзім. Министрлер кабинетінің жұмысына көңіліңіз тола ма?
– Үкіметтің міндеті – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың әл-ауқатын жақсарту. Жалпы алғанда, Министрлер кабинеті бұл міндетін орындап отыр. Экономиканы әртараптандыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту сияқты бағыттар бойынша былтыр атқарылған жұмыстың нәтижелері жаман емес. Алайда бәрі мінсіз деуге келмейді, проблемалар да бар.
Мен министрлерден неғұрлым тиімді жұмыс істеуді және шешім қабылдағанда батыл болуды үнемі талап етемін. Қоғам да Үкіметтің жұмысына жоғары талап қояды. Бұл – өте орынды әрі қалыпты жағдай. Сондықтан Үкіметтің жұмысы нақты нәтижеге орай, әділ бағаланады. Басты көрсеткіш – азаматтардың тұрмыс сапасы. Экономикадағы жетістіктер адамдардың күнделікті өміріне оң әсерін тигізбесе, оны әншейін сөз жүзіндегі жетістік деуге болады.
Жуық арада Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Сол кезде жылды қорытындылап, қазіргі мәселелерді талқылап, жаңа жоспарлар жасаймыз. Қазақстанға экономиканың 4 пайыздық өсімі аздық ететіні анық. Бұл туралы шетел өкілдеріне де айтып жүрмін. Үкімет экономиканы барынша дамыту үшін тың тәсілдер табуға тиіс.
– 2024 жылдың қараша айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 500-ден асып кетті. Оны белгілі бір психологиялық меже деуге болады. Ұлттық валюта бағамының тұрақсыздығына нарықтағы түрлі фактор әсер ететіні түсінікті. Дегенмен мұндай қаржы-валюта саясаты қаншалықты орынды? Бұл жағдай экономикалық реформаларды жүзеге асыруға бөгет болмай ма?
– Қазақстан әлем экономикасының ажырамас бөлігі болғандықтан, теңгеге сыртқы факторлар әсерін тигізбей қоймайды. Доллардың нығаюынан дамушы елдердің валютасы қысым көреді. Зер салып қарасақ, көптеген мемлекеттің валютасы қараша айынан әлдеқайда бұрын әлсірей бастады. Ал теңгенің бағамы ұзақ уақыт тұрақтылығын сақтап тұрды.
Біздің валюта бағамын қолдан ұстап тұру тәжірибесінен бас тартқанымызға біраз уақыт болды. Нарық факторларына байланысты еркін бағам қалыптастыру жолын таңдадық. Мен теңгені күшейту үшін еліміздің алтын-валюта қорын босқа ысырап ету орынсыз деп санаймын. Нарыққа қатысы бар кейбір құрылымдар теңге бағамын басқаруға қолайлы ету туралы ұсыныстар айтып жүр. Ұлттық банк пен Үкімет оның бәрін мұқият қарастырып жатыр. Мәселені зерделеген соң бұл бағыттағы ұстанымымызды өзгерту қажет пе деген сауалдың жауабы белгілі болады. Басты мақсат – экономиканың тұрақтылығы мен тиімділігін қамтамасыз ету, нақты секторды қарқынды дамыту, еңбек өнімділігін арттыру және тұрақты жұмыс орындарын көптеп ашу.
Ашығын айтсам, экономист басшылардың қазіргі жұмысын орташа деп бағалаймын. Олар халықаралық қаржы институттарының тілімен әдемі сөйлейді, алайда нақты нәтижесі бар шаруа шамалы болып тұр. Қазір өңірлердегі ахуалды және экономиканың іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін жақсы білетін, яғни жергілікті жерде еңбек етіп, ысылған мамандар қажет. Былтыр 17 желтоқсанда Премьер-Министр Олжас Бектеновпен кездескенде осы мәселені талқыладық.
– Биыл Қаңтар оқиғасына 3 жыл толды. Содан бері көп нәрсе айтылды. Өзіңіз де бұл мәселеге егжей-тегжейлі тоқталдыңыз. Оны былтырғы сұхбатта да тілге тиек еттіңіз. Осыған қатысты өткір сауалдарға қайта-қайта жауап беру оңай емес. Дегенмен бұл тақырыпты айналып өте алмаймыз. Ел ішінде «Қаңтар оқиғасының құпиясы толық ашылған жоқ» деген пікір бар. Бұған не айтар едіңіз? Ондай қасірет қайталанбауы үшін не істеу қажет?
– Қаңтар оқиғасынан үш жыл өткенде азаматтарымыздың көпшілігі елімізде бұрын-соңды болмаған осы дүрбелең көпе-көрінеу әлеуметтік әділетсіздіктің, саяси тоқыраудың, сондай-ақ қаскөйлердің шектен тыс менмендігінің және олардың халық пен мемлекет тағдырына немқұрайлы қарауының кесірінен орын алғанына әбден көз жеткізді. Өкінішке қарай, бұл – әлем тарихы үшін қалыпты жағдай. Мұндай жайттар Қазақстандағы оқиғаға дейін де болған, кейін де бола береді деп ойлаймын.
Қаңтар туралы түрлі долбарға толы алып қашпа әңгімелер толастамай тұр. Оның үстіне, белгілі бір саяси есебі бар, сыңаржақ ұстанымдағы кейбір адамдар деректерді бұрмалап, азаматтардың көңіл күйін өз пайдасына бейімдеуге тырысады. Тәртіп орнатуға және ахуалды тұрақтандыруға қатысты батыл шаралар қабылдаған соң, мен құзырлы органдарға Қаңтар оқиғасының мән-жайын толық әрі шынайы тергеп-тексеру туралы тапсырма бердім. Тергеу ашық жүргізілді. Қылмыскерлер жазасын алды. Парламентте біздің арғы-бергі тарихымызда бұрын-соңды болмаған арнайы тыңдау ұйымдастырылды.
Алғашқы парламенттік тыңдау Қаңтар оқиғасынан кейін үш айдан соң, ал екіншісі бір жылдан кейін өтті. Тыңдау барысында мемлекеттік органдардың өкілдері ғана емес, құқық қорғаушылар да сөз сөйледі. Түрлі ой-пікір ашық айтылды, жайсыз сұрақтар қойылды. Мұның бәрі тікелей эфирде көрсетілді, бұл процесс туралы еліміздің және шет мемлекеттердің бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазды. Билік халықтың көкейінде ешқандай күмән қалмауына мүдделі болғандықтан, мұндай қадамға саналы түрде барды.
Қаңтар оқиғасы туралы сөз болғанда, әр адам сол күндері көліктердің қирағанын, дүкендердің тоналғанын, қаскөйлердің мемлекеттік ғимараттарды басып алғанын, сарбаздардың соққыға жығылғанын, қару-жарақтың ұрланғанын және әйелдердің зорлық-зомбылыққа ұшырағанын еске алуы керек. Жауапкершіліктен жұрдай саясаткерсымақтардың шындыққа жанаспайтын жалған ақпарат таратып, мемлекеттігімізге шынымен де қатер төнген сәтті жұрттың жадынан өшіру үшін әрекет жасауына жол бермеу керек. Абырой болғанда, азаматтардың көбі күріштен күрмекті айыра алады. Мемлекетіміздің тірегі – осындай көзі ашық, көкірегі ояу адамдар.
Бір нәрсе анық, сол кезде тәртіпсіздікті бастаған және төңкерісті ұйымдастырған адамдардың қимылына дереу тосқауыл қойып, батыл әрекет жасамағанда, қазір Қазақстан дербестігі мен егемендігі әлдеқайда шектеулі, мүлде басқа мемлекетке айналар еді.
Біз халықтың берекелі бірлігінің арқасында осы ауыр сынақтан сүрінбей өттік. Қаңтардағы оқиғадан бәріміздің зор сабақ алғанымыз сөзсіз. Біріншіден, елдегі билік жұдырықтай жұмыла білуге тиіс, қосарланған билікке ешқашан жол берілмеуі қажет. Екіншіден, Президент – «Құдайдың жердегі көлеңкесі» емес, мемлекетті басқару үшін белгілі бір мерзімге сайланған менеджер ғана. Үшіншіден, жоғары мемлекеттік лауазымдарға үміткерлерді, соның ішінде күштік құрылым басшыларын мұқият іріктеу керек. Олар Отанымызға, яғни Қазақстан Республикасына адал болуға тиіс. Ең бастысы, «Заң мен тәртіп» қағидатын басшылыққа алып, ел бірлігін көздің қарашығындай сақтап, әділдік қағидатын барынша орнықтыру қажет. Бұл қағидатқа қарсы шығатындар «демократиялық құндылықтар» деген желеумен қоғамға іріткі салып, түбінде қазақ мемлекеттігін жоюды көздейтіні айдан анық. Бұған еш көнуге болмайды. Заң үстемдігі – демократияның ең биік шыңы. Бұл мақсатқа жету оңай емес.
– Сіз Әділетті Қазақстанды құрып жатқаныңызды айттыңыз. Жалпы, әділдік дегенді қалай түсінесіз? Реформалардың түпкі мән-мағынасы неде деп ойлайсыз? Әділетті Қазақстан дегеніміз бәрін әлеуметтік тұрғыдан теңестіру ме, әлде әділ бәсекеге жол ашу ма?
– Ең алдымен, әділдік барлық елде және барлық заманда халықтың қалауы болғанын айта кеткен жөн. Мұның Қазақстанға да қатысы бар. Жоғарыда айтқанымдай, қасіретті оқиғаға дейін бізде әділдік деңгейі өте төмен болғаны рас.
Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз. Сондықтан кезінде баз біреулерге орынсыз берілген артықшылықтар мен жеңілдіктерді алып тастау, заңсыз алынған активтерді мемлекетке қайтару – популистік қадам емес, керісінше, әділдік қағидасы негізінде Қазақстанды жаңғырту стратегиясы.
Әділетті мемлекет дегеніміз – құқықтық мемлекет. Онда азаматтардың бәрі заң алдында тең болады, заңдарды, ережелерді және нормаларды қатаң сақтай отырып, жалпыға бірдей мүмкіндіктерді толық пайдалана алады. Айтпақшы, заңсыз алынған қаржы және басқа да активтерді қайтаруға қатысты жұмыстың нәтижесінде 2022 жылдан бері мемлекет қазынасына 2 триллион теңгеден астам (4,1 миллиард доллар) қаражат түсті. Бұл қаржы мектептер мен маңызды инфрақұрылым нысандарын салуға және өзге де әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалып жатыр. Әділдік дегеніміз осы емес пе?
– Сіз тұңғыш президенттің қызметін, оның елге сіңірген тарихи еңбегін әділ бағалау қажеттігін бірнеше рет айттыңыз. Көпшілік мұндай ұстанымның орынды екенін біртіндеп түсіне бастады. Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлымен жиі хабарласып тұрасыз ба?
– Кез келген дәуірдің жақсы жағы да, көлеңкелі тұстары да бар. Біздің жаңа тарихымызда жарқын сәттер әлдеқайда көп болды. Бұл – ақиқат. Салыстырмалы түрде алғанда, қысқа мерзім ішінде мемлекеттігіміздің берік тұғыры қалыптасты, билік институттары құрылды, жаңа астанамыз бой көтерді, шекарамыз шегенделіп, заң жүзінде бекітілді. Көптеген елмен тиімді қарым-қатынас орнатылды, экономикаға шетелден инвестиция тартылды. Осы жетістіктің бәрін жоққа шығару дұрыс болмас еді. Біз әділетті мемлекет құрамыз десек, тарихқа да, оны жасауға атсалысқан азаматтарға да әділ қарауымыз керек. Мұның бәрі, түптеп келгенде, ұлттың болашағы үшін қажет. Өткенді ой елегінен өткізіп, оны әділ әрі шынайы бағалай алмасақ, алға сеніммен қадам баса алмаймыз. Саяси ахуалдың ықпалымен өз тарихыңды көпе-көрінеу бұрмалай беруге болмайды. Ел шежіресін басынан бастап қайта жазу тіпті қауіпті.
Әрине, Нұрсұлтан Назарбаев ұзақ жыл бойы ел тізгінін ұстаған уақытта кемшіліктер болды. Бірақ ештеңе істемеген адам ғана қателеспейді. Ашығын айту керек, ол отставкаға кеткенімен, Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы болып отырған кезде саяси сыпайылықты сақтай бермейтін. Мұны да айта кеткен жөн. Үнемі Премьер-Министрді, Ұлттық банктің төрағасын, министрлерді, әкімдерді шақырып алып, жиналыс өткізетін. Бұған өз азаматтарымызды былай қойғанда, шетел басшылары мен дипломаттары да таңдана қарайтын. «Назарбаев қызметінен кеткен соң тіпті жоғарылады, енді Президент те оған бағынады» деген әзіл әңгіме де пайда болды. Ал, шын мәнінде, бұл әзілдейтін жағдай емес еді.
Бұл жағдай қосарланған билік туралы алып қашпа әңгіменің өршуіне әкеп соқты. Шенеуніктер де кабинеттен кабинетке жүгіріп, кімнің тапсырмасын орындайтынын білмей дал болатын. Ол аз десеңіз, кейбір шенеуніктер «Елбасы институты Президент билігінен жоғары тұруға тиіс» деп, ақылға сыймайтын жағдайды заң жүзінде негіздемек болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың 2021 жылғы қарашада өткен Astana Club жиынында 92 жастағы Махатхир Мохамадты мысалға келтіріп, өзінің Ақордаға қайтып келуі мүмкін екенін мәлімдеуін және бұрынғы президенттің сол жылы желтоқсан айында Санкт-Петербург қаласында өткен ТМД елдерінің саммитіне қатысуын нағыз билік дағдарысына әкеп соқтырған негізгі оқиғалар деуге болады. Соның алдында ғана жергілікті бір саясаттанушы оған «Елбасының алтын дәуірін» қалпына келтіру үшін батыл шаралар қабылдау қажеттігін айтып, арандатушылық мазмұндағы хат жолдаған еді.
Алайда қазір парасаттылық танытып, Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанға сіңірген тарихи еңбегін лайықты бағалау керек. Мен Президент ретінде мемлекет мүддесін басшылыққа алуға, ел бірлігін бәрінен биік қоюға міндеттімін.
Сіздің сұрағыңызға келсек, қазір біз шамамен айына бір рет телефон арқылы сөйлесіп тұрамыз.
– Жақында тұңғыш президенттің Мәскеуге барып, Владимир Путинмен кездесуін жұртшылық сан-саққа жүгіртті. Биліктен кеткеннен кейін бес жылдан соң бұлай жүздесудің ақылға сыймайтыны айтылды. Қазақстанда алдағы уақытта Президент сайлауы өтеді-міс деген болжамдар да пайда болды. Мұндай кездесу кімге және не үшін қажет, бұған кім бастамашы болды? Сіздің пікіріңізді білсек.
– Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің желтоқсандағы кездесуі өткен жылдағы екінші жүздесуі ғой деймін. Күз басындағы бірінші кездесу туралы бұқаралық ақпарат құралдарында айтылған жоқ. Олар байырғы достар әрі әріптестер ретінде жүздесетін болса керек, ортақ әңгімелері де бар шығар. Мұндай кездесулер әдетте Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен өтеді. Ол үшін мұның маңызы зор. Бұрынғы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, партия басшысы және егемен Қазақстанның президенті ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының Кремльмен тығыз моральдық және саяси байланысы барын естен шығармаған жөн. Оның талай уақыты Мәскеуде өтті, сан мәрте іссапарға барды, съезд және пленум отырыстарына қатысты, жұмыс бабымен және ресми сапарлармен де болды.
– Сіз «Заң мен тәртіп» қағидасы туралы жиі айтасыз. Кейбіреулер мұны қоғамға «қылбұрау салу» деп қабылдап жатыр. Бұған не айтар едіңіз?
– «Заң мен тәртіп» қағидасы құқық қорғау саласына ғана арналған деп тұжырымдаған дұрыс болмайды. Мен бұл қағиданы тереңірек түсінемін. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттік құрылыстың басты қағидаты. Бұл ретте жазалау шараларын қолдану арқылы қоғамға жаппай бақылау орнату туралы айтып отырған жоқпыз. «Заң мен тәртіп» қағидаты – шын мәнінде кемел демократияның тірегі, құқықтық мемлекеттің негізі. «Заң мен тәртіпке» бағынбасақ, құқық нормаларына құрметпен қарамасақ, Әділетті Қазақстанды құрып, оны өркендеген мемлекет ете алмаймыз.
Сондықтан біздің міндетіміз – бұл қағидатты еліміздің құндылықтар жүйесіне барынша кіріктіріп, халық болмысының, қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. «Заң мен тәртіпті» берік орнықтыру үшін көп уақыт пен күш-жігер қажет екенін түсінемін. Себебі бәрі бірдей бұл қағидатты қатаң ұстануға, оны өмір салтына айналдыруға әлі дайын емес. Бірақ талаптанған адам қалайда мұратына жетеді.
– Талғардағы қылмыстық оқиға ел ішінде үлкен дүрбелең тудырды. Жұртшылық Сіздің осы жағдайға қатысты пікіріңізді білгісі келеді.
– Қайталап айтамын, елімізде «Заң мен тәртіп» қағидаты мызғымастай орнығуға тиіс. Мен Талғар оқиғасына дейін жариялаған Жолдауымда құқық қорғау органдарынан қылмыс пен қарақшылықтың тамырына балта шабуды талап еттім.
Қаңтар оқиғасы кезіндегі жаппай тәртіпсіздікті қылмыстық топтар жасағанын естен шығармаған жөн. Мемлекет ұйымдасқан қылмыспен ымырасыз күрес жүргізуге шамасы жететінін соңғы екі жылда анық көрсетті. Аса қауіпті қылмыстық топтар әшкереленіп, құрықталып жатыр. Олардың сыбайластары мен қаржы көздері де анықталып отыр. Былтыр 246 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың 30 басшысы бар. Бұл жұмысты мен ерекше бақылауда ұстап отырмын.
Талғардағы оқиғадан кейін құқық қорғау органдары қажетті шаралардың бәрін қабылдады. Күдіктілер қамауға алынды. Тергеп-тексеру жұмыстары аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы іске қатысты сот болады. Бұл оқиғаға орай құзырлы органдар қабылдаған барлық шара заң талаптарына толық сай келеді. Ал басқаның бәрі – құр дақпырт пен теріс пиғылды кейбір топтардың осы жағдайға саяси сипат беруге деген ұмтылысы ғана. Бұған жол беруге болмайды.
Осы оқиғаға қатысы бар азаматтар бойынша мына мәселені еске салғым келеді. Қазақ халқы шетелден келген отандастарын «қандасым» деп, құшақ жая қарсы алды. Тарихи Отанына оралғандар Қазақстанның заңдарына қатаң бағынып, қоғамдық тәртіпті сақтап, заңсыз әрекеттерден аулақ болуы керек. Олар бұрын өздері тұрған елде биліктің талабын сақтап, ондай әрекет жасаған жоқ қой?!
– Былтыр көптеген заңнамалық жаңалық болды. Қабылданған заңдардың ішінен қайсысы маңыздырақ деп ойлайсыз?
– Маңызсыз заң деген болмайды, заңның бәрі маңызды. Сауалыңызға жауап ретінде мен өзімнің Жолдауларымда және Ұлттық құрылтайдың отырыстарында бастамашылық етіп, қабылдануына түрткі болған бірқатар заңды атап өтейін. Ол заңдар қоғам өкілдерінің, сарапшылардың белсене қатысуымен әзірленді және сонысымен маңызды. Осының өзі мемлекет пен азаматтық қоғамның заңнамаларды жетілдіру жолында тиімді серіктестік орната алатынын көрсетеді. Мысалы, әйелдердің құқығын қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданды. Бұл құжатта тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты, турасын айтқанда, масқара әрекеттердің тамырына балта шабу көзделген. Әйелдер мен балаларға қатысты қандай да бір зорлық-зомбылық жасағандарға жаза күшейтілді. Оған қоса, жас балаларды өлтірген немесе зорлаған адам өмір бойы бас бостандығынан айырылатын болды. Кәмелетке толмағандарды басынып, мазақ қылғандар енді әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл талап алғаш рет заң жүзінде бекітілді.
«Келешек» атты бірыңғай ерікті жинақтаушы жүйенің заңнамалық негізін қалыптастыру үшін көп жұмыс атқарылды. Онда жинақталған қаржыны Қазақстанның және шетелдің колледждері мен жоғары оқу орындарында білім алу, сондай-ақ тұрғын үй алу үшін жұмсауға болады.
Азаматтардың үсті-үстіне несие алып, қарызға батуына жол бермеуді көздейтін заң қабылданды. Соған сәйкес несиесін 90 күннен артық уақыт төлей алмай жүрген адамдарға кәсіпкерлікке қатысы жоқ несие беруге тыйым салынды. Сондай-ақ адамдар несие алуға өзіне өзі тыйым сала алатын болды. Медицина қызметкерлерін құқықтық жағынан қорғау шаралары күшейтілді, оларға берілетін әлеуметтік кепілдіктер жақсарды. Балалар мен жастардың арасында жаппай тарап, нағыз індетке айнала бастаған вейптерді сатуға және таратуға тыйым салынды.
Есірткі өндіргені үшін берілетін жаза қатайды. Ондай қылмыс жасағандар 15–20 жылдан бастап өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін жазаланады. Есірткіні белгілі бір жерге тығып кететін курьерлер мұндай қылмысты алғаш рет жасаса және әрекетінің салдары ауыр болмаса, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Лудоманиямен күреске қатысты заң күшіне енді. Құжатта букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасына едәуір шектеу қойылды, кәмелетке толмағандарды құмар ойынға тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік белгіленді, аты-жөні борышкерлердің бірыңғай тізіміне енгізілген адамдардың құмар ойын ойнауына тыйым салынды. Бұл шаралар талай шаңырақты шайқалтқан, адамдарды қылмыс жасауға, өзіне қол жұмсауға итермелеген ойынқұмарлықтың таралуымен күресуге арналған.
Тағы бір маңызды заңнамалық жаңалық – бұзақылық және вандализм жасаған, біреудің мүлкін қасақана бүлдірген адамдарға берілетін жаза қатайды. Мұның бәрі қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және заң талаптарына бағынатын азаматтардың құқығын қорғау тұрғысынан маңызды. Сонымен бірге заңнамалық толықтырулардың нәтижесінде 2025 жылдың 1 шілдесінен бастап қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істер бойынша үш дербес кассациялық сот жұмыс істей бастайды. Осылайша, азаматтар мемлекеттік органдар тарапынан бұзылған өз құқықтарын қорғай алады.
Былтыр көптеген маңызды заңнамалық бастамалар жүзеге асырылды. Алайда заңның қабылдануы істің басы ғана, сол заңдардың іс жүзінде жұмыс істеуі одан әлдеқайда маңызды екенін түсіну керек. Бұл ретте, заң талаптары қоғамның сұранысына сай болса ғана сақталады. Сондықтан біз биыл да халықтың үміті мен мүддесін және елімізді дамыту жолындағы басымдықтарды негізге ала отырып, құқық қорғау жүйесін жетілдіру жұмыстарын жалғастырамыз.
– Сіз реформалардың үздіксіз жалғасатынын бірнеше рет айттыңыз. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің алғашқы форумында елімізді одан әрі жаңғырту үшін тың бастамалар көтеріліп, шешімдер қабылданатынын аңғарттыңыз. Бұл қандай бастамалар? Саяси реформалар жалғаса ма?
– Соңғы бес жыл бойы жүргізілген реформалар –азаматтарымыздың негізгі сұранысы мен мемлекеттің ұзақ мерзімге арналған мүддесіне негізделе отырып мұқият ойластырылған стратегия. Оның саяси астары жоқ.
Негізгі саяси реформалар жасалып бітті. Оның бәрі қоғамда жан-жақты талқыланып, ақырында көпшіліктің қолдауына ие болды. Соның арқасында негізгі саяси институттардың бәрі ашық әрі тиімді бола түсті, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік және тежемелік жүйе күшейді, ең бастысы, азаматтардың саяси өмірге белсенді араласу мүмкіндігі едәуір артты.
2022 жылғы маусым айында өткен референдумның нәтижесінде Конституция баптарының үштен бірі жаңарғанын қаперге сала кетейін. Мұның өзі реформаның қаншалықты ауқымды екенін көрсетеді. Қазіргі таңда көптеген реформа іс жүзінде жүзеге асырылып жатыр. Біздің бағытымыз айқын, мақсатымыз белгілі. Соған сәйкес, алғашқы нәтижелер де бар. Бірақ реформа – ұдайы жүретін үдеріс. Қоғамда нақты сұраныс болса, жаңа реформалар әзірленеді. Реформалар елді өркендету ісінің ажырамас бөлігі болған, бола да береді.
Мен халыққа Жолдауымды жариялағанда мемлекетімізді одан әрі дамытуға қатысты тың бастамалар ұсынамын. Ұлттық құрылтайдың отырыстарында азаматтардың көкейіндегі өзекті мәселелерге баса назар аударып жүрмін. Биыл да солай болады.
– Қазақстанды парламенттік басқару жүйесіне көшіру үшін іргелі реформа дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Шынымен солай ма?
– Әрине, парламенттік басқару жүйесі де жұмыс жүргізуге қақылы. Бұл жүйе Еуропадағы, тіпті Азиядағы бірқатар елде әбден орнығып, тамырын тереңге жайған. Бірақ биліктің әмбебап формуласы жоқ. Әр мемлекет саяси жүйесін таңдаған кезде төл тарихына, ұлттық болмысына, саяси тәжірибесіне сүйенеді. Менің аппаратым әлемдік тәжірибені мұқият зерделеп жатыр. Посткеңестік елдерде парламенттік басқару жүйесі жақсы қырынан көріне алған жоқ деген пікірге келісесіз деп ойлаймын. Грузиядағы соңғы оқиғалар осы пайымға нақты дәлел бола алады.
Мемлекеттік биліктің саяси жүйесін таңдау – айрықша жауапты шешім. Мұндай шешімдер үркердей топтың оңаша басқосуында емес, тек қана жалпыхалықтық референдумда қабылдануы керек. Менің «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» атты тұжырымдамам Қазақстанның саяси жүйесіне ең қолайлы тұжырымдама екеніне сенімдімін. Бірақ оны толығымен жүзеге асыру үшін біз әлі талай жұмыс істеуіміз керек. Президенттік басқару тәсілі Қазақстан үшін қазір де, таяу кезеңде де ең ұтымды тәсіл деп сенемін.
Мемлекетіміздің тұрақты әрі орнықты дамуына зияны тиетін шешім қабылдауға менің де, сіз бен біздің де еш қақымыз жоқ. Мұндай мәселеге байланысты қателікке жол беруге болмайды. Түптеп келгенде, Конституцияға енгізілген өзгерістің бәрі – Парламенттің реформалануы, ауыл, аудан және қала әкімдерінің сайлануы, Ұлттық құрылтайдың құрылуы және, ең бастысы, заң үстемдігінің басымдыққа айналуы – осының барлығы саяси тоқырауға ұшырамауға сенімді кепілдік береді.
– Елімізде мерзімінен бұрын парламент сайлауы бола ма? Бұл туралы қазір жиі айтыла бастады.
– Мұндай болжамдар бар екенін білемін. Бұл ақпарат әдейі таратылып жатыр деп ойлаймын. Біздің елде жаңа Үкімет жұмысына кіріскен бетте оның отставкаға кететіні туралы әңгіме тарайды. Парламент туралы да дәл солай деуге болады. Мен Парламент депутаттары азаматтық және саяси жауапкершілік танытып, жақсы жұмыс істеп жатыр деп ойлаймын. Ал Үкімет – ауыс-түйіске бейім құрылым. Оның құрамында түрлі жағдайға, оның ішінде «Amanat» партиясының және Парламенттегі басқа да партиялардың ұстанымына байланысты өзгерістер болуы мүмкін.
Меніңше, Парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуге әзірге еш негіз жоқ. Сайлау заңда белгіленген мерзімдерге сәйкес өтеді. Парламент өзіне тиесілі мерзім аясында қызметін атқаруға құлықты. Ал Үкімет бекітілген бағдарламалар мен жоспарларға сәйкес әрекет етіп, оң нәтижеге жету үшін жұмыс істеп жатыр. Стратегиялық міндет – тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз ету, еліміздің өңірдегі көшбасшы мәртебесін нығайту.
– Әркім өзінің жеке басының жағдайына қатысты мәселелерге көбірек мән береді. Таяу арада азаматтардың талап-тілегіне, қалауына сай келетін қандай жобалар қолға алынбақ?
– Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті.
Былтыр жазда 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданғанын қаперіңізге сала кетейін. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған.
Биыл ұзындығы 836 шақырым болатын «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі салынып бітеді. Бұл жоба еліміздің көлік-транзит инфрақұрылымын түбегейлі өзгертеді. Осы бағыттағы темір жолдың жүк тасымалдау мүмкіндігі 5 есе артады, контейнер пойыздары жүкті бұрынғыдан едәуір жылдам жеткізетін болады. Бір айта кетерлігі, мұндай ауқымды жоба алғаш рет өз жобалаушыларымыздың, инженерлеріміз бен құрылысшыларымыздың күшімен жүзеге асырылды. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін темір жолдың құрылысы аяқталады. Бұл жоба Алматы темір жол торабына түсетін салмақты едәуір азайтып, жүк жеткізу мерзімін қысқартады. Жолаушылар тасымалының сапасын арттыру үшін вагондар жаңартыла береді. Биыл энергетика саласында жалпы қуаты 600 мегаваттан асатын ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарланған. «Жасыл энергетика» саласы да зор серпінге ие болады. Шетел инвесторларымен жел, күн және су электр стансаларын салу туралы келісімдеріміз бар.
Теңіз кенішін келешекте кеңейту жобасының құрылысы аяқталады. Мұнай өңдеу, мұнайгаз-химия саласын дамыту ісіне баса назар аударылады. Атап айтқанда, Ақтау битум зауытының өндірістік қуаты арта түседі. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры, «Жаңаөзен – Ақтау» газ құбырының төртінші желісі, сондай-ақ Атырау облысындағы автоматтандырылған газ тарату стансасы пайдалануға беріледі.
Машина жасау саласын дамыту жұмыстары да жалғасады. Әлемге әйгілі брендтерге тиесілі автокөліктер құрастыратын жаңа өндіріс орындары іске қосылады. Қостанайда іштен жану қозғалтқышына қажетті шойын құймалар және жетекші белдемнің бөлшектері шығарыла бастайды.
Экономиканың дамуына зор серпін беретін ірі инфрақұрылым нысандарын салуға Ұлттық қордың қаражатын жұмсауға болады, дұрысы, жұмсау қажет деп санаймын. Бұл қор ақшаны шетелдің қаржы институттарында қаттап-шоттап сақтау үшін емес, осындай мақсаттарға жұмсау үшін құрылған жоқ па?!
Мемлекет тұрғын үй құрылысы саласын одан әрі дамыту, баспаналарды қолжетімді ете түсу үшін шаралар қабылдайды. Кезекте тұрған азаматтарды жалға берілетін тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін тиісті жұмыс жалғасады. 2029 жылға дейін жыл сайын 10 мың адам осындай баспанаға ие болады деп жоспарланған. Мен жақында тұрғын-үй саясатына қатысты түзетулер енгізілген заңға қол қойдым. «Отбасы банкі» баспанаға мұқтаж адамдарды «бір терезе» қағидаты бойынша тізімге алумен және оларға баспана бөлумен айналысатын толыққанды даму институтына айналады.
Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де баса назар аударылады. Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жобаның аясында ауылдық жерлерде медицина нысандарын салу жұмыстары жалғасады. Елімізде 460 мың оқушыға арналған 217 жайлы мектеп салу жоспарланған. Оның 105-інің құрылысы аяқталды. Мақсатымыз – апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқытатын мектептер мәселесін, сондай-ақ мектептегі орын тапшылығына қатысты түйткілдерді толығымен шешу.
Бір ай бұрын 2025–2027 жылдарға арналған Республикалық бюджет қабылданды. Құжатта әлеуметтік бағыт басты басымдық ретінде сақталды. Онда денсаулық сақтау, білім беру саласына және әлеуметтік қажеттіліктерге өте қомақты қаржы қарастырылған.
– Цифрландыру ісін қолға алып, жасанды интеллектіні енгізбесек, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мүмкін емес екені қазірдің өзінде түсінікті. Еліміз болашақта осы салада не істей алады?
– Азаматтарымыз мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерді цифрландыру ісінің артықшылықтарын жақсы біледі. Электронды үкімет сайтындағы қолжетімді қызметтердің тізімі үнемі толықтырылып келеді. Біріккен Ұлттар Ұйымының рейтингісінде Қазақстан Е-government-ті дамыту көрсеткіші бойынша әлемде 24-ші орын иеленді. Бұл – тәуір нәтиже, бірақ оған тоқмейілсіп, арқаны кеңге салуға болмайды. Көрсеткіштерді барынша жақсарту керек. Мен мұны Үкіметке жиі айтып отырамын. Бұдан бөлек, еліміздегі банктер де адамдардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін едәуір жеңілдете түсу үшін өздерінің цифрлық экожүйесін қалыптастырып жатыр.
Қазақстаннан экспортталатын ІТ-қызметтер саны артып келе жатқаны көңіл қуантады. Astana Hub табысты жұмыс істеп тұр. Бұл технопарк бір жарым мыңнан астам компанияның басын біріктіреді. Оның үштен біріне жуығы – шетелдік компания. Осылайша, еліміз жаһандық цифрлы көшпенділер үшін қолайлы мемлекетке айналып келеді.
Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі ең ірі цифрлы хабтың бірі бола алады. Оған мүмкіндігіміз толық жетеді. Ол үшін жасанды интеллект технологияларын дамыту керек. Болашағы зор жобалар қазірдің өзінде бар. Мысалы қазақ тілінің KazLLM атты цифрлы тіл моделінің алғашқы нұсқасы жасалды. Бұл – қазақ тілінде ойлап, сараптама жасап, қазақша сөйлесе алатын жасанды интеллект. Осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді.
Жыл соңына дейін жасанды интеллектінің Alem.AІ атты халықаралық орталығы ашылады. Бұл орталық инвестиция тартатын, әлемдік тәжірибені және инновацияларды енгізетін орынға айналуы керек.
Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады.
Жастарға мектептерде, колледждер мен жоғары оқу орындарында жасанды интеллект технологияларын қолдана білуді үйрету маңызды. Былтыр еліміздің 15 университетінде Google компаниясының жасанды интеллект жөніндегі курстары енгізілді. Осы саланың мамандарын даярлау үшін арнайы бағдарлама әзірлеу мәселесі пысықталып жатыр (AI-Sana).
Нейрожүйелердің пайдасы ұшан-теңіз болғанымен, одан туындайтын қатерлер де бар. Мысалы, алаяқтар фото-бейнежазбалар жасап, адамның дауысын келтіру үшін де соны пайдаланады. Сондықтан көптеген мемлекет жасанды интеллект технологияларының қолданылу аясын заңмен реттеуге кірісті.
Біздің депутаттарымыз да жасанды интеллект туралы заң әзірлеу керек деп бастама көтерді. Осы маңызды жұмыспен тиянақты түрде, мұқият айналысу қажет. Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану қағидаларын жасап, оның этикалық мәселелерін жан-жақты ойластыру керек. Бірақ осы саланы реттегенде жасанды интеллектіні шектеуге емес, керісінше, оны дамыту жағына мән берілуге тиіс. Бұл технологияларды кеңінен қолданысқа енгізу орасан зор мүмкіндіктерге жол ашады. Оны қалт жібермей, игілікке жарату қажет.
– Сіз бизнесті қолдау мәселесіне ерекше мән бересіз. Инвесторлармен, кәсіпкерлермен кездесесіз. Еліміздегі кәсіпкерліктің даму үрдісіне көңіліңіз тола ма?
– Мен инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударамын. Күздегі Жолдауымда Үкіметке осыған қатысты нақты тапсырмалар бердім. Былтыр сәуірде кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау үшін бизнесті жүргізу мәселесіне қатысты заң қабылдадық. Қазір мемлекеттік бақылау жүйесін ретке келтіріп жатырмыз. Бұрынғыдай заңсыздықтарды тексеруге емес, оның алдын алуға көбірек басымдық беріліп отыр. «Басынан бастап реттеу» тәсілі енгізіліп жатыр. Кейбір экономикалық қылмыстар қылмыс санатынан шығарылды, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша қамауға алу жазасын қолдануға тыйым салынды. Мұның бәрі кәсіпкерлердің мүддесі үшін жасалды.
Мемлекет субсидия, жеңілдетілген несие және кепілдендірілген қарыз беру арқылы шағын және орта бизнеске қолдау көрсетіп отыр. Шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі үздіксіз артып келеді. Бүгінде осы бизнестің өкілдері 4,3 миллион адамға, яғни еңбек етіп жүрген азаматтардың тең жартысына жуығына жұмыс тауып беріп отыр. Сондықтан кәсіпкерлік бастамалар ел экономикасының негізгі қозғаушы күшіне айналып келеді деп сеніммен айтуға болады.
Мемлекет ірі бизнесті де дамытуға мүдделі. Осындай кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі де, жергілікті қауымдастықтармен ұзақ мерзімге арналған серіктестік қатынас орнатуға деген құлшынысы да зор. Бұл – қуанарлық жағдай. Мемлекет пен бизнестің ықпалдастығы арқылы көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тауып жатыр.
Қазақстанда өз жұмысына жаңа технологияларды енгізіп жүрген озық ойлы кәсіпкерлердің жаңа буыны пайда болды. Мұндай кәсіпкерлер әлемдік бәсекеге түсуге де қабілетті. Қазір шетелдік бизнестің Қазақстанда өз өкілдігін ашып жатқаны да көңіл қуантады. Бұл жағдай отандық нарыққа халықаралық сипат беруге, әділ бәсекені күшейтуге және экономиканы әртараптандыруға ықпал етеді. Осы орайда, Үкімет жанынан құрылған Инвестициялық штаб «бір терезе» қағидатына сай әрекет етіп, шешімдер қабылдап, өзіне жүктелген міндетті толық атқарып жатқанын атап өткен жөн.
Мемлекеттің инвестициялық ахуалды жақсарту жолындағы жұмысы жемісін беріп жатыр. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының Азия мен Тынық мұхит елдеріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы инвестиция жөніндегі баяндамасын жариялады. Онда Қазақстанның 2024 жылы жаңа жобаларға 15,7 миллиард доллар көлемінде тікелей шетел инвестициясын тартқаны көрсетілген. Бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Біз Солтүстік және Орталық Азиядағы ең жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Аймақтағы шетел инвестицияларының үштен екісіне жуығы, яғни 63 пайызы Қазақстанның еншісінде.
Мен бизнес өкілдерімен, инвесторлармен алдағы уақытта да кездесетін боламын. Олардың жасампаз бастамаларын қолдаймын. Үкімет пен барлық мемлекеттік органдардан да осыны, яғни бизнеске құлақ асып, онымен үйлесімді жұмыс жүргізуді, болашағы зор жобаларға қаржы салатын кәсіпкерлер мен инвесторларға қолдау көрсетуді талап етемін. Бизнеске мүлде қысым көрсетілмеуі керек. Шенеуніктер мен күштік құрылымдардың қызметкерлерін мұндай әрекеттері үшін жазалап жатырмыз, алдағы уақытта да жауапкершілікке тартатын боламыз. Ал кәсіпкерлер алаяқтық жасамай, заң аясында жұмыс істеуге тиіс.
– Қоғамда сыбайлас жемқорлық туралы жиі айтылады. Оған қарсы белсенді күрес жүргізіліп жатқанын көріп отырмыз. Жалпы, шенеуніктердің ұсталғаны туралы түрлі ақпараттар елімізде жемқорлық өршіп тұрғандай әсер қалдырады. Шынымен де солай ма?
– Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі түрде күресу – аса қажетті жұмыс. Бұған еш күмән жоқ. Мемлекет жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау ғана емес, жемқорлықтың алдын алу үшін жұмыс жүргізіп жатыр.
Қазақстан жемқорлыққа қарсы күрес жолында ең озық халықаралық стандарттарды, соның ішінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы енгізіп жатқан талаптарды басшылыққа алады. Бұл – өте жоғары талап, біз соған сай болуымыз керек. Бұған қоса, мен сыбайлас жемқорлықпен күресуге жауапты мекеменің басшыларына науқаншылдыққа салынбай, байыпты шешімдер қабылдау қажеттігін үнемі айтып отырамын. Өйткені әрбір шешімнің артында адам тағдыры тұр.
Ал шенеуніктердің ұсталғаны туралы ақпараттың жиі шығуы биліктің абыройына белгілі бір деңгейде нұқсан келтіргенімен, мемлекеттің ашық жұмыс істейтінін көрсетеді. Бірақ мұндай қадамсыз «Заң мен тәртіп» қағидаттарына негізделген әділетті мемлекет құру мүмкін емес.
– Қазақстан мен Ресейдің арасында ежелден тығыз экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынас орныққан. Былтыр қараша айында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Бұл сапар біздің елде де, шетелде де жұрттың жіті назарында болды. Сондағы келіссөздердің нәтижесін қалай бағалайсыз?
– Ресей Президентімен өткізген келіссөздер аса мазмұнды болды. Біз сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, мәдениет, білім беру және басқа да салалардағы ынтымақтастық мәселелерін жан-жақты талқыладық. Астанаға Ресей Үкіметі мүшелерінің жартысына жуығының келуі Ресей үшін Қазақстанның стратегиялық маңызы жоғары екенін көрсетеді.
Келіссөздердің нәтижесі туралы көп жазылды, көп айтылды. Әрине, біраз дүние ақпарат құралдарына шыққан жоқ. Владимир Путинмен бейресми жағдайда төрт сағат әңгімелестік. Бұл кездесуде екі жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік туды. Сондай-ақ әңгіме барысында халықаралық проблемалар бойынша өзара түсіністігіміз бекемделе түсті. Мен Қазақстанның көп жақты саясатының мәнін ашық айтып, Ресеймен стратегиялық серіктестігімізді және одақтастық қарым-қатынасты дамыту туралы ұстанымға берік екенімізді жеткіздім.
Президент Путин – тәжірибелі мемлекет қайраткері. Ол Қазақстанның ерекшелігін және Орталық Азия аймағындағы ең ірі экономикасы бар маңызды ел екенін жақсы түсінеді. Сондықтан Ресей біздің елмен сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын нығайту үшін белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Басқаша болуы да мүмкін емес. Себебі екі ел арасын құрлықтағы ең ұзын үздіксіз шекара қосып жатыр.
Владимир Путиннің шетелге сапарының ең көбі біздің елге жасалғаны, яғни оның Қазақстанға 33 рет келгені де көп жайттан хабар береді. Бұдан бөлек, біз телефон арқылы сөйлесеміз, халықаралық форумдар аясында кездесеміз. Бір сөзбен айтқанда, үнемі хабарласып отырамыз.
Мұның бәрі Қазақстанға да, Ресейге де қажет. Өйткені бұл екі ел басты рөл атқаратын Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін керек.
– Сіз Атом энергетикасына қатысты референдум кезінде ақпарат құралдарының алдында сөз сөйлеп, атом электр стансасын салуға озық технологиясы бар шетел компаниялары тартылады дедіңіз. Халықаралық консорциум құрылатын болды. Үкімет қай компанияларға басымдық беретінін айқындады ма?
– Владимир Путиннің Астанаға сапары кезінде бұл мәселе де талқыланды. Жобаға тапсырыс беруші ретінде Қазақстан жағы Консорциумда бас оператор болады деп уағдаластық. Атом стансаларын салуға байланысты шетелдерде тәжірибесі мол, білігі жоғары «Росатом» компаниясының жобаға қатысуы мүмкін екені айтылды. Сондай-ақ Қытайдың азаматтық мақсатта қолданылатын ядролық нысандар салу ісіндегі зор жетістіктері ескеріле отырып, осы елдің компаниясымен де келіссөз жүргізіліп жатыр. Жобаға басқа да мемлекеттердің, оның ішінде Батыс елдерінің корпорациялары қызығушылық танытып отыр.
Биыл конкурстық рәсімдер өткізіледі. Содан кейін Үкімет түпкілікті шешім қабылдайды. Қазақстанға қуатты атом стансасы қажет екені анық, мен бұған сенімдімін. Оған қоса, таяу арада екінші, тіпті үшінші атом электр стансасын салуымыз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Ядролық өнеркәсіп саласы қазірдің өзінде энергетика тапшылығына тап болып отырған экономикамызды өркендетуге зор серпін береді. Қазақстан ядролық энергетикасы дамыған елге айналуы қажет деп санаймын. Оның болашағы зор.
– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге жасаған мемлекеттік сапары өткен жылдың тағы бір маңызды оқиғасы болды. Сондағы келіссөздердің басты нәтижесі қандай? Ақпарат құралдарында Төраға Си екеуіңіздің ел үкіметтеріне өзара сауда айналымын екі есе арттыру жөнінде міндет жүктегендеріңіз айтылды. Бұл қол жеткізуге болатын меже ме?
– Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің біздің елді жақсы білетінін, қазақ халқына ілтипатпен қарайтынын атап өткен жөн. Біз екі жақты қарым-қатынасқа, өңірлік және халықаралық ахуалға қатысты барлық мәселені емен-жарқын талқыладық. Ешқандай көзқарас қайшылығы жоқ. Қытай үшін Қазақстан – аса маңызды стратегиялық серіктес. Қарқынды әрі жан-жақты дамып келе жатқан қазақ-қытай ынтымақтастығы, шын мәнінде, мәңгі стратегиялық серіктестік деңгейіне жетті. Мұның Қазақстан мүддесіне сай келетіні сөзсіз.
Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары кезінде Төраға Си Цзиньпин Қытайдың елімізге ешқашан зиянын тигізбейтінін, біздің егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді барынша қолдайтынын атап өтті. Бұл – өте маңызды мәлімдеме.
2023 жылы Қазақстан мен Қытай арасында өзара визасыз режим орнатылды. Жаңа бастама алыс-берісті дамытуға және екі халықтың достығын нығайтуға оң әсерін тигізіп жатыр. Қазақстан азаматтары Қытайды жаңа қырынан танып, оның технологиялық тұрғыдан алып мемлекетке айналғанына көз жеткізе бастады. Қытай жұрты да біздің отандастарымызға достық пейіл танытып отыр.
Қытаймен жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қазақ дипломатиясындағы маңызды міндеттің бірі болып қала береді. Бұл мемлекет – Қазақстанның негізгі сауда серіктесі, сондай-ақ экономикамыздағы ең ірі инвестордың бірі. Өзара сауда айналымын екі есе арттыруға барлық мүмкіндік бар. Ең бастысы, екі ел басшыларының саяси ерік-жігері жеткілікті. Сондықтан аталған мақсатқа жетуге әбден болады.
Жоғары деңгейдегі диалог 2025 жылы да жалғасады. Төраға Си Цзиньпин «Орталық Азия – ҚХР» саммитіне қатысады деп жоспарланып отыр. Оның Қазақстанға алдағы сапары, сондай-ақ биыл күзде Қытайда өтетін келіссөздер екі елдің сан салалы ықпалдастығын одан әрі нығайтуға септігін тигізеді деп сенемін.
– Сіз желтоқсанның басында Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлестіңіз. Соңғы айларда сарапшылар оның Ақ үйге екінші рет келуі Американың саясатына және әлемдегі ахуалға қалай әсер ететініне қатысты түрлі пікір айтып жүр. Осы орайда қазақ-америка қатынасы таяу жылдарда қалай өрбиді деп ойлайсыз? Оған АҚШ-тың Қытаймен және Ресеймен күрделі қарым-қатынасы әсер етпей ме?
– Иә, Президент Дональд Трамппен мазмұнды әрі ашық әңгіме болды. Ол Қазақстанға АҚШ-тың маңызды стратегиялық серіктесі ретінде жақсы қарайтынын сеніммен айта аламын. Біз жоғары деңгейде жұмыс бабындағы байланыста боламыз деп уағдаластық. Трамп және оның командасы халықаралық саясатқа жаңа көзқарастар орнықтырып, тың тәсілдер енгізумен айналысады. Мұның бәрі әлемдегі ахуалға ықпал етері анық.
Мен қазақ-америка қарым-қатынасын нығайтуға өткен ғасырдағы 90-шы жылдардың ортасынан бері атсалысып келемін. Өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы отыз жылдан астам уақытта басымдықтарға, яғни сауда-экономика, инвестиция саласындағы ынтымақтастыққа, ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне қатысты ортақ ұстаным қалыптасты. Ақ үйдің жаңа басшылығымен бірлесе атқарылатын жұмысқа да осы мәселелер арқау болады.
Телефонмен сөйлескенде Дональд Трамп Украинадағы әскери іс-қимылды тоқтатуға қатысты біздің пікірімізді сұрады. Бұл – мен үшін тың тақырып емес. Өйткені 2024 жылы мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың көптеген басшысы менен осы жөнінде сұраған болатын. Ерекше жағдай қалыптасып отыр: Ресей әскери тұрғыдан жеңілмейді, ал Украина Батыстағы одақтастарының көмегімен соғыста беріспей, тым болмағанда жеңіліп қалмаудан үміттеніп отыр. Сондықтан бұл мәселенің айрықша күрделі екенін, оның шешімі қақтығысып жатқан екі ел басшыларының ерік-жігеріне және әлемдік держава көшбасшысы ретінде Трамптың өзіне де байланысты екенін айттым. Қазақстан Украинада әскери іс-қимыл басталған сәттен-ақ бейбітшілік орнату үшін келіссөздер жүргізу қажеттігін айтып келе жатқанын атап өттім.
Біз еш жерде ара ағайын атануға өзіміз сұранып, ұмтылмайтынымызды қадап айтуға тиіспін. Халықаралық аренада Қазақстанның әлеуеті мен мүмкіндіктеріне қарай әрекет жасаймыз. Бірақ халықаралық мәселелердің шешілуіне жәрдемдесуге әрдайым дайынбыз. Әрине, халықаралық аренадағы күрделі ахуал біздің белгілі бір елдермен сауда және саяси қарым-қатынасымызға салқынын тигізеді. Сондықтан біз сыртқы үрдістердің жағымсыз ықпалын азайтуға тырысамыз. Қазақстан мүдделі мемлекеттердің бәрімен өзара тиімді прагматикалық байланыс орнатуды көздейді.
– Түркі елдері ынтымақтастығының аясы үздіксіз кеңейіп келеді. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағасы ретінде бауырлас елдердің байланысын бекемдеуге едәуір үлес қосты. Түркі әлемінің алдағы ықпалдастығы жолында Қазақстан қандай рөл атқарады деп ойлайсыз?
– Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының бастауында болды. Осы ұйымға мүше елдер – біздің көршілеріміз әрі маңызды геосаяси серіктестеріміз.
Біз төрағалық еткен кезде саяси және сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге баса мән бердік. Бірқатар ауқымды жобаны жүзеге асырдық, 80-нен астам іс-шара ұйымдастырып, нақты нәтижеге қол жеткіздік. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Оқу орындары мен академиялық құрылымдардың, шығармашылық зиялы қауым өкілдерінің арасында тығыз байланыс орнады. 2021 жылы түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланған көне Түркістан қаласы халықтарымыздың достығын нығайту ісінде айрықша рөл атқарады.
Соңғы 10 жылда Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің арасындағы алыс-беріс айтарлықтай артты. 2024 жылы өзара сауда-саттық көлемі 45 миллиард доллардан асты. Елдеріміз Транскаспий халықаралық көлік дәлізінде маңызды рөл атқарады. Біз энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты күшейтуді көздеп отырмыз.
Қазақстан осы ұйымның төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын ұсынды. Бұл аббревиатура өзара қарым-қатынастың дәстүр (Traditions), унификация (Unification), реформалар (Reforms), білім (Knowledge), сенім (Trust), инвестиция (Investments), медиация (Mediation) және энергия (Energy) сияқты сегіз басымдығын білдіреді. Осы басымдықтарды Түркі мемлекеттері ұйымы ғана емес, бүкіл түркі әлемі қызығушылықпен қабыл алды. Қазақстан түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайды, Ресейдің «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасына да жақсы қарайды. Еліміз түркі халықтары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ ортақ тарихи-мәдени бай мұрамызды насихаттау ісіне алдағы уақытта да атсалыса береді.
– Сіз бұған дейін шетелдік сарапшылар мен дипломаттар Қазақстанды орта держава деп атай бастағанын айттыңыз. Орта державалар қандай рөл атқарады және осы мәртебеге ие болған Қазақстан не істей алады?
– Мен бұған қатысты пікірімді ел ішінде де, шетелдерде де айттым. Қазір халықаралық қатынастар жүйесі кері кетіп барады, тіпті құлдырай түсті деуге болады. Тұрақсыздық күшейіп, ірі державалардың бірін-бірі айыптауы белең алды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі қауқарсыз болып қалды. Осындай қиын халықаралық ахуалға көптеген мемлекет, соның ішінде Қазақстан да алаңдап отыр. Бұл – орынды алаңдаушылық. Себебі қалыптасқан жағдай ол елдердің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндік бермейді.
Бүгінде барынша әділ әлем қалыптастыруға деген сұраныс өте жоғары. Осы тұрғыдан алғанда, орта державалар халықаралық сенім дағдарысын және жауапкершілігі жоғары жаһандық көшбасшыларға деген тапшылықты еңсеру жолында маңызды рөл атқара алады деп ойлаймын.
Орта державалар күш-жігерін жұмылдырып, жанжалдасып жатқан геосаяси орталықтардың арасында жаңа әрі мықты дәнекер бола алады. Сол арқылы халықаралық текетірестің қызуын бәсеңдетеді. Мен орта державалар үшін дәл осындай шақ туғанына сенімдімін.
– Биыл Ұлы Жеңістің мерейлі белесін атап өтеміз. Басқа да көптеген мемлекет сияқты, Қазақстан үшін де бұл датаның символдық мәні зор. Осыған орай қандай іс-шаралар жоспарланып отыр?
– Биылғы мемлекеттік іс-шаралардың ішінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы ерекше орын алады. Қазақстандықтар нацизмді талқандауға елеулі үлес қосты. Біздің аталарымыз бен әкелеріміз барлық майданда жанқиярлықпен соғысты. Оның үстіне, Қазақстан әскерді қару-жарақпен, өнеркәсіп өнімдерімен және азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқарған сенімді тыл болды.
Мен Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы отырысында Жеңістің мерейлі белесін атап өтуге дайындалу қажеттігін айттым. Сол кезде жариялаған бастамаларым қазірдің өзінде жүзеге асты. Мысалы, «Айбын» орденінің үш дәрежесі әйгілі батырларымыз Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рақымжан Қошқарбаевтың есімімен аталатын болды. Қазақстанның әуе қорғанысы күштерінің 604-ші әуе базасына әйгілі ұшқыш, Кеңес Одағының екі мәрте батыры Сергей Луганскийдің есімі берілді. Әлия Молдағұлованың, Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың өшпес ерлігін міндетті түрде жадымызда жаңғыртамыз.
Жеңісті мерекелеуге арналған жоспарда көптеген іс-шара қамтылған. Оның ең бастысы – Астанада өтетін әскери шеру. Соғыс және тыл ардагерлеріне құрмет көрсетіледі, ешкім де елеусіз қалмайды. Концерттер мен көрмелер өтеді, деректі фильмдер мен бағдарламалар түсіріледі, тарихи кітаптар мен фотоальбомдар шығарылады. Жауынгерлеріміздің есімін ел жадында сақтау үшін зерттеу жұмыстары жалғаса береді. Б.Момышұлының – 115, М.Ғабдуллиннің – 110, Ә.Молдағұлованың 100 жылдығы салтанатты іс-шаралар тізіміне кіреді.
Жеңістің биылғы мерекесі Қазақстанның бірде-бір азаматын бей-жай қалдырмайтынына сенімдімін. Өйткені біздің елде сұрапыл соғыстың зардабын тартпаған отбасы жоқ деуге болады. Соғыста қаза тапқандарды ұмытпай, қаһарман ерлеріміздің рухына тағзым ету, ел ішінде бейбітшілік пен тыныштықты сақтау – баршаға ортақ парызымыз.
– Тағы бір өзекті мәселе бар. Соңғы кезде қазақ тілінің қолданылу аясы едәуір кеңейді. Мемлекеттік тілде еркін сөйлейтін азаматтардың саны көбейді. Бұл қазақ тіліне деген сұраныстың арта түскенін білдіреді. Бұдан бөлек, шетелдіктердің де тілімізді үйренуге деген қызығушылығы күшейді. Қоғамда қазақ тілінің рөлі одан әрі арта түсуі үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақ тілінің бәсекеге қабілеті және оны үйренуге деген қызығушылық барынша артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілін білу сәнге айналды, жастарымыз оны меңгеруге ұмтылатын болды. Мемлекеттік тіл азаматтардың қызмет бабында өсуіне және табысқа жетуіне жол ашатын маңызды фактор саналады. Еліміздің бизнес өкілдері маркетинг саласындағы науқандарын қазақ тілінде сөйлейтін тұтынушылардың сұранысына қарай өткізетін болды. Мұның бәрі мемлекеттің өте абай болуды қажет ететін әрі саяси тұрғыдан маңызды саналатын осы саладағы саясаты тиімді жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Сөз арасында айта кетейін, дүние жүзінде 7 мыңнан астам тіл бар. Соның ішінде үш мыңнан астам тілге жойылып кету қаупі төніп тұр. Қазақ тілі бұл топқа кірмейді. Ана тіліміз 2024 жылы әлемде ең кең таралған тілдердің арасында 79-шы орынға тұрақтады. Осы ретте күрделі әрі қарама-қайшылыққа толы кеңес заманында ана тілімізді әлемдік лингвистика картасынан жойылып кетуден сақтап қалған зиялы қауым өкілдерінің, ақын-жазушылардың, журналистер мен ғалымдардың, мұғалімдер мен мәдениет қайраткерлерінің, ауыл еңбеккерлерінің, яғни барша отаншыл азаматтардың еңбегін бағалауымыз керек.
Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады.
Шығармашыл жастар және креативті индустрия мемлекеттік тілді дамыту ісіне пайдасын тигізе алады. Мемлекет экономикадағы болашағы зор осы саланың өркендеуіне барынша қолдау көрсетеді. Отандық және әлемдік нарықта қаржылық жағынан тиімді әрі сұранысқа ие болатын түрлі контентті қазақ тілінде жасау қажет. Бұл жерде әдебиет, музыка, кино, сериал және компьютер ойындары туралы айтып отырмын.
Ана тіліміздің болашағы жарқын екеніне менің еш күмәнім жоқ. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде халқымызды ұйыстыру жолында маңызды рөл атқара береді. Бірақ тіліміздің тұғырын нығайтамыз деп, оны басқа тілдерге, соның ішінде орыс тіліне қарсы қоймау керек.
– Сіз өз сөздеріңізде жастарға айрықша назар аударасыз. Қазақстан жастарының өзін-өзі дамытуына мол мүмкіндігі бар. Оларға барлық жол ашық деуге болады. Кейбір жастардың құмар ойынға, есірткіге тәуелді болғанын немесе күні бойы еш мақсатсыз әлеуметтік желіде отырып, алтын уақытын босқа өткізіп жатқанын көргенде қынжыласың. Жас ұрпақты саяси жауапкершілігі жоғары әрі жан-жақты дамыған азамат етіп тәрбиелеу үшін не істеу керек?
– Мен түрлі жиындарда жастарымыз туралы жиі айтамын. Өйткені олардың болашағын ойлап, шын жүректен тілеулестік білдіремін. Еліміздің тағдыры – жастардың қолында. Біз отаншылдығын нақты ісімен көрсететін әрі мәдениеті жоғары ұрпақ өсіруге міндеттіміз. Реформаның бәрін жастардың игілігі үшін жасап жатырмыз. Бұл – әншейін әдемі сөз емес, мемлекет стратегиясының түпкі мәні.
Бүгінгі жастар біздің жас кезімізге қарағанда әлдеқайда көп біледі. Қазіргі технология дәуірінде бұл – қалыпты нәрсе. Қазақстанда дарынды, білімді әрі мақсатына ұмтыла білетін қыз-жігіттер көп. Дәл сол себепті мен жастарға сенемін деп жалықпай айта беремін.
Бір ғана тілегім, ақыл-кеңесім бар: жас азаматтарымыз дүниетанымы тұрғысынан жасампаз, ойлау қабілеті жағынан сындарлы болуға тиіс, олар жақсы мен жаманның аражігін ажырата білуі керек. Жастарымыз халқымыздың болмысына жат идеялардың жетегінде кетпесе, күйзеліске түспесе, нигилизмге бой алдырмаса екен деп тілеймін. Олардың белсенді, тәртіпті, білімпаз, еңбекқор болғанынқалаймын.
Тәуелсіздік ұрпақтары қазірдің өзінде ғылым, спорт, бизнес, креативті индустрия және мемлекеттік қызмет саласында зор жетістікке жетіп жүр. Көбі өндірісте және ауыл шаруашылығында табысты еңбек етеді. Бұл ретте мен осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Біз еңбек адамының абырой-беделін көтеріп, еңбекқорлық, кәсібилік сияқты құндылықтарды дәріптеу үшін әлі талай шаруа атқаруымыз керек.
Экономиканың көптеген саласында жұмыс қолы жетіспейді. Жұмысшы мамандықтар мол әрі тез табыс табу тұрғысынан қызықтыра қоймауы мүмкін. Бірақ бұл мамандықтардың еңбек нарығында сұранысқа ие болатынына да, қоғамдағы мәртебесі жоғары болатынына да кепілдік бар. Мен кәсіпорындарды аралаған кезде жастарды жиі жолықтырамын. Олардың арасында жұмысшы әулеттерінің өкілдері көп екені көңіл қуантады. Мемлекеттің міндеті – жас мамандарға материалдық және моральдық жағынан көмектесу. Мен бұл шаруамен үнемі айналысамын.
– Жастарымыздың білім қуып немесе жұмыс іздеп шетелге шығуына қалай қарайсыз?
– Рас, бүгінде жастардың көбі білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келеді. Бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі. Оған түсіністікпен қараған жөн.
Біздің жастарымыз әлемдегі беделді университеттерде жақсы білім алып, тәжірибе жинап, дүниетаным көкжиегін кеңейте алады. Сондықтан мемлекет, әрине, шетелде оқуға кедергі жасамайды, керісінше, ондай бастамаларға қолдау көрсетеді. Халықаралық «Болашақ» стипендиясы баршаға белгілі. Жас ғалымдардың шетелдегі ғылыми орталықтарда тағылымдамадан өтуіне жағдай жасалған. Бірқатар елмен студент алмасып тұрамыз.
Жастардың кәсіби біліктілігін көтеру немесе көбірек табыс табу үшін шетелге шығуы қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Олар үйреншікті мекенін тастап, өмірін күрт өзгертуден қорықпауы керек. Тіршілікке бейім, ширақ болуға тиіс. Өмір бойы бір ауылда немесе бір қалада тұрып, жарты ай жұмыста болғаны үшін биліктен жоғары жалақы талап ететін заман әлдеқашан келмеске кетті. Қазіргі жастар ондай болмауға тиіс. Қарым-қабілетің қай жерде қажетке жараса, сонда баруға тырысу керек. Баратын жерің ірі шаһар немесе басқа өңір, тіпті басқа ел болуы да мүмкін. Қазақта «Жүргенге жөргем ілінеді, жатқанға жан жуымайды» деген сөз бар.
Азаматтарымыз шетелде жүрсе де, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптеп, еліміздің абырой-беделін арттыруға атсалысып, Отанына пайдасын тигізе алады. Қазақстан деген брендті әлемге таныту да маңызды миссияның бірі. Дегенмен шетелге шығу «Барсакелмеске» кету деген сөз емес. Ұл-қыздарымыздың жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибе жинақтап, Қазақстанға оралғаны жөн. Елімізде білікті мамандардың аяғын жерге тигізбей, қағып әкететін салалар көп. Үкіметтің міндеті – олардың өз Отанында табысты еңбек етуіне жағдай жасау.
– Сұхбат бергеніңіз үшін ризашылық білдіремін. Бірақ айналып өте алмайтын тағы бір сұрағым бар. Сіз неге сұхбатты басқа ақпарат құралдарына емес, баспасөзге бергенді жөн көресіз?
– Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін де тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көздерінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді.
Менің болмыс-бітімім талдау жасауға бейім. Сөйлейтін сөздерімнің, мәлімдемелерімнің, тіпті жолдайтын хаттарым мен жеделхаттарымның мәтінін де өзім мұқият қараймын. Мен редакциялағаннан кейін мәтіндер мүлде басқаша болып шығатынына аппарат қызметкерлері әбден үйренген.
Әрине, журналистермен әңгімелесуге өздері бастамашы болып, телеарна тілшілеріне құлшына сұхбат беретін және өздерін жаңалықтардан көргеніне мәз болып отыратын басшылар да бар. Әркімдікі өзіне жөн шығар.
Осы сұхбатты сіздердің басылымдарыңызға беру арқылы еліміздегі журналистиканың тірегі саналатын қазақ тіліндегі медиаға қолдау көрсеткім келді. Биылғы 22 наурызда «Аna tili» газетінің жарыққа шыққанына 35 жыл толады. Алда келе жатқан мерейлі белестеріңіз құтты болсын! Осы уақытта газет жемісті жолдан өтті, өз ерекшелігі, тұрақты оқырманы бар белді әрі беделді басылымға айналды.
Бүгін біз ең өзекті деген бірталай мәселені ашық талқыладық деп ойлаймын. Жақсы сұхбат болды. Әдетте осындай ауқымды сұхбатта мемлекеттің қызметіне қатысты мұқият ойластырылған әрі маңызды мәселелер айтылады. Өткен жылға қорытынды жасалып, осы жылдың бағыт-бағдары айқындалады.
Шын мәнінде, бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады.
Әңгімелескен Ерлан ЖҮНІС
Дереккөз: ҚР Президентінің ресми сайты
https://www.akorda.kz/kz/kasym-zhomart-tokaev-maksatym-ekonomikany-zhane-egemendikti-nygaytu-203030
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/912761
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ: Білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту 04.01.2025
Алматы қаласы әкімдігінің жұмысында әлеуметтік-бағдарлы бағыт басымдыққа ие.
2024 жылы мегаполисте әлеуметтік салаға 741,2 млрд теңге бюджет қаражаты бөлінді. Алдағы жылы 851,9 млрд теңге қарастырылған, бұл бүкіл қала бюджетінің шығыстарының шамамен 40 пайызын құрайды. Осылайша, әлеуметтік саланы қаржыландыру 2025 жылы 15 пайызға артады.
Білім беру инфрақұрылымын дамыту: Бұл шаралар қаланың әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
2024 жылы Алматыда 11,7 мың оқушы орны бар 18 жаңа білім беру объектісі пайдалануға берілді. Бұл қабылданған шаралар келесі оқу жылында орын тапшылығын 3-4 мың орынға дейін азайтуға мүмкіндік береді. 2025 жылы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 27,3 мың орындық тағы 15 мектептің құрылысы аяқталады.
Сонымен қатар, қалада «Алматы мектептері» стандарты енгізілді. Бұл стандарт аясында мемлекеттік мектеп оқушыларын тасымалдау ұйымдастырылып, мектеп автобустарының саны 200-ге дейін артты. Бұл автобустардың көмегімен 15,3 мың оқушы мектептерге қауіпсіз жеткізіледі. 2025 жылы автобустардың саны тағы 100 бірлікке артпақ.
Қала мектептерінің инфрақұрылымын жаңғырту мен дамытуға көп көңіл бөлінуде. Биыл олар үшін 89 мектепте 168 жаңа модификацияланған кабинеттер сатып алынды. Бұл мектептердің 86,3 пайызын заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтауға мүмкіндік берді.
Биыл Алматыда қаладағы 43 мектепті бір ауысымда оқытуға көшіру бойынша бірегей бастама көтерілді. Ұзақ мерзімді перспективада 2027 жылдың соңына дейін мектептердің кемінде 40%-ын бір ауысымда оқытуға көшіру жоспарлануда, бұл шамамен 95 мектепті құрайды. Бұл бос уақытта сыныптан тыс жұмыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, бір ауысыммен оқытуға көшу екі ауысым жағдайында балалар мен мұғалімдерге түсетін салмақты жеңілдетуге көмектеседі.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай үш-алты жас аралығындағы балалардың 97 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамту туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында қалада бес балабақшаның құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту: 2024 жылы денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 25%-ға ұлғайды, ал инфрақұрылымды жаңғырту басты назарда болды.
Жыл ішінде Алматы қаласының мәслихаты алғашқы медициналық-санитарлық көмектің бірыңғай стандартын бекітті. Осы стандарт аясында 4 алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығы және 1 емхана салынды және 32 нысанды салу және жаңғырту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді.
2024 жылы Қазақстанда алғаш рет балалар арасында мүгедектікті азайтуға бағытталған ерте араласу орталығы құрылды. Сонымен қатар, Балалар шұғыл медициналық көмек орталығы ашылып, балалардың денсаулығын қорғау жұмыстары күшейтілді.
Денсаулық сақтау саласында жаңа технологиялар мен тәсілдер енгізілуде. 2024 жылы Қазақстанда алғаш рет «Ұрық хирургиясы» пилоттық жобасы іске қосылды. Енді Алматыда жылына 150-ге дейін жатырішілік ота жасау мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, орфандық аурулары бар пациенттерді қолдау көлемі артты. 2024 жылы 3 753 пациент үшін 9,2 млрд теңге сомасына 45 түрлі нозология бойынша дәрі-дәрмек қамтамасыз етілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыруды 10%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Жедел медициналық көмек қызметі де жетілдірілуде. Соңғы екі жылда автопарк 37%-ға жаңартылды оның ішінде 2023 жылы 55 жедел жәрдем машинасы сатып алынды, ал 2024 жылы 48 жаңа машина пайдалануға берілді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде денсаулық сақтау саласында маңызды жетістіктерге қол жеткізілді соның ішінде ана өлімі 48,2%-ға төмендесе, нәресте өлімі 5,4%-ға азайды, ал қатерлі ісіктерден болатын өлім 16%-ға төмендеді.
Алматы қаласында білім беру және денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға бағытталған шаралар қаланың әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/909936
Алматыда ШОБ субъектілері арасында жаңа жылдық үздік безендіруге арналған байқау басталады 04.01.2025
Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы шағын және орта бизнес өкілдері арасында қасбеттер мен оларға іргелес аумақтарды үздік жаңа жылдық безендіруге арналған байқаудың басталғанын жариялайды.
Қатысуға дүкендердің, қоғамдық тамақтану орындарының, қызмет көрсету саласы нысандарының иелері мен Алматының басқа да шағын және орта бизнес өкілдері шақырылады.
Өткізу мерзімі: 26 желтоқсаннан 13 қаңтарға дейін. Байқау қорытындысы 2025 жылдың 14 қаңтарында шығарылады. Байқаудың комиссия құрамына Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, салалық қауымдастықтардың өкілдері мен сарапшылар кіреді.
Жеңімпаздар төрт номинация бойынша анықталады:
Азық-түлік дүкенін үздік безендіру – 1 млн. теңге көлеміндегі жүлде;
Азық-түлік емес дүкенді үздік безендіру – 1 млн. теңге көлеміндегі жүлде;
Қоғамдық тамақтану саласындағы нысанды үздік безендіру – 1 млн. теңге мөлшерінде жүлде;
Қызмет көрсету саласындағы нысанның үздік безендірілуі – 1 млн. теңге көлеміндегі жүлде.
Бас жүлде иегері 2 млн. теңге көлемінде сыйлық алады.
Бизнес нысандарын үздік жаңа жылдық безендіруге арналған байқау ақшалай сыйлық алу мүмкіндігі ғана емес, бұл жаңа жылдық маусымда қаланы жарқын, жайлы әрі тартымды ету мүмкіндігі. Кәсіпкерлердің атсалысуы Алматы тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлайды.
Байқауға қатысу үшін Алматы қаласының Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасына өтінім беру қажет. Өтінімдер электрондық пошта арқылы қабылданады info@almaty.upp.kz осы жылдың 31 желтоқсанына дейін қабылданады. Өтінімге байқауға қатысушыға және оның байқауға ұсынылатын нысанына мінездеме, байқауға қатысушының «Дербес деректер туралы» ҚР Заңына сәйкес дербес деректерді өңдеуге келісімі қоса беріледі. Толық ақпаратты мына телефон нөмірі арқылы алуға болады: +7 747 671 59 96.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/910319
Алматыда 2025 жылдан бастап велосипедтерді жалға алу қызметі жаңартылып, заманауи технологиялармен жабдықталады 04.01.2025
2016 жылдан бері мегаполисте велоинфрақұрылымды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылуда. Сол жылы пилоттық режимде 270 велосипед пен 50 станция пайдалануға берілді. Ал 2017 жылы тағы 1460 велосипед пен 150 станция қосылды.Бұрын бұл жобаны «Velocity.kz» қоғамдық қоры жүзеге асырса, 2020 жылы бұл құқық «Арман Аймағы» қоғамдық қорына берілген болатын. 2018-2020 жылдар аралығында жоба Алматы қаласының Спорт басқармасының қаржыландыруымен іске асырылды. Кейіннен велокөлікті жалға беру жобасы Қалалық мобильділік басқармасының қарауына өтті.2025 жылы Алматы әкімдігі велосипедтерді жалға алу жобасын қайта іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жұмысты «Алматы паркинг» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Аталған мекеме мегаполисте тұрақтарды ұйымдастыру бағдарламасымен де айналысады.Ұйымның директоры Владимир Нидің айтуынша, қалалық әкімдік велосипед жалға алуды барынша ыңғайлы етуге баса мән беруде.«Қала ерекшеліктерін зерттей отырып, біз бұрынғы қателіктерді ескердік. 2016 жылдан бері велокөліктер жаңартылған жоқ. Ал қазір заман өзгерді. Бұрын тек механикалық велосипедтер болса, қазір олар электр қозғалтқыштармен жабдықталады», – деді Владимир Ни.Жоба аясында Еуропа, Ресей, Жапония, Корея және Қытай елдерінің тәжірибелері зерттелді.«Еуропалық велосипедтер сапалы болғанымен, олардың қосалқы бөлшектері өте қымбат, көбісі Қытайда шығарылады. Қазіргі велокөліктер антивандалдық қорғаныстармен жабдықталған, бұл олардың пайдалану мерзімін арттырады. Олардың рамалары берік, тежегіш механизмдері мен пластик батареялары жоғары төзімділікке ие. Бұл велобайктарды әртүрлі климаттық жағдайларда пайдалануға мүмкіндік береді», – деп атап өтті маман.Жоба жетекшісі Самат Ағабек қазіргі уақытта екі түрлі велобайк тестілеуден өтіп жатқанын айтты. Оның бірі – азиялық дене бітіміне, ал екіншісі – еуропалық дене бітіміне арналған.«Алты ай бойы біз велобайктарды сынақтан өткізіп, қала тұрғындарына пайдалануға бердік. Біз оларды сервистік орталықтарға техникалық тексеріс үшін апарып, қаншалықты ыңғайлы және оңай жөнделетінін, бөлшектерін табу мүмкіндігін бағаладық. Қазір конкурсқа арналған техникалық сипаттама дайындап жатырмыз», – деді Самат Агабек.Алғашқы кезеңде 2000 велосипед сатып алу жоспарлануда. Егер бұл көліктер алматылықтар арасында сұранысқа ие болса, олардың саны арттырылады.«Велобайктар қала өмірінің бір бөлігіне айналып, микромобильді көлік жүйесін толықтырады деп сенеміз. Бұл экологияға да өз үлесін қосады», – деді Владимир Ни.Сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз етуді жетілдіру көзделген.«Қала балансында болатын арнайы қосымша әзірленуде. Велобайктар GPS құрылғыларымен жабдықталады. Бұл олардың нақты уақыт режимінде қозғалысын бақылауға және ұрлықтан қорғауға мүмкіндік береді. Қала әкімдігі микромобильді көлік құралдарына арналған тұрақ ережелерін әзірлеуде. Сол ережелер бекітілгеннен кейін тұрақтар картасын жоспарлаймыз», – деді жоба жетекшісі.Велобайктар негізінен қала орталығында орналастырылады. Таулы аймақтарға шығу мүмкіндігі болмайды. Бұл шектеу барлық жалға алу жүйелері үшін қолданылады.«Алматыда күн сайын 1500-ге жуық адам велосипедті пайдаланады. Электрлі велосипедтер қолданысқа енгізілген соң, олардың танымалдылығы артады деп ойлаймыз. Себебі олар қауіпсіз әрі ыңғайлы», – деп қорытындылады Самат Агабек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/911120
Алматыда Аяз Атаның киіз үйлері ашылды 04.01.2025
Алматыда Аяз Атаның ұлттық стильде безендірілген мерекелік киіз үйлері пайда болды. Олар қаланың үш көрнекті жерінде: Астана және Абай атындағы алаңдарда және Арбатта орнатылған.
Аяз Ата қонақтарды қарсы алатын киіз үйлердің есігі келушілер үшін күн сайын сағат 15:00-ден 21:00-ге дейін ашық болады. Қала тұрғындары мен қонақтары 31 желтоқсанға дейін жаңа жылдың басты кейіпкерімен суретке түсіп, қуаныш пен ғажайыптар атмосферасына ене алады.
31 желтоқсанда киіз үйлер Астана алаңында түн ортасына дейін жұмыс істейтін болады, ал 2025 жылдың басталу сәтінде мұнда жаңа жылдық концерттен кейін отшашу болады.
Жаңа жылға дейінгі қалған күндерде киіз үйлердің жанында түрлі шығармашылық шеберханалар, қызықты ойындар, безендірілген сахналарда жанды қойылымдар және сүйікті жаңа жылдық кейіпкерлермен кездесулер өтеді.
Шеберлер мен қолөнершілер бүкіл отбасы үшін шеберлік сабақтарын өткізеді, онда қонақтар өз қолдарымен ерекше жаңа жылдық ойыншықтар жасай алады. Ағаш шырша ойыншықтарын безендіру, кружкаларды жарқын суреттермен және сәндік элементтермен безендіру, музыкалық қораптар жасау және жаңа жылдық тақырыпта гипс фигураларын жандандыру мүмкін болады. Бұл сабақтар барлығына өздерін нағыз шебер ретінде сезінуге және мерекенің бір бөлігін өздерімен бірге алып кетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/911156
Алматыдағы қонақ үй бизнесінің дамуы: қорытынды мен болашақ 04.01.2025
Алматы еліміздің жетекші туристік орталығының бірі ретінде позициясын нығайтып келеді. 2024 жылдың үшінші тоқсанының қорытындысы бойынша қалада 366 орналастыру орны жұмыс істеп, нөмірлік қоры 11,4 мың болды. Біржолғы қабылдау сыйымдылығы 22,3 мың орыннан асты, ал көрсетілген қызмет көлемі 27,6%-ға өсіп, 70,2 миллиард теңгеге жетті. Сонымен қатар, қонақ үйлер қызметінен түскен салық түсімі 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында екі есе өсіп, 9,8 миллиард теңгеге жетті.Биыл жеке инвестициялардың арқасында Алматыда 35 жаңа орналастыру орны ашылды, оның ішінде 20 қонақ үй, 4 глэмпинг, 8 хостел және 3 шағын қонақ үй бар. Жалпы 836 нөмір пайдалануға берілді.Сонымен қатар, қалада глэмпингтер мен хостелдер сияқты жаңа орналастыру форматтары пайда болды. Жаңа шешімдердің қатарында капсулалық қонақ үйлер бар, олар шағын әрі заманауи тұру жағдайын ұсынады. Сонымен бірге туристердің әртүрлі қажеттілігін ескеретін әртүрлі орналастыру форматтары да енгізілуде.Қазіргі уақытта қонақ үйлерді салу бойынша 30 жаңа жоба бақылауда. Жалпы инвестиция көлемі шамамен 336,3 миллиард теңге. Бұл жобалар аясында 4 415 нөмір салу жоспарланған:1 125 нөмірі бар 7 нысан құрылыс сатысында (68,3 млрд теңге);3 290 нөмірі бар 23 нысан жобалау сатысында (268 млрд теңге).Инвесторлар қонақ үй салуға қызығушылық танытып, тұрғын үй емес, қонақ үй инфрақұрылымын дамытуға екпін беріп отыр. Бұл Алматының туристік әлеуетінің артуымен және қала қонақтарын жайлы орналастыру үшін нөмірлік қорды көбейту қажеттілігімен байланысты.Барлық жобаны жүзеге асыру 2027 жылға жоспарланған. Бұл қаладағы нөмірлік қорды едәуір ұлғайтуға, туристік қызмет көрсету сапасы мен жайлылығын жақсартуға мүмкіндік береді. Инфрақұрылымның дамуының арқасында Алматы туристерді одан әрі тартып, халықаралық қонақжайлылық орталығы ретіндегі позициясын нығайта береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/911631
Аяз Ата рөліндегі жас альпинистердің Алматыдағы кішкентай пациенттер үшін ерекше құттықтауы 04.01.2025
Алматыда жаңа жылдық күндер, әсіресе 2-ші балалар клиникалық ауруханасының кішкентай пациенттері үшін ғажайыптарға толы. Қалыптасқан дәстүр бойынша "Киров" әскери-патриоттық клубының Аяз ата-альпинистері балаларды өздерінің шығармашылық тәсілдерімен таң қалдырады. Клуб тәрбиеленушілері шатырдан тікелей палаталардың терезелеріне түсіп, балаларға күткен мерекені сыйлады.Балаларды осындай ерекше тәсілмен құттықтау идеясы 2017 жылы басталды, содан бері іс-шара жыл сайын алғашқы әскери дайындық оқытушы Бақытжан Перимбетовтың басшылығымен және Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қолдауымен өткізіледі. Бұл жолы қысқы сиқыршы ересек емес болып шықты-Аяз Ата рөлін 110-шы мектеп-гимназиясының 9-сынып оқушысы Пархат Зиинкал орындады. Ол бірінші рет емес, қаншама рет өзінің взводымен бірге 4000 метрге дейінгі шыңдарды бағындырған. .Аяз Атаның терезе арқылы пайда болуы балалар мен ересектердің көңілінен шықты. Әскери-патриоттық клубтың балалары сыйлықтарды қуана табыс етті, ал балалар өз кезегінде оларды өлеңдерімен және әндерімен қуантты.Айта кету керек, "Киров" клубы 8 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді және оның тәрбиеленушілері қала тұрғындарын Жаңа жылмен құттықтау үшін көпқабатты үйлердің төбесінен түсіп, мегаполис тұрғындарын бірнеше рет қуантты.Жас альпинистер қуанышты тек сөзбен ғана емес, сонымен қатар ерекше әрекеттермен де беруге болатындығын дәлелдеді. Олардың бастамасының арқасында ауруханада жаңа жылды қарсы алуға мәжбүр болған балалар жаңа жылдық сиқырды сезінді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/912692
Домбыраның үні мен Жаңа жыл рухы: «Ұлытау» тобы Алматыда конуерт өткізді 04.01.2025
Жаңа жыл қарсаңында әйгілі «Ұлытау» этно-рок тобы Астана алаңында өнер көрсетіп, Алматының мыңдаған тұрғындары мен қонақтарын қуантты. Олардың домбырадағы виртуоздық ойыны рок дыбысымен үйлесіп, көрермендерге әсерлі кеш сыйлады.
Мерекелік шара «Алатау» дәстүрлі өнер театры әртістерінің дәстүрлі және заманауи бағыттағы әндерімен басталып, көрермендерге ұлттық мәдениеттің байлығын пан етті.
Сахнада танымал музыкалық топтар мен солистер де өнер көрсетті. Көрермендерді жарқын би нөмірлері, заманауи хиттер мен әртістердің шын жүректен құттықтаулары қуантты.
Алаңдағы жарқыраған шырша, гирляндалармен өрілген ағаштар және түрлі фотоаймақтар нағыз ертегідегідей Жаңа жылдық көңіл-күй тудырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/912693
Fire show, иллюзионистер, жонглерлер, эквилибристтер мен сайқымазақтар алматылықтарға жаңа жылдық керемет қойылым сыйлады 04.01.2025
Алматыда мыңдаған қала тұрғыны мен қонақтары үшін ауқымды мерекелік іс-шаралар өтіп жатыр. Астана алаңы мен Абай атындағы алаңда, Арбатта және Тұңғыш Президент саябағында виртуоз жонглерлер, эквилибрист шеберлері, иллюзионистер, көңілді клоундар, сондай-ақ Аяз ата мен Ақшақар өнер көрсетті. Олар көрермендерге нағыз жаңа жылдық атмосфера сыйлады.
Алматы циркінің өнерпаздары көрермендерді fire show-мен таң қалдырды: артистер лапылдап жанған құралдармен жонглерлік етіп, түрлі трюктер көрсету арқылы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Эквилибрист болса биіктігі алты метрге дейінгі құрылымды орната отырып, бас айналатын биіктікте аса күрделі трюктерді орындап, көрермендерді таң қалдырды.
Азия және Қазақстан Республикасының чемпионы, армрестлингтен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Спатаевтың өнері де әсерлі болды. Оның ауыр заттармен жонглерлік етуі, қолмен шегелер қағуы және жылытқышты шар сияқты үрлеуі сынды алып-күш иесінің шоуы кештің ең жарқын сәттерінің біріне айналды.
Мерекелік бағдарламада үйретілген иттердің өнері, сайқымазақтардың қатысуымен қойылған ойын-сауық нөмірлері, иллюзионистердің сиқырлы көріністері мен интерактивті байқаулар болды. Аяз Ата мен Ақшақар барлық қатысушыға мерекелік көңіл-күй сыйлап, би ұйымдастырып, ойындар өткізіп, Алматы халқын келе жатқан 2025 жылмен құттықтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/912695
Жаңа 2025 жыл: Алматы – мыңдаған шам қаласы 03.01.2025
Белгілі фотограф Дмитрий Доценко әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа жылдық Алматының керемет және әсем суреттерімен бөлісті. Оның объективіне түрлі-түсті Арбат, Панфилов көшесі, Абай, Астана және Республика алаңдары, сондай-ақ жарқыраған Тұңғыш Президент саябағының көріністері түскен.Жаңа жыл қарсаңында Алматы ерекше безендірілді. Әуежайдан бастап орталық алаңдарға дейін қала толығымен мерекелік кейіпке енді. Қалада 300-ге жуық жарқыраған құрылым орнатылды, олардың арасында ертегі кейіпкерлері мен мерекелік әшекейлер бейнеленген. Сонымен қатар, былтыр жөндеуден өткен 120 шағын сәулет нысандары қайта пайдаланылды. Магистраль бойындағы ағаштар жарықдиодты шамдар мен гирляндалармен безендірілген. Жалпы, қала бойынша 1500 жарық элементі орнатылды, оның ішінде 350-і – қалпына келтірілген өткен жылғы кронштейн.Айта кету керек, Абай алаңында биіктігі 25 метр болатын мегаполистің басты жаңа жылдық шыршасы орнатылды. Биылғы жылы шырша алғаш рет қаңқалы емес, табиғи діңді классикалық стильде жасалды. Оны безендіру үшін алты шақырым гирлянда, түрлі-түсті шарлар және шырша ойыншықтары қолданылды.Сонымен қатар, Абай алаңында 5 қаңтарға дейін жұмыс істейтін жаңа жылдық жәрмеңке ұйымдастырылды. Мұнда кәдесыйлар, қолөнершілердің бұйымдары және мерекелік әшекейлерді табуға болады.Естеріңізге сала кетейік, бүгін Алматыда эстрада жұлдыздарының қатысуымен 3 ауқымды концерт өтеді: Абай алаңында сағат 19:00-ден 21:00-ге дейін Бүркіт, Ақбота-Нұр, Ғазизхан Шекербек, Диана Исмаил, Кенжебек Жанәбілов және басқа да артистердің қатысуымен концерт өтеді.Сондай-ақ, «Нұрлы Тау» бизнес орталығының алдында сағат 18:00-ден 21:00-ге дейін жастар концерті ұйымдастырылады. Онда DJ Slim, Altair&ABBi, 2RAR, Dakelot және «Аll Давай» бойз-бендінің солисті әрі продюсері Шоқан Маратұлы өнер көрсетеді.Астана алаңында жаңа жылдық концерт сағат 21:00-де басталып, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады. Сағат түнгі 00:00-де мерекелік отшашу ұйымдастырылады.Жаңа 2025 жылды тойлау құрметіне ҚБТУ ғимаратының алдында Ерсейіт Әлиев, Елбол Қуанбек, Ұлжан Ағлақова, Chingiz Typhoon, Makvin, Орынхан, 6ellucci, Мархаба Сәби, Moldanazar және RaiM өнер көрсетеді.https://www.instagram.com/p/DEPNU7gofog/?igsh=MTM4bzlqcG85eDR3Yw== Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/912694
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған жаңажылдық құттықтау сөзі 01.01.2025
Қымбатты отандастар!Сіздерді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!Бүгін бәріміз жүзжылдықтың ширек ғасырлық белесіне қадам басқалы тұрмыз. Биыл Алтай мен Атырау арасындағы барша жұрт тарихтың жаңа парағын бір мезетте ашады. Халқымыз екі жылдың тоғысар тұсын ізгі ниетпен, ерекше көңіл-күймен күтеді. Өткен күндерді саралап, ескі жылға баға береді. Арман-мақсатын айқындап, болашаққа үлкен үмітпен қарайды. Бұл – нағыз отбасылық мереке. Сондықтан мен баршаңызға, ең алдымен, еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын дегім келеді.Ұлу жылы ұлтымыз үшін маңызды оқиғаларға толы болды. Түрлі саладағы реформалар жемісін бере бастады. Экономиканың жаңа бағдарын белгілеп, нақты шараларды қолға алдық. Өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамуда. Бірқатар ірі өндіріс орны ашылды. Инвестициялық ахуал жақсарды. Мыңдаған шақырым жол салынып, жөнделді. Еліміздегі ең ұзын көпірдің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілді.Диқандарымыз мол астық жинап, қамбаны дәнге толтырды. «Таза Қазақстан» акциясының аясында қалалар мен ауылдар жаңаша келбетке ие бола бастады. Алғаш рет азаматтарымыздың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жасқа жетті.Өскелең ұрпақтың жарқын болашағы үшін ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсті. Жүзден астам жаңа мектеп ашылды. Көптеген әлеуметтік нысан салынды.Парламент депутаттары қоғамдағы өзекті мәселелер бойынша заңдар қабылдады. Сондай-ақ биыл біз еліміздің келешегіне айрықша әсер ететін өте маңызды шешім қабылдадық. Атом электр станциясына қатысты референдум өткіздік. Көпшілік бұл бастамаға қолдау білдірді.Қазақстанның әлемдік аренадағы абыройы арта түсті. Астанада беделді халықаралық ұйымдардың маңызды саммиттері өтті.Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына мыңдаған спортшылар мен меймандар келді. Байрақты бәсекені табысты ұйымдастырып, төл өркениетімізді жер жүзіне таныттық. Спортшыларымыз Олимпиада және Паралимпиада ойындарында көк туымызды биікте желбіретті. Оқушыларымыз түрлі білім сайыстарынан жүлделі оралды. Басқа да көптеген табыс бар.Биыл көктемде бірқатар аймақта алапат тасқын болғанын білесіздер. Табиғаттың тосын сынағы бәрімізге ауыр тигені сөзсіз. Соған қарамастан, қиын күндерде халқымыз бір-біріне жанашыр болып, мызғымас бірлігін көрсетті. Зардап шеккен барша азаматқа жан-жақты көмек берілді. Мемлекет ешкімді назардан тыс қалдырған жоқ. Барлық міндеттемесін толық орындады. Жүздеген отбасы Жаңа жылды жаңа шаңырақта қарсы алып жатыр. Біз осылайша ырысты ынтымағымыздың арқасында барлық қиындықты еңсереміз. Алға сеніммен қадам басамыз. Жүйелі реформалар одан әрі жалғасады. Жоспарымыздың бәрі ойдағыдай орындалады. Алдағы жыл бұдан да табысты болады. Мен Президент ретінде бұған бар күш-жігерімді саламын.Үкімет тиімді жұмыс атқарып, экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз етуге тиіс. Жаңа өндіріс орындарын ашып, бизнеске қолайлы жағдай жасау қажет. Жол салуды жалғастырып, коммуналдық саладағы түйткілді мәселелерді шешу керек. Цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні қолдану аясын кеңейткен жөн. Ауыл еңбеккерлерін барынша қолдау маңызды. Басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру.Мемлекет білім беру және денсаулық сақтау, ғылым және мәдениет салаларын дамытуға баса мән береді.Біз жаңа мектептер мен ауруханалар салып, педагогтердің, дәрігерлердің, ғалымдар мен мәдениет қайраткерлерінің мәртебесін көтере береміз. Жастарға да міндетті түрде қолдау көрсетеміз.Келесі жылы елімізде бірнеше айтулы оқиға болады. Біз Ұлы Жеңістің 80 жылдығын лайықты атап өтеміз. Ата Заңымыздың және Қазақстан халқы Ассамблеясының отыз жылдық мерейтойларын жоғары деңгейде өткіземіз. Сондай-ақ ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойын лайықты атап өтуіміз керек.Мен алдағы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияладым. Бұл – еңбек адамдарына деген ерекше құрметтің белгісі. Біз отаншылдық, еңбекқорлық және біліктілікке айрықша мән береміз. Дәл қазір мерекеге қарамастан мыңдаған отандасымыз жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында шекарашылар, дәрігерлер, тәртіп сақшылары, құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, өндіріс басындағы мамандар және басқа да азаматтар бар. Мұны өз ісіне деген адалдықтың нағыз үлгісі деуге болады. Мен бүкіл халқымыздың атынан Сіздерге шынайы ризашылығымды білдіремін. Шетелде білім алып жатқан немесе жұмыс істеп жүрген азаматтарымызға амандық тілеймін!Қадірлі ағайын!Осы мерекелік сәтте мен әр шаңыраққа шаттық тілеймін! Жаңа жыл әр азаматқа жақсылық әкелсін! Төрт құбыламыз түгел болсын! Ардақты аналарымыз бен ардагерлеріміз аман болсын! Жас ұрпақтың жолы ашық, болашағы жарқын болсын! Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін! Жаңа жылда баршаңызға амандық, бақ-береке тілеймін!Әр үйде қуаныш көп болсын! Сіздерге мықты денсаулық тілеймін! Ырыс-несібелеріңіз арта берсін!Жаңа жыл құтты болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/912706
Атырау қаласында білім беру сапасын арттыруға бағытталған «Nazar» жобасы іске қосылды 30.12.2024
Жобаның ресми ашылу салтанатына облыс әкімі Серік Шәпкенов пен «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысты,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.«Nazar» – «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп әзірленген білім беру сапасын жақсартуға бағытталған пилоттық жоба. Жоба аясында қаладағы 64 мектепке 2 426 бейнебақылау камерасы орнатылды. Жоба мұғалімдердің сабақ беру сапасын әділ бағалау және оларға әдістемелік қолдау көрсету мақсатында жасалды.Білім беру процесіне мониторинг жүргізуді облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинеті жүзеге асырады. Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, камералар арқылы негізгі критерийлер тіркеледі. Бағалау сабақтың мақсаты, оқыту әдістері, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы өзара әрекеттестік, цифрлық білім беру ресурстарын пайдалану, сабақ құрылымы және уақытты тиімді пайдалану аспектісі арқылы жүзеге асырылады.Әдістемелік орталықтың қызметкерлері сабақтарды нақты уақыт режимінде қадағалап, талдау мүмкіндігіне ие. Мұғалімдерге кері байланыс пен әдістемелік қолдау «kundelik.kz» платформасы арқылы беріледі.Бұрын әдіскерлер жылына шамамен 1 500 сабақты бағалады, себебі әр кабинетке барып-қайту көп уақытты алды. «Nazar» жобасының іске қосылуымен бұл процесс тиімдірек болмақ. Яғни мамандар бір компьютермен барлық сабақты қашықтықтан талдай алады. Бұл жылына 5 100 сабаққа дейін бағалауға мүмкіндік беріп, мұғалімдердің жұмысын жан-жақты талдау мен қолдауға жағдай жасайды.Жаңа жүйе әдіскерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетеді, кабинеттерді физикалық тұрғыда араламайды және жалпы білім беру мен оқыту сапасының артуына ықпал етеді.«Nazar» жобасын алдағы уақытта қала мектептерінен бөлек, аудандық білім орадаларында іске асыру жоспарланған, бұл облыс оқушыларының білім сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/911276
Астанадан 1 миллион текше метрден астам қар шығарылды 30.12.2024
Қыс басынан бері Астанадан 79 881 ауыр жүк көлігі рейсімен миллион текше метрден астам қар шығарылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.14 желтоқсаннан бастап түнгі ауысымда. 15-іне дейін қала көшелерін қар мен мұздан тазартуға 160-тан астам адам жол қызметкерлері мен 600-ден астам арнайы техника шықты.14 желтоқсанда Ауыр жүк көлігінің 803 рейсінде 10 152 мың текше метр қар жауды.Ережеге сәйкес, көлік кептелісі болмас үшін бірінші кезекте қалада көлік қозғалысы өте көп аумақтар тазартылады. Сондай-ақ қар орташа қарқындылықтағы аумақтардан – алаңдардан, вокзал аумақтарынан, тротуарлардан, әлеуметтік нысандарға кіреберіс жолдардан және т.б. тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі бағыттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалауға басымдық беріледі.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигондары бар. Олар самосвалдардың нөмірлерін оқу жүйесімен жабдықталған, бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарын жолда сақ болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды және жол жүруден бас тартуды сұраймыз. дауылды ескерту кезінде ұзақ сапарлар.Төтенше жағдай кезінде 112 қоңырауы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/903314
Марқакөл көлінде бірегей халықаралық туристік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда 30.12.2024
Туризм саласы Шығыс Қазақстандағы ең қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады. Дәл бүгінде шағын және орта бизнесті дамытудың ұйытқысы және оны одан әрі дамытудың драйвері болып отыр.➤ Марқакөл көлінде бірегей халықаралық туристік жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Шыңжаңдағы Қанас және Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл көлдерін бір туристік бағытпен байланыстыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қанас көліне жыл сайын 10 миллионға жуық отандық туристер келеді.➤ Бұл жерлердің бедері мен табиғаты Марқакөл көліне ұқсайды, ал Шығыс Қазақстандағы көл. бірнеше есе үлкен, сондықтан оның туристік әлеуеті орасан зор. Өкінішке орай, көлде әлі қажетті инфрақұрылым жоқ, бірақ қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған табысты туристік жобамен мұндай байланыс Марқакөлге саяхатшыларды тартуға жаңа серпін береді.- Бұл жоба мыңдаған туристерді тартады, өйткені ол толығымен бірегей. Қазір Теректі ауылының ауданында жаңа шекара өткелін ашу және тікелей көлге жол салу мәселелері пысықталуда, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. .➤ Айта кетейік, соңғы бірнеше жылда өңірде туризмді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Инфрақұрылымды дамытумен қатар қызмет көрсету саласындағы кәсіпкерлер үшін туристерді қарсы алу және ас мәзірін жасау бойынша курстар ұйымдастырылады.➤ «Шығыс салбурыны», «Altay Fest» брендтік іс-шаралары Шығыс Қазақстанның туризм индустриясының белгісіне айналуда.< br>➤ Шығыс Қазақстанның бірнеше өңірлерінде бірден туризмді дамытуға оң ықпалын тигізетіні сөзсіз, Катонқарағай мен Зайсандағы әуежайлардың салынуы өз әсерін тигізері сөзсіз. Келесі жылы әуе айлақтарын салу жұмыстары басталады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/898848
Облыс әкімдігінің келесі отырысы 2024 жылдың 18 желтоқсанында өтеді 30.12.2024
Құрметті Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласының тұрғындары мен қонақтары! 2024 жылғы 18 желтоқсанда сағат 10-00-де облыс әкімдігінің кезекті отырысы өтеді. Шығыс Қазақстан облысы әкімінің төрағалығы.Мекенжайы: Өскемен қаласы, М.Горький көшесі, 40, мәжіліс залы. № 108.Жиналыс тікелей эфирде өтеді, оны YouTube арнасынан онлайн көре аласыз.Ашық отырысқа қатысқысы келетіндер үшін хабарлаймыз.Кездесуге қатысуға өтініш ашық мәжіліс оффлайн режимінде Өскемен қаласы, М.Горький көшесі, 40-кабинет мекенжайы бойынша жиналыс өткізілетін күнге дейін екі жұмыс күнінен кешіктірмей (мереке күндерін қоса алғанда, 17 желтоқсанға дейін) қағаз түрінде қабылданады. № 414 немесе электронды түрде P.Kokkozeva@akimvko.gov.kz мекенжайы бойынша. Өтініште жиналысқа қатысуға ниет білдірген адамның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған жылы көрсетіледі. , сондай-ақ кері байланыс үшін байланыс ақпараты. Отырысқа жіберілгендер ғимарат ішіндегі және ғимараттарға кіруді бақылаудың белгіленген тәртібін сақтайды.Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің ашық отырысының күн тәртібі 1. Шығыс Қазақстан облысындағы фитосанитариялық қауіпсіздік туралы Баяндамашы: Ажар Елемесқызы Қажыбекова, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысыТең баяндамашылар:1) Эпизоотиялық қауіпсіздік туралы облыс Сағандықов Рамиль Нығметчанұлы, ветеринария басқармасының басшысы2) Облыстағы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы Қанат Абдусалимұлы Тұрдиев, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы (келісім бойынша) Ақпарат: 2. Шығыс Қазақстан облысының балық шаруашылығын дамытудың ағымдағы жағдайы туралыСөйлеушілер: Есентаев Арман Нағашыбайұлы, Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қала және аудан әкімдері3. Қатерлі ісікпен күресудің кешенді жоспарын іске асыру қорытындысыБаяндамашы: Жігітаев Төлеген Хайроллаұлы, денсаулық сақтау басқармасының басшысыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/899202
Азат Сұлтанов алматылық процессорлармен кездесті 30.12.2024
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Алматы қаласының тұрғындарымен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесуінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылады.Азат Сұлтанов қайта өңдеудің жоғары шоғырлануына байланысты екенін атап өтті. кәсіпорындар, Алматы халықты сапалы өніммен қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігінің тапсырмасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту және оның үлесін өндірілетін шикізаттың 70%-ға дейін арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Қайта өңдеуді қолдаудың жаңа шараларын, жаңа нарықтарды ашуды, сондай-ақ қазақстандық өңдеушілерді қолдаудың қорғау шараларын қолдануды көздейтін 2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамытудың кешенді жоспары қабылданды.Жоспарланған. 5 жыл ішінде жоспарды жүзеге асыруға 372 млрд теңге, оның ішінде инвестициялық мақсатқа 150 млрд теңге және ағымдағы мақсаттарға – 222 млрд теңге бөлуге», – деді. Вице-министр.Азат Сұлтанов сонымен қатар ағымдағы жылы іске қосылған өңдеуші кәсіпорындарды айналым қаражатын толықтыру үшін жеңілдікпен қаржыландыру бағдарламасына тоқталды. Бағдарлама отандық қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру мәселесін шешеді.2025 жылы АКК бойынша пайыздық мөлшерлемелерді тікелей субсидиялау және тартылған қаражатты өңдеу кәсіпорындары үшін айналым қаражатын сатып алуға пайдалану арқылы жаңа механизмді сынақтан өткізу жоспарлануда. 48,5 млрд.теңге сомасында шикізат мәселесін жүйелі шешу мақсатында ОҚО-ның агроөнеркәсіптік кешендегі ірі өнеркәсіптік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру тәжірибесін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы қайталау шаралары жүргізілуде. Биыл қуаттылығы 373 мың тонна сүтті құрайтын 65 МТФ пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 100 миллиард теңге бөлінді.«Кешенді жоспардың негізгі блогы ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сатуды кеңейту мәселесі болып табылады. Жоспардың орындалуы қайта өңдеу өнімдерінің жалпы өндірісін 1,4 есеге арттыруға, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешеннің ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу үлесін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Азат Сұлтанов. шаруаларға жағдай жасау. Осылайша, биылғы жылы егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу көлемі алғаш рет 580 миллиард теңгеге жеткізілді, бұл заманауи агротехнологияларды енгізуге және фермерлеріміздің техникалық паркін айтарлықтай жаңартуға мүмкіндік берді. кепілі жетіспейтін шаруаларды қаржыландыруды жабу, несие сомасының 85% дейін кепілдік беру. «Жеңілдікті лизинг» бағдарламасы бойынша отандық өндірістің ең қажетті жабдықтарының кең ассортиментін сатып алуға «таза» жылдық 5 пайызбен 120 миллиард теңге бөлінді.Қабылданған шаралардың нәтижесінде егіс алқаптарын жоғары рентабельді дақылдар пайдасына әртараптандыру сәтті жүзеге асырылды, 1,2 миллион тоннадан астам минералды тыңайтқыштар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 еседен астам жоғары, элиталық тұқымдардың үлесі 2009 жылдан ұлғайды. 7,1%-дан 9,5%-ға, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейі 4,5%-дан 5,3%-ға дейін.Қарашаның аяғында 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын мерзімінен бұрын қаржыландыру басталды.Орындау шеңберінде Мемлекет басшысы 2025 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына 700 миллиард теңгеге дейін қаражат бөледі, оның 560 миллиард теңгеге жуығы нарықтық көздерден тартылады капитал.Кездесу қатысушылары Қытайға ет экспорттау, GISS порталының жұмысы, тауарларды сату және т.б. қатысты сыйақы мөлшерлемелері мен инвестициялық субсидияларды субсидиялау туралы сұрақтар қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/899293
Жетісу өңірінде әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын жаңарту пайызы 50 пайызға жетті. 30.12.2024
Жетісу өңірі құрылғаннан бері жөндеу және жаңа құрылыстарды қоса алғанда, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жаңарту пайызы 50%-ды құрады. Ал биыл да ерекшелік болған жоқ. Білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау салаларында жаңа заманауи нысандар іске қосылды, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Сонымен, білім беру саласында биыл Жетісуда Облыста 1055 орындық 13 балабақша мен 1461 қосымша орын ашу жоспарлануда. Оның ішінде жыл басынан бері 914 орындық 12 балабақша, 150 орындық 5 шағын орталық, қосымша 594 орын ашылды. 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 94,4 пайызды, 3-6 жас аралығындағы балаларды – 98,8 пайызды құрады.Облыстағы бірінші жайлы 1200 орындық мектеп қалада пайдалануға берілді. Жаркент, Панфилов ауданы, сонымен қатар ауылдағы 120 орындық мектеп. Қаратал Көксу ауданы. Сонымен қатар, Көксу ауданы, Балпық би кентіндегі балабақшаға арналған бұрынғы спорт мектебінің ғимаратын қайта жөндеу және 4 мектепті күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.Облыстағы денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымы да айтарлықтай жақсарды. жыл.Атап айтқанда, ағымдағы жылы 16 нысанның құрылысы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде Панфилов ауданы Шежін ауылында фельдшерлік-фельдшерлік пункт құрылысы және 3 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Көксу, Панфилов, Сарқан аудандары. Жыл соңына дейін Кербұлақ ауданы Сарыөзек ауылында 250 келушіге арналған емхана ашу және Қаратал аудандық орталық ауруханасының А блогын күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда.17 блок-модульдік медициналық Кешендер Бибақан, Қоңыр, Алакөлдің Архарлы, Екпенді, Ескелдідегі Жаңалық, Оңжас, Көксай, Қазан ауылдарында орнатылды. Тастыбастау, Қарлығаш, Рудник-Архарлы, Жоламан стансасында, Кербұлақ, Черкаск, Абай, Аманбөктер Сарқан ауылдары, Көксу ауданының ПЧ-45 және Текелі қаласыСонымен қатар, республикалық жоба аясында « Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы бойынша облыста 59 нысанның, оның ішінде 15 дәрігерлік амбулатория, 39 нысанның құрылысы жүргізілуде. фельдшерлер мен фельдшерлер мен 5 медициналық пункт, оның ішінде жыл соңына дейін 33 нысан пайдалануға беріледі.Облыстағы спорт саласында Текелі қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы, а. Сарқан ауданы, Алмалы ауылындағы спорт кешенінің құрылысы аяқталды, қаладағы орталық стадион қайта жаңғыртылды .Талдықорған. Сондай-ақ Көпбірлік, Тастөбе, Ескелді би атындағы Қаратал, Қызылжар Кербұлақ ауылдарында 3 блок-модульдік кешендерді орнату жұмыстары аяқталды.Сонымен қатар Талдықорған қаласында «Жетісу» кәсіби волейбол клубы үшін волейбол орталығы ашылды. Қазақстанда баламасы жоқ, сондай-ақ инвестордың қаражатына салынған спортшыларға арналған төрт қабатты тұрғын үй. Сондай-ақ, жуырда ғана инвестициялық қаражат есебінен облыста алғашқы Үстел теннисі орталығы ашылды.Жалпы, 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету 64,0 пайызды құраса, жүйелі түрде тұрғындардың үлесі. дене шынықтыру және спортпен айналысатындар облыс халқының 42 пайызын құрайды.Мәдениет саласы да назардан тыс қалған жоқ.Сонымен, биыл облыста ауылдарда 5 мәдениет нысанының құрылысы жүргізілуде. Есеболатовтың, Матайдың, Ақсу ауданының Арасан, Ескелді ауданының Қаратал, Көксу ауданының Жарлыөзек. Оның ішінде Ескелді ауданы, Қаратал ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, қалған нысандар 2025 жылға көшуде.Сонымен қатар Қоңыр, Жалғызағаш ауылдарында 3 блок-модульдік мәдениет нысаны орнатылды. , Ескелді ауданы және Ескелді би, Қаратал ауданы. Жыл соңына дейін Көшкентал, Ақсу, Қоғалы және Қарашоқы, Кербұлақ аудандарындағы 3 ауылдық мәдениет ошағында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тағы 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.Жетісу ауданы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/899236
Жамбыл облысындағы «Қазводхоз» филиалы 11 су нысаны мен 1 су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтады. 30.12.2024
Жамбыл облысындағы «Қазводхоз» филиалы 11 су шаруашылығы нысанында және 1 су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтады. Су өлшеуіш тіректері қалпына келтірілді, электр қозғалтқыштары мен көтергіш қақпа кабельдері жөнделді. Бұл нысандардың қауіпсіздігі мен сенімділігін арттырады, сондай-ақ тасқын сулардан қорғауды қамтамасыз етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/898928