Спорт
eGov Mobile қосымшасының жаңа нұсқасы қазақстандықтарға қолжетімді болды 14.08.2025
eGov Mobile мобильді қосымшасы соңғы жылдардағы ең ауқымды жаңартудан өтті: интерфейсі қайта жасалды, навигациясы жетілдірілді, интеллектуалды іздеу мен цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу мүмкіндігі қосылды. Жаңарту өсіп келе жатқан сұранысқа жауап ретінде іске асырылды – бес жыл ішінде eGov Mobile қолданушыларының саны алты есеге өсіп, 11 миллионнан асты.Интеллектуалды іздеу және виртуалды көмекшіБасты жаңалықтардың бірі – интеллектуалды іздеу. Енді сұранысты енгізген сәтте барлық сәйкес нәтижелер көрсетіледі: қызметтер мен өмірлік жағдайлар. Іздеу жолағының жанында жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін eGov AI виртуалды көмекшісі пайда болды.eGov AI қосымшаға кіріктірілген және пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер жөнінде қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі. Ол чат форматында жұмыс істейді – сұрақ қойсаңыз, көмекші қарапайым тілмен не істеу керегін түсіндіреді, қажет болса бірден тиісті бөлімге немесе қызметке бағыттайды. Мұндай тәсіл уақытты үнемдеп, навигацияны жеңілдетеді. Іздеу жолағы жанындағы eGov AI белгішесін басу жеткілікті – сол сәтте чат ашылып, бірнеше секунд ішінде жауап алуға болады.Қауіпсіздік күшейтілдіЖаңарту барысында ақпараттық қауіпсіздікке ерекше мән берілді. Жеке деректерді қорғау деңгейі арттырылды, жүйенің сыртқы қауіптерге төзімділігін жоғарылатуға бағытталған техникалық жетілдірулер енгізілді.Ыңғайлы навигацияБасты бетте енді ең танымал сервистердің белгішелері көрсетіледі – оның ішінде мемлекеттік қызметтерге жедел қол жеткізу мүмкіндігі де бар. Көзге бірден түсетін жерге орналастырылған eGov логотипі қызметтер каталогына тікелей өтеді. Мұнда барлық қызметтер тақырыптар бойынша реттеліп берілген. Навигация электрондық үкімет және Е-лицензиялау порталы бағыттары бойынша бөлінген. Төменгі бөлікте жаңа мүмкіндіктер жөніндегі қысқаша ақпараттық баннерлер, сондай-ақ ТОП-қызметтер, танымал және ұсынылған қызметтер тізімі орналасқан.Жаңартылған «Сервистер» бөліміҚолданушылар үшін барлық цифрлық сервистер тізімі енді қосымшаның төменгі мәзіріндегі «Сервистер» белгішесі арқылы қолжетімді. Басты беттегі танымал сервистерден бөлек, мұнда барлық қолжетімді құралдар бөлімдер бойынша топтастырылған.Интерфейсі де ыңғайлырақ болды: әр сервис қасында түйреуіш бейнесіндегі белгіше бар – оны басқанда қызмет автоматты түрде танымалдар тізіміне қосылады. Сондай-ақ негізгі функцияларды қысқаша сипаттайтын баннерлер орналастырылған, бұл қосымша мүмкіндіктерді тезірек игеруге көмектеседі.Цифрлық құжаттарға жедел қол жеткізу«Цифрлық құжаттар» бөлімі айтарлықтай жаңартылды. Жеке куәлік, паспорт, туу туралы куәлік және өзге де маңызды құжаттар енді басты бетте бірден көрсетіледі – жеке бөлімге кірудің қажеті жоқ. Бұл қажетті құжатты немесе оның түпнұсқалығын тексеруге арналған QR-кодты лезде көрсетуге мүмкіндік береді.Өмірлік жағдайлар каталогыПайдаланушыларға қолайлы болуы үшін өмірлік жағдайлар бойынша жеке каталог енгізілді. Мұнда, мысалы, емханаға тіркелу, құжаттарды қалпына келтіру немесе жүргізуші куәлігін алу тәртібі бойынша кезең-кезеңімен нұсқаулық берілген. Қажетті жағдай таңдалған кезде құрылымдалған ақпарат ашылады: қандай әрекеттерді орындау керек, қайда жүгіну қажет, қай қызметті пайдалану керек және осы жағдайда қандай нормативтік құжаттар қолданылады.Әр өмірлік жағдай интерактивті сауалнама арқылы толықтырылады. Оның нәтижесі бойынша пайдаланушыға жеке сценарий ұсынылады. Егер ұсынылған шешім сәйкес келмесе, сауалнаманы қайта өтіп, балама нұсқаны алуға болады.eGov QR қызметінің жетілдірілуіЕнді экранда қызметтің мақсаты туралы түсініктеме көрсетіледі, ал қажет болған жағдайда түнгі уақытта қолдануға ыңғайлы болу үшін экран автоматты түрде жарықтанады.«Хабарламалар» бөлімін жаңартуҚызмет мәртебелері, сауалнама нәтижелері және маңызды жаңартулар туралы хабарламалар енді тақырыптар бойынша топтастырылған, бұл қажетті ақпаратты іздеуді жеңілдетеді.Жеке профильдегі кеңейтілген деректерПрофильде енді жеке мәліметтер, отбасы, денсаулық, еңбек қызметі, айыппұлдар, мүлік және басқа да салаларға қатысты ақпарат көрсетіледі. Сондай-ақ берілген келісімдер тарихы қолжетімді, ал қажетті бөлімге өту айқын және логикалық навигация арқылы жүзеге асады.eGov Mobile-дың ауқымды жаңартуы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның бірлескен жұмысының нәтижесі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1050774?lang=kk

WIFI DX: Әйел-кәсіпкерлерге арналған халықаралық бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді 14.08.2025
2025 жылғы 12–13 тамызда Алматыда Women ICT Frontier Initiative – Digital Transformation (WIFI DX)бағдарламасы аясында үшінші аймақтық тренинг өтті. Іс-шараны Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша даму үшін Азия-Тынық мұхиты оқу орталығы (APCICT/ESCAP) Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды.Бағдарлама тарихында алғаш рет тренинг орыс тілінде өткізілді, бұл Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің әйел-кәсіпкерлері үшін оны қолжетімді етті. Тренингті жергіліктендіру Банк ЦентрКредиттің қолдауымен, сондай-ақ технологиялар мен кәсіпкерлік саласындағы жетекші әйелдер қауымдастықтарының — Women in Tech Kazakhstan, She Business Community, Women in Business серіктестігі арқылы мүмкін болды.Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінен келген тренерлер мен әйел-кәсіпкерлер қатысты. Бұл WIFI DX бағдарламасының Орталық Азиядағы ресми басталуын білдіреді. Өзбекстанның Цифрлық технологиялар министрлігінің өкілдері мен орталықазиялық Women in Tech қауымдастықтарының қатысуы бағдарламаның аймақтық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудағы маңызын көрсетті.WIFI DX бағдарламасы әйел-кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін олардың цифрлық дағдыларын дамытуға бағытталған. Екі күндік бағдарлама электрондық коммерция және цифрлық маркетинг, деректерді талдау, цифрлық қауіпсіздік, бизнестің үздіксіздігін жоспарлау және маркетинг пен сатуда жасанды интеллектті енгізу бойынша курстарды қамтыды.«Бұл тренинг тек цифрлық дағдылар туралы ғана емес, сонымен қатар сенім, мүмкіндіктер және аймақтық ынтымақтастық туралы», — деді Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің кеңесшісі Ассем Болатжан.«Тренингті қазақ және орыс тілдерінде өткізе отырып, біз тілдік кедергілерді жоямыз және көбірек әйелдер үшін маңызды білімге қол жеткізуді қамтамасыз етеміз», — деп қосты Банк ЦентрКредит Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары дирекциясының басшысы Амина Хасенова.2016 жылы APCICT/ESCAP бастамасымен іске қосылған WIFI DX бағдарламасы цифрлық экономика жағдайында әйел-кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне сай дамуды жалғастыруда. Бағдарламаның Орталық Азиядағы нұсқасы аймақтағы одан әрі жергіліктендірілген және бірлескен бастамаларға негіз болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1050672?lang=kk

Қазақстан 50-in-5 жаһандық бастамасына қосылды 25.06.2025
Қазақстан «50-in-5» жаһандық бастамасына қосылды. Бұл бастама елдердің күшін біріктіре отырып, цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның (DPI) негізгі элементтерін жедел енгізуді мақсат етеді. Бұл технологиялар заманауи, ыңғайлы, проактивті мемлекеттік қызметтерді дамытуға негіз болып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және цифрлық экономиканы ілгерілетуге ықпал етеді.Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. DPI барлық мемлекеттердің орнықты әрі инновациялық экономика құрып, азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет.«50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір DPI элементін енгізуі. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығындарды азайтып, трансформацияны жеделдетуге мүмкіндік беретініне негізделген.«Қазақстандағы цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартуға бағытталған құрал. Осы мақсатта біз әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады, осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақынырақ бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – адамға бағытталған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.Қазақстанда цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп, бүкіл ел аумағында кеңейтілуде. Цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – eGov Mobile мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.Бүгінде eGov Mobile қосымшасын 10,9 миллионнан астам қазақстандық пайдаланады, оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 миллион адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал eGov Mobile арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 миллионнан асты.Пайдаланушылардың ерекше қызығушылығын «Цифрлық құжаттар» бөлімі тудырады. Онда жеке куәліктен бастап жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 миллионнан астам рет қолданған.Қазақстандағы мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін Smart Data Ukimet ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген. Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді.Бүгінгі таңда әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 миллионнан астам рет көрсетілді. Smart Data Ukimet, Электрондық үкімет шлюзі және Smart Bridge бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.«50-in-5» – бұл цифрлық қоғамдық инфрақұрылымды енгізу арқылы цифрлық күн тәртібін жеделдетуге бағытталған елдер бастамасы. Бұл бастама Билл және Мелинда Гейтс қоры, Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым орталығы, Co-Develop ұйымы, Цифрлық қоғамдық игіліктер альянсы және БҰҰ Даму бағдарламасымен (ПРООН) бірлесіп жүзеге асырылады. Бұдан бөлек, бастамаға GovStack, Америкааралық даму банкі, ЮНИСЕФ және БҰҰ-Әйелдер ұйымы қолдау көрсетеді.«50-in-5» бастамасы аясында елдер цифрлық көшбасшылармен тәжірибе алмасып, халықаралық үздік тәжірибелерді зерделеп, техникалық және әдістемелік қолдау ала алады. Қазақстан үшін бұл бастамаға қатысу – ұлттық цифрлық әлеуетті нығайтып, әрбір азаматтың мүддесіне жұмыс істейтін орнықты цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған маңызды қадам.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1023778?lang=kk

Қазақстан ШЫҰ аясында цифрландыру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда 25.06.2025
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев 17 маусымда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында өткен, ШЫҰ мүше мемлекеттерінің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) саласындағы министрлер мен ведомстволар басшыларының IV кеңесіне қатысты.Кеңеске Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Қазақстан, Беларусь, Ресей, Пәкістан, сондай-ақ ШЫҰ бақылаушы елдері — Түркия мен Әзірбайжанның АКТ дамытуға жауапты министрлер мен ведомстволардың басшылары қатысты.Қатысушылар АКТ саласындағы озық тәжірибелерімен бөлісіп, ШЫҰ елдерінің экономикасын цифрландырудың табысты мысалдарына тоқталды. Сондай-ақ, жиын барысында цифрлық даму мәселелері мен перспективалары, жаңа технологияларды енгізу жоспарлары талқыланды.Одан бөлек, «цифрлық теңсіздік» мәселесіне ерекше назар аударылды. Бұл ретте мамандар цифрлық инклюзивтілік – ШЫҰ аясындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты екенін атап өтті.ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев Қазақстанның ШЫҰ аясында цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуге басымдық беретінін жеткізді.«Қазақстан цифрлық инфрақұрылымды дамыту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, «ақылды қала» технологияларын енгізу, өнеркәсіп пен шағын және орта бизнесті цифрландыру, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен цифрлық тәуелсіздікті қамтамасыз ету сияқты басым бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастыққа дайын», - деді вице-министр.Кеңес қорытындысы бойынша тараптар ШЫҰ мүше мемлекеттерінің цифрлық трансформация саласындағы іс-қимыл жоспарын қабылдады.Цифрландыру және АКТ дамуы аталған мемлекеттерге тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, экономикалық өсімді қамтамасыз ету және қауіпсіздікті арттыру сияқты маңызды міндеттерді тиімді шешуге мүмкіндік береді. Осы тұрғыда ШЫҰ аясындағы ынтымақтастық бүкіл аймақтың үйлесімді дамуы мен мүше мемлекеттер арасындағы өзара сенімді нығайту үшін маңызды болып отыр.Айта кетерлігі, келесі кеңес Қырғыз Республикасының төрағалығымен 2026 жылдың маусым айында Бішкек қаласында өтеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1021398?lang=kk

NITEC Fitch агенттігінен «BBB» деңгейіндегі инвестициялық кредит рейтингін алды 25.06.2025
Халықаралық рейтинг агенттігі Fitch Ratings «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ға (NITEC) шетел және ұлттық валютадағы эмитенттің ұзақмерзімді дефолт рейтингін (Issuer Default Ratings, IDR) «BBB» деңгейінде, тұрақты болжаммен берді. Бұл шешім компанияның халықаралық деңгейдегі тұрақтылығын және Қазақстан үшін стратегиялық маңызын мойындаудың маңызды көрсеткіші болды.Fitch тұжырымына сәйкес, рейтингтер NITEC-тің ұлттық цифрлық инфрақұрылымдағы маңызды рөлін және мемлекеттік сектормен институционалдық байланысын көрсетеді. Компания мемлекет үшін технологиялық серіктес ретінде әрекет етіп, негізгі ақпараттық жүйелердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп келеді.Берілген рейтинг Қазақстан Республикасының егемендік рейтинг деңгейіне сәйкес келетіндігін атап өткен жөн. Бұл компанияға жетекші халықаралық агенттіктердің бірі тарапынан жоғары сенім білдірілгенін көрсетеді.«BBB» деңгейіндегі инвестициялық рейтингтің және тұрақты болжамның берілуі – бұл компанияның қаржылық сенімділігінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар халықаралық инвестициялық қауымдастыққа берілген күшті сигнал. Бұл NITEC тұрақты макроэкономикалық және басқару ортасында жұмыс істейтінін, қарызды басқару бойынша жауапты саясат жүргізетінін және ресурстарды тиімді пайдаланатынын дәлелдейді.Бұл оқиға компания үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады: серіктестер үшін ашықтық артады, қаржы институттарының сенімі нығаяды, халықаралық капитал нарығына шығу әлеуеті пайда болады. Сонымен қатар, Fitch рейтингі NITEC-тің корпоративтік басқару және институционалдық даму деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.Құрылған сәтінен бастап NITEC цифрлық мемлекеттің архитектурасын жүйелі түрде қалыптастырып келеді. Компания негізгі мемлекеттік IT-қызметтерді дамытып, сүйемелдеп, елдің цифрлық платформасының технологиялық сенімділігін, ауқымдылығын және тұрақтылығын қамтамасыз етуде.Рейтинг туралы толық ақпарат Қазақстан қор биржасының ресми сайтында және Fitch мақаласында қолжетімді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1018811?lang=kk

Құрметті туристер! 21.06.2025
Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Азаматтық авиация комитетінің Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты хабарламасына сәйкес, Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливан аумағында, әуе кеңістігінде және оған жақын аймақтарда ұшуға толық тыйым салынғанын хабарлаймыз. Бұл шектеу арнайы бұйрық шыққанға дейін күшінде болады.Аталған ведомствоның нұсқауы отандық әуе тасымалдаушылардың барлық тұрақты және тұрақсыз жолаушылар, жүк, сондай-ақ техникалық рейстеріне қатысты.Осыған байланысты туристерден жағдайды жіті қадағалап, сапарларын, әсіресе БАӘ мен Парсы шығанағы елдеріне баруды мұқият жоспарлауды сұраймыз.Аталған өңірдегі ахуал өзгерген жағдайда, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің авиациялық қауіпсіздік департаменті қосымша ақпарат ұсынады.ҚР Туризм және спорт министрлігі жағдайды жіті бақылауда ұстап, жауапты мемлекеттік органдар, елшіліктер және туроператорлармен тұрақты байланысып отыр. Қажет болған жағдайда Министрлік Туристік Қамқормен және әуекомпаниялармен бірлесіп туристерді қайтаруды қамтамасыз етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1017510?lang=kk

Қазақстан құрамасы – волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионы 21.06.2025
Қытайдың Ханчжоу қаласында волейболды отырып ойнаудан өткен Азия чемпионатының финалында Қазақстан ұлттық құрамасы Қытай командасын 3:2 есебімен (22:25, 19:25, 25:19, 25:20, 8:5) жеңіп, өз тарихында алғаш рет Азия чемпионы атанды.Жарыс барысында Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде Сауд Арабиясы, Жапония және Аустралия командаларын, ал жартылай финалда Таиланд құрамасын 3:0 есебімен сенімді түрде жеңді.Чемпионат қорытындысы бойынша бірінші орынды Қазақстан, екінші орынды Қытай және үшінші орынды Таиланд құрамасы иеленді.Сондай-ақ чемпионат барысында жоғары шеберлік көрсеткен ұлттық құраманың бірнеше ойыншысы жеке марапаттарға ие болды. Эрик Каскабаев – үздік доп беруші, Шыңғыс Медеуов – үздік либеро, ал Алмат Оспанов – үздік блок қоюшы атанды.Аталған нәтиже бойынша Қазақстан және Қытай құрамалары 2026 жылы Қытайда өтетін әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды.Айта кетейік, волейболды отырып ойнаудан Азия чемпионаты 6–15 маусым аралығында өтті. Жарысқа 8 ерлер және 7 әйелдер ұлттық командасы қатысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1017536?lang=kk

Катонқарағай ауданында әсерге толы «Аламан бәйге» жарысы өтті 21.06.2025
Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі аясында ұлттық спорт түрлерінен ірі жарыстардың бірі – «Аламан бәйге» өтті.XXIII халық спорт ойындарының аясында ұйымдастырылған бұл жарыс өңірдің түкпір-түкпірінен келген көрермендерге арналған үлкен мерекеге айналды. Ат спорты мен ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған бұл шарада көрермендер тартысты додаға куә болды.Жарыстың құрметті қонағы – Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов. Ол бәйгені тамашалап, жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне қатысты.25 шақырымдық бәйгеде жүлделі орындар келесідей бөлінді: Тарбағатай ауданынан келген Манап Әбілмансұр «Зағип» атты тұлпарымен бірінші орынға ие болды. Күршім ауданынан Дәулет Темірлан «Барыс» атты тұлпарымен екінші орын алды. Үшінші орынды Зайсан ауданынан келген Дулат Нұралин мен оның «Арбат» атты тұлпары жеңіп алды.Жүлде қоры да ерекше болды: бірінші орынға — автокөлік, екінші орынға — 1 миллион теңге, үшінші орынға — 700 мың теңге берілді.«Аламан бәйге» — бұл тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар ұрпақтар сабақтастығын жалғап, дала рухын, ұлттық бірлікті еске салатын ұлы дәстүр. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017557?lang=kk

Катонқарағай ауданында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық айтыс өтті 21.06.2025
Катонқарағай ауданында «Алтай – алтын бесігім» атты халықаралық айтыс өтті. Бұл поэзиялық сайыс Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ауқымды фестиваль аясында өткізілді.Айтыс сахнасына Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолиядан келген танымал ақындар шықты. Қатысушылардың қатарында республикалық және халықаралық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыра», «Асыл домбыра» иегерлері мен мемлекеттік сыйлықтардың лауреаттары болды.Жарыс екі кезеңнен тұрды. Ақтық сынға үздік жұптар шығып, шешуші айтыс өтті. Айтыс аралығында көрермендер «Назқоңыр», «Дарабоз» вокалдық топтарының және мәдениет пен өнер саласының көрнекті өкілдерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаны тамашалады.Қорытынды сөз сөйлеп, бас жүлдені ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов табыстады.Шара түркі дүниесінің мәдениеттерін тоғыстырған, қазақтың айтыс өнерінің рухани құндылығы мен мәртебесін көтерген айтулы оқиға болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017558?lang=kk

«Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі»: Катонқарағай төрінде халықаралық фестиваль өтті 21.06.2025
Шығыс Қазақстанда жылдың ең жарқын мәдени оқиғаларының бірі – «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өтті. Катонқарағайдағы көркем табиғат аясында ұйымдастырылған іс-шараға алты мыңнан астам қонақ қатысты. Мәдени іс-шара өңірдің инфрақұрылымын, туризм және жергілікті экономиканы дамытуға серпін берді.Фестивальге Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Орталық Азия мен түркі дүниесінен келген қонақтар мен жергілікті тұрғындар қатысты. Ұйымдастырушылар іс-шара қонақтарға ыңғайлы болу үшін алаңға киіз үйлер, шатырлар, кэмпинг орындары мен туристерге ақпарат беретін QR-орындар орнатқан.Фестиваль аясында «Ұлы даланың алтыны» атты бірегей жылжымалы көрме ашылды. Көрмеге мыңнан астам жәдігер қойылған. Атап айтқанда, қаған тәжінің көшірмелері мен алтын әшекейлерден бастап, қимақ жауынгерінің, Үржар абыз әйелі мен Шіліктіден табылған әйгілі «Алтын адамның» реконструкцияланған бейнелеріне дейін бар. Көрме қонақтардың зор қызығушылығын тудырып, меймандар өңірдің бай мәдени мұрасына қанықты. Іс-шараның соңында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Якутия және Түркиядан келген әртістердің қатысуымен үлкен гала-концерт өтті.Катонқарағай ауданы фестивальге тыңғылықты дайындалғанын атап өткен жөн. Өңірдегі ипподром толықтай қайта жөнделіп, трибуналар орнатылып, жарық, су және электр желілері тартылған. Жолдар жаңартылып, заманауи автобекеттер қойылып, ғимараттарды безендіруге арналған бірыңғай дизайн-код жасалған.Фестиваль тек мәдени мереке ғана емес, сонымен қатар өңірді дамытуға бағытталған маңызды қадам болды. Іс-шара халықаралық байланыстарды нығайтып, ішкі және келу туризмнің өсуіне, ұлттық дәстүрлерді насихаттауға зор ықпал етті. Ұйымдастырушылар фестивальді екі жылда бір рет тұрақты өткізуді жоспарлап отыр.Фото: Altainews.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1017560?lang=kk

Мемлекеттік қызметшілер citizensec.kz платформасында киберсауаттылық бойынша оқудан өтеді 21.06.2025
Маусым айының соңына дейін ҚР орталық мемлекеттік органдарының қызметкерлері citizensec.kz порталында арнайы онлайн-оқудан өтіп, цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттырады.Бұл білім беру бастамасы кибергигиена мәдениетін нығайтуға және ірі деректермен жұмыс істеу барысында адами факторға байланысты қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған.Бағдарлама шамамен 7 сағаттық бейнесабақтарды қамтиды. Онда жеке деректерді қорғау, фишингтік шабуылдарды тану, цифрлық этика, сенімді құпиясөздермен жұмыс істеу және басқа да маңызды тақырыптар қарастырылған. Курстар жеке өтуге ыңғайлы форматта ұсынылған, ал материалдар сала мамандарымен қатар мемлекеттік органдардың басшыларына да бейімделген. Оларға ұйымдарда ақпараттық қауіпсіздік жүйесін құру бойынша арнайы әдістемелік ұсынымдар әзірленген.«Мемлекеттік қызметшілердің цифрлық сауаттылығы — бұл тек қауіпсіздік негіздерін білу ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік IT-инфрақұрылымның сенімділігінің іргетасы. Біз цифрлық ортада саналы әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ұмтыламыз», — деді ақпараттық қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өкілі.Оқу мыңдаған қызметкерлерді қамтиды, олардың қатарында аса маңызды мемлекеттік ақпараттық жүйелермен және азаматтардың жеке деректерімен жұмыс істейтін мамандар да бар. Бұл бастама киберқауіптерге қарсы тұрақты алдын алу жұмыстары аясында іске асырылуда. Оның аясында онлайн-курстармен қатар офлайн-семинарлар, тренингтер және ақпараттық-түсіндіру шаралары өтеді.Халықаралық зерттеулер деректеріне сәйкес, киберкеңістіктегі оқиғалардың 80%-ға жуығы адами қателіктерден туындайтыны анықталған. Пайдаланушылардың хабардар болу деңгейін арттыру — цифрлық жүйелерді қорғаудың ең тиімді тәсілдерінің бірі.Citizensec.kz платформасы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен әзірленген және ақпараттық қауіпсіздік мамандарын даярлау бойынша заманауи әдістемелерге сай келеді.Киберсауаттылықты арттыру — қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыруға бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Пайдаланушылардың саналы әрекет деңгейі неғұрлым жоғары болса, мемлекеттік цифрлық сервистер соғұрлым сенімді және тұрақты жұмыс істейді. Ал бұл сервистерге күн сайын миллиондаған қазақстандық тәуелді екенін атап өткен жөн. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1017615?lang=kk

16–22 маусым аралығында өтетін жарыстар кестесі 21.06.2025
16–23 маусым – Семсерлесуден Азия чемпионатыЕл құрамасынан 23 спортшы қатысады.Өтетін орны: Нуса Дуа қаласы, Индонезия16–23 маусым – Көркем гимнастикадан юниорлар арасындағы әлем чемпионатыЖарыста отандық 7 спортшы бақ сынайды.Өтетін орны: София қаласы, Болгария16–24 маусым – Жағажай волейболынан Азия чемпионатыТурнирге Қазақстан құрамасы да қатысады.Өтетін орны: Рой-Эт қаласы, Таиланд18–19 маусым – Күрес түрлерінен 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатыЕл намысын 30 палуан қорғайды.Өтетін орны: Вунгтау қаласы, Вьетнам18–21 маусым – Спорттық гимнастикадан ерлер арасындағы Әлем кубогі кезеңіЖарысқа отандық 6 гимнаст қатысады.Өтетін орны: Ташкент қаласы, Өзбекстан18–26 маусым – Пара пауэрлифтингтен Әлем кубогіҚазақстан құрамасынан 10 спортшы сынға түседі.Өтетін орны: Бейжің қаласы, Қытай20–21 маусым – Велотректен халықаралық жарысТурнирде 4 велошабандозымыз өнер көрсетеді.Өтетін орны: Котбус қаласы, Германия21–22 маусым – Жеңіл атлетикадан халықаралық турнирҚазақстан құрамасынан 2 спортшы қатысады.Өтетін орны: Ташкент қаласы, ӨзбекстанАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/1017626?lang=kk

Катонқарағай ауданындағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі аяқталды 21.06.2025
Шығыс Қазақстан облысында Катонқарағай ауданындағы «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі мәреге жетіп, нағыз мәдениет мерекесіне айналды. Шараға ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. «Фестиваль мәдениеттердің жақындасып, тіл табысуына негіз болды. Ол бірлік рухымен, әуенімен, жарықпен және жылулыққа толы болды. Бұл шара қатысушылардың және көрермендердің жүректерінде терең із қалдырып, халқымыздың рухани мұрасын сақтау және дамыту жолындағы бастамаларына серпіліс береді», — деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов. Шоу-фестиваль аясындағы бағдарламада этноансамбльдердің көрсетілімі болды, Қазақстанның әр аймағынан және әлемнің 11 мемлекетінен келген эстрада жұлдыздары көрермендерге көтеріңді көңіл-күй мен мереке атмосферасын сыйлады. Қонақтар түркі әлеміның байлығы мен әралуандығын көрсететін бірегей музыкалық туындыларды тыңдады. Эпостық әуендердің қатарындағы «Очи Бала» (орындаушы — Болот Байрышев, Ресей Федерациясының Алтай Республикасынан), «Домбыра» (Архан Уйғу, Ресей Федерациясының Саха Республикасынан), «Осы музыка ұнайды» (Ернар Садырбаев) және «МузАрт» тобы орындаған «Ұлы Дала» әні кездесудің сәніне айналды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017742?lang=kk

ШҚО әкімі және ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қатонқарағай ауданындағы шекара бөлімшелеріне барды 21.06.2025
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтаганов және ҚР Парламенті Мәжілісі Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары Катонқарағай ауданындағы Р. Батырханов атындағы және «Өрел» шекара бөлімшелерінде болды. Облыс әкімі және Мәжіліс депутаттары: «Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті депутаттарымен бірге Шығыс Қазақстан облысындағы шекара қызметінің жұмысымен танысып шықтық.Шекарашылар жақсы дайындалған және олар мемлекет шекарасынан ешкімнің заңсыз өтуіне жол бермейді.Шекара заставаларының инфрақұрылымын жақсарту қажет. Депутаттармен келесі үш жылдық бюджет кезінде қаражат бөліп беру жайлы келісімге келдік. Сонымен қатар, аймақ бюджетінен де қаражат бөліп, шекара заставаларының жайлап әлемдік стандартқа жетуіне атсалысамыз. Бұдан бөлек, орталық атқарушы органдармен келісе отырып, пилотсыз ұшу аппараттары және басқа да жабдықтарды сатып алуға бастама көтеретін боламыз», - деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтаганов.Айқындалған проблемалар қатарында 1930 жылдары салынған және әбден тозығы жеткен ғимараттар, тұрақты электр қуатымен қамтамасыз етілмеуі және көлік қатынасының шектелуі де бар. 14 маусымда «Уба» шекаралық бақылау бөліміне бару жоспарлануда, мұнда да негізгі мәселе көлік қатынасының шектелуімен байланысты болып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1017815?lang=kk

ШҚО-да медицина қызметкерлері Қазақстан Республикасында медицина қызметкері күнімен құттықталды 21.06.2025
Шығыс Қазақстан облысында медицина қызметкері күніне орай «Шығыс медицинасы-2025. Негізділік. Жаңару. Жауапкершілік» тақырыбындағы салтанатты іс-шара Өскемен қаласындағы облыстық филармонияда өтті. Медицина қызметкерлеріне облыс әкімі Нұрымбет Сақтаганов құттықтау тілектерін білдірді.«Қадірлі медицина қызметкерлері және ардагерлері! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің әрбір күндеріңіз халыққа қалтқысыз еңбек етудің, зор жігерліліктің және халыққа көрсеткен махаббаттарыңыздың белгісі. Сіздер әрдайым азаматтардың денсаулығы мен өмірі үшін күресіп келесіздер.Денсаулық сақтау жүйесінің дамуы – мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтардың бірі. Медицина – қарқынды дамып келе жатқан сала, және медицинадағы соңғы жетістіктер халық игілігі үшін пайдаланылып, медицина қызметкерлеріне жетуі қажет. Бүгінгі таңда медицина қызметкерінен тек жанқиярлық және кәсіби шеберлік ғана емес, сонымен қатар тұрақты даму, медицинадағы соңғы жетістіктерді меңгеру және жаңа технологияларды енгізу де талап етілуде.Шығыс Қазақстан облысында, соның ішінде ауылдық жерлерде де емдеу мекемелерінің кең жүйесі қалыптасқан. Соңғы жылдары денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, жабдықтау және құрылысын сплу жүйелі атқарылуда. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жетілдіру» ұлттық жобасы аясында бүгінгі таңда 35 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді», — деді Нұрымбет Сақтағанов.Биыл басталған нысандардағы жұмыстар жалғасын табады. Атап айтқанда, гематология орталығы, 200 төсек-орынды көпсалалы аурухана және Риддер қаласында 500 келушіге арналған емхана салынады. Сонымен қатар, облыстық көпсалалы Онкология және хирургия орталығының хирургиялық корпусындағы 1–3 қабаттағы бөлімшелерді жаңғырту, қайта жоспарлап, жабдықтау, сондай-ақ Ана мен бала орталығының стационарының ғимаратын перинаталдық орталыққа ауыстыру жұмыстары атқарылады. Қазірдің өзінде Қасым Қайсенов кентінде 150 келушіге арналған емхана пайдаланылуда".Шара барысында облыс әкімі Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен төсбелгілерін, сондай-ақ облыс әкімдігінің грамоталары мен алғыс хаттарын үздік медицина қызметкерлеріне табыс етті. Марапаттау рәсімі облыстық мәслихат төрағасы Денис Рыпаковтың медицина қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің алғыс хаттарын табыс етуімен, әрі қарай жалғасты. Сонымен қатар, еңбек сіңірген медицина қызметкерлеріне «Сенім» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Үздік» төсбелгілері берілді. Салтанатты шара бағдарламасында емделуші балалардың ата-аналарының атынан медицина қызметкерлеріне деген алғыс сөз сөйлеуі болды. Мереке концерттік бағдарламамен және естелік суретке түсумен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1018021?lang=kk

Таяу Шығысқа жаңа жол: Дубайдағы Digital Startups Scale Up бағдарламасына қатысуға өтініш беру басталды 14.06.2025
Tumar Innovation Hub DIFC-пен бірлесе отырып, Astana Hub пен IT Park Uzbekistan қолдауымен Орталық Азия фаундерлеріне ерекше мүмкіндік берілді. Биыл күзде БАӘ-де Қазақстан мен Өзбекстан стартаптарына арналған алғашқы акселерациялық бағдарлама өтеді. Бағдарлама стартаптарға өз қызметін жергілікті нарыққа бейімдеуге, ауқымын кеңейтуге және MENA аймағындағы мүмкіндіктерге жол ашуға көмектеседі.Бағдарлама 2025 жылдың қыркүйек айының ортасынан қарашаның ортасына дейін жалғасады. Өтінім беру басталды. Өтінім беру сілтемесі: https://tumarhub.com/acceleration1 Дедлайн: 20 маусымDigital Startups Scale Up Program — Central Asian Innovation Hub-тың жаңа бастамасы, ол өңірдегі үздік стартаптарды жаһандық нарыққа ілгерілетуге бағытталған. БАӘ — Қазақстан мен Өзбекстанның Парсы шығанағы өңіріндегі негізгі саяси және экономикалық серіктесі. Сонымен қатар, соңғы жылдары Дубай әлемдегі үздік технологиялық компаниялардың орталығына айналды. Digital Startups Scale Up бағдарламасы IT-технологиялар экспортын алдағы жылдары 1 миллиард АҚШ долларына дейін арттыру мақсатын көздейді.Акселерациялық бағдарлама алдын ала және соңғы іріктеу кезеңінен, дайындық, бағдарлама, Demo Day-ден және пост-бағдарламалық қолдаудан тұрады. Қатысу үшін стартаптар келесі талаптарға сай болуы керек:Өз елінің ішінде тұрақты даму көрсеткіштеріКомпанияның қызметін, командасын және өнімін БАӘ, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка нарығына бейімдеуге дайын болуБАӘ-ге шығу стратегиясы мен негіздемесі бар питч-декБағдарламаның барлық 8 аптасында стартап иесі немесе серіктестің БАӘ-ге көшу мүмкіндігі БАӘ-де компания тіркелгеннен кейін таңдалған стартаптар DIFC Innovation Hub сарапшылары дайындаған 8 апталық акселерациялық бағдарламаға қатысады. Бағдарламаның негізгі құрамдас бөліктері:Кураторлық менторлық және оқыту сессияларыБизнес дамуына қолдау, соның ішінде әлеуетті клиенттермен, инвесторлармен және корпоративтік серіктестермен танысуБАӘ нарығына шығуға сараптамалық және нормативтік жетекшілікӨнім мен нарыққа шығу стратегиясын локализациялауға қолдауDIFC Innovation Hub негізіндегі коворкинг кеңістігіне қол жеткізуҚараша айының соңында өтетін Demo Day аясында стартаптар соңғы питч жасап, бағдарламаның үздік түлектері таңдалады. Үздік стартаптар инвестиция алып, серіктестер тарапынан одан әрі қолдау таба алады. Сонымен қатар, барлық қатысушылар БАӘ-дегі Tumar Innovation Hub-та бір жылдық тегін резиденцияға ие болады.Сәуір айында Dubai AI Week аясында Astana Hub, IT Park Uzbekistan, DIFC Innovation Hub және Al-Farabi Innovation Hub өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы меморандум аясында Дубайда Tumar Innovation Hub іске қосылады, ол алғашқы акселерациялық бағдарламасын 2025 жылдың күзінде іске қосады. Бұл бастамалар Қазақстан мен Өзбекстаннан келген стартаптарға MENA нарығына шығуға: капитал, жұмыс орындарына және менторлар желісіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Tumar Innovation Hub-ты Аслан Сұлтанов және MENA-дағы екі инновациялық хаб пен Tumar VC-ді басқаратын White Hill Capital басқарады. Салтанатты рәсімге DIFC губернаторы Эсса Казим және Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев қатысты. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1017522?lang=kk

Қазақстанда өңірдегі алғашқы Solana Economic Zone іске қосылды 30.05.2025
Қазақстан цифрлық трансформация мен блокчейн экономикасын дамыту жолында тағы бір маңызды қадам жасады. Астанада Орталық Азиядағы Solana блокчейн платформасы негізінде құрылған Solana Economic Zone Kazakhstan алғашқы экономикалық аймақ іске қосылды.Solana Foundation қолдауымен өткен бұл іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, халықаралық сарапшылар және Web3 экожүйесінің көшбасшылары қатысты. SEZ KZ іске қосылуы Astana International Forum 2025 қарсаңында өтіп, технология, инвестиция және мемлекеттік саясат тоғысындағы маңызды оқиға болды.Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, цифрлық экономиканы дамытуға арналған мамандандырылған аймақтарды құру — технологиялық серпіліс жасауға арналған тиімді құрал. Мысалы, Дубайда Dubai Multi Commodities Centre (DMCC) Crypto Centre табысты жұмыс істеп тұр. Онда ондаған блокчейн-компаниялар орналасқан, қолайлы реттеу тетіктері енгізілген және стартаптар инфрақұрылым мен инвестицияға қол жеткізе алады.Қазақстан үздік халықаралық тәжірибелерді өз стратегиялық мақсаттарына бейімдеп қабылдайды. Solana Economic Zone — тәжірибе алмасуға, шешімдерді сынақтан өткізуге және қазақстандық компанияларды жаһандық нарыққа шығаруға арналған алаң болмақ.Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Solana Economic Zone жобасының іске қосылуы Қазақстанның экономикалық салаға озық цифрлық технологияларды интеграциялауға стратегиялық тұрғыда дайын екенін білдіретінін атап өтті:«Біз тұрақты әрі бәсекеге қабілетті цифрлық экожүйе құруға ұмтыламыз. Solana Economic Zone сияқты жобалар бізге активтерді токенизациялаудан бастап, Web3 саласындағы кадрлық әлеуетті дамытуға дейінгі жаңа тәсілдерді сынап көруге және енгізуге мүмкіндік береді»Іс-шара аясында энергетика, қаржы, агротехнология, ойын индустриясы және сауда салаларында жұмыс істейтін халықаралық стартаптар ұсынған блокчейн негізіндегі шешімдер таныстырылды. Сондай-ақ, құнды қағаздарды, алтынды, жылжымайтын мүлікті және басқа да активтерді токенизациялау мүмкіндіктері талқыланды.Кездесу нәтижесінде стратегиялық меморандумға қол қойылды, оған келесі бағыттар кірді:Капитал нарығын токенизациялау:AIX, Solana Foundation, Jupiter және Intebix қатысуымен қаржы инфрақұрылымына токенизацияланған құралдарды енгізуге бағытталған пилоттық жоба іске қосылады.Web3-таланттарды дамыту:Министрлік пен Solana Foundation Rust бағдарламалау тілі мен блокчейн инженериясына бағытталған білім беру бағдарламасын бастайды. Жоба аясында университеттермен және Astana Hub-мен серіктестік орнатылады.Халықаралық Web3-компанияларды тарту:Forma компаниясымен бірлесіп, жаһандық стартаптарға инфрақұрылым мен реттеуші қолдауды қамтитын қолдау бағдарламалары жүзеге асырылады.Министрлік жасанды интеллекттен бастап блокчейнге дейінгі озық технологияларды дамыту үшін қолайлы жағдай жасауды жалғастырып жатыр. Бұл елдің цифрлық егемендігін қамтамасыз етуге және экономикалық өсіміне бағытталған. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1008457?lang=kk

Қазақстандықтар телефондарының верификация статусын IMEI арқылы тексере алады 28.05.2025
Қазақстандықтар енді өздерінің мобильді құрылғыларының верификация статусын eGov Mobile мобильді қосымшасы, www.gov.kz және imei.rfs.gov.kz порталдары арқылы тексере алады. Жаңа сервис Идентификациялық кодтар дерекқоры арқылы (ИКД) IMEI-кодтың тіркелген-тіркелмегенін анықтауға, сондай-ақ нақты құрылғыға байланған нөмірлердің санын білуге мүмкіндік береді.IMEI (International Mobile Equipment Identity) – бұл әрбір ұялы байланыс құрылғысына берілетін бірегей 15 таңбалы нөмір. Ол құрылғының өндірушісі, моделі және жасалған елі туралы ақпаратты қамтиды.Сервистің көмегімен пайдаланушылар өз құрылғыларының IMEI статусын тексере алады. Егер IMEI-код тіркелген құрылғылар базасында бар болса, жүйе оның желіде тіркелгені туралы хабарлайды. Егер код базада табылмаса, жүйе тексеріс жүргізіп, келесі ақпаратты көрсетеді: IMEI сәтті верификацияланған және Қазақстан Республикасында қолдануға болады немесе IMEI верификацияланбаған.eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы қызметті пайдалану үшін пайдаланушы:eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту керек;басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінен «Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисін таңдау қажет;жеке деректерге қол жеткізуге рұқсат беру керек;тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу қажет.www.gov.kz порталында қызметті пайдалану үшін:Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің сайтына өту;«Абоненттік құрылғының IMEI кодын тексеру» сервисіне сілтеме немесе баннер арқылы кіру;тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.imei.rfs.gov.kz порталында қызметті пайдалану үшін:rfs.gov.kz сайтына өту;тексерудің қолжетімді әдістерінің бірін таңдап, нәтижемен танысу.Бұдан бөлек, пайдаланушыларға ЖСН арқылы тексеру функциясы да қолжетімді. Ол арқылы өз ЖСН-ына қанша мобильді нөмір тіркелгенін білуге болады. Сондай-ақ IMEI-код бойынша абонентті тексеру сервисі бар, ол белгілі бір құрылғыны қанша абоненттік нөмір қолданғаны жөнінде ақпарат береді.ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/1000060?lang=kk

Астанада ат спортынан ауқымды халықаралық жарыстар өтеді 19.05.2025
30 мамыр - 1 маусым аралығында Астана қ. «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені базасында ауқымды халықаралық жарыстар – конкурдан Еуразиялық Лиганың Әлем Кубогының кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүру бойынша халықаралық турнир (FEI CDI 1*) өтеді.Жарысқа алыс және жақын шетелден алты елдің құрама командалары қатысады деп күтілуде. Іс-шара халықаралық стандарттарға сәйкес Халықаралық ат спорты Федерациясының (FEI) қолдауымен өткізіледі.Үш күн ішінде 60-тан аса үздік спортшы әр түрлі кедергілерден тұратын маршруттар мен атпен жүруден өз шеберліктерін көрсетеді деп жоспарлануда.Конкур – жылқының және шабандоздың кедергілерден өту қабілетін анықтайтын олимпиадалық спорт түрі. Мақсат – қашықтықты қателіксіз әрі мүмкіндігінше қысқа уақыт ішінде еңсеру.Атпен мәнерлеп жүру – ат спортының жоғары деңгейі, мұнда шабандоз бен ат арнайы аренада дәлдікпен және үйлесімділікпен түрлі қимылдарды орындайды.Астанада Әлем Кубогының кезеңін Қазақстанда өткізу ат спортына деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – тек ел үшін ғана емес, барлық ат спорты жанкүйерлері үшін маңызды спорттық іс-шара болмақ. Ауқымды деңгейдегі жарыстар қазақстандық спортшыларға өз шеберліктерін арттырып, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндігін береді.Біздің анықтама:2025 жылға арналған Әлем Кубогы кезеңдерінің Еуразиялық Лигасы сегіз кезеңнен тұрады: Ташкент қ. — 1 (Өзбекстан), Ташкент қ. — 2 (Өзбекстан), Бішкек қ.- 3( Қырғызстан), Астана қ. — 4 (Қазақстан), Тбилиси қ. — 5 (Грузия), 6-шы Тбилиси қ. (Грузия), 7 — Ереван қ. (Армения), 8- Тегеран қ. (Иран). Еуразиялық Әлем Кубогы кезеңдері лигасының «Grand Prix» бас маршрутының қорытындысы бойынша 2025 жылғы конкур бойынша Әлем Кубогының финалына лицензия ойналады.БАҚ аккредиттеу: +7 705 185 6366, +7 777 483 9118Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/994533?lang=kk
Presight компаниясы Астанада өңірлік кеңсесін ашты 18.05.2025
Абу-Даби тақ мұрагері шейх Халед бин Мохаммед бин Зайд Әл Нахайянның Қазақстанға ресми сапары аясында Presight компаниясының Астанадағы шетелдік кеңсесінің салтанатты ашылуы өтті.Қазақстанда жасанды интеллект пен цифрлық трансформация саласындағы негізгі бастамаларды іске асыру мақсатында Presight компаниясы Астанада кеңсе ашып, елдегі жобаларды қолдап, операциялық қызметін кеңейтуде. ЭКСПО аумағында орналасқан жаңа кеңсе Presight компаниясының БАӘ-ден тыс шетелдік өкілдігі болып табылады және Орталық Азиядағы өңірлік хаб ретінде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кеңседе 40-тан астам қазақстандық маман еңбек етуде, бұл жергілікті кадрларды дамыту мен елдің цифрлық трансформациясына компанияның қосқан үлесін көрсетеді.Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен шейх Халед бин Мохаммед бин Зайдтың қатысуымен өткен ресми рәсім барысында Presight қатысқан үш келісімге қол қойылды:– Астана қаласы әкімдігі және ҚР Цифрлық даму министрлігімен жалпы құны 190 миллион АҚШ долларын құрайтын «ақылды қала» жобасын іске асыру туралы келісім;– Қазақстанның цифрлық трансформациясы аясында жоғары өнімді есептеу орталығын құру үшін екі Nvidia H200 суперкомпьютер кластерін жеткізу жөніндегі келісім.Presight жобалары Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі рөлін нығайта түсуде. Астанадағы Alem.AI орталығы базасында елорда инфрақұрылымының зияткерлік өзегіне айналатын жағдайлық орталық құрылады. Бұл заманауи платформа энергетика, қоғамдық қауіпсіздік және қалалық инфрақұрылымды басқару сияқты негізгі салаларда интеллектуалды мониторинг пен шешім қабылдауды қамтамасыз етеді.«Presight компаниясының Астанада өңірлік кеңсе ашуы – Орталық Азиядағы инновациялар мен технологиялар орталығы ретіндегі мәртебемізді нығайтудың маңызды қадамы. Presight сияқты жетекші компаниялармен серіктестік цифрлық шешімдерді ғана емес, бүкіл қоғам мен бизнестің дамуына жаңа мүмкіндіктер туғызады. Бұл елімізде жасанды интеллект дамуына қосылатын маңызды үлес, оны әртүрлі салаларда қолдануға жол ашады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.«Астанада кеңсе ашу – Presight-тың халықаралық кеңеюіндегі маңызды кезең. Қазақстан – Presight өз қызметін БАӘ-ден тыс бастаған ел. Бұл елдің цифрлық трансформациясын қолдауға және жасанды интеллект дамуына деген берік ұстанымымызды білдіреді. ЭКСПО аумағындағы шетелдік кеңсеміз Қазақстанның стратегиялық көрегендігіне, көшбасшылығына және адами капиталына деген сенімімізді көрсетеді. Жергілікті сараптаманы дамытып, елдің ақылды және технологиялық болашағына үлес қосатынымызға қуаныштымыз», – деді Presight бас директоры Томас Прамотедхам.Астанадағы «ақылды қала» жобасы Қазақстанның жасанды интеллект саласындағы өңірлік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтады және цифрландырудың жаһандық деңгейдегі үлгісіне айналады. Жоба қоғамдық қауіпсіздікті арттыруға, қалалық инфрақұрылымды нақты уақыт режимінде тиімді басқаруға, тұрақты энергия тұтынуға және азаматтардың қажеттіліктеріне бағытталған сервистерді дамытуға бағытталған. Айта кету керек, жобаның 60%-ы қазақстандық жеткізушілердің қатысуымен жүзеге асады, бұл жергілікті бизнестің белсенділігін және ел экономикасына қосқан үлесін айқындайды.Шейх Халед бин Мохаммед бин Зайд Әл Нахайянның Қазақстанға жасаған ресми мемлекеттік сапары БАӘ мен Қазақстан арасындағы сенімге, стратегиялық серіктестікке және астаналардың цифрлық трансформациясына деген ортақ ұмтылыстарға негізделген берік екіжақты қатынастардың айғағы. Бұл сапар екі елдің өмір сапасын жақсарту мен тұрақты даму мақсатында озық технологиялар саласындағы ортақ бастамаларды ілгерілетуге деген ұмтылысын паш етеді. Presight пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық екі ел басшылығының толық қолдауымен іске асуда. Бұл серіктестік жасанды интеллект мүмкіндіктерін әлеуметтік-экономикалық тұрақты даму үшін пайдалану жолындағы ортақ мақсаттарды көрсетеді.АнықтамаPresight - Абу — Даби қор биржасында (ADX) тіркелген, көпшілік акционері G42-БАӘ-де орналасқан жетекші технологиялық топ. Presight-жасанды интеллект технологияларына негізделген үлкен деректерді талдау саласындағы жаһандық көшбасшы. Компания экономикалық дамуға және қауіпсіз, салауатты және тұрақты қоғамды қалыптастыруға ықпал ететін шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету үшін AI, аналитика және әртүрлі деректерді түсіндіру саласындағы сараптаманы біріктіреді. Генеративті AI негізіндегі шешімдер желісінің көмегімен Presight мемлекеттік және жеке ұйымдарға AI стратегияларын тезірек жүзеге асыруға және маңызды нәтижелерге қол жеткізуге көмектеседі. ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/994083?lang=kk