Enbekshi QazaQ

Спорт

Ербол Мырзабосынов самбодан әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады 16.11.2024
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында спорттық және жауынгерлік самбодан өтіп жатқан ересектер арасындағы әлем чемпионатының кезекті жарыс күнінің белдесулерін тамашалап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.⠀Бүгін жарыс жолына бірнеше отандасымыз шығып, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты. Атап айтқанда, 64 келіде өнер көрсеткен Есентай Иманханов финалда Өзбекстан спортшысы Сардор Олимжоновты соңғы секундтарда жеңіп, әлем чемпионы атанды. Ал Гүлдана Әлмұханбетова (54 кг) мен Еламан Қойшыбаев (88 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді. 2023 жылы Ереванда (Армения) өткен әлем чемпионатында да Еламан күміс жүлде иеленген еді.⠀Айта кетейік, елімізде екінші рет ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеде әлемнің 80 мемлекетінен келген 470 спортшы бақ сынауда. Ел намысын 28 спортшы қорғап жатыр.⠀10 қарашаға дейін жалғасатын айтулы додада 31 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/880290
🛣 ШҚО әкімі тұрғындарды қолдап, Қайсенов пен Әуезов көшелеріндегі бұрылыс мәселесін шешті 16.11.2024
🔴Өскемен қаласындағы Қайсенов пен Әуезов көшелерінің қиылысында оң бағытқа бұрылыс салу жұмыстары тоқтатылды. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев мәселе себебін өз көзімен көруге келіп, қала әкімінің тірлігін сынға алды. Тұрғындардың қауіпсіздігі қашан да бірінші орында екенін атап өтті.– Қыста көктайғақ болады. Сондықтан, ең алдымен қала тұрғындарының қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек. Қалайша қыс келерде тұрғын үйлер мен ғимараттардың тура алдына бұрылыс салу жұмыстарын жүргізуге болады?! Адамдар дәріханадан қалай шығады? Тәжірибелеріңіз бар. Мұндай келеңсіздіктің алдын алу үшін халық үніне құлақ түру қажет, – деді облыс әкімі.🔴Ол сондай-ақ қаланы абаттандыру шешімдерінің жақсы үлгісі «Халық қатысатын бюджет» жобасы болып табылатынын айтты. Көшелерде не істеу керектігін және қайда істеу керектігін туралы шешімдердің қабылдауына тұрғындар өздері қатысулары керек.🔴Мұндайда бұл қиылыстан оңға бұрылу әсіресе қыста адамдарға қауіпті болатыны анық. Маңайдағы үйлердің тұрғындары мен кәсіпкерлері облыс әкімінің атсалысып, түсіністікпен қарағаны үшін алғыстарын білдірді. Сонымен қатар, өңір басшысы шағын бизнестің мүмкін болатын мәселелерін де ескерді.- Мен шағын кәсіпкерлік экономиканың негізінің бірі және оны дамыту және қолдау қажет деген көзқарасты ұстанамын, - деді Ермек Көшербаев.🔴Халық үніне құлақ асуда автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің құқы тең қаралуы керектігі де мәлім. Ал ондай жағдайда қолайлылықтан гөрі, тұрғындардың жүріп-тұру қауіпсіздігіне басымдылық берілетіні сөзсіз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/880272
ШҚО Күршім ауданында 30 жылдан кейін “Қазпошта” жылыту қазандығы қайта жұмысын бастады 16.11.2024
Отыз жылдан астам уақыт бойы жұмысын тоқтатып тұрған “Қазпошта” жылыту қазандығы қайта іске қосылды. Биылғы жылыту маусымында толыққанды жұмысын бастау үшін қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жаңғырту шараларының арқасында бірнеше әлеуметтік және тұрғын үй ғимараттары қазандықтың жылуына қосылды.Қазіргі таңда №4 Куршім орта мектебі, Духович көшесіндегі №18 үй, Б. Момышұлы көшесіндегі №18,20 көппәтерлі үйлері осы қазандықтан жылу алады. Бұл бастама өңірдегі тұрғындар мен мектеп оқушылары үшін үлкен қолайлы жағдай жасап, қысқы маусымда мекемелер мен тұрғын үйлерде жылы әрі жайлы ортаны қамтамасыз етеді.- Отыз жыл бойы тоқтап тұрған қазандықтың іске қосылуы біз үшін қуанышты жағдай болды. Енді үйімізде тұрақты және ыңғайлы жылу бар,-деп қуанышымен бөлісті аудан тұрғыны.Айта кету керек өткен жылы алғашқы қадам ретінде №1 жылыту қазандығы жөндеуден өткізіліп, екі көпқабатты тұрғын үй мен «Күршім» балабақшасы орталықтандырылған жылытуға қосылған болатын.Жылу қазандығын жаңғырту аудан тұрғындарына арналған тұрмыстық және әлеуметтік жағдайды жақсартуға, сондай-ақ аймақтың дамуына қосымша серпін береді деп күтүлуде.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/880270
Шығыс Қазақстан облысында әкімдер форумы өтті 16.11.2024
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев «Халықпен бірге!»барлық деңгейдегі әкімдерінің өңірлік форумына қатысты.Шара барысында «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» партиялық жобаларын жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Жиналғандар ауылдарға қатысты мәселелерді айтып, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарларды белгіледі.Өңір басшысы Ермек Көшербаев мұндай форумдарды өткізүдің басты мәселесі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру екенін атап өтті.- Әкімдер берген қаржыны игеріп отыратын кісі емес, іскер болуы тиіс. Қазір бізде қалай? Ақша бөлінеді, оны игереді, артынан мақтанып есеп береді. Халықпен тығыз байланыс орнатып, мәселелерін шешу керек. Ауылдарда шағын болса да, өндірістер ашуға көмек көрсетіңдер. Бұл нағыз іскер әкім екендіктерінді көрсетеді. Мемлекет басшысы біздің алдымызда халықтың әл-ауқатын жақсарту бойынша үлкен міндеттер қойды және біз оларды орындауымыз керек, -деді облыс әкімі.Форумға AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, барлық деңгейдегі әкімдер, облыстық мәслихаттың төрағасы мен депутаттары, басқармалардың басшылары, сондай-ақ БАҚ өкілдері қатысты.AMANAT партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталып, халықтың нақты мәселелерін шешуге бағытталған партиялық жобалар туралы айтты.Форумның екінші бөлігі семинар-тренингпен жалғасты. Онда әкімдер заңнамадағы, оның ішінде мемлекеттік сатып алу саласындағы өзгерістер туралы жан-жақты ақпарат алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/880271
Таразда қазақ күресінен ел чемпионаты өтіп жатыр 16.11.2024
Тараз қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп жатыр.Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт кешенінде өтіп жатқан бәсекеге Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан, 17 облыстан келген 450-ден астам палуан қатысуда.Жарыстың салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысып, кейінгі жылдары төл күресіміздің қарқынды дамып келе жатқанына, чемпионаттың маңыздылығына тоқталды.«Мемлекет басшысының қолдауымен ұлттық спорт түрлері қарқынды дамып келеді. Соның ішінде ұлттық брендіміз – қазақ күресінің орны бөлек. Атап айтқанда, әлемнің 40-тан астам елінде қазақ күресі федерациялары жұмыс істейді. Төл күресіміз жабық ғимараттағы Азия ойындарының, Дүниежүзілік жекпе-жек ойындарының бағдарламасына енді. Палуандарымыз Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үздік нәтиже көрсетіп, 12 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль иеленді. Спортшыларымыздың халықаралық додаларда топ жарып, ұлт абыройын асқақтатып жүргені біз үшін үлкен мақтаныш! Бүгінгі жарысқа сақа палуандармен қатар жас спортшылардың тәжірибесін жетілдіріп, салауатты, белсенді өмір салтын кеңінен насихаттап, өскелең ұрпақтың қазақ күресіне деген қызығушылығын арттырады деп сенемін», – деді Ербол Мырзабосынов.Білекті палуандар бәсекесі КСРО-ның және Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Марат Нұрмұхамбетұлы Жақыттың 80 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр. Осы орайда, Министр саналы ғұмырын ұлттық күреске арнаған Марат Нұрмұхамбетұлына Құттықтау хатын табыстады.Марат Жақыт – 20 жыл Қазақстан, 10 жыл КСРО құрамасын басқарып, спортқа зор еңбек сіңірген тұлға. Ол жалпы 2 еңбек сіңірген спорт шеберін, 25 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 130 спорт шеберін тәрбиелеген.Айта кетейік, палуандар ел біріншілігінде 16 салмақ дәрежесінде бақ сынап жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/880226
Астанада самбодан әлем чемпионаты басталды 16.11.2024
Бүгін елордада Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионатының шымылдығы түрілді.Елімізде екінші рет ұйымдастырылып жатқан байрақты бәсекеде әлемнің 80 мемлекетінен келген 470 спортшы бақ сынауда. Ал ел намысын 28 спортшы қорғап жатыр.⠀Жарыстың ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қатысып, сайысқа түсетін саңлақтарға сәттілік тіледі.«Елордамызда ұйымдастырылып жатқан бұл жолғы әлем біріншілігінің мәні зор. Өйткені жаһандық чемпионат Қазақстанда 19 жылдық үзілістен кейін өткізіліп отыр. Дәл осындай тарихи сәттің қазақ топырағында орын алғаны біз үшін үлкен мәртебе. Бір жағынан әлем чемпионатының Қазақстанда ұйымдастырылуы заңдылық деп ойлаймын. Себебі біздің елде самбоның мықты мектебі қалыптасқан. Осы әлем чемпионаты жастардың самбоға деген қызығушылығын одан әрі арттырады деп сенемін. Спортшылар жанкүйер қауымға тартысты жекпе-жектер сыйлап, тек мықтылар жеңіске жетуіне тілектеспін», – деді Серік Жарасбаев.Биылғы әлем чемпионатының басты ерекшелігі – әйелдер арасында жауынгерлік самбо мен зағип жандар сайысы бірінші рет енгізіліп жатыр. 10 қарашаға дейін жалғасатын айтулы додада 31 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.⠀Айта кетейік, самбодан еліміздегі алғашқы әлем чемпионаты 2005 жылы Астанада өтіп, жерлестеріміз 1 алтын, 3 күміс, 6 қола медаль жеңіп алған еді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/880227
Қазақстан мен Иран туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықтың даму болашағын талқылады 16.11.2024
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада Иран Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Әли Акбар Джоукар мырзамен кездесті. Кездесу барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады.Министр екі ел арасындағы көп ғасырлық тарихи байланыстарға тоқталып, Иран спортшылары ел астанасында ұйымдастырылған 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында сәтті өнер көрсеткенін атап өтті. Ербол Мырзабосынов бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін ынтымақтастықтың маңызына сенім білдірді.«Иранның саяхатшыларын, туристік қауымдастық өкілдерін еліміздің бай мәдени және тарихи мұрасымен танысуға және туристік көрмелерге қатысуға шақырамыз. Сондай-ақ Қазақстан спорт саласындағы байланыстарды дамытуға ерекше мән береді. Ирандық спортшыларды елімізде өтетін жарыстарда көруге қуаныштымыз. Аталған бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға дайынбыз», – деді Ербол Мырзабосынов.Өз кезегінде, Әли Акбар Джоукар Қазақстан мен Иран арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін үлкен әлеует бар екенін айтып, Иранның Түркия, Өзбекстан және Тәжікстанмен ынтымақтастықтың табысты тәжірибесіне сүйене отырып, Қазақстандағы туристік ағымды ұлғайтуға көмектесуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар Елші мырза медициналық туризмді қоса алғанда, жаңа туристік бағыттарды дамытуға қызығушылық танытты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/880225
Облыс әкімінің қабылдауында кэмпинг салуды ұсынған тұрғынның жобасы қолдау тапты 16.11.2024
8 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданы тұрғындарымен кездескеннен кейін азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді. Қабылдау барысында Сайөтес ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Бақытжан Құлбаев республикалық маңызы бар автомобиль жолының бойынан кэмпинг салғысы келетінін жеткізді.Заман талабына сай жолаушыларға қызмет көрсететін кэмпинг аумағында жобаға сәйкес, көліктерге техникалық қызмет көрсету орталығы, қонақүй, асхана мен модульді дәретхана бар.Бақытжан Құлбаев облыс әкімінен кэмпинг салу үшін қажетті жер телімін бөлуді сұрады. Нұрдәулет Қилыбай кәсіпкердің бастамасын қолдап, жыл соңына дейін заң талаптарына сай жер орнын беруді тапсырды.Сондай-ақ, облыс әкімінің қабылдауына 50-ге жуық тұрғын келіп, өз мәселелері мен ұсыныстарын жеткізді. Азаматтардың басым бөлігі жұмыссыздық, тұрғын үй мәселелері, карьерлер және спорт саласын дамытуға қатысты сұрақтармен жүгінді. Қабылдау барысында әрбір мәселе назарға алынып, тұрғындардың өтініштері бойынша тиісті тапсырмалар берілді.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/880219
Маңғыстау ауданының тұрғындарымен кездесуде Нұрдәулет Қилыбай Онды ауылын еліміздегі ең үлгілі ауылға айналдыруды ұсынды 16.11.2024
8 қараша күні облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданының халқымен кездесті. Шетпе ауылының мәдениет үйінде өткен жиында тұрғындар ауданының дамуы мен түйткілді мәселелері туралы айтты.Алдымен Маңғыстау ауданының әкімі Ғалымжан Ниязов 2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне шолу жасап, атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.Аудан әкімінің айтуынша, Маңғыстау ауданының орталығында тұтас бір шағын аудан бой көтеруде. Аталған шағын ауданда 800 жер орынға инфрақұрылым толық жүргізілді. Жаңа ауданға биыл “Жайлы мектеп” жобасы аясында 600 орындық мектеп пен дәрігерлік амбулатория ғимараты салынып жатыр. Одан бөлек мұнда 600 орындық мәдениет үйі, спорт кешені, полиция, прокуратура, сот, мұрағат, қорғаныс істері, оқушылар сарайы, әкімдік ғимаратарын салу жоспарланған. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалуда.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ауданда жаңа білім беру нысандарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Биыл Бекі ауылында алғаш рет 100 орындық мектеп пайдалануға берілді.Мәдениет және спорт саласында да бірқатар оң өзгерістер орын алуда. Ауыл өнерпаздарын гастрольдік сапарларға тасымалдау үшін сыйымдылығы 13 адамдық жаңа автокөлік пайдалануға берілді. Сондай-ақ, ауданның 12 ауылында ашық спорт, балалар ойын және воркаут алаңдарын салу жұмыстары жүргізілуде.Маңғыстау ауданының негізгі экономикалық саласы — ауыл шаруашылығы. Қазіргі таңда ауданда 578 шаруа қожалығы мен 531 мал шаруашылығы тіркелген. Аудан облыс бойынша түйе басының 40%-ын қамтиды, бұл жылына шамамен 20 мың тонна түйе сүтін өндіруге мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы аясында түйе сүтін өндіруді ұлғайту мақсатында 10 жоба ұсынылған.Ауданда 3 инвестициялық жоба жүзеге асуда. «Карат» ЖШС-нің бастамасымен ауыз су шығару цехының құрылысы жүргізілуде. Жоба құны 864 млн. теңге. Цех құрылысы аяқталғаннан кейін 35 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылады. Ал 2025 жылы «Caspiy Milk» ЖШС және «Mangystau Milk» ЖШС түйе сүтінен ұнтақталған сүт өнімін өндіру орындарын іске қосуды жоспарлауда.Нұрдәулет Қилыбай ауданға қарасты Онды ауылын республика деңгейінде ең үлгілі ауылға айналдыруды ұсынды.-Халық жазушысы Әбіш аға Кекілбаев туған Онды ауылында соңғы жылдары бір де бір құқық бұзушылық тіркелмеген. Ауылда арақ-шарап сатылмайды. Мұнда бір мың түп жеміс ағашы егілген бақ бар. Сондықтан Ондыны солтүстіктегі Родина ауылы сияқты үлгілі ауыл қатарына қосуды көздеп отырмыз. Бүгінде ауылды көркейту үшін арнайы жоспар жасақталуда,-деді Нұрдәулет Қилыбай.Кездесу барысында жергілікті тұрғындар мектеп тапшылығы, ат шабар алаңының салынуы, қоғамдық көлік қажеттілігі, карьерлер мен Қосбұлақ ауылының мәселелері туралы сұрақтар қойды. Сондай-ақ, мал шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру мен спорт салаларын дамыту бойынша да ұсыныстар айтылды.5 сағатқа созылған кездесуде айтылған өтініштер мен қойылған сұрақтарға жауап берген облыс әкімі жауапты сала басшыларына түйткілді мәселелерді жүйелі түрде шешуді тапсырды.Кездесуден кейін Нұрдәулет Қилыбай жеке мәселелері бойынша тіркелген аудан азаматтарын қабылдады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/880134
Қазақстанда "Government Accelerators" енгізу талқылануда 16.11.2024
2024 жылғы 6 қарашада Қазақстан Республикасы Ццифрлық даму министрлігінде ҚР Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асанов пен Цифрлық дамудың бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарымен кездесу өтті. Кездесу аясында жобалық басқарудың икемді әдістемесі және Біріккен Араб Әмірліктерінің «Government Accelerators» әдістемесі ұсынылдыҚазіргі уақытта ҮЕҰ ұлттық акселераторының алаңында 12 стратегиялық бастама әзірленуде және іске асырылуда: денсаулық сақтау, оқу-ағарту, көлік-логистика, энергетика, су саласы, өнеркәсіп және құрылыс, цифрландыру, инновациялар және т.б. саласын дамыту.«Government Accelerators» әдіснамасы бейімделгіш және тиімді тәсілдерді қолдану арқылы негізгі мемлекеттік бастамаларды іске асыруды жеделдетуге мүмкіндік береді, бұл кезең ішінде күрделі және басым міндеттерді шешу үшін өзекті - 100 күн. Бағдарлама ведомствоаралық өзара іс-қимылды жақсартуға, орындаушылардың жауапкершілігін арттыруға және жобалардың орындалу барысына жедел мониторингті күшейтуге бағытталған.Сенат депутаттары білім министрлігі таңдаған тақырыпты талқылау мысалында БАӘ әдіснамасы бойынша ыңғайлы мектептерді басқару жүйесін қарастырып, талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/879936
Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы тиімді жүзеге асырылуда 16.11.2024
Биыл Маңғыстау ауданында «Ауыл аманаты» жобасы мал шаруашылығы мен өзге бизнес түрлерін дамытуға басымдық берді. Мал шаруашылығына 24 жоба қаржыландырылып, өзге бизнес түрлеріне 30 жобаға қолдау көрсетілуде. Бұл жобалар іске асқанда аудан бойынша жұмыссыздықты төмендетіп, қосымша 50 жұмыс орнын ашуға ықпал етпек.Жобаның алғашқы кезеңінде аудан көлемінде 12 ауылдың тұрғындарына саралау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 193 әлеуметтік көмек алушы мен 1611 жұмыссыз тұрғын анықталды.2023 жылы аудан тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 23 жобаға несие бөлінді. Оның ішінде 19 жоба мал шаруашылығына, 4 жоба өсімдік шаруашылығына берілді. Мал шаруашылығы жобасы аясында 342 бас мал сатып алынып, Жыңғылды ауылында бақша өнімдерін өсірумен айналысатын кооператив құрылды.«Каспий» ӘКК арқылы несие алған Шетпе ауылы 12, Жыңғылды 6, Шайыр, Онды, Ақтөбе, Жармыш және Тұщықұдық ауылдық округтері 1 жобадан іске асырды.Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» жобасы аясында түйе сүтін арттыруға 10 жоба ұсынылды. Маңғыстау ауданы облыстағы түйе басының 40%-ын қамтитын болғандықтан, кәсіпкерлерге қосымша жеңілдіктер қарастырылып отыр. Жылына 20 мың тонна сүт өндірілетіндіктен өнімді ірі сүт зауыттарына жеткізу жоспарлануда.Ал ет өндірісін дамытуға 12 жоба және тауық етін өндіруге 2 жоба қарастырылған. Өндірілген өнімдерді Ақтау қаласындағы көтерме сауда орталығына тарату үшін барлық қажетті қолдау көрсетіледі.Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аудан көлемінде жұмыссыздықты төмендетуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға және аудан экономикасын нығайтуға бағытталған.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879768
Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады 16.11.2024
7 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының тұрғындарымен кездесуден кейін жеке мәселелері бойынша 50-ден астам тұрғынды қабылдады.Облыс әкімінің қабылдауына келген бейнеуліктердің басым бөлігі жұмыспен қамту, тұрғын үй алу, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек, қоғамдық мәселелер және басқа да маңызды тақырыптарды көтерді.Нұрдәулет Қилыбай барлық өтініштерді мұқият тыңдап, әрбір мәселені заң аясында шешу үшін тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берді. Облыс басшысы тұрғындардың сұрақтарын және мәселелерін шешу үшін нақты шаралар қабылданып, үнемі бақылауда болатынын атап өтті.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879760
Сайөтес ауылында оң өзгеріс көп 16.11.2024
Маңғыстау ауданына қарасты Сайөтес ауылында көше жарықтандыру жұмыстары қарқынды жүруде. Ауыл көшелеріне 9 шақырымды қамтитын 300 электр бағаны мен 300 жарық шамы орнатылды.Бұдан басқа, 1965 жылы салынған ескі екі қабатты 19 үйдің 15-іне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, апаттық жағдайда деп танылған 3 үйдің тұрғындарына жаңа баспана салынуда.Тағы бір жағымды жаңалық Сайөтес ауылында жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді. Нысанның құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.Мәдениет үйінде 200 орындық концерт залы мен үйірмелер үшін бірнеше кабинет қарастырылған. Әдіскер, ансамбль, хор, вокаль, көрермен залы, сахна, гример, костюмер бөлмелері, би, домбыра, қолөнер үйірмелері, жарық-дыбыс студиялары мен мамандарға арналған кабинеттер заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Құны 691 миллион теңге болатын жаңа ғимаратта ауыл кітапханасы да орналасты.Айта кетсек, Сайөтес ауылдық клубы алғаш рет 1965 жылы теміржол ғимаратында ашылған. Клуб құрылымында 1983-2010 жылдар аралығында ән, домбыра үйірмелері мен 10 көркемөнерпаз жұмыс істеген. Қазіргі таңда клубтың құрамы 12 адамға толығып, 131 көркемөнерпаз және 6 құрылым халыққа қызмет көрсетіп отыр.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879765
Маңғыстауда экологиялық мәдениетті қалыптастыру 16.11.2024
8 қараша күні Маңғыстау облысында «Таза Қазақстан: экологиялық мәдениет» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны Маңғыстау облысы Ішкі саясат басқармасы, «Эко Маңғыстау» ҮЕҰ, «Жасыл мектеп TAZA.LIKEE» қоғамдық қоры және кафедра студенттері бірлесіп ұйымдастырды. Кездесу Ш. Есенов атындағы университетте өтті. Талқылауға Маңғыстау облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, облыстық экология департаментінің, сондай-ақ облыстық энергетика және ТКШ басқармасының өкілдері қатысты.Мақсат – экологиялық мәдениетті арттыру, халыққа қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсіндіру, табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру және экология мәселелерінде мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың ынтымақтастығын дамыту. Лекторлар баяндамалар жасап, өңірдің өзекті экологиялық мәселелерін талқылап, осындай кездесулердің экологиялық тұрақты қоғам құру үшін маңыздылығын атап өтті. Іс-шара барысында спикерлер әр адамның өңірдің экологиялық күн тәртібіндегі рөліне назар аударды.«Эко Маңғыстау» ҮЕҰ директоры Кирилл Осиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы – жай ғана мемлекеттік бастама емес, ол әрбір тұрғынның болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігінің бір бөлігі. Ол қалдықтар мен басқа да экологиялық мәселелерді шешу үшін мемлекеттен бастап қарапайым азаматтарға дейін әркімнің қатысуы қажет екенін атап өтті. Осиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы өмір сүру сапасын және қалалық ортаны жақсартуға бағыт беріп қана қоймай, сонымен қатар адамдарға түрткі болуы керек.«Жасыл мектеп TAZA.LIKEE» қорының директоры Ирина Татиева өздерінің білім беру бастамалары арқылы халықтың экологиялық санасында оң өзгерістер байқалып жатқанын айтты. Татиева жасыл мектептің экологиялық ағартумен белсенді айналысып, саналы қоғам қалыптастыру мақсатында акциялар мен бағдарламалар ұйымдастырып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол жауапкершілікті сезінетін азаматтардың саны артып келе жатқанына сенім білдірді. Оның айтуынша, бұл өңір экологиясына оң әсер етуде, және ол мемлекеттік органдар мен бизнесті олардың бастамаларына қосылуға шақырды.Студенттердің сұрақтары мен белсенді талқылау кездесу барысында маңызды бөлікке айналды. Қатысушылар спикерлерге сұрақ қойып, өзекті экологиялық тақырыптарды талқылауға мүмкіндік алды, бұл пікір алмасуды жандандырып, экологиялық күн тәртібіне деген қызығушылықты арттырды.Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Ақтау қаласындағы Тұтқабай Ашимбаев атындағы №11 лицейде «Адам қызметінің қоршаған ортаға әсері» тақырыбында ашық сабақ өтті. Сабақтың негізгі мақсаты – оқушылардың қоршаған ортаға саналы қарым-қатынасын дамыту және адам қызметінің табиғатқа әсерін түсіндіру болды.Биология пәнінің мұғалімі, педагог-эксперт Балжан Манаеваның айтуынша, «Балаларға кішкентай кезінен бастап қоршаған ортаға деген құрметті сіңіру және экологияға ұқыпты қарау сезімін қалыптастыруымыз қажет. Бұл – болашақта табиғатты қорғап, жауапты шешімдер қабылдайтын ұрпақты тәрбиелеудің негізі».Биология пәнінің мұғалімі, педагог-модератор Елдос Оразалин былай деп қосты: «Экологиялық сана әр баланың дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналуы керек. Бұл құндылықтарды неғұрлым ертерек сіңірсек, болашақта біздің планетамыз соғұрлым тұрақты әрі сау болады».Айта кету керек, Тұтқабай Әшімбаев атындағы №11 лицей 2024-2025 оқу жылында қалалық байқауда 1-орын алып, «Табиғатпен үндес білім ұйымы» тақырыбындағы облыстық байқауда 1-дәрежелі диплом, кубок және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Бұл марапат лицейге Маңғыстау облысы Білім басқармасы мен Ақтау қалалық білім бөлімінің қолдауы арқасында экологиялық білім беруді дамытуға қосқан үлесі үшін берілді.Сонымен қатар, Бейнеу ауданының бір мектебінде «Таза ой, таза іс – Таза Қазақстан» тақырыбында мектепаралық семинар өтті, оған шамамен 200 оқушы қатысты. Бұған қоса, Жастар ресурстық орталығында «Жастар және Экологиялық жауапкершілік» тақырыбында 20-30 адам қатысқан дөңгелек үстел ұйымдастырылып, онда жастардың экологиялық жауапкершілігі мәселелері талқыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879735
Бейнеуде алғаш рет заман талабына сай аудандық кітапхана мен жаңа кинонеатр ашылады 16.11.2024
Жақын күндері Бейнеуде тұңғыш рет кинотеатр ашылады. Қазір соңғы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Аумағы 400 шаршыметр болатын ғимарат 180 орынға арналған. Билет құны 500 теңгеден басталады. Мұнда Мансап орталығы арқылы жұмыссыздық кезегінде тұрған 10 адам жұмысқа алынады.Сондай-ақ бүгінде Бейнеу ауданында алғашқы заманауи кітапхананың құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.Көлемі 825 шаршыметр болатын 2 қабатты ғимарат бір мезетте 62 адамды қабылдай алады. Ғимаратта оқушы балаларға, ересектерге және мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 5 оқу залы, кітап сақтау қоймасы мен интернет желісімен жабдықталған арнайы кабинеттер бар.Жоспар бойынша құрылыс жұмыстары 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталады.Айта кетсек, қазіргі Бейнеудің ескі кітапханасы 218 123 дана кітап қорын қамтиды. Кітапханада 62 қызметкер жұмыс істейді. Биылғы жылдың 10 айында кітапханаға 89 мың адам келіп, олардың 26 765-і тұрақты оқырман ретінде тіркелген.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879235
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданы тұрғындарымен кездесті 16.11.2024
7 қараша күні Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Бейнеу ауданының орталығындағы «Абыл» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесу өткізіп, жергілікті халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.Алдымен аудан әкімі Рахымжан Шалбаев 9 айдағы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.Рахымжан Шалбаевтың айтуынша, ауданда үш ауысымда білім беретін мектеп жоқ. Алайда бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан және басқа өңірлерден көшіп келушілер санының көптігіне байланысты мектеп қажеттілігі бар. Осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында екі мектептің құрылысы жүріп жатыр.Аудан халқының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына бейнеуліктер белсенді қатысуда. Бүгінге дейін 57 жоба қаржыландырылып, 69 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұл облыс бойынша ең жоғарғы көрсеткіш.Ауданда ауыз су мәселесі шешілген. Тұрғындардың 97,7%-ы орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылған. Бүгінде Сарға ауылына ғана тіршілік нәрі көлік тасымалы арқылы жеткізіледі. Мәселені шешу мақсатында Сарға ауылында су тазарту ғимараты мен кентішілік су құбырын салу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізіліп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Жоба облыстық бюджет комиссияның қарауына ұсынылды.Аудан 100% табиғи газбен қамтылған. Бейнеу ауылындағы 9 көшені қамтитын жол құрылыс-монтаж жұмыстары да аяқталды. Жалпы, Бейнеу ауданында 490 шақырым жол бар, оның ішінде 178 шақырымы аудандық маңыздағы жол болса, 312 шақырымы ауылішілік жолдар. Аудандық маңызы бар жолдардың 36,5%-ы, ауылішілік жолдардың 35,8%-ы қатқыл табанды жолдарға жатады.Кездесуде аудан тұрғындары облыс әкіміне толғандырған мәселелерін жеткізіп, шешімін күткен түйткілдерді ортаға салды. Халықтың басым көпшілігі Бейнеу ауданына қарасты ауылдардағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік қажеттіліктер туралы сөз қозғады.Атап айтқанда, Бейнеу ауылында жер асты суларының деңгейі көтерілуіне байланысты дренажды кәріз жүйесінің қажеттілігі, ауылішілік көлік және жаяу жүргіншілер жолдарын салу, жұмыссыздық, апатты жағдайдағы көппәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарын кезекке қою, ауданға бөлінетін автогаз көлемін ұлғайту, денсаулық сақтау, спорт, теміржол вокзалын жаңартуға қатысты сауалдарын жолдады.Облыс әкімі тұрғындардың өтініштерін мұқият тыңдап, көтерілген мәселелерді шешу үшін тиісті органдарға тапсырма берді.Төрт сағатқа созылған кездесуден соң, Нұрдәулет Қилыбай аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдап, өтініштерін тыңдады.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/879256
Ербол Мырзабосынов әлем чемпионатында жарқын жеңіске жеткен палуандармен кездесті 16.11.2024
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елордада жуырда ғана Албания астанасы Тиранада күрес түрлерінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздарымен және жүлдегерлерімен кездесіп, палуандарды марапаттады.Іс-шараға Қазақстан грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, еркін күрестен ересектер арасындағы жеңімпазы Нұрқожа Қайпанов (70 кг), еркін күрестен 23 жасқа дейінгі палуандар арасындағы әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан (97 кг), грек-рим күресінен күміс жүлдегер Ержет Жарлықасын (63 кг), әйелдер күресінен күміс медаль иегері Жәмила Бақбергенова (72 кг) және жаттықтырушылар құрамы қатысты.Министр кейінгі жылдары күрес түрлерінен ұлттық құрама палуандары тәуір нәтиже көрсетіп келе жатқанын атап өтті. Әсіресе, жақында 23 жасқа дейінгі жастар және ересектер арасындағы олимпиадалық емес салмақ дәрежелері бойынша әлем чемпионатында ерекше нәтиже тіркелді.Жерлестеріміз байрақты бәсекеде жоғары деңгейде өнер көрсетіп, 2 алтын және 2 күміс медаль иеленді.«Албаниядағы әлем чемпионатында біздің палуандар өздерінің шеберлігін, табандылығынәлемге паш етті. Бұл жеңіс тек сіздерге ғана емес, тұтас елге үлкен шабыт сыйлайды. Сіздердің жеңістеріңіз – жас ұрпаққа үлгі-өнеге, оларға биік мақсаттарға жетуге серпін беретін нағыз патриоттық тәрбиенің үлгісі. Маңызды жеңістердің бірі ретінде Нұрқожа Қайпановтың алтын медалін ерекше атап өту керек. Сондай-ақ күміс медальға қол жеткізген Ержет Жарлықасын мен Жәмила Бақбергенова да мықты спортшы екенін дәлелдеді. Ризабек Айтмұханды айырықша атап өткім келеді. Ол бір жылда екі жас санатындағы әлем чемпионатында топ жарып, өз салмағында рекорд орнатты. Бұл оның 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадада сәтті өнер көрсетуіне жол ашады деп сенемін», - деді Ербол Мырзабосынов.Жиын соңында министр Ризабек Айтмұхан мен Ержет Жарлықасынға Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері атағын табыстап, спортшылар мен жаттықтырушыларды Алғыс хатпен марапаттады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/879236
Жаныңда жүр жақсы адам 16.11.2024
10 қараша - Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күні қарсаңында мемлекеттік қызметшілердің «мінсіз беделін» қоғам арасында кеңінен насихаттау және ұжымда жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер бейнесін ұжым алдында көтермелеу, жастарға үлгі болу мақсатында мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға бағдарланған «Жаныңда жүр жақсы адам» айдарының кезекті қонағы – мемлекеттік қызметте адал да абыройлы еңбек етіп жүрген әріптесіміз Министрліктің Архитектура және цифрлық трансформация саясаты департаменті директорының орынбасары Гүлмира Маутханқызы Маутхановамен жүргізілген сұқбатты ұсынамыз.Құрметті Гүлмира Маутханқызы сізді алда келе жатырған кәсіби мерекеңіз Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күнімен құттықтай отырып, мереке қарсаңында өзіңізбен цифрландыру саласының маманы ретінде сұқбат жүргізсем деп едім.Бүгінгі уақыт талабына сәйкес IT саласының қатысынсыз бірде-бір бағытты елестету мүмкін емес, жалпы бұл саланың дамуы қашаннан бастау алды, қысқаша тарихына көз жүгіртсек?Шынымен де қазіргі уақытта өмірімізді цифрлық технологияларсыз елестету мүмкін емес.IT саласының дамуына қысқаша тоқталатын болсам, 1970 жылдары американдық IBM компаниясы ең алғаш микропроцессорды іске қосты. Микропроцессордың шығуы дербес компьтерлердің пайда болуына ықпал етті, яғни бұл есептеу технологиясындағы нағыз революциялық қадам болды.Кейін 1990 жылдардың басынан бастап бүкіләлемдік ғаламтор (world wide web) дами бастады, бұл интернеттің жаппай құбылыс ретінде пайда болуына әкелді. Интернеттің пайда болуы көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол ашты: электрондық пошта (e-mail), интернет-дүкендер, іздеу жүйелері, әлеуметтік медиа және т.б. пайда болды.2000 жылдары мобильді технологияларды жаппай енгізу IT саласын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. 2007 жылы Apple компаниясы смартфондар мен планшеттер дәуірін ашқан алғашқы Iphone-ды ұсынды.Сонымен бірге, осы жылдары бұлтты есептеу инфрақұрылымы дами бастады. Amazon Web Services, Google Cloud және Microsoft Azure сияқты компаниялар бұлтты шешімдерді ұсына бастады.Мобильді құрылғылар мен бұлтты техологиялар адамдарға кез-келген жерден кеңсеге немесе үйге байланбай-ақ құжаттарға, электрондық пошталарға, жұмыс тапсырмаларына және бейнеконференцияларға оңай әрі жеңіл түрде қол жеткізуге мүмкіндік берді.Соңғы онжылдықтарда IT индустриясы жасанды интеллект, машиналық оқыту және үлкен деректерді талдау саласындағы жетістіктердің арқасында революциялық өзгерістердің жаңа толқынын бастан кешіруде.Бұл технологиялар медицина, қаржы мен білімге дейін әртүрлі салаларда қолданылады.Осылайша IT саласының дамуын негізгі 4 кезеңге бөлер едім.А.ж. қыркүйек айында Министріміз Ж. Мадиев бұқаралық ақпарат құралдарында «еліміз әлем бойынша цифрлық басқару саласында орнын нықтады, яғни биыл Біріккен ұлттар ұйымының 2024 жылғы UN E-Government Survey есебіне сәйкес электронды үкімет бойынша жаһандық рейтингте 24 орынға көтерілдік»,-деді, бұл жақсы көрсеткіш болып саналады ма, бұл туралы не айта аласыз (қандай үлкен жобалар іске асты, корпорация, орталықтардың құрылуы..., цифрлық трансформация)?Электрондық үкімет бойынша жаһандық рейтингте 24 позицияны иелену еліміз үшін жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Сонымен қатар, «онлайн қызметтердің сапа индексі» көрсеткіші бойынша әлемнің 193 елі арасында 10 орынды иеленгенімізді атап айтқым келеді.Қазіргі уақытта еліміз цифрландыру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтатын болсам, 2023 жылы 50 млн. қызмет онлайн режимде көрсетілді және бұл қызметтердің 92 % біздің азаматтарға үйден қол жетімді. Egov мобильді қосымшасын ай сайын 4,6 млн адам пайдаланады, аталған қосымшада өзіңізбен бірге алып жүрудің қажеті жоқ цифрлық құжаттар қол жетімді.Сонымен қатар, жасанды интеллект негізінде отбасының цифрлық картасы жобасы іске асырылды. Бұл жоба – азаматтарға әлеуметтік көмек туралы мақсатты хабарламалар жіберу арқылы мемлекеттік қызметтерді ұсынады. Аталған жоба шеңберінде 30-дан астам мемлекеттік қызметтер проактивті форматқа ауыстырылды.90-нан астам мемлекеттік дерекқорларды бірыңғай деректер қоймасына біріктіретін «Smart Data Ukimet» жобасы іске асырылды, бұл жоба деректерге негізделген шешімдер қабылдауға және әрбір азаматтың қажеттіліктеріне бейімделген проактивті қызметтерді ұсынуға мүмкіндік береді.Өзіңіз қызмет етіп отырған сала туралы айтсаңыз. Оны ілгерілетуде қандай бастамалар қолға алынуда, салаға қатысты қандай өзгеріс, жаңашылдық бар?Цифрлық трансформация саясаты саласына тоқталатын болсам, қазіргі уақытта біздің Департамент Цифрлық кодекс жобасын әзірлеу бойынша қарқынды жұмыстар жүргізуде. Цифрлық кодекс – цифрлық кеңістіктегі өзара әрекеттесуді ұйымдастыруға бағытталған цифрлық технологияларды пайданалуды реттейтін ережелер мен нормалар жиынтығы болып табылады.Өздеріңіз білетіндей, кез-келген заң шығару процесі дәйекті кезеңдерден тұрады, оларды сақтау міндетті болып табылады. Цифрлық кодекс жобасы сараптамалық қоғамдыстық, бизнес пен мемлекеттік органдарың қатысуымен әзірленді, қазіргі уақытта Үкімет Аппаратының қарауында және қабылдау мерзімі - 2025 жылдың аяғына жоспарланған.Сонымен бірге, цифрландырудың платформалық моделіне көшуге мүмкіндік беретін нормалар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау және статистика, халықты қорғау, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы шеңберінде қабылданды (Заңға 2024 жылы 5 шілдеде қол қойылды).2024 жылдың қазан айында жоғарыда аталған Заңды іске асыруға бағытталаған 20-дан астам заңға тәуелді актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданды.Қабылданған нормалар цифрландырудың платформалық моделіне көшуді, сондай-ақ қызметтер мен процесстерді біртұтас экожүйеге біріктіруді ілгерлетеді.Сіздің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтіліңіз 9 жылға жуық екен, өз ісіңіздің маманы ретінде сіздің пікіріңіз, мемлекеттік қызметшінің жаңа болмысы қандай болу керек? «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дегенді қалай түсінесіз?Жаңа болмыстағы мемлекеттік қызметшіні рухани-адамгершілік құндылықтарды ұстанатын, өзінің тұлғалық дамуын алдыңғы орынға қоя білетін, іс жүзінде оның нәтижесін көрсете алатын, білімді, кәсіби маман деп білемін.«Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» дегенді ел игілігі үшін кәсіби білімімен және таза еңбегімен халыққа сапалы, адал ниетпен риясыз қызмет көрсететін, қажырлы еңбегімен табысқа жеткен тұлғаның бойында кездесетін үш негізгі қасиет деп түсінемін.Сіз меритократия қағидатымен Министрлігімізде сарапшыдан бастап департамент директорының орынбасары лауазымына дейін сатылап көтерілген өз ісіңіздің кәсіби маманысыз, жалпы осы жоғарлатылуыңыз уақытылы ма әлде ертерек жүзеге асырылып тұр ма, қалай ойлайсыз?Басшылық лауазымға көтерілу сатысында жұмыс тәжірибесіне байланысты қандай ұсыныс айтар едіңіз?Ата-анам үнемі әр нәрсенің өз уақыты бар, бәрі өз уақытымен болады деп айтып отырады. Шүкіршілікті жақсы көретін халықпыз ғой. Сондықтан мемлекеттік қызметте жоғарылауым ерте немесе кеш жүзеге асырылды деп айта алмаймын. Алланың қалауымен өз уақытында орындалды деп есептеймін.Басшылық лауазымына көтерілу сатысында жұмыс тәжірибесіне келетін болсақ, дәл қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдарда басшылық лауазымына өту талаптары күрделі деп есептеймін.Мысал келтіретін болсам, біліктілік талаптарында орталық мемлекеттік органда басқарма басшысы лауазымына өтетін үміткердің жұмыс тәжірибесі бес жылдан кем болмауы керек. Бұл қазіргі білікті де білімді жастардың басшы лауазымына өтуіне кедергісін тигізетін бірден-бір фактор.Осыған орай, білікті де білімді жастарды мемлекеттік қызметке тарту мақсатында оларға тек жақсы жалақы мен әлеуметтік пакетті ғана ұсынып қоймай, сондай-ақ кәсіби даму мүмкіндіктерін ұсыну және біліктілік талаптарын, оның ішінде жұмыс тәжірибесіне қойлатын талаптарды қайта қарау керек деп ойлаймын.Өзіңіз қай жердің тумасысыз, еңбек жолыңызды қашан, қайда бастадыңыз, жанұяңызда кім бар, жұмыстан тыс уақытта жақсы көретін ісіңіз (хобби) қандай?Мен Шығыс Қазақстан облысы Зайсан қаласының тумасымын. Еңбек жолымды 2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін аяқтағаннан кейін Астана қаласында Басқару колледжінде арнайы пәндер оқытушысы ретінде бастадым.Жанұямда – ата-анам, ағам бар, кішігірім, қарапайым отбасында тәрбилендім.Жұмыстан тыс уақытта спортпен, оның ішінде жүгірумен айналысқанды, сонымен қатар кітап оқығанды және youtube платформасынан әртүрлі бағыттарға арналған подкастарды көргенді ұнатамын.Қазақстан Республикасының Цифрландыру және ақпараттық технологиялар қызметкерлері күніне байланысты әріптестеріңізге тілегіңіз?Барлық әріптестерімді және осы саланың барлық қызметкерлерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Іске асырылып жатқан жобалардың кәсіби өсуі мен қарқынды дамуын тілеймін.Сіздерге кемелдікке, креативтілікке ұмтылуды және цифрландыру өсу мен даму үшін орасан зор мүмкіндіктер беретінін естен шығармай, осы салада талмай еңбек етуді тілеймін!Менің еңбек жолымды бағалап, сұқбатқа шақырғаныңызға алғысымды білдіремін. Құрметті Гүлмира Маутханқызы!Сізді де кәсіби мерекеңізбен құттықтаймын!Сізге зор денсаулық, жұмысыңызға табыс, жанұяңызға амандық тілеймін. Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбаттасқаныңызға көп рақмет. Сұқбаттасқан:Жансая Қаршығақызы МолдағалиеваҚазақстан Республикасы Цифрлық даму,инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігініңӘдеп жөніндегі уәкіліАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/879185
Қазақстандағы ең үлкен ауылда мыңнан аса жарық шамдар орнатылып, жаңа үйлер салынуда 16.11.2024
Маңғыстау облысында орналасқан Бейнеу ауылы - еліміздегі ең үлкен ауыл болып саналады. 57 мың тұрғыны бар ауылдың жалпы аумағы 51 мың га. Мұндағы 154 көшенің 66-на асфальт төселген.Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 127 көше жарықтандырылды. Қазіргі таңда тозығы жеткен 553 дана электр бағанасы ауыстырылуда. Жоба құны 108 млн теңге.Сонымен қатар, ауыл көшелеріне 589 дана жарық шам орнатылды. Алдағы уақытта Бейнеу ауданына қарасты басқа да елді мекендердегі көше жарық шамдарын кезең-кезеңімен жаңалау жоспарланып отыр.Биыл ауылда 18 жаңа қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Жолаушылар автобустары қозғалыс кезінде тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын толық қамтамасыз ететін заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Әрі халықаралық экологиялық стандарттарға сай жасалған, қоршаған ортаға зиянын тигізбейді. Электронды жол ақысын төлеу жүйесі де бар.Бейнеуде әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған жаңа үйлер салынып жатыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 284 млн. теңге бөлінді. Жыл соңына дейін 20 үйдің құрылысы аяқталып, тұрғын үй алу кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын азаматтарға беріледі.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/878607
С. Бердіқұлов атындағы «Үздік спорт журналисі» байқауына өтінімдер қабылдау басталды 16.11.2024
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін спорт тақырыбына маманданған БАҚ өкілдері арасында белгілі қаламгер, көрнекті көсемсөз шебері, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы Сейдахмет Бердіқұлов атындағы дәстүрлі байқауға материалдар қабылдау басталғанын хабарлайды.Конкурс жыл сайын желтоқсан айының екінші жартысында үш номинация бойынша өткізіледі:1. «Үздік спорттық телевизиялық репортаж»;2. «Үздік спорттық жарияланым»;3. «Үздік спорттық фоторепортаж». Өтініштер мен мақалалар Астана қаласы, Мәңгілік ел көшесі, 8 үй, 6 қабат, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметіне немесе sportpress86@mail.ru электрондық поштасы арқылы («2024 жылғы С. Бердіқұлов атындағы байқауға» деген белгімен) қабылданады.Қабылдау мерзімі – 2024 жылдың 1 желтоқсанына дейін.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/tsm/press/news/details/878589