Ғылым
Тауарлардың ұлттық каталогы: кезең-кезеңімен енгізу және жауапкершілік шараларына мораторий 26.01.2026
Тауарлардың ұлттық каталогын енгізу аясында 2025 жылдың желтоқсан айы бойы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Қаржы министрлігі және «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, бизнес өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген жұмыс кездесулерін өткізді. Талқылау барысында тауарларды тіркеу, пост терминалдар, жүйелерді интеграциялау және басқа да мәселелердің кең ауқымы қарастырылды. Толық түсіндірмелер берілді, сондай-ақ Тауарлардың ұлттық каталогын енгізу аясындағы одан әрі жұмыс тәсілдері айқындалды. Қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде Министрлік Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, Тауарлардың ұлттық каталогын кезең-кезеңімен енгізу туралы меморандумға қол қойды. Бұл құжат мемлекеттік органдар мен бизнес-қауымдастықтың Тауарлардың ұлттық каталогының талаптарын нарықтың, мемлекеттік сервистердің және ақпараттық жүйелердің дайындығын ескере отырып, келісілген тәсілді бекітеді. Бұл меморандум бойынша 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылмайтыны және бизнес жұмысы шектеусіз жалғасатыны бекітіледі. Бұл бизнес алдындағы алаңдаушылықты жою, сондай-ақ Тауарлардың ұлттық каталогының мемлекеттік дерекқорын тәжірибелік пайдалануды аяқтау мақсатында жасалуда. Сонымен қатар, осы меморандумда 2026 жылы импорттаушыларға, отандық тауар өндірушілерге, сауда желілеріне және шағын және микро кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде «үй жанындағы дүкендерге» талаптарды кезең-кезеңімен енгізу белгіленген. Ұлттық тауарлар каталогының талаптарын енгізудің өтпелі мерзімдері меморандумда нарық субъектілерінің санаттары бойынша белгіленген: - Импорттаушылар және отандық тауар өндірушілер — 2026 жылғы 1 наурызға дейін; - Сауда желілері — 2026 жылғы 1 сәуірге дейін; - Шағын және микро кәсіпкерлік субъектілері, оның ішінде «үй жанындағы дүкендер» — 2026 жылғы 1 шілдеге дейін. Мұндай тәсіл бизнес-процестердің уақтылы бейімделуін қамтамасыз етеді және нарықтың барлық қатысушылары үшін талаптардың бір мезгілде іске қосылуына байланысты істен шығу қаупін барынша азайтады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1147763?lang=kk
Қостанай облысында «Қар десанты» акциясы өткізілді 25.01.2026
Халықаралық еріктілер жылы аясында Науырзым ауданында жастардың бастамасымен қыста жүзеге асырылатын «Қар десанты» қайырымдылық акциясы дәстүрге айналған. Бұл игі шараның басты мақсаты – күннің суығында қолдауға зәру жалғызбасты қарияларға тұрмыстық көмек көрсету.Акция шеңберінде ерікті жастар ауыл тұрғындарының үйлеріне арнайы барып, аула ішін қардан тазалау, отын-су дайындау сияқты күнделікті қажетті жұмыстарды атқарады. Сонымен қатар, қажет болған жағдайда ағаш жарып, үй шаруасына жәрдемдеседі. Мұндай қолдау егде жастағы азаматтардың тұрмысын жеңілдетуге зор ықпал етеді.Еріктілер қариялардың жағдайын назардан тыс қалдырмай, мүмкіндігінше тұрмыстық көмектерін ұсынып келеді. Жастардың белсенділігі жыл бойы жалғасады. Күзде отын дайындауға және егін өнімдерін жинауға көмектессе, жаз айларында аула мен үй маңын абаттандыру, тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысады.Осындай акцияларға тұрақты түрде қатысып жүрген ерікті жастар әрқашан көмек көрсетуге дайын. Бұл бастамалар Науырзым ауданында мейірім мен өзара қолдауды арттырып, еріктілік мәдениетінің дамуына серпін беріп отыр. Қарияларға көрсетілген қамқорлық – қоғамның тұрақты дамуына негіз болатын маңызды құндылық.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1147362?lang=kk
Облыстық ҚХА жастары «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық интерактив ұйымдастырды 23.01.2026
2026 жылдың 23 қаңтарында Қостанай қаласында республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында онлайн-кездесу және қала тұрғындары үшін экологиялық интерактив өткізілді. Іс-шараға үш өңірдің өкілдері мен қала тұрғындары қатысып, қоршаған ортаны қорғауда жеке жауапкершілік мәселесіне назар аударды.Іс-шара Достық үйінде өтті. Оған Қостанай облыстық ҚХА «Ассамблея жастары» мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттары, Солтүстік Қазақстан облысының Ассамблея жастары, сондай-ақ Павлодар қаласының Студенттік Ассамблеясы қатысты.Акция екі кезеңде ұйымдастырылды. Бірінші кезең — Zoom платформасында онлайн-кездесу болды. Кездесуге Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жастар ұйымдары мен Павлодар қаласының Студенттік Ассамблеясының өкілдері қатысты. Қатысушылар өңірлерде «Таза Қазақстан» акциясын іске асыру тәжірибелерімен бөлісті, үздік жобалар мен бастамаларды таныстырды, 2026 жылға арналған жоспарларды талқылады. Қостанай облығы атынан спикерлер ретінде «Ассамблея жастары» жастар қозғалысының мүшелері және этномәдени бірлестіктердің жастар қанаттарының жетекшілері сөз сөйледі. Кездесу соңында сұрақ-жауап сессиясы, ашық пікірталас және қорытынды жасалды.Екінші кезең - қала тұрғындары үшін интерактив - ТРЦ ЦУМ және ТРЦ MART сауда орталықтарында өтті. Жастар қала тұрғындарымен «ВАЛЛ·И» анимациялық фильмінің тақырыбына негізделген интерактивтік форматта әңгімелесті. Сондай-ақ акция шеңберінде экология және республикалық «Таза Қазақстан» акциясы бойынша ақпараттық буклеттер таратылды.Іс-шара ұйымдастырушысы Қостанай облысы әкімдігі қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ жетекшісі Наталья Рамазанова атап өткендей:«Экологиялық мәдениет жеке жауапкершілік пен бірлескен әрекет арқылы қалыптасады. Біз үшін маңыздысы — тек іс-шара өткізу емес, жастар мен қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға нақты іс-қимылға тарту. «Таза Қазақстан» бастамасы өңірлерді біріктіріп, экологияның болашағы біздің қолымызда екенін көрсетеді».Өткізілген акция өңірлер арасындағы байланыстарды нығайтып, жастар қозғалысын әрекетке шақырып, қоғамның экология мәселелеріне назарын аударды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1147044?lang=kk
Рудный қаласында екі көппәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді 22.01.2026
Рудный қаласы 2025 жылды тұрғын үй құрылысы саласындағы маңызды оқиғамен қорытындылады. Мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру аясында тұрғын үй алу кезегінде тұрған азаматтарға жаңа пәтерлердің кілттері табысталды.Қазіргі таңда Качарская көшесі, 11 және Молодая Гвардия көшесі, 15 мекенжайларында орналасқан екі көппәтерлі тұрғын үйден 20 кезекте тұрған азаматқа пәтер берілді. Аталған үйлерге жаңа қоныстанушыларды орналастыру жұмыстары ағымдағы жылы жалғасады.Тұрғын үйлер жеке құрылыс компаниясы тарапынан іргетасынан бастап салынған. Келісімшарт талаптарына сәйкес, екі жыл бойы үйлерге қызмет көрсету құрылыс компаниясының міндетінде болады. Бұл тұрғын үйлердің дұрыс күтіп-ұсталуы мен тұрғындар үшін жайлы өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Соңғы жылдары Рудный қаласында бос тұрған көппәтерлі үйлерді қалпына келтіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта Ленин көшесіндегі тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Соңғы үш жылда қалада мыңға жуық пәтер пайдалануға беріліп, бұл тұрғын үй мәселесін шешуге елеулі үлес қосты.Сонымен қатар жеке инвестицияларды тарту арқылы жаңа тұрғын үйлер салу жобалары жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 55 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 28,9 пайызға жоғары. Мұндай оң динамика құрылыс саласының тұрақты дамып келе жатқанын және тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмысты көрсетеді.Азаматтарды қолжетімді әрі жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді. Тұрғын үй кезегін қысқарту және жаңа құрылыс жобаларын жүзеге асыру жұмыстары алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1146055?lang=kk
2026 жылғы 22 қаңтарда облыс әкімдігінде интернет-алаяқтықтың алдын алу мәселелеріне арналған полиция органдары мен прокуратура өкілдерімен кездесу өтті 22.01.2026
Кездесу барысында Қостанай облысы полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бөлім бастығының орынбасары О. А. Магыпаров және Қостанай қалалық прокуратурасының сотқа дейінгі тергеу және қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау бөлімінің аға прокуроры А. А. Қастай қатысты. Интернет-алаяқтықтың неғұрлым кең таралған схемалары мен тәсілдері, күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен кездегі іс-қимыл алгоритмі, құқық қорғау органдарына жүгіну тәртібі, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті сақтау және дербес деректерді үшінші тұлғаларға беруге жол бермеу жөніндегі шаралар туралы кездесуге қатысушыларға жеткізілді.Мұндай іс-шаралар құқықтық сауаттылықты арттыруға және цифрлық ортада қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1145875?lang=kk
Серік Бектұрғанов – жоғары марапат иесі 21.01.2026
Серік Бектұрғанов – жоғары марапат иесі Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай отырысында Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай мүшесі, Қостанай облысы Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Шыңғысұлы Бектұрғановқа еліміздің ең жоғары мемлекеттік наградаларының бірі - III дәрежелі «Барыс» орденін табыс етті.Бұл марапат – оның көпжылғы еңбегі, қоғамға қызмет ету жолындағы азаматтық жауапкершілігі мен адалдығы үшін халықтың шынайы ықыласы және зор құрметінің белгісіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1145339?lang=kk
Қостанай облысының жас робототехниктері әлемдік аренада 20.01.2026
2025 жылы Қытай Халық Республикасының Уси қаласында өткен World Robot Contest Final (WRCF) дүниежүзілік роботтар байқауының финалы әлемнің әр түкпірінен келген жас өнертапқыштарды бір алаңға жинады. Аталған беделді халықаралық жарыста Қазақстан Республикасының атынан қатысқан жас робототехниктер жоғары деңгейде өнер көрсетті.Атап айтқанда, Қостанай облысы Амангелді ауданы Амантоғай орта мектебінің оқушылары - Әубәкір Хақназар мен Дүйсенбай Бекнұр аталған байқауға қатысып, өздерінің инженерлік жобаларын сәтті қорғады. Олар «Шұғыла» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы жанындағы «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері. Оқушыларды халықаралық додаға үйірме жетекшісі Жетібаева Лаура Ерболқызы дайындады.Халықаралық байқау барысында қатысушылар робототехника саласындағы теориялық білімдерін, практикалық дағдыларын, инженерлік ойлау қабілеттерін және командамен жұмыс істеу мәдениетін көрсетті. Қазылар алқасы жобалардың техникалық шешімдеріне, жаңашылдығына және орындалу сапасына ерекше назар аударды.Бұл жетістік - жас жеткіншектердің тынымсыз еңбегінің, жетекшінің кәсіби шеберлігінің, сондай-ақ ата-аналар мен білім ордасының жан-жақты қолдауының нәтижесі. Осындай байқаулар оқушылардың ғылым мен технологияға деген қызығушылығын арттырып, елдің инновациялық дамуына серпін береді.Қостанай облысының жас робототехниктерінің жетістігі - өңір ғана емес, тұтас ел мерейін үстем еткен маңызды нәтиже. Алдағы уақытта да «РобоШеберхана» үйірмесінің тәрбиеленушілері жаңа белестерді бағындырып, халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтата береді деген сенім мол.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1144230?lang=kk
Қазақстан шикізаттық емес экспортты жүйелі басқаруға көшуде 20.01.2026
Қазақстан 2028 жылға қарай күнбағыс майын әлемдегі жетекші топ-3 экспорттаушы елдің қатарына еніп, май-тоңмай саласы өнімдерінің экспорт көлемін 1 млрд АҚШ долларынан асыруға ниетті. Осы мақсатта ел экспортты қолдаудың жекелеген шараларынан жүйелі салалық басқару моделіне көшіп, шикізат базасынан бастап өңдеу, логистика және мақсатты нарыққа дейінгі толық экспорттық тізбектерді қалыптастыруға бағыт алды. Астанада биылғы жылғы шикізаттық емес экспортты ілгерілету жөніндегі Экспорттық штабтың алғашқы отырысы өтті. Жиын ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековтің төрағалығымен ұйымдастырылды. Отырыста агроөнеркәсіп кешені өнімдерінің экспортын дамытуға арналған жаңа тәсілдер және қазақстандық өндірушілердің сыртқы нарыққа шығу барысында кездесетін жүйелі кедергілерді жою мәселелері талқыланды. 2025 жылы Экспорттық штабтың қызметі сапалық тұрғыдан жаңа форматқа өтті. Бұған дейін талқылаулар жекелеген мәселелер шеңберінде жүргізілсе, мамыр-желтоқсан айлары аралығында QazTrade алаңында бес салалық отырыс өтті. Олар агроөнеркәсіп кешені өнімдеріне, май-тоңмай саласына, астықты қайта өңдеуге, балға, сондай-ақ өнеркәсіп және IT өнімдеріне арналды. Нәтижесінде штаб нақты салалардың экономикалық ерекшеліктеріне негізделген жүйелі шешімдерді әзірлеуге бағытталды. Бұл жұмыстың негізгі нәтижесі 2026–2028 жылдарға арналған май-тоңмай саласы өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасының әзірленуі болды. Сала алғаш рет қосылған құнды қалыптастырудың толық тізбегі аясында қарастырылды. Құжатты әзірлеу барысында еліміздің солтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс өңірлерінде майлы дақылдарды өсірумен, сондай-ақ Абай, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Жетісу және Алматы облыстарында оларды өңдеумен айналысатын 30-дан астам кәсіпорынға кешенді диагностика жүргізілді. Жұмысқа мемлекеттік және жеке сектордан 50-ден астам өкіл тартылып, үш бейінді министрліктің өзара іс-қимылы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Еуропалық одақтың қолдауымен Халықаралық сауда орталығының халықаралық әдіснамасы қолданылды. Жол картасында саланың дамуына арналған нақты әрі өлшенетін көрсеткіштер айқындалды. Олардың қатарында өңдеу қуаттарының жүктемесін арттыру, экспорт географиясын кеңейту және 2028 жылға қарай Қазақстанның күнбағыс майын әлемдегі жетекші үш экспорттаушы елдің қатарына енуі көзделген. Нәтижесінде сала сыртқы нарықтардағы нақты сұранысқа негізделген бірыңғай және келісілген іс-қимыл жоспарына ие болды. Қалыптасқан тәжірибе салалық тәсілді агроөнеркәсіп кешенінің өзге бағыттарына да кеңейтуге негіз болды. Отырыста мысал ретінде экспорт көлемі тұрақты өсіп келе жатқан және табыстылығы, климаттық тәуекелдерге төзімділігі мен экспорттық тартымдылығы бойынша дәстүрлі дәнді дақылдардан асып түсетін жасымық дақылы қарастырылды. Сонымен қатар шикізаттық емес экспортқа кедергі келтіретін жүйелі мәселелерге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, теміржол көлігінде жүктерді басымдықпен тасымалдау, фитосанитарлық және ветеринарлық бақылау рәсімдері, қазақстандық компанияларды Қытай Халық Республикасының тізілімдеріне енгізу, экспорттық шығындарды өтеу және қаржылық қолдау құралдарына қолжетімділік мәселелері қозғалды. «Май-тоңмай өнімдері экспортының даму жөніндегі Жол картасы саланың стратегиялық дамуына берік негіз қалады. Сонымен бірге май өңдеу зауыттарын Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өндірушілері тізіліміне жедел енгізу және карантиндік рәсімдерді оңайлату қажет. Бұл шаралар шығындарды азайтып, экспорттық әлеуетті арттыруға мүмкіндік береді», - деді «Майлы дақылдарды қайта өңдеушілердің ұлттық қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Ядыкар Ибрагимов. Өз кезегінде Айдар Әбілдабеков проблемалық мәселелердің бірыңғай тізілімі қалыптастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл тетік шешілмеген кейстерді «қолмен басқару» режимінде Сауда және интеграция министрлігі деңгейіне, қажет болған жағдайда Үкімет Аппаратының қарауына шығаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Экспорттық штаб отырыстарын ай сайын, салалық қағидат бойынша өткізу туралы шешім қабылданды.Айта кетейік, Экспорттық штаб құрылғаннан бері шамамен 20 отырыс өткізіліп, 2025 жылы Экспорттаушылар форумы ұйымдастырылды. QazTrade экспорттық акселерация бағдарламаларын іске асыруды, сауда-экономикалық миссияларды, көрмелер мен бизнес-форумдарды өткізуді, сондай-ақ экспорттаушыларға консультациялық және қаржылық қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Отырыстың қорытындысы бойынша экспорттаушылар мен салалық қауымдастық өкілдері Экспорттық штабтың жаңартылған жұмыс форматының тиімділігін атап өтіп, көрсетіліп отырған қолдау үшін алғыс білдірді. Олардың пікірінше, мұндай тәсіл нақты мәселелер бойынша жедел шешім қабылдауға және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ықпал етеді. Анықтама: 2025 жылы экспорттаушыларды қолдау мақсатында өнеркәсіптік-инновациялық қызметтің 109 субъектісіне 6,1 млрд теңге көлемінде шығындар өтелді. Отандық экспорттаушылардың қаржылық ресурстарға қолжетімділігі кеңейтілуде. Экспорттық-кредиттік агенттік желісі бойынша 2025 жылдың қорытындысында қаржылық қолдау көлемі 650,9 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда (336 млрд теңге) шамамен 1,9 есе артты. Сауда және экспорт алдындағы қаржыландыруға басымдық беріліп, оның көлемі 88,4 млрд теңгеге жетті, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жуық өсімді көрсетті. Барлығы 113 экспорттаушыға қолдау көрсетілді (оның ішінде шағын және орта бизнес үлесі – 69%, орта және жоғары деңгейде қайта өңделген өнім үлесі – 87%; 2024 жылы – 96 экспорттаушы).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1144238?lang=kk
Аграрлық сектордың терең өңдеу әлеуеті 20.01.2026
Мемлекет басшысы өз Жолдауында аграрлық сектордың терең өңдеу әлеуетін дамыту қажеттігін ерекше атап өтті.Міне, сол себепті, өңірде өндірілетін барлық ауыл шаруашылығы өнімдері өзімізде өңделуі тиіс.Осы бағытта «Qostanai Grain Industry» астықты терең өңдеу жобасы іске асырылуда. Жобаның құны – 71,0 млрд. теңге, жобалық қуаты – 415,0 мың тонна, 650 жұмыс орны ашылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1144055?lang=kk
АНОНС НҚА 19.01.2026
Шымкент қаласы бойынша 2026 жылға арналған тыңайтқыштардың (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) субсидияланатын түрлерiнің тізбесін және тыңайтқыштарды сатушыдан сатып алынған тыңайтқыштардың 1 тоннасына (литріне, килограмына) арналған субсидия нормаларын бекіту туралы интернет-порталында жарияланды.Аталған қаулы жобасы бойынша қоғамдық талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз.Толығырақ кіру сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15776885 Шымкент қаласының тұрғын секторында қорғаныш конструкциялары мен реттеуші элементтерді (шлагбаумдар және басқа да қоршаулар) орнату қағидаларын бекіту туралы интернет-порталында жарияланды.Аталған қаулы жобасы бойынша қоғамдық талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз.Толығырақ кіру сілтемесі: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15773034 Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 26 қарашадағы № 6109 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы «Шымкент қаласының мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тамақтандыруға жұмсалатын шығыстарды өтеу туралы» интернет-порталында жарияланды.Аталған қаулы жобасы бойынша қоғамдық талқылауға қатысуларыңызды сұраймыз.Толығырақ кіру сілтемесі:https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15772123Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1178055?lang=kk
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Берлиндегі Grüne Woche көрмесінде Қазақстанның Ұлттық павильонын ашты 19.01.2026
Берлинде өткен халықаралық Grüne Woche көрмесінің жүз жылдық мерейтойы мен Global Forum for Food and Agriculture халықаралық конференциясы аясында Қазақстан агроөнеркәсіптік кешен мен сауда саласындағы серпінді әрі сенімді әріптес ретінде өз ұстанымын айқын көрсетті. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев бастаған делегация «Жасыл апта» аясындағы аграрлық саясат, бизнес және халықаралық ұйымдар өкілдерін тоғыстырған негізгі іс-шараларға қатысты. Көрмедегі басты оқиғаның бірі– Қазақстанның Ұлттық павильонының ашылуы болды. Павильон іскерлік диалог алаңы ретінде қызмет атқарып, экспорттық әлеуетті таныстыруға және өнеркәсіптік кооперацияның келешегін талқылауға мүмкіндік берді. Экспозицияда Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен терең өңдеу, заманауи агротехнологияларды енгізу және орнықты агрожүйелерді дамыту бағытындағы мүмкіндіктері кеңінен көрсетілді. Павильон неміс және халықаралық серіктестер тарапынан жоғары қызығушылық тудырып, қазақстандық өнімдер мен бірлескен жобаларға деген сұраныстың артып келе жатқанын дәлелдеді. GFFA аясында Арман Шаққалиев бірқатар халықаралық әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Атап айтқанда, Германияның Азық-түлік, ауыл шаруашылығы және өңірлік сәйкестік жөніндегі федералдық министрі Алоис Райнермен, Германияның Экономика және энергетика федералдық министрлігінің статс-хатшысы Томас Штефенмен, Неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармспен, сондай-ақ Дүниежүзілік сауда ұйымы Бас директорының орынбасары Жан-Мари Паугаммен келіссөздер жүргізілді. Тараптар сауданы кеңейту, кедергілерді азайту, азық-түлік жеткізу тізбектерінің тұрақтылығы және өзара нарықтардағы қатысуды күшейту мәселелерін талқылады. Келіссөздердің жеке блогы аграрлық ынтымақтастық пен технологиялық әріптестікті дамытуға арналды. Қазақстан делегациясы Пәкістанның Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі және зерттеулер жөніндегі федералдық министрі Рана Танвир Хуссейнмен, Германияның Ауыл шаруашылығы федералдық министрлігінің мемлекеттік хатшысы Маркус Шикпен, Неміс агробизнес альянсының директоры Пер Бродерзенмен, CLAAS компаниясының Шығыс Еуропа мен Орталық Азия өңірі бойынша вице-президенті Михаэль Байермен, сондай-ақ APD жобасының жетекшісі Йон Клаус және ADT жобасының жетекшісі Уве Веддигемен мазмұнды кездесулер өткізді. Кездесулерде өндірісті жергіліктендіру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңғырту, неміс сапа стандарттарын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту және су үнемдеу шешімдері негізгі назарда болды. Қазақстан тарапы Неміс агробизнес альянсы ұйымдастырған салалық пікірталастарға да белсенді қатысты. Оның ішінде орнықты су пайдалану мен инновациялық агротехнологияларға арналған панельдік сессия және «Kazakhstan–Germany Agro & Water Nexus» дөңгелек үстелі өтті. Бұл алаңдар тараптарға нақты кооперация үлгілерін, бірлескен пилоттық жобаларды және технология трансферін талқылауға мүмкіндік берді. Іс-шаралар барысында Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың нығайып келе жатқаны атап өтілді. 2025 жылдың қаңтар–қараша айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 3,91 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстанның Германияға экспорты 7,9 пайызға өсіп, 1,17 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл неміс нарығының қазақстандық жеткізушілер мен жоғары қосылған құны бар өнімдерге деген тұрақты қызығушылығын көрсетеді.Сапардың маңызды практикалық нәтижелерінің бірі – Арман Шаққалиев пен Неміс экономикасының Шығыс комитетінің атқарушы директоры Михаэль Хармс арасында наурыз айында бизнес пен салалық ведомстволардың қатысуымен бейнеконференция өткізу жөніндегі уағдаластық болды. БКС аясында агроөнеркәсіптік кешен мен экспортқа бағдарланған салалардағы нақты кооперациялық жобалар егжей-тегжейлі талқыланбақ. Сонымен қатар тараптар сәуір айында Германия делегациясының Қазақстанға сапарын ұйымдастыру жоспарын растады. Бұл сапар барысында бірлескен инвестициялық және өндірістік бастамаларды іске қосуға басымдық беріледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1143220?lang=kk
Қостанай облысындағы мәдениет және спорт мекемелерін дамыту 17.01.2026
Қостанай облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, олардың өзін-өзі дамытуына және салауатты өмір салтын нығайтуға бағытталған мәдени және спорттық инфрақұрылымды дамыту шаралары жүйелі түрде іске асырылуда.Соңғы үш жылда облыстың ауылдық елді мекендерінде 5 мәдениет нысаны салынды:Жітіқара ауданының Пригородное ауылы, Алтынсарин ауданының Большая Чураковка ауылы, Қамысты ауданының Арқа ауылы, Ұзынкөл ауданының Ершовка және Троебратское ауылдары.Барлық жаңа мекемелерде жастардың бос уақытын ұйымдастыруға, мәдени және шығармашылық іс-шаралар өткізуге арналған заманауи жағдайлар жасалған.Спорттық инфрақұрылымды дамытуға ерекше назар аударылуда.2025 жылы өңірде 8 спорт кешені, 6 хоккей корты, оның ішінде 4 жабық, сондай-ақ 2 жабық спорт залы салынды. Спорт кешендерінің жалпы санынан 3 нысан қалаларда пайдалануға берілді — оның бірі Арқалық қаласында, екеуі Рудный қаласында орналасқан.Қостанай қаласында үстел теннисі кешенінің құрылысы басталып, «Осьминог» аквапаркінің қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жітіқара қаласында жеке инвестициялар есебінен дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы жүзеге асырылуда.Жаңа мәдениет және спорт нысандары барлық жастағы тұрғындарға, оның ішінде балалар мен жастарға арналған және Қостанай облысының әлеуметтік-мәдени дамуына маңызды үлес қосады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1143025?lang=kk
Құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық бақылау 16.01.2026
Облыстыққұрылыс,сәулетжәне қала құрылысы,мемлекеттіксәулет-құрылысбақылауы басқармаларында "АДАЛДОСПревенция"ҚБбасшысыА.БайлинменӘдепжөніндегі уәкіл Қ. Сюндиковтың қатысуыменсеминар-кеңесөтті.ҚазақстанРеспубликасыныңзаңнамасынжәнеҚазақстанРеспубликасымемлекеттікқызметшілерініңӘдепкодексініңнормаларын сақтау, құқық бұзушылықтардың,тәртіптік теріс қылықтардыңалдын алу, "Адалазамат"тұжырымдамасын іске асыру,заңсызойынбизнесіменлудоманияға қарсы іс-қимыл, "Заңжәнетәртіп"тұжырымдамасы, зайырлымемлекетқағидаттарынсақтаумәселелеріқаралды.Әдепжөніндегі уәкіл қызметшілердіңназарынкәсібилікпен клиентке бағдарланудыарттыруға аударды.Облыстыққұрылыспрактикасыныңкейстеріқаралды:«БЕРЕКЕ шағын ауданындағымектепқұрылысы»,НазарбаевдаңғылыменТолстой көшесі бойындағы облысорталығыныңнысандары. 2025жылыБейімбетМайлинаудандықмәслихатдепутаттарықатысуымен сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықжөніндегісоттыңшешімі шықты.А.Байлинқоғамдықмониторингжүргізуарқылымемлекеттікоргандарменквазимемлекеттіксекторда, мемлекеттік сатып алу саласындасыбайласжемқорлықтың алдын алу бойынша қоғамдықбірлестіктіңжүргізіп жатқан жұмысытуралыхабардар етті.Олсондай-ақ қызметкерлердіңқылмыстықжауапкершіліккеәкелетінқателікжібермеуіненазараударды.Қазақстан сыбайлас жемқорлықтықабылдауиндексіндегіөзпозициясынжақсартты, әлемнің180еліарасында88-орынғажетті.Осыған "Қоғамдықбақылаутуралы"Заңныңқабылдануыдаықпал етті.Мемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдануда. 2025 жылы Қостанай облысында сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша жергілікті атқарушы органның бір лауазымды адамы, 2 полиция қызметкері, Рудный қаласының прокуроры, 2 аудандық мәслихаттың депутаты, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің 5 қызметкері (ҚР АШМ шекаралық фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау және қадағалау), квазимемлекеттік сектор – 6 адам ("Қарабалық ауыл шаруашылығы станциясы " ЖШС – 4 адам,, орман шаруашылығы – 2 адам).Семинар қорытындысы бойынша қызметшілерге ұсыныстар беріліп, ақпараттық буклеттер таратылды. Әдеп жөніндегі уәкіл Қ. Сюндиков "Қостанай облысы әкімінің аппараты"ММ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1142934?lang=kk
Әдепті сақтау және құқық бұзушылықтардың алдын алу 15.01.2026
Кәсіпкерлік, энергетика және коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдік жолдары облыстық басқармаларында Қазақстан Республикасының заңнамасы және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексі нормаларын сақтау, мемлекеттік мекемелерде құқық бұзушылықтар мен тәртіптік теріс қылықтардын алдын алу тақырыбында әдеп жөніндегі уәкіл Қ. Сюндиковтің қатысуымен семинар-кеңестер өтті.2025-2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және жеке қасиеттерін ілгерілету жөніндегі жол картасын, Қазақстан Республикасында заңсыз ойын бизнесі мен лудоманияға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024 – 2026 жылдарға арналған кешенді жоспарды, Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру, зайырлы мемлекет қағидаттарын сақтау, мемлекеттік қызметшілердің деструктивті діни ағымдардың қызметіне араласуын алдын алу бойынша мемлекеттік мекемелерінде жұмысты ұйымдастыру мәселері талқыланды.Қ.Сюндиков мемлекеттік мүлік, соның ішінде бағынысты мекемелердің қызметтік көлікке бақылауды ұйымдастыру (GPS-жүйесі, қызметтік көлікті пайдалану регламенті, және т.б.) мәселесіне назар аударды.Күн тәртібінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру (СЖТІТ - ВАКР), мемлекеттік қызметтегі ескертпелер мен ұсынымдарды сақтау, құқықтық оқуды ұйымдастыру, азаматтық қоғам институттарымен өзара әрекеттесу және волонтерлік бастамаларды дамыту мәселері қаралды.Мемлекеттік мекемелердің ұжымдары 2025 жылғы анонимдік сауалнаманың нәтижелері туралы ақпарат алды. Қ. Сюндиков «Қостанай облысы әкімі аппараты» ММәдеп жөніндегі уәкіліАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1141733?lang=kk
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы өткен жылдың деңгейінде сақталып отыр 15.01.2026
Биылғы жылдың 4 қаңтарынан бастап Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының уақытша кеңейтілген тізбесі енгізілді. Бұған дейін тізбе 19 атаудан тұрса, қазіргі уақытта ол 31 атауға дейін кеңейтілді. Аталған тауарлардың қатарына қияр, қызанақ, алма, шай, қаймақ, балық, сиыр еті (сүйекті және сүйексіз), тауық еті, тауық, жылқы еті және қатты ірімшік кірді.Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, биылғы жылдың бірінші аптасының қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 0,2 пайызды құрады. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде де бұл көрсеткіш 0,2 пайыз деңгейінде тіркелген. Сонымен қатар, биыл аталған көрсеткіш кеңейтілген тауарлар тізбесін ескере отырып қалыптасқанын атап өткен жөн, бұл бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері бағасының тұрақты екенін көрсетеді.Кеңейтілген тізбеге енгізілген бірқатар жаңа тауар позициялары бойынша бағаның 0,1–0,5 пайыз аралығында төмендегені байқалуда. Бұл төмендеу көлемі жағынан шамалы болғанымен, бағаны тұрақтандыру үдерісінің басталғанын және қысқа мерзім ішінде алғашқы нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді. Атап айтқанда, жеміс-көкөніс өнімдері бойынша алма бағасы 0,5 пайызға, қияр мен қызанақ бағасы 0,4 пайызға арзандады. Бакалея өнімдері сегментінде қатты және жартылай қатты ірімшіктердің бағасы 0,3 пайызға, қара шай бағасы 0,2 пайызға төмендеді. Сондай-ақ ет және балық өнімдері тобы бойынша баға 0,1 пайызға төмендеді, ал сүт өнімдері ішінде қаймақ бағасының 0,1 пайызға арзандауы тіркелді.Бағаны тежеу мақсатында жыл басынан бері сауда нысандарында бағаға тұрақты мониторинг жасалып, бизнес өкілдеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда 13 қаңтарда ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті төрағасының орынбасары Даулен Кабдушев жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп елордадағы базарларда баға мониторингін өткізіп, сатушыларға түсіндіру жұмыстарын өткізді.«Осындай жұмыстарды өңірлердегі әріптестеріміз де тұрақты жүргізіп жатыр. Қазір сатушыларға бұрын ӘМАТ тізбесінде болмаған тауарлардың енді тізімге қосылғанын түсіндіріп жатырмыз. Бұл дегеніңіз Сауда комитеті тарапынан жаңадан тізімге қосылған тауарлардың сауда үстемесіне мемлекеттік бақылау жүргізіледі деген сөз. Айта кету керек, қолданыстағы заңнамаға сәйкес әлеуметтік тауарларға қойылатын максимал сауда үстемесі 15 пайыздан аспауы керек», - деді Даулен Кабдушев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1141505?lang=kk
Заманауи мектеп — балалардың табысты дамуының берік негізі 14.01.2026
Қостанай облысында білім беру инфрақұрылымын дамыту және сапалы білімнің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.Өңірде 5 860 оқушыға арналған 9 мектеп салынды, оның ішінде 7 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілді. Жаңа білім беру ұйымдары Қостанай қаласының «Береке» және «Әуежай» шағын аудандарында, Арқалық және Рудный қалаларында, Қостанай ауданының Заречное және Еңбек ауылдарында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында, сондай-ақ Жангелдин ауданының Көлқамыс ауылында ашылды. Қазіргі уақытта жалпы сыйымдылығы 1,9 мың орын болатын тағы 2 мектептің құрылысы жалғасуда.Сонымен қатар мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы үш жылда облыста 2,2 мың орынға арналған 14 балабақша салынды. Нәтижесінде 2–6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші 2023 жылдың басындағы 90,5 пайыздан 96,4 пайызға дейін артты, ал 3–6 жас аралығындағы балаларды қамту 100 пайызға жетті.Өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін дамытуға да басымдық берілуде. Қостанай қаласында «IQostanay» SMART-орталығы, Тобыл қаласында «Балалар әлемі» балалар шығармашылық орталығы, Жангелдин ауданының Торғай ауылында «Жас өркен» шығармашылық үйі табысты жұмыс істеп келеді.Заманауи жағдай қалыптастыру – балалардың табысты дамуы мен өңірдің болашағының берік негізі. Білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың өзін-өзі жүзеге асыруына қажетті білім, дағды мен құндылықтар қалыптасады. Қолайлы, қауіпсіз және технологиялық тұрғыдан жабдықталған білім беру ортасын құру сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1141165?lang=kk
Қостанай облысының автомобиль жолдары саласына бағытталған инвестициялар 14.01.2026
Соңғы үш жылда Қостанай облысының автомобиль жолдары саласына қомақты инвестициялар бағытталды.2023-2025 жылдар аралығында бұл салаға жалпы көлемі 236 млрд. теңге қаржы бөлініп, 3 174 шақырым республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары жөндеуден өтті. Сонымен қатар, елді мекендердің көше-жол желісіндегі 1 070 учаске жаңартылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1141071?lang=kk
Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетудің интерактивті форматтары іске асырылуда 12.01.2026
Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру әділдікті, заңдылықты және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін ерекше атап өтті. Азаматтардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, мемлекеттік институттарға деген сенімді арттыру және заң талаптарының сөзсіз орындалуы әділ әрі орнықты Қазақстанды құрудың негізгі шарттары болып айқындалды.Осыған байланысты Қостанай облысында «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілетуге бағытталған жобалар мен бастамалар жүйелі түрде жүзеге асырылып, халықпен жұмыс істеудің интерактивті және заманауи форматтары кеңінен қолданылуда.2025 жылы облыстың қалалары мен аудандарында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 28 жоба жоспарланып, толық іске асырылды. Оларды жүзеге асыру барысында үкіметтік емес ұйымдар құқық бұзушылықтардың алдын алу мен халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған әртүрлі форматтағы 300-ден астам іс-шара өткізді. Сонымен қатар құқықтық мәдениеттің өзекті мәселелерін қамтитын ақпараттық-таратпа материалдар мен бейнероликтер әзірленіп, таратылды.«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыруға өңірдің жоғары оқу орындары да белсенді қатысуда. ЖОО-лар апталық негізде өткізілетін 20 іс-шарадан тұратын тізбені қалыптастырды. Олардың қатарында құқықтық сағаттар, профилактикалық дәрістер, сала мамандарымен кездесулер және студент жастар арасында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған өзге де форматтар бар.Интерактивті жұмыстың жарқын мысалдарының бірі – «Заң мен тәртіп: әділетті Қазақстанға бірге» тақырыбында өткен ойын соты форматындағы іс-шара. Бұл формат құқықтануға қызығушылық танытқан студенттерге теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік берді. Іс-шараға шамамен 100 адам қатысып, олардың қатарында прокуратура, сот және адвокаттар алқасының өкілдері болды.Сонымен қатар облыста Республика күніне орай «Менің Республикам» атты облыстық пікірсайыс турнирі ұйымдастырылды. Турнир «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қостанай облысы бойынша «Жастар Рухы» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің, сондай-ақ «Ахмет Ұрпақтары» және «Парасат» пікірсайыс клубтарының қолдауымен өткізілді.Аталған бастамалардың жүзеге асырылуы қоғамда заңның құндылығын, жауапкершілік пен азаматтық белсенділікті терең түсінуді қалыптастыруға, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидаттарын әділетті Қазақстанның берік негізі ретінде нығайтуға ықпал етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1139818?lang=kk
Жалғызтал ауылының әлеуметтік-экономикалық дамуы 11.01.2026
Қостанай облысының Арқалық қаласынан 45 шақырым қашықтықта орналасқан Жалғызтал ауылы әлеуметтік-экономикалық дамудың тұрақты оң динамикасын көрсетіп отыр.Ауыл аумағының жалпы көлемі 81 912 гектарды құрайды, оның ішінде 20 544 гектары – егістік жерлер, 21 207 гектары – жайылымдық алқаптар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Жалғызтал ауылында 580 бас ірі қара, 937 бас жылқы және 933 бас ұсақ мал тіркелген. Ауылда 20 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік және 2 жеке кәсіпкер жұмыс істейді.Ауылдағы білім беру саласы тұрақты дамуда. Т. Әубәкіров атындағы негізгі орта мектеп 2025–2026 оқу жылын 39 оқушымен бастады. Мектеп жанындағы шағын орталықта 16 бала тәрбиеленуде. Білім беру мекемесінде 13 педагог еңбек етеді, олардың барлығы жоғары білімді және біліктілікті арттыру курстарынан өткен.Мәдениет саласы да қарқынды дамып келеді. Ауылдық кітапханада шамамен 3 600 дана кітап қоры бар, оның 2 мыңға жуығы қазақ тіліндегі әдебиеттер. Жыл бойына 58 іс-шара жоспарланып, толық көлемде жүзеге асырылуда. Тұрақты оқырмандар саны – 111 адам.Мектептің материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай. 2025 жылы «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен әмбебап оқу кабинеті ашылған. Кабинет физика-информатика, биология-химия және ағылшын тілі пәндеріне арналған, зертханалық құрал-жабдықтармен және робототехника жиынтықтарымен толық қамтылған.Инженерлік және медициналық инфрақұрылым толық қамтамасыз етілген. Барлық тұрғын үйлер орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған, ауыл электр энергиясымен және қатты отынмен толық қамтамасыз етілген. Қажетті дәрі-дәрмек қоры мен құрал-жабдықтары бар медициналық пункт жұмыс істейді.Байланыс пен интернетке қолжетімділік жақсартылған. Жалғызтал ауылында Activ, Altel, Beeline және Tele2 байланыс операторларының желілері тұрақты жұмыс істейді. Сонымен қатар барлық үйлерде «Транстелеком» АҚ ұсынған интернет желісі орнатылған.Республикалық маңызы бар автожолды жөндеу жұмыстарын жүргізген «Қарағанды жолдары» ЖШС-мен жасалған меморандум аясында ауылдың екі көшесіне қиыршық тас төселді. Атқарылған жұмыстардың жалпы құны 27 млн теңгені құрады.Алдағы уақытта шағын кәсіпкерлікті дамыту, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1139230?lang=kk
Өңірдегі макроэкономикалық өсім мен инвестицияның тартылуы 09.01.2026
2025 жылы облыста макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өсу қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 4,7%-ке, ауыл шаруашылығы – 15,5%-ке, көлік – 33,8%-ке, құрылыс – 25,9%-ке, тұрғын үй құрылысын іске қосу – 7,6%-ке, сауда – 11,0%-ке өсті.Соңғы 3 жылда негізгі капиталға салынған инвестициялар 1,6 есеге өсті және 2025 жылы 781,0 млрд. теңгені құрады.Ал тікелей шетелдік инвестициялардың сомасы соңғы 3 жылда шамамен 1,5 млрд. АҚШ долл. құрады, соның ішінде 2025 жылы шамамен 667 млн. АҚШ долл. (2023 ж. - 397,8 млн. АҚШ долл., 2024 ж. – 402,2 млн. АҚШ долл.).24,1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1138644?lang=kk