Enbekshi QazaQ

Ғылым

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері стратегиялық сауда-инвестициялық серіктестікті нығайтуда 30.06.2026
Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес пен Еуразиялық экономикалық форум отырыстарына қатысу үшін ресми делегацияны бастап келген Біріккен Араб Әмірліктерінің Сыртқы сауда министрі доктор Тани бен Ахмед Әл Зеюдимен кездесті.Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективаларын, сондай-ақ екіжақты келісімдер мен Қазақстан мен БАӘ арасындағы іскерлік байланысты кеңейтуге бағытталған бірлескен бастамаларды талқылады.Тараптар екі ел арасындағы серіктестіктің тұрақты түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Өзара сауда көлемі артып, инвестициялық байланыстар нығайып, экономиканың стратегиялық маңызды салаларындағы бірлескен жобалар саны көбейіп келеді.Келіссөздер барысында логистика, сауда, агроөнеркәсіп кешені, қаржы инфрақұрылымы және заманауи технологиялар салаларындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның Таяу Шығыстағы негізгі экономикалық серіктестерінің бірі екені айтылды.Сондай-ақ тараптар 2025 жылдың қорытындысы бойынша БАӘ Қазақстан экономикасына 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестиция құйып, елдің ең ірі төрт инвесторының қатарына енгенін атап өтті. Әмірлік инвестицияларының басым бөлігі көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға, саудаға, қалалық ортаны жетілдіруге және өзге де жобаларға бағытталған. Сонымен қатар, екі ел арасындағы тауар айналымы бір жыл ішінде 5 пайызға өскен.2026 жылдың қаңтар–наурыз айларының қорытындысы бойынша Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 45,8 млн АҚШ долларын құрады. Бұл ретте Қазақстанның БАӘ-ге экспорты 42,1 пайызға артты.Қазақстан тарапы Alatau City жобасының инвестициялық әлеуетін таныстырып, оның өңірдегі экономикалық өсімнің, инновация мен халықаралық бизнесті тартудың келешегі зор орталықтарының бірі екенін атап өтті.Кездесу барысында агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері де қаралды. Атап айтқанда, азық-түлік инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және азық-түлік қауіпсіздігі бағытында заманауи технологияларды енгізу мәселелері сөз болды.Тараптар «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ мен БАӘ қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылға да тоқталды. Оның ішінде исламдық қаржыландыру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, экспорттық, қаржылық және сауда салаларын реттеу бойынша тәжірибе алмасу мәселелері талқыланды.Өз кезегінде, Әмірлік тарапы микрокаржыландыру, сақтандыру және инвестициялық қоржын қалыптастыру салаларындағы бірлескен бастамаларды дамытуға қызығушылық танытты. Сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық қатысу аясын кеңейтуге, оның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау тетіктері мен заманауи қаржы құралдарын енгізуге дайын екендерін білдірді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы жаңа бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзара мүдделі екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1229557?lang=ru
Қызылордада испандық «Roca Group» зауытының іргетасы қаланды 30.06.2026
Қызылордада әлемге әйгілі испандық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық жабдықтар зауытының іргетасы қаланды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, Испания елшілігінің сауда-экономикалық кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья, құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қатысты.«Roca Group» – жүз жылдан астам тарихы бар, сантехникалық жабдықтар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компания әлем бойынша 78 өндірістік алаңды басқарады. Онда 20 мыңнан астам адам еңбек етеді. Өнімдері 170-тен астам елге экспортталады.Рәсімде облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және заманауи өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасқанын атап өтті.«Мемлекет басшысы «Жаңа инвестициялар ең алдымен еліміздегі заманауи өнеркәсіптің негізін қалыптастыруға бағытталуы керек» деген болатын. Кейінгі жылдары өңіріміздің инвестициялық әлеуеті артып, ірі жобалар табысты жүзеге асуда.Аймақ экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Нәтижесінде 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.Бүгін біз еліміз үшін маңызды, жоғары технологиялық өндіріс орнының капсуласын салу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Осындай ауқымды жобаны Сыр өңірінде жүзеге асырғаны үшін испандық «Roca Group» компаниясына ризашылығымды білдіремін. Бұл бастама өңір экономикасына жаңа серпін беріп, экспорттық әлеуетті арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Біз отандық және шетелдік инвесторлармен әрдайым ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатып, нәтижелі жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жиында облыс прокуроры Ризабек Ожаров пен «Roca Group» серіктестігінің бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес сөз сөйлеп, ел ағасы Ибрагим Әбибуллаев ақ батасын берді.Айта кету керек,жоба «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылуда.«Roca Group» компаниясының зауытын Қызылорда өңірінде салу туралы келісім облысты Нұрлыбек Нәлібаев басқарған кезеңде жасалып, Үкімет деңгейінде тиісті құжаттарға қол қойылған болатын.Бұл – Қазақстандағы экологиялық қауіпсіздіктің халықаралық стандарттарына сәйкес келетін санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын алғашқы өндіріс орны.Зауытқа 24 гектар жер телімі бөлінді, 44,1 млрд теңге инвестиция салынады. Жылдық өндірістік қуаты 500 мың бұйымға дейін жетеді. Өндірілген өнім Қазақстанның ішкі нарығына жеткізіліп, Орталық Азия елдеріне экспортталады. Сонымен қатар 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады, жергілікті мамандарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру көзделген. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын өндіріс орнын іске қосуды жоспарлап отыр. Ал компания өнімдері ұсынылатын шоурумдар Астана және Алматы қалаларында маусым айында ашылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1229663?lang=ru
Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форумда ЕАЭО елдеріндегі цифрлық таңбалау мәселелері талқыланды 30.06.2026
Бүгін Еуразиялық экономикалық форумның іскерлік бағдарламасы аясында Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйелерін дамытуға арналған панельдік сессия өтті. Талқылауға Қазақстан, Ресей, Армения және Қырғызстаннан мемлекеттік органдардың, ұлттық таңбалау операторларының және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.Сессия модераторы Қазақстан Республикасының Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиева болды. Талқылауды аша отырып, ол цифрлық таңбалаудың ЕАЭО кеңістігінде ашық әрі қауіпсіз тауар айналымын қалыптастырудың негізгі құралдарының біріне айналғанын атап өтті.«2018 жылы тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қойылған сәттен бастап Одақ елдері айтарлықтай кезеңнен өтті. Бүгінде таңбалау мемлекет үшін де, бизнес үшін де өзінің тиімділігін дәлелдеді деп сеніммен айтуға болады», – деп атап өтті Бикеш Құрманғалиева.Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіповтың баяндамасы Қазақстанда таңбалауды енгізу нәтижелеріне және жүйені одан әрі дамыту жоспарларына арналды.Нүсіповтің айтуынша, бүгінде Қазақстанда алты тауар тобы таңбалауға жатады: темекі өнімдері, аяқ киім, дәрілік заттар, киік мүйіздері, сыра және мотор майлары. Биыл жеңіл өнеркәсіп тауарларын, биологиялық белсенді қоспаларды және зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланып отыр.«Таңбалауды енгізу қарқыны бойынша біз кейін қалып отырған жоқпыз. Бұған дейін алғашқы үш тауар тобы іске қосылған мерзімдермен салыстырсақ, қазіргі нәтижелер өте лайықты деңгейде. Қамту бар, жалпы жүйе жақсы нәтиже көрсетіп отыр», – деді Әсет Нүсіпов.Вице-министр зергерлік бұйымдарды таңбалау мәселесіне ерекше назар аударды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл саладағы контрабанда мен контрафакт деңгейі кей жағдайда 90 пайыздан асады. Осыған байланысты цифрлық таңбалау нарықтың ашықтығын және әрбір өнім бірлігінің қадағалануын қамтамасыз етудің тиімді құралы ретінде қарастырылады.Өз сөзінде Әсет Нүсіпов таңбалауды енгізу қазірдің өзінде нақты экономикалық әсер көрсетіп отырғанын атап өтті. Темекі өнімдерін таңбалау енгізілгеннен кейін Қазақстанда салық түсімдері бір жарым есе, аяқ киім өнімдері бойынша үш есе, дәрілік заттар бойынша екі есеге жуық өсті. Сонымен қатар құқықбұзушылықтарды анықтау көрсеткіші алты есе артты.«Таңбалау экономикаға оң әсер етіп, мемлекеттің кіріс базасының өсуіне ықпал етеді. ЕАЭО аясында бірыңғай бәсекелестік кеңістік, тауар қозғалысының ашық қағидалары және бизнес жүргізудің тең жағдайлары қалыптасып келеді», – деп атап өтті Әсет Нүсіпов.Вице-министр алдағы жоспарларда тұрмыстық химия мен косметиканы, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және өсімдік майларын таңбалауды енгізу бар екенін айтты. Нүсіпов атап өткендей, мемлекет бизнесті алдағы өзгерістер туралы алдын ала хабардар етуге ұмтылады, бұл реттеудің ашықтығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі Алқа мүшесі, министр Андрей Слепнев те таңбалау жүйесі бүгінде бизнеске процестерді тиімдірек құруға және тұтынушылық сұранысты жақсырақ түсінуге мүмкіндік беретін үлкен деректердің елеулі массивін қалыптастырып отырғанын атап өтті.«Бүгінде біз тұтынушылар арасында қандай тауар санаттары сұранысқа ие екенін және қай өңірлерде сұраныс жоғары екенін түсініп отырмыз. Мұның бәрі сауда шығындарын азайтуға ықпал етеді», – деді Андрей Слепнев.Сондай-ақ ЕЭК министрі ЕАЭО елдері барлық бес елдің таңбалау операторлары арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін өзара іс-қимылдың ортақ процесін құру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.Панельдік сессия барысында Ресей Федерациясы, Қырғыз Республикасы және Армения Республикасынан мемлекеттік органдардың, таңбалау операторларының, сондай-ақ бизнес өкілдері цифрлық таңбалауды енгізудегі практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, Ресей тарапы таңбалау жүйесінде жасанды интеллект технологияларын қолдану тәжірибесін ұсынды. Талқылау барысында атап өтілгендей, ЖИ қолдану арқылы деректерді талдау нарықтағы ауытқуларды анықтауға, жалған өндірушілерді табуға және фиктивті компаниялардың тауар айналымына қатысуының алдын алуға мүмкіндік береді.Қырғызстан өкілдері таңбалау жүйесі деректерін тәуекелдерді талдау және фискалдық бақылау үшін қолдану тәжірибесі туралы айтып берсе, армян тарапы ұлттық таңбалау жүйесін дамыту және оны заманауи цифрлық технологиялармен интеграциялау тәжірибесімен бөлісті.Сессия қатысушылары таңбалауды енгізіп жатқан барлық елдерде салық жинау деңгейінің айтарлықтай өскені, нарықтың ашықтығы артқаны және көлеңкелі айналым үлесінің қысқарғаны байқалатынын атап өтті.Талқылау қорытындысы бойынша қатысушылар ЕАЭО елдері арасында тәжірибе алмасуды одан әрі жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Ұсынылған практикалар мен технологиялық шешімдер барлық қатысушылар үшін пайдалы деп танылды және Одақ кеңістігінде тауарларды таңбалау мен цифрлық қадағалау жүйелерін одан әрі дамытуға ықпал ететін болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1229770?lang=ru
Қызылордада шыны ыдыстар өндіретін зауыттың іргетасы қаланды 30.06.2026
Қызылордада облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев, қорғау органдарының бірінші басшылары, құрылыс компанияларының директорлары, зиялы қауым өкілдері және ел ағаларының қатысуымен «Seven Rivers» компаниясы шыны ыдыстар зауытының капсуласын салу рәсімі өтті. Бұл – өңірдегі шыны кластерін дамытуға бағытталған маңызды өндірістік бастамалардың бірі. Зауыт әлемдік деңгейдегі «Horn» неміс технологиясымен жабдықталып, заманауи әрі экологиялық талаптарға сай өнім өндіреді.Рәсімде облыс әкімі аймақта инвестициялық жобалардың қарқынды жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.«Өткен аптада Мемлекет басшысының қабылдауында болып, инвестициялық жобаларды таныстырдым. Президентіміз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыруға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.Жақында Премьер-министрдің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Нұрлыбек Машбекұлы облысты басқарған тұста өңір экономикасына 2,3 трлн теңгеден астам инвестиция тартылды. Алдағы үш жылда 1,9 трлн. теңгеге 48 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 10 мыңнан аса жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Өткен аптада ғана «Марал Нұр» серіктестігінің вагон жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешенін аштық. Бүгін испандық «Рока групп» компаниясының жылына 500 мыңға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауытының капсуласын салдық.Еліміз, өңіріміз үшін маңызды жаңа өндіріс орындары экономиканы әртараптандыруға, тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын арттыруға жаңа серпін береді деп сенемін», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Шарада облыс прокуроры Ризабек Ожаров, «Seven Rivers» серіктестігінің құрылтайшысы Ануар Үмбетаев сөз сөйлеп, мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов бата берді.Айта кету керек, «Қазақ-Герман» бизнес-форумы аясында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандумға қол қойылып, 60 млрд теңгеге жылына 240 миллион дана шыны ыдыс өндіретін зауыт салу келісілген болатын. Кәсіпорында 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.Зауытқа барлық инженерлік инфрақұрылымы жүргізілген «Өндіріс» индустриялық аймағынан 38 гектар жер телімі бөлінді. Қаржыландыру мәселесі «Өнеркәсіпті дамыту қорының» «Жасыл даму» бағдарламасы аясында қарастырылуда. Ел аумағынан жиналған шыны қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бәсекеге қабілетті өнім шығару және импортты алмастыру көзделген. Бұдан бөлек, өңірдегі жоғары сапалы кварц құмы, әк және доломит қорларын тиімді пайдалану арқылы шыны өндірісі төңірегінде жаңа ілеспе кәсіпорындарды дамытуға мүмкіндік туады.Жаңа өндіріс орны өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлесін қосады деп күтілуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1229833?lang=ru
«Қайсар» мен «Елімай» арасында тартысты матч өтті 30.06.2026
Қызылордадағы «Қайсар Арена» стадионында жергілікті «Қайсар» мен Абай облысының «Елімай» футбол командалары арасында Қазақстан Премьер-лигасының 12-тур аясында кезекті матч өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев арнайы қатысып, жергілікті командаға қолдау білдірді. Ойын барысында «Қайсар» сапындағы Николла Цуцкич пен Имо Эзикель жасыл алаңда өз шеберліктерін танытып, гол авторы атанды. Дегенмен, аладоп бәсекесінің нәтижесі 3:2 есебімен аяқталып, қарсылас команда ұпай еншіледі. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1230151?lang=ru
Өңір басшысы Аққайың ауданының дамуымен танысып, тұрғындармен кездесті 30.06.2026
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов аудандарды жыл сайынғы аралау және халықпен кездесу жұмыстарын бастады. Алғашқы кездесу Аққайың ауданында өтті.Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Крафт Агро» ЖШС-дегі егіс науқанының барысымен танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Бүгінде көктемгі егіс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған.Сондай-ақ сапар барысында бизнестің ауылдық елді мекендерді дамытуға қосып отырған үлесіне ерекше назар аударылды. 2026 жылы ауданда әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға 1,1 млрд теңге бағытталған. Осындай мысалдардың бірі – Тоқушы ауылында өрт сөндіру бекетінің құрылысы. Бұл жобаға «Крафт Агро» ЖШС 200 млн теңге бөлді. Жаңа нысан бірнеше елді мекеннің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.Облыс әкімі Смирново ауылындағы «Икеа Тасс Групп» ЖШС құрамажем зауытына да барды. Бұл – қытайлық серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылған ауданның ірі инвестициялық жобаларының бірі. Кәсіпорын бір ауысымда 300 тонна жемдік ұн өндіреді. Алдағы уақытта компания өнімді сақтау және жөнелту терминалын салуды жоспарлап отыр. Жаңа жобаға салынатын инвестиция көлемі 1,5 млрд теңгені құрайды.Аудандық емханада өңір басшысы материалдық-техникалық базаның жаңартылуымен танысты. Өткен жылы медициналық мекемеге жедел жәрдем көлігі сатып алынса, биыл тағы екі арнайы техника алынған. Сонымен қатар Қамышлово ауылында медициналық пункт пен мамандарға арналған тұрғын үй салынды. Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді.Сапар аясында Ғауез Нұрмұхамбетов ұзындығы 16,8 шақырымды құрайтын «Астраханка – Смирново – Қиялы – Тайынша – Алексеевка» автожолына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Жалпы биыл аудандық маңызы бар 26,8 шақырым жол жөндеумен қамтылады.Жұмыс сапары Аққайың ауданы тұрғындарымен кездесумен және жаңа балалар ойын алаңын аралаумен аяқталды. Кездесу барысында инфрақұрылым, әлеуметтік сала және ауылдарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды. Тұрғындар тарапынан көтерілген барлық өтініштер мен ұсыныстар бақылауға алынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1230217?lang=ru
«Roca group» компаниясы мен облыстық құрылысшылар қауымдастығы меморандумға қол қойды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте «Roca Group» компаниясымен серіктестік орнату мәселелері талқыланды.Оған «Roca Group» компаниясының бас директоры Даниэль Хурадо Эрнандес, облыстық құрылысшылар қауымдастығының төрағасы Манарбек Еспенбетов пен құрылыс компанияларының басшылары қатысты. Жиында Мұрат Нәлқожаұлы инвестициялық әлеуетті арттыру және шикізат өндірісін дамытуда алдағы міндеттерді атап өтті. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы елімізде жаңа инвестициялық кезеңді бастауды, әсіресе заманауи өндірістер ашуды тапсырғаны белгілі. Осының айқын көрінісі ретінде бүгін аймағымыз үшін маңызды жоба – «Roca Group» компаниясының заманауи санитарлық-техникалық бұйымдар шығару зауытының іргетасын қаладық.Компания 170 елде орналасқан 78 өндірістік алаңды басқарады, өнімдерінің жоғары сапасымен, инновацияларымен және еуропалық стандарттарға сәйкестігімен танымал.Зауыт құрылысының басталуы – Қызылорда облысының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, аймаққа жаңа технологиялар мен халықаралық тәжірибені алып келетін маңызды қадам. Қазіргі уақытта мемлекеттік қолдау ретінде 24 гектар жер телімі бөлінді. Компания жыл соңына дейін смесительдер мен инсталляциялық жүйелерді құрастыратын өндірісті іске қосады», – деді Мұрат Нәлқожаұлы. Мәжілісте «Roca Group» компаниясының өкілдері жұмыстарын таныстырып, Қызылорда облысының құрылысшылар қауымдастығы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1230530?lang=ru
«Өрт – 2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары 30.06.2026
Өңірімізде «Өрт – 2026» Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Ауқымды шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.Ірі орман өрті оқиғаларының алдын алу және болдырмау мақсатында облыс аумағында материалдық-техникалық базаны нығайту және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені, 26 патрульдік автокөлік, 16 тіркемелі жабдық және 2 тіркемелі өртке қарсы жабдық сатып алынды. Біз орман мекемелерін заманауи арнайы техникамен және байланыс құралдарымен жабдықтау жұмыстарын жалғастыра береміз.«Биыл «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында облыста 18 жаңа өрт сөндіру бекетін ашу және 12 бекетке жаңғырту жүргізу жоспарланып отыр. Аймақтың 34 мыңнан астам тұрғыны бар 75 елді мекенінің қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі», – деді аймақ басшысы.Оқу-жаттығулар ерте анықтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, ғарыштық мониторинг пен орманды-дала аймақтарын патрульдеуді күшейтуге, сондай-ақ өрт ошақтарын алғашқы сағаттарда жою мүмкіндігін арттыруға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1230544?lang=ru
ЕАЭО елдерінің басшылары ЖИ-ды жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады 30.06.2026
Астанада өткен Еуразиялық экономикалық форум алаңында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше мемлекеттердің басшылары жасанды интеллектіні жауапты дамыту туралы Бірлескен мәлімдемені қабылдады.Аталған құжатты әзірлеу бастамасын Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 21 желтоқсанда өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында көтерген болатын. Бұл ұсыныс ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің барлығы тарапынан қолдау тапты.Бірлескен мәлімдеме ЕАЭО елдерінің жасанды интеллект саласындағы практикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, тәжірибе алмасуға, озық практикалар мен технологиялық шешімдерді енгізуге, сондай-ақ экономика салаларында өзара әрекеттестікті нығайтуға бағытталған. Бүгінде ЖИ тиімділік пен бәсекеге қабілеттілікті арттырудың маңызды факторы болып отыр. Құжатта елдердің ұлттық цифрлық егемендігін ескере отырып, экономикалық және технологиялық әріптестікті дамыту мәселелері де қарастырылған.Қазақстан цифрлық дамуды жүйелі түрде ілгерілетіп келеді. Жасанды интеллект экономикалық өсудің, өнімділікті арттырудың және бизнес пен азаматтар үшін жаңа мүмкіндіктер ашудың негізгі қозғаушы күштерінің бірі ретінде қарастырылады.Елде цифрлық технологияларды жан-жақты дамыту саясаты және жарияланған Цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында, Астанада ЕАЭО шеңберінде Бірлескен мәлімдеменің қабылдануы Қазақстан Республикасының ілгерілетіп жүрген цифрлық күн тәртібінің өзектілігін көрсетеді.Жалпы, құжат ЕАЭО аясында ЖИ технологияларын жауапты пайдалану қағидаттарын айқындайды. Бірлескен мәлімдеменің негізгі міндеттеріне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ету, ЕАЭО мемлекеттерінің экономикасының негізгі салаларын цифрландыруды жеделдету, жасанды интеллектіні кемсітусіз әрі этикалық тұрғыдан қолдану, сондай-ақ мүше мемлекеттердің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231070?lang=ru
Астанада ЕАЭО мен Орталық Азия елдері аккредиттеуді цифрландыру мәселесін талқылады 30.06.2026
Қазақстан астанасында Дүниежүзілік аккредиттеу күніне орай «Инновациялар, сенім және тұрақтылық: аккредиттеудің ықпалы» атты халықаралық форум өтті.Іс-шараға Еуразиялық экономикалық комиссияның, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдарының өкілдері, сондай-ақ Өзбекстан мен Қытайдан келген делегаттар қатысты.Форумда сәйкестікті бағалау үдерістерін цифрландыру, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және Еуразияның ортақ нарығындағы өнім сапасын бақылауды күшейту мәселелері талқыланды.Форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова сөз сөйлеп, аккредиттеудің бүгінде техникалық рәсім шеңберінен шығып, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудің, халықаралық сауданы дамытудың және тұтынушылар құқығын қорғаудың маңызды тетігіне айналғанын атап өтті.«Аккредиттеу бұрыннан бері сәйкестікті бағалаудың техникалық құралы ғана емес. Ол халықаралық сауданың, инвестициялық тартымдылықтың және мемлекеттің экономикалық орнықтылығының маңызды құрамдас бөлігіне айналды. Әрбір сертификаттың, сынақ хаттамасының және стандарттың артында адамдардың қауіпсіздігі, өмір сапасы мен тұтынушының сатып алған өніміне деген сенімі тұр. Халықаралық озық тәжірибеге сүйене отырып, біз бақылаудан тәуекелдерді басқаруға және цифрлық қадағалауға негізделген жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшіп келеміз», – деді Айжан Бижанова.Қазіргі таңда Қазақстанда 1700-ден астам аккредиттелген субъект жұмыс істейді. Ұлттық аккредиттеу жүйесі тұрақты түрде дамып, ауқымын кеңейтіп келеді.Биыл Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аккредиттеу органдары басшылары кеңесіне төрағалық етіп, өзара сенімге негізделген бірыңғай цифрлық кеңістік қалыптастыру бастамаларын ілгерілетуде.Форум барысында жабдықтары цифрлық жүйемен біріктірілген Smart Labs зертханаларын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Заманауи технологиялар сынақ нәтижелерін автоматты түрде жіберуге, көрсеткіштерді оператордың қатысуынсыз тіркеуге, барлық әрекеттің цифрлық ізін сақтауға және адам факторынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.Ұлттық аккредиттеу орталығының бас директоры Искандер Хамитов өңір елдері сәйкестікті бағалау нәтижелерін өзара тану мен сенім қалыптастыру бағытында ортақ ұстанымдарға бет бұрып отырғанын айтты.«Қазақстан ұлттық аккредиттеу жүйесін дамыту, үдерістерді цифрландыру және халықаралық деңгейдегі сенімді нығайту жөнінде ауқымды міндеттер қойып қана қоймай, оларды нақты іске асырып келеді. Ашық ынтымақтастық пен сәйкестікті бағалаудағы бірыңғай тәсілдер ғана ЕАЭО кеңістігінде тұрақты әрі бәсекеге қабілетті ортақ нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді деп есептейміз», – деді Искандер Хамитов.Форум соңында отандық сапа инфрақұрылымының халықаралық деңгейде танылуына және қазақстандық сертификаттарға деген сенімнің артуына үлес қосқан сала мамандары марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1231075?lang=ru
Аймақ басшысы «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасарымен кездесті 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Ибрашевамен кездесті. Кездесуде тараптар өңірдің өнеркәсіп саласын дамыту, инвестициялық жобаларды қаржыландыру және өндірістік кәсіпорындарды қолдау мәселелерін талқылады. Аймақ басшысы қормен бірлескен жобаларды жалғастырудың маңызын атап өтті.Өз кезегінде Жанар Шатырханқызы қор алдағы уақытта да кәсіпорындарды жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері арқылы қолдай беретінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа өндіріс орындарын іске қосу және қосымша жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды жандандыру жайы да қарастырылды. Әріптестік байланысты одан әрі нығайтудың, бірлескен жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды.Айта кетейік, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қолдауымен және қаржыландыруымен өңірде бірқатар ауқымды инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Ayna Glass» ЖШС айна шығару зауыты, «Qazaq Camel» ЖШС түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру зауыты, сол жағалаудағы «Тұмар» және «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС екі шағын өнеркәсіптік аймағы, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау бағытындағы инвестициялық жобалар.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231212?lang=ru
Тарихи алтын: қарағандылық спортшы АҚШ-та өткен IBJJF әлем чемпионатында жеңімпаз атанды 30.06.2026
АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лонг-Бич қаласында бразилиялық джиу-джитсудан IBJJF Worlds әлем чемпионатының 30-шы турнирі өтті. Бұл жарыс — әлемдегі ең беделді әрі бәсекелестігі жоғары додалардың бірі, жыл сайын барлық құрлықтан келген үздік спортшыларды жинайды. Аталған әлем біріншілігінде Қазақстан спортшылары тарихи жетістікке қол жеткізді.Ересектер құрамасы қоңыр белбеу дәрежесінде екі бірдей алтын медаль жеңіп алды. Жеңімпаз атанғандар — Алинұр Қуатұлы мен Сейілхан Болат. Ал Батыр Теңізбай қола жүлдені иеленді.Ерекше мақтаныш — қарағандылық жас спортшы Асанәлі Абаевтың жетістігі. Ол Қазақстан тарихында IBJJF бойынша алғашқы әлем чемпиондарының қатарына еніп, отандық спорт шежіресіне есімін қалдырды.Асанәлі Juvenile 1 санатында, 53,5 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде, көк белбеу бойынша сынға түсті. Чемпиондық атаққа жету жолында ол төрт ауыр белдесуді өткізді. Финалда қазақстандық спортшы Бразилиядан келген мықты қарсыласымен кездесіп, тартысты жекпе-жектен кейін төрешілер жеңісті Абаевқа берді. Осылайша ол әлем чемпионы атанып, алтын медаль иеленді.Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1231268?lang=ru
Құрылыс барысы тұрақты бақылауда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қызылорда қаласындағы бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылыс алаңдарын аралап, ондағы жұмыс барысымен танысты.Алдымен сол жағалауда салынып жатқан, құрылысына 14 млрд 780 млн теңге бөлінген, тәулігіне 500 келушіні қабылдауға арналған емханаға барды. Көпсалалы медициналық мекеме 50 төсектік күндізгі стационар, амбулаториялық және диагностикалық бөлімшелер, сондай-ақ тұрғындарға кешенді медициналық қызмет көрсетуге арналған орындардан тұрады. Одан бөлек, нысанда 50 орындық аудитория мен 200 орындық конференция залы қарастырылған.Бұдан кейін облыс әкімі Жанқожа батыр көшесі арқылы өтетін теміржол өткелінің құрылыс алаңында болды. 4,6 млрд теңгенің жобасы жүзеге асқанда көлік пен жаяу жүргінші қозғалысының тиімділігі артады.Қазір мұнда айналма теміржол салынып, инженерлік желілерді көшіру, бетондау, свай және тіреу қабырғаларын орнату жұмыстары қарқынды жүргізілуде.Аймақ басшысы жауапты сала өкілдеріне құрылыс сапасы мен мерзімін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231297?lang=ru
СҚО әкімінің Халықаралық балаларды қорғау күнімен құттықтауы 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын!  Балалар – отбасының қуанышы, өмірдің жалғасы, тәуелсіз еліміздің келешегі. Сондықтан олардың қауіпсіз ортада өсіп, сапалы білім алып, бойындағы қабілеттерін дамытуына жағдай жасау – баршамыздың ортақ міндетіміз.  Өңірде балалардың жан-жақты дамуына, білім алуына, спортпен және шығармашылықпен айналысуына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Осы жарқын мерекеде барлық бүлдіршіндерге зор денсаулық, шаттық пен қуаныш, жаңа жетістіктер мен биік армандар тілеймін. Ал ата-аналарға, ұстаздарға және бала тәрбиесіне үлес қосып жүрген барша жандарға шынайы алғысымды білдіремін.Әр шаңырақтан бала күлкісі естіліп, әр отбасының бақыты арта берсін! Балаларымыздың болашағы жарқын, армандары асқақ болсын!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1231607?lang=ru
Балаларға базарлық: Қызылордада Ботаникалық бақ пайдалануға берілді 30.06.2026
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары Мемлекет басшысының қолдауымен салынған Ботаникалық бақтың ашылу рәсіміне қатысты.Мереке күні жеткіншектерге тарту етілген Ботаникалық бақ Президент саябағы аумағында орналасқан. Бас мердігер - «Alem Qurylys AQ» ЖШС. Құрылысына 4,9 млрд теңге бөлінген, нысанның іргетасы былтыр қыркүйек айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен қаланған болатын.Ашылу рәсімінде облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы балаларды мерекемен құттықтап, Ботаникалық бақ жұмысы жеткіншектердің тиімді демалысын ұйымдастыруға және тың жобаларды жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті.«Баршаңызды 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бала – біздің басты байлығымыз. Білімді, дені сау, ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың ортақ парызымыз. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті», – деген болатын.Бүгін Президент саябағының аумағынан ашылған Ботаникалық бақ – осы ауқымды бастаманың аймағымыздағы нақты әрі жемісті көрінісі. Бақ ішіне Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония, Оңтүстік және Орталық Америкада өсетін жасыл желек егілді. Осы арқылы жас жеткіншектерге өсімдіктердің экожүйедегі маңызы түсіндіріледі. Бұл жай ғана балалар серуендейтін саябақ емес, табиғат пен ғылымды ұштастыратын, экологиялық мәдениетті қалыптастыратын көпфункционалды кешен болмақ. Балаларымыз осы жерде табиғатпен тілдесіп, эко-жауапкершіліктің, еңбекқорлықтың шынайы үлгісін көреді. Осы бақтан біздің аймақтың ғана емес, бүкіл еліміздің экологиясын зерттейтін болашақ ғалымдар, биологтар мен агрономдар шығады деп сенеміз», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов құттықтау сөз сөйледі. Білім беру саласының дамуына елеулі үлес қосқан ұстаздар мен жаңа нысан құрылысын мерзімінде аяқтаған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ботаникалық бақ – экологиялық танымды, туризмді дамытуға және жаңа қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған заманауи көпфункционалды кешен. Жалпы ауданы 1500 шаршы метр болатын екі жылыжайға Африка, Оңтүстік Америка, Австралия, Жапония, Қытай және Мадагаскар сияқты әлемнің әр аймағынан 92 түрлі 3300-ден астам өсімдік егілген. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, сәндік өсімдіктер, кариота жайқалып тұр. Бұл өсімдіктер гүлдегенде хош иісі аңқып, қызғылт сары, көгілдір, күлгін сияқты алуан түске боялады.Өсімдіктерге қолайлы жағдай жасау үшін микроклиматты автоматты басқару, суару және су дайындаудың заманауи инженерлік жүйелерімен жабдықталған.Ботаникалық бақ өсімдіктердің бірегей түрлері өсетін орын ғана емес, экологиялық мәдениеттің, білім берудің және ішкі туризмнің дамуына қызмет ететін, аймақ тұрғындары мен қонақтары жиі бас қосатын мекенге айналады.Мұнда студенттер, мектеп оқушыларының, табиғат жанашырларының танымын кеңейтуге барлық жағдай жасалған. Ботаникалық бақтың ерекше атмосферасы келушілерге жайлылық сыйлайды. Айта кетейік, Мемлекет басшысының қолдауымен Сыр өңірінде кейінгі төрт жылда 46 заманауи білім беру нысаны табысталды.«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді. «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарындағы «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектептері» жас жеткіншектердің шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыруға қызмет етуде. Жақында ғана жыл бойы үздіксіз қызмет көрсететін «AI-KERIM» оқу-сауықтыру орталығы балалар игілігіне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1231666?lang=ru
Халықаралық және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанған 33 солтүстікқазақстандық оқушыға құрмет көрсетілді 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов халықаралық және республикалық олимпиадалардың, сондай-ақ ғылыми жобалар байқауларының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті.«Өңірдің ең басты байлығы – балаларымыз. Білімді, бастамашыл әрі бәсекеге қабілетті жас ұрпақ – еліміздің жарқын болашағының берік негізі. Бүгінде біздің оқушыларымыз өз жетістіктерімен Солтүстік Қазақстанның абыройын асқақтатып, өңірімізді республика көлемінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танытып келеді. Балалардың қабілетін шыңдап, олардың білімге деген құштарлығын қолдап жүрген ұстаздар мен ата-аналарға шынайы алғысымды білдіремін. Жас дарындардың алдағы уақытта да толағай табыстарға жетіп, жаңа белестерді бағындыратынына сенімдімін», – деді облыс әкімі.Бүгінде өңірде 73 мыңнан астам оқушы білім алуда. Олардың 2,5 мыңнан астамы түрлі деңгейдегі зияткерлік сайыстарға белсенді қатысып,  облыс пен елдің мерейін абыроймен қорғап келеді.Биыл 33 жоғары сынып оқушысы халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында үздік нәтиже көрсетіп, жеңімпаз және жүлдегер атанды. Жас дарындардың жетістіктерін бағалап, олардың еңбегі мен білімге деген ұмтылысын қолдау мақсатында облыс әкімі арнайы сыйақылар табыстады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1231714?lang=ru
Қызылордалықтар – «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясының иегері 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев халықаралық, республикалық пәндік олимпиада, ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздарымен және олардың жетекші ұстаздарымен кездесті. Кездесуде Мемлекет басшысының білім мен ғылымға ұмтылысты қолдауының арқасында өңірде ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын атап өтті.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Расында, дарынға ие болу, бұл – бақыт. Бірақ жай ғана еңбексіз дарын жетістіктің кепілі бола алмайды. Дарынның көзін ашу керек және оны толығымен пайдалана білу қажет. Әр жеңіс, әр медаль тынымсыз ізденіспен, маңдай термен, үздіксіз дайындықпен келеді»,– деген болатын.Дана халқымыз «Білім – таусылмайтын кен» деп бекер айтпаған. Қай заманда болсын, елдің еңсесін тіктеп, болашағын баянды ететін күш – білімді ұрпақ. Сыр өңірінің ғана емес, күллі Қазақстанның мерейін үстем етіп жүрген Өздеріңіздей талапты да талантты жастармен кездесудің мәні зор», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Биыл 29 оқушы халықаралық олимпиадалардың жүлдегері атанса, 143 оқушы республикалық олимпиада, ғылыми жоба байқауларында үздік нәтиже көрсетті. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада қорытындысымен Қызылорда облысының командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» номинациясын иеленді. Сонымен қатар, екі оқушы жоғары оқу орындарының білім грантын жеңіп алды.Салтанатты жиында 30 жетекші ұстаз облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, шипажайға жолдама алды. Халықаралық және республикалық білім додаларында үздік нәтиже көрсеткен 36 оқушыға облыс әкімінің Алғыс хаты мен планшет табысталды. Оқушылар мен ұстаздар ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді.Айта кетейік, кейінгі жылдары Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен өңірде 200-ден астам әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде білім беру саласында 46 жаңа нысан іске қосылды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты мен музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға берілді.«Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы, Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» іске қосылды. Жақында жаңа балалар тынығу лагері пайдалануға беріліп, алғашқы демалушыларды қабылдады. Бүгін Президент саябағындағы Ботаникалық білім беру орталығы ел игілігіне табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232137?lang=ru
Қостанай облысында байланыс станциялары іске қосылды 30.06.2026
Қостанай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басында облыс әкімдігі мен Tele2/Altel байланыс операторы – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС арасында өңірдегі интернет сапасын жақсарту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.Құжат аясында компания жыл соңына дейін облыс аумағында 60-тан астам жаңа базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Жоба аудан орталықтары, моноқалалар мен шалғай елді мекендерде мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыруға бағытталған.Меморандум шеңберіндегі алғашқы нысандар Лисаков және Рудный қалаларында іске қосылды. Жаңа базалық станциялар тұрғындарды тұрақты байланыспен қамтамасыз етіп, мобильді интернеттің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.Лисаков қаласында қазіргі қолданыстағы желіні күшейту мақсатында қосымша алты базалық станция орнату көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде екі станция пайдалануға берілді. Жаңа нысандар қала аумағындағы, оның ішінде саяжай массивтеріндегі байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.Сонымен қатар қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.Рудный қаласында да телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр. Қалада жұмыс істеп тұрған 37 базалық станцияға қосымша тағы 14 нысан салу жоспарланған. Оның алғашқысы пайдалануға берілді. Бұл жаңа тұрғын аудандарды, өндірістік аймақтарды және байланыс сапасы төмен учаскелерді сапалы мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.Жоба аясында өңірде 4G және 5G технологияларын кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Сондай-ақ базалық станциялар орнату барысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орналастыруға қосымша мүмкіндік жасалады.Байланыс операторының мәліметінше, жаңа нысандарды іске қосу өңір тұрғындарының интернетке қолжетімділігін арттырып, желіге түсетін жүктемені азайтуға және мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.Осылайша Қостанай облысында цифрландыруды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1232248?lang=ru
Нашақорлықтың алдын алу және интернеттегі есірткі насихатына қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды 30.06.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық штаб отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Ведомствоаралық жиында нашақорлықтың, есірткі қылмысының және интернет кеңістігіндегі есірткі насихатының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.Үкімет отырысынан кейін өткен мәжілісте осы және өзге де мәселелерге орай жауапты сала басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді.Атап айтқанда, интернет кеңістігіндегі есірткі насихатына қарсы мониторингті күшейту, әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалардағы заңсыз контентке жедел әрекет ету керек. Сондай-ақ есірткі таратудың жаңа арналарын анықтауға бағытталған жедел-профилактикалық шараларды жандандыру міндеттелді.Отырыста жастар мен жасөспірімдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, тәуекел топтарымен жүйелі профилактикалық жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды. Бұл бағыттағы шаралар Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің тұрақты бақылауында.Күн тәртібінде мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға енгізілген өзгерістер де қарастырылды. Есірткіні, психотроптық заттарды медициналық емес мақсатта қолдану, масаң күйде көлік басқару мемлекеттік қызметшінің беделіне нұқсан келтіретін тәртіптік теріс қылық ретінде танылады. Ал жұмыс орнына масаң күйде келу, медициналық куәландырудан бас тарту қызметтен босатуға негіз болады.Жазғы демалыс маусымында балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру маңызды. Осыған байланысты демалыс орындарының қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тексерілмек. Талапқа сай емес нысандардың қызметін шектеу, жол-көлік қауіпсіздігін күшейту және жазатайым оқиғалардың алдын алуда түсіндірме жұмысын жүргізу тапсырылды.Кәмелетке толмағандарды түнгі уақытта қадағалау үшін рейдтік іс-шаралар өткізу, қоғамдық қауіпсіздік назардан тыс қалмауы тиіс.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232300?lang=ru
Тынығу лагерьлерінің маусымы ресми түрде ашылды 30.06.2026
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Президент паркі аумағында жаңадан ашылған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру орталығында жазғы тынығу лагерлерінің маусымы салтанатты түрде ашылды.Оған облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет қатысып, жас өрендерді мерекемен және маусымның ресми ашылуымен құттықтады.«Бала – отбасының бақыты, мемлекеттің – болашағы. Ел ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Сондықтан балалардың дені сау, жан-жақты дамыған азамат болып қалыптасуы – мемлекетіміздің басты бағыттарының бірі.Президентіміз балалардың қауіпсіздігі мен жан-жақты дамуына ерекше мән беріп, сапалы білім алуына, шығармашылық қабілетін шыңдауға, жазғы демалысты тиімді ұйымдастыруға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.Кейінгі жылдары біздің аймағымызда білім беру, мәдениет, спорт және қосымша білім беру ұйымдарының саны артты. Алда сіздерді қызықты кездесулерге, танымдық іс-шараларға, спорттық жарыстар мен шығармашылық байқауларға толы жарқын жаз күтіп тұр. Баршаңызды мерекемен құттықтай отырып, көтеріңкі көңіл-күй мен толайым жетістіктер тілеймін!» – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.Бүгін облыстағы тоғыз лагерь бір мезетте өз жұмысын бастап, мыңдаған баланы қабылдады.Мемлекет басшысының қолдауымен салынған «AI-Kerim» оқу-сауықтыру лагері материалдық-техникалық базасы мен білім беру мүмкіндіктері жағынан елімізде баламасы жоқ, бірегей орталықтың қатарында. Мұнда робототехника, ұшқышсыз ұшу аппараттарын басқару, инженерлік жобалау, IT-технологиялар және басқа да инновациялық үйірмелер жұмыс істейді. Бұл балалардың болашақ мамандықтарына қызығушылығын арттырып, жаңа технологияларды меңгеруіне жол ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1232311?lang=ru