Саясат
Еліміздің өңірлерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде 03.12.2024
Жамбыл облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді түрде кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірдегі барлық гидротехникалық нысандарды тексеріп, қажет аудандарда алдын алу шараларын қабылдады.Облыста 1039 шақырым канал, 1615 шақырым арық, 406 су өткізу құрылымы, 299 автомобиль және 115 теміржол көпірі тазартылды. Трансшекаралық «Шон-Қақпа» су қоймасынан су жіберу шараларын қоса алғанда, су қоймаларының жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізілуде.Қауіпті аймақта орналасқан 42 елді мекеннің қорғалу деңгейін арттыру үшін су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы іске асырылды. Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарында өзен жағалауын нығайту жұмыстары аяқталды. Су басу қаупін болдырмау үшін 27 шақырым каналдар мен дренаждық жүйелер кеңейтіліп, тереңдетілді, сондай-ақ 12 көпірдің су өткізу қабілеті арттырылды. Сонымен қатар 396 эвакуация пункті дайындалып, инертті материалдар мен жанар-жағармай қорлары жасалды.Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің басшылығымен және облыстық ТЖД бастығы А. Тоқановтың қатысуымен Шу ауданының Шу өзеніне аэровизуалды тексеру де жүргізілді.Бүгінгі таңда Шу ауданының бірқатар елді мекендеріне, ауыл шаруашылық және автокөлік көпірлері мен жолдарын су басу қауіпін төндіріп тұрған «Тасөткел» су қоймасымен реттелетін Шу өзені болып табылатындығы мәлім. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының ағымдағы жылдың 29 қарашадағы мәліметіне сәйкес «Тасөткел» су қоймасында судың көлемі 354,9 млн. м3 құрап отыр. Судың су қоймасына түсуі және жіберілуі 120 м3/сек., яғни транзиттік режимде жұмыс істеуде. Шу өзенінің су өткізу қабілеттілігі 200 м3/сек. құрайды, алайда биылғы жылдың 13 қарашасында «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автокөлік жолының 109 шақырымында орналасқан көпірдің маңындағы Шу өзенінің жағалауын (ұзындығы 350 метр) су шаю оқиғасы орын алды.Осыған байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шу өзені қауіпті учаскелерді айқындап, жағалауын нығайту жұмыстарын шұғыл түрде жүргізуін қамтамасыз етуді ұйымдастыруда.Облыстың ТЖД Қазгидрометтің Жамбылдағы филиалымен бірлесіп метеорологиялық ақпаратпен жедел алмасу ұйымдастырылды. Өңірдегі су тасқынына қарсы жұмыстар қатаң бақылауда және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894917
Шығыс Қазақстан облысында «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы ашылады 03.12.2024
Облыс әкімі Ермек Көшербаев өңірдің қоғам мүшелерімен бірге Қоғамдық кеңес жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросын» құру туралы ұсынысты қолдады.Жаңа ұйымның мақсаты – ауа сапасына қатысты қордаланған мәселелердің шешімін іздеп, өскемендіктердің тұрмыс жағдайын жақсарту. Атап айтқанда, қаланың әр ауданында атмосфераға мониторинг жасайтын құрылғыларды орнату, оны калибрлеу, кәсіпорындардағы сүзгіні жақсарту, қолданыстағы шаралардың тиімділігін бағалау, жаңа ұсыныстар әзірлеу, тұрғындарға ауа ластануының қауіп-қатері мен оны азайтудың жолдарын түсіндіру үшін білім беру бағдарламаларын ұйымдастыру, экологиялық стандарттардың орындалуын бақылау.Аймақ басшысы «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының» жол картасын жасақтаудан бастап, қаланың экологиялық жобаларын жүзеге асыруды жеделдету жұмыстарымен айналысатынын алға тартты.- Қоғамның, жергілікті атқарушы органдардың және табиғатты пайдаланушылардың өзара қарым-қатынасының тиімді тетіктері қажет екенін бұдан бұрын да айтқан едім. Экобелсенділер мемлекеттік органдар мен кәсіпорындармен диалог орнату арқылы мәселені шешу жолдарын қарастыратын болады. Ең бастысы, қоғамдық бақылау күшейтіледі. Қаланың әрбір тұрғыны осы ұйымның заңды өкілі деп айтуға негіз бар. Әрине бәрі бірден өзгеріп кетпейтіні анық. Бірақ бірлесе отырып, кезең-кезеңімен қалаған нәтижеге қол жеткізетін боламыз, - деді Ермек Көшербаев.Осы ретте қоғам белсенділері де бастаманы қолдап, өздерінің пікірін білдірді.- Атмосфераның ластану деңгейін анықтайтын датчиктердің санын көбейтіп, оларды қала бойынша біркелкі орнату керек. Тұрғындар да қандай көмір жағатынымызды білуі қажет. Бұл бағыттағы жұмысты жер үйлер орналасқан аудандарда қарастырған жөн. Оң өзгерістер үшін бюро жұмысында әр қадам маңызды, - деді сала маманы Виталий Чернецкий.Облыс әкімі жаңа кеңесті ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі, «ECOJER» Ассоциациясы ШҚО бойынша филиалының жетекшісі Елена Березинская-Әбіловаға басқаруды ұсынды.- Соңғы 10 жылдың ішінде алғаш рет қоршаған ортаның жағдайын талқылап, экологиялық қорғау бюросын құру жөнінде шешім қабылдау үшін экологтар мен тәуелсіз сарапшылар шақырылды. Экологиялық мәселелерді шешуде қоғаммен белсенді қарым-қатынас орнату қажет. Атқарылып жатқан жұмыстар жұртшылыққа ашық түрде көрсетілуі керек, - дейді Елена Березинская-Әбілова.Экологиялық қорғау бюросының құрамына экологиялық, әлеуметтік және денсаулық сақтау мәселелерін шешуге көмектесетін түрлі сала мамандарын қосу жоспарланып отырғанын атап өткен жөн. Сонымен қатар, аталған бюро азаматтар, кәсіп пен билік арасындағы өзара әрекеттесу алаңына айналады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/894835
Батыс Қазақстан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы директорының м.а. Рауан Хусаинов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық туралы айтып берді 03.12.2024
Суару кезеңі аяқталғаннан кейін Шаған су қоймасы мен Шолақанқата, Сұлусай және Ембулатовка су қоймалары қысқы жұмыс режиміне көшті. Су тасқынын қауіпсіз өткізу және бос сыйымдылықты қамтамасыз ету үшін аталған су қоймаларынан су жіберілді.Сондай-ақ, филиал 73,6 шақырым каналды механикалық тазалау және 8 гидротехникалық құрылысты жөндеуді аяқтады, 6 гидротехникалық нысан қалпына келтірілді. Бүгінде құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда.«Барлық су шаруашылығы нысандарында көзбен шолып тексеріс жүргізілді. Олар бойынша күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындық паспорттары жасалды»,- деді БҚО бойынша «Қазсушар» филиалы директорының м.а. Рауан Хусаинов.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/894863
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Еңбек адамы» айдарын іске қосады 03.12.2024
Ауыл шаруашылығы министрлігі «Еңбек адамы» жаңа айдарының іске қосылғаны туралы хабарлайды, онда біз еңбегінің арқасында аграрлық салада жоғары нәтижелерге қол жеткізетін кейіпкерлеріміз туралы айтатын боламыз.Бірінші басылымда Қармақшы ауданынан «Тұрмағамбет» ЖШС күріш өсірушісі Оразбек Бисембаевты таныстырамыз.Ол өзінің мансабын механизатор ретінде бастады және 27 жыл ішінде өзін озық тракторшы, орақ машинисі және күріш өсіруші ретінде көрсетті. Ағымдағы жылы егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша Оразбек Бисембаев «Үздік күріш өсіруші» атағына ие болды. Ол жетістіктері үшін осындай марапатқа ие болды: ағымдағы жылы ол 43 га күріш алқабында агротехнологияны қолданды және гектарына 96,5 центнер алды.Оразбек Бисембаев үш бала тәрбиеледі, алты немересі бар. Ол өз ауылының өміріне белсенді қатысады, жас фермерлермен тәжірибе бөліседі және оларға заманауи ауылшаруашылық тәжірибелерін үйретеді.Біз ол сияқты адамдарды мақтан тұтамыз және «Еңбек адамы» айдары көптеген адамдарды еңбек жетістіктеріне шабыттандырады деп үміттенеміз. Әр шығарылымда біз сіздерді еңбегімен және адалдығымен Қазақстанның аграрлық секторының дамуына елеулі үлес қосатын жаңа кейіпкерлермен таныстыратын боламыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/894778
Жаңасемей ауданының тұрғындары қайтарымсыз грант алды 02.12.2024
Шүлбі кентінің қос тұрғыны жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін қайтарымсыз гранттың арқасында өз кәсіптерін бастады. Снежана Оспанбаева «Отбасы» атты шағын наубайхана ашса, Гүлнұр Жанболатова отбасымен бірге салмақты "бронза 708" күркетауығын өсіруді қолға алды.Көп балалы отбасылар 2024 жылдың тамыз айында халықтың әлеуметтік осал тобын қолдауға арналған жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін берілетін 400 АЕК көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізді.Жоба аясында наубайханаға қажетті құрал-жабдықтар, 40 аналық және 10 аталық күркетауық сатып алынып, арнайы жабдықталған инкубатор мен брудер орнатылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/894720
Ақтөбеде «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі басталды 02.12.2024
Шара өңірде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Ауқымды фестивальдің алғашқы күні – «Тағылым» деп аталды.Бүгін Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің «Мәңгілік ел» залында ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. «Ұлттық рух тұғыры» тақырыбында өткен басқосуда белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарих, мәдениет және ұлттық сана тақырыптарында ой қозғап, ортаға салды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға тоқталған еді. Олар — тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Бүгінде алдымызда тұрған үлкен мақсат — адал еңбек етіп, табысқа адал жолмен жететін адамды тәрбиелеу. Әр адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды.Замандастарымыздың ұлттық салт-санаға, әдет-ғұрыптарымыз бен дәстүрімізге енжар қарап, отбасында, ұрпақ тәрбиесінде оларды негізге алмауы өзекті мәселе болып отыр. Бүгінгі конференция осы тұрғыда ақ пен қараның, жақсы мен жаманның арасын ажырата білу үшін үлкен-кішіге ой тастау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Ал фестиваль облыс әкімі Асхат Шахаровтың ұйытқы болуымен ұйымдастырылып отыр. Халқымыз үшін ғылым басты сыбаға болуға тиіс. Қай іс те ғылымға, ойға сүйеніп жасалса, алға жылжиды. Сондықтан фестивальдың алғашқы іс-шарасын ғалымдармен, зиялы қауым өкілдерімен бірлесе өткізгенді жөн көрдік», — деді облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан.Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетқан Сәрсембин қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігіндегі ұлттық сана тақырыбына және өткен мен бүгіннің сабақтастығына шолу жасады. Ал ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Әбішқызы ұлттық құндылықтарды, қоғамға деген жанашырлықты сіңіруде әр адамның жеке жауапкершілігінің маңыздылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, конференцияда Жұбанов университетінің проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров, облыстық аналар кеңесінің мүшесі Гүлшат Бақтиярова, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, т.б. ғалымдар баяндама жасады.Бес күнге созылатын дәстүрлер фестивалі аясында ұлттық киімдердің сән көрсетілімі және қолөнер шеберлерінің «Дәуір дефилесі» көрме-жәрмеңкесі өтеді. Аңшылық және ұлттық спорт түрлерін дәріптейтін «Салбурын» жарысын да тамашалауға болады. Сондай-ақ тағамдар көрмесі де жоспарланған. Қорытынды күні қайырымдылық акциясы өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/894702
Бір күнде Астанадан жүк көлігімен 600-ден аса рейс қар шығарылды 02.12.2024
Елорданың коммуналдық қызметтері тәулік бойы ауысымдық режимде жұмыс істейді. Бір күнде олардың күшімен қаладан 7,7 мың текше метрден аса қар шығарылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.2 желтоқсаннан 3 желтоқсанға қараған түні көшелерді қар мен мұздан тазартуға 388 арнайы техника, 181 жол жұмысшысы шықты.2 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар полигондарына ауыр жүк көлікпен 622 рейс, 7,7 мың текше метрге жуық қар шығарылды.Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 64 мыңға жуық рейс арқылы 810 мың текше метр қар шығарылды.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894638
Әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тежеу, көкөніс қоймаларын салу және 2025 жылғы дала жұмыстарын қаржыландыруды бастау 02.12.2024
Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жеміс-көкөніс өнімдерін сақтау және өндіру және әлеуметтік азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру үшін қажетті шаралар кешені қаралды.Өнімді сақтау – көкөніс қоймаларын салу және жаңғырту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру арқылы жүзеге асырылады. Жүргізілген түгендеу қорытындысы бойынша елімізде 901 сақтау нысаны жұмыс істейді, оның ішінде жалпы сыйымдылығы 1 млн 186 мың тонна көкөніс қоймасының саны – 580, картоп қоймасы – 257 (499,7 мың тонна), жеміс-жидек қоймасы – 67 (136,3 мың тонна).«Биыл Маңғыстау облысында 40 мың тоннаға, Түркістан облысында 56 мың тоннаға, Павлодар облысында 20 мың тоннаға, Қызылорда облысында 4 мың тоннаға және Қарағанды облысында 2,8 мың тоннаға сақтау нысандары іске қосылды. Жалпы сыйымдылығы 115,1 мың тонна болатын қойма тағы 5 облыста салынуда. 7 облыста 97,9 мың тонналық жобалар инвесторлардың қаржыландыруын күтуде», — деп мәлімдеді ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.Биыл 2,9 млн тонна картоп, 1,1 млн тонна пияз, 498 мың тонна қырыққабат, 474 мың тонна сәбіз жиналды. Бұл еліміздің тұрғындарының қажеттілігі деңгейінен едәуір асып түседі. Бұл ретте Ресей Федерациясы мен Беларусь тарапынан 150 мың тонна картоп, 80 мың тонна пияз, басқа да көкөністер мен алмаларды келісімшартпен алуға сұраныс бар.«Біз ел тұрғындарының сұранысы көлемінен едәуір жоғары көкөніс өнімдерін жинадық, көршілес елдерімізден, Ресейден және Беларусьтен көкөністерге сұраныс бар. Біздің фермерлерге артық өнімді экспортқа өткізуге мүмкіндік беру керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі әкімдіктер деңгейінде келесі мәселені пысықтауы қажет: фермерлер тұрақтандыру қорларындағы қорды қоспағанда экспортқа қанша көкөніс сатуға және келісімшарт ұйымдастыруға дайын», — деді Серік Жұманғарин.Сондай-ақ кеңесте «Кең дала-2» бағдарламасы бойынша 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландырудың басталуы талқыланды. Айта кету керек, бұл мақсатқа өтеу мерзімі 2026 жылғы 1 наурызға дейін белгіленген фермерлер үшін жылдық 5%-бен 700 млрд теңгеге дейін, оның ішінде 140 млрд теңгесі – бюджет қаражатын, 560 млрд теңгесі – нарық қаражатын жұмсау жоспарлануда. Осылайша, мемлекеттік қаржыландырудың нарыққа қатынасы 1:4 құрайды. Ерте қаржыландыру фермерлерге егіс науқанын уақтылы бастау үшін барлық қажетті заттарды, соның ішінде тыңайтқыштарды алдын ала сатып алуға мүмкіндік береді. «Нарық қаражатының алғашқы 100 млрд теңгесін біз 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап ерте қаржыландыруды бастау үшін 28 қарашада тарттық. 30 қарашада ауыл шаруашылығы өндірушілерінен 85 млрд теңгеге 695 өтінім келіп түсті, оның басым бөлігі – 55 млрд теңгеге 686 өтінім – тікелей қаржыландыру арқылы, яғни АКК филиалдары арқылы, ӘКК арқылы 22,6 млрд теңгеге 6 өтінім және екінші деңгейдегі банктер арқылы 7,3 млрд теңгеге үш өтінім. Қазір жұмыста 20,6 млрд теңгеге 146 өтінім бар. 29 қарашада ерте қаржыландыру басталды, 2,3 млрд теңгеге 48 қарыз алушы несиелендірілді. Жұмыс жалғасуда», — деп атап өтті Аграрлық несие корпорациясы төрағасының орынбасары Қайрат Сапулатов.Сонымен қатар кеңесте әлеуметтік азық-түлік бағасын одан әрі тұрақтандыру шаралары талқыланды. Қараша айының қорытындысы бойынша жылдық мәнде инфляцияның 8,5%-дан 8,4%-ға дейін баяулауы байқалды. Осы жылдың 11 айында инфляцияның негізгі құрамдас бөліктері – азық-түлік және азық-түлік емес тауарлар, ақылы қызметтер арасында – азық-түлік тауарларына ең төменгі өсім (4,4%) тіркелді. Өткен аптаның қорытындысы бойынша ӘМАТ бағасының орташа индексі 0,2-ге, негізінен – тауарлардың көкөніс тобына өсті. Вице-премьер республикалық маңызы бар қалалар мен өңірлердің әкімдіктеріне сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, ел тұрғындарын қолжетімді бағамен өнімдермен қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің санын көбейтуді жүктеді. Сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне қажет болған жағдайда тұрақтандыру қорларынан көкөніс қорларын ерте брондауды қарастыруды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/894687
Қазақстан ТЖМ делегациясы Чаншадағы қытайлық Beidou компаниясының штаб-пәтеріне барды 02.12.2024
Чанша, Қытай – вице-министр Батырбек Әбдішев бастаған Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің делегациясы Чанша қаласындағы қытайлық Beidou компаниясының штаб-пәтерінде болды. Жұмыс сапары екіжақты ынтымақтастықты нығайту және төтенше жағдайлардың алдын алу саласында тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шара аясында Beidou компаниясының өкілдері табиғи апаттарды бақылау және төтенше жағдайлардың алдын алу технологиялары саласындағы соңғы жетістіктерін көрсетті. Жауын-шашынды, топырақтың ылғалдылығы мен қозғалысын, табиғи апаттарды болжау, басқа да климаттық көрсеткіштерді өлшеу және оларға жедел әрекет ету үшін пайдаланылуы мүмкін компанияның сенсорларына ерекше назар аударылды. «Бұл сапар мониторинг жүйесін жақсарту және төтенше жағдайлардың алдын алу үшін өзара ынтымақтастық жолындағы маңызды қадам болды. Жаһандық позициялау жүйесі бізге ағымдағы жылдың қазан айында Қарағанды және Павлодар облыстарында болған дала өртін жою кезінде көмектесті»,- деп ТЖ вице-министрі Батырбек Әбдішев айтты. Сонымен қатар Қазақстан ТЖМ қызметкерлері мониторинг датчиктері орнатылған бірқатар нысандарды аралап, оларды нақты жағдайларда пайдалану мүмкіндіктерімен танысты. Бұл инновациялық технологиялар төтенше жағдайлардың дамуын болжау мен талдауда қызметтің тиімділігін қалай арттыра алатынын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Жұмыс сапарының маңызды қорытындысы Министрлік, Beidou компаниясы және қазақстандық өкілдер арасындағы өзара ынтымақтастық туралы үшжақты негіздемелік меморандумға қол қою болды. Меморандум технологиялармен алмасуды, бірлескен зерттеулер жүргізуді және төтенше жағдайлардың мониторингі мен алдын алу саласында жаңа шешімдер әзірлеуді көздейді. Beidou әлемде қоршаған ортаны бақылау, табиғи апаттардан қорғау және қауіпсіздік үшін спутниктік технологиялар мен жаһандық позициялау жүйелерінің көшбасшыларының бірі ретінде танымал. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894665
Қаратал ауданы Ескелді би ауылында бір күнде екі әлеуметтік нысан іске қосылды 02.12.2024
Жетісу облысының Қаратал ауданында 150 орынды блок-модульдік мәдениет үйі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылды. Жаңа нысандар Ескелді би ауылында есігін айқара ашты. Аталған ауылда 3200 адам тұрады. Елді мекенде 30 жылдан астам уақыт бойы мұндай нысандар болмаған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Бір-біріне жақын орналасқан жаңа мәдениет үйі мен ДСО заманауи талаптарға сай, оларда мәдени, спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға және бос уақытты тиімді өткізуге қажетті жағдайлар жасалған. Қос нысанның құрылысы осы жылдың мамыр айының соңында басталған болатын.- Мен осы ауылда туып-өстім. Ауылымыздағы қазіргі оң өзгерістерді көргенде қуанамыз. Бұрын балалар 7 шақырым жердегі Үштөбеге барып жаттығуға мәжбүр болатын, бұдан былай ешқайда бармай-ақ осы ауылда жаттығады. Сол сияқты жаңа мәдениет үйіміз де бар. Бізде 90-шы жылдардан бері мәдениет үйі де, спорт кешені де болған жоқ. Енді спортпен де, шығармашылықпен де айналысуға болатын әдемі, заманауи ғимараттарымыз бар, - деді жергілікті тұрғын Елизавета Шин.Атап өтсек, жалпы ауданы 800 шаршы метр болатын екі қабатты дене шынықтыру-сауықтыру кешені ғимаратында ойын залдары, бокс пен күрес және тренажерға арналған зал бар. Онда күрес, волейбол, баскетбол, шахмат және тоғызқұмалақ секциялары жұмыс істейді.Ал жаңа мәдениет үйі 150 орынға лайықталған. Онда акт залы, оқу залы бар кітапхана орналасқан. Вокал, домбыра, қобыз, би үйірмелерін ашу жоспарланған.- Ауылды дамыту үшін қажетті нысандардың салынғанына қуаныштымыз. Бұл, ең алдымен, жастарға, сосын бізге, яғни аға буынға да қажет. Осындай игі жаңалықтар көп болсын, - деді қуанышын бөліскен ауыл ақсақалы Төлеухан Сүттібаев.Екі жаңа нысанның іске қосылуының арқасында ауылда 30 тұрақты жұмыс орны ашылды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фотограф: Александр БулавинФотограф: Александр БулавинАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/894591
Esirtkisiz elorda: deni sau urpaq: елордалық жастарға нашақорлықтың себептері мен салдары туралы ескертіледі 02.12.2024
Астана қаласының мектептерінде, колледждерінде және ЖОО-ларында жастар арасында нашақорлық пен есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған Esirtkisiz Elorda: deni sau urpaq жобасы аясында сарапшылармен кездесулер өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Іс-шаралардың мақсаты – жастардың тәуелділіктің себептері мен салдары туралы хабардарлығын арттыру, заманауи синтетикалық есірткілерді қолданумен байланысты қауіптер туралы ескерту.Жастармен кездесулерде нашақорлықтың пайда болу себептері мен тетіктері, есірткі қылмысының құқықтық және әлеуметтік салдары, қазіргі заманғы синтетикалық есірткінің қауіптілігі, сондай-ақ медиада есірткі заттарын қолдануды романтизациялау талқыланады.Қатысушылармен психолог-аддиктолог Инна Мальцева диалог жүргізеді, ол тәуелділік және алдын алу әдістерімен жұмыс істеу тәжірибесі туралы ой бөліседі. Химиялық және ойынға тәуелділік жөніндегі маман Данат Байсмаков тәуелділікті қалыптастыру механизмдері туралы егжей-тегжейлі айтып береді. Астана қаласы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы есірткі қылмысына қарсы күрестің аспектілерін және олардың жастар үшін салдарын ашып айтады.Оқушылар мен студенттер нашақорларды оңалту процесі, алдын алу әдістері және есірткі қылмысына қарсы күресте құқық қорғау органдарының жұмысы туралы сұрақтар қоя отырып, талқылауға белсенді қатысады.Жоба аясында барлығы 10 000-нан астам адамды қамтитын 80-нен астам түрлі кездесу өткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894606
Ауыл мектептерін дамыту: өңірде 226 ауыл мектебін қайта жаңартуға 8,2 млрд. теңге жұмсалды 02.12.2024
Ауыл мектептерін дамыту мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.Білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан ауылдық мектептердің әлеуетін жақсартуда қандай шаралар қабылданып жатқанын айтты. Ақтөбе облысындағы 434 мектептің 280-і (немесе 70%) – ауыл мектебі болса, оның 201-і (46%) – шағын жинақты.Жайық Сұлтан ауыл мектептерінің негізгі проблемаларын тоқталып өтті. Олардың ішінде кадр тапшылығы және педагогтердің сапалық құрамының төмендігі, сондай-ақ инфрақұрылымдық проблемалар бар.Аталған мәселелерді шешу үшін жүйелі жұмыс жүргізілген. Соңғы үш жылда 1030 орындық 8 ауылдық мектеп пайдалануға берілді. 10 ауылда 2350 орындық жаңа мектептер салынуда, олардың үшеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде. Білім сапасы да айтарлықтай жақсарған.«Мемлекет басшысының «Шағын қалалар мен ауылдардағы 1000 мектепті жаңғырту» тапсырмасына сәйкес өңірде 226 ауыл мектебі 8,2 млрд. теңгеге жаңғыртылды. Қалғаны 2025 жылдың соңына дейін толықтай қамтылады. 2023-2024 оқу жылында өңірде «Цифрлық технологияларды пайдалана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасы іске асырылды. «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржылай қолдауымен пилоттық жобаға кірген шағын жинақты мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Бұған дейін интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндігі болмаған 46 мектеп Starlink жүйесіне қосылды. Жергілікті бюджеттен жобаға қатысқан 165 педагогтің қосалқы жұмысын ынталандыруға 54,4 млн. теңге үстеме ақы төленді. 1068 мұғалім мен 204 мектеп директоры біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Оқыту семинарлары мен вебинарлар өткізілді, әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Нәтижесінде шағын жинақты мектептердегі білім сапасы 4-11%-ға артқан. Онлайн оқытуды интеграциялау арқылы шағын мектептердегі кадр тапшылығы мәселесі шешілді. Ауыл мектептерін дамыту жұмыстары жалғасады», - деді Жайық Сұлтан.«Өңірдің басым міндеттерінің бірі – барлық баланың қай жерде тұратындығына қарамастан, қалада немесе ауылдық жерде сапалы білім алуы үшін жағдай жасау. Біз қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім алшақтығы бар екенін көріп келеміз, мәселені шешу – мақсатымыз. Ол үшін ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын жоспарлы түрде нығайтып, мұғалімдердің біліктілігін арттырып, заманауи технологияларға қолжеткізуді қамтамасыз етуіміз керек. Ауыл мектептерін дамыту – өңірдің және бүкіл елдің болашағына салынған инвестиция», - деді әкім кеңес барысында.Асхат Шахаров сонымен қатар ауыл мектептерінің мәселелерін шешуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/894559
Бесқарағай ауданында 19 адам шағын несиеге қол жеткізді 02.12.2024
Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында облыстың 238 тұрғынына 2,5 пайыздық несие берілген. Шағын несиенің жалпы құны 1055 млн теңге. Несиеге қол жеткізгендердің арасында Бесқарағай ауданының 19 тұрғыны бар.«Шағын несие жылжымалы және жылжымайтын мүлікті кепіл ретінде пайдалану мүмкіндігімен тиімді шарттармен беріледі. Кепіл мүлкі болмаған жағдайда кепіл беруші туыстарын тартуға болады. Сонымен қатар, негізгі қарыз бен пайыздарды өтеу үшін жеңілдік кезеңі қарастырылған. Ол несиенің жалпы мерзімінің үштен бірінен аспауы керек», - дейді Абай облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Айман Нұрлыбек.Сонымен қатар мемлекет тарапынан әлеуметтік осал топтар санатындағы тұрғындарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Биыл облыс бойынша 203 адам қайтарымсыз грантқа қол жеткізді. Оның ішінде Бесқарағай ауданының алты тұрғыны бар.Қазіргі уақытта грант беру процесі электрондық форматқа ауыстырылып, бірыңғай терезе – «Business.enbek.kz» порталы арқылы жүзеге асырылады.Ресми түрде тіркелген жұмыссыздар, жеке кәсіпкерлер 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грантты алуға үміткер бола алады. Бірақ тіркеу мерзімі үш жылдан кем болмауы керек.Сондай-ақ, үміткерде мерзімі үш жылдан аспаған «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту туралы сертификаты болуы тиіс.Облыс бойынша ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 1132 адам өтті. Оның 54-і Бесқарағай ауданының тұрғындары.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/894539
ТЖМ қызметкерлері джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды 02.12.2024
27 қараша және 2 желтоқсан аралығында Польша Республикасы Миколув қаласында СOMBAT JU-JITsu бойынша әлем чемпионаты өтті. Бұл халықаралық жарысқа 32 елден 860 спортшы қатысып, өзара шеберлік көрсетті. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген спортшылар арасында бәсекелестік жоғары болды.Қазақстан атынан сынға түскендердің қатарында Шымкент қаласы ТЖД жүргізушісі Акбар Елубайұлы, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі №2 өрт сөндіру бөлімінің технигі Талант Тоқтыбаев және ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі өрт сөндіру бөлімдеріне техникалық қызмет көрсету бөлімінің технигі Олжас Батырхан да болды. Жауапкершілік пен табандылықты талап ететін қызметімен қатар, спортта да табысқа жеткен спортшыларымыз бұл жолы да үздік екендіктерін дәлелдеп, жүлделі орын алды. Акбар Елубайұлы 93 кг салмақта бірінші орынды алып, әлемнің төрт дүркін чемпионы атанды. Ал Талант Тоқтыбаев 85 кг салмақта бірінші орын алып, алтын медальді иеленді және әлемнің үш дүркін чемпионы атанды. Олжас Батырхан 63 кг салмақта екінші орынды алып, күміс жүлдеге ие болды. «Әлемдік аренадағы жеңіс біз үшін жеке жетістік қана емес, еліміздің барлық құтқарушыларының жеңісі. Бірінші кезекте біз ТЖМ мен министрге қолдауы үшін алғысымызды білдіреміз. Ең бастысы біздің бүгінгі жеңісіміз ғана емес, кез келген төтенше жағдайда біз қай жерде болмасын көмекке келуге дайынбыз», - деп атап өтті чемпиондар.Бұл жеңіс – спортшыларымыздың спорттық мансабындағы үлкен жетістіктерінің бірі ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның джиу-джитсу спортының беделін халықаралық деңгейде көтеруге қосқан маңызды үлесі.Спортшыларымыздың жеңісі – ел мақтанышы, олардың табандылығы мен еңбекқорлығы жас ұрпаққа үлгі. Осы жеңістерімен спортшыларымызды шын жүректен құттықтаймыз және спорттық мансабында әрі қарай да табыстар тілейміз!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894611
«Көркемсөз шебері»: Астанада бүлдіршіндер арасында мәнерлеп оқудан байқау өтті 02.12.2024
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы ерекше сайыс өткізді. Бибігүл Төлегенова атындағы «Creative» мектебінде мемлекеттік және мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған жекеменшік балабақшалардың мектепалды даярлық топтарына арналған «Көркемсөз шебері» қалалық мәнерлеп оқу байқауының қалалық кезеңін өткізді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Байқаудың мақсаты – мектепке дейінгі жастағы балаларды көркем әдебиетпен таныстыру, тілін мәнерлі, бейнелі етуге машықтандыру, балалардың байланыстырып сөйлеу және мазмұндылығын, тілдің шығармашылығы мен мәнерлілігін, сөйлеу әрекеттеріндегі жеке қабілеттерін дамыту.Байқауға 68 балабақшадан 68 қатысушы (мемлекеттік балабақша – 39, мемлекеттік білім беру тапсырысы орналасқан жекеменшік балабақшасы – 29) өз бақтарын сынады. №37 балабақшаның тәрбиеленушісі Айбегім Абітжан, «Алпамыс» балабақшаның тәрбиеленушісі Айсара Ескенова үздік танылып, «Астана дарыны» орталығының кубогын иеленді.І орын – 15 (№16 «Шағала» бб, №78 «Асыл» бб, №8 «Думан» бб, №67 «Шұғыла» бб, №9 «Нұршашу» бб, №18 «Аяжан» бб, №49 «Алтынай» бб, «Алпамыс» бб 5 тәрбиеленуші, «BI-BALA 2» бб 2 тәрбиеленуші, «Ақжол-РА» бб);ІІ орын – 21 (№52 «Еркетай» бб, №14 «Ақбөпе» бб, №86 «Зияткер» бб, №91 «Еңлік» бб, №23 «Алтын бесік» бб, №26 «Үміт» бб, №50 «Жұлдыз» бб, №51 «Алтын сандық» бб, №66 «Толағай» бб, «Бақытты бала IQ» бб, «Алпамыс» бб 5 тәрбиеленуші, ИРСУ «Аруана» бб 3 тәрбиеленуші, «Asyl besik» бб, «Kidz n Totz» бб, «Тәй тәй star» бб);ІІІ орын – 18 (№79 «Шабыт» бб, №31 «Ақ сұңқар» бб, №76 «Әдемі» бб, №54 «Нұр-Ай» бб, №35 «Ертегі» бб, №98 «Мирас» бб, №28 «Жұлдыз» санаториялық бб, №32 «Балдәурен» бб, №65 «Бал бала» бб, №68 «Балбұлақ» бб, «Ерке 2020» бб, «Исмар-К» бб, «Kidz n Totz» бб, «Asyl besik» бб 2 тәрбиеленуші, «Алпамыс» бб 3 тәрбиеленуші).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894505
Алматы Катардағы халықаралық туристік көрмеде үздік дестинация деп танылды 02.12.2024
Катар астанасы Дохада өткен Qatar Travel Mart (QTM 2024) халықаралық туристік көрмеде Алматының стенді ұсынылды. Үш күндік көрмеге 60-қа жуық ел қатысып, іс-шараны 12 мыңнан астам адам тамашалады.Алматы стендінде өңірдің табиғи сұлулығы мен мәдени мұрасы таныстырылды. Қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, дәстүрлі қазақ киімдерін киіп көруге және т.б. жақыннан танысу мүмкіндігіне ие болды. Көрме қорытындысы бойынша Алматы «Ең үздік туристік бағыт» номинациясында жеңімпаз атанды.Алматыны Visit Almaty орталығы, 6 қазақстандық туроператор және «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты таныстырды. Қазақстандық және шетелдік туроператорлар арасында 100-ден астам B2B кездесу өткізіліп, қалаға 13 мыңнан астам шетелдік туристің келуін көздейтін 44 келісімге қол қойылды. Бұл келісімдер іскерлік байланыстарды нығайтуға және Алматыдағы туристік лекті арттыруға бағытталған халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді.«Біздің мақсатымыз – Алматының бай туристік әлеуетін, оның табиғи ландшафттарын, мәдени және тарихи орындарын халықаралық серіктестерге, инвесторларға және туристерге таныстыру. Көрмеде Парсы шығанағы елдерінің тұрғындары үшін негізгі туристік бағыт ретінде қаланың позициясын нығайтуға ерекше назар аударылды, себебі бұл аймақ қалаға тұрақты жоғары қызығушылық танытып отыр», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының бас маманы Алмас Ақпаев.«Бүгінгі таңда Доха мен Алматы арасында тікелей әуе рейстері бар, бұл Қазақстанмен танысқысы келетін туристер үшін сапарды айтарлықтай жеңілдетеді. Кездесулер нәтижесінде Алматыға деген қызығушылықтың арта түсетініне сенімдіміз», – деп туристік компания өкілі Айша Шәкенова мұндай іс-шараларға қатысу халықаралық серіктестік орнатуға және Алматының әлемдік аренадағы орнын нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.Көрмеге келген қонақтар Алматыны туристік бағыт ретінде жоғары бағалады.«Алматы – міндетті түрде барғым келетін қала. Ол туралы көптеген жақсы пікір естідім. Шамасы, бұл іскерлік туризмді, демалысты және экотуризмді тамаша үйлестіретін орын», – деді Катар азаматы Тарик әл-Кубайси.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/894509
2024 жылдың қыркүйек-қараша айларында 2,9 млн тонна жаңа астық экспортталды 02.12.2024
«ҚТЖ» ҰК» АҚ деректері бойынша қараша айында ҚТЖ желісі бойынша 1,4 млн тоннадан астам жаңа астық тиелді, бұл алғаш рет осындай айлық астық тасымалдау көлемі болып табылады. Республика ішінде - 350 мың тонна және экспортқа - 1 млн тоннадан астам.2024 жылдың қыркүйегінен қарашасына дейін 3,7 млн тонна жаңа астық тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 45% - ға артық. Оның ішінде 2,9 млн тонна экспортқа бағытталды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 51% - ға артық, ішкі қатынастар бойынша-793 мың тонна.Жаңа егіннің астық экспорты оң серпінді көрсетіп отыр: Орталық Азия елдеріне ӨСІМ 35% -. құрады, Ауғанстанға жөнелту 58% - ға ұлғайды. Иран бағытындағы тасымалдар өткен жылы 14 мың тоннаға қарағанда 356 мың тоннаға дейін өсті. Қытайға қабылдаушы Тараптың қуаттылығына сәйкес 445 мың тонна жөнелтілді.ҚТЖ РФ бағытында, сондай-ақ екі айда 104 мың тонна жөнелтілген Әзірбайжан сияқты жаңа нарықтарға дәнді дақылдардың кедергісіз шығуын қамтамасыз етеді.Үкімет қойған ел ішінде астықты көшіру есебінен элеваторларды босату жөніндегі міндеттер толық көлемде орындалады, үш айда +29% өсіммен 793 мың тонна тасымалданды.Негізгі тұтынушылар-елдің оңтүстігіндегі ұн тартатын кәсіпорындар, одан кейін құс фабрикалары мен басқа да астық өңдеушілер келеді.Жылжымалы құрам жеткілікті мөлшерде бар, тарту ресурстары жөнелтушілердің қажеттіліктерін қамтамасыз етеді. Астық штабтары мен топтары тәулік бойы жаңа дақылдың астық шығарылуын бақылайды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/894452
«Таза Қазақстан»: астаналық оқушылар жылыжайда лимон мен көкеністің түр-түрін өсіреді 02.12.2024
Астана қаласындағы №8 мектеп-лицейінің 5-сынып оқушылары «Жасыл клуб» жобасы аясында «Жасыл мектеп» жылыжайында екі жылдан бері баптап, өсіріп жатқан лимон ағаштары жеміс бере бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Екі жылда бір рет жеміс беретін лимонның күтімін өздері жасаған оқушылар оның бүршік жарғанын асыға күткендерін айтады. Мектеп оқушылары бұдан бөлек, жылыжайда қияр, қызанақ, аскөк көкөністері мен құлпынай, жидектер және жалбыз өсіріп келеді.Бос уақыттарын оқушылармен бірге тиімді пайдаланатын жоба жетекшілері де өсімдіктерге күтім жасайды.Айта кетейік, бүгінде Б.Өтемұратов қорының қолдауымен Астана қаласы бойынша №8, 20, 37, 42, 43, 49, 58, 61, 67, 68, 69, 80, 83, 88, 78, 90, 87, 82, 79 мектептері мен Сервис және туризм колледжінде жылыжайлар ашылып, оқушылар мен студенттер әртүрлі жемістерді өсіріп, өнім алып жүр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894321
Астана әкімі азаматтарды қабылдады 02.12.2024
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек инстаграм парақшасында қабылдауында болған азаматтардың қандай мәселемен жүгінгенін жазды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.«Amanat» партиясының елордалық филиалының базасында азаматтарды қабылдадым. Тұрғындар негізінен баспана, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, медициналық көмек, әлеуметтік көмек және т.б. мәселелер бойынша жүгінеді.Мәселен, тұрғын үй мәселесі бойынша бірнеше бағытта жұмыс жүріп жатыр. Нақтырақ айтқанда, кезекте тұрғандарға арналған әлеуметтік пәтерлердің құрылысы, апатты жағдайдағы әрі тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу, құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерін аяқтау, көппәтерлі тұрғын үй кешендерін жөндеу. Биыл апатты тұрғын үйлерден 4 мың 200-ден астам тұрғынды көшіруді, сол сияқты құрылысы ұзаққа созылған кезекті 8 тұрғын үй кешенін аяқтауды жоспарлап отырмыз.Бұған қоса, әлеуметтік нысандар (мектептер, спорт және медициналық нысандар) құрылысының көлемі артты. Сондай-ақ, биыл 170 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды.Азаматтарды қабылдауда көтерілген мәселелерді назарда ұстаймыз», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/894373
у тасқынының алдын алу, мұздықтар мен шағын өзен-көлдерді қорғау және климаттың өзгеруіне бейімделу: жаңа Су кодексі жобасындағы басты жаңашылдықтар 02.12.2024
Жаңа Су кодексінің жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және болашақ ұрпақтың мүддесі үшін бірыңғай мемлекеттік су саясатын іске асырудың құқықтық негіздері мен тетіктерін жетілдіру мақсатында әзірленді. Заңнамалық өзгерістер су ресурстарын басқару тәсілдерін Қазақстанның су әлеуетін сақтауға басымдық беру жағына қарай қайта бағытталды.Су ресурстары және ирригация министрлігі кодекс жобасын әзірлеу барысында Австралия, Германия, Израиль, Канада, Өзбекстан және тағы да басқа мемлекеттердің тәжірибесі мен су ресурстары саласындағы заңнамасын зерттеді.Қолданыстағы су заңнамасының әлсіз жақтарын анықтау үшін өңірлерді аралап, сарапшылармен және ғылыми ұйымдармен бірнеше мәрте кеңес өткізді.Парламент Мәжілісінің депутаттары және тәуелсіз сарапшылардың қатысуымен жаңа Су кодексінің жобасын талқылау бойынша жұмыс тобы 37 отырыс өткізді.2003 ЖЫЛҒЫ ҚОЛДАНЫСТАҒЫ РЕДАКЦИЯДА:- 20 жылда 272 өзгеріс енгізілді- Көптеген нормалар декларативті немесе оларды жүзеге асыру механизмі қарастырылмаған- Кей нормалар бір-біріне логикалық тұрғыда сәйкес келмейді және қарама-қайшылықтар кездеседі- ГТҚ қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз су және сумен қамтамасыз ету мәселелері шешілмегенСУ КОДЕКСІНІҢ ЖАҢА РЕДАКЦИЯСЫНДА:- Кодекс нормалары жүйеленді- Декларативті, қайталанатын нормалар алынып тасталды- Су кодексінің принциптері мен міндеттері оларды іске асыру тетіктерімен қоса айқындалды- ГТҚ қауіпсіздігі, суару және дренаж, ауыз су және сумен қамтамасыз ету мәселелері жеке бөлімдерге бөліндіЖАҢА СУ КОДЕКСІНІҢ БАСТЫ МАҚСАТЫ:1. Су пайдаланудың қауіпсіз деңгейіне қол жеткізу және оны сақтау2. Экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету3. Азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту және қоршаған ортаға ұқыпты қарау.НЕГІЗГІ ПРИНЦИПТЕР:1. Суды қоршаған ортаның ажырамас бөлігі, халықтың тіршілік әрекеті мен экономикалық дамуының негізі ретінде тану2. Мемлекеттің су ресурстарын пайдалану кезінде олардың экономикалық құндылығын тануы3. Жерүсті және жерасты су ресурстарын кешенді пайдалану4. Су үнемдеу5. Су қорын сақтау және пайдалану жөніндегі міндеттерді шешуге қоғам өкілдерін тарту6. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық нормалар мен келісімшарттар негізінде трансшекаралық су ресурстарын пайдалануЖАҢА РЕДАКЦИЯДА:1. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендер мен нысандарды тасқын және еріген қар суынан қоғау және алдын алу іс-шаралары енгізілді2. Алғаш рет шағын көлдерді, өзендер мен тоғандарды, сондай-ақ мұздықтар мен сулы-батпақты аймақтарды қорғау жөнінде нормалар енгізілді3. Климаттың өзгеруіне бейімделуге және су үнемдеу принциптерін енгізуге баса назар аударылады4. Су ресурстарын басқарудағы үйлестіруді жақсарту үшін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, жергілікті уәкілетті органдардың құзыреттерін мұқият реттейді5. Алғаш рет «экологиялық ағын» ұғымы енгізіледі, бұл – су объектілерінің экожүйелерін сақтау үшін судың ең төменгі рұқсат етілген деңгейі, сарқылудан және басқа да жағымсыз салдардан қорғайды6. Елді мекендердегі сумен жабдықтау, су бұру және гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады7. Тазартылған ағынды суларды қайта пайдалануға басымдық беріледі8. Бассейндік инспекцияларға мемлекеттік бақылау функцияларымен қатар тергеу функциялары да беріледі. Бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсіп, жалпы штат саны 242 адамға жетті9. Жаңа Су кодексінің жекелеген ережелері елімізге инвестиция тартуды ынталандыруды көздейді.КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕ:1. Қолданыстағы заңнамада және құқық қолдану практикасындағы олқылықтарды жоя отырып, су ресурстарын қорғау және пайдалану саласындағы қатынастарды реттеудің нормативтік негізін тұжырымдамалық жаңарту;2. Су пайдалану тиімділігін арттыру және өнімсіз шығындарды азайту арқылы су қорын болашақ ұрпаққа сақтау;3. Су ресурстарын мемлекеттік басқару және оларды қорғау мәселелерінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың іс-қимылын үйлестіру;4.Судың халыққа, қоршаған ортаға және ел экономикасына зиянды әсерінің алдын алу;5. Су ресурстарын қорғау және пайдалану саласында ғылымды және кадрлық әлеуетті дамыту;6. Су саласында қолда бар озық технологиялар мен цифрландыру құралдарын әзірлеу мен енгізуді ынталандыру;7. Трансшекаралық су нысандарын бірлесіп пайдалану бағытында мемлекетаралық ынтымақтастықты жетілдіру.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/water/press/news/details/894345