Ғылым
Шымкент базарында заңсыз әкелінген тауық жұмыртқасының ірі партиясы анықталып, жойылды 30.06.2026
Шымкент қаласында Ресейден заңсыз әкелінген тауық жұмыртқаларының ірі партиясын сату әрекетінің жолы кесілді. Заң бұзушылық Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті, Шымкент қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті және Қазақстан құс өсірушілер одағының бірлескен жұмысы барысында анықталды.«Жібек жолы» базарында жүргізілген бақылау-қадағалау іс-шаралары кезінде мамандар міндетті таңбалауы жоқ және ветеринариялық ілеспе құжаттармен рәсімделмеген жұмыртқалардың сатылымға шығарылғанын анықтады. Тәркіленген өнімнің жалпы көлемі 11 850 дананы құрады.Зертханалық сараптама нәтижелері өнімнің қауіпсіздік талаптарына және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келмейтінін көрсетті. Осыған байланысты жұмыртқалардың барлық партиясы арнайы құрылған комиссияның қатысуымен белгіленген тәртіпке сәйкес жойылды.Заң бұзушылыққа жол берген тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, тексеру материалдары тиісті процессуалдық шешімдер қабылдау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданды.Қазақстан құс өсірушілер одағы жұмыртқа өнімдерінің заңсыз айналымын анықтау және оның жолын кесу бағытындағы жұмысты мемлекеттік органдармен бірлесіп жалғастыруда. Анықталған барлық құқық бұзушылық фактілері Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне, Сауда және интеграция министрлігіне, Мемлекеттік кірістер комитетіне және Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.Қолданыстағы шектеу шараларына қарамастан, еліміздің бірқатар өңірлерінде Ресейден әкелінген таңбаланбаған жұмыртқаларды сату фактілері әлі де тіркелуде. Осыған байланысты мемлекеттік органдар тұтынушылардың құқықтарын қорғау және нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында республика аумағындағы базарлар мен сауда нысандарында жүйелі тексерулер жүргізуді жалғастырып келеді.Еске сала кетейік, 2026 жылғы 17 сәуірден бастап Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің №146 бұйрығы күшіне еніп, тағамдық тауық жұмыртқаларын Қазақстан аумағына әкелуге уақытша тыйым салынды. Бұл шара көлеңкелі импорттың жолын кесуге, демпингтік сауданың алдын алуға және маусымдық сұраныс артқан кезеңде ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға бағытталған.Жұмыртқа импортына уақытша шектеу енгізу тәжірибесі Қазақстанда бірнеше жылдан бері қолданылып келеді. Мұндай шаралар отандық құс фабрикалары ішкі нарық сұранысын толық қамтамасыз еткен кезеңдерде қабылданады. Бұл қазақстандық өндірушілерді демпингтік импорттан қорғауға, отандық өнім өндірушілер үшін әділ бәсекелестік орта қалыптастыруға және тұтынушылар үшін бағаның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235268?lang=ru
Май өңдеу саласы Қазақстан экономикасына шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде экспорттық табыс әкелді 30.06.2026
5 маусым күні Астанада Еуразия кеңістігіндегі май өңдеу өнеркәсібінің даму үрдістері мен болашағын талқылауға арналған «FOC 2026: Fats and Oils Conference» бесінші мерейтойлық халықаралық конференциясы өтті. Соңғы бес жылда бұл алаң саладағы ең беделді халықаралық іс-шаралардың біріне айналды. Биылғы форумға әлемнің 18 елінен 330-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында Қазақстандағы 50-ден астам май өңдеу кәсіпорнының басшылары, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, қаржы институттарының, агроөнеркәсіптік холдингтердің, логистикалық компаниялардың өкілдері және әлемдік нарықтағы жетекші компаниялар бар.Конференцияны Қазақстанның Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы ҚР Сауда және интеграция министрлігі, ҚР АШМ және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырды. Форум жұмысына International Trade Centre, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Еуропалық қайта құру және даму банкі, сондай-ақ Wilmar, Bunge, Kourosh Food Industry, Huatai, Chinese Cereals and Oils Association, China Vegetable Oil Industry Association секілді халықаралық ұйымдар мен жетекші компаниялардың өкілдері қатысты.Конференцияның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов май өңдеу саласының бүгінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызы артып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, халықаралық қатысушылар санының жыл сайын артуы осы саланың әлемдік экономикадағы рөлінің күшейгенін көрсетеді.Вице-министр аграрлық өңірлерге жасалған жұмыс сапарлары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесулер отандық агроөнеркәсіп кешенінде түбегейлі өзгерістер жүріп жатқанын дәлелдейтінін айтты. Қазақстан біртіндеп шикізат экспортынан жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге, терең өңдеуді дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарды игеруге көшуде.Бұл өзгерістердің нақты нәтижелері халықаралық деңгейде де көрініс табуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына қосылып, жаһандық экспорт көлемінің шамамен 3,6 пайызын қамтамасыз етті. Сондай-ақ еліміз Қытай нарығында күнбағыс майын экспорттаушы елдер арасында екінші орынға көтерілді. Бір жыл ішінде майлы дақылдар мен май өнімдерінің экспорты 70 пайызға өсіп, экономиканы әртараптандыру мен шикізаттық емес экспортты дамыту бағытындағы табысты саясаттың айқын нәтижесіне айналды.Бүгінде май өңдеу саласы өңдеуші өнеркәсіптің негізгі өсу нүктелерінің бірі саналады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі алғаш рет 1,57 миллион тоннадан асып, экспорттық түсім рекордтық деңгейге – 963 миллион АҚШ долларына жетті. Салыстырмалы түрде алғанда, 2021 жылы бұл көрсеткіш небәрі 240 миллион АҚШ долларын құраған. Осылайша, төрт жыл ішінде экспорттық түсім көлемі төрт еседен астам өсті.Әсіресе күнбағыс майын өндіру қарқынды дамып келеді. Соңғы төрт жылда оның өндірісі 2,3 есеге артып, 752 мың тоннадан асты. Сонымен қатар Қазақстан ішкі нарықтағы импортқа тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Егер 2015–2021 жылдары импорттық күнбағыс майының үлесі орта есеппен 39 пайызды құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 18 пайыздан аспайды.Қазіргі таңда май өңдеу саласы еліміздің өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері экспортынан түсетін валюталық кірістің төрттен бірінен астамын қамтамасыз етіп отыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның үлесі 27 пайызға жетіп, саланы Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды бағыттардың біріне айналдырды.Өңдеу көлемінің артуы бүкіл агроөнеркәсіп кешенінің дамуына серпін беруде. Отандық кәсіпорындардың майлы дақылдарға деген сұранысының өсуі егіс алқаптарының кеңеюіне, ауыл шаруашылығына инвестиция тартудың артуына және өндірістік қуаттардың жаңғыртылуына ықпал етуде. Сонымен қатар терең өңделген өнім өндірісінің ұлғаюы мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, құрама жем өндіру және тамақ өнеркәсібі сияқты сабақтас салалардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.Конференция барысында азық-түлік қауіпсіздігі мен баға тұрақтылығы мәселелеріне ерекше назар аударылды. ФАО деректеріне сәйкес, 2023 жылдың мамыр айынан 2025 жылдың соңына дейін әлемдік өсімдік майлары бағасының индексі 39 пайызға өскен. Ал Еуропа биржаларында күнбағыс майының бағасы осы кезеңде 47 пайызға қымбаттаған. Соған қарамастан, Қазақстанда мемлекет пен бизнес арасындағы тиімді әріптестіктің арқасында ішкі нарықтағы баға тұрақтылығы сақталды.Майлы дақылдарды өңдеушілер ұлттық қауымдастығы, Ауыл шаруашылығы министрлігі және Сауда және интеграция министрлігі арасында жасалған меморандум аясында ішкі нарыққа арналған күнбағыс майының көтерме бағасы үш жылдан астам уақыт бойы литріне 730 теңгеден аспады. 2026 жылдың ақпан айында бұл тетік ағымдағы жылдың соңына дейін ұзартылды.Бүгінде қазақстандық май өнімдері әлемнің 20-дан астам еліне экспортталады. Негізгі нарықтар қатарында Қытай, Орталық Азия мемлекеттері және Еуропалық одақ елдері бар. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан күнбағыс майын экспорттау көлемі жөнінен әлемде алтыншы орынға көтерілсе, Қытай нарығында екінші орынды иеленді.Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан Өзбекстан мен Тәжікстанға өсімдік майларын жеткізетін ең ірі экспорттаушы мемлекетке айналды. Қазіргі уақытта бұл елдердің импорттық қажеттілігінің 90 пайыздан астамы Қазақстан өнімдері есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар еліміз Орталық Азияның күнбағыс шроты бойынша сұранысын толық өтеп, Еуропалық одаққа аталған өнімді жеткізуші үш ірі елдің қатарына енді.Әсет Нүсіповтің айтуынша, мұндай жетістіктерге жүйелі мемлекеттік саясат пен бизнес қауымдастықпен орнатылған тиімді әріптестіктің арқасында қол жеткізілді. Өткен жылы салалық қауымдастықтармен, халықаралық серіктестермен және «QazTrade» АҚ-мен бірлесіп Май өңдеу өнімдері экспортының 2028 жылға дейінгі даму жөніндегі жол картасы әзірленді.Аталған құжатты іске асыру нәтижесінде алдағы екі жылда саланың экспорттық түсімі тағы 60 пайызға артып, 1,5 миллиард АҚШ долларынан асады деп күтілуде. Бұл Қазақстанға күнбағыс майын экспорттайтын әлемдегі төрт ірі елдің қатарына енуге және болашақта алғашқы үштікке қосылуға мүмкіндік береді.Стратегияның маңызды бағыттарының бірі көлік-логистикалық инфрақұрылымды дамыту болып табылады. Қазақстан Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін кеңейтіп, теміржол инфрақұрылымын жетілдіру және порттық қуаттарды жаңғырту жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.2026 жылы Ақтау портында алғаш рет өсімдік майын тікелей теңіз кемесіне тиеу жүзеге асырылды. Сонымен қатар «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қолдауымен Достық – Алашанькоу шекаралық өткелі арқылы Қытайға түйіршіктелген күнбағыс шротын жеткізу бойынша пилоттық тасымалдар басталды.Тағы бір маңызды оқиға – Қазақстан тарихында алғаш рет күнбағыс майының флекситанк контейнерлері арқылы Шығыс Қазақстан облысынан Қытайдың Цзянсу провинциясына жөнелтілуі болды. Ұзындығы 4700 шақырымды құрайтын бағыт небәрі 12 күн ішінде еңсеріліп, заманауи логистикалық шешімдердің тиімділігін дәлелдеді.Сонымен қатар қазақстандық өндірушілер үшін сыртқы сауда мүмкіндіктері кеңейіп келеді. Қазіргі уақытта Қазақстан Вьетнаммен, Сербиямен және Иранмен еркін сауда туралы келісімдерді тиімді пайдаланып отыр. Өткен жылы Біріккен Араб Әмірліктерімен, Моңғолиямен және Индонезиямен жаңа келісімдерге қол қойылды. Бұдан бөлек, Үндістанмен еркін сауда аймағын құру жөніндегі келіссөздер жалғасуда. Бұл қазақстандық экспорттаушылар үшін әлемдегі ең ірі тұтыну нарықтарының біріне жол ашады.Вице-министр майлы дақылдар экспортының жоғары көрсеткіштеріне де тоқталды. Ағымдағы маусымның қыркүйек–сәуір айлары аралығында зығыр экспорты шамамен 1 миллион тоннаны құрап, ел экономикасына 500 миллион АҚШ долларына жуық табыс әкелді. Негізгі сатып алушылар қатарында Қытай мен Еуропалық одақ елдері бар.Осы кезеңде рапс экспорты 200 мың тоннадан асып, негізгі жеткізу бағыттары ретінде Қытай, Польша, Латвия және басқа да Еуропа мемлекеттері қалыптасты.Сауда үдерістерінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру мақсатында Ұлттық тауарлар каталогы енгізілуде. Бұл цифрлық жүйе өнімдерді біріздендіріп, олардың атауы мен сыныпталуына қатысты айырмашылықтарды жоюға мүмкіндік береді. Күнбағыс майы мысалында бұл жүйе ішкі нарықта да, экспорттық операцияларда да өнімді бірыңғай қағидаттар бойынша сәйкестендіруге жағдай жасайды. Халықаралық сарапшылардың бағалауынша, алдағы жылдары өсімдік майларының әлемдік нарығы тұрақты өсімін сақтайды. Қазіргі уақытта әлемдік тұтыну көлемі жыл сайын 220 миллион тоннадан асып отыр және бұл көрсеткіштің одан әрі ұлғаюы күтіледі. Бұл Қазақстан үшін жаһандық азық-түлік нарығындағы өз позициясын нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашады.Конференцияға қатысушылардың пікірінше, Қазақстанның май өңдеу саласы терең өңдеуді дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жоғары қосылған құны бар өнім экспортын ұлғайту арқылы тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етудің жарқын үлгісіне айналды. Бұл бағыт елдің экспорттық әлеуетін арттыруға, жаңа нарықтарды игеруге және азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235282?lang=ru
Қазақстандық өнімді сатып алыңыз: Nudge теориясы тұтынушыларды отандық өнімдерді таңдауға қалай бағыттайды? 30.06.2026
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда отандық ірімшікті насихаттауға арналған мінез-құлыққа негізделген құралдарды кең ауқымда енгізу жобасы іске қосылды. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰАО), «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өңірлік департаменттер бұл бастаманы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырып жатыр.Жобаны кең ауқымды енгізу (масштабтау) пилоттық эксперименттің сәтті нәтижелеріне негізделеді. Бұл эксперимент ұлттық брендтерді тиімді қолдау үшін «таңдау архитектурасының» дұрыс құрылуы маңызды екенін дәлелдеді. Яғни, сауда ортасы қазақстандық өнімді таңдауды неғұрлым жеңіл, көзге көрінетін және ұтымды шешім ретінде ұсынуы қажет. Мінез-құлық құралдары өнімнің көзге түсуін мен танымалдылығын арттырып қана қоймай, тұтынушылардың отандық өнімдерге деген көзқарасын оң бағытта өзгертуге де ықпал етеді.Пилоттық жоба туралы2026 жылдың көктемінде Назарбаев Университеті жанындағы Ұлттық талдамалық орталық (ҰАО) мінез-құлыққа негізделген ғылым саласындағы жаһандық британдық зерттеу ұйымы - Behavioural Insights Team (BIT) және «Magnum Cash & Carry» сауда желісімен бірлесіп, Қазақстан жағдайында мінез-құлық құралдарын сынақтан өткізуге арналған пилоттық эксперимент жүргізді.Эксперимент Астана қаласындағы «Magnum Cash & Carry» желісінің 8 супермаркетінде 4 апта бойы шынайы сауда жағдайында өтті. Эксперимент сатып алушылардың назарын қазақстандық тауарларға аудару және мінез-құлық құралдары арқылы оларды отандық өнімді таңдауға «жұмсақ түрде ынталандыруға» негізделген еді.Эксперименттің негізінде Nudge тұжырымдамасы жатыр (ағылшын тілінен аударғанда – «жұмсақ итермелеу»). Ол адамдарға қоғам үшін неғұрлым ұтымды әрі тиімді шешімдер қабылдауға көмектеседі. Мінез-құлық тәсілдері АҚШ, Еуропа, Азия және Араб елдерінде экономикалық патриотизмді арттыруға және пайдалы тағам өнімдерін сатуды ынталандыруға кеңінен қолданылып келеді. Енді мінез-құлық ғылымының әлеуеті Қазақстанда да сынақтан өткізілді. Неліктен сатып алушылар қазақстандық өнімді байқамайды?Эксперимент үшін кейс ретінде «ірімшік» санатындағы сүт өнімі таңдалды. Неліктен ірімшік? Ірімшік - әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімі, алайда Қазақстан нарығындағы ірімшіктің шамамен 47%-ы импорттық өнімдер.Ұлттық талдамалық орталықтың (ҰАО) елдің барлық өңірлерінде 1000 респондент арасында жүргізген сауалнамасы қызықты парадоксты анықтады. Респонденттердің 59%-ы отандық ірімшікке оң көзқарас білдіргеніне қарамастан, көпшілігі тұтынатын өнімдерінің шығу тегі туралы жеткілікті хабардар емес екен. Атап айтқанда, респонденттердің 71%-ы сатып алатын ірімшік брендін атай алмаған, ал 32%-ы тұтынатын өнімнің қай елде өндірілгенін білмейтін болып шықты.Сонымен қатар сауалнама нәтижелері импорттық ірімшіктің сапасы жоғары, ассортименті кең және дәмі жақсы деген кең таралған стереотиптердің бар екенін көрсетті. Алайда осы көзқарастың қалыптасуына тұтынушылардың қазақстандық және импорттық өнімдерді объективті салыстыруға мүмкіндік беретін ақпараттың жеткіліксіздігі әсер етуі мүмкін.Алынған нәтижелер тұтынушылар таңдауының көп жағдайда импорттық немесе отандық өнімді саналы түрде бағалауға емес, әдеттерге, стереотиптерге, визуалды бағдарларға және дүкен сөрелеріндегі өнімнің орналасуына орай қалыптасатынын көрсетеді.Көзге байқалмайтын, бірақ әсері айқын шешімдер: мінез-құлыққа негізделген “жұмсақ итермелеулер”Азық-түлік өнімдері туралы ақпараттың жеткіліксіздігі сатып алушыға тікелей дүкен ішінде шешім қабылдауға көмектесетін интуитивті түсінікті «таңдау архитектурасын» құрудың маңыздылығын көрсетеді. Эксперимент барысында қазақстандық ірімшіктің көзге түсуі мен танымалдылығын арттыруға және сатып алу шешімін тікелей сөре жанында жеңілдетуге бағытталған мінез-құлық құралдары қолданылды. Қазақстандық ірімшікке арналған сөрелер жеке аймақ ретінде бөлініп, «Қазақстанда жасалған» деген жазуы бар жарқын түсті дизайндағы сөре бөлгіштері, стикерлер және сөре ленталарымен белгіленді. Пилоттық дүкендердің кіреберісіне қазақстандық ірімшікті таңдаудың үш артықшылығын (тиімді баға, айрықша дәм және отандық өндірушілерді қолдау) атап көрсететін баннерлер орналастырылды. Сауда залдарында қазақ және орыс тілдерінде қазақстандық ірімшікті таңдауға шақырған, ұлы күйші Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен сүйемелденген аудиохабарламалар беріліп отырды. Эксперимент нәтижелеріБір қарағанда мұндай шағын өзгерістер елеусіз болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл жерде мінез-құлық құралдарының ерекшелігі байқалады: олар сатып алушының бұрын назардан тыс қалуы мүмкін болған баламаларға көңіл аударуына ықпал етеді. Көптеген тұтынушылар сатып алатын ірімшіктің бренді мен шыққан елін білмейтін жағдайда, таңдау сәтіндегі дер кезінде берілген нұсқау шешуші рөл атқара алады.Эксперимент нәтижелері: тек 4 апта ішінде пилоттық дүкендерде қазақстандық ірімшік сатылымы шамамен 20%-ға артты. Бұл көрсеткіш халықаралық тәжірибеде тіркелген мінез-құлықтық интервенциялардың орташа әсерінен (8%) айтарлықтай жоғары. Қазақстандық ірімшік бойынша орташа чек бір сатып алушыға шаққанда 670 теңгеге өсті. Бұл Қазақстанда ұлттық брендті насихаттау бағытында мінез-құлық құралдарының айтарлықтай әлеуеті бар екенін көрсетеді.Сатып алушылардың реакциясын зерттеу үшін пилоттық супермаркеттерде касса аймағынан шыққан тұтынушылар арасында сауалнама жүргізілді. Респонденттердің айтуынша, визуалды материалдар назар аудартып, сөрелердегі отандық ірімшікті тезірек байқауға көмектескен. Ең көзге түскен элементтер ретінде сатып алушылар стикерлер мен сөре бөлгіштерін атаған, ал баннерлер, сөре ленталары және аудиохабарламалар салыстырмалы түрде сирек аталды.Сауалнама сонымен қатар мінез-құлық құралдарының тек өнімді таңдауға ғана емес, тұтынушылардың отандық тауарларға деген көзқарасына да әсер еткенін көрсетті. Респонденттердің жартысынан астамы (56%) мінез-құлықтық материалдар қазақстандық ірімшікке қатысты неғұрлым оң көзқарастың қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті, ал сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі оны болашақта сатып алуға дайын екендерін білдірді. Ең жиі аталған себептердің қатарында отандық өндірушілерді қолдауға деген ниет және ассортиментті тезірек бағдарлап, сөрелерден қазақстандық өнімді оңай табу мүмкіндігі болды.Келесі қадам: кең ауқымды енгізуПилоттық жоба нәтижелері тұтыну ортасындағы шағын өзгерістердің сатып алушылардың таңдауына әсер етіп, отандық өнімнің көріну деңгейін арттыра алатынын дәлелдеді. Осыған байланысты 2026 жылғы 1 маусымнан бастап қазақстандық ірімшіктің сатылымын көбейту мақсатында аталған мінез-құлық құралдарын елдің барлық өңірлерінде кең ауқымда енгізу басталды.Қазақстан Республикасының заңнамасында отандық тауарлар үшін бөлшек сауда желілерінде кемінде 30% ассортименттік үлес қарастырылған. Бұдан бөлек, «Даму» қорының қолдау бағдарламалары арқылы сөре кеңістігінің қосымша 20%-ына дейін бөлу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі отандық тауарларды насихаттау ережелерін офлайн-бөлшек саудада да, электрондық коммерцияда да күшейтіп отыр. Маркетплейстер үшін қазақстандық өнімді іздеу нәтижелерінде басым көрсету тетіктерін енгізу және «Қазақстанда жасалған» атты жеке бөлімдер құру міндеттелуде.Халықаралық тәжірибе мен Қазақстандағы пилоттық эксперимент экономикалық патриотизмнің тиімді «таңдау архитектурасы» арқылы қалыптасатынын растайды. Мінез-құлыққа негізделген тәсілдер дәстүрлі мемлекеттік басқару әдістерін алмастырмайды. Керісінше, олар реттеуші шараларды, тікелей субсидияларды және отандық өндірушілерді қаржылық қолдауды тиімді толықтырып, жалпы экономикалық әсерді күшейтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235420?lang=ru
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
5-6 маусым күндері аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Арал ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235466?lang=ru
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
6 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қазалы ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235471?lang=ru
Дәстүрлі өнердің тарихы мен тағылымы терең 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры, белгілі жырау, фольклортанушы ғалым Алмасбек Алматовпен кездесті.Кездесуде Сыр өңірінде атадан балаға мұра болып қалған жыраулық, жыршылық өнердің дамуы, жастарды ұлттық өнерге баулу жайы әңгіме өзегіне айналды.Аймақ басшысы қазақтың дәстүрлі өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан қайраткердің ұлттық мұрамызды ғылыми тұрғыдан зерттеп, кәсіби білім беру жүйесіне енгізіп, шәкірт тәрбиелеген еңбегін ерекше атап өтті.Тәуелсіздік жылдарында жыраулық өнер академиялық білім беру жүйесіне енгізіліп, «Дәстүрлі өнер – жыр» мамандығы ашылды. Алмасбек Алматов тәрбиелеген шәкірттер Сыр өңіріндегі мақам-саз ерекшеліктеріне негізделген мектептерді бүкіл елімізге танытты.Мемлекет басшысы Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайдың қорытынды отырысында: «Жалпы, «Сыр елі – жыр елі» деп бекер айтылмайды. Қорқыт ата заманынан жалғасып келе жатқан жыраулық-жыршылық және күйшілік өнер бұл аймақта кең қанат жайған. Жиенбай, Нұртуған, Нартай сынды саңлақтар негізін қалаған жыршылық мектептерді бүкіл еліміз біледі» деп атап өткені белгілі.Ғалым ұстаз қазақтың дәстүрлі өнерін әлем жұртшылығына насихаттауда да жемісті еңбек етті. АҚШ, Франция, Италия, Швейцария, Ұлыбритания, Египет, Моңғолия және басқа да мемлекеттерде өнер көрсетіп, ұлттық мәдениетіміздің халықаралық деңгейде танылуына үлес қосты.Бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Қазақ ұлттық өнер университетінде және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде кәсіби жыршы-жыраулар даярланып келеді. Олар халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпаздары атанған.Айта кетейік, өткен жылы «Өнер орталығында» Алмасбек Алматовтың 70 жылдық мерейтойына арналған «Жыр керуен» шығармашылық кеші өтті. Кеште Нұрлыбек Машбекұлы жырауға Сыр жұртшылығы атынан құрмет көрсетіп, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы мен автокөлік кілтін табыстады.Анкара музыка және көркем өнер университеті «Дәстүрлі өнер» мамандығының докторанты Малика Алдамжароваға, К. Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Дәстүрлі музыкалық өнер: Дәстүрлі жыр» білім беру бағдарламасының докторанттары Күнсұлу Түрікпен мен Ақерке Дабыловаға айына 300 мың теңге стипендия тағайындады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1235479?lang=ru
Арман Шаққалиев көтерме сауда өкілдерімен азық-түлік нарығындағы делдалдарды қысқарту мәселесін талқылады 30.06.2026
6 маусым күні ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Астанадағы ірі сауда нысандарын аралады. Жұмыс сапары барысында министр «Алаш» және «Шарын» көтерме сауда базарларына, көкөніс қоймаларына және «Керуен жолы» базарындағы демалыс күндері ұйымдастырылатын жәрмеңкеге барды.Сапар барысында министр ірі көтерме жеткізушілермен, кәсіпкерлермен және базар әкімшіліктерімен кездесті. Кездесуде сауда инфрақұрылымын дамыту, кедендік рәсімдерден өту, фитосанитариялық бақылауды жетілдіру және азық-түлік өнімдерінің үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар Премьер-Министрдің сауда саласында тәртіп орнату және өнімсіз делдалдарды қысқарту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесіне ерекше назар аударылды.Бүгінде Үкімет тауар өткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру және қосылған құн қалыптастырмайтын делдалдық схемаларды жою бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы мақсатта өңірлердегі баға қалыптасуына елеулі ықпал ететін еліміздің 63 ірі базары айқындалды.«Негізсіз үстемеақының әрбір теңгесі азаматтардың отбасылық бюджетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан тауар өткізу тізбектерінде тәртіп орнату тек экономикалық емес, әлеуметтік маңызы бар міндет. Базарлар елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды буындардың бірі. Өйткені тұтынушылық сұраныстың едәуір бөлігі мен баға бағдарлары дәл осы жерде қалыптасады», – деді Арман Шаққалиев.Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта елордадағы баға тұрақты. Сонымен қатар жаз мезгілінде министрлік инфляциялық қысымды одан әрі төмендету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.«Біз қала орталығында бірнеше жәрмеңке алаңын ашуды жоспарлап отырмыз. Онда қоймаларымыздағы өнімдер тұрғындарға тікелей сатылатын болады. Бұл тауардың көтерме жеткізушіден тұтынушыға дейінгі жолын қысқартып, делдалдық үстемеақыларды азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта қала әкімдігімен бірлесіп мұндай сауда нүктелерін орналастыру орындары пысықталуда», – деді «Алаш» көтерме сауда базарының директоры Нұрлан Жұмеков.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемеақылары бойынша заңнама талаптарының сақталуына ерекше көңіл бөлінуде. Жыл басынан бері жүргізілген бақылау іс-шараларының нәтижесінде жалпы сомасы 76,8 млн теңгені құрайтын 2 463 әкімшілік қаулы шығарылды. Оның ішінде 1 628 қаулы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемеақысын асыру фактілеріне қатысты. Аталған құқық бұзушылықтар бойынша салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 52 млн теңгеден асты.Министр мемлекет адал бәсекелестікті дамытуға және нарық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға мүдделі екенін атап өтті.«Біздің мақсатымыз – бизнес үшін қосымша кедергілер жасап, әкімшілік қысымды күшейту емес. Мемлекет адал кәсіпкерлерді қолдайды және барша нарық қатысушылары үшін ашық әрі түсінікті ойын ережелерін қалыптастыруға мүдделі. Алайда мұндай қолдау заң талаптары сақталған жағдайда ғана көрсетіледі. Егер жекелеген базар әкімшіліктері немесе сауда субъектілері жасырын схемаларды қолдануды, жеткізу тізбектерін жасыруды, негізсіз сауда үстемеақыларын белгілеуді немесе заң талаптарын елемеуді жалғастырса, мемлекет заңнамада көзделген барлық ықпал ету шараларын дәйекті түрде қолданатын болады», – деді Арман Шаққалиев.Министр сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындаған «Заң және тәртіп» қағидаты сауда саласын қоса алғанда, экономиканың барлық секторында мүлтіксіз сақталуы тиіс екенін еске салды. Барлық нарық қатысушылары үшін ортақ ережелер мен тең жауапкершілік әділ бәсекелестік ортаны қалыптастырудың және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етудің негізгі шарттарының бірі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1235972?lang=ru
Агроөнеркәсіп кешенінің даму қарқыны тұрақты бақылауда 30.06.2026
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егін егу жұмыстарының қорытындысы мен агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысы арнайы жиын өткізіп, жауапты сала басшыларына бірқатар маңызды тапсырма жүктеді.–Соңғы жылдары аймағымызда вегетациялық кезең күрделі су тапшылығы жағдайында өтуде. Мемлекет басшысының суды көп қажет ететін дақылдар көлемін оңтайландыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, биыл күріш егісінің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 10 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға егілді. Қысқартылған күріш алқаптарының орнына суды аз қажет ететін, өнімділігі жоғары дақылдар егу қолға алынды.Өсімдік шаруашылығын әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның 10 млрд теңгеге жуығы биыл бөлінді. Осыған байланысты 2028 жылға дейін егіс алқаптарын әртараптандырудың Жол картасын әзірлеуді тапсырамын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Биыл облыста 185 800 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары, оның ішінде 70 мың гектарға күріш егіліп, суға бастырылды. Сондай-ақ 10 мың гектарға жүгері, 9,7 мың гектарға басқа да дәнді дақылдар себілді.Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ылғал үнемдеу технологиялары енгізілген алқап көлемі 14 200 гектарға жетті. Егістіктердегі су шығынын азайту үшін 65 мың гектар күріш алқабы лазерьмен тегістелді.Облыстың мал шаруашылығы саласында да тұрақты өсім қалыптасып, өндірілген өнім көлемі артып келеді. Қазір агроөнеркәсіп кешеніндегі жалпы өнімнің 30 пайыздан астамы мал шаруашылығының үлесіне тиесілі.Жыл басынан бері өңірде 11,7 мың тонна ет және 13,4 мың тонна сүт өндірілді. Бұл көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында екі жобаны іске қосу жоспарлануда. Атап айтқанда, жылына 3 500 тонна ет өндіретін құс фермасы мен сүт өндіретін ферма пайдалануға беріледі.Жалпы, аймақта асыл тұқымды ірі қара саны 18,1 мың, асыл тұқымды қой саны 252, 7 мың, жылқы саны 3,3 мың, ал түйе саны 700 басқа жетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236050?lang=ru
Аманөткел ауылында 150 орындық мәдениет үйі пайдалануға берілді 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Арал ауданына жұмыс сапары барысында Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің ашылу рәсіміне қатысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті.Оған облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары, ардагерлер, ауыл тұрғындары қатысты.Өңірде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан салынып пайдалануға берілді. Оның ішінде 22 мәдениет нысаны ел игілігіне қызмет етуде.Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінде Арал ауданында тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Ертең Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланады. Сонымен қатар, Шижаға ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілмек. Абай елді мекені орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылады.Аймақ басшысы мәдениет ел руханиятының тірегі екенін атап өтіп, жаңа мәдениет үйі ауылдың тыныс-тіршілігіне серпін беретініне тоқталды.«Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын. Мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Жаңа мәдениет үйінде дәріптелген ұлттық құндылықтарымыз арқылы рухани қазынамызтолығады деп сенемін. Жаңа нысан жастарымыздың талантын ұштауға қызмет ете берсін! Ауыл тұрғындарына жаңа тыныс сыйлап, мәдени жаңғырудың орталығына айналсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен жаңа нысанды салған мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов батасын берді.Кейінгі жылдары Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет саласында ауқымды жұмыс атқарылды. Жаңашылдықтар ауыл клубтарын, облыс орталығындағы мәдениет мекемелерін түгел қамтыды. Төрт жылда 55 млрд. теңгеге жуық, биыл 6 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Барлық ауданда «Руханият орталықтары» бой көтерді.Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы» салынып, халыққа қызмет етуде. Тарихи-өлкетану музейі, «Достық үйі» пайдалануға берілді. Балалардың шығармашылық, зияткерлік әлеуетін арттыру мақсатында «Оқушылар сарайы», «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды.Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес жаңа драма театрдың, Президенттік кітапхананың құрылысы басталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236062?lang=ru
Аралдың туристік әлеуетін және жол инфрақұрылымын дамытудың маңызды жобалары таныстырылды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Арал ауданындағы жұмыс сапары кезінде Қамыстыбас ауылдық округіне барып, ондағы «Аққұмшық» жағажайының қазіргі тыныс-тіршілігімен танысты. Өңірдегі туризмді дамытуда ерекше маңызға ие демалыс аймағы «Арал геопаркі» жобасына енгізілген. Соның нәтижесінде өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы екі гектар демалыс аймағында бүгінде 21 кәсіпкер келушілерге сапалы қызмет көрсетуде, 110 демалыс үйі қамтылған. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы салынған, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бейнекамералар орнатылған. Демалушыларға арнайы орындар мен үш волейбол алаңы да жасалған. Облыс әкімі келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, қызмет көрсету сапасын жақсарта түсуді тапсырды.Бұдан кейін Мұрат Нәлқожаұлы «Самара-Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Өткен жылы «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» республикалық маңызы бар автомобиль жолының Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін орташа жөндеу қажеттігі туындаған болатын. Осыған байланысты биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ 9,5 шақырым жолды қолға алды. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.Жөндеу барысымен танысқан аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді қатаң тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236076?lang=ru
«Арал теңізі» теміржол вокзалы жолаушылар үшін жайлы нысанға айналады 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Арал қаласында салынып жатқан жаңа теміржол вокзалының құрылыс алаңына барды.Мемлекет басшысының тапсырмасымен жаңғыртудан өтіп жатқан еліміздегі 124 вокзалдың қатарында Қызылорда облысының барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы вокзалдар, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасы бар. Былтыр сол кезде аймақты басқарған Нұрлыбек Машбекұлы бұл тізімге облыстағы барлық вокзалды енгізу үшін тиісті мекемелерге нақты ұсыныстар беріп, ескі ғимараттардың уақыт күттірмей жаңғыртылу керектігін дәлелдеді. Өйткені өңірдегі вокзалдардың ең ескілерінің салынғанына бір ғасырдан астам уақыт болған.«Арал теңізі» теміржол вокзалының құрылысы өткен жылы басталып, жобаға 1,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Құрылыстың бас мердігері – «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС. Жаңа ғимараттың жалпы ауданы 459,47 шаршы метр, ал биіктігі 4,2 метр.Қазір мұнда металл конструкцияларын монтаждау, ішкі бөлігін сылау және әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 25 жұмысшы еңбек етеді.Жаңа теміржол вокзалы аудан тұрғындары мен жолаушыларға сапалы, қолайлы қызмет көрсететін, Арал қаласының сәулеттік келбетін айшықтайтын көрікті ғимараттың біріне айналмақ.Нысанды аралаған кезде облыс әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс сапасына қатысты міндеттер жүктеп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды, уақытылы пайдалануға беруді ескертті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236080?lang=ru
Арал ауданының әлеуметтік-экономикалық даму бағдары пысықталды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Арал ауданына жұмыс сапары аясында «Руханият орталығында» аудан активімен кездесті. Онда өңірдің, ауданның әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы міндеттер талқыланды.Мемлекет басшысы Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда жылдар бойы атқарылған жұмыс нәтижесінде Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын айрықша атап өтті. Сонымен бірге «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты бойынша жол құрылысының биыл басталатынын, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту жобасы қолға алынатынын айтты.Ерекше атап өту қажет, «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының жалпы ұзындығы 559 шақырым, оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.Аймақ басшысы ауданның туристік әлеуетін тиімді пайдалану және оны нақты жобаға айналдыру қажеттігіне тоқталды. Туристерге қолайлы орта қалыптастыру, сервистік қызмет сапасын арттыру, кәсіпкерлерді осы салаға тарту және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру керек.Соңғы төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.Аймақ басшысы актив отырысынан кейін аудан тұрғындарын жеке қабылдады.Қабылдауда Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуіне қатысты мәселе көтерілді. Бұл тұтынушылар наразылығын туғызған.Аталған мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері түсіндірме берді. Олардың айтуынша, газ төлемі есептегіш құралдардың нақты көрсеткіштері негізінде есептеледі. Ал көрсеткіштер уақытылы ұсынылмаған немесе есептегіштің тексеру мерзімі өтіп кеткен жағдайда, төлем қолданыстағы нормативтерге сәйкес жүргізіледі.Сондай-ақ тұрғындарға есептегіш құралдарының тексеру мерзімін бақылауда ұстап, көрсеткіштерді уақытылы жолдау қажеттігі түсіндірілді. Есептегіш тексеріліп, нәтижесі дұрыс болса заңнамаға сәйкес қайта есептелуі мүмкін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236094?lang=ru
Сексеуілде «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасы қаланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Сексеуіл кентіндегі 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсіміне қатысып, тұрғындармен кездесті.Аймақта 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Білім беру саласында, жеткіншектерге қосымша білім беру инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмысатқарылып, 46 заманауи білім беру нысаны ел игілігіне табысталды.Бүгін іргетасы қаланған «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» құрылысына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы демеушілік етеді.Еске салайық, жас жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға маманданған мұндай орталықтар кейінгі жылдары Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында салынып, жас ұрпақ игілігіне айналған болатын. Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игілікті істің басталуымен құттықтады.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы:«Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау –мемлекетіміздің басты міндеті», – деп атап өтті.Бүгін іргетасы қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол.Бұл – балаларымызға заманға сай жаңа дағдыларды үйрететін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын бірегей нысан болмақ. Санасы сергек, ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Шарада ел ағасы Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ардагер Қази Әйімбетов батасын берді.Президент бастамасымен өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп салынды. Сонымен қатар физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы пайдалануға берілді.«Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы бой көтерді. Қызылорда қаласында жыл бойы жұмыс істейтін заманауи лагерь,Ботаникалық білім беру орталығы ашылды.Рәсімнен кейін облыс әкімі тұрғындармен кездесті.Онда өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы басталатындығы айтылды. Жол Бейнеуден емес, Сексеуілден басталады.Бұдан бөлек, тұрғындар ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолының жай-күйі де сөз болды. Халықтың ұсыныс-тілегіне сәйкес, бұл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралып, тиісті шара қабылданатын болды.Кездесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236110?lang=ru
Сексеуіл вокзалында құрылыс жұмыстары жалғасуда 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Сексеуіл теміржол вокзалы құрылысының барысымен танысты.Жоба «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі қолға алған жобаға 700 млн теңге бөлінген.Қазір құрылыс алаңында 15 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның сырты қапталып, ішкі әрлеуі біткен, есік орнатылған. Бүгінде аумағын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру және инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылуда.Жаңа вокзалда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады, қызмет көрсету сапасы артады.Нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңірдің көлік-логистикалық әлеуетіне, жолаушы тасымалына оң әсерін тигізеді.Айта кетейік, облыс аумағынан ұзындығы 1051,7 шақырым магистральдық теміржол желісі өтеді. Теміржол инфрақұрылымында 8 вокзал мен 2 қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. Тәулігіне 15 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушылар пойызы ұйымдастырылған.Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда – Бесарық – Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекен тұрғындарын көлік қызметімен қамтамасыз етіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236118?lang=ru
Шижағада дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Шижаға елді мекеніндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылу рәсіміне қатысты.Соңғы жылдары өңірде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Нәтижесінде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Оның 25-і - спорт нысаны. Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.«Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды.Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда.Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық.Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд. теңгеге салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық.Сонымен қатар, Абай елді мекенін орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосамыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.Рәсімде қоғам қайраткері Айтбай Көшербай сөз сөйлеп, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Ауданың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен ғимарат құрылысын сапалы салған мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Айта кетейік, өткен жылы Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық стадион, «Теннис орталығы» және инклюзивті спорт кешені пайдалануға берілді. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі және Жалағаш аудандарында спорт кешендері ашылды.Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен құрылған 80 спорт-ойын алаңы балалар игілігіне айналды. Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені, «Қайсар» футбол клубының академиясы салынуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236161?lang=ru
«Қарлаң» көпірінің құрылысы кезең-кезеңімен жүргізілуде 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Қазалы ауданындағы «Қарлаң» көпірінің құрылысымен танысты.«Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының 16-шақырымында орналасқан Қарлаң учаскесіндегі Сырдария өзені арқылы өтетін темір-бетон көпір құрылысы қарқынды жүргізілуде.Жоба өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытуға, елді мекендер арасындағы қатынасты жақсартуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.«Нұрлы-Тау ЛТД» серіктестігі салып жатқан көпірдің ұзындығы – 248,29 метр, 6,3 млрд теңге бөлінген. Құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Толық аяқталғаннан кейін ауданаралық көлік қатынасы тұрақтанып, логистикалық байланыс едәуір жақсарады.Облыс әкімі құрылыс сапасын назарда ұстап, белгіленген кестеге сәйкес аяқтаудың маңызын атап өтті. Мердігер мекемеге барлық талапты қатаң сақтай отырып, көпірді уақытылы пайдалануға беру міндеті жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236178?lang=ru
Қазалы ауданындағы инфрақұрылымдық жобалар қарқыны сараланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов және ел ағалары Қазалы ауданына жұмыс сапары аясында Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесіп, «Руханият орталығында» аудан активін өткізді.Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алдағы негізгі міндеттер талқыланды.Аймақ басшысы аудан әкімдігіне инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруды, су үнемдеу технологияларын тиімді пайдалануды, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауды, инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.Соңғы төрт жылда Қазалы ауданында 280 пәтер тұрғындар игілігіне берілді. Осы ретте салаға жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысы тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасына ерекше назар аударып, тұрақты бақылауы қажет.Қазалы ауданын газдандыру деңгейі бүгінде 75 пайызға жеткен. Биыл Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев елді мекендерін газдандыруға республикалық бюджеттен 680 млн теңге бөлініп, жұмыс басталды. Сонымен қатар құжаттары дайын алты ауылды газдандыру жобасын энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, салалық министрліктермен бірлесіп үйлестіру тапсырылды.Аудандағы маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Қарлаң» көпірінің құрылысы. Былтыр оған 6,3 млрд теңге, биыл облыстық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлініп, жұмыс жоспарға сәйкес жүргізілуде. Мұрат Нәлқожаұлы жауапты сала басшыларына жұмыс барысын тұрақты бақылауды, белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.Әрі қарай аймақ басшысы «Руханият орталығында» ауданның белсенді жастарымен кездесіп, олардың тың жобаларымен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236198?lang=ru
Әлемге танымал блогерлер Қызылордадағы Президент саябағымен танысты 30.06.2026
Облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев, облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, қала әкімі Нұржан Ахатов Қызылорда қаласына арнайы келген әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттабқа (HATAB JEHAD JAMAL TAWFIQ) қайта жаңғыртылған Президент саябағын таныстырды. Қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналған Президент саябағының аумағында заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорт және ойын алаңдары, би және шахмат аймақтары, баскетбол мен футбол алаңдары орналасқан. Сондай-ақ мұнда биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер салынған.Жалпы аумағы 31 гектар саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген.Саябақ аумағын тиімді пайдалану мақсатында бірқатар маңызды жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 300 орындық заманауи балалар лагері мен Ботаникалық білім беру орталығы пайдалануға берілген. Сонымен қатар 8,2 гектар аумақта тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынып жатыр. Бұдан бөлек, 200 төсектік жаңа перинаталдық орталық, жаңа драма театр және заманауи Президенттік кітапхана бой көтеруде.Кездесуде қонақтарға өңірдің туристік әлеуеті, Қызылорданың әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны және қаладағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар таныстырылды.Айта кетейік, Джо Хаттаб – халықаралық деңгейде кеңінен танылған араб тревел-документалисі, режиссер, бейнеграф және YouTube блогері. Қазіргі уақытта оның әлеуметтік желілердегі жалпы аудиториясы 25 миллионнан асады.Ол жай ғана туристік орындарды таныстыратын блогер емес, деректі фильмдер түсіретін контент авторы ретінде танымал. Шығармашылығының негізгі бағыты – сирек мәдениеттер мен әлемнің шалғай өңірлеріндегі адамдардың өмірін көрсету. Джо Хаттаб Эверест тауларындағы шерпалардың тұрмысы, Амазонка джунглилеріндегі тайпалардың өмір салты, сондай-ақ әлемдегі ең оқшауланған мемлекеттердің бірі саналатын Солтүстік Корея мен Куба туралы бірегей жобалар әзірлеген.Сонымен қатар ол түрлі елдердегі ерекше кәсіп иелерінің өмірін, тағдырлы адамдардың оқиғаларын және экология, кедейлік секілді жаһандық мәселелерді арқау еткен деректі фильмдерімен танылған. Блогердің Joe Hattab Production жеке медиа өндірістік компаниясы жұмыс істейді. Ол түсірілім барысында ең заманауи техникалар мен дрондарды пайдаланып, бейнематериалдарына кинематографиялық стиль береді.Джо Хаттаб халықаралық деңгейдегі бірқатар ірі компаниялардың, атап айтқанда Sony, Emirates, Samsung, Facebook және Google брендтерінің ресми амбассадоры болған. Оның Қазақстан, Сауд Арабиясы және Жапония туралы түсірген бейнежобалары халықаралық аудиторияның қызығушылығын арттырып, аталған елдерге шетелдік туристер ағынының көбеюіне ықпал еткен.Алдағы екі күнде танымал блогерлер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешеніне бармақ. Сондай-ақ, Байқоңыр ғарыш айлағында деректі фильм түсіруді жоспарлауда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236234?lang=ru
Әріптестері Ардақ Зебешевті жаңа қызметке шығарып салды 30.06.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен кадрлық өзгерістерге байланысты мәжіліс өтті. Онда әріптестері осы уақытқа дейін облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ардақ Темірханұлы Зебешевті Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Инвестиция комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты құрметпен шығарып салды.Аймақ басшысы Ардақ Темірханұлының өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, инвестициялық әлеуетін арттыруға және кәсіпкерлікті қолдауға қосқан елеулі үлесін атап өтіп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.«Ардақ Темірханұлы 2024 жылдың ақпан айынан бері облыс әкімінің орынбасары ретінде инвестиция тарту және кәсіпкерлік салаларына жетекшілік етті. Оның үйлестіруімен өңірдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізіліп, Мемлекет басшысының инвестициялық экожүйені қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыруда нақты нәтижелерге қол жетті.Осы кезеңде өңірге 1,4 трлн теңгеден астам инвестиция тартылып, соңғы екі жылда жалпы құны 339 млрд теңгеден асатын 48 инвестициялық жоба жүзеге асты. Нәтижесінде жаңа өндіріс орындары ашылып, халықаралық әріптестік байланыстар аясы кеңейді», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Шетелдік инвесторлармен нәтижелі келіссөздер жүргізіліп, испаниялық «Roca Group» компаниясының санитарлық-техникалық өнімдер шығаратын зауыты мен швейцариялық «Harvest Group» компаниясының агроиндустриялық кластер құру жобалары бастау алды.Қытай Халық Республикасымен ауыл шаруашылығы, құрылыс салаларына озық технологиялар енгізуге бағытталған 9 келісімшартқа қол қойылды. Энергия үнемдейтін шыны өндірісі, заманауи кірпіш зауыты, кондитерлік және макарон өнімдерін шығаратын өндірістік кешендер іске қосылды.Бұдан бөлек, Сыр өңірінің мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және ынтымақтастықты дамыту бағытында Финляндия, Эстония, Испания, Швейцария және Франция мемлекеттерінде өткен өнер күндерінің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосты.Ардақ Темірханұлына Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлының Алғыс хаты, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы және «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі табысталды.Сонымен қатар, мәжілісте Қызылорда облысы прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегеновтің құрметті зейнет демалысына шығуына орай, Қазақстан Республикасы Бас прокурорының бұйрығымен облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалған Дүйсенбаев Нұрболат Серікұлы таныстырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1236743?lang=ru
«Алтын Орда» базарындағы 7 тиімсіз делдалдың жұмысы тоқтатылды 30.06.2026
Алматы облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бағытындағы бақылау жұмыстары барысында бірқатар ірі сауда субъектілерінің заң талаптарын бұзғаны анықталды. Атап айтқанда, ЖК «Омаров», «Iceberg Distribution» ЖШС және «Ар Диас» ЖШС әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін төмен бағада сатып алып, оларды басқа сауда субъектілеріне 17%-дан 86%-ға дейінгі негізсіз сауда үстемесімен қайта сатқан.Аталған фактілер бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, заңнама талаптарын бұзған субъектілерге айыппұл салынды. Жыл басынан бері жүргізілген бақылау іс-шаралары нәтижесінде 171 сауда субъектісіне қатысты 643 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 3,4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Оның 467-сі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген шекті сауда үстемесін асыру фактілері бойынша рәсімделсе, 176 хаттама сауда қызметі туралы заңнама талаптарын бұзуға қатысты толтырылған.Жыл басынан бері тексеру барысында бір сауда желісі, бір көтерме сауда орны және 11 сауда субъектісі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 40%-дан 203,8%-ға дейін негізсіз үстеме қосқаны анықталды.Сонымен қатар, өңірлік комиссияның жұмысы аясында «Алтын Орда» базарындағы 13 сауда субъектісіне жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде азық-түлік бағасының өсуіне әсер еткен 7 тиімсіз делдалдың қызметі тоқтатылды.Қазіргі уақытта өңірде өндірушілер мен ірі жеткізушілердің тізімі қалыптастырылып, электрондық шот-фактуралар арқылы делдалдық схемаларды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда. Бұл шаралар нарықтағы ашықтықты арттыруға, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және тұрғындарды қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1237358?lang=ru