Enbekshi QazaQ

Ғылым

«Жүректегі жапырақ» кітабының таныстырылымы өтті 06.07.2026
Бүгін «Достық үйінде» ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Нұртөре Жүсіптің «Жүректегі жапырақ» атты кітабының таныстырылымы өтті.Оған облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі Қайрат Нұртай, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Сенат депутаттары Бекбол Орынбасаров, Амангелді Есбай, зиялы қауым өкілдері және оқырмандар қатысты. Іс-шарада депутаттар сөз сөйлеп, Қазақстан Жазушылар одағы Қызылорда облыстық филиалының өкілі Қаршыға Есімсейітова кітаптың көркемдік және тағылымдық мәніне тоқталды.Сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері жыр шумақтарын оқып, кеш мазмұнын аша түсті.Кездесуде Нұртөре Жүсіп оқырманмен пікір алмасып, жаңа туындының жазылу тарихы, ерекшеліктері мен қамтылған тақырыптары туралы айтты. Қатысушыларға кітапты сыйға тартты.«Жүректегі жапырақта» қоғам, адам тағдыры, ұлттық құндылықтар мен өмір туралы толғаныстар топтастырылған. Автордың өмірден түйген ойлары, замандастары туралы жазбалары мен рухани тақырыптағы эсселері қамтылған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1244348?lang=ru
Үш бөлмелі пәтер еңбегімен үлгі болған әкеге табысталды 05.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен «Әке тәрбиесі – ұлттың рухани діңгегі» атты облыстық әкелер форумы өтті. Оған «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудандардан келген, түрлі салада табысқа жетіп, кәсібі мен еңбегі арқылы елге үлгі болып жүрген азаматтар қатысты.Биыл әкелер форумы төртінші мәрте ұйымдастырылуда. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеп, ер азаматтың отбасы мен қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған маңызды алаң.«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Әке жауапкершілігі – отбасының беріктігі мен ұрпақ тәрбиесінің негізі. Біздің қоғамда әкенің рөлін арттыру, оның отбасындағы беделін нығайту – өте маңызды міндет» деген болатын.Ұлттың сапасы, болашақ ұрпақтың азаматтық болмысы әкенің берген тәрбиесіне тікелей байланысты. Жаңа Конституциямызда «Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттің қорғауында болады» деп нақты көрсетілген. Бұл отбасы құндылықтары мемлекеттік саясаттың негізгі өзегіне айналғанын айқын дәлелдейді. Әке – тек отбасын асыраушы емес, баланы жауапкершілікке, еңбекқорлыққа және Отанға деген сүйіспеншілікке баулитын алғашқы мектеп.Баланың болашағына әсер ететін ең қуатты күш – отбасындағы тәрбие, әкенің өнегесі. Сондықтан, «Адал адам», «Заң мен тәртіп», «Таза Қазақстан» секілді мемлекеттік бастамаларды қоғамда орнықтыру ең алдымен отбасынан басталуы тиіс. Баршаңызды ел мүддесіне адал қызмет етуге және ұрпақ тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауға шақырамын», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Іс-шарада отбасы құндылықтарын насихаттап, өскелең ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген әкелер облыс әкімінің Алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Нығметұлы, ішкі істер органдарының ардагері Әмірбек Бердібекұлы, жас ақын, республикалық Ғани Мұратбаев атындағы жастар сыйлығының иегері Ақжол Ғабитұлы, өнегелі әке Дәулет Амангелдіұлы, «Бақытты әйел» жобасының спикері Нұрсәуле Дүйсембайқызы тақырып аясында мазмұнды баяндама жасады. «Қазақстан дауысы – 2023» жобасының финалисі Нұрислам Тілеухан әсем ән орындап, оған қоғамдық бірлестік атынан смарт-теледидар сыйға берілді.Форумда «Қызылорда» супермаркетінің жұмысшысы Камалов Жандос Құдайбергенұлына үш бөлмелі пәтердің кілті табысталды. Жандос Құдайбергенұлы – мүмкіндігі шектеулі жұбайына және екі баласына қамқор болып отырған ардақты әке.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1243950?lang=ru
Тұрғын үй құрылысы және әлеуметтік даму: «Астана» шағын ауданы қарқынды дамуда 05.07.2026
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде Тобыл қаласындағы «Астана» шағын ауданы ерекше маңызға ие.Жоба аясында жалпы 23 көпқабатты тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл 1000-нан астам отбасын жаңа баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Бүгінгі таңда тұрғын үйлердің бір бөлігі пайдалануға берілген, қалған нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Жалпы құрылыс аумағы 10 мың шаршы метрден асады, ал тұрғын үйлер заманауи инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылыммен қамтылуда.Шағын ауданда жол, жарықтандыру, инженерлік желілер және қоғамдық кеңістіктерді дамыту жұмыстары қатар жүргізілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қалалық ортаның тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.Жоба өңірдегі тұрғын үй саясатының тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетіп, әлеуметтік тұрақтылық пен урбанистикалық дамуға серпін беруде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243693?lang=ru
Адам өмірінің арашасы: Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді 05.07.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.Мемлекет Басшысы: «Денсаулық сақтау саласы – еліміздің жаңару сатысындағы негізгі бастамаларының бірі», – деп атап өтті.Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 133,2 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге жоғары.Қазіргі таңда облыста 438 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оларда 13 мыңнан астам маман, соның ішінде 1,8 мыңға жуық дәрігер еңбек етуде. Соңғы 3 жылда 34 медициналық нысан бой көтерді: 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 23 ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) және 4 медпункт. Олар бұрын ауыл деңгейінде болмаған УДЗ (УЗИ) аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиоаппараттармен жабдықталған.«Жеке инвестициялар есебінен «LifeClinic» медициналық орталығы, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында және Қостанай ауданының Тобыл қаласында емханалар ашылды. Жақын арада Қостанай ауданының Заречный кентінде аудандық емхана өз есігін ашады. Жітіқара ауданындағы емхананы қайта құру жұмыстары аяқталды. Арқалық пен Жітіқарадағы аудандық ауруханалар қайта құрудан өткеннен кейін, ағымдағы жылы Арқалық медициналық колледжін қайта құру жұмыстары мен Амангелді және Жангелді аудандарында ФАП-тардың құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы.Облыста 2 балалар орталығы ашылды. Оның бірі – республикадағы аутизммен ауыратын балаларға арналған ең ірі орталық, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы.Денсаулық сақтаудың 34 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 13,4 млрд теңге қарастырылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.Онкологиялық ауруханаға алғаш рет сызықтық үдеткіш орнатылды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 50 жаңа реанимобильмен толықты. Медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 90%-ды құрады.Тек 2025 жылдың өзінде облысқа 300-ден астам дәрігер келді. Облыстың медициналық колледж түлектерінің саны 376-дан 620 адамға дейін өсті. Соңғы 3 жылда дәрігер кадрлардың тапшылығын 67%-ға – 312-ден 101 маманға дейін қысқартуға қол жеткізілді.Ақ халаттылардың еңбегінің арқасында соңғы 3 жылда өлім-жітім көрсеткіштері азайды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 72,67-ден 74,94 жасқа дейін артты.  Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243588?lang=ru
Қостанай облысының әкімдігі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды қайта әлеуметтендіру және қайталама қылмыстың алдын алуды күшейту жөніндегі шаралар, сондай-ақ мал ұрлығына байланысты мәселелерді талқылады 05.07.2026
Облыс әкімінің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі алдын алу жұмыстарын үйлестіру комитеті төрағасының орынбасары Алексей Милюктің, мемлекеттік органдар басшыларының, қалалар мен аудандар әкімдерінің қатысуымен Құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті.Отырыста екі мәселе, қайталанған қылмыстың алдын алу және бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды қайта әлеуметтендіру, сондай-ақ мал ұрлығына қарсы іс-қимыл және ауыл шаруашылығы жануарларын бақылаусыз жаюдың алдын алу мәселелері қаралды.Бірінші мәселе бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға азаматтардың осы санатын атаулы сүйемелдеуді қамтамасыз ету, олардың жұмыспен қамтылу мүмкіндіктерін кеңейту және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.Екінші мәселе бойынша жергілікті жерлерде профилактикалық жұмысты күшейту, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру және жол жүрісі қауіпсіздігіне, ауыл шаруашылығы алқаптарының сақталуына және қоғамдық тәртіпке қауіп төндіретін малдың бақылаусыз жайылуына жол бермеу жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі көрсетілген.Отырыс қорытындысы бойынша одан әрі ведомствоаралық жұмыстың басым бағыттары айқындалды, құқық бұзушылықтар профилактикасының тиімділігін арттыруға және мүдделі мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді күшейтуге бағытталған қосымша шаралар әзірленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1243489?lang=ru
Құрылыс сапасына қатысты мәселелер талқыланды 05.07.2026
ҚР Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен тұрғын үй және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының құрылыс сапасына қатысты мәселелер талқыланған кеңес өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.Мемлекет басшысының құрылыс сапасын арттыру, нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және бюджет қаражатын тиімді пайдалану тапсырмасы бар. Жиында құрылысқа бақылауды күшейту, техникалық және авторлық қадағалау институттарының жауапкершілігін арттыру, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою мәселелері қаралды.Премьер-министрдің бірінші орынбасары ақауларды жою барысында көзбояушылыққа жол берілмейтінін атап өтті. Құрылыс сапасы жобалау кезеңінен бастап құрылыс-монтаждау, пайдалануға қабылдау, техникалық және авторлық қадағалау, кепілдік міндеттемелердің толық орындалуына дейінгі барлық кезеңде қамтамасыз етілуі тиіс.Тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, инженерлік-коммуналдық инфрақұрылым, автомобиль жолдары, абаттандыру объектілері, аула аумақтары, сыртқы жарықтандыру жүйелері, теміржол вокзалдары мен автовокзалдар құрылысына бақылауды күшейту қажет.Кемшіліктер мердігер ұйымдар қаражаты есебінен, кепілдік міндеттемелер шеңберінде, бюджет қаражатын жұмсамай жойылуы керек.Мәжілісте бақылауды күшейту және тапсырыс берушілердің, мердігер ұйымдардың, техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігін арттыру шаралары талқыланды.Кейінгі үш жылда аймақта құрылыс саласына бөлінген қаржы тұрақты өсіп, 2023-2025 жылдар аралығында 349,9 млрд. теңгеге жетті. Құрылысы жүріп жатқан нысандардың сәулеттік келбеті мен ішкі дизайны алдын-ала келісіліп, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының үйлесімділігі қамтамасыз етілуде.Жұмыстың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы үшін барлық нысан тұрақты бақылауға алынған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1243282?lang=ru
18 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қармақшы ауданы және Төребай би ауылының тұрғындарымен кездеседі 04.07.2026
18 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Қармақшы ауданы және Төребай би ауылының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1242914?lang=ru
Қалалық саябақ қызылордалықтарға қызмет көрсетуде 04.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қалалық мәдениет және демалыс саябағына барып, жазғы демалыс маусымында тұрғындардың, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін атқарылған жұмыстармен танысты.Еске салсақ, саябақ өткен жылы 6,3 млрд теңгеге қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілген болатын. Жалпы аумағы 6 гектар нысан құрылысын «Bi Global» ЖШС жүргізді. Қазір мұнда 21 аттракцион келушілерге қызмет көрсетуде.Саябақты аралап шыққан аймақ басшысы аттракциондардың техникалық жай-күйін, қауіпсіздік талаптарының сақталуын тексерді. Жауапты сала басшыларына келушілердің қауіпсіздігін басты назарда ұстауды, аттракциондарды техникалық тексерістен тұрақты өткізуді, қоғамдық тәртіп пен профилактикалық жұмыстарды күшейтуді, тазалық сақтауды және абаттандыруды тапсырды. «Ең бастысы – балаларымыздың қауіпсіздігін басты назарда ұстаңыздар. Санитарлық талаптар қатаң сақталуы, айнала таза болуы тиіс. Әрбір аттракционның қасында техника қауіпсіздігіне жауап беретін арнайы нұсқаушы маманның барлығын жіті қадағалап тұруы өте маңызды. Қызметкерлерге қауіпсіздік ережелері түсіндірілуі қажет. Сондай-ақ тұрғындар арасында да түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қауіптің алдын алады», – деді аймақ басшысы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1242909?lang=ru
Төртжақты меморандумға қол қойылды 04.07.2026
Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжінің директоры Абайбек Жүнісов Қытай Халық Республикасының Бейжің қаласында халықаралық білім беру саласындағы маңызды құжатқа қол қойды.Төртжақты ынтымақтастық туралы меморандум Қызылорда облысының білім басқармасы, Чунцин электрондық ғылым және технологиялар кәсіптік университеті, И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда политехникалық жоғары колледжі және «Чунцин баспасы» компаниясы арасында жасалды.Аталған келісім техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және еңбек нарығына қажетті маман даярлауға бағытталған.Меморандум аясында тараптар оқытушылар мен студенттер алмасады. Қытайда білім алатын шетелдіктерді даярлау жүйесі дамиды, бірлескен оқу-тәжірибе орталықтарын, мамандандырылған шеберханалар құру көзделген. Екі тілде оқулықтар мен заманауи цифрлық білім беру ресурстары әзірленеді. Сонымен қатар «Қытай тілі + кәсіптік дағдылар» бағдарламасы енгізіледі. Өндірістік тәжірибеден өту, түлектерді жұмыспен қамту мүмкіндіктері кеңейтіліп, білім беру мен өндірісті ықпалдастыратын халықаралық жобалар іске асады.Сапар Чунцин қаласындағы келіссөздермен жалғасып, білім беру және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар кездесу өткізу жоспарланған. Бұл жаңа бастамалар мен бірлескен жобаларға жол ашпақ.Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының және Үкіметтің ерекше қолдауымен аймақтың білім беру саласында 46 заманауи нысан ел игілігіне табысталды. Олардың қатарында сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың бастамасымен Қызылорда қаласында бой көтерген еліміздегі алғашқы «Құзыреттілік орталығы» да бар. Бүгінде орталық жастардың кәсіби дағдыларын шыңдауына, тұрақты жұмыспен қамтылуына оң ықпалын тигізіп келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1242894?lang=ru
Cырдарияның жағалауы қауіпсіз әрі таза болуы керек 04.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қала аумағындағы бірқатар нысанды аралап шықты. Алдымен Президент саябағындағы көркейту-көгалдандыру жұмыстарын көрді. Заманауи демалыс аймағында субұрқақтар, амфитеатр, спорт, ойын, би, шахмат, баскетбол мен футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орналасқан.Мұнда 15 түрлі 2018 түп ағаш көшеті, 16 түрлі 53 189 түп бұта және 17 түрлі 54 546 көпжылдық гүл көшеті отырғызылып, 2,7 гектарға газон төселген. Жасыл желек спринклерлік және тамшылату жүйелері арқылы суарылады.Жалпы аумағы 30,94 гектар саябақтың 32,07 пайызы абаттандырылған, 64,8 пайызы көгалдандырылған, 1,66 пайызында қосымша ғимараттар мен құрылыстар, 1,47 пайызында субұрқақтар орналасқан.Одан кейін аймақ басшысы тұрғын үй құрылысы үшін мемлекеттік жер қорына қайтарылатын учаскелерге барып, Сырдария өзенінің қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарымен танысты. Жобаны «Қаратас Майнинг», авторлық қадағалауды «Geopsd kzo», техникалық қадағалауды «Орда-S» серіктестіктері жүзеге асыруда. Оған 2 млрд 996 млн теңге бөлінген, 2756 метр екі жолақты жаяу жүргінші және велосипед жолы салынып, асфальтбетон жабындысы төселеді. Сонымен бірге, 2928 метрлік қорғаныс бөгетінің еңісі нығайтылады. Бұл жағалауды су тасқыны мен шайылудан қорғайды.Сыртқы жарықтандыру жүйесі, 2848 метр электр желісі тартылады және 110 жарықтандыру тірегі орнатылады.Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету мақсатында 2670 метр металл қоршау, демалыс аймақтарына орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1242728?lang=ru
Қостанай облысы – Қазақстанның индустриялық дамуының негізгі драйверлерінің бірі 04.07.2026
Қостанай облысы бүгінде еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Өңір экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесіне жалпы өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада төртінші орынға ие болды.Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштері – машина жасау және металлургия салалары. Бүгінде машина жасау өндірісі облыстың өңдеу өнеркәсібінің жартысына жуығын құрайды. Қостанай облысы еліміздің автомобиль жасау орталығына айналып келеді. Қазақстанда шығарылатын барлық автокөліктің 55 пайыздан астамы дәл осы өңірде өндіріледі. Өткен жылы облыс кәсіпорындары 95 мыңға жуық автокөлік шығарса, биыл бұл көрсеткішті 116 мыңнан астам бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.Автомобиль жасау саласының көшбасшылары қатарында «СарыарқаАвтоПром» және «KIA Qazaqstan» зауыттары бар. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы машина жасау саласы да қарқынды дамуда. Өңірде әлемге танымал LOVOL, Deutz-Fahr, AMAZONE брендтерінің техникалары, сондай-ақ «Кировец» және «Белорус» тракторлары құрастырылуда. Маңызды жобалардың бірі – Қостанайдағы локализациялық орталық базасында John Deere техникасын өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімнің жасалуы.Өңір экономикасына металлургия саласы да қомақты үлес қосуда. Қостанай облысында болат прокаты мен «Доре» қорытпасын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша металлургиялық өндіріс көлемі 416 млрд теңгеден асты.Өнеркәсіптің тұрақты дамуы өндіріс көлемінің артуына, экспорттық әлеуеттің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.Соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған Қостанайдағы KIA Qazaqstan автозауыты. Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңгені құрады, оның 90 пайызы – тікелей шетелдік инвестициялар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.Бүгінде зауыт төңірегінде автокомпоненттер өндірісінің тұтас кластері қалыптасуда. Соның бірі – құны 17,8 млрд теңгені құрайтын TEHNOPARK KZ жобасы. Жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылып, KIA автокөліктеріне арналған бамперлер, салон элементтері, орындықтар, электр сымдары және басқа да бөлшектер өндіріледі. Сонымен қатар технологиялық жабдықтарды дамытуға қосымша 49,4 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда KamLit KZ компаниясының жобалары да ерекше орын алады. Өткен жылы жалпы құны 160,5 млрд теңгені құрайтын екі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде 650 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіруге және жетекші көпір арқалықтарын локализациялауға маманданған.Жалпы алғанда, 2025 жылы Қостанай облысында құны 322 млрд теңгені құрайтын жеті ірі индустриялық жоба іске асырылып, 3,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы жалпы құны шамамен 100 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай ауданында форель өсіретін және балық өңдейтін кешен салу жоспарланған. Бұл жоба облыс тұрғындарының балық өнімдеріне деген сұранысының шамамен 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сыйымдылығы 5,2 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасы салынбақ.Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Рудный қаласында жылына 200 мың тонна өнім өндіретін қант зауытының, Лисаков қаласында қуаттылығы 174 мың тонна болатын май экстракциялау зауытының және дәнді және майлы дақылдарды өңдеу кешенінің құрылысы бар.Өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде Қостанай қаласында жүзеге асырылатын «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің маңызы зор. Жобаның инвестициялық көлемі 63,8 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеу мүмкіндігіне ие болады.Индустриялық, аграрлық және инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде іске асыру Қостанай облысының еліміздің экономикалық өсімінің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Жаңа өндірістердің ашылуы, инвестициялардың тартылуы және мыңдаған жұмыс орындарының құрылуы өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалыптастыруда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1242285?lang=ru
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары жұмыс сапарымен СҚО-ға келді 04.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары аясында, өңірдегі өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық, энергетикалық және агроөнеркәсіптік жобалардың іске асырылу барысымен танысты.✔️ «Петропавл электротехникалық зауыты» трансформаторлар мен олардың құрамдас бөлшектерін өндіруге маманданған. Жобаның жалпы құны 10 млрд теңгені құрайды.✔️ Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ өңірдегі ірі машина жасау кәсіпорындарының бірі – «ЗИКСТО» ЖШС-нің қызметімен танысты. Кәсіпорын теміржол жылжымалы құрамын өндіреді. 2025 жылы жалпы аумағы 12 мың шаршы метр болатын жаңа зауыттың құрылысы аяқталып, заманауи роботтандырылған технологиялық желі іске қосылды. Жобаның құны 25 млрд теңгені құрайды, 300 жаңа жұмыс орны ашылды.✔️ Сапар барысында Нұрлыбек Нәлібаев CLAAS ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру зауытының, «Масло-Дел» ЖШС май экстракциялау зауытының, «Зелёный Север» жылыжай кешенінің және «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-ның жұмысымен танысты. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік және агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға, шикізатты терең өңдеуге және жоғары қосылған құны бар өнім өндіруге бағытталған.✔️ Энергетикалық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Петропавл ЖЭО-2-де 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы, сондай-ақ жөндеу және инвестициялық бағдарламалардың іске асырылуы таныстырылды. 2025 жылы инвестициялық бағдарлама көлемі 15 млрд теңгені құраса, ағымдағы жылы 16,2 млрд теңге қарастырылған.✔️ Сонымен қатар Петропавл қаласында Универсальная көшесі бойындағы жол өтпесі жобасы таныстырылды. Жобаны іске асыру қала аудандары арасындағы көлік және жаяу жүргіншілер байланысын жақсартып, көлік ағындарын азайтуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінде нысанның дайындық деңгейі 90%-ды құрайды, аяқталуы ағымдағы жылдың тамызына жоспарланған.✔️ Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары «Qyzyljar» экопаркі мен «Зенченко және К» КТ-нің заманауи сүт-тауар фермасының құрылысымен танысты. 8 мың басқа арналған, «Карусель» қондырғысымен жабдықталатын ферма Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің біріне айналмақ.Премьер-Министрдің бірінші орынбасары сондай-ақ Новоникольское ауылының әлеуметтік инфрақұрылымын аралап көрді. «Зенченко және К» КТ әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнестің үлгісін көрсетіп отыр: кәсіпорын есебінен Новоникольск ауылында тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынған. Соңғы бес жылда әлеуметтік жауапты бизнес ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға 3,2 млрд теңгеден астам инвестиция салған.✔️ Аталған жобалардың іске асырылуы Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсіптік және аграрлық әлеуетін нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1242167?lang=ru
Тұрғындар жеке қабылдауда әлеуметтік мәселелерді көтерді 04.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев азаматтарды кезектілік тәртібімен жеке қабылдады. Бүгінгі қабылдауға 12 адам тіркелсе, олардың екеуі онлайн қосылды.Келушілердің басым бөлігі әлеуметтік қолдау, баспана, көшелерді асфальттау және жұмыспен қамту мәселелерін көтерді.Арал ауданы Сексеуіл кентінің тұрғыны Ақтан батыр және Тәжібаев көшелерін асфальттау туралы айтты. Бұл көшелердің жобалық құжатын әзірлеу 2028 жылға жоспарланған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 2023 жылы Сексеуіл кентіндегі Ақорда тұйығы орташа жөнделген. Енді тұйықтың балабақшаға дейінгі бөлігін жөндеу алдағы кезеңге межеленген.Қабылдауда «Базис-А» мекемесінің теміржолшыларға арнап салған тұрғын үйлер құрылысын аяқтау мәселесі де көтерілді. Қазір екі пәтерлі 38 тұрғын үйдің 8-і толық бітіп, белгіленген тәртіппен пайдалануға берілген. Қызылорда қаласындағы Әл-Фараби шағын ауданының тұрғыны балалар ойын алаңын салу, жол жөндеу және қоғамдық көлікке қатысты мәселелерді көтерді.Осыған байланысты аталған аумақта балалар ойын алаңын салуға арналған бос жер телімі анықталып, жобаны «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында іске асыру жоспарына енгізу көзделуде.Сондай-ақ бұған дейін Қызылжарма-3 тұйық көшесінің тұрғындары №27 қоғамдық көліктің С. Бәйсейітова көшесінен Қарауылтөбе ауылына жетпей, бұрылыс тұсында аялдауын сұраған еді. Тұрғындардың өтініші қаралып, мәселе оң шешімін тапты.Инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жүргізілуде. Әл-Фараби шағын ауданынан Қарауылтөбе ауылының шекарасына дейінгі аумақтағы жеті көшенің бесеуінде «Әлем Транс Жол» ЖШС жол жөндеді.Қазір Аралбаева көшесіндегі жөндеу жұмыстары аяқталу сатысында. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар кезең-кезеңімен жалғасады.Ақжарма ауылының тұрғыны мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мәселесімен келген. Аймақ басшысы жұмыспен қамту назардан тыс қалмайтынын және заңнама аясында қарастырылатынын атап өтті.Қабылдауда көтерілген мәселелердің барлығы қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Бұл жолы да әрбір тұрғынның өтініші бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.Айта кетейік, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылу үшін тұрғындар eGov порталы, e-Otinish бірыңғай платформасы арқылы немесе әкімдікке жазбаша өтініш беру жолымен өтініш қалдыра алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1242063?lang=ru
Қазақстан мен Швеция сауда, өнеркәсіптік кооперация және жаңа инвестициялық жобаларды кеңейту мәселелерін талқылады 04.07.2026
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Швеция Сыртқы істер министрлігінің Сауда жөніндегі мемлекеттік хатшысы Диана Янсемен кездесу өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін, өзара тауар айналымын ұлғайту, инвестициялар тарту және екі елдің іскерлік топтары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту перспективаларын қарастырды. Сауданы дамытуға жәрдемдесу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстан мен Швеция нарықтарына өнімдердің қолжетімділігін жеңілдету, техникалық кедергілерді жою, логистикалық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, сондай-ақ экспорттық-импорттық операцияларды дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері талқыланды. Қазақстан тарапы отандық шикізаттық емес өнімдердің Швеция және Еуропалық Одақ нарықтарына экспортын кеңейтуге мүдделі екенін растады. Осыған байланысты экспорттаушыларды қолдау және тікелей іскерлік байланыстарды дамыту мақсатында QazTrade, Швецияның Ұлттық сауда кеңесі және Business Sweden ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері қарастырылды. Кездесуге қатысушылар өнеркәсіптік кооперация мәселелеріне де ерекше назар аударды. Тараптар Hyundai Trans Almaty мен Volvo Group арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылуын құптады. Жобаны іске асыру отандық машина жасау саласын дамытуға, жаңа өндірістік қуаттарды құруға, инвестициялар тартуға және Қазақстанның экспорттық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді деп күтілуде. Келіссөздер барысында швед бизнесінің Қазақстан нарығындағы қатысуын кеңейту перспективалары да қарастырылды. Қазақстан жетекші швед компанияларымен ынтымақтастықты дамытуға, соның ішінде елімізде IKEA дүкендерін ашу мүмкіндігіне қызығушылық білдірді. Тараптар бірлескен жобаларды ілгерілету және бизнестің өзекті мәселелерін шешу үшін тиімді алаңға айналатын Қазақстан–Швеция сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі комиссияны құрудың маңыздылығын атап өтті.Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан мен Швецияның сауда-экономикалық әріптестікті одан әрі нығайтуға, инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейтуге және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға өзара мүдделілігі расталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1241993?lang=ru
Сауда министрлігінде азық-түлік базардарындағы тиімсіз делдалдарды қысқарту жұмысының алдын ала қорытындылары шықты 04.07.2026
15 маусым күні ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің төрағалығымен азық-түлік базарларында тәртіп орнату және тауар өткізу тізбектеріндегі тиімсіз делдалдарды қысқарту мәселелеріне арналған кеңес өтті. Кеңеске облыс әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Қаржы министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері қатысты. Жиында сауда саласының ашықтығын арттыруға, көлеңкелі схемаларды жоюға және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын бақылауда ұстап, халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі жұмыс мәселесі талқыланды. Негізгі міндет – өндіруші мен тұтынушы арасындағы артық алып-сатарларды қысқартып, баға қалыптастыру үдерісін барынша түсінікті әрі бақылауға болатын деңгейге жеткізу. Қазіргі таңда бұл жұмыс тәжірибелік кезеңге көшті. Өңірлердегі баға жағдайына елеулі ықпал ететін 63 негізгі базар айқындалды. Аталған нысандарда көшпелі тексерулер, мониторинг және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы кезеңде ғана «Алтын Орда» мен «Барыс-4» секілді ірі сауда орындарын қоса алғанда, 18 базар қамтылды. Тексеру қорытындысы бойынша 486-ға жуық заңбұзушылық анықталып, олардың әрқайсысы бойынша тиісті шаралар қабылдануда. «Сонымен қатар тауар өткізу тізбектеріндегі тәртіпті күшейту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан 150 тиімсіз делдал шығарылды. Тексеру нәтижесінде контрафактілік және таңбаланбаған өнімдер, көлеңкелі айналым, кассалық тәртіптің бұзылуы, еңбек қатынастарының рәсімделмеуі және сауда орындарын бірнеше мәрте қосалқы жалға беру фактілері анықталды», – деді ҚР СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ернұр Жәутікбаев. Кеңесте заңсыз өнім айналымы мәселесі де талқыланды. Қолданыстағы шектеулерге қарамастан, бірқатар өңірлерде қажетті құжаттары мен таңбалауы жоқ импорттық тауық жұмыртқаларын сату фактілері анықталған. Жалпы алғанда, заңсыз айналымнан шамамен 32,5 мың дана жұмыртқа тәркіленді. Сондай-ақ тәркіленген өнімдерді жою кезінде міндетті түрде бейнефиксация жүргізу және мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту қажеттігі атап өтілді. Кеңес барысында ҚР Қаржы министрлігінің мәліметтері де ұсынылды. Ведомство өкілдері 38 ірі азық-түлік базарына тексеру жүргізіп, олардың аумағында қызмет ететін сауда субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді талдау жасаған. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде мониторинг пен бақылау шаралары үшін 67 азық-түлік базары іріктелді. Бұл базардарда жалпы саны 16 640 сауда субъектісі қызмет атқарады. Талдау нәтижесінде 4 843 кәсіпкердің бақылау-касса машиналарын тіркемей бөлшек саудамен айналысқаны, ал 5 846 субъектінің тіркелген POS-терминалдары жоқ екені анықталды. Сонымен қатар табысын төмендетіп көрсетуге әрекет жасаған 247 кәсіпкер анықталып, оларға қатысты қосымша талдау мен хронометраждық тексерулер тағайындалды. Бұдан бөлек, 109 кәсіпкерге тыңдауға келу туралы хабарлама жолданды. Қазіргі уақытта олардың 74-іне қатысты тыңдау өткізіліп, нәтижесінде жалпы сомасы 3,5 млрд теңгеге қосымша жиынтық табыс декларациялары тапсырылды. Жұмысқа ішкі істер органдары да тартылған. Олардың мәліметінше, базарлар мен оған іргелес аумақтарда заңсыз көше саудасының 2 345 фактісі, заңсыз сауданың 37 дерегі және заңсыз кәсіпкерліктің 201 жағдайы анықталған.Алдағы уақытта жұмыс мемлекеттік органдар мен әкімдіктер арасындағы жауапкершілікті нақты бөлуді көздейтін бірыңғай алгоритм негізінде жалғасады. Өңірлерге базарларды бақылауды күшейту, бейнебақылау жүйелерін орнату және тиімсіз делдалдарды анықтап, оларды осы жүйеден шығару жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Сонымен қатар сауда үстемақыларына бақылау күшейтілуде. «Тәуекел факторларын ескере отырып, заңсыз қызметтен бастап көлеңкелі жұмыспен қамтуға дейінгі, сондай-ақ санитарлық және өрт қауіпсіздігі талаптарының өрескел бұзылуы тіркелген 63 азық-түлік базары анықталды. Бұл нысандардың барлығы ерекше бақылауға алынды. Біз барлық қажетті профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Барлық ескертулер берілді. Енді тек түсіндірумен шектелмейміз. Қажет болған жағдайда осы базарлардың жұмыс форматын қайта қарауға дейін баратын қатаң шаралар қабылданады. Құқықтық алаңнан тыс жұмыс істейтін тұлғалар сауда жүйесінде қалмауы тиіс», – деді Арман Шаққалиев.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1241997?lang=ru
Астанада Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясының орталығы ашылды 04.07.2026
Астанада Қазақстан мен Қытайдың мемлекеттік органдары мен бизнес қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен «Қытай (Цзянсу провинциясы) – Қазақстан» сауда-экономикалық ынтымақтастық форумы өтті. Іс-шара екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға бағытталған маңызды диалог алаңына айналды. Форум аясында Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пен Қытай Халық Республикасының Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин инвестициялық ынтымақтастықтың келешегін талқылап, Орталық Азиядағы Цзянсу провинциясы орталығының ашылғанын ресми түрде жариялады. Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Мемлекеттер басшылары айқындаған стратегиялық бағыттың нәтижесінде Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде өз орнын нығайтып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы рекордтық көрсеткішке жетіп, 49 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар Қазақстан Қытайдың Орталық Азиядағы басты экономикалық серіктесі саналады. Қазіргі таңда Қытайдың өңір елдерімен жалпы сауда көлемінің шамамен 60 пайызы Қазақстанның үлесіне тиесілі. «Мемлекеттеріміз басшыларының стратегиялық көзқарасы мен өзара сенімге негізделген саясатының арқасында Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық тұрақты экономикалық өсімнің және өңірлік өзара байланыстарды дамытудың маңызды факторы болып отыр. Бүгінде біз Цзянсу провинциясының кәсіпкерлерін өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік өңдеу, мұнай-газ химиясы және цифрлық технологиялар салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Астанадағы Цзянсу орталығының ашылуы өзара тиімді серіктестіктің заңды жалғасы әрі жаңа өндірістік тізбектерді қалыптастырудың тиімді құралы болады деп сенемін», – деді форум барысында ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев. Форумда қазақстандық тарап еліміздің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, Цзянсу провинциясының компанияларын жаңартылатын энергия көздері, электрондық сауда және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Іс-шараның маңызды нәтижелерінің бірі логистика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы келісім болды. Атап айтқанда, Ақтау портында жаңа контейнерлік жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл жоба «есіктен шекараға дейін» қағидаты бойынша құрылатын бірыңғай логистикалық тізбектің құрамдас бөлігіне айналады. Сондай-ақ тараптар Қазақстан экспортының құрылымын әртараптандыру жөнінде уағдаласты. Алдағы кезеңде Цзянсу провинциясына қазақстандық бидай, ет және бал өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Форум барысында әлемдегі жетекші индустриялық өңірлердің бірі саналатын Цзянсу провинциясының әлеуетіне ерекше назар аударылды. Оның өнеркәсіптік өндіріс көлемі әлемдік өндірістің шамамен 4 пайызын құрайды. Қазіргі уақытта Цзянсу компаниялары Қазақстанда 63 инвестициялық жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл көрсеткіш провинцияның Орталық Азия елдеріне салған инвестицияларының жалпы көлемінің 47 пайызына тең. «Қытай мен Қазақстан – ортақ болашаққа ұмтылған жақын достар әрі сенімді серіктестер. Екі ел арасында бірегей стратегиялық әріптестік қалыптасқан. Экономикаларымыз бірін-бірі толықтырып отыр, сондықтан өзара сауда көлемін екі есеге арттыруға толық мүмкіндік бар деп есептеймін. Біз жасанды интеллект, жасыл экономика және электрондық коммерция сияқты жаңа бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға және екіжақты инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасауға ниеттіміз», – деді Цзянсу провинциясы партия комитетінің хатшысы Синь Чжансин. Астанада ашылған Орталық Азиядағы Цзянсу орталығы қытайлық компанияларға арналған бірыңғай сервистік хаб қызметін атқарады. Орталық консалтингтік қолдау көрсетіп, көрме қызметін ұйымдастыруға және «Жібек жолы» электрондық коммерциясын дамытуға жәрдемдеседі. Форум қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен өндірістер құруға және сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге өзара мүдделі екенін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1241991?lang=ru
Теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды 04.07.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында теміржол саласы мен инфрақұрылымын дамыту мәселесі қаралды. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты. Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте мәселелер жан-жақты талқыланды.Аймақ басшысы теміржол вокзалдарын коммуналдық меншікке қабылдауды заңнама талаптарына сәйкес уақытылы аяқтауды тапсырды.–Теміржол вокзалдарының сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсетуі де жаңа сапаға көшуі тиіс. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп, вокзалдар аумағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Облыс аумағынан 1051 шақырым теміржол желісі өтеді. Оның 83,4 шақырымын күрделі жөндеу басталды. Бүгінгі күнге дейін 50,4 шақырымы жөндеуден өткен, қалған 33 шақырымы жыл соңына дейін бітеді. Сексеуіл станциясында 18,7 шақырым теміржол салынып, 77 жиынтық бағыттамалы бұрма орнатылуда.Қызылорда облысынан 15 жұп, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушы пойызы қатынайды.Осыдан екі жыл бұрын Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы күрделі жөнделіп, іргелес аумағы абаттандырылды. Бүгінде өңірдегі 7, атап айтқанда Жаңақорған, Шиелі, Жосалы, Төретам, Қазалы, Арал теңізі, Сексеуіл вокзалдарында, Тереңөзек пен Жалағаштағы қызмет көрсету пункттерінде, Жаңақорған ауданы Талап бекетіндегі жолаушылар платформасында күрделі жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қазалы, Шиелі, Жаңақорған вокзалдары мен Талап бекетінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды.Сондай-ақ мәжілісте жауапты басшыларға бір апта ішінде өндірістің жаңа бағыттарын дамыту және іске қосуға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеу міндеттелді. Негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы сақталуы тиіс.Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы күзгі залалсыздандыру жұмыстарын сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізу мәселесі де талқыланды.Облыс әкімі кенеге қарсы өңдеу шараларын ветеринариялық талаптарға сай ұйымдастырып, орындалуын қатаң бақылауды тапсырды. Аурудың алдын алудың және алғашқы белгілері байқалған бойда медициналық көмекке жүгінудің маңызы туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізілуі қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1241912?lang=ru
Заманауи техника өндіріс тиімділігін арттырады 03.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, облыстық мәслихат хатшысы Мұрат Тлеумбетовтың Жаңақорған ауданына жұмыс сапары Сунақата ауылындағы «Әмір» шаруа қожалығының егіс алқаптарын аралаумен жалғасты. Сондай-ақ аймақ басшысы осы сапарда «Сығанақ» қалашығын зерттеу жұмыстарының барысын да бағамдады.Шаруашылық орта есеппен жылына 200 тонна күріш және 400 тонна көкөніс-бақша өнімдерін өндіреді. Өнімдері Қызылорда және Түркістан облыстарының ішкі нарығына жеткізіледі. Заманауи агротехнологиялармен және техникамен жабдықталған. Атап айтқанда, «Беларус 1221» тракторы, «Class» комбайны, ХТЗ техникасы, жүк тиегіштер, лазерлі тегістегіштер, КамАЗ көліктері және агродрондар қолданылады. Бұл егін шаруашылығын цифрландыру мен өндіріс тиімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.Биыл аймақта 89,7 мың гектарға дәнді дақылдар, 6,1 мың гектарға майлы дақылдар, 73,2 мың гектарға малазықтық дақылдар, 16,8 мың гектарға картоп, көкөніс және бақша дақылдары егілді.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес күріш көлемі 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Бұл қадам су ресурстарын тиімді пайдалану және егіс құрылымын әртараптандыруға бағытталған.Ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері қолда бар 3975 техниканы толық жөндеуден өткізді. Қажетті минералдық тыңайтқыштардың жалпы көлемі 65,6 мың тонна, оның 11 мың тоннасы отандық өнімдер есебінен қамтамасыз етілуде.Аймақ басшысы барған келесі нысан ортағасырлық Сығанақ қалашығы еліміздегі ең маңызды археологиялық ескерткіштердің бірі саналады. Қыпшақ хандығының, кейін Ақ Орданың және Қазақ хандығының астанасы болған тарихи қала орны. ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізуге ұсынылған маңызды тарихи ескерткіштер қатарына кіреді.Қазір мұнда ежелгі қамал дуалдарының іздері, төбешікке айналған құрылыс қалдықтары және археологиялық қазба жұмыстары барысында анықталған нысандар сақталған. Қалашық толық қалпына келтірілмегенімен, оның тарихи келбетін зерттеу, сақтау және қалпына келтіру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1241317?lang=ru
Жаңақорғанда медициналық инфрақұрылымды дамыту жұмыстары қарқынды 03.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында көпбейінді орталық ауруханаға жапсарлас салынған жаңа қосымша ғимаратты аралап көрді.Медициналық қызмет сапасын арттыру және тұрғындардың заманауи диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту мақсатындағы құрылысты «Дәнекер құрылыс компаниясы» жүргізген. Оған 792 млн теңге қаржы бөлінген.Жалпы ауданы 1212,06 шаршы метр, екі қабатты, цокольдік қабаты да бар, 9 төсек-орынға арналған. Заманауи магниттік-резонанстық томография аппараты орнатылатын болады.Жаңа ғимарат аудан тұрғындарының жоғары технологиялық-диагностикалық қызметтерге қолжетімділігін арттырып, ауруды ерте анықтау мен сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді.Жаңақорған аудандық көпбейінді орталық ауруханасы 245 төсек-орынға есептелген, ғимараттың жалпы көлемі 5852,4 шаршы метр, үш қабатты, бес блоктан тұрады.Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қабылдау бөлімшесі, хирургия, терапия, перзентхана және гинекология бөлімшелері, зертхана, нейрореабилитация, жұқпалы аурулар, реанимация бөлімшелері жұмыс істейді. Сонымен қатар, күндізгі емдеу бөлімі, сәулемен емдеу, рентген, трансфузиология, ультрадыбыстық зерттеу, жүкті әйелдерге арналған УДЗ аппараты және компьютерлік томография қызметтері көрсетіледі.Бүгінде ауруханада 1520 қызметкер аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау мен нығайту бағытында жүйелі жұмыс атқаруда. Медициналық мекеме жеке қазандық арқылы сұйытылған газбен жылытылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1241323?lang=ru
Геннадий Головкин Халықаралық бокс даңқы залына енгізілді 03.07.2026
АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында Халықаралық бокс даңқы залының (IBHOF) жаңа мүшелерін салтанатты түрде қабылдау рәсімі өтті. Қазақстан тарихында осы элиталық клубқа енген алғашқы өкіл — Геннадий Головкин болды. Оның спорттағы зор жетістіктері өзін аңызға айналған спортшы әрі өз дәуірінің ең үздік боксшыларының бірі ретінде мойындатты.Головкин Даңқ залына алғашқы мүмкіндіктен-ақ қабылданды. Бұл кәсіби бокс әлеміндегі ең жоғары құрметтің бірі саналады. Енді қазақстандық боксшының есімі осы спорт түрінің ұлы тұлғалары — Мұхаммед Әли, Майк Тайсон, Флойд Мейвезер және Мэнни Пакьяо сынды саңлақтармен бір қатарда тұр.Спорттық еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі ретінде Геннадий Головкин Даңқ залы музейіне өзінің әйгілі чемпиондық шапанын табыстады. Ол бұл шапанды көптеген жекпе-жектерде киіп шыққан және ол боксшының жарқын мансабының ажырамас нышанына айналған.Головкинмен бірге «2026 жылғы классқа» Men's Modern санатында америкалық Антонио Тарвер мен Ұлыбритания өкілі Найджел Бенн, сондай-ақ Women's Modern санатында жапониялық Наоко Фудзиока және мексикалық Джеки Нава енгізілді.Әуесқой бокста Геннадий Головкин 350 жекпе-жектің 345-інде жеңіске жетіп, ұзақ жылдар бойы Қазақстан ұлттық құрамасының көшбасшысы болды және ел намысын ең ірі халықаралық турнирлерде абыроймен қорғады.Кәсіпқой боксқа ауысқаннан кейін Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақтағы ең үстем чемпиондардың біріне айналды. Ол кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске қол жеткізді, оның 37-сін нокаутпен аяқтады. Қарағандылық былғары қолғап шебері WBA, WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеулерді, сондай-ақ The Ring чемпиондық атағын иеленді. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы салмақ дәрежесіне қарамастан әлемнің үздік боксшылары қатарынан түспеді.HBO телеарнасымен келісімшартқа қол қою оған әлемдік деңгейдегі танымалдыққа жол ашты. Агрессивті мәнер, көрерменді тәнті ететін жекпе-жектер және жойқын соққы күші Головкинді әлемдік бокстың ең жарқын жұлдыздарының біріне әрі миллиондаған жанкүйердің сүйіктісіне айналдырды.Мансабы барысында ол бірқатар айтулы жетістіктерге қол жеткізді. Тоғыз жыл бойы қатарынан тіркелген 23 нокауттық жеңіс орта салмақ дәрежесі үшін рекорд болды. Оның еншісінде чемпиондық титулдарды 21 мәрте сәтті қорғау көрсеткіші бар. Ал мерзімінен бұрын аяқталған жеңістер үлесінің 90 пайыздан асуы әлем чемпиондары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді.Бүгінде Геннадий Головкин Қазақстанның намысын рингтен тыс жерде де қорғап келеді. Ол Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті мен World Boxing ұйымдарын басқарады. Осылайша ол халықаралық спорт федерациясының президенті болып сайланған Қазақстанның алғашқы өкілі атанды.Халықаралық бокс даңқы залы 1989 жылы Канастота қаласында Эд Брофи негізін қалаған ұйым болып саналады және кәсіби бокстағы жетістіктерді мойындайтын әлемдегі басты институттардың бірі ретінде танылған. Ұйым осы спорт түрінің тарихын сақтаумен айналысады. Бүгінде оның мүшелерінің саны 300 адамнан асады.Геннадий Головкиннің IBHOF қатарына қабылдануы оның жеке жетістіктерінің мойындалуы ғана емес, сонымен бірге бүкіл қазақстандық спорт үшін тарихи оқиға болды.Olympic.kz мәліметі бойыншаАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1241007?lang=ru