Қуқық
Диалог – өзара сенім мен келісімнің бастауы 05.11.2025
Алматы облысында медиация және этномедиация мәселелеріне арналған кездесу өтті. Іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елдесу және татуласу» жобасы аясында ұйымдастырылып, оған этномәдени бірлестіктердің өкілдері, кәсіби медиаторлар, педагогтар мен қоғам белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – қазіргі заманғы диалог пен делдалдық тәсілдерінің түрлі этностар өкілдері арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайтудағы, сондай-ақ келіспеушіліктердің алдын алудағы маңызын талқылау болды.Жиынды ашқан облыс әкімінің міндетін атқарушы Қанат Есболатов этномедиацияның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті.«Этномедиация келіспеушіліктерді ерте анықтап, тараптар үшін құрмет пен сенімге негізделген ашық диалог алаңын қалыптастырады. Бұл – қоғамдық келісім мен өзара түсіністікті нығайтудың маңызды тетігі», – деді Қанат Есболатов.Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Жақұпов медиация және этномедиация бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Биылғы жылдың он айында 70-тен астам іс-шара өткізіліп, үш мыңға жуық тұрғын қамтылған.«Көптеген даулар сотқа дейін шешімін тапты. Олардың арасында отбасылық, қаржылық және ұрпақаралық келіспеушіліктер бар. Сонымен қатар кәсіби медиаторлардың саны да артып келеді», – деп атап өтті Ерлан Жақұпов.Кездесу барысында мектеп медиациясының маңызына да назар аударылды. Грек этномәдени бірлестігі «Элефтерияның» төрайымы Наталья Тифанциди балаларда келісімге келу және өзара түсінісу дағдыларын ерте жастан қалыптастыру қажеттігін айтты.«Мектеп – балалар диалог пен келісімге алғаш қадам жасайтын орта. Егер бала кішкентайынан өзара сыйластық пен түсіністіктің маңызын ұғынса, бұл болашақ бейбіт қоғамның негізін қалайды», – деді Наталья Тифанциди.Облыстық мәслихат депутаты Меруерт Молдашева «Ана медиациясы» жобасымен таныстырды. Бұл бастама отбасылық және ұрпақаралық дауларды шешуде әйелдерді бітімгер әрі кеңесші ретінде тартуға бағытталған.Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, «Ронаи» күрд этномәдени орталығының жетекшісі Гамзе Гейдаров өңірдегі этностар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайту бағытындағы жұмыстар туралы айтты. Мәселен, Іле ауданында барлық этностардың өкілдерін біріктіретін «Комитет-Курултай» құрылып, онда мәдени және спорттық іс-шаралар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл шаралар халық арасындағы өзара түсіністік пен сенімнің нығаюына ықпал етуде.Кездесу қорытындысында қатысушылар медиативтік тәжірибені кеңейтуге бағытталған бірқатар ұсыныстар енгізді. Атап айтқанда, мектеп медиаторларының желісін дамыту, этномәдени бірлестіктерді ағартушылық жұмыстарға тарту және келісім мен өзара құрмет құндылықтарын насихаттайтын ақпараттық кампаниялар ұйымдастыру көзделді.Қазақстан халқы Ассамблеясы мен кәсіби медиаторлардың үйлесімді жұмысы қоғамдағы сенімді нығайтуға, диалог мәдениетін қалыптастыруға және әр азамат өзін естіген әрі қорғалған сезінетін тұрақты бейбіт қоғам құруға ықпал етуде.Медиация мен этномедиация – заманауи қоғам мәдениетінің ажырамас бөлігі. Олар өзара түсіністікке, ынтымаққа және татулықты сақтауға негізделген тұрақты даму мен бейбіт өмірдің кепілі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099510?lang=kk
ҚДБ ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында электр желілерін тарату жұмыстарын жаңғыртуды қаржыландырады 05.11.2025
«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Қарағанды жарық» ЖШС-нің инвестициялық жобасының қаржылық серіктесі болды.Қаражат Қарағанды облысының электр желілік инфрақұрылымын жаңғыртудың ауқымды бағдарламасын іске асыруға бағытталады. Бұл өңір – елдің энергетикалық жүйесіндегі негізгі аймақтардың бірі саналады.Қаржыландыру тарту өңірдің электр желілік кешенінің сенімділігі мен тұрақтылығын арттырудағы маңызды қадам болды. Бұл тек қаржылық шара ғана емес, сонымен қатар жабдықтарды жаңарту, апаттылықты азайту және халық пен бизнес үшін электрмен жабдықтау сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық құрал.«Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған және ол Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан өткен жылдың желтоқсан айында бекітілді. Жобаға елдің инженерлік және коммуналдық инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған инвестициялық бастамаларды іске асырып жатқан табиғи монополиялар субъектілері қатысуда.Жобаны іске асыру нәтижесінде апаттылық 20 пайызға төмендеп, энергетикалық активтердің тозу деңгейі ел бойынша орта есеппен 40 пайызға дейін қысқарады деп күтілуде. Қазақстанның Даму Банкі мен «Қарағанды жарық» ЖШС арасындағы қаржылық серіктестік осы бағыттағы жүйелі жұмыстың көрінісі болмақ.Инвестициялық жоба аясында «Қарағанды жарық» бірқатар инфрақұрылымдық бастамаларды жүзеге асырады: 110 кВ «Мемлекеттік аудандық электр станциясы-2 – Қарағайлы» (1 және 2 тізбек) әуе желілерін қайта жаңарту, 110 кВ «Астаховка – Шоқай» желісін жаңғырту, сондай-ақ 35/10 кВ «Жосалы» және 110/6 кВ «РТИ» қосалқы станцияларын жаңарту көзделген. Құрылысты аяқтау және нысандарды пайдалануға беру 2029 жылғы 1 шілдеге дейін жоспарланған.Жоба аясында жалпы ұзындығы 58,2 шақырым әуе желісі қайта салынып, күштік трансформаторлар жаңасына ауыстырылады. Бұл өз кезегінде желілердің тозу және апаттылық деңгейін төмендетуге ықпал етеді.ҚДБ қаржыландыруды 10 жыл мерзімге 16,7 млрд теңге көлемінде қайтарылмайтын несиелік желі түрінде ұсынады. Банк жобаның жалпы құнының 90 пайызын қаржыландырады. Қаражат құрылыс-монтаж жұмыстарына, жабдықтарды сатып алу мен орнатуға бағытталады.– Қазақстанның Даму Банкі «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында табиғи монополиялар субъектілерін тікелей қаржыландыратын негізгі қаржы институттарының бірі. Бұл – елдің коммуналдық инфрақұрылымын жаңарту және тұрақты дамытуға бағытталған стратегиялық қадам. Биыл Банк сондай-ақ энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларындағы жаңғырту жобаларын қолдау бағдарламасын бекітті. Бағдарлама табиғи монополиялар саласындағы инвестициялық бастамаларды іске асырудың тиімділігі мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, – деді ҚДБ басқарма төрағасы Марат Елібаев.«Қарағанды жарық» жобалары «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобының өңірлердегі энергетикалық кешенді жаңарту жөніндегі ұзақмерзімді стратегиясының бөлігі. Топ электр және жылу желілерін жүйелі түрде жаңғыртып, энергия үнемдеу технологияларын енгізіп, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға тұрақты инвестициялар салып келеді.– Қазақстанның Даму Банкі өңір үшін маңызды инвестициялық жобаның қаржылық серіктесі атанды. Мұндай бастамаларды қолдау – энергетика саласының тұрақты дамуына және инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға қосылған үлес. Бұл – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін бағыт. Біз энергетикалық инфрақұрылымға инвестиция салу арқылы еліміздің миллиондаған тұрғынының жайлылығына үлес қосамыз, – деді «Қарағанды жарық» ЖШС бас директоры Дидар Ахмадин.Қазақстанның Даму Банкі қазіргі уақытта табиғи монополия субъектілеріне – «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының қатысушыларына тиімді қаржыландыру шарттарын ұсынып отыр. Несие сомасы 3 млрд теңгеден бастап, мерзімі 20 жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесінің 10 пайызы тариф есебінен, қалған бөлігі мемлекеттік субсидия есебінен өтеледі.Қазіргі таңда ҚДБ жалпы құны 141,8 млрд теңге болатын 7 жоба қаралу үстінде. Олардың несиелік көлемі шамамен 126,2 млрд теңгені құрайды. Бұл бастамалардың жүзеге асуы елдің коммуналдық инфрақұрылымындағы тозу деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1099434?lang=kk
«Әскери шақырылым – 2025»: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары 1500-ден астам жас сарбазбен толықты 05.11.2025
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Десанттық-шабуылдау әскерлерінде күзгі шақырылым науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан әскери бөлімдер мен құрамаларға 1500-ден астам жас сарбаз келіп қосылды.Қызметтің алғашқы күндерінен бастап жаңадан шақырылған сарбаздардың бейімделуіне бағытталған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылған. Жас жауынгерлер ротасының оқу-жаттығу жиындары барысында олар әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене дайындығы бойынша білімдерін жетілдіруде. Сонымен қатар, жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін оқып үйренуде.61993 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Даурен Төленбаевтың айтуынша, негізгі мақсат – жас сарбаздардың әскери ортаға жылдам бейімделуіне жәрдемдесу, әскердің дәстүрлерімен таныстыру және оларды Әскери ант қабылдауға дайындау. Оқыту үдерісі кешенді түрде жүргізіліп, оған дене, психологиялық және әскери-патриоттық дайындық бағыттары енгізілген.Бейімделу кезеңінде әскери психологтар маңызды рөл атқарады. Жас сарбаздармен диагностикалық тестілер, топтық жаттығулар және жеке кеңес беру іс-шаралары өткізіледі. Бұл жұмыстар жеке құрамның моральдық-психологиялық жағдайын нығайтуға және бөлімдерде қолайлы ахуал қалыптастыруға ықпал етеді.Жаттығу бағдарламасында жауынгерлік және атыс дайындығына ерекше назар аударылған. Оқу полигондарында сарбаздар Калашников автоматыннан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимылдарды пысықтап, бронетехникамен өзара іс-қимылдан өтті.– Алғашқы атыс кезінде сәл толқыдым, бірақ кейін сенімділік пайда болып, нысанаға дәл тигізе бастадым. Бұл ретте спорттық дайындықтың көмегі зор, – деді астаналық қатардағы жауынгер, Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship 2024 әлем чемпионатының жеңімпазы Татымбек Нөгербек. – Бронетехникамен жұмыс жасау – күш пен сенімділікті сезіндіретін ерекше тәжірибе.Бейімделу кезеңі аяқталған соң жас десантшыларды парашютпен секіру, дала жаттығулары және жауынгерлік дайындықтың жаңа кезеңдері күтіп тұр. Осылайша, олар біртіндеп ел қорғанысын қамтамасыз етуге дайын, ұйымшыл әрі кәсіби әскери ұжымның толыққанды мүшесіне айналуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099384?lang=kk
Білімге апарар қауіпсіз жол 05.11.2025
Оқушыларды мектепке жеткізу – білімнің қолжетімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі, әсіресе ауылдық елді мекендер үшін аса маңызды. Алыс ауылдарда тұратын тұрғындар үшін бұл мәселе ерекше мәнге ие, себебі ең жақын мектепке дейінгі қашықтық кейде бірнеше шақырымды құрайды.Бұрынғы жылдары балаларды мектепке жеткізу мәселесі өзекті болған. Көптеген оқушылар мектепке жаяу немесе кездейсоқ көліктермен, кейде ауа райының қолайсыз жағдайында баруға мәжбүр болды. Бүгінде жағдай айтарлықтай өзгерді – мемлекет білім алуға қолайлы жағдай жасауға баса назар аударып, мектепке тасымалдауды жүйелі және тұрақты түрде ұйымдастырып отыр.Жамбыл ауданында барлығы 65 мектеп жұмыс істейді, оның ішінде 51-і – орта, 6-ы – негізгі және 8-і – бастауыш мектеп. Аудан аумағының кеңдігі мен кейбір ауылдардың шалғай орналасуын ескере отырып, орта мектебі жоқ елді мекендердің оқушылары көрші ауылдарға жеткізіледі.Аудандық білім бөлімі бас маманы Светлана Сүлейменованың айтуынша, бүгінде оқушыларды тасымалдау 12 мектепте ұйымдастырылған. Бұл мақсатта 13 автобус жұмылдырылған, олармен күн сайын 264 бала мектепке барып келеді.Мектеп автобустары оқушыларды тек ауылдық округтерден ғана емес, бау-бақша аумақтарынан да тасымалдайды. Мысалы, Үлкен ауылының мектебіне күн сайын «Энергетик» бау-бақша серіктестігінен 9 оқушы келеді, ал Қасымбек ауылындағы мектепке «Тұрар» аумағынан 25 бала қатынайды. Бұдан бөлек, өз ауылында мектеп жоқ балалар Күтпанбетұлы атындағы мектепке (21 оқушы), Қарасай негізгі мектебіне (30), Танбалытас (10) және Сұңқар (41) ауылдарының мектептеріне жеткізіледі. Үмбетәлі ауылындағы мектепке Шолаққарғалы ауылынан 22 оқушы келеді, онда тек негізгі мектеп жұмыс істейді.Оқушыларды тасымалдауға қауіпсіздік талаптарына толық сай келетін заманауи Golden Dragon маркалы автобустар пайдаланылады. Барлық балалар тек отыратын орындарда жеткізіледі, жол қауіпсіздігі мен тәртіпті сынып жетекшілері бақылайды.Ата-аналар мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіруде. Шиен ауылының тұрғыны Айгерім Абдуахатова: «Балаларым үшін көңілім тыныш. Автобус таза, жылы, техникалық жағдайы жақсы, жүргізуші де тәжірибелі әрі мұқият», – дейді.Ал тағы бір ата-ана Айгерім Күлчинбаева: «Балаларды тасымалдау жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны қуантады. Біз, ата-аналар, балаларымыздың заманауи автобустармен қауіпсіз жүріп-тұрғанын көріп отырмыз. Жүргізушілер де жол ережелерін қатаң сақтайды. Мемлекетке өсіп келе жатқан ұрпаққа деген қамқорлығы үшін алғыс айтамыз», – деп атап өтті.Қазіргі таңда мектепке тасымалдау жүйесі – сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі. Осындай шаралардың арқасында әр бала, тұрғылықты жеріне қарамастан, қауіпсіз әрі жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұл – ел болашағына мемлекет тарапынан көрсетілген нақты қамқорлықтың айғағы.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1099326?lang=kk
Әскерге шақыру – 2025: Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қатары 1500 аса жас сарбазбен толықты 05.11.2025
Қарулы күштердің элиталық бөлімдерінде күзгі әскерге шақыру науқаны аяқталды. Алматы, Қонаев және Талдықорған қалаларында орналасқан Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен әскери бөлімдеріне 1500-ден астам жас жауынгер келіп қосылды.Алғашқы күннен бастап оларға бейімделу кезеңіне арналған кешенді іс-шаралар өткізілуде. Жас сарбаздардың роталық оқу жиындарында әскери қызметтің негіздерін меңгеріп, саптық, атыс, тактикалық және дене даярлығынан өтіп жатыр. Сондай-ақ жалпыәскери жарғылар мен ішкі тәртіп ережелерін үйренуде.– Біздің басты міндетіміз – жас сарбаздардың тез бейімделуіне көмектесу, жауынгерлік дәстүрлермен таныстыру және оларды Әскери ант беруге дайындау, – деді 61993 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Дәурен Төленбаев. – Оқу үдерісі кешенді түрде ұйымдастырылып, дене және психологиялық дайындықты, сондай-ақ әскери-патриоттық іс-шараларды үйлестіріп жүргізіледі.Бейімделу барысында психологтар белсенді жұмыс атқаруда. Жас жауынгерлерге диагностикалық тестілер, топтық тренингтер және жеке кеңестер өткізіледі. Мұның бәрі бөлімдердегі салауатты моральдық-психологиялық ахуалдың қалыптасуына ықпал етеді.Жиын бағдарламасында жауынгерлік және атыс даярлығына ерекше мән берілген. Полигондарда жас десантшылар Калашников автоматынан алғашқы атыс жаттығуларын орындап, бөлімше құрамында іс-қимыл жасауды және бронетехниканы жүргізіп тексеріп көру тәжірибесінен өтті.– Алғашқы атыстарда сәл толқыдым, бірақ кейін нысанаға дәл тигізе бастадым, тіпті «тоғыздыққа» тигіздім. Спорттық дайындық көп көмектесті, – деді 2024 жылы Канадада өткен Dageki World Full Contact Karate Championship әлем чемпионатының жеңімпазы, Астанадан шақырылған қатардағы жауынгер Тәтімбек Нөгербек. Күн өткен сайын жас десантшылар өздерін үлкен әскери отбасының бір бөлігі ретінде сезіне түсуде. Алда оларды парашютпен секіру, далалық жаттығулар және жауынгерлік оқудың жаңа кезеңдері күтіп тұр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1099075?lang=kk
Қазақстан СІМ-де зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтары талқыланды 04.11.2025
Астана, 2025 жылғы 3 қараша – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінде «Адами өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органының кезекті отырысы өтті.Іс-шараға ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары, ҚР Парламенті Сенаты жанындағы Инклюзия жөніндегі кеңестің төрағасы, мүдделі министрліктер, қазақстандық құқық қорғаушылар, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық сектор өкілдері, сондай-ақ, алаң қонақтары – БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының өкілдері қатысты.Отырыс барысында қатысушылар зейнет жасындағы азаматтардың әлеуметтік-экономикалық және мәдени құқықтары, төтенше жағдайларда олардың құқықтарын қамтамасыз ету, сонымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуіне әсер ететін тұрғын үйдің тұрақсыздығы мен тәуелділік мәселелерін талқылады.ҚР СІМ Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Алуа Надиркулова Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен зейнет жасындағы азаматтарды қолдау, олардың еңбек қызметін жалғастыруына жағдай жасалу қажеттілігін және «күміс экономиканы» дамытудың өзектілігіне назар аударды.Елші Қазақстанда 2,5 миллионнан астам зейнеткер тұратынын, олардың медициналық көмекке қолжетімділігі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қамтамасыз етілетінін, ал 2025 жылы еліміздегі Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының саны 127 мекемеге жеткенін мәлімдеді.ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмек көрсету департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева 2050 жылға қарай елімізде 65 жастан асқан азаматтардың үлесі 14%-дан асып, екі есеге ұлғайғанын атап өтті. Осыған байланысты скринингтік тексерулерден өтетін топтың жас шегі 76 жасқа дейін өскен. Сонымен қатар қарт адамдарға арнап мидың қан айналымы бұзылу қаупін ерте анықтау үшін жаңа скрининг енгізілген.Зейнеткерлер санының артуына байланысты, «Kumis Khasyr» қорының атқарушы директоры Әсия Ақанова денсаулық, белсенділік және цифрлық дағдыларды біріктіретін «ақылды ұзақ өмір» концепциясына көшу қажеттілігіне мән берді.Ә.Ақанова зейнет жасындағы адамдардың «үшінші жастағы» қоғамды қалыптастыруға, атап айтқанда, әлеуметтік бейімделу және қайта әлеуметтендіруді қамтамасыз етуге, спорт пен білімге, қаржылық, құқықтық және цифрлық сауаттылыққа қолжетімділікті кеңейтуге ерекше назар аударылуы қажет деп санайды.Күн тәртібінің екінші тармағы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің басқарма бастығы Болат Құсаинов «Азаматтық қорғау туралы» ҚР заңы барлық азаматтарға, әсіресе, зейнеткерлерге, мүгедектерге және балаларға төтенше жағдай тәуекелдері туралы алдын ала хабардар болуға, өз өмірін, денсаулықты және мүлікті қорғау құқықтары туралы хабардар болуға ықпал ететінін атап өтті.Сонымен қатар елімізде азаматтарды төтенше жағдайлар туралы хабардар ету мақсатында «112» мобильді қосымшасын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Қосымша қандай оқиғаның болғаны туралы, оқиғаның орны туралы және азаматтарға арналған ұсыныстар туралы «push-хабарламалар» алуға рұқсат бере отырып, еліміз бойынша 10-12 секунд ішінде жалпылай қамтитын «Mass Alert» жүйесіне интеграцияланатын болады.ҚР Ішкі істер министрлігінің Отбасы мен тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы басқармасының басшысы Ақмарал Серікбаева тұрғын үйдің тұрақсыздығы, тәуелділік пен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуі арасындағы тікелей байланысты атап өтті.А.Серікбаева «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» ҚР заңы аясында агрессорды ортақ тұрғын үйден шығару, зардап шеккендерді дағдарыс орталықтарына орналастыру, психокоррекциялық бағдарламалар жүргізу және «ODARA» жүйесі арқылы рецидивтерді анықтау шаралары жүзеге асырылғанын мәлімдеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша өтініштер саны 18%-ға төмендегенін, алайда аталған салада жүйелі алдын алу жұмыстарының жалғасуы қажеттілігіне назар аударды.Жалпы, күн тәртібі мәселелері ашық және конструктивті форматта талқыланды. Қатысушылар зейнеткерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамның қазіргі замандағы қауіп-қатерлерге төзімділігін арттыруға ортақ мүдделілігін растады.«Адами өлшемі жөніндегі диалог алаңы» консультативтік-кеңесші органы 2013 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің бастамасымен құрылды. Бұл алаң үкімет пен азаматтық сектор арасындағы диалогты дамытуға арналған тиімді құрал болып қызмет етеді. Алаң жұмысына адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер талқылау мақсатында халықаралық ұйымдардың байқаушылары да қатысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1098898?lang=kk
Қостанай облысы: «Таза Қазақстан» - таза болашақ жолындағы бірлік пен жауапкершілік үлгісі 04.11.2025
Қостанай облысында қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шаралар жалғасуда.Қарабалық ауданында туған өлкені таза ұстау мен қоршаған ортаны қорғау идеясы төңірегінде тұрғындарды біріктірген сенбіліктер мен экологиялық акциялар белсенді түрде өтуде. Солардың бірі – Қарабалық ауданының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Жақсылық қақпағы» атты игі бастама. Бұл акция экологиялық және қайырымдылық мақсатты ұштастырады: жиналған пластик қақпақтар өңдеуге жіберіліп, түскен қаражат ауыр науқас балаларды емдеуге бағытталады.Игі іске қолдау көрсеткен белгілі волонтёр Екатерина Афанасьева өз пікірін былай білдірді:«Бұл – мен бірнеше жылдан бері айналысып жүрген тамаша бастама. Бұрын жиналған қақпақтар көрші елге жөнелтілетін, ал қазір оларды Қостанайдағы ұйымдар қабылдайды. Өңделген қалдықтардан түскен қаражат балалардың еміне жұмсалады. Барша бейжай қарамайтын жандарды осы игі іске атсалысуға шақырамын!»Аталмыш акция 27 қазан мен 4 қараша аралығында өтті. Нәтижесінде ондаған килограмм пластик қақпақ жиналып, аудан мектептері, балабақшалары, мекемелері мен тұрғындары белсенділік танытты. Ұйымдастырушылар барша қатысушыларға табиғатты қорғауға қосқан үлестері мен белсенділігі үшін алғыс білдіріп, әрбір қақпақ – бұл тек қайта өңделетін қалдық емес, ізгілік пен үміттің белгісі екенін атап өтті.«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық бастамалардың жалғасы ретінде 2025 жылғы 4 қарашада Сарыкөл ауданындағы Сарыкөл кентінде «Табиғат үшін 5 минут» атты экологиялық флешмоб өтеді. Іс-шараны Сарыкөл ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруда. Акцияның мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелеу және жастардың экологиялық мәселелерге деген азаматтық жауапкершілігін қалыптастыру.Флешмоб аясында қатысушылар аулаларды, көпшілік демалатын аймақтарды, жасыл желектер мен қоғамдық орындарды тазалау жұмыстарын жүргізіп, туған жердің тазалығы әркімнің өз ауласынан және жеке үлгісінен басталатынын көрсете алады. Іс-шараға жастар ресурстық орталығының еріктілері, жұмысшы жастар, мектеп пен колледж оқушылары және белсенді ауыл тұрғындары қатысады.Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғатқа небәрі бес минут арнаудың өзі үлкен игі әсерін тигізіп, өзгелерге үлгі бола алады. Мұндай іс-шаралар экологиялық жауапкершілікті арттырып қана қоймай, қоғамда бірлік пен бейжай қарамау рухын нығайтады.«Таза Қазақстан» бағдарламасы Қостанай облысының тұрғындарын ізгі істерге біріктіріп, туған өлкенің тазалығы мен сұлулығын сақтау жолында нақты қадамдар жасауға шабыттандырып келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1098868?lang=kk
Инженерлік инфрақұрылым кешенді түрде жаңартылуда 04.11.2025
Алматы облысында жылыту маусымы барлық аудан мен қалада басталды. Қысқы кезеңге дайындық жүйелі түрде жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның барлық бағытын қамтыды.Жөндеу және жаңарту жұмыстары аясында 2,7 шақырым жылу желісі жаңартылып, 18 орталық және 75 модульдік қазандық жөнделді. Сондай-ақ 148 қосалқы станция мен 1 626 шақырым электр желісі жаңғыртылды. Оның ішінде 1 235 шақырымы — «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ есебінен атқарылды.Халықтың көмірге деген қажеттілігі 696 мың тонна көлемінде айқындалған, соның 275,9 мың тоннасы бүгінде жеткізілді.Елді мекендерді газдандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. 2025 жылы 14 ауылда газ тарту жобалары жүзеге асырылуда. Бүгінде 9 ауылға газ берілді, тағы 10 елді мекен инвесторлар есебінен қосылуда. Жыл соңына дейін өңірдің газдандыру деңгейі 59,5 пайызға жетеді деп жоспарлануда.Таза ауыз сумен қамту бағытында да ауқымды іс атқарылып жатыр. 11 ауылда модульдік су тазарту кешендері орнатылуда. Жыл қорытындысы бойынша ауыл халқының 99,6 пайызы сапалы ауыз сумен қамтылмақ.Инженерлік инфрақұрылымды дамытуға «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы жобалар да серпін беруде. Бағдарлама бойынша 18 жоба іске асырылып, оның бесеуі толық аяқталды, қалғандары жоғары дайындық деңгейінде. Бұл жобалар өндірістік және логистикалық нысандарды газға, суға және электр энергиясына қосуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерліктің дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098835?lang=kk
Қазақстан Стамбулда өткен COMCEC-тің 41-ші министрлік сессиясына қатысты 04.11.2025
2025 жылдың 3–4 қарашасында Ыстамбұл қаласында (Түркия Республикасы) Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Экономикалық және коммерциялық ынтымақтастық жөніндегі Тұрақты комитетінің (COMCEC) 41-ші Министрлік сессиясы өтуде. Анықтама үшін: COMCEC – Ислам әлеміндегі экономикалық мәселелерді талқылау, ортақ саясаттарды әзірлеу және мүше мемлекеттердің экономикалық жақындасуы мен дамуына бағытталған жобаларды іске асыруға арналған негізгі көпжақты алаң болып табылады. COMCEC құрамына 57 мемлекет кіреді. Ағымдағы іс-шара «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттерде экспорттық стратегияларды әзірлеу/жетілдіру» тақырыбына арналды. 41-ші сессияны COMCEC Төрағасы – Түркия Республикасы Президенті Р.Т. Ердоған ашты. Экономика және сауда министрліктерінің басшылары жетекшілік еткен делегациялар ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердің тиімді экспорттық стратегияларды әзірлеу тәжірибесіне арналған COMCEC Баяндамасын талқылады. Сонымен қатар, ИЫҰ елдерінің сыртқы нарықтарға экспортты ілгерілету барысындағы негізгі қиындықтар жөнінде пікір алмасу өтті. Барлық қатысушылар қазіргі геосаяси және экономикалық тұрақсыздық жағдайында ИЫҰ елдері арасындағы өзара сауданы арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Аталған іс-шарада Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Кушукова Жанель басқарады. Сондай-ақ Министрлер сессиясы аясында вице-министр Ж.Кушукова Ислам елдері үшін статистикалық, экономикалық және әлеуметтік зерттеулер мен оқыту орталығының (SESRIC) бас директоры Зехра Зюмрют Сельчукпен екіжақты кездесу өткізді. Тараптар Министрлік пен SESRIC арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттарын, оның ішінде Министрлік қызметкерлері мен отандық бизнес өкілдері үшін оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1098763?lang=kk
Алматы облысында құрылыс сапасына бақылау күшейтілді 04.11.2025
Алматы облысында құрылыс сапасын арттыру мен заң талаптарын сақтау бағытындағы бақылау жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Басқарма тарапынан есептік кезенде 42 азамат жеке қабылдауда болып, өтініштеріне заңға сәйкес жауап берілді. Сондай-ақ, 238 нысаннан құрылыс-монтаж жұмыстарының басталуы туралы хабарлама түскен.Жоспардан тыс тексеру нәтижесінде 70 нысанға хаттама толтырылып, заң бұзушылықтар анықталған. 21 іс ауданаралық соттарға жолданып, 49 құрылыс субъектісіне 28 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Атап айтқанда, тексерулер кезінде құрылыс нормаларының сақталмауы бірнеше аудандарда тіркелген.Олардың қатарында:Іле ауданы – Өтеген батыр ауылындағы 72 пәтерлі тұрғын үй мен Көкқайнар ауылындағы амбулатория құрылыстары;Балқаш ауданы – Жиделі ауылындағы саябақты абаттандыру жұмыстары;Кеген ауданы – Мойнақ су электр станциясының оқу кешені;Райымбек ауданы – Сүмбе өзеніндегі су алу және қайта жаңарту нысаны;Еңбекшіқазақ ауданы – Есік қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің абаттандыру жұмыстары.Мониторинг нәтижесінде рұқсат құжаттарынсыз жүргізілген 16 коммерциялық нысанның құрылысы анықталды. Бұл нысандарда мемлекеттік құрылыс нормалары мен бекітілген жобалардан ауытқулар тіркеліп, материалдар сот қарауына жіберілді. Басқарма құрылыс саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету және сапаны арттыру бағытындағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстап отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098657?lang=kk
Алматы облысында 2025 жылы 20 мектепке күрделі жөндеу жүргізіледі 04.11.2025
Білім сапасын арттыру және мектеп инфрақұрылымын жақсарту мақсатында Алматы облысында 2025 жылы 20 білім беру нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жобаға жергілікті бюджеттен 21,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.2025 жылы Алматы облысында 20 мектепке, оның ішінде 19 білім ордасына реновация және Балқаш ауданындағы Миялы ауылындағы Қарағаш мектебіне күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 21,458 млрд теңге қарастырылған.Жөндеу жұмыстарының 11-і облыстық құрылыс басқармасы, ал 9-ы білім басқармасы арқылы жүзеге асырылуда.Білім басқармасы жүзеге асырып жатқан 9 мектептің 6-ы “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы аясында қамтылған, ал қалған 3 жоба — 2024 жылдан өтпелі нысандар. Бұл бағытқа жалпы 8 млрд 958 млн теңге бөлінген, алайда қаражат толық көлемде игерілмеген. Қосымша қаржы қажеттілігі 2 млрд 229,6 млн теңгені құрайды.2024 жылдан өтпелі 6 мектептің екеуінде күрделі жөндеу жұмыстары 30 тамызда аяқталды. Олар: Еңбекшіқазақ ауданындағы Қ.Т.Рысқұлов атындағы орта мектеп, Қарасай ауданы, Абай ауылындағы М.Ғабдуллин атындағы орта мектеп.Ал қалған төрт нысанды (Еңбекшіқазақ ауданындағы Абылайхан және Қ.Сәтпаев атындағы мектептер, Талғар ауданындағы Нұра ауылындағы №12 және Белбұлақ ауылындағы №10 мектептер) 30 қазанға дейін аяқтау жоспарланып отыр.Сонымен қатар үш мектептің — Балқаш ауданындағы М.Сеңгірбаев атындағы, Жамбыл ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы, және Талғар ауданы Қызылту ауылындағы №24 орта мектептердің — күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылға өтпелі болып белгіленді.Бұл жұмыстар өңірде білім беру инфрақұрылымын жаңғырту, ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасын нығайту және оқушыларға қолайлы оқу жағдайын қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098626?lang=kk
Мерзімді қызметтің он екі сарбазы жоғары білім ордасында оқу грантын иеленді 04.11.2025
Қарағандыда Әуе қорғанысы күштерінің құрамаларында Отан алдындағы борышын өтеген 250 сарбазды үйлеріне шығарып салу рәсімі өтті. Жауынгерлік тумен қоштасу салтанатында ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге алғыс хаттар табысталды. Әуе қорғанысы күштері Әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасының бес сарбазы мен әуе базасының жеті жауынгері қызметтегі жоғары көрсеткіштері, үлгілі тәртібі және міндеттерін адал атқарғаны үшін елдің жоғары оқу орындарында тегін оқуға сертификаттар алды.Әскердегі қызмет қатардағы жауынгер Руслан Жорабаевқа кәсіби таңдау жасауға көмектесті. Ол запасқа шығарылғаннан кейін Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтына түсуді жоспарлап отыр.– Бала кезімнен әскери адам болуды армандадым. Қызмет барысында өзімді жетілдіріп, дамытқым келетін бағытты таңдадым. Мен бұл жауапкершіліктің оңай болмайтынын түсінемін, дегенмен өз қабілетіме сенемін, – деп атап өтті ол.Әскердегі борышын аяқтағаннан кейін қатардағы жауынгер Ярослав Серяков білім беру грантына ие болды. Бұған оның табандылығы мен жауынгерлік оқуда жоғары нәтижелерге ұмтылғаны көмектесті.Қорғаныс министрлігінің Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген жастарды әлеуметтік қолдау туралы заң жүзінде бекітілген бастамасы олардың кәсіби және жеке өсуіне жаңа мүмкіндіктер ашады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1098640?lang=kk
Алматы облысында құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым жобалары қарқынды жүзеге асуда 04.11.2025
Алматы облысында құрылыс пен әлеуметтік инфрақұрылым саласында ауқымды жобалар іске асырылуда. 2025 жылға жалпы құны 172,6 млрд теңге болатын 147 нысанның құрылысы жоспарланған.Биыл 87 медициналық нысанның құрылысына 20,3 млрд теңге бөлінді, оның 8,2 млрд теңгесі игерілді. Маусым айында Райымбек ауданының Көмірші ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. 2025 жылы 18 денсаулық сақтау нысаны (5 дәрігерлік амбулатория, 7 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 медициналық пункт) іске қосылды. Атап айтқанда, Жамбыл, Балқаш, Іле, Кеген және Ұйғыр аудандарында бірқатар нысандардың құрылысы толық аяқталды.Жыл соңына дейін Қарасай, Жамбыл және Райымбек аудандарында тағы 6 медициналық нысан, сондай-ақ ауылдық денсаулық сақтауды жаңғыртудың 20 жобасы мен 38 МСЗ нысанының құрылысы жоспарланып отыр.Білім саласында да жүйелі жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы 12 мектептің күрделі жөндеуіне 8,2 млрд теңге бөлінді. Жалпы жобалардың құны 14,6 млрд теңгені құрайды. Жыл соңына дейін Балқаш ауданындағы Қарағаш ауылы мен Еңбекшіқазақ ауданындағы Қазтай Ұлтарақов атындағы ауылдағы мектептер пайдалануға берілмек. Қалған нысандар бойынша жұмыстар 2026 жылдың наурызында аяқталады.Бүгінде өңірде 187 инфрақұрылымдық іс-шара жүзеге асырылуда. Оның 25 жобасы бойынша сараптама қорытындысы алынған, ал 19 жобаға тиісті министрліктерге қаржы бөлу жөнінде бюджет өтінімдері жолданған.Аталған бастамалар облыстың әлеуметтік инфрақұрылымының сапасын арттырып, тұрғындарға қолайлы өмір сүру, оқу және медициналық қызмет алу жағдайларын қамтамасыз етуге бағытталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098348?lang=kk
Алматы облысы азық-түлік бағасын тұрақтандыру шараларын күшейтуде 04.11.2025
2025 жылдың қыркүйегіндегі жағдай бойынша Алматы облысындағы жылдық инфляция деңгейі 13,0 пайызды құрап, республика бойынша орташа көрсеткішпен салыстырғанда 11-орынды иеленді. Жыл басынан бері өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 108,0 пайыз деңгейінде қалыптасты, бұл ретте республикалық орташа көрсеткіш 108,3 пайызды құрады.2025 жылғы жағдай бойынша облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры 10 094 тонна және 16,9 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптастырылған. Бағаны тұрақтандыру тетіктері аясында жыл сайын халықтың үш айлық тұтынуының 30 пайызы көлемінде тауарлық қор жасақталып, бұл шара азық-түлік себетінде үлесі жоғары өнімдерге, соның ішінде көкөніс өнімдерінің негізгі түрлеріне бағаның күрт өсуін болдырмауға мүмкіндік береді.Қысқы-көктемгі кезеңде сиыр етін бекітілген бағамен сату өнімнің қымбаттауына жол бермей, нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға ықпал етті. Соның нәтижесінде, жыл басынан бері Алматы облысында сиыр етінің қымбаттауы ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі болып отыр — 26,4 пайыздық өсіммен облыс 9-орында.Сонымен қатар, күнбағыс майы бойынша тұрақтандыру қорының жеткілікті запасы өнімді төмендетілген бағамен — литріне 576 теңгеден сатуға мүмкіндік беруде. Бұл баға өндіруші-зауыттардың босату құнынан айтарлықтай төмен, сондықтан өңір тұрғындарына өнімді қолжетімді бағамен сатып алуға және нарықтағы баға қысымын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.Қазіргі уақытта 2026 жылғы маусымаралық кезеңге қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызы көлемінде көкөніс өнімдерінің қорын қалыптастыру мақсатында өндірушілермен келісімшарттар жасалды. Атап айтқанда, картоп — 3815 тонна, сәбіз — 884 тонна, пияз — 625 тонна және қырыққабат — 930 тонна көлемінде дайындалуда.Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру тетіктері бойынша 18 түрлі тауардың қалдық қоры 7 430 тонна және 16 миллион дана жұмыртқа мөлшерінде қалыптасып, олардың жалпы құны 4 733 миллион теңгені құрап отыр. Оның ішінде көкөніс қоры қала халқының үш айлық тұтынуының 50 пайызын, ал сиыр еті бойынша қорлар 70 пайызын қамтамасыз етеді.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сату және қарыз-шарттарды қайтару есебінен 1 076 миллион теңге бос қаражат жинақталды. 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталған шарттардан түсетін қаражаттың болжамды қайтарымы 1 960 миллион теңгені құрайды. Осылайша, жинақталған қаражат есебінен өзге де әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша қажетті деңгейде келісімшарттар жүйелі түрде жасалып, өңірде баға тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1098330?lang=kk
Қарабатыр ауылында мектеп жанынан заманауи жылыжай ашылды 03.11.2025
«Таза Қазақстан» экологиялық жобасы аясында Қамысты ауданының Қарабатыр ауылындағы мектеп жанынан заманауи жылыжай іске қосылды.Жылыжайдың басты мақсаты – оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, еңбексүйгіштікке баулу және болашақ мамандыққа бағыттау. Енді мектеп оқушылары биология және жаратылыстану пәндерінен алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алады.Жобаның жалпы құны 600 мың теңге, қаражат аудандық бюджет есебінен бөлінген. 18 шаршы метр аумақты қамтитын жылыжайда оқушылар көкөніс өсірудің жаңа әдістерін меңгеріп, зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізеді.Қарабатыр ауылының әкімі Аманжол Қабылхан жобаның маңыздылығын атап өтті:– Бұл жоба балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, еңбек дағдыларын дамытуға бағытталған. Күн жылына наурыз айында қияр мен қызанақ өсіруді бастауды жоспарлап отырмыз, – деді ауыл әкімі.Мектеп мұғалімдері де жылыжайдың ашылуын оқу процесін тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік деп бағалап отыр. Сабақтар «Жаратылыстану» және «Биология» пәндері бойынша өтеді. Оқушылар өз қолдарымен өсімдіктерді баптап, өңір климатына бейімделген дақылдарды зерттейді.Болашақта жылыжай базасында оқушылар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, экологиялық бағыттағы түрлі байқауларға қатысатын болады.Қарабатыр ауылындағы бұл жылыжай – аудан көлемінде алғаш рет іске қосылған экожоба. Ол ауыл мектебі үшін тың серпін беріп, жас ұрпақтың табиғатты аялауға деген сүйіспеншілігін арттыруға ықпал етпек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1097959?lang=kk
Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары тағайындалды 03.11.2025
Алматы облысы әкімінің өкімімен Қанат Болатұлы Есболатов 2025 жылғы 3 қарашасынан бастап Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды.Қанат Болатұлы 1982 жылы туылған, білімі жоғары, 2008 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2002 «Досанов» шаруа қожалығы төрағасының орынбасары болып бастаған.Әр жылдары Алматы облысы қаржы басқармасының Еңбекшіқазақ ауданы бойынша бір жолғы талондарды беру және есепке алу жөніндегі инспекторы, бас инспекторы, аға инспекторы, «Megaron & K» ЖШС-нің қаржы директоры, Ескелді ауданы Көкжазық ауылдық округінің әкімі, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары, Алматы облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, басқарма басшысы, Жетісу облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымдарын атқарған.2022 жылдың қыркүйек айынан бастап Жетісу облысы Кербұлақ ауданының әкімі лауазымында қызмет етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097439?lang=kk
Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті 02.11.2025
Бүгін Қарасай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында бірқатар игі істер жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Іргелі ауылдық округінде орналасқан «Nomad International School» мектебінде және Жібек жолы ауылдық округіне қарасты Тұрар ауылында ағаш отырғызу мен тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.Шараның басты мақсаты — өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту, жасыл аймақтарды көбейту және жастарды табиғатты қорғауға баулу.«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы қос шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Бексұлтан Ақылбек, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар мен ауыл тұрғындары белсене қатысты.Акция барысында аудан бойынша 130 түп терек және 60 түп бельгиялық шырша ағашы отырғызылды. Сонымен қатар, көшелер мен қоғамдық орындарда кең көлемді тазалық жұмыстары жүргізілді.Жалпы, экологиялық шараларға 400-ден астам адам қатысып, ауданның көркейіп, экологиялық ахуалының жақсаруына өз үлесін қосты. Ауылдарымыздың ауызбіршілігі мен ынтымағы дәл осындай бірлескен еңбектен көрініс табады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097390?lang=kk
Өмірді өзгертетін инвестициялар: бизнестің Қостанай облысын таңдауының себебі 01.11.2025
Қостанай облысы Қазақстандағы инвесторлар үшін тартымды өңірлердің бірі ретінде өз позициясын нығайтуда. Биылғы жылдың қаңтар–тамыз айлары аралығында өңірге 379,7 млрд теңге инвестиция тартылды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18% артық (322,8 млрд теңге). Инвестициялардың физикалық көлем индексі (ИФО) 113,4% құрап, экономикалық белсенділіктің тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетті.Айтарлықтай бөлігі жеке инвестициялар, олар 305,9 млрд теңгені құрайды, жалпы инвестиция көлемінің 80,6%-ын алып отыр (ИФО – 111,2%). Бұл өңірге және оның инвестициялық климатына бизнестің сенімін көрсетеді.⸻Масштабты жоба: KIA Qazaqstan зауытыҚостанай облысындағы ең ірі және маңызды жобалардың бірі – KIA Qazaqstan зауыты, ол рекордты қысқа мерзімде салынды және қазіргі таңда толық қуатымен жұмыс істеуде. Бұл KIA компаниясының Оңтүстік Кореядан тыс алғашқылардың бірі ретінде инвестиция салуы болып табылады.•Инвестиция көлемі: 131,5 млрд теңге•Өндірістік қуат: жылына 70 мың автокөлік•Жаңа жұмыс орындары: 1500Жобаны іске асыру барысында инфрақұрылым дамытылып, жұмысқа жарамды кадрлар дайындалуда. Зауыт қазіргі заманғы автокөліктерді жергілікті өндірісін қамтамасыз етіп қана қоймай, мыңдаған жаңа жұмыс орындарын құрып, ілеспе салаларды дамытады. Бұл инвестициялар өңір тұрғындарына нақты мүмкіндіктер әкеледі және экономиканың сапалы өсуіне үлес қосады.⸻2025 жылы іске асатын негізгі инвестициялық жобалар2025 жылы өңірде тағы 6 ірі индустриялық жоба іске қосылмақ, олардың жалпы инвестиция көлемі 189,6 млрд теңге, бұл шамамен 1 800 жаңа жұмыс орны құруға мүмкіндік береді. Солардың ішінде:1.«СарыарқаАвтоПром» ЖШС – Jetour автокөліктерін (CKD) шығару, 2,3 млрд теңге, жылына 5 мың автокөлік, 200 жұмыс орны.2.«KamLit KZ» ЖШС – жетекші көпірлердің басты берілістерін шығару, 82,5 млрд теңге, жылына 74 мың данаға дейін, 550 жұмыс орны.3.«KamLit KZ» ЖШС – жетекші көпір балкаларын терең локализациялау, 78 млрд теңге, жылына 90 мың данаға дейін, 100 жұмыс орны.4.«TEHNOPARK KZ» ЖШС – автокомпоненттерді шығару локализациялық орталығы, 17,8 млрд теңге, жылына 60 мың комплект, 800 жұмыс орны.5.«Бестекс» ЖШС – жиһаз және тігін өндірісін салу және қайта құру, 5,5 млрд теңге, жылына 200 мың тігін бұйымы, 150 жұмыс орны.6.«Тлеп» жеке қайырымдылық қоры – көпфункциялы туристік кешен, 3,5 млрд теңге, 20 жұмыс орны.⸻Неліктен бизнес Қостанай облысын таңдайды?Өңірді инвесторлар тартымды етеді:•Тұрақты экономикалық орта және бизнесті қолдау;•Дамыған инфрақұрылым және көлік қолжетімділігі;•Білікті кадрлар мен білім беру ресурстарының болуы;•Өндірісті локализациялауға арналған перспективалы салалар, әсіресе машина жасау және өнеркәсіптік қайта өңдеу.⸻Өмірді өзгертетін инвестицияларKIA Qazaqstan зауыты, сондай-ақ KamLit KZ, TEHNOPARK KZ және СарыарқаАвтоПром жобалары жаңа жұмыс орындарын ашып, заманауи өндіріс орнатып, өңір тұрғындарының өмір сапасын жақсартатынын нақты көрсетеді. Қостанай облысы инвесторларды қолдау мен стратегиялық экономикалық дамудың адамдардың өмірін тікелей жақсартатынын дәлелдейді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1097341?lang=kk
Ақтау гарнизонының 200-ден аса сарбазы Жауынгерлік тумен қоштасты 01.11.2025
ҚР Қарулы күштері Әуе қорғанысы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс бригадасында Жауынгерлік тумен қоштасу рәсімі салтанатты түрде өтті.Мерзімді әскери қызметті аяқтаған сарбаздарды 51809 әскери бөлімінің штаб бастығы подполковник Нұржан Сүлейменов құттықтады.Қызметін адал атқарған сарбаздарға алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар 217 сарбаздың бесеуіне штаб бастығы еліміздің жоғары оқу орындарында білім алуға грант сертификаттарын берді. Олардың қатарында ақтаулық қатардағы жауынгер Әлихан Ғасанов та бар. Ол он екі айдағы қызмет барысында тәртіптілігімен және жауынгерлік дайындықтағы үздік нәтижелерімен көзге түскен.– "Сарбаз 2.0" бағдарламасына қатысып, жақсы ұпай алдым. Енді мен Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетіне құрылысшы мамандығына түскім келеді. Әкем сияқты құрылысшы болам, – деді қатардағы жауынгер.Естеріңізге сала кетсек, әскери дайындықта үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға жоғары оқу орындарында білім алуға грант беру жөніндегі Қорғаныс министрлігінің бастамасы заң жүзінде бекітілген. Таңдау критерийлерінің негізгісі – жауынгерлік даярлық көрсеткіштері, тәртіп, психологиялық тұрақтылық және қызметтік міндеттерді сапалы орындау.Ал Ақтөбе облысынан шақырылған қатардағы жауынгер Ярослав Щетинин әскери қызметін келісімшарт негізінде жалғастыруды ұйғарды. Командирлеріне үйреткені мен жинаған тәжірибесі үшін алғысын білдірген Ярослав қысқа демалыстан кейін Мұғалжар ауданының Жем қаласында қызметін жалғастырмақ.Қазан айының басынан бері Ақтау гарнизонының әскери бөлімдерінен мерзімді қызметін аяқтаған 1000-ға таяу сарбаз запасқа шығарылғанын атап өткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1097325?lang=kk
Қонаев қаласында еліміздегі ең ірі қант зауытының құрылысы басталады 31.10.2025
Жуырда Қонаев қаласында Қазақстандағы ең ірі қант өндіретін зауыттың құрылысы қолға алынады. Алматы облысының шаруалары шамамен 100 мың гектар алқапқа қант қызылшасын егуге дайын екендерін растады. Бұл болашақ зауыттың шикізаттық базасын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Al Khaleej Sugar компаниясының президенті Аль Гурэйр Джамальмен кездесу өткізіп, жоба бойынша дайындық барысын және алдағы кезеңдердің жүзеге асырылуын талқылады.Зауыттың құрылысына арналған 1000 гектар жер учаскесі Қонаев қаласында бөлініп, «Alatau» арнайы экономикалық аймағының құрамына енгізілді. Қазіргі уақытта қажетті инфрақұрылым – газ және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.Сонымен қатар, шикізат қорын қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңінде 65 мың гектар жерге қант қызылшасын отырғызу жоспарланып, кейіннен егіс алқабы кеңейтіледі. Суармалы жерлерді дайындау және су инфрақұрылымын дамыту үшін халықаралық қаржы тарту көзделген.Өңір шаруалары қант қызылшасын егуді бастауға толық дайын екендерін жеткізді. Бұл болашақ кәсіпорынның тұрақты дамуына негіз болады.Кездесу барысында тараптар жобаны тиімді жүзеге асыру үшін мемлекеттік құрылымдармен бірлесіп жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Осы мақсатта үйлестіру мен жедел шешім қабылдау үшін жұмыс тобы құру ұсынылды.Араб тарапы EPC-келісімшартқа қол қоюға дайын екенін мәлімдеп, бұл құрылыс жұмыстарының басталуын жеделдетуге мүмкіндік береді.Инвестициялық жобаны «QazaqArab Sugar» ЖШС жүзеге асырады. Зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 500 мың тонна дайын өнім, жалпы инвестиция көлемі – 313,6 млрд теңге. Құрылыстың жүзеге асу мерзімі – 2025–2028 жылдар. Жоба іске қосылғаннан кейін 450 тұрақты жұмыс орны ашылады.Бұл бастама елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және қант импортына тәуелділікті азайтуға бағытталған маңызды қадам болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1097260?lang=kk