Enbekshi QazaQ

Ғылым

АСТАНАДА FACE ID ЖӘНЕ «ЦИФРЛЫҚ ҚҰЖАТ»СЕРВИСТЕРІ АРҚЫЛЫ ПАЦИЕНТТЕРДІ 600 МЫҢНАН АСТАМ СӘЙКЕСТЕНДІРУ ЖҮРГІЗІЛДІ 09.12.2024
Пилоттық жобаның шеңберінде Астанада медициналық ұйымдарға келген 600 мыңнан астам пациент Face ID және «Цифрлық құжат» цифрлық сервистері арқылы сәйкестендіруден өтті.Бүгінгі таңда пилоттық жобаға 60-тан астам медициналық ұйым қосылған, онда күн сайын 2,5 мыңнан астам медицина мамандары дәрігердің қабылдауы кезінде пациенттерді сәйкестендіруді жүргізеді.Желтоқсан айының басында елорданың медициналық ұйымдарында қабылдаулардың жалпы саны 1 157 231-ді құрады, бұл ретте 612 мың, оның ішінде Face ID технологиясы бойынша 300 000-нан астам, «Цифрлық құжат» сервисі арқылы 311 мың сәйкестендіру жүргізілді.Ағымдағы жылдың 11 қыркүйегінен бастап медициналық ақпараттық жүйелердің функционалына пациентті веб-камера арқылы сәйкестендіруге мүмкіндік беретін « Face ID» технологиясы қосылды.Пациенттерге медициналық қызмет көрсетуді биометриялық растаудың бұл тетігі денсаулық сақтау жүйесіндегі бұрмаланулар мен қосып жазулар қаупімен күресте тиімді құрал болады деп күтілуде.2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаны бүкіл ел бойынша кезең-кезеңімен масштабтау жоспарлануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/dsm/press/news/details/898963
СҚО-да қалдықтарды сұрыптап, өңдейтін техноэкопарк құрылады 09.12.2024
Астанадағы ОКК-де өткен баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерін СҚО-да Техноэкопарк құру жобасы қызықтырды. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өңірде отандық инвестордың күшімен Техноэкопарк құрылатынын, оған қалдықтарды сұрыптау кешені, қағаз өнімдері фабрикасы, картон және металл-пластикалық зауыты кіретінін атап өтті.Қалдықтарды сұрыптау кешені аймақтағы қоқыс полигондарымен және қалдықтарды жинаумен айналысатын кәсіпорындармен бірлесе жұмыс істейтін болады, бұл аймақтағы қалдықтардың көлемін азайтып қана қоймай, қайталама түйіршіктер шығару арқылы одан әрі өндіріске шикізат алмақ.Сонымен қатар, қағаз және картон бұйымдарын, автокомпоненттер мен агротехниканың қосалқы бөлшектерін шығару, сондай-ақ тұрмыстық бұйымдар шығару жоспарлануда. Жобаның құны 26 млрд теңгені құрайды. Құрылыс 2025 жылы басталмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/898489
Құттықтау 07.12.2024
Құрметті Zakon.kz ақпарат агенттігінің ұжымы!Сіздерді 25 жылдық мерейлі белестеріңізбен құттықтаймын!Zakon.kz - халықтың көзаймына айналған жетекші медианың бірі.Ақпараттық агенттік кез келген мәліметтің тереңіне үңіліп, әр дерек пен дәйекті жіліктеп, оқырманға ұғынықты тілде жедел жеткізуімен ерекшеленеді. Бұл орайда уақытпен санаспай, сапалы дүниелер ұсынған тәжірибелі тілшілердің еңбегі зор!Алдағы уақытта да Zakon.kz ұжымы ақпарат аламанында көш бастап, тұрақты оқырмандарының назарына салмақты дүниелер ұсынатынына сенімім мол!Сіздерді айтулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық отбасыларыңыз амандық, шығармашылықтарыңызға шалқар шабыт тілеймін!Zakon.kz-тің ғұмыры ұзақ болсын! Ізгі ниетпен, Жамбыл облысының әкімі Ербол ҚарашөкеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/898225
СҚО-да тапшы дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көтермеақы төленбек 07.12.2024
Бұл туралы СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында журналистердің сауалына жауап берген кезде мәлімдеді. Солтүстікте медицина кадрларының тапшылығын азайтуға ерекше көңіл бөледі. Дәрігерлер баспанамен қамтамасыз етілсе, қалада 3 жылға жалға берілетін үйге төлемдер қарастырылған. Резидентураға 50 грант бөлінді, қазір 34 резидент білім алуда. Келген дәрігерлер 5 миллион теңгеге дейін көтермеақы алады. Соның арқасында дәрігерлер тапшылығы 2 есеге қысқарды.Дегенмен, ауруханаларда әлі де тар мамандар жетіспейді. Аймақ басшысының айтуынша, өткір тапшылық мамандықтары бойынша дәрігерлерге 8,5 миллион теңге көтермеақы төлеу туралы шешім қабылданған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/898109
Олжас Бектенов Маңғыстау облысының экономикасын әртараптандыруды күшейту және өңірдің көлік-логистикалық және туристік әлеуетін кеңейту жөнінде кеңес өткізді 07.12.2024
Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Басты міндет – Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында айтылған, өңірлердегі халықтың әл-ауқатын арттыру және стратегиялық мәселелерді шешу арқылы орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау. Маңғыстау облысы әкімінің, салалық министрліктер басшыларының баяндамалары тыңдалды.Көлік және логистика, отын-энергетика кешені, коммуналдық инфрақұрылым, туристік кластерді қосқанда, облыс экономикасының негізгі салаларын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.Премьер-министрге Маңғыстау облысының 2021-2023 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өңірлік өнімнің 50%-ға – 4,5 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз еткені баяндалды.2025 жылға дейінгі кезеңде 1,8 трлн теңге сомасына 259 іс-шараны іске асыру көзделген.Маңғыстау облысының еліміздегі көлік-логистика саласы үшін стратегиялық маңызын ескере отырып, республикалық маңызы бар ұзындығы 680 шақырымды құрайтын автожолдар учаскелерін жоспарлы реконструкциялауды қосқанда, Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу және басқа да инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Теңіз портын, әуе және теміржол инфрақұрылымын кеңейту, түрлі қызмет көрсету және олардың сапасын арттыру басымдыққа ие болуы тиіс.Көлік министрі Марат Қарабаев биылғы 10 айда ТХКБ дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 68%-ға, ал контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге артқанын баяндады.Теміржол көлігімен 2,3 млн тонна, теңіз жолымен — 6,3 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.Премьер-министр Маңғыстау облысында авиациялық хабты дамыту қажеттігіне тоқталды. Көлік министрлігіне Энергетика министрлігімен және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп өңірге авиаотынды тікелей жеткізу, сондай-ақ шетелдік авиакомпанияларды тарта отырып, жаңа бағыттар бойынша субсидияланатын ішкі авиарейстерді ұлғайту мәселелерін пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар Маңғыстау облысына басқа өңірлерден жолаушылар маршруттарын көбейту үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту маңызды.Олжас Бектенов «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағын кеңейту үшін әлеуетті инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтудің маңызына назар аударды. Бұл ретте жобаларды іске асыру барысында облыс тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу маңызды. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 525 жұмыс орнын ашқан 14 жоба іске қосылды.Бүгінгі таңда өңірдің өңдеу өнеркәсібінде 17,2 мың адам жұмыс істейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев салада тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсатында инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта 3,9 мың жұмыс орнын ашатын 1,5 трлн теңге сомасына 19 перспективалық жоба пысықталуда. Энергетика саласында жауапты министрліктің алдына «қызыл тәуекел аймағындағы» 19 энергия көзінің, жылу және электр магистралды және орамішілік желілердің тізбесіне кіретін МАЭК-ті жаңғырту бойынша міндеттер қойылды. Бұған дейін МАЭК-тің тұрақты жұмысы үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген болатын. Жиында жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажеттігі атап өтілді.«Өңірде жылумен жабдықтаудың ішкі кварталдық желілерінің жоғары деңгейде тозуы – үлкен мәселе. Жылыту маусымы басталғаннан бері 225 екпін тіркелді. Ақтау қаласының сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 82% құрайды. Біз қала тұрғындарының су тапшылығына шағымданатынын білеміз. Бұл мәселелерді бірінші кезекте облыс әкімдігі шешуі керек. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдікке көмек көрсету тапсырылды.Сондай-ақ Президенттің туризмді, оның ішінде «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша қойған міндетін іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы қаралды.Маңғыстау облысын жағажай туризмінің халықаралық орталығы ретінде ұзақмерзімді дамытуға бағытталған кешенді жоспар шеңберінде 2030 жылға дейін жеке инвестициялар тарта отырып, жалпы сомасы 165,1 млрд теңгені құрайтын 64 іс-шара жоспарланған. Басым жобалар қатарында «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын құру. Аталған шаралар туристер санын 1,3 млн адамға дейін арттыруға және өңірдің қонақ үй инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Туризм және спорт министрлігіне Облыстағы туризмді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде әкімдікке барынша жәрдем көрсету тапсырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/898251
Өңір басшысы тұрғындарды қабылдады 07.12.2024
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Amanat партиясының ғимаратында бірыңғай қабылдау өткізді. Аймақ басшысы жалпы саны 20-ға жуық тұрғынның мәселесімен танысып, заң аясында шешілетінін айтты. Азаматтардың арыз-талабын, ұсыныстарын басқарма басшылары мен аудан әкімдері де тыңдады.Асхат Шахаровтың қабылдауына жазылғандар жеке-жеке мәселесін тізіп, әкімнен шешілуге көмек беруін сұрады. Қабылдауға келгендердің көбі баспана базынасын айтты. Енді бірі жұмысқа орналастыру, денсаулық жағдайына қатыстымәселелерді қаузады. Әр өтініш бойынша толық түсініктемелер берілді. Жауаптылар келушілердің арыз-талабы заң аясында шешімін табатынын, назардан тыс қалмайтын жеткізді.Естеріңізге сала кетейік, облыс әкімінің азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдауына алдын ала жазылу тұрақты негізде жүргізіледі. Тұрғындар egov.kz порталы, е-otinish бірыңғай базасы немесе әкімдікке келіп жазбаша өтініш қалдыру арқылы жазыла алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/898303
Ақтөбеліктер сыбаға таратты 07.12.2024
Ақтөбе облысында бес күнге созылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі өз мәресіне жетті. Фестивальдің соңғы күнінде ақтөбелік кәсіпкерлер 1000-ға жуық ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, қоғамның осал топ өкілдеріне сыбаға үлестірді. Яғни, қайырымдылық акциясы аясында шаруа қожалықтары, кәсіпкерлер ірі қара, жылқы мен түйе сойып, оның етін таратты. Өңір жұртшылығы ұмыт болып бара жатқан «Сыбаға» дәстүрінің қайта жаңғырғандығына қуанышты.«Ақтөбе облысының әкімдігі желтоқсан айының басынан бастап, апта бойы үлкен жоба – «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалін ұйымдастырып жатыр. Дәстүрлеріміз дәріптеліп, ұлттық қасиеттеріміз ұлықталуда. Фестивальге үлес қосу мақсатында кеше түйе сойдық. Халыққа таратамыз. Соғым-сыбаға тарату – қазақ халқының ежелден келе жатқан ерекше дәстүрі», - деді кәсіпкер Амантай Үмбетай. Акцияның өтуін жастар мен волонтерлер де қолдады. Олар әр жілікті арнайы «Сыбаға» деп жазылған қораптарға салып, жерлестеріне таратты. Тұрғындар фестивальдің алдағы уақытта жалғасын табуына тілектестігін білдірді. «Жұбайым – бірінші топ, қызым – екінші топ мүгедегі. Қазақы ауылда өстім. Күз түскен кезде қараша-желтоқсан айларында соғым сояды. Көршілерге, ағайын туысқа сыбаға тарататын. Бұл дәстүр бүгінгі күні, әсіресе, қалалық жерде ұмыт болып бара жатыр. Қазақи салт-дәстүрді әрі қарай жалғасқаны өте орынды болады деп есептеймін», - деді қала тұрғыны Орынбай Өтениязов. Шара бір жағынан ұлттық дәстүрлерімізді насихаттаса, екінші жағынан қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсетудің маңыздылығын тағы бір рет айқындап берді. t.me/aqtobe_oblysy_akimdigiАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/898336
Аймақ басшысы италиялық компаниялардың басшыларымен кездесті 06.12.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Италияға жұмыс сапары кезінде Рим қаласындағы бірқатар инвесторлармен кездесті. Алдымен «Confindustria» ассоциациясының вице-президенті Витторио Майоранамен жүздесіп, өңдеу өнеркәсібі саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайын екенін айтты.«Біз «Confindustria»-ның тарихы бір ғасырдан асатынын білеміз. Қауымдастық құрамында кеңею, Қазақстанға орналасу, жаңа нарыққа шығу бағытындағы компаниялар болса, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз.Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс материалдарын, мұнай өндірісіне қажетті тауарлар шығару, жылыжай салу, машина жасау, тері және жүн өңдеу сияқты салаларда бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз.Серіктес қажет болған жағдайда, аймақта кәсіпкерлер бар. Таныстырып, іс бастауға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Біз әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беріп, Қазақстандағы даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжат әзірлеуді сүйемелдеуге дайынбыз. Сондай-ақ, «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы жобаларға қаржылай көмек көрсетуге мүмкіндігіміз бар», – деді Н.Нәлібаев.Мұнан бөлек, аймақ басшысы клиникалық диагностика мен медициналық құрылғыларға арналған өнімдерді әзірлейтін «SGM Іtalia» компаниясының басшысымен кездесті. Іскерлік кездесу барысында медицина саласындағы инвестициялар үшін негізгі бағыт айқындалды. Оның ішінде Қызылорда облысында биохимиялық ерітінділер мен реагенттердің жергілікті өндірісін ашу мәселесі талқыланды.Айта кетейік, облыста биохимиялық ерітінділер және реагенттермен жұмыс істейтін бірнеше ірі зертхана бар. Атап айтқанда, өңірде «Олимп» зертханасының 18 филиалы, «Invivo» зертханасының 20 филиалы орналасқан. Олар клиникалық диагностикаменбелсенді айналысады және жоғары сапалыреагенттерді қажет етеді.Әрі қарай аймақ басшысы «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігінің президенті Филипо Джансатемен кездесті. Онда ауыл шаруашылығы, тері, жүн өңдеу, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, мұнайға қажетті тауарлар, денсаулық сақтау, инфрақұрылым, су ресурстары және көлік-логистика салаларындағы бірқатар тартымды жобалар ұсынылды.Айта кету керек, 29 қазан күні екі елдің ынтымақтастық жөніндегі 9-шы жұмыс тобының отырысында «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ мен Италияның CDP ұлттық даму институты арасында 200 млн еуро көлемінде кредиттік келісімге қол қойылды. Қаржыландыру «Қазақстанның Даму Банкіне» «Sace» экспорттық-кредиттік агенттігі тарапынан кепілдік беру арқылы жүзеге асырылады. Бұл қаражат елдің тұрақты дамуына ықпал ететін экономиканың негізгі салаларын дамытуға бағытталмақ.Сонымен қатар, аймақ басшысы «Ansaldo Energe» компаниясының басшысы Фабрицио Фаббримен кездесіп, өңірдегі энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларды талқылады.Электр энергиясын тұтыну қарқыны мен энергетикалық инфрақұрылымды дамыту маңыздылығы ескеріліп, түркиялық «Aksa Energy» компаниясы қуаттылығы 240 МВт жаңа жылу-электр орталығын салуда.Бұл облыстың электр энергиясына қажеттілігін толығымен жауып, Қызылорданы импорттаушыдан экспорттаушы өңірге айналдырады. Жаңа нысан энергетикалық қауіпсіздікті сақтауға және тарифті тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Жоба 2025 жылы іске қосылады.Мемлекет басшысының биылғы ақпан айында Катарға жасаған іссапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Соның бірі –Қызылорда облысында қуаттылығы 1100 мегаваттық бу-газ электр станцияларын салу. Жобаны 2024-2029 жылдары іске асыру, «Қызылорда-Шымкент», «Қызылорда-Жезқазған» бағыттары бойынша жаңа электр желілерін тарту жоспарлануда.Кездесу соңында аймақ басшысы инвесторларды Сыр еліне арнайы іссапармен келуге шақырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/897673
Аймақ басшысы Қазақстан Республикасының Италиядағы Төтенше және Өкілетті елшісімен кездесті 06.12.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірінің делегациясы Италияға жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында ауыл шаруашылығы құрылымдарының, құрылыс компанияларының басшылары, кәсіпкерлер бар.Сапардың негізгі мақсаты – аймақтың агроөнеркәсіп, құрылыс, қызмет көрсету салаларына инвестиция тарту.Жұмыс сапары аясында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев Қазақстан Республикасының Италиядағы, Мальта және Сан-Марино Республикаларындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерболат Сембаевпен кездесті. Басқосуда Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастыққа бағытталған жұмыстар талқыланды.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы отандық және шетелдік инвестиция тартып, халықтың әл-ауқатын арттыруды тапсырғаны белгілі. Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін талқылауға ие болғанымыз үшін шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Италия – Қазақстанның Еуропадағы ірі серіктестерінің бірі және біздің облысымыз итальяндық компаниялармен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға мүдделі.Осы елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін, машина жасау, баламалы энергия көздері салаларындағы мол тәжірибесі аса құнды. Біз осы тәжірибені игеруге қызығушылық танытудамыз. Іссапарымыз өзіңіздің қолдауыңызбен нәтижелі болады деп сенемін», – деді Н.Нәлібаев.Кездесуде Ерболат Сембаев өндірісті дамыту ел экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтіп, екі ел арасындағы байланысты күшейтуде тиісті жұмыстар жалғасатынын жеткізді.Айта кетейік, өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі соңғы бір жылда оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Сыр өңірі өңдеу өнеркәсібіндегі өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болса, өткен жылдан бері алдыңғы қатарда.Инвесторларға қолайлы жағдай жасау, инвестициялық тартымдылықты арттыруда ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Кейінгі 3 жылда облыста құны 30 млрд. теңгені құрайтын 35 инвестициялық жоба іске қосылды.Жуырда 16 млрд 600 млн теңгенің инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Инвестор 215 млрд. теңгеге жаңа жобаның құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 28 млрд. теңгені құрайтын «жасыл» энергия саласын дамыту бағытындағы екі жоба бар. Атап айтқанда, 50 мегаваттық жел-электр («Уранус Уинд» ЖШС) және 40 мегаваттық күн-электр станцияларының («Тесис» ЖШС) құрылысы қазан айында басталды.Сондай-ақ, былтырғы Оңтүстік Корея сапарының нәтижесінде биыл Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында Қазақстандағы алғашқы жасанды интеллект институты ашылды.Айта кетейік, аймақ басшысы сапар барысында өндіріс, ауыл шаруашылығы, денсаулық, құрылыс салаларына инвестиция тарту мақсатында «Confindustria», «SGMGroup», тағы басқа ірі компаниялардың басшыларымен кездеседі.Делегация әрі қарай Испанияның Барселона қаласында да осы бағыттағы кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/897692
Аймақ басшысы испандық компаниялардың басшыларымен кездесті 06.12.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Испанияға жұмыс сапары кезінде Барселона қаласында инвесторлармен кездесті. Облыстан арнайы барған делегация «Glovo» компаниясының халықаралық байланыстар жөніндегі директоры Вильям Бентхоллмен жүздесіп, курьерлік қызмет саласында бірлесіп жұмыс жасау ниетін білдірді.«Бүгінде уақыт тығыз болғандықтан, курьерлік қызмет қарқынды дамып, сұраныс күннен күнге артуда. Оның ішінде «Glovo» компаниясының қызмет сапасы біз үшін өте қолайлы. Қазақстан нарығында 5 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейтін бұл компания еліміздің 14 ірі қаласында шоғырланған. Қызылордада халықтың 50%-ы сіздің компанияны таңдайды.Қызылорда облысы Қазақстан Республикасының оңтүстік-батысында орналасқан. Әріптестік пен инвестициялар үшін өте қолайлы, қарқынды даму сатысындағы өңір. Көлік-логистикалық әлеуеті, инфрақұрылым желілері дамыған. Минералдық-шикізат ресурстарының қоры бай, агроөнеркәсіптік кешенді және жаңартылатын энергия көздерін дамыту мүмкіндіктері зор.Еліміздегі қара және түсті металдардың, пайдалы қазбалардың, сирек кездесетін элементтердің, атап айтқанда, ванадий қорының 66%-ы, мырыштың 16%-ы, қорғасынның 11%-ы және уранның 15%-ы облыс аумағында орналасқан. «Glovo» сияқты беделді серіктеспен жұмыс жасау жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Біз Қызылорда облысында бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін барлық жағдайды жасауға дайынбыз», – деді Н.Нәлібаев.Әрі қарай Salinera Espanola тұз өндіретін компания өкілімен онлайн кездесу өтті. Әңгімелесу барысында Қызылорда облысының Арал ауданындағы тұз өндірісінің тарихы бір ғасырға жуықтап қалғаны, "Аралтұз" АҚ-ның еліміздегі ең ірі ас және техникалық тұз өндіруші әрі экспорттаушы кәсіпорын екені айтылды. Оған қоса, өңірде "Алтын орда" тұз өндіруші серіктестігі бар. Қазақстандық тұздың 90%-ы Қызылорда облысында өндіріледі.Сондай-ақ, "Абзал және К" ТС өкілі Сағидолла Сыздықов "Gro in Desarrollos" ауыл шаруашылығын цифрландыру қондырғыларын шығаратын компаниямен меморандумға қол қойды. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/897704
Нұра Қазақстандағы ең мейрімді тұрғындары бар кент деп танылды 06.12.2024
Қарағанды облысының Нұра кенті "Жыл еріктісі" халықаралық сыйлығында және "Игі істер марафоны" жобасында "ЕҢ МЕЙІРІМДІ АУЫЛ – 2024" номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Жеңімпаздар 60 түрлі санатта таңдалды, олардың бесеуі ерекше болды. Солардың бірі – "ЕҢ МЕЙІРІМДІ АУЫЛ – 2024".Астанада "Жыл еріктісі" сыйлығының лауреаттары марапатталды.– Мен, әрине, жеңеміз деп күткен жоқпын. Бұл жоғары деңгейдегі үлкен байқау. Қатысушылар өте лайықты адамдар болды. Мысалы, қан құюды қажет ететіндерге үнемі қан тапсыратын отбасы болды. Мен сол жанұяның отағасымен қол алысып, оның батыр екенін айттым. Ал ол маған: "Мұнда бір барлығымыз батырлармыз" деп жауап берді, – дейді Нұра жастар ресурстық орталығының директоры және NuraArnasy еріктілер тобының жетекшісі Талғат Шолтаев. Талғат Шолтаев осы күзде тұтқыр балшыққа батып бара жатқан жылқыны жалғыз өзі құтқарған кезде бүкіл Қазақстанға танымал болды. Бейне Қазнетте тез тарап кетті.– Мен бұл жылқыны қалай тарта алғанымды, күшім қайдан пайла болғанын білмеймін. Содан кейін төрт күн тұра алмадым: белім ауырды. Бірақ бізге сыйлық аоуға себеп болған тек жылқыны құтқарғаным емес. Біз үнемі волонтерлік қызметпен айналысамыз. Қарқаралыдағы су тасқыны, өрт кезінде өзіміз шығып, жеке көмек көрсете алмасақ та, біз әрқашан гуманитарлық көмек жинап, жөнелтетінбіз. Біз демеушілерді белсенді түрде тартамыз, қарттар үйіне көмектесеміз. Сондай-ақ біз жастарымызды, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан да тартамыз, – дейді Талғат Шолтаев.Сондай-ақ, "Игі істер марафоны" жобасы аясында Шахтинск еріктілері "Инклюзия бағытындағы көшбасшы" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды. – Біздің еріктілер бірлестігі Мейіржан Шаяхметовтың "Қамқор-2007" бірлестігімен бірлесе отырып, түрлі салаларда жұмыс істейді, бірақ ең көп көмек мүгедек балаларға беріледі. Біз олар үшін іс-шаралар өткіземіз, қаламыздың тұрғындары толтыратын "Мейрімділік себетінен" азық-түлік таратамыз, сапарлар ұйымдастырамыз. Мысалы, жазда ерекше қажеттіліктері бар балаларды Астанаға апардық, ал жақында олар үшін Қарағандыға сапар ұйымдастырдық. Балаларды киноға және балалар паркіне апардық, – деді Шахтинск жастар ресурстық орталығының жетекшісі Алексей Варзаев.Шахтинск еріктілері "Инклюзия бағытындағы көшбасшы" номинациясын ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жыл сайынғы "Таңшолпан" фестивалін ұйымдастырғаны үшін алды. Биыл оған Қарағанды облысынан 150-ден астам адам қатысты. Олар ән айтты, биледі, өлең оқыды және әртүрлі шығармашылық нөмірлерді ұсынды.Шахтинск тек балаларға ғана көмектеспейді. Олар сондай-ақ зооволонтерлік және экоактивизммен айналысады.Қарағанды облысы бойынша "Жыл еріктісі" сыйлығының номинацияларының жеңімпаздары атанғандар:- "Зообақылау мәселелерін шешуге қосқан үлесі үшін" – Ольга Королева (Қарағанды);- "Тарихи-мәдени мұраны сақтауға және дамытуға қосқан үлесі үшін" – Айша Әзімбай (Қарағанды);- "Қоршаған ортаны сақтауға және қорғауға қосқан үлесі үшін" – Елена Варганова (Теміртау). Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897883
Елімізде толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығаратын алғашқы зауыт Жетісу облысында ашылды 06.12.2024
Бүгін Жетісу облысының толық циклді өнеркәсіптік батареялар шығаратын еліміздегі алғашқы кәсіпорын ашылды. Озық заманауи технологиялардың көмегімен өндірілетін батареялар мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібінде, телекоммуникацияда, темір жолдарда, энергетикада кеңінен қолданылады. Сол сияқты жасыл энергетикада, атап айтқанда, күн, жел электр станцияларынан алынатын электр энергиясын сақтауда үздіксіз қуат көзі ретінде пайдаланылады. Өнімнің 40% отандық нарыққа, 60 % экспортқа бағытталған, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Зауыттың ашылу салтанатына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысып, көпшілікті құттықтады:- Бүгін біз Қазақстанда баламасы жоқ жаңа зауыт – «Asma Industrial» ЖШС ашып отырмыз. Оның бірегейлігі сол, әр түрлі салаларда кеңінен қолданылатын толық циклді өнеркәсіптік аккумуляторларын шығарады. Бұл инвестициялық жобаның іске асырылуы облысымыз үшін өте маңызды оқиға деп есептеймін. Біз өз тарапымыздан барлық қажетті мемлекеттік қолдау көрсеттік. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 260 млн. теңге сомасына инженерлік желілер тартылды. Компания өз саласындағы инновациялық көшбасшы ретінде өз мәртебесін нығайтып, Мемлекет басшысы қойып отырған өндірістік саясатты алға бастыру міндетін іске асыру жолында жоғары нәтижелерге қол жеткізеді деп үміттенеміз, - деді Б.Исабаев.Зауыт директоры Серікбай Ажмағамбетовтің айтуынша, жобаның құны – 8,5 млрд. теңге. Зауыт жылына 210 мың дана өнім шығаруға қауқарлы. Өндіріс толық қуатына шыққанда, жұмыс орындарының саны 180-нен асып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Бұл ретте зауыт өнімінің бір бөлігі экспортқа жөнелтіліп, бір бөлігі жергілікті нарыққа шығарылады.- Осы жобаны 2021 жылдан қолға ала бастадық. Содан бері бізге қолдау көрсетіп келе жатқан азаматтардың бәріне алғысымды білдіремін. Біздің ұжымымыз жас, енді қалыптасу үстінде, қажетті кадрларды қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Мамандарымыздың көпшілігінің осы салада бірнеше жылдық тәжірибесі бар. Ал жас мамандарды процесс барысында оқытып, үйрететін боламыз. Өнімдерімізге сұраныс бар, бұл ретте іргелі компаниялармен келісімдер жасалуда, - деді С. Ажмағамбетов. Жаңа зауытқа жұмысқа тұрғандардың арасында талдықорғандық Дастан Қанатқанов та бар. Ол қазір қорғасын пластинкаларын құю цехының бастығы қызметінде.- Өндіріс саласында жұмыс істеп жүргеніме 10 жылдай болды. Қазақстанда мұндай зауыт біреу-ақ, сондықтан осы бірегей кәсіпорында жұмыс істеп, кәсіби дамуымды жалғастыру мен үшін өте маңызды. Біздің зауытта Корея технологиясы қолданылады, бұл шығаратын батареялар аса күрделі салаларда - тау-кен, теміржол, телекоммуникация салаларында қолданылады. Кез келген өңірдің қуатты іргетасы – ондағы ірі өндіріс орындары. Яғни салық түсімі молайып, сол арқылы аймақта инфрақұрылым жақсарады, жол, су, жарық, газ сияқты халыққа керекті жағдайлар жасалады. Сондықтан бұл жаңа зауыттың облыстың дамуына қосатын үлесі мол болады деп сенемін, - деді. Атап өтсек, Жетісу облысының өнеркәсіп өндірісінде 549 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 14-і ірі, 13-і орта кәсіпорын, онда 30 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. 2024 жылдың 10 айында 3,9% өсіммен 278,8 млрд. теңге өнеркәсіптік өнім өндірілді. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/897887
Ақтауда нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысы өтті 06.12.2024
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық штабтың отырысы өтті. Жиында есірткі қылмыстарының алдын алу, есірткі контрабандасымен күрес мәселелері талқыланды.ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жедел басқарма бастығы Ақылбек Саматовтың айтуынша, биылғы жылы мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп есірткі тасымалының 25 фактісінің жолы кесіліп, заңсыз айналымнан есірткі заттары тәркіленді.Сонымен қатар, есірткіні анықтау мен оны елге кіргізбеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі – интрузивті емес тексеру құралдарын қолдану екені атап өтілді.Отырыс барысында Маңғыстау облысы Полиция Департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ильяс Жумагулов 2024 жылдың 11 айында облыста 428 есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелгенін мәлімдеді. Оның ішінде 100 жағдай есірткі қылмысы ретінде анықталса, қалған 328-і әкімшілік теріс қылықтарға жатады.Есірткінің алдын алу мақсатында облыс бойынша 699 профилактикалық іс-шара ұйымдастырылған. Бұл шараларға 17 302 адам, соның ішінде оқушылар, студенттер, жастар және әскери қызметшілер қатысқан.Сондай-ақ, облыс әкімдігі, прокуратура және полиция департаментінің жастар саясаты басқармасымен бірлесіп, есірткі қылмысы туралы анонимді ақпарат алуға арналған «Stop Synthetic Mangystau» Telegram-боты іске қосылғаны хабарланды.Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай нашақорлықпен күрес жөніндегі жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтіп, бұл бағыттағы бірлескен жұмыстың маңыздылығына тоқталды.- Нашақорлық – ұлттың болашағына төнген қауіп. Біз бұл нәрсемен тек бірлескен жұмыспен және жауапкершілікпен ғана күресе аламыз. Әрбір азамат бұл мәселеге немқұрайлы қарамауы тиіс, - деді Нұрдәулет Қилыбай.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/897869
Құттықтау 06.12.2024
Құрметті «Zakon.kz» басылымының ұжымы!Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Сіздерді порталдың 25 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтайды.Ширек ғасыр бойы атқарылған жемісті жұмыс – бұл сіздердің кәсіби шеберліктеріңіздің, өз істеріңізге адалдықтарыңыздың және халықты ақпаратпен қамтамасыз етудегі маңызды миссияңыздың айқын көрсеткіші. Сіздің ресурсыңыз тек өзекті ақпараттың сенімді көзі ғана емес, сонымен қатар білім пікір алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.«Zakon.kz» ұжымына одан әрі табыс, жаңа жетістіктер, қызықты жобалар мен аудиторияларыңыздың кеңеюін тілейміз! Басылым еліміз үшін пайдалы, шабыт беруші және қолдаушы болып қала берсін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/897795
Қарағандыда мектеп жанында күн панельдері орнатылады 06.12.2024
Қарағандыда Нұркен Әбдіров атындағы мектептің жанындағы аумақты жарықтандыру үшін баламалы энергия көзі пайдаланылатын болады. Көше шамдарын зарядтау үшін күн панельдері орнатылады. Бұл оқушылардың NXplorers Жасыл ұрпақ бәйгесі республикалық экологиялық жобалар байқауына қатысуының нәтижесінде мүмкін болды.Финалдық жарыс Астанада өтті. 20 команданың ішінен жобаны іске асыруға миллион теңге көлемінде грант алған үздік бес команда таңдалды.Қарағандылықтардың командасы үшінші орынға ие болды. Оған Нұркен Әбдіров атындағы ЖББМ үш оныншы сынып оқушысы: Нұрислам Әбуталипов, Әлиасқар Жұмабеков, Еркебұлан Мылтықбай кірді. Жетекшіс і- география мұғалімі, STEM мектеп жобасының үйлестірушісі Меруерт Ибраева.– Мектебіміздің тарихы бай, желтоқсан айында 50 жылдығын атап өтуге дайындалып жатырмыз. Біз заманға сай қадам басуға тырысамыз. Бізде әлі STEM кабинеті жоқ, бірақ біз бағытты дамытудамыз. Экологиялық жобалардың республикалық конкурсына біздің оқушылар өткен жылы қатысты, бірақ жүлделі орын алған жоқ. Ал биыл олар грант жеңіп алды, – дейді Нұркен Әбдіров атындағы ЖББМ директоры Гүлшат Баграмова. – Электр энергиясын үнемдеу – өзекті. Жобаны іске асыруға алты ай уақыт беріледі. Менің ойымша, біз мұны ертерек, қыстың соңына дейін жасай аламыз.NХplorers бағдарламасы – бұл Қазақстанда STEAM білім беруді дамытудың тағы бір қадамы. Конкурсты ұйымдастырушылар: "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы және ҚР Білім министрлігі мен "Шелл Қазақстан" энергетикалық компаниясының қолдауымен Caravan of Knowledge корпоративтік қоры.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897422
Республикалық инклюзивті спорт фестивалінде қарағандылықтар төрт медаль жеңіп алды 06.12.2024
Астанада Республикалық инклюзивті спорт фестивалі өтті. Қарағанды облысының оқушылары төрт түрлі медаль жеңіп алды.Фестивальге Қазақстанның 19 өңірінен 5–6 және 7–8 сыныптардың 200-ге жуық оқушысы қатысты. Жарыс бағдарламасы бочча, жеңіл атлетика және "көңілді старттан" тұрды. Қарағанды облысынан бес команда қатысты.– Мамыр айында іріктеу өтті, оның нәтижелері бойынша фестивальге қатысу үшін командалар құрылды. Олардың әрқайсысында үш адам бар: екі қарапайым мектеп оқушысы және ерекше қажеттіліктері бар бір бала. Қарағандылықтар бір-біріне белсенді қолдау көрсетіп, өздерін біртұтас команда ретінде көрсетті. Фестивальдің басты жолдауы – барлық балалар тең және бұл жарыс осының тамаша көрінісі. Бұл тәжірибе оқушыларға әркімнің құрмет пен қолдауға лайық екенін түсінуге көмектесті, – деп атап өтті "Сарыарқа дарыны" балаларға қосымша білім берудің өңірлік ғылыми-практикалық орталығы басшысының орынбасары Асхат Кәкетаев.Жеңімпаздар қатарында Саран қаласының командалары бар. Бочча жарысында 5–6 сыныптар арасында бірінші орынды № 13 жалпы білім беретін мектептің оқушылары иеленді. Жеңіл атлетикадан 7–8 сыныптар арасында № 7 мектеп-интернат оқушылары алтын медаль жеңіп алды.Қарағанды қаласының. Мұстафин атындағы Жалпы білім беретін мектептің командасы "Көңілді старттарда" (5–6-сыныптар) екінші орын алды. Ал Теміртаудан № 11 жалпы білім беретін мектептің командасы 7–8 сыныптар арасында осы санатта қола алды.Жеңімпаздар медальдармен, сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды.Жарыстардан басқа қатысушылар үшін экскурсиялар ұйымдастырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897423
Қарағандылық сурдотаэквондошылар халықаралық жарыстан күміс және төрт қола медаль жеңіп алды 06.12.2024
Қарағандылық сурдотаэквондошылар X Азия-Тынық мұхиты ойындарында сәтті өнер көрсетуде. Олардың қоржынында бес медаль бар – күміс және төрт қола.Халықаралық жарыстар Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өтуде. Оларға 24 елден 1300-ге жуық есту қабілеті нашар спортшылар қатысады. Олар спорттың 10 түрінен жарысады. Қазақстан құрамасы жеңіл атлетика, таэквондо, дзюдо, еркін және грек-рим күресі, бадминтон, шахмат және үстел теннисінен жарыстарға қатысатын 80 сурдоспортшыдан тұрады.Ұлттық команда құрамына Қарағанды облысынан бес сурдотаэквондошы кірді. Олардың барлығы марапаттарға ие болды. Айжамал Әбдіқатова күміс алды, Аян Әбдіраш, Виктор Фрундин, Нұрдәулет Жақып және Аида Мұратова Азия-Тынық мұхиты ойындарының қола жүлдегерлері атанды.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897483
"ФотоФест": Қарағанды жастары шығармашылық байқауғақатысуға шақырады 06.12.2024
"Сарыжайлау" кинотеатры "ФотоФест" шығармашылық конкурсын өткізу туралы хабарлайды. Суретке түсіру дағдыларын меңгерген 14 жастан 35 жасқа дейінгі Қарағанды жастарын қатысуға шақырады.Байқаудың тақырыбы – "Сюжеттік фотосурет". Қатысушылар көзбенге түсетін ғана емес, сонымен қатар жарқын, түсінікті және терең сюжетке ие болатын фотографиялық жұмыс жасауы керек.Жұмыстарды тәуелсіз сарапшы-фотографтардан, өңірдің мәдениет және өнер қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы бағалайды. Бағалаудың маңызды өлшемшарттары: нақты идея мен тақырыптың болуы, сюжеттің айқындылығы, сондай-ақ фотосуреттің техникасы мен сапасы болады.Қорытындысы бойынша жеңімпаздарды марапаттау өтеді: Гран-при, 1, 2 және 3-орын, сондай-ақ үш дипломантты таңдайды.Байқау 2024 жылдың 25 желтоқсанында өтеді. Электрондық форматтағы жұмыстар мен өтінімдер 22 желтоқсанға дейін электрондық поштаға қабылданады: saryjaylau_kino@mail.ru.Өтінім бермес бұрын конкурс туралы Ережемен танысу қажет.Анықтама телефондары: (8-7212) 42-51-13, 42-53-12, 41-41-22 (факс)."ФотоФест" шығармашылық байқауы Қарағандының 90 жылдығына арналған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897559
Қарағанды облысында катодты мыс өндіретін жаңа ірі зауыт ашылады 06.12.2024
Қарағанды облысында инвестициялардың өсуі байқалады. Жыл қорытындысы бойынша сома 1 трлн теңгеге жетеді деп күтілуде. Бес маңызды инвестициялық жоба іске асырылды және желтоқсан айының соңына дейін сонша жобаны іске қосу көзделіп отыр. Шет ауданында құны 112,5 млрд теңге болатын "Қызыл Арай Купер" ЖШС катодты мыс өндіру зәкірлі жоба болып табылады. Оның ашылуы 800-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашады.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасының орынбасары Әлібек Молдакәрімов мәлімдеді.– 10 айдың қорытындысы бойынша облысқа негізгі капиталға 26,6% өсіммен 850 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі үлес жеке инвестицияларға тиесілі. Оң динамика өнеркәсіпке салынған инвестициялар есебінен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті спикер. – Металдарды терең өңдеу, жасыл энергетика, құрылыс индустриясы, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру сияқты бағыттарды дамыту үшін инвесторларды тарту бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Біздің тарапымыздан инвестициялық жобаларды қолдау бастапқы циклден бастап өндірісті толық іске қосуға дейінгі барлық деңгейлерде жүзеге асырылады. Соңғы үш жылда өңірге 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша шамамен 1 трлн теңге тартуды жоспарлап отырмыз.Оның айтуынша, биыл әлеуетті инвесторлармен 30-дан астам кездесу өткізілген.Қарағандыда су жылыту газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылды. Теміртауда полимерлі бекіткіштердің ампулалары шығарылатын болады. Saran индустриялық аймағында полиэтилен құбырларын өндіру іске қосылды. Нұра ауданында "Шахтерское" ЖШС тұқымдарды тазарту желісін енгізді.Әлібек Молдакәрімов облыстың өнеркәсіптік алаңдарын дамыту туралы айтып берді. "Сарыарқа" АЭА-да 20 резидентке қосымша биыл төрт жаңа қатысушы тіркелді. 14 жоба іске асыру сатысында. Биыл жарылғыш заттарды өндіру жобасын аяқтау жоспарлануда.Брифингте айтылғандай, Saran резиденттері 200 млрд теңге инвестиция салды, 4 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жыл басынан бері осы алаңда 140 мың автомобиль шинасы, 1062 автобус, 118 мың бірлік тұрмыстық техника шығарылды. Жақын арада мырышталған металл бұйымдарын, болат түзу тігісті құбырларды өндіру бойынша жаңа жобаларды іске асыру жоспарлануда.Облыста шағын өнеркәсіптік аймақтар құрылуда. Брифингте облыс орталығындағы жаңа Қарағанды машина жасау зауытының алаңын жандандырудың мысалы келтірілген. Бұл аумақта сегіз кәсіпорын өз шеберханаларын орналастырды. Құрылыс материалдары, машина жасау және химиялық өнімдер шығарылады.Облыста 10 айда 11,3% өсіммен 3,2 трлн теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілді. Өңдеу секторында тұрақты даму байқалады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897624
"Шет-Энерго" тарату компаниясының мүлкі мемлекет меншігіне берілуі мүмкін 06.12.2024
"Шет-Энерго" ЖШС электр энергетикасын тарату компаниясына оның мүлкін мемлекет пайдасына алып қою үшін сотқа беріледі, деп хабарлады ҚР премьер-министрі Олжас Бектенов экономиканы монополиясыздандыру жөніндегі комиссияның отырысында, онда Президенттің "Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы" Жарлығын іске асыру мәселелері қаралды."Шет-Энерго" ЖШС Шет ауданының елді мекендерін электрмен қамтамасыз етеді. Ауыл тұрғындары электр қуатының негізсіз өшуіне жиі шағымданды. Мамандар қуаттың жетіспеушілігін, электр желілерінің жоғары тозуын, сапасыз жөндеу жұмыстарын, авариялық бригадалардың жетіспеушілігін атап өтті."Компания үнемі төтенше жағдайлардың орын алуына жол берді. Шет ауданы тұрғындарының өмірі мен денсаулығына зиян келтірмеу үшін компанияның мүлкін мемлекет пайдасына реквизициялау мақсатында сотқа жүгіну туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады Primeminister.kz сайты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/897765