Enbekshi QazaQ

Ғылым

Шиелі теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін іске қосылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатынын атап өтті. «Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі - Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде бас қосып отырмыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту тапсырмасы аясында былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттар, Жаңақорған ауданы Талап бекетінің платформасы енгізілген болатын. Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аумағы 9 474 шаршы метр болатын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн.теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайтын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда да ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері, жылу жүйесі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды. Бүгін Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық, Ертең Қазалы вокзалын ел игілігіне табыстаймыз. Жаңа нысандар баршаңызға құтты болсын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Шарада Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз сөйлеп, сала қызметкерлері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249246?lang=ru
Қайта жаңғыртылған Жаңақорған теміржол вокзалы ашылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты. Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржыны бөлінді. Рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жолаушыларға қолайлы және қауіпсіз, өңірдің заманауи келбетін айшықтайтын нысандарға айналатынын атап өтті. «Облыс аумағы - тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.Бүгінде аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сондықтан теміржол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне 121 жолаушыны өткізуге қауқарлы. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абатандырылды. Нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұдан бөлек, бүгін Шиелі, ертең Қазалы теміржол вокзалдарын табыстаймыз. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қызмет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Бүгінде облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жолаушылар пойызы жүреді.Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде. Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұдан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Тереңөзек және Жалағаштағы 2 қызмет көрсету пункті күрделі жөнделіп жатыр. Талап бекетінде 322 млн.теңгеге 1 188 шаршы метрлік жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249233?lang=ru
Кәсіби мерекеде өңірлік БАҚ қызметкерлері баспаналы болды 12.07.2026
Бүгін «Өнер орталығында» 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне арналған «Қанатты қалам – 2026» салтанатты шарасы өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, зиялы қауым өкілдері мен сала ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы журналистерді кәсіби мерекемен құттықтап, өңірдегі бастамалар мен жаңашылдықтарды халыққа шынайы жеткізудегі еңбектерін жоғары бағалады.«Бүгін – мерзімді басылымдар мен телеарналарда, ақпараттық агенттіктер мен сайттарда қызмет істейтін шығармашылық өкілдерінің, журналист жасаған сюжет пен жазған мақаланың жарыққа шығуына еңбек сіңіретін мамандардың мерейлі күні.Мереке қарсаңында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін Ақорда төрінде қабылдап, мемлекеттік наградалар табыстады.«Qyzylorda» телеарнасының ардагері Қарабала Жағыппар Аманжолұлы «Парасат» орденімен наградталды. Бұл – Сыр журналистикасына берілген жоғары баға.Мемлекет басшысы: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды» деп ерекше атап өтті. Ұлттық журналистика тарихында Сыр өңірінің айрықша орны бар. Ғасырлық белесіне жақындаған басылымдар мен тәуелсіздік жылдарында шыққан газеттер – аймақтың сыр-шежіре сандығы. Облыстың тарихы, әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдени-рухани жаңғыруының айқын дереккөзі.Биыл аймағымыздың жетекші арнасы – «Qyzylorda» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын атап өтті. Телеарна өңіріміздегі оқиғалар мен ақпараттарды жылдам таратып, ел өміріндегі саяси маңызды жаңалықтардың жаршысы болып келеді.Отыз жылға жуық көрермен көзайымына айналған «Қоғам ТВ» телеарнасының да ақпараттық саясаттағы орны ерекше. Аймақ телевизиясының бүгінгі биігі – өткен мен бүгінді жалғаған ардагерлер еңбегінің жемісі. Ақпарат айдынында өз қолтаңбасын қалдырған майталман мамандардың табандылығы мен қажырлы еңбегі тележурналистика тарихында лайықты ізін қалдырды.Бүгінде тағылымды жолдан өтіп, ұстаздарының өнегесін жалғаған мамандар елімізге белгілі ірі медиахолдингтерде, телеарналарда еңбек етіп, Сыр журналистикасы мектебінің мерейін үстем етуде.Тәуелсіздік шежіресін, Сыр өңірінің жылнамасын, қалыптастырудағы қажырлы еңбектеріңіз үшін Сіздерге алғысымды білдіремін!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кеше Ақорда төрінде өткен рәсімде Мемлекет басшысы журналистерді қолдауға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән берілетінін айтқан еді. Кейінгі үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болса, енді бұл бастаманың ауқымы кеңейді. Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті берілді.Біздің аймақта «Сыр медиа» серіктестігі директорының орынбасары Әзиз Батырбековке және «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Рамазан Жүсіпбекке пәтер кілттері табысталды.Салтанатты рәсімде ақпарат саласының дамуына елеулі үлес қосқан қалам иелері «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен, Құрмет грамотасымен, Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының, Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрінің, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Құрмет грамотасымен және түрлі номинациялармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248896?lang=ru
«Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті 12.07.2026
Бүгін «Құзыреттілік орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың, мәслихат депутаттары, жергілікті бизнес өкілдері, даму және қаржы институттары басшыларының қатысуымен «Қазақстанның үздік тауары – 2026» өңірлік көрме-байқауы өтті.Аймақ кәсіпкерлері мен тауарөндірушілері жыл сайынғы «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» дәстүрлі республикалық көрме-байқауына белсенді қатысып келеді. Бұл – отандық тауарөндірушілерді қолдауға, өнім сапасын арттыруға және ұлттық брендтерді дамытуға бағытталған маңызды шара.Аймақ басшысы бәсекеге қабілетті өнім шығарып, сапалы қызмет көрсету еліміздің өркендеуіне нақты іспен үлес қосу екенін атап өтті.– Бұл міндетті жүзеге асыруда кәсіпкерлер қауымының еңбегі мен жауапкершілігі ерекше. Көрмені аралау барысында сапалы өнімдерді өзімізде шығаруға болатынын көрдік.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы» деп атап өткен болатын.Облыс экономикасын әртараптандыруда жоғары сапалы, экспортқа бағытталған өңдеу өнеркәсібі қарқын алды. Алдағы 3 жылда 48 инвестициялық жобаны жүзеге асырып, 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құру көзделген.Бүгінгі көрме-байқау алаңы – кәсіпкерлер арасындағы өзара ынтымақтастықты күшейтіп, жергілікті өнімдерді тұтыну мен өткізуді арттыруға мүмкіндік береді»,– деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жақында «Марал Нұр» серіктестігінің жоғары технологиялық вагондарды жөндеу және техникалық қызмет көрсету кешені ашылды. Бұл компания теміржол инфрақұрылымын дамытудағы сапалы жұмысы үшін өткен жылы «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты атанды.Өткен айда испандық «Рока Груп» компаниясының санитарлық-техникалық бұйымдар, «Севен Риверс» компаниясының шыны ыдыстар шығаратын зауыттарының капсуласы салынды. Алдағы уақытта жаңа өндірістердің жоғары сапалы өнімі облыс экономикасын өркендетуге септігін тигізеді.Биылғы көрме-байқауға экономиканың түрлі салаларынан 62 тауарөндіруші қатысты. Сарапшылардың бағалау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар», «Үздік азық-түлік тауарлары» және «Халыққа арналған үздік тауарлар» номинациялары бойынша 9 жеңімпаз марапатталды.Қазір Қызылорда облысында 60 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Бұл секторда 113 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қолдауға шамамен 25 млрд теңге бөлініп, 553 жоба қаржыландырылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1248774?lang=ru
Қарағанды облысы Словакия Республикасымен стратегиялық серіктестікті нығайтуда 12.07.2026
23 маусым күні Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов бастаған Қарағанды облысының делегациясы Словакия Республикасының Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіне жұмыс сапарымен барды. Сапар Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып, өңіраралық ынтымақтастықты дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстан мен Словакия арасындағы өзара тиімді әріптестікті кеңейтуге бағытталды.Делегация құрамына мемлекеттік органдардың өкілдерімен қатар энергетика, металлургия және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін Қарағанды облысының кәсіпкерлері де кірді. Сапар аясында өткен бизнес-форум екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасында тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылауға және бірлескен жобаларды жүзеге асыру жолдарын айқындауға арналған маңызды диалог алаңына айналды.Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен Қарағанды облысының делегациясы Словакияның мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерімен бірқатар мазмұнды кездесу өткізді. Қазақстан Республикасының Словакия Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жанна Сағынованың жәрдемдесуімен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің төрағасы Ондрей Лунтермен, Өңірлік кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мужило мырзамен және Словакия Республикасы Президентінің Банска-Бистрица өлкесіндегі өкілі Фрич мырзамен келіссөздер ұйымдастырылды.Кездесулер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестиция тарту, іскерлік байланыстарды жандандыру және екі елдің өңірлері арасындағы әріптестік қатынастарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар өнеркәсіп, кәсіпкерлік, білім беру және өңірлік даму бағыттарындағы өзара іс-қимылдың келешегі қарастырылды.Сапардың маңызды нәтижелерінің бірі – Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасында өзара тиімді ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылуы болды. Бұл құжат ұзақ мерзімді серіктестікті жүйелі түрде дамытуға және ортақ бастамаларды іске асыруға берік негіз қалайды.Бұдан бөлек, Қарағанды облысының Кәсіпкерлер палатасы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа Қарағанды облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов пен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесінің Кәсіпкерлер палатасы төрағасы Мужило мырза қол қойды. Меморандум іскерлік байланыстарды дамытуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға және сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге бағытталған.Білім беру саласында Матей Бел университеті мен академик Е. Ә. Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжатқа қол қою рәсіміне университеттің Басқарма төрағасы – ректоры Нұрлан Дулатбеков қатысты. Келісім студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамытуға, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге және ортақ білім беру бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді.24 маусым күні Қарағанды облысының делегациясы Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесіндегі жұмыс сапарын жалғастырып, электроника, металлургия, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін бірқатар кәсіпорынның қызметімен танысты. Кездесулер барысында словак компанияларының өндірістік әлеуеті мен инновациялық шешімдері таныстырылып, екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды. Келіссөздер қорытындысында бірнеше бағыт бойынша ынтымақтастықты дамыту және бірлескен жобаларды жан-жақты пысықтау жөнінде алдын ала уағдаластықтарға қол жеткізілді.Сапар барысында Қазақстан нарығында Қарағандыдағы «АлемГаз» компаниясымен әріптестік аясында табысты жұмыс істеп келе жатқан Adrian Group компаниясының қызметіне ерекше назар аударылды. Тараптар өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты кеңейту және жаңа бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылады.Сондай-ақ делегация жеке индустриялық-өнеркәсіптік аймақтың жұмысымен танысып, индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды құру мен дамыту тәжірибесі бойынша пікір алмасты. Кездесу барысында инвестиция тарту, кәсіпкерлікті қолдау және өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетіктері қарастырылды. Тараптар индустриялық алаңдарды дамытудағы практикалық тәжірибелерімен бөлісіп, словак тарапының тиімді тәжірибесінің бірқатар элементтерін Қарағанды облысындағы индустриялық және шағын өнеркәсіптік аймақтарды одан әрі дамыту барысында пайдалану жоспарланып отырғанын атап өтті.— Біз Словакия Республикасын Еуропалық одақтағы маңызды стратегиялық серіктесіміз ретінде бағалаймыз. Қол қойылған құжаттар экономика, білім беру және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге берік негіз қалайды. Қол жеткізілген келісімдер жаңа бірлескен жобалардың жүзеге асуына серпін беріп, өңірлеріміз арасындағы достық пен өзара сенімге негізделген байланыстарды одан әрі нығайтады деп сенеміз, - деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов.Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тараптар Қарағанды облысы мен Банска-Бистрица өзін-өзі басқару өлкесі арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және өзара тиімді бірлескен жобаларды іске асыруға мүдделі екендіктерін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1248295?lang=ru
Шомылу маусымындағы қауіпсіздік ерекше бақылауда 11.07.2026
Қостанай облысында тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу маусымында құтқару қызметтерінің жұмысы күшейтіліп, ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.Облыс аумағында 8 мыңнан астам су айдыны бар. Оның ішінде шомылуға рұқсат етілмеген 226 орын анықталған. Өңір әкімінің қаулысына сәйкес тұрғындардың қауіпсіз демалысы үшін 25 ресми шомылу орны белгіленген. Оның алтауы коммуналдық, ал 19-ы жекеменшік жағажай болып табылады.Шомылу маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету мақсатында 120 құтқарушы, 35 техника, 21 жүзу құралы және арнайы сүңгуірлік жабдықтар тәулік бойы дайындықта тұр. Сонымен қатар суға түсуге арналмаған аумақтарда жағалау сызығын патрульдеу ұйымдастырылып, моторлы қайықтармен жабдықталған алты мобильді құтқару бекеті жұмыс істеуде.Қазіргі таңда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, білім беру ұйымдарының өкілдері мен еріктілер тартылған. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қосымша патрульдеу шаралары ұйымдастырылып, тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілуде.Мамандар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін суға түспеуге шақырады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1247906?lang=ru
СҚО тұрғындарының өзекті мәселелері жеке қабылдауда қаралды 11.07.2026
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов азаматтарды жеке қабылдап, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдады. Қабылдау барысында ауылдық елді мекендерді дамыту, автомобиль жолдарының жай-күйін жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік маңызы бар мәселелер көтерілді.Әрбір өтініш жан-жақты қаралып, көтерілген мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар берілді. Облыс әкімі барлық тапсырмалардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, олардың орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1247821?lang=ru
Қостанай облысының әкімдігінде нашақорлықтың алдын алу және есірткі трафигіне қарсы іс-қимылды күшейту бойынша шаралар талқыланды. 11.07.2026
2026 жылғы 18 маусымда облыс әкімінің төрағалығымен нашақорлықтың алдын алу және есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі облыстық штабтың отырысы өтті. Қатысушылар кәмелетке толмағандар арасында есірткіге қарсы жұмыстың тиімділігін арттыру және өткізу пункттерінде бақылауды күшейту мәселелерін қарастырды.Өңірде 40-тан астам іс-шара өткізілді, 1600 ақпараттық материал шығарылды, «Есірткісіз болашақ» форумы ұйымдастырылды, «Досым» Telegram-боты жұмыс істейді.Соңғы екі жылда оң динамика байқалады, наркологиялық есепте тұрған кәмелетке толмағандар саны нөлге дейін төмендеді, биыл жасөспірімдерді есірткі қылмыстарына тарту фактілері тіркелген жоқ.Жасөспірімдерде  есірткіге төзбеушілік пен салауатты өмір салты құндылықтарын қалыптастыруға назар аудара отырып, басталған жұмысты жалғастыру, қиын жасөспірімдермен атаулы жұмыс жүргізу, білім беру ұйымдарымен және спорт қоғамдастығымен өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.Мемлекеттік шекарадан өтетін есірткі трафигі арналарының жолын кесу мақсатында өткізу пункттерін техникалық жарақтандыру мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.Отырыс қорытындысы бойынша профилактикалық жұмыстың тиімділігін арттыруға, тәуекел тобындағы жасөспірімдермен атаулы жұмыс жүргізуге және есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды жетілдіруге бағытталған тапсырмалар берілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1247744?lang=ru
Қытайлық инвесторлармен ауыл шаруашылығын әртараптандыру жобалары талқыланды 11.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Еңбек Ері Имамзада Шағыртаев қытайлық компаниялардың өкілдері Ван Дэфэнг, Лю Сювэй, Ван Цинцай және Бай Яньлунмен кездесті.Кездесуде өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы су үнемдеу технологияларын енгізуге, суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отырғанын атап өтті.– Биыл облысымызда дәндік жүгері 10 мың гектарға егілді. Жүгеріні терең өңдеу және тұқым шаруашылығын дамытуға, минералды тыңайтқыштар өндірісіне, жоңышқаның экспорттық әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жобаларға қызығушылық танытамыз. Инвесторлармен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға әрдайым дайынбыз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кездесуде өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды. Басты артықшылықтар қатарында аймақтың халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасуы, суармалы жер қорының молдығы және қолайлы табиғи-климаттық жағдайы атап өтілді.Бүгінде облыста 286 мың гектар суармалы жер бар. Оның 178,6 мың гектары – инженерлік жүйеге келтірілген күріш ауыспалы егістіктері.Кейінгі жылдардағы су тапшылығына байланысты күріш егістігі оңтайландырылып, ылғалды аз қажет ететін дақылдар көбейтілуде. Агроөнеркәсіптік кешенді әртараптандыру және су үнемдеу технологияларын енгізу үшін республика көлемінде кешенді шаралар қабылданып, мемлекеттік қолдау тетіктері іске қосылды.Айта кетейік, су үнемдеу технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды субсидиялау үшін алдағы үш жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1247725?lang=ru
Сот жүйесі қызметкерлерінің еңбегі бағаланды 11.07.2026
«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Судья және сот қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Оған Парламент Мәжілісінің депутаты Мақсат Толықбай, құқық қорғау органдарының басшылары, сала ардагерлері мен сот қызметкерлері қатысты.Атаулы күні еліміздегі заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға тікелей жауапты мамандардың күнделікті маңызды еңбегі дәріптеледі. Тәуелсіз, әділ және ашық жұмыс істейтін сот билігі – кез келген мемлекеттің тұрақтылығының, құқықтық негіздері мен әлеуметтік-экономикалық дамуының басты кепілі. Әділдік жолы тарихымыздағы хандар мен билерден бері қалыптасып, халқымыздың салтына етене араласып кетті. Сыр өңіріндегі сот жүйесі 1938 жылы Қызылорда облысының құрылуымен қатар қанат жайды.Аймақ басшысы сала қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, сот жүйесінің қоғамдағы орны мен заң үстемдігін қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.«Өздеріңізге белгілі, Президентіміздің бастамасымен, халықтың қолдауымен қабылданған жаңа Конституциямыз алдағы шілде айында күшіне енеді. Ата заңымызда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту, заң үстемдігін қамтамасыз ету, әділетті қоғам құру басты мақсат ретінде белгіленген. Конституциялық реформаның нәтижесінде билік тармақтарының тепе-теңдігі нығайтылды, Конституциялық Сот қайта құрылды. Адам құқықтарын қорғау институттарының әлеуеті артты. Мұның барлығы – елімізді демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде дамытуға бағытталған жүйелі қадамдар.Бүгінгі сот билігі – Конституция мен заңдардың қорғаны. Судьяның тәуелсіздігі – әділ сот төрелігінің кепілі. Азаматтардың сотқа деген сенімі – құқықтық мемлекеттің ең басты көрсеткіштерінің бірі. Сондықтан қабылдаған шешімдеріңіз әрдайым әділ, ал заң үстемдігі мен адам құқығы кез келген істе ең басты бағдар болсын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Жиында облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев сөз сөйлеп, әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.Салтанатты шара барысында бірқатар сала қызметкерлеріне Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаты, Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, облыс әкімінің Алғыс хаты, ҚР Жоғарғы Сотының «Құрметті судья», «Сот жүйесінің үздігі» төсбелгілері, «Сот жүйесінің ардагері» медалі, Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.Сонымен қатар ҚР Судьялар одағының «Үш би», «Судьялар одағының құрметті мүшесі», «Жеті жарғы», т.б. марапаттары берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1247432?lang=ru
"Agro Eco Hub: еріктілер экопрактикасы арқылы өсімдіктердің 100 түрі бар жылыжай құру" 11.07.2026
Жобаның мақсаты Қостанай облысында жылыжай құру және тұрақты егіншілік, биоалуантүрлілік және эко ағарту бойынша практикалық оқыту іс-шараларын өткізу арқылы экологиялық волонтерліктің орнықты практикасын қалыптастыру.Жоба мемлекеттік грант шеңберінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қаржылық қолдауымен іске асырылады."Neco экологиялық клубы" қоғамдық қорының басшысы Наурызбек Бірмағамбетовтың айтуынша, жоба "Таза Қазақстан"міндеттерімен тікелей байланысты.- Біздің жобаға сәйкес келетін бірнеше бағыт бар. Бұл қалдықтарды бөлек жинау үшін инфрақұрылым құру, аумақтарды көгалдандыру және үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл. Біз бұл алаңның экологиялық бастамалардың іс жүзінде қалай жұмыс істей алатындығының үлгісі болғанын қалаймыз, — деді ол.Бірінші жылыжай өсімдіктердің биоәртүрлілігіне арналған. Бұл жерде Фацелия, эспарцет сияқты жәндіктер үшін пайдалы басқа дақылдар өсіріледі. Жақында мұндай өсімдіктердің 100 түрі гүлдейді.— Біз балаларға, жастарға, ара өсірушілерге және ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қандай өсімдіктер бар екенін, олардың не үшін пайдалы екенін және оларды өсіру нәтижесінде қандай өнім алуға болатынын көрсеткіміз келеді. Әр сауыттың астына оны қолданудың сипаттамасы мен мысалдары көрсетілген ақпараттық тақта орналастырылады, — деді спикер.Жобаны іске асыруға қоғамдық даму басқармасы, Табиғи ресурстар басқармасы, экология департаменті, ауыл шаруашылығы басқармасы, кәсіпкерлік басқармасы және ішкі саясат бөлімі тартылды. Сондай-ақ еріктілер, "Жасыл ел" жасағының жауынгерлері және бейіндік мамандықтардың студенттері қатысады. Алдағы уақытта жұмысқа оқушылар мен жастарды тарту жоспарлануда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1246909?lang=ru
Қостанай облысында 103 мың бала жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылады 11.07.2026
Қостанай облысында балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы жазғы демалыс пен сауықтырудың түрлі нысандарымен 103 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда, бұл өңірдегі мектеп оқушыларының жалпы санының 98,5 пайызын құрайды.Осы мақсаттарға шамамен 457 млн теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 145 млн теңгеге артық (312,6 млн теңге).Жазғы кезеңде облыста 12 қала сыртындағы және 617 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оларда 1-10 сынып оқушыларының 91 пайызы, яғни 102 мыңнан астам бала қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьлердің 337-сінде 57 281 бала үшін тамақтандыру ұйымдастырылған, ал 280 лагерьде 34 531 оқушы тамақтанусыз демалады.Қазіргі таңда облыстағы 12 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеп тұр, онда 2 313 бала демалуда. Олардың қатарында «Солнечный» (Денисов ауданы), «Балдаурен» (Әулиекөл ауданы), «Болашақ» (Алтынсарин ауданы), «Строитель» (Арқалық қаласы), «Чайка», «Орленок», «Светофор» (Алтынсарин ауданы), «Лесная сказка» (Меңдіқара ауданы), генерал Бакиров атындағы лагерь (Алтынсарин ауданы), «Алый Парус» (Лисаковск қаласы), «Алтынгүл» (Қостанай ауданы) лагерьлері бар.Мемлекеттік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірінші кезекте жетім балалардың, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың, сондай-ақ дарынды балалардың демалысы мен сауықтырылуы ұйымдастырылуда. Осы мақсаттарға шамамен 300 млн теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млн теңгеге артық (2025 жылы – 225 млн теңге).Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы 175 млн теңге сомасына 2 634 баланы сауықтыру жоспарланған. Сонымен қатар, үш қала сыртындағы лагерьде интернаттық ұйымдардың 425 тәрбиеленушісіне арналған ауысымдар ұйымдастырылған.Балаларды оңалту орталығы базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сауықтыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар «Хатико» жобасы жалғасуда. Биыл жобаға 379 бала қатысады, оны жүзеге асыруға 62,5 млн теңге бөлінген. Жоба 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және өзінің тиімділігі мен сұранысқа ие екенін дәлелдеді: соңғы төрт жылда 129,6 млн теңге қаражат есебінен 859 бала қамтылды.Демалыс пен сауықтырудан бөлек, түрлі жұмыспен қамту бағыттарымен 105 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту жоспарлануда.Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Қарасу ауданында «SUMMER IT BOOTCAMP» IT-лагері, сондай-ақ Жангелдин ауданында және Бейімбет Майлин ауданында «Мектеп туризмін дамыту және туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу» жобалары жүзеге асырылуда.Дәстүрлі бағыттармен қатар, биыл балалар мен жасөспірімдердің дамуына бағытталған жаңа танымдық-қолданбалы жобалар іске асырылуда. Қостанай және Амангелді аудандарында мемлекеттік тілді қазақ халқының отбасылық және мәдени ортасына ену арқылы үйренуге бағытталған «Қонақжай отбасы» жобасы басталды.Жазғы кезеңде мың оқушы үшін Наурызым мемлекеттік табиғи қорығына және Амангелді ауданына көпфункционалды туристік кешенге бару арқылы туристік экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл сапарлар оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға бағытталған.Балалардың тұрғылықты жері бойынша мазмұнды демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жітіқара ауданында «Біз тұратын аула» атты көшпелі шығармашылық зертхана жүзеге асырылуда. Жоба аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған аула аумақтарында және ашық алаңдарда дамытушылық, танымдық және шығармашылық іс-шаралар өткізіледі.Жазғы науқанның маңызды бағыттарының бірі – оқушылардың еңбекпен қамтылуы. Жазғы кезеңде 14 мыңнан астам оқушыны қамтитын 600-ге жуық көгалдандыру бригадасы ұйымдастырылды. Экологиялық бастамалар да жалғасуда: облыстық үш күндік «Эколагерь» өткізілді, сондай-ақ «Үздік мектеп ауласы» байқауы мен «Менің үйім – менің аулам» акциясы жоспарланған.Балалардың қауіпсіздігі мен профилактикалық жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Түрлі есепте тұрған 1 452 баланың барлығы 100 пайыз жазғы демалыспен және жұмыспен қамтудың түрлі нысандарымен қамтылды.Облыстың барлық мектептерінде балалар қажетті көмек пен мамандардың қолдауын ала алатын «Жазғы психологиялық қолдау алаңдары» жұмыс істейді. Сонымен қатар балаларға тәулік бойы және жасырын түрде психологиялық көмек көрсететін облыстық «Досым» Telegram-боты іске қосылды. Сервис ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап жұмыс істейді.Сондай-ақ 15-24 шілде аралығында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы аясында Қостанай облысының ауылдық аймақтары мен моноқалаларынан шыққан, оқу, спорт және шығармашылық бағыттарда жоғары жетістіктерге жеткен 19 дарынды бала Щучинск қаласындағы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1246667?lang=ru
Солтүстік Қазақстан облысының полиция қызметкерлеріне жаңа қызметтік автокөліктер табысталды 11.07.2026
Солтүстік Қазақстан облысында құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бүгін салтанатты жағдайда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов полиция қызметкерлеріне 100 жаңа қызметтік автокөліктің, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары операторларының арнайы взводын жасақтауға арналған 4 жол талғамайтын квадроциклдің кілтін табыстады.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес құқық қорғау органдарының әлеуетін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Биыл осы мақсатқа облыста шамамен 1,3 млрд теңге бағытталды. Жыл басынан бері полицияның қызметтік автопаркі 80 жаңа автокөлікпен толықтырылса, бүгінгі табысталған техника өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндіктерін одан әрі күшейте түседі.Сонымен қатар облыстың орман шаруашылықтарының өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында 29 өрт сөндіру автокөлігі берілді.Қазіргі таңда құқық қорғау саласында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізіліп, «Қауіпсіз қала» жобасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жедел басқару орталықтары жаңғыртылып, құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтіліп, жаңа технологиялардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып келеді.Жаңа техниканың пайдалануға берілуі полиция қызметкерлерінің жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.Іс-шара барысында  өңір басшысы ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ардагерлеріне адал қызметі, жоғары кәсібилігі және ел тыныштығын сақтауға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс білдірді. Үздік қызметкерлер Алғыс хаттармен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1246617?lang=ru
Полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті 11.07.2026
«Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен Полиция күніне арналған салтанатты жиын өтті. Оған құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты. Жиын алдында аймақ басшысы полиция қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін арттыру мақсатында алынған арнайы техникалар көрмесімен танысты.Салтанатты шараның ашылуында Әнұран орындалып, Ту көтерілді. Аймақ басшысы полиция қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтап, құқық қорғау саласында атқарылған жұмыстарға тоқталды.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты талабы.Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деген болатын. Бұл міндеттер Сіздерден жоғары жауапкершілік пен табанды еңбекті талап етеді. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңіріміздегі қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Соңғы жылдары құқықбұзушылық көрсеткіштері едәуір төмендеді.Біздің мақсатымыз – тек көрсеткіш қуалау емес. Ең бастысы – құқықбұзушылықтың алдын алып, оның деңгейін тұрақты төмендету. «Мемлекет пен азамат – біртұтас» қағидаты негізінде полиция халықпен ашық әрі сенімді қарым-қатынас орнатуы қажет. Халықтың сенімі – Сіздерге үлкен жауапкершілік!Еліміздің тыныштығы мен қоғамдық тәртіпті сақтаудағы қызметтеріңіз жемісті болсын!», -деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кейінгі жылдары өңірдің полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 18 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыс тиімділігін арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алуға, қылмысты жедел ашуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізілуде.Республикада алғашқы болып барлық ауданда Жедел басқару орталықтары ашылды, бейнебақылау жүйесі кеңейтілді. 2023 жылдан бері полиция қызметкерлеріне заманауи құралдармен жабдықталған 228 жаңа автокөлік табысталды. Бүгінгі кәсіби мерекеде полицияның жедел салалық қызметтеріне 94 заманауи автокөлік берілді.Жиында полиция қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Ішкі істер министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, естелік қол сағатымен, сондай-ақ облыстық полиция департаменті бастығының Грамотасы және Алғыс хаттарымен марапатталды.Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес бірқатар қызметкерге «Полиция полковнигі» шені табысталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246539?lang=ru
Мемлекеттік қызметші күні: Үздіктер марапатталып, жас мамандар ант қабылдады 11.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен 23 маусым – Мемлекеттік қызметші күніне арналған салтанатты жиын өтті.Онда мемлекеттік қызметті жаңғыртуға бағытталған реформалар, биылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін «Мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңның негізгі бағыттары және Президенттік жастар кадрлық резервінің мемлекеттік басқару саласына білікті жастарды тартудағы рөлі атап өтілді. Қазіргі таңда өңірде 35 жасқа дейінгі 800-ге жуық жас мемлекеттік қызметші еңбек етеді.Аймақ басшысы мемлекеттік қызметтің ел дамуындағы айрықша маңызына тоқталып, кәсіби мерекемен құттықтады.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Мемлекеттік қызметшілер – Әділетті Қазақстанды құрудың басты қозғаушы күші» деген болатын.Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Отанды шексіз сүю, туған елдің дамуына аянбай үлес қосу – әрбір азаматтың парызы.Мемлекеттік қызметшінің бойындағы кәсібилік, адалдық сынды қасиеттер еліміздің өркендеуінің негізіне айналуда. Сыр өңірінен елге адал қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеткен талай қайраткер тұлғалардың шыққанын әрдайым мақтанышпен айтамыз. Оның ішінде халықтың сүйікті перзенті атанған, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың орны ерекше. Асыл азаматтың өнегелі жолын бейнелейтін «Сапарбаев тұлғасы» кітабы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен жарыққа шыққан болатын. Кітаптың таныстырылымы жақында ғана Қызылорда қаласында өтті.Бұл еңбек – барша мемлекеттік қызметшілерге, жастарға адалдық пен еңбекқорлықтың мәнін түсіндіріп, мемлекеттік қызметтің қадір-қасиетін терең сезіндіретін рухани мұра.Мемлекеттік қызметші – еліміздің өсіп-өркендеуіне, тұрғындарымыздың сенімін ақтап, әл-ауқатын арттыруға үлес қосатын, қоғамда адалдық пен әділеттіліктің үлгісін көрсететін халықтың айнасы. Жауапкершілігі жоғары салада Өздеріңізге жүктелген міндет пен жоғары сенімді ақтауда бар күш-жігерлеріңіз бен білімдеріңізді жұмсап, адал қызмет ете беріңіздер», - деді Мұрат Нәлқожаұлы.Іс-шарада бірқатар қызметкерлер мен сала ардагерлері Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің, Премьер-министрдің бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «Үздік мемлекеттік қызметші» төсбелгісімен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Мерекелік басқосуда Президент Жарлығына сәйкес мемлекеттік қызметке алғаш қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246517?lang=ru
Полиция қызметкерлеріне 94 қызметтік көлік табысталды 11.07.2026
Қазақстан полициясының кәсіби мерекесі күні Қызылорда қаласының орталық алаңында облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен полиция қызметкерлеріне 94 арнайы автокөліктің кілтін табыстау рәсімі өтті.Бүгінде өңірде құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және оны ашу, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Осы жауапты міндеттерді атқаруда полиция қызметкерлерінің еңбегі ерекше.Құқық қорғау органдары қызметінің тиімділігін арттыру үшін полиция департаментінің жедел-салалық қызметтерінің материалдық-техникалық базасы заманауи техникалармен толықтырылды. Жаңа қызметтік көліктер тергеу, анықтау, жедел-криминалистикалық, табиғат қорғау, көші-қон және өзге де бөлімшелердің қызметтік міндеттерін жедел орындауына мүмкіндік береді.Аймақ басшысы тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы жауапкершілігіне, ел тыныштығы жолындағы еселі еңбегіне тоқталды.«Президентіміз «Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет» деп атап өтті. Бұл тәртіп сақшыларының күнделікті қызметіндегі басты бағдары болуы тиіс!Жергілікті атқарушы билік пен құқық қорғау органдары бірлесіп, үйлесімді жұмыс атқаруда. Кейінгі жылдары құқықбұзушылық азайып, өңірдегі қауіпсіздік пен жедел әрекет ету қызметтерінің жұмысы оң нәтиже берді.Егемен еліміздің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғауда, қоғамда «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыруда аянбай еңбек етіп, Өздеріңізге жүктелген міндетті абыроймен орындай беріңіздер! Сіздерге мықты денсаулық, сарқылмас күш-қуат, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Айта кетейік, сәуір айында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының қолдауымен полицияның патрульдік қызметкерлеріне 100 жаңа автокөлік табысталған болатын. Бүгінгі бастама құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық әлеуетін бұрынғыдан да нығайта түсті.Рәсімде ҚР ІІМ-нің Құрметті ардагері, Қызылорда қаласының құрметті азаматы Тастемір Рахимов, облыстық полиция департаменті ардагерлер кеңесінің төрағасы, запастағы полиция полковнигі Әмірбек Шаймағамбетов әріптестерін мерекемен құттықтап, ізгі тілек білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1246083?lang=ru
Қостанай облысында ауылдық жерлерде тұрғын үй құрылысы қарқынды дамуда 10.07.2026
Ауылдық аумақтарды дамыту Қостанай облысындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте тұрғын үй салуға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлінуде.Соңғы жылдары өңірде ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5,4 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 63,7 мың шаршы метр тұрғын үй ауылдық елді мекендерге тиесілі, бұл жалпы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің 12,3 пайызын құрайды.Тұрғын үй құрылысы ауыл тұрғындарының баспана жағдайын жақсартып қана қоймай, ауылдардың жас мамандар мен жас отбасылар үшін тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы мен кадрлық әлеуетін сақтаудың маңызды факторы болып табылады.Тұрғын үй құрылысымен қатар өңірде инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Маңызды бағыттардың бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бүгінде облыстағы барлық ауылдық елді мекендер орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Ендігі міндет – суды әрбір үйге жеткізу.Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде орталықтандырылған су жүйесіне қосылған үй шаруашылықтарының саны 48,3 мыңнан 63 мыңға дейін өсті. Жалпы Қостанай облысының ауылдық елді мекендерінде 80,6 мың аула бар.Сондай-ақ ауылдық елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2023–2025 жылдары 185 ауылға кіреберіс жолдар мен мыңнан астам ауыл көшесі жөнделді. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына мүмкіндік беріп, логистиканы жақсартады және аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.Ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, заманауи өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға және Қостанай облысы ауылдарының әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1245228?lang=ru
Актив отырысында облыс әкімінің орынбасары таныстырылды 06.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен актив отырысында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі және облыс әкімінің өкімімен облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалған Нұриддин Аманқұл таныстырылды.Мұрат Нәлқожаұлы жаңа орынбасарына өңірдің кәсіпкерлік, туризм және аграрлық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруды тапсырды.Нұриддин Аманқұлұлы 1986 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. К.Сағадиев атындағы Халықаралық бизнес университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған, экономика ғылымдарының магистрі.Еңбек жолын 2007 жылы Халықаралық саясат институтында сарапшы ретінде бастап, кейін мемлекеттік және халықаралық инвестициялық-қаржылық ұйымдарда жауапты қызметтер атқарған.2012-2018 жылдары «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттігінде департамент директоры, басқарушы директор және Ыстанбұл қаласындағы инвестициялық өкіл болған.2018-2023 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитетінде шетелдік инвестициялар тарту басқармасын басқарды, сондай-ақ Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшілігінде бірінші хатшы және кеңесші лауазымдарында еңбек етті.2023 жылдың маусым айынан осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының Ыстанбұл қаласындағы Бас консулы қызметін атқарды.Мәжілісте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық сот төрағасы Әділхади Шығамбаев, облыс прокуроры, өңірлік инвестициялық штабтың тең төрағасы Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, облыс әкімі орынбасарының жауапты қызметіне сәттілік тіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1245008?lang=ru
«Ұлт саулығын ұлықтаған дәрігер» атты салтанатты шара өтті 06.07.2026
«Өнер орталығында» Медицина қызметкерлері күніне арналған «Ұлт саулығын ұлықтаған дәрігер» атты салтанатты шара өтті.Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұртөре Жүсіп, Бекбол Орынбасаров, Амангелді Есбай, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері және сала ардагерлері қатысты.Аймақ басшысы ұлт саулығын нығайтуда қажырлы еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды құттықтады.«Денсаулығымыздың қорғаны, адам жанының арашасы, мейірім мен ізгіліктің жаршысы болған ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда елеулі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұлт саулығы – еліміз үшін бәрінен қымбат құндылық. Сондықтан медицина саласын дамыту мемлекеттің стратегиялық міндеті саналады. Осы орайда, дәрігердің ел өміріндегі орны айрықша екені сөзсіз» деген болатын.Бүгінгі мерейлі мерекеге орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Сіздерге арнайы құттықтауын жолдады.Еліміздің денсаулық сақтау саласында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген сырбойылық дәрігерлерімізді ерекше мақтанышпен айтамыз.Қазақстанның Еңбек Ері, Сыр перзенті Юрий Владимирович Пя бес мыңнан астам ашық жүрек отасын жасады. Еліміздің бас хирургі, профессор, жерлесіміз Болатбек Баймаханов жетекшілік еткен мамандар тобы медицина тарихында тұңғыш рет бір мезетте үш науқасқа үш донордың бүйрегін трансплантациялау бойынша аса күрделі операцияны сәтті жүзеге асырды. Болатбек Бимендіұлы кеше Президентіміздің қолынан екінші дәрежелі «Барыс» орденін алды. Жерлесімізді жоғары марапатымен барша Сыр жұртшылығының атынан құттықтаймын!Былтыр облыс тарихында алғаш рет бауыр, 10 науқасқа бүйрек трансплантациясы жасалды. Отаның 6 жаңа түрі тәжірибеге енгізілді. Бұл – Сыр медицинасының мүмкіндігі мен мамандардың біліктілігін айқындайтын жарқын мысалдар. Дәрігер – ең ізгі, ең қастерлі мамандық иесі. Халыққа әрдайым адал қызмет етіп, абыройлы болыңыздар!», – деді аймақ басшысы.Рәсімде саланың дамуына елеулі үлес қосқан мамандар «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін», «Шапағат», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағымен, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасарының және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталды.Іс-шара соңында ардагерлерге гүл шоқтары тарту етіліп, мерекелік бағдарлама ұсынылды.Президенттің, Үкіметтің қолдауымен 2022 жылдан бері аймағымыздың денсаулық сақтау саласына 625 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініп, 41 медицина нысаны ел игілігіне берілді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медицина нысаны салынды.Облыс орталығында емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың, 400 және 500 келушіге арналған емханалардың, 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы жүріп жатыр.Алдағы жылдары тағы бірқатар медицина нысаны қайта жаңғыртылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1244838?lang=ru
Балқашта жаздың басты туристік оқиғасына 75 мың қонақ жиналды 06.07.2026
75 мың қонақ, көл үстінде қалықтаған мыңдаған жарық, рекорд жаңартқан қазыбургер және түнге дейін жалғасқан мерекелік көңіл күй. Balkhash Tour Fest – 2026 Балқаш жағалауын еліміздегі жазғы демалыстың ең тартымды орталықтарының біріне айналдырып, Қазақстандағы ең ауқымды туристік іс-шаралардың бірі ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындады.Екі күн бойы көл жағалауы спортты, шығармашылықты, отбасылық демалысты және жарқын әсерлерді тоғыстырған үлкен мерекелік кеңістікке айналды. Фестивальдің алғашқы күнінде ғана шамамен 35 мың адам келсе, жалпы екі күн ішінде шараға 75 мыңға жуық қонақ қатысты. Олардың қатарында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген демалушылармен бірге шетелдік туристер де болды.Фестивальдің ең әсерлі бағдарламаларының бірі – белгілі қазақстандық балуан Сергей Цырульниковтың қазақтың даңқты батырларына арналған шоуы болды. Ал кешкі уақытта көрермендерді бұдан да ерекше тосынсый күтіп тұрды. Балқаш тарихында алғаш рет көл айдынының үстінде ауқымды дрон-шоу ұйымдастырылды. Аспанға көтерілген 500 ұшқышсыз аппарат жарық арқылы Қазақстан мен Балқаштың тарихы мен келбетін бейнелейтін көркем композициялар құрды.Дегенмен фестивальдің мазмұны тек әуе шоуымен шектелген жоқ. Екі күн бойы алаңда ондаған тақырыптық аймақ қатар жұмыс істеп, әр жастағы қонақтарға өз қызығушылығына сай демалыс түрін таңдауға мүмкіндік берді.Фестиваль аясында ерекше гастрономиялық рекорд та тіркелді. Сахна төрінде салмағы 86,4 келі болатын Қазақстандағы ең ірі қазыбургер әзірленді. Бұл жетістікті ресми тіркеу үшін Қазақстан рекордтар кітабының бас редакторы арнайы шақырылды.Спорт сүйер қауымды Cuprum Swim жаппай жүзу жарысы біріктірді. Бір және үш шақырымдық қашықтықтарға еліміздің әр өңірінен келген 300-ге жуық қатысушы шықты. Әуесқойлар ашық суда өз мүмкіндіктерін сынаса, кәсіби спортшылар жүлделі орындар үшін бақ сынады. Қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бүкіл бағыт бойында құтқарушылар кезекшілік атқарды.Екі күнге созылған би турнирі Қазақстан мен Ресейден келген жас дарындардың басын қосты.Қатысушылар басты жүлде – Шанхай қаласындағы халықаралық FRESH DANCE CAMP би лагеріне жолдама үшін бақ сынады.Байқау қорытындысы бойынша орындаушылық шеберлігі мен сахналық мәдениеті арқылы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болған астаналық биші Rufina Lu Гран-при жүлдесін жеңіп алды.Фестиваль танымал қазақстандық өнерпаздардың қатысуымен өткен ауқымды гала-концертпен түйінделді. Мыңдаған көрермен сүйікті әндерін бірге шырқап, ерекше атмосфераның куәсі болды. AYAU мен фестивальдің хедлайнері 6ELLUCCI-дің өнер көрсетуі кештің шарықтау шегіне айналды. Ал Балқаштың түнгі аспанын жарқыратқан мерекелік отшашу фестивальді әсерлі қорытындылады.Алайда фестиваль тарихы мұнымен аяқталмайды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Balkhash Tour Fest – 2027 фестиваліне дайындық жұмыстарын бастамақ.Сонымен қатар фестиваль өткен алаң жаз бойы бос тұрмайды. Демалыс күндері мұнда концерттер, дискотекалар, көрмелер, отбасылық мерекелер және басқа да бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырылады. Бұл бастама қала тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік беріп қана қоймай, Балқашқа келетін туристердің демалысын одан әрі қызықты ете түспек.Бүгінде Балқаш тек жағажай туризмімен шектелмейді. Фестиваль аясында жұмыс істеген туроператорлар павильонында Балқаш өңірі бойынша жаңа туристік бағыттар таныстырылды. Солардың бірі өңірдің табиғи жауһары саналатын тораңғы тоғайларына арналды.Бүгінде Balkhash Tour Fest жай ғана жазғы мереке емес. Ол – Балқаш өңірінің туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің тартымдылығын күшейтуге және ішкі туризмді жүйелі түрде дамытуға бағытталған маңызды жобалардың біріне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1244697?lang=ru