Касабланкада Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Касабланкада Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтті

23.07.2026 19:07:19 266

Марокко Кәсіпорындарының жалпы конфедерациясының (CGEM) штаб-пәтерінде екіжақты қатынастар тарихында алғаш рет Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің отырысы өтті.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров, CGEM Президенті Мехди Тази, Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Саулекүл Сайлауқызы, Іскерлік кеңестің тең төрағалары – CGEM Экономика комитетінің төрағасы Дрис Беномар мен Қазақстанның Сыртқы сауда палатасының төрағасы Мұрат Кәрімсақов, сондай-ақ екі елдің мемлекеттік органдары мен даму институттарының өкілдері және Қазақстан мен Марокко экономикасының түрлі салаларын қамтитын компаниялардан құралған ауқымды бизнес-делегация қатысты.

Іс-шара аясында Ә.Қуантыров М.Тазимен жеке кездесу өткізіп, оның барысында тараптар іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайтудағы және бірлескен жобаларды ілгерілетудегі бизнес-бірлестіктердің рөлін талқылады.

Отырысты ашқан Ә.Қуантыров іс-шараның символдық маңызын атап өтіп, осыдан небәрі бес жыл бұрын Қазақстанның Мароккодағы Елшілігі ашылғаннан кейін алғашқы байланыстар орнатылғанын, өткен жылы Қазақстанның Сыртқы істер министрінің Мароккоға алғашқы сапары, одан кейін Мәжіліс Төрағасының сапары жүзеге асқанын, ал бүгінде қазіргі сапар аясында ірі бизнес-делегацияның қатысып отырғанын еске салды. Ол құрылған Іскерлік кеңес қазақстандық және марокколық компаниялар арасындағы тікелей диалогтың тиімді алаңына айналып, инвестициялар тартуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және екі ел компаниялары арасындағы сауданы кеңейтуге ықпал ететініне сенім білдірді.

Қатысушылар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, логистика, финтех және инвестициялар салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын талқылап, осы бағыттар бойынша бейінді жұмыс топтары шеңберінде жұмысты жалғастыруға келісті. Бірқатар қазақстандық және марокколық компаниялар өз қызметі, екі елдің инвестициялық және экспорттық әлеуеті туралы таныстырылымдар өткізіп, өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылап, алдағы келіссөздерді жалғастыру үшін байланыс орнатты.

Отырыс алаңында қазақстандық өнімдердің көрме экспозициясы ұйымдастырылып, марокколық компаниялар отандық өндірушілердің өнім түрлерімен танысып, сауда байланыстарын кеңейту мүмкіндіктерін бағалады.

Өз сөзінде М.Тази Марокконы Африка, Еуропа және араб әлемінің тоғысындағы стратегиялық мемлекет ретінде сипаттап, оның Африка мен Еуропа нарықтарына шығатын қақпа бола алатынын, ал Қазақстан Орталық Азия нарықтарына жол ашатынын атап өтті. Ол тыңайтқыштар өндірісі, ауыл шаруашылығы, логистика, инфрақұрылым, энергетика, цифрлық технологиялар және жасанды интеллект салаларын бірлескен жұмыстың ең перспективалы бағыттары ретінде атап өтіп, Іскерлік кеңестің құрылуы CGEM-нің Орталық Азия нарықтарымен әріптестікті кеңейту стратегиясына толық сәйкес келетінін айтты.

Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Іскерлік кеңесті екі елдің іскерлік қауымдастықтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытуға арналған тұрақты алаң ретінде пайдалану ниеттерін растады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1262854?lang=ru