Enbekshi QazaQ

Саясат

ҚР АШМ және COFCO үш жылдық келісімшарттар шеңберінде ынтымақтасуды жоспарлауда 02.12.2024
Қытайға жұмыс сапары барысында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров COFCO International компаниясының президенті Бай Юнмен кездесті. Келіссөздерге компанияның вице-президенті Сюй Гуанхан, компания департаменттерінің өкілдері және қазақстандық делегация қатысты.Кездесуде негізгі бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективалары талқыланды.«Қазақстандық Өсімдік шаруашылығы өнімдерін ҚХР нарығына жеткізуде үлкен әлеует бар. Қазақстандық астықтың Қытай бағытындағы экспорты біз үшін үлкен қызығушылық тудырады. COFCO астық жеткізу саласындағы Қазақстан үшін негізгі және стратегиялық сауда серіктестерінің бірі болып табылады. Біз ынтымақтастықты күшейтуге және жеткізілім көлемін арттыруға дайынбыз», - деді министр.Аграрлық саладағы ірі әлемдік ойыншылардың бірі COFCO басшылығы астық өнімдерін қоса, қазақстандық мал шаруашылығы өнімдерін, майлы дақылдарды, сондай-ақ күнбағыс пен зығыр майын жеткізуге қызығушылық танытты.Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы агроөнеркәсіптік саладағы тұрақты және өзара тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ететін үш жылдық келісімшарттарға қол қою туралы мәселені талқылауға келісті.COFCO – Қытайдың ауылшаруашылық өнімдерін, соның ішінде дәнді және майлы дақылдарды өңдеумен, экспорттаумен, логистикамен айналысатын ірі мемлекеттік корпорациясы. Компания қытай нарығындағы өсіп келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін жоғары сапалы өнімдердің, оның ішінде Қазақстаннан импортты белсенді түрде кеңейтуде.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Елдің экспорттық әлеуетін нығайта отырып, отандық өнімді халықаралық нарықтарға жылжыту жөніндегі стратегиялық міндеттерді іске асыруды жалғастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/894365
Қазақстанда өрт қауіпсіздігі айлығы басталды 02.12.2024
1 желтоқсанда төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Ш. Әріновтың тапсырмасы бойынша республикада Өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Ол өрттердің алын алуға, адамдардың өлімі мен зардап шеккендердің санын азайтуға, сондай-ақ тұрмыстағы жаппай өткізілетін іс-шаралар кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы азаматтардың хабардарлығын арттыруға бағытталған.Айлықтың бірінші күні ТЖМ бөлімшелері еліміздің елді мекендеріндегі 1,5 мыңнан астам үйді қамти отырып, профилактикалық рейдтер өткізді. Тұрғындарға тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі шаралары түсіндірілді, азаматтардың қалауы бойынша пештер мен электр жүйелерін тексеру жүргізілді. Нәтижесінде екі мыңнан астам тұрғынға кеңес берілді.Айлық тұрғын үй секторындағы профилактикаға ғана емес, сонымен қатар қысқы мерекелер кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа жылдық жәрмеңкелер мен концерттер сияқты жаппай өткізілетін іс-шаралардағы қауіпсіздікке, сондай-ақ пиротехникамен байланысты төтенше жағдайлардың алдын алуға ерекше назар аударылады.Полициямен, блогерлермен және волонтерлермен бірлесіп базарларда және пиротехника сатылатын орындарда, сондай-ақ салюттер мен отшашуларға арналған алаңдарда рейдтер жүргізілетін болады. Сауда кешендері мен концерттік алаңдарды қоса алғанда, адамдар көп жиналатын объектілердің қызметкерлері үшін өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар кезіндегі іс-әрекеттер бойынша эвакуациялық жаттығулар мен нұсқамалар ұйымдастырылатын болады.Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады:тек жұмыс істейтін пештер мен электр құрылғыларын пайдаланыңыз;пештердің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз;мұржаны күйеден уақытында тазалаңыз;пеш пен электр құрылғыларының ақаулықтарын үнемі тексеріп отырыңыз;пеш жағуды балаларға тапсырмаңыз;сіріңкелер мен тұтандырғыштарды балалардың қолы жетпейтін жерлерде сақтаңыз. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894283
«NXplorers»: республикалық экологиялық конкурста Астана командасы топ жарды 02.12.2024
Республикалық «NXplorers» экологиялық жобалар конкурсының финалында І орынды қанжығалаған Астана командасы 1 000 000 тенге көлеміндегі грантқа ие болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Топ жарған команда сапында елордадағы Nº101 мектептің оқушылары Сембаева Еркежан, Бекасыл Иффатбанугүл және Қалтай Саят өнер көрсетті.Білім мен шығармашылық бойынша оқ бойы озық болған топқа Мейрамгүл Болатова жетекшілік етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894272
«Қарттарым – асыл қазынам»: Тәуелсіздік күніне орай зейнеткерлер арасында шахматтан турнир өтті 02.12.2024
ҚР Тәуелсіздігі күні қарсаңында елордадағы Байқоңыр ауданы зейнеткерлерінің арасында «Қарттарым – асыл қазынам» атты шахматтан турнир өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.Жарысқа 60 жастан асқан 30-ға жуық зейнеткер қатысты. Айналма жүйесімен өткен турнир 3 күнге созылды. Нәтижесінде, белсенді қариялардың арасынан шахмат үздіктері анықталды.Ерлер арасында:1-орын – Ілияс Калин;1-орын – Асқар Отарғалиев;2-орын – Шакирбек Тыштыбаев;3-орын – Бахытбек Байтеміров.Әйелдер арасында:1-орын – Райхан Калелова;2-орын – Қорлан Атушова;3-орын – Батима Түсіпова.Жеңімпаздарға арнайы медальдар мен кубок және бағалы сыйлықтар табысталды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894281
Алматыда 955 орындық жаңа жатақхананың құрылысы басталды 02.12.2024
Алматыда Satpaev University студенттері үшін салынатын тоғыз қабатты жаңа жатақхананың іргетасына капсула салу рәсімі өтті.Жаңа жатақхана 319 тұрғын бөлмеден тұрады және 955 студентке арналған. Тоғыз қабатты ғимараттың жалпы ауданы – 11 мың шаршы метрден асады, ал құрылыс алаңы – шамамен 1 гектар. Сондай-ақ, 15 көлікке арналған тұрақ қарастырылған. Аталмыш жатақхана жоспар бойынша 2026 жылы студенттерге пайдалануға берілмек.Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше 2024 жылы 4500 төсектік 16 нысанды пайдалануға беру жоспарланса, оның ішінде 1600 орындық 6 нысан оқу жылының басына дейін пайдалануға берілді. Салыстырмалы түрде алсақ, 2023 жылы Алматыда 4000 жаңа төсек-орын ашылған еді.Естеріңізге сала кетейік, жатақхана құрылысын тиімді үйлестіру үшін студенттік жатақханалар құрылысы бойынша жобалық кеңсе жұмыс істеп тұр. Жобалық кеңсенің негізгі міндеті Алматы қаласында жатақханалар құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаны іске асыру және студенттерді тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдай жасау. Жобалық кеңсе ашылғаннан бастап 120 әлеуетті инвестор жүгінген.Анықтама үшін: +77015282837 – студенттік жатақхана құрылысы бойынша жобалық кеңсенің басшысы Дамир Кутумов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/894277
Алматыда екі жаңа емхана Бостандық ауданында пайда болады 02.12.2024
Алматының Бостандық ауданында 500 келушіге арналған екі жаңа емхана салынады. Бұл туралы мегаполис әкімі Ерболат Досаев жұмыс сапары және тұрғындармен кездесу барысында мәлімдеді.«Халықпен кездесулердің бірінде сіздер Левитан және Серкебаев көшелерінің ауданында емхана салу жоспарланып отырғанын айттыңыздар. Айтыңызшы, құрылыс салына ма?»,- деп сұрады қала тұрғыны.«Бостандық ауданында біз екі үлкен емхана салып жатырмыз: Левитан - Серкебаев және Сырғабеков көшелерінің қиылысында. Екі емхана да 500 келушіге арналған, Олардың жанында томографтар мен МРТ бар клиникалық-диагностикалық орталық болады», - деп атап өтті әкім.Емханалардың құрылысы 2025 жылға арналған бюджет жобасына енгізіліп, құрылыс келесі жылдың көктемінде басталады деп күтілуде.Бүгінгі таңда Бостандық ауданының тұрғындарына төрт мемлекеттік емхана қызмет көрсетеді: №4, 7, 12, 17, сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жеке медициналық орталықтар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/894282
JOLTAP: тігін шеберлігінен дәріс алған елордалық бағдарлама жайлы ойымен бөлісті 02.12.2024
JOLTAP әлеуметтік бағдарламасы елорда азаматтарына жаңа кәсіптерді тегін меңгеруге жол ашады. Жоба қатысушылары әртүрлі деңгейдегі тәжірибесіне қарамастан, аз уақыттың ішінде білікті маман атануға мүмкіндік алды, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.JOLTAP жобасы аясында тігін шеберлігінен дәріс алған Эльвира Тоқтамыс 3 апталық курс жайлы пікірін бөлісті. Астана тұрғыны өз сөзінде аз уақыт аралығында тек белгілі бір киім үлгісін тігуді ғана емес, пішуді және тігуді бастан-аяқ үйрететіні білікті маман атануға үлкен қадам екенін атап өтті.«Тігін тігуді үйреніп, оны кәсібіме айналдыруды мақсат еткеніме көп болды. Бұл JOLTAP бағдарламасына дейін екі түрлі ақылы курсқа қатыстым, дегенмен біліктілігімді арттырып, жақсы тігінші болуға көмектескен осы курс қана. Алғашында қарапайым тігу әдістерін үйреткенде, «не қажеті бар» деп ойлап едім, бірақ осы сабақтардың арқасында кез келген киімнің пішінін қайталай алатын болдым», - дейді Эльвира Тоқтамыс.Эльвира – жеке кәсіпкер және HR маманы. Өзі де дәріс оқып, жаңа бухгалтер мамандарына Exсel және 1C бағдарламаларында жұмыс істеуді үйретеді. Сол себепті аталмыш жоба оқытушыларының еңбегін жоғары бағалады.«Маған күніне екі аудиторияға дәріс оқудың өзі ауыр. Ал оқытушымыз күніне он сағат дәріс оқыса да, әрдайым ашық-жарқын, көмектесуге дайын болды. Маман ретінде де оның жұмыс дағдыларының орасан зор екенін байқайсыз», - деді жоба қатысушысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894261
Кегенде Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюст ашылды 02.12.2024
2024 жылғы 2 желтоқсанда Алматы облысы Кеген ауданының орталығында мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовке арналған ескерткіш-бюсттің ашылу салтанаты өтті. Бұл шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Заманбек Нұрқаділовтің есімі берілді.Ескерткіштің ашылу рәсімі Заманбек Нұрқаділов атындағы өнер мектебінің алаңында ұйымдастырылды. Салтанатты шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, танымал тұлғалар мен қайраткердің отбасы мүшелері қатысты. Ескерткіштің ашылуын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов, қоғам қайраткерлері Тоққожа Естенов пен Болат Нұрғазиев ашып, Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов бюстің ашылу рәсімін орындады.Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде қайраткердің ел дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, оның еңбегінің ұлт тарихында мәңгі сақталатынын жеткізді:«Бұл ескерткіш – халқымыздың қайраткерге деген шынайы құрметінің белгісі. Ұлт жанашыры ретінде Заманбек Нұрқаділов ел егемендігінің нығаюына елеулі үлес қосты. Осындай тұлғалардың еңбегін ұрпаққа мұра ету – біздің ортақ парызымыз. Сондай-ақ, биіктігі 4,5 метр болатын бұл туындының авторлары Айдос Бүркітбаев пен Тимур Нұрмұхаметовке алғысымызды білдіреміз».Салтанатты рәсімнен кейін қатысушыларға Заманбек Нұрқаділовтің өмірі мен қызметі туралы «Не только о себе» атты кітаптың 300 данасы таратылды.Кегендегі балалар өнер мектебі2015 жылы құрылған Кеген ауылындағы балалар өнер мектебі балаларға домбыра, қобыз, баян, дәстүрлі ән, эстрада-вокал, хореография, бейнелеу, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер бағыттары бойынша білім береді. Бүгінгі таңда мектепте 44 педагогтың басшылығымен 890 оқушы білім алуда.Мектептің бөлімшелері аудандағы 12 елді мекенде орналасқан, бұл балаларға қосымша білім алуға мүмкіндік береді. Оқушылардың жетістіктері айтарлықтай: халықаралық байқауларда – 38, республикалық деңгейде – 176, облыстық сайыстарда – 158, аудандық жарыстарда – 82 жүлделі орындарға ие болды.Мектептің дамуы мен жетістіктері арқылы Кеген өңірінде мәдениет пен өнерді насихаттау жұмыстары жоғары деңгейде жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/894187
Жаңа баспана кілттері табысталды 02.12.2024
Үржар ауданы Егінсу ауылында «Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері» жобасы аясында көп балалы екі отбасы пәтерге ие болды.«Бүгін отбасымыз үшін ерекше күн. Жаңа баспана өмірімізді өзгертуге мүмкіндік береді. Бізді қолдағандардың барлығына алғысым шексіз. Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», – дейді Назерке Байдүйсенова көпбалалы ана.Жаңа пәтердің берілуі ауданның әлеуметтік жағдайын және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/894074
Су ресурстары және ирригация министрлігі Шу өзенінің төменгі ағысында су көлемін ұлғайтуға ниетті: министр Нұржан Нұржігітов Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындарымен кездесті 02.12.2024
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы мен Түркістан облысының Созақ ауданының тұрғындарымен кездесті. Министр екі өңірдің халқымен Шу өзенінің суын бөлу мәселесін талқылады, ұсыныстарын тыңдап, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов Мойынқұм ауданындағы Фурманов су торабынан Созақ ауданына су жіберетін ұзындығы 120 шақырым айналма каналды қарап, нысанды реконструкциялау үшін құжаттарын дайындауды тапсырды.Шу-Талас бассейндік инспекциясының өкілдері Шу өзеніндегі Тасөткел су қоймасынан су жіберіле бастағанын мәлімдеді. Бұл су Созақ ауданына ақпан айында толық көлемде жетеді деп күтілуде. Министр келесі жылы осы жұмыстардың нәтижесімен танысу үшін келетінін айтты.«Мен осыған дейін де Тасөткел су қоймасында болғанмын. Оны реконструкциялау іс жүзінде аяқталды, шынымен де үлкен жұмыс жасалды. Екі-үш жыл ішінде біз оған 620 млн текше метр су жинаймыз. Осылайша, Шу өзенінің төменгі ағысындағы су көлемі артады. Бұл су Жамбыл облысына да, Созақ ауданына да жетеді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/894072
«Алдағы 2-3 жылда Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасын толтыруды жоспарлап отырмыз»,– Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов өңірге жұмыс сапарымен барды 02.12.2024
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Министр бірнеше ірі жобаны іске асыру барысымен танысты.Қайнар ауылында Қордай ауданының 3800 гектар егіс алқабын сумен қамтамасыз ететін сорғы станциясының құрылысын көрді. Жобаны келесі жылы толық аяқтау жоспарланып отыр. Министр нысанды суару кезеңінде пайдалану үшін мерзімінен кешіктірмей қолданысқа беруді тапсырды.Одан әрі министр «Көкқайнар-Ақсу» автомобиль жолындағы көпірді су басуының алдын алу үшін Шу өзені жағалауының 1,8 шақырымын нығайту жоспарымен танысты. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдармен елді мекендерді су тасқынынан қорғау іс-шараларын талқылады.Тасөткел су қоймасында министр нысанды реконструкциялау нәтижелерімен танысты. Бүгінгі таңда жер және бетон жұмыстары, ұңғымаларды тазарту, каналдарды жөндеу, дабыл және бейнебақылау жүйелерін орнату, кірме жолды жөндеу толығымен аяқталды. Тек нысанды сынақтан өткізу жұмыстары ғана қалды.«Соңғы үш жылда Тасөткел су қоймасында үлкен жұмыс атқарылды. Бұл бізге алдағы 2-3 жылда 620 млн текше метр су жинауға мүмкіндік береді. Келесі жылы біз су қоймасына 500 млн текше метр су жинауды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасарымен және аудан әкімдерімен су тасқынына қарсы іс-қимыл шараларын талқыладық. Министрлік жергілікті атқарушы органдарға қажетті ұсыныстар береді», - деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.Одан әрі министр Шу ауданының ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының барысымен танысты. Бүгінгі таңда 80% жұмыс орындалды.Нұржан Нұржігітов жергілікті тұрғындардың жобаға қатысты пікірі мен ұсыныстарын тыңдады. Министр мердігер ұйым өкілдеріне барлық кемшіліктерді жоюды және келесі жылы жұмысты аяқтауды тапсырды. Министрлік өз тарапынан барлық қажетті қолдауды көрсетеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/893766
Мақаншы ауданы мен ҚХР Толы ауданы арасында байланыс орнады 01.12.2024
Мақаншы ауданының әкімі Дәурен Қойгелдин бастаған делегация ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық аймағының Толы ауданына барды.Сапар аясында Толы ауданының әкімі Дәулет Париолламен кездесіп, екі аудан арасындағы ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылды.Мақаншылық делегация Толы ауданының ауыл шаруашылығы, өндіріс, экономика, әлеуметтік сала нысандарының жұмысымен танысты.Сапар барысында алдағы уақытта екі ауданның әлеуметтік экономикалық дамуына серпін беретін бірқатар уағдаластықтарға қол жеткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/893749
Семейлік конькиші қыз қола жүлдегер атанды 01.12.2024
Польшаның Томашув-Мазовецки қаласында жасөспірімдер арасында конькимен жүгіруден Әлем Кубогі кезеңінде семейлік спортшы қола жүлдеге қол жеткізді.Командалық жарыста ел намысын павлодарлық арулармен қатар жарыс жолына шыққан Анастасия Беловодова германиялық (алтын) және норвегиялық (күміс) команданы алға жіберді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/893750
Алматыда Олимпиада жүлдегерлері мен эстрада жұлдыздары қалаға ұқыпты қараудың үлгісін көрсетті 01.12.2024
"Таза Қазақстан" тұжырымдамасы аясында күздің соңғы күні және тазалық апталығында Алматыда жалпы қалалық кеңістікті жинау бойынша экологиялық акциялар өтуде. Бостандық ауданында 250-ге жуық адам, оның ішінде Олимпиада жүлдегерлері, эстрада жұлдыздары, белсенді жастар Шагабутдинов-Сәтбаев қиылысындағы учаскені ретке келтірді.Бостандық ауданының әкімі Санжар Алиннің айтуынша, бүгінде ауданда аулаларды санитарлық тазалаумен айналысатын 5 мердігер ұйым жұмыс істейді. "Алматы Тазалық" МКК қызметкерлері жол инфрақұрылымын тазалап жатыр."Бізде тазалау жұмыстарын бақылау үшін 670 аула бар, біз МИБ және ПИК төрағаларымен тұрақты байланыстамыз. Егер мердігерлік ұйымдар өз міндеттемелерін орындамаса, біз мессенджерлер арқылы сигнал аламыз және жедел әрекет етуге тырысамыз. Бұзушылықтар болған жағдайда алдымен учаске бастығына айыппұл санкцияларын қолданамыз. Егер жағдай қайталанса, онда біз ұйымның өзіне айыппұл саламыз – онда сома әлдеқайда көп. Егер Мердігер жағдайды түзетпесе, онда біз сот арқылы шартты бұзамыз. Бүгінде бізде бір мердігер бар, оған біз сотқа дейінгі талаптары бар хат жібердік. Егер ол жауап бермесе, сотқа жүгінеміз және қарым-қатынасты үземіз", - деді аудан әкімі.Акцияға қатысушылардың арасында қазақстандық еркін стильдегі балуан, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, Сиднейдегі 2000 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, Алматы мәслихатының депутаты Ислам Байрамуков та болды."Адамзат қанша өмір сүрсе, үйдегі тазалықты сақтау және қоршаған ортаға, сіз тұратын қалаға ұқыпты қарау мәселесі өзекті болып қала береді. Қалалық кеңістікті бірлескен күш - жігермен жинау – өте маңызды және қажетті акция, өйткені Алматы әрқашан өзінің тазалығымен және жасылымен танымал болған. Менің ойымша, бұл дәстүр үзілмеуі керек, сонымен қатар оны жастардың, қала тұрғындарының қатысуымен қолдау керек. Ең бастысы, адамның ішкі әлемі таза болған кезде, ол қоқыс болмайды. Әркім өз іс-әрекеті үшін жауапты болуы керек", - деп атап өтті Ислам Байрамұқов.Қазақстандық эстрада жұлдыздары да шетте қалмады. Әнші Өктем Алтаев барлық қала тұрғындарын осы бастаманы қолдауға шақырды."Әр демалыс сайын біз бұл аумақты тазалайтынбыз, бірақ мұнда қоқыс аз болмайды. Мен осы учаскенің жергілікті тұрғындарын қоқыс тастамауға және тазалықты сақтауға шақырғым келеді, өйткені бұл біздің ортақ үйіміз. Жалпы, алматылықтар, сіздерді акцияға қосылуға шақырамын", - деді Өктем Алтаев.2024 жылғы Париж Олимпиадасының олимпиада жүлдегерлері де тазалауға келді."Бүгін біз қаламыздың тазалығын қолдауға, сондай-ақ Алматыны қоқыстан тазартатын барлық қызметкерлерге көмектесуге келдік. Студенттер мен спортшылардың акцияға қосылып, қаламызды ретке келтіруге тырысып жатқанын көру өте қуанышты. Менің ойымша, бұл өте жақсы, өйткені тазалық сенен басталады", - дейді 2024 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ислам Сәтбаев.Өз кезегінде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Александра Ли мұндай акцияларға қатысу өте маңызды екенін атап өтті, өйткені біз осында тұрып, өзімізді тазалап жатырмыз.Тазалау – пайдалы іс, сондықтан мен жалқау емес және еліміздің таза әрі әдемі болуына көмектесетін көптеген ізгі ниетті адамдарды көргеніме өте қуаныштымын", – дейді спортшы.Экоакцияда "Эко-Рейнджерлер" қозғалысының Жастар қауымдастығының белсенділері де байқалды, олар біздің мегаполисті экологияландыруға өз үлестерін қосуда."Жыл басынан бері қалада 200-ден астам экоакция өткізілді – бұл тек сенбіліктер ғана емес, сонымен қатар қайта өңдеу материалдарын жинау, танымдық дәрістер және т.б. Қазір мегаполис жастары осындай іс-шараларға белсенді қатысуда. Біз Экорейнджер ретінде Алматының әрқашан таза болуы керек екенін түсінетінімізді атап өткім келеді, сондықтан біз осындамыз", - деді Алмалы ауданы коммуналдық орталығының активити-үйлестірушісі Бейбіт Жасұланұлы.Аумақты жинау үшін үш бірлік арнайы техника жұмылдырылды, нәтижесінде 30 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Бұл Алматыда "Таза Қазақстан" бастамасы басталғаннан бері жиналған жалпы көлемі 1300 тонна қалдықтың аз ғана бөлігі.Іс-шараның негізгі мақсаты қала тұрғындарының экологиялық санасын арттыру, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру және қалада тазалықты сақтау болып табылады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қоғамның табиғат алдындағы жауапкершілігін нығайтуға ықпал етеді және Алматыны баршаға қолайлы қалаға айналдыруға көмектеседі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/893736
«Таза Қазақстан»: 500-ден астам комьюнити орталық резиденттері қалалық сенбілікке шықты 01.12.2024
Бүгін Алматы қаласында республикалық «Таза Қазақстан» және қалалық «Алматы –ортақ үйіміз» кампаниясы аясында ауқымды қалалық сенбілік өтті.Шараға қаланың барлық комьюнити-орталықтарынан 500-ден астам резидент қатысты. Қатысушылар тек орталықтардың маңайын ғана емес, саябақтар мен скверлер сияқты қоғамдық орындарды да тазартуға белсене көмектесті.Сенбілікке қатысқан жастар жыл бойы экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған акцияларға дәстүрлі түрде қатысатындарын жеткізді.«Экологиялық акциялар — бұл тек қаланы тазарту ғана емес, табиғатқа қамқорлық жасайтын адамдардың бірлігін сезінудің мүмкіндігі. Осындай сенбіліктер арқылы, қаламыздың тазалығына кішкене болса да үлес қосқымыз келеді», - дедіТүрксіб ауданы комьюнити орталығының басшысы Тауасар Мұратхан.Комьюнити-орталықтар Алматыда экологиялық мәдениетті дамытудағы маңызды алаңға айналды. Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері бұл орталықтарда 1500-ден астам іс-шара өткен, оның ішінде дәрістер, семинарлар, эко-акциялар, интеллектуалдық ойындар, шеберлік сабақтары, акустикалық кештер, спорттық турнирлер және т.б. Бұл іс-шараларға жалпы 375 мыңнан астам адам қатысса, соның 27 мыңы NEET санатындағы жастар.Осы жылдан бастап әрбір комьюнити орталықта қазақстандық өндірістің фандоматтары – оларды одан әрі өңдеу үшін пластикалық бөтелкелер мен алюминий банкаларды жинау аппараттары орнатылды. Сонымен қатар «Plastic reboot» акциясы аясында комьюнити орталықтар 1 тоннапластик қақпақ жинады.Осылайша, осы жастар кеңістігіне келушілер арасында экологиялық құндылықтар қалыптасуда, ал комьюнити орталықтардың резиденттері қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды қолдай отырып, экорейнджерлер қатарын белсенді толықтыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/893737
Алматыда қыстың алдында Баум тоғайы тазартылды 01.12.2024
Алматыда қыс қарсаңында қаланың аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерінде ауқымды тазарту жұмыстары аяқталып келеді. 25-30 қараша аралығында «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы мен «Алматы – біздің ортақ үйіміз» қалалық бастамасы аясында қала әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен көше-жол желісі, қоғамдық орындар, өзен арналары, қоқыс жәшіктері мен арық жүйесін тазарту жұмыстары жүргізілді.Бүгінде белсенді алматылықтар мегаполистің көрнекті орындарының бірі – Баум тоғайында жиналды. Экологиялық акцияға 80-нен астам адам қатысты. Олар саябақ аймағын қоқыстан тазартып қана қоймай, қоршаған ортаға қамқорлық танытудың үлгісін көрсетті. Акция барысында 300 қап қоқыс жиналды.«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы табиғатқа тұтынушылық көзқарасқа қарсы азаматтарды біріктіреді. Бұл бастама қоршаған ортаны сақтау мәселесіне назар аударуға, туған жерге ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған», – деді «Медеу» табиғи паркі директорының міндетін атқарушы Ұзақ Жамбылұлы.Бұл іс-шара экологиялық мәселелерді шешу үшін қоғамның біріге алатынын көрсетті. Акцияға қатысушылар арасында белгілі мәдениет қайраткерлері де болды. Олар қала тұрғындарын қоғамдық орындардың тазалығын сақтауға және табиғатқа қамқорлық жасауға шақырды.«Таза Қазақстан» тұжырымдамасы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мен қауіпсіз болашағына жасалған маңызды қадам. Әр тұрғын бұл іске үлес қосуы керек. Бұл өзіміз, табиғатымыз және келешек ұрпақ үшін қажет. Біз өз үлгімізбен табиғатты сақтау мен тазалықты қорғау мәселесіне назар аудартқымыз келеді. Табиғатқа ұқыпты қараңыздар», – деді «Алатау» дәстүрлі өнер театрының актрисасы Алма Аманжолова.Алматылықтар мен қала қонақтары қаланың көшелері мен саябақтарының айтарлықтай таза болғанын атап өтуде. Әрине, тазартуды қажет ететін жеке учаскелер бар, бірақ жалпы алғанда қалалық қызметтің жұмысы көрініп-ақ тұр.«Мен осы маңда тұрамын, сүйікті орнымыздың әрдайым тазартылатынын көремін. Әр жастағы тұрғындардың бей-жай қарамай, пайдалы акцияларға қатысатыны қуантады. Қалаға қамқорлық жасалып жатыр, көшелер мен аулалар таза, жинақы болып қалған. Әрине, бәрі бірден мінсіз болмайды, өйткені бұл ірі қала. Өкінішке қарай, тұрғындардың өздері жиі қоқыс тастайды. Ең бастысы, қала әкімі Алматыны таза және жинақы ету мақсатын қойды, бұл істе бәріміздің қатысуымыз қажет», - деп жергілікті тұрғын Алмагүл ойын айтты.Еске салайық, Тазалық апталығы аясында қаланың коммуналдық қызметі суық пен қар жаууына дайындықты аяқтады. Қысқы уақытта қалаға қызмет көрсету үшін 841 бірлік техника мен 1400 жұмысшы жұмылдырылды. “Алматы тазалық” МКК автопаркі жұмысты тиімді жүргізу үшін 32 заманауи машинамен толықты. Жалпы аумағы 25,1 млн шаршы метр, ұзындығы 2 777 км болатын 2 318 көше тазартылды. Көше-жол желісін жинауға 10 мердігер ұйым жауапты.Арық желісінің ұзындығы 1 525 км болатын бөлігі тазартуға ерекше назар аударылды. Күніне шамамен 160 текше метр пластик пен жапырақтар сияқты қоқыс шығарылады.ТОО «Eco Almaty» Алматы қаласы аумағында ұзындығы 19,2 км болатын су арналарының тазарту жұмыстарын жүргізді. Оның ішінде, Үлкен Алматы өзенінің әл-Фараби даңғылынан Сәтбаев көшесіне дейінгі бөлігі, Есентай өзенінің әл-Фараби даңғылынан Шевченко көшесіне дейінгі бөлігі және Д. Қонаев атындағы ҮАК арналары тазартылды.Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында жаңа ережелерге сәйкес 2 мыңға жуық кәсіпкер абаттандыру паспорттарына қол қойды. Бұл шаралар алматылықтар мен қала қонақтары үшін қолайлы, қауіпсіз және экологиялық таза орта құру стратегиясының бір бөлігі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/893738
Нағыз батырлар Алматының тазалығын қолдайды 01.12.2024
Бүгін «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығының алдындағы серуендеу алаңында тазалау жұмыстары кезінде аула сыпырушыларға Халк, Өрмекші адам, Бэтмен және Супермен келіп көмектесті. Олар көшені тазалауға атсалысып, қала тұрғындарын Алматыны таза ұстауға шақырды.Әдетте әлемді құтқарумен айналысатын суперқаһармандар қолдарына сыпырғыш алып, көшені тазалауды ар көрмеді. Мысалы, Өрмекші адам өтіп бара жатқан тұрғындарға атсалысып, тротуарды тазалауды ұсынды.«Мен тұрғындарға жақындап, тазалауға көмектесуді ұсындым. Біреулер сыпырғыш алудан бас тартты, ал басқалары қуана-қуана келісті. Бір қызылордалық азамат Алматыда өте таза екенін және мұнда жиі сенбілік өтетінін айтты. Сонымен қатар, мен балаларды сыпыруға үйреттім, олар бұл істі қуанышпен орындады. Егор есімді бала Алматыда тазалықтың себебі – мұнда көп тазалаушылар бар екенін айтты», – деді Өрмекші адам.Бэтмен мен Супермен қоқыс арбасын машинаға дейін жеткізуге көмектесті. Ал Халк жолда тұрып қалған жүк көлігін «итермелеп» шығарды.«Көшелерді тазалауға достарыммен бірге көмектескенім өте ұнады. Бұл мен үшін әлемді қорғаумен салыстыруға болатын жаңа тәжірибе. Аула сыпырушылардың еңбегін жоғары бағалаймын – олардың жұмысы өте қиын, мен ондайды істей алмайтын едім. Біздің адамдар өте мейірімді және қаланы таза ұстауға әрдайым көмектеседі», – деді Супермен.Тазалаушылар бастапқыда суперқаһармандардың пайда болуын қалжың деп ойлаған.«Бүгін қалада сенбілік өтіп жатты. Біз «Атакент» маңын тазалап жатқанда суперқаһармандар келіп, біздің сыпырғыштарымызды алып көмектесті, ал бізге ыстық шәй берді. Еңбегіміздің бағаланғаны және осындай іс-шаралар ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Қаланы таза ұстайық. Қала тұрғындарынан қоқысты қоқыс жәшігіне тастауын сұраймыз, бұл бізге жұмысты жеңілдетер еді. Осындай керемет акцияны ұйымдастырушыларға алғыс айтамын», – деді тазалаушы Татей Қыстаубаева.Бұл акцияны жақын маңдағы кафе мен дүкендердің қызметкерлері де байқады, көпшілігі сыртқа шығып, суперқаһармандармен суретке түсті.«Мен Алматы тұрғынымын. Бүгін көшеде тазалық жүргізіп жатқан суперқаһармандарды көрдім. Қаланың тазалығын қадағалап отырған әкімдікке алғыс айтқым келеді. Алматы жыл сайын таза әрі көркем қалаға айналып келеді. Аула сыпырушылардың еңбегін жеңілдететін тазалау техникасының жаңарып жатқанын байқаймын. Күн сайын қаланы тазалаушылар жасағы тазалайды – бұл керемет жұмыс», – деді сауда орталығының қауіпсіздік қызметінің басшысы Қанат Дүйсенбиев.Экологиялық акцияны ұйымдастырушылар тұрғындар мен қала қонақтарының тазалық сақтау мәселесіне назарын аудартқысы келетінін айтты. Мұндай іс-шаралар қоғамның табиғат алдындағы жауапкершілігін нығайтып, Алматыны баршаға жайлы қала етуге көмектеседі.Еске сала кетейік, Тазалық апталығы аясында қалалық коммуналдық қызметтер Алматыны қысқа және қардың жаууына дайындау жұмыстарын аяқтады. Қысқы маусымда қалаға қызмет көрсету үшін 841 арнайы техника бірлігі және 1 400 жұмысшы жұмылдырылады. Жұмыстың тиімділігін арттыру мақсатында «Алматы Тазалық» коммуналдық кәсіпорнының автопаркі 32 заманауи техникамен толықты. Санитарлық тазалық 2 318 көшені, жалпы ауданы 25,1 млн шаршы метрді және ұзындығы 2 777 км болатын жолдарды қамтиды. Көше-жол желісін тазарту жұмыстарына 10 мердігер ұйым жауапты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/893739
Абай атындағы қазақ музыкалық драма театры 90 жылдық мерейтойын атап өтті 30.11.2024
Биыл Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрына 90 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында театр ұлттық өнердің өркендеуіне зор үлес қосып, көрермендерін тың туындылармен қуантып, талай сахна шеберлерінің шығармашылық жолын ашқан киелі мекенге айналды.Өнер ордасы қазақ театрларының алғашқыларының бірі. 1917 жылы Мұхтар Әуезовтің жетекшілігімен Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасы сахналанды.Мерейтой аясында бірқатар шаралар өтті.Облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев театр ұжымы мен барша өнер сүйер қауымды айтулы оқиғамен құттықтап, жаңа автобустың кілтін табыс етті.«Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Ғалиақпар Төребаев сынды көрнекті тұлғалар құрған мәдени орталық өңіріміздің рухани құндылығының символына айналды. Театрдың 90 жылдық тарихында өнер саласындағы толағай табыстардың шежіресі жазылды. Мұхтар Әуезов: «Театр – ең ұлы бейнелеу өнерінің бірі» деген екен. Бұл – облысымыздың ғана емес, бүкіл қазақ халқының рухани мақтанышы, ұлттық мәдениеттің жарқын шамшырағы. Ынтымағы жарасқан театр ұжымына шабытты шығармашылық жол, жаңа жарқын табыстар тілеймін!», – деді аймақ басшысы өз құттықтауында.«Абай театры: тарих толқынында» атты конференцияда театрдың бай тарихи мұрасы, ұлттық мәдениеттегі орны жан-жақты талқыланды. Пленарлық отырыс барысында еліміздің театр мамандары мен абайтанушылар театр, кино өнерінің дамуы, Абай атындағы театрдың қоғамдағы рөлі туралы баяндама жасады. Сондай-ақ театрдың қалыптасуы мен дамуы, қазақ өнері мен мәдениетіне қосқан үлесі жан-жақты қамтылған «Тарихы терең театр» кітабының тұсауы кесілді.Мерейтойға орай театрдың 90 жылдық тарихының маңызды кезеңдерін, белгілі өнер қайраткерлерінің шығармашылығын, театрдың ұлттық мәдениеттегі маңызын баяндайтын «Ойқұдықта маздаған театр» деректі фильмі түсірілді.Салтанатты шара аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтаулары оқылды.Театрдың 90 жылдығы аясында марапатталған өнерпаздар:«Еңбек ардагері» медалі: Айдарханова Альмира Муталлапқызы. ҚР» Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі:Ташкенбаев Нұрбек АдамұлыТөлеубаев Талғат АнуарұлыОбухова Елена ВалерьевнаБайгелдин Айдос КүшікпанұлыАхметов Ерен СаменұлыХасенов Нұржан ҚадырғазыұлыНұрланова Асель ТалғатқызыХамитова Алия Әділбекқызы ҚР мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамотасы:Сыдыков Мырзахан ДемесінұлыБаирова Асем БеймырзақызыЧинкебаева НұрбағилаИдрисова ДаметкенТоймбаева Бақыт АхметжанқызыМұханбетова Шолпан АсқарқызыМанекина Айжан БазартайқызыЖидебаева ҮмітТәшімбетов Айтбек ТазабекұлыНұрғамыс Азамат МахмұтұлыОмашев Бекзат Қайыркешұлы «Семей қаласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі:Сыдықов Мырзахан ДемесінұлыБаирова Асем БеймырзақызыОмашев Бекзат ҚайыркешұлыАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/893686
Әлеуметтік және білім беру инфрақұрылым мәселелері бақылауды қажет етеді 30.11.2024
Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Сәрсебаев жұмыс сапарымен Көкпекті ауданында болды. Сапар барысында әлеуметтік, білім беру және спорт инфрақұрылымының негізгі нысандарында болып, оларды одан әрі дамыту бойынша тапсырмалар берілді. Бірінші нысан құрылысы аяқталған бассейн. Бас мердігер «СМУ-Шығыс» ЖШС.«Бассейндегі жұмыс кедергісіз аяқталуы керек. Жауапты тұлғалар барлық қажетті құжаттарды тез арада рәсімдеп, нысанның мүмкіндігінше тезірек пайдалануға берілуін бақылау керек. Мұны кейінге қалдыруға болмайды», - деді Жасұлан Сәрсебаев.Жасұлан Сәрсебаев 2020 жылы пайдалануға берілген дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде де болды. Бұл нысан «Көкпекті ауданының №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі» КММ-нің қарамағында.«Нысанның жағдайы қанағаттанарлық, бірақ оның толық жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау қажет. Мектеп директорына екі апта ішінде жетіспейтін спорттық құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттік өтінім беруді тапсырамын. Балалар мен жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін сапалы жағдайларға қол жеткізуі керек», – деді әкім орынбасары.«Көкпекті орта мектебі» КММ 600 орынға арналған аудандағы ең ірі білім беретін мекеме. Мұнда бүгінде 500-ден астам бала білім алуда. Бірақ мектеп күрделі жөндеу қажет етеді.«Мектеп ұқыптылықты қажет етеді. Мектеп және аудандық білім бөлімі басшылығына тез арада материалдық-техникалық базаға есептеу жүргізіп, қажетті дүниелер тізімін дайындауды тапсырамын. Біз құрал-жабдықтардың немесе басқа ресурстардың жетіспеушілігінен оқу үдерісінің зардап шегуіне жол бере алмаймыз», - деп атап өтті Жасұлан Сәрсебаев.«Көкпекті ауданының арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» КММ қызметі ерекше бақылауда. Орталық мүмкіндігі шектеулі балаларға, психоневрологиялық патологиясы бар адамдарға, сондай-ақ қарт адамдарға көмек көрсетеді.Сапар барысында тапсырмаларды орындаудың нақты мерзімдері белгіленді. Жасұлан Сәрсебаев әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымының мәселелері бақылау мен тұрақты мониторингті қажет ететінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/893687
Астанада тағы бір елді мекен газға қосылды 30.11.2024
Елордада тұрғын алаптарды жоспарлы газдандыру жалғасуда. Үркер тұрғын алабында 2024 жылға жоспарланған газ тарату желілерінің құрылысы аяқталды. 1000-ға жуық абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Үркер тұрғын алабындағы газды қосу жергілікті тұрғындардың өмір сүру сапасын едәуір арттырып, оларды экологиялық таза және тиімді жылумен қамтамасыз етеді.Алғашқы абоненттердің қатарында табиғи газдың ерекшелігін алғаш болып сезінген Ақтамберді жырау көшесінің тұрғындары бар.«Біз газға қосылуды күтіп жүрдік, міне, бүгін табиғи газға көшкен алғашқы күніміз. Бұған дейін көмір қолданып жүрдік. Әр 6-12 сағат сайын пешті қадағалап, көмір салуға тура келетін. Сол сияқты үйді ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға да болмайтын. Енді бұл мәселе бізді алаңдатпайды. Үйде жылу батареялары өте жылы, ыстық су қалыпты режимде жұмыс істейді. Біз өте қуаныштымыз!» – дейді үй иесі Байғарым Хасенов.Елді мекенді газдандыру процесі кезең-кезеңімен жүреді. Екі жыл ішінде Үркер елді мекенінің 5250 абонентіне табиғи газға қосылу мүмкіндігі жасалды, олардың арасында жеке үйлер мен тұрғын үй кешендерінің тұрғындары бар.«Үркердегі алғашқы абоненттердің қосылуы, шын мәнінде тарихи сәт. 2025-2026 жылдары газға осы жердегі барлық жеке үй мен тұрғын үй кешені қол жеткізе алады. Газдандыру үйлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, ол экологиялық таза және адамдар үшін қолжетімді», – деп атап өтті Астана қаласы Нұра ауданы әкімінің орынбасары Сәрсенғали Ақжолов.«Үркердегі газдандыру Мемлекет басшысының «Инвестиция орнына тариф» бастамасының арқасында қарқын алды. Біз барлық инженерлік желіні өз есебімізден салдық, ал шығындарды тарифтік жүйе бойынша қайтарамыз. Мұнда газ тарифі текше метр үшін 38 теңге екенін атап өткім келеді. Бұл – тұрғындар үшін қолжетімді баға», – деді «Qazaq zhylu» ЖШС директоры Жәнібек Мұхамбеталы.Үркерді газдандыру үшін барлығы 173 шақырым газ желісін салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жоспарланған жұмыстардың шамамен үштен бірі аяқталды.Бұл жоба Астана қаласының инфрақұрылымды жақсарту және халыққа қолайлы жағдай жасау жөніндегі стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады. Тұрғын алапта табиғи газды іске қосу Астана әкімдігінің, Энергетика министрлігінің, «Qazaq Gaz Aimaq» АҚ мен «Qazaq Zhylu» ЖШС-нің көмегімен мүмкін болды.Осыған дейін әкімдік газдандырудың екі кезегінің құрылысын аяқтады: Сарыарқа (Көктал-1, Көктал-2, Агроқалашық және Потанин көшесі ауданындағы қаланың ескі бөлігінде) тұтынушыларды қосуға мүмкіндік берген екі газдандыру желісінің құрылысын аяқтаған болатын. Алматы ауданы (Теміржолшылар вокзалы, Промышленный, Оңтүстік-Шығыс оң және сол жағы, Күйгенжар, Мичурино, сондай-ақ «Ақбидай», «Қазақауыл» шағын аудандары) Есіл (Велла вилдж тұрғын үй кешені, Куршавель тұрғын үй кешені, Family Town, Family Park) және Нұра (Будапешт, Космик-Сити) тұрғын үй кешені.«Тұран», «Телман», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу стансаларына және «Үркер», «Пригородный», «Family village», «Өндіріс», «Кирпичный» елді мекендерін газбен қамту желілерінің құрылысы жүргізіліп, аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/893680