Қуқық
Атырауда «Naryn Fest» экстрим фестивалін өткізу жоспарлануда 30.06.2026
Бұл — өңірдің туристік әлеуетін арттыруға және туристер ағынын көбейтуге бағытталған ауқымды іс-шаралардың бірі. Қазір Атырау облысында туризм саласын дамыту жұмыстары қарқын алып, өңірдің табиғи және мәдени нысандарын насихаттауға басымдық берілуде.Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының Туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алима Рамазанова мен «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығының директоры Қайсар Махсутов мәлімдеді.Қазір облыста 272 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында қонақ үйлер, туроператорлар, жол бойындағы сервис нысандары мен этноауылдар бар.Биыл «VisitAtyrau» туристік ақпараттық орталығы «KITF Almaty» халықаралық көрмесіне қатысып, Атыраудың туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар Ақкерегешың – Иманқара бағыты бойынша ұйымдастырылған экспедицияға 130-дан астам турист қатысқан.Бұдан бөлек, өңірде агротуризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерге арналған семинарлар өткізіліп, ауыл туризмін дамытуға бағытталған жобалар қолға алынған. Ал «Саяхат дәмі бар кофе» жобасы аясында кофеханаларда облыстың көрікті жерлері бейнеленген QR-коды бар арнайы стақандар ұсынылуда.Былтыр өңірге 187 мыңнан астам турист келген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 19,6 пайызға көп. Оның 166 мыңы – ішкі туристер, ал 21 мыңы – шетелдік қонақтар. Сонымен қатар биылғы алғашқы төрт айда туризм саласына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан.Брифинг барысында жазғы туристік маусымға дайындық мәселесі де айтылды. Биыл Атырау қаласында жеті жағажай ашу жоспарланған. Олардың қатарында «Балықшы», «Геолог», «Жилгородок» аумақтары және ауылдық округтердегі демалыс орындары бар. Қазір жағажайларда абаттандыру, жарықтандыру, санитарлық және қауіпсіздік инфрақұрылымын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Нысандарды 1 шілдеге дейін іске қосу көзделген.Сондай-ақ өңірдегі туристік орындарға апаратын жолдарды жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Ақмешіт қорымы мен Ақкерегешыңның борлы тауына баратын жолдар жөнделуде. Құрманғазы ауданындағы лотос алқабында туристерге қолайлы жағдай жасау үшін қарау алаңдары мен автотұрақтар салынған.Спикерлердің айтуынша, алдағы уақытта өңірде «Naryn Fest» экстрим фестивалі, «Lotus Fest 2026» және «Tour de Saraishyq» халықаралық велошеруі секілді ауқымды туристік жобаларды өткізу жоспарланып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1233609?lang=ru
Дәурен Қосанов Мәскеуде өткен ҰҚШҰ Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты 30.06.2026
Ресей астанасында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан делегациясын Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастап барды. Кездесу барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің әскери қауіпсіздігіне қатысты өзекті сын-қатерлер мен қауіптер талқыланды. Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің басқару органдары мен күштері мен құралдары құрамаларының 2027 жылға арналған бірлескен даярлық іс-шараларының жоспары бекітілді. Сонымен қатар, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің авиациясын дамытуға және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесін жетілдіруге бағытталған шешімдерге қол қойылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233640?lang=ru
Өңірдің мұнай-газ саласындағы мәселелер талқыланды 30.06.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев «Қазгермұнай» БК» ЖШС өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдің мұнай-газ саласын дамыту, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.Аймақ басшысы компанияның және оның еншілес ұйымдарының облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзіндік орнын ерекше атап өтті.«ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамы Қызылорда облысында бірқатар ауқымды жұмысты жүзеге асырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып келеді. Алдағы уақытта да тиімді әріптестік негізінде маңызды жобаларды бірлесіп іске асырып, ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтамыз деп сенемін, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Кездесуде компанияның әлеуметтік жауапкершілік аясында атқарған жұмыстары жоғары бағаланды. Атап айтқанда, «Қазгермұнайдың» демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге салынған «Оқушылар сарайы» бүгінде балалар игілігіне қызмет етуде.Бұдан бөлек, мұнай-газ саласындағы инфрақұрылымдық жобалар жайы талқыланды. 2022 жылы өңірдегі ірі мұнай компаниялары мен Энергетика министрлігі арасында «Қазгермұнай» компаниясының «Оңтүстік Ақсай» кен орнындағы шикі газ өңдеу зауытына дейін газ құбырын жеткізу жөніндегі меморандумға қол қойылған болатын. Қазір «Казпетрол Груп» және «Тұзкөл Мұнайгаз Оперейтинг» серіктестіктері құбыр құрылысын аяқтап, газ жеткізуді бастаған. Бұл өңделетін газ көлемін арттырып, өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233649?lang=ru
СҮТ ТУРЫ: Қостанай облысындағы 13 сүт-тауарлы фермасы жобасының 4-еуі Алтынсарин ауданында жүзеге асырылып жатыр 30.06.2026
Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Алтынсарин ауданына жұмыс сапарымен барып, агроөнеркәсіп кешеніндегі ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.Жұмыс сапары барысында облыс әкімі сүт-тауарлы мал шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобалардың іске асырылуымен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен танысып, ауданның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті.«Мемлекет Басшысы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптік кешендегі қайта өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін арттыру міндетін қойды. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін біз өз өндірісіміздің көлемін ұлғайтуымыз қажет», – деді облыс әкімі.Осы мақсатта өткен жылы қуаттылығы 46 мың тонна болатын 7 заманауи сүт-тауар фермасы пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта жалпы қуаттылығы 34 мың тонна болатын тағы осындай 6 ферма салынып жатыр, оның 5-і биыл іске қосылады.Жобаларға салынған инвестицияның жалпы көлемі 49,3 млрд теңгені құрады. Нәтижесінде 220-дан астам жаңа жұмыс орны ашылды, ал алдағы уақытта тағы 210 жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.Айта кету керек, облыста жүзеге асырылып жатқан 13 сүт-тауар фермасының 4-еуі дәл осы Алтынсарин ауданында.Бүгінгі таңда «Тапаев Т.Б.» және «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалықтарының фермалары пайдалануға берілді. Ал «Қуанышбаев К.М.» шаруа қожалығы мен «Дукас» ЖШС сүт-тауарлы фермалары салынып жатыр.Сапардың алғашқы нысаны – Обаған ауылындағы «Дукас 2020» ЖШС-нің салынып жатқан сүт-тауар фермасы. Жобаның жалпы құны 3 млрд 270 млн теңгені құрайды. Оның ішінде 300 млн теңге кәсіпорынның меншікті қаражаты болса, 2 млрд 970 млн теңге «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Жоба бойынша симментал тұқымды 400 бас ірі қара мал ұсталады. Ферма пайдалануға берілгеннен кейін жылына 3 200 тонна сүт өндіріліп, 25 жаңа жұмыс орны ашылады.Келесі нысан – Большой Чураков ауылының сыртындағы «Ахметов Т.Б.» шаруа қожалығының сүт-тауарлы фермасы. Жобаның жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 386 млн теңге – меншікті қаражат, 3 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты және 232,8 млн теңге – екінші деңгейлі банктер арқылы тартылған қаржы. Жоба аясында 400 бас сауын табынына арналған ферма құрылып, голштин-фриз тұқымды ірі қара мал сатып алу көзделген. Жыл сайын 2 500 тонна сүт өндіру жоспарланып отыр. Кәсіпорында 26 жаңа жұмыс орны ашылады.Тағы бір ірі жоба – Новоалексеев ауылындағы «Қуанышбаев Қ.М.» шаруа қожалығы жүзеге асырып жатқан сүт-тауарлы фермасының құрылысы. Жобаның жалпы құны 3,1 млрд теңгеден асады. Оның ішінде 311 млн теңге – шаруашылықтың меншікті қаражаты, ал 2,8 млрд теңге – «Тобыл» ӘКК» АҚ-ның қарыз қаражаты. Ферма 400 бас симментал тұқымды ірі қара малға есептелген. Жобалық қуаттылығы жылына 2 800 тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 26 жаңа жұмыс орны ашылады. Шаруа қожалығының басшысы Гүлнар Қуанышбаеваның айтуынша, құрылыс жұмыстарын 2027 жылдың басында аяқтау жоспарланған.«Аймағымызда 13 сүт-тауар фермасы толық жобалық қуатына шыққан кезде ұйымдасқан шаруашылықтардағы сүт өндірісі екі есеге жуық артып, 85 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 75%-дан 86%-ға дейін өседі», – деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.Ал Алтынсарин ауданында барлық 4 сүт-тауар фермасы толық іске қосылғаннан кейін және жобалық қуатқа шыққан соң, аудандағы сүт өндірісі жылына 6,7 мың тоннадан 19,3 мың тоннаға дейін ұлғайып, 2,9 есеге артады. Мұның барлығы ауыл шаруашылығы саласының дамуына тың серпін беріп, халықты азық-түлікпен тұрақты қамтамасыз етуге және облыс экономикасын нығайтуға мүмкіндік береді.Жұмыс сапары барысында өңір басшысы «Олжа Беляевка» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралап, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу барысымен танысты. Алтынсарин ауданының әкімі Арнұр Сартов өсімдік шаруашылығындағы қазіргі жағдай, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің материалдық-техникалық ресурстармен қамтамасыз етілуі және егіс науқанының өту барысы жөнінде баяндады.Сондай-ақ, облыс әкіміне «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы да ақпарат берілді.Сапар қорытындысы бойынша аймақ басшысы сүт-тауарлы мал шаруашылығын дамыту өңірдің агроөнеркәсіп кешеніндегі басым бағыттардың бірі екенін атап өтті. Атап айтқанда, заманауи сүт-тауар фермаларын іске қосу сапалы өнім көлемін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233796?lang=ru
Қазақстан мен Кипр: Кипр Президентінің Астанаға алғашқы ресми сапары аясында екіжақты ынтымақтастық нығайтылуда 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары аясында Кипрдің Сыртқы істер министрі Константинос Комбоспен келіссөздер өткізді.Тараптар аталған сапардың тарихи маңызын атап өтіп, оның Қазақстан мен Кипр арасындағы қатынастардың дамуындағы жаңа кезеңді бастап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға деген өзара мүдделілікті растайтынын жеткізді.Кездесу барысында сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы өзара іс-қимылдың қазіргі жай-күйі мен перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, іскерлік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ цифрландыру, туризм және білім беру салаларындағы өзара іс-қимылды дамытуға ерекше назар аударылды.Сонымен қатар сыртқы саяси ведомстволардың басшылары халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, халықаралық құқық қағидаттары мен БҰҰ Жарғысына бейілділіктерін растады.Сұхбаттастар Астана – Ларнака және Алматы – Ларнака бағыттары бойынша алғашқы тікелей әуе рейстерінің іске қосылуын құптады. Бұл қадам туристік, іскерлік және гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтуге маңызды серпін береді.Келіссөздер қорытындысында министрлер Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Кипр Президенті Никос Христодулидис арасындағы кездесулер нәтижесінде қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастардың одан әрі дамуына қосымша серпін беретініне сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233833?lang=ru
Астанада Кипр Республикасының Елшілігін ашу салтанаты өтті 30.06.2026
Астана, 2026 жылғы 3 маусым – Кипр Республикасы Президенті Никос Христодулидистің Қазақстан Республикасына алғашқы ресми сапары аясында Астанада Кипр Республикасы Елшілігінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл оқиға Қазақстан мен Кипр арасындағы екіжақты қатынастардың дамуындағы маңызды белес болды.Қазақстандағы Кипр Елшілігі – Никосияның Орталық Азиядағы алғашқы дипломатиялық өкілдігі. Бұл қадам Қазақстанның өңірдегі Кипрдің маңызды серіктесі ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын көрсетеді әрі сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту үшін қосымша мүмкіндіктер ашады.Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев Кипрдің Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктестерінің бірі екенін атап өтіп, Елшіліктің ашылуы Орталық Азия мен Жерорта теңізі өңірі арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға ықпал ететінін айтты.Өз кезегінде Кипр Республикасының Сыртқы істер министрі Константинос Комбос Кипрдің өңірдегі алғашқы дипломатиялық өкілдігінің ашылуының маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанмен екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дәйекті түрде дамитынына сенім білдірді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1233850?lang=ru
Астанада балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері әскери колледжде қонақта болды 30.06.2026
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледжде Арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілеріне ашық есік күні өтті.Қонақтарды әскери колледж басшылығы қарсы алып, акт залында әскери колледждің қызметі туралы бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар кадеттер өз өнерлерін көрсетіп, балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Балалар да өз кезегінде сахнаға шығып, Отан және сарбаз туралы әндерін тарту етті.Әрі қарай балалар оқу орнын аралады. Әскери колледждің музейінде болып, спорт залды, жүзу бассейнін, арнайы дайындық сыныптарын, қару-жарақ пен әскери техниканы оқыту кабинеттерін көрді. Бұдан басқа олар атыс тиріне кіріп, қаруды бөлшектеп-құрастыру тәртібімен танысты, арасында қызыққан балалар өздері шашып-құрастырудан машықтанып та көрді.– Әскери колледждегі ашық есік күні жақсы өтіп жатыр. Балаларға ұнады. Арасында болашақта Отан қорғаушы мамандығын оқығысы келетіндер де бар. Біздің орталықтың балаларына осындай шара өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғысымды айтқым келеді, – деді Балаларды қолдау орталығының тәрбиешісі Арман Сәметов.Экскурсия барысында тәрбиеленушілер кітапхана мен курсанттардың жатын орнын аралап, болашақ әскери мамандардың күнделікті тұрмысымен танысуға мүмкіндік алды.– Бүгін менің өмірімдегі ең керемет күн болды. Әскери киімдегі кадеттер ұнады. Музейде осы колледждің аты берілген Сағадат атаның заттарын көрдім, – деді орталықтың тәрбиеленушісі Адия Ғалиева.Мерекелік дастарханнан дәм татқан балалар тамаша күннен бір белгі болсын деп кадеттермен естелік суретке түсті. Ашық есік күні келушілерге жарқын әсер қалдырып, әскери қызметтің ерекшеліктерінен мол мәлімет берді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1233902?lang=ru
Алматы облысында дәрігерлер босандыру кезінде алты ісікті алып тастап, әйелдің жатырын сақтап қалды 30.06.2026
Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасында жатырдың көптік миомасы диагнозы қойылған 35 жастағы әйелге күрделі операция сәтті жасалды. Жоспарлы кесарь тілігі кезінде дәрігерлер нәрестені аман-есен босандырып, бір мезетте жатырдағы алты миома түйінін алып тастады. Күрделі хирургиялық араласу барысында дәрігерлер жатырды сақтап қалды.Облыс тұрғынында жатыр миомасы жүктіліктің ерте кезеңінде анықталған. Соған қарамастан дәрігерлердің тұрақты бақылауының арқасында әйел жүктілікті 37 аптаға дейін сәтті көтеріп шыққан.Жүктілік мерзімі толық жеткеннен кейін мамандар жоспарлы түрде операциялық жолмен босандыру туралы шешім қабылдады. Алдымен дені сау сәби дүниеге келіп, одан кейін миомэктомия жасалды.Операция барысында көлемі 4-тен 10 сантиметрге дейін жететін алты миома түйіні алынды. Оған үш акушер-гинеколог қатысты.Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Гүлжаһан Жұмадуллаеваның айтуынша, жатыр миомасы әйелдің ана атану мүмкіндігін шектемейді, алайда мұндай жағдайда мамандардың тұрақты бақылауы қажет.«Әрбір жағдай жеке қарастырылады. Сондықтан әйелдер гинекологтың тұрақты бақылауында болып, уақытылы тексерулерден өтіп, жүктілікті жоспарлау мәселесін дәрігермен алдын ала талқылағаны жөн. Ерте диагностика мен дұрыс таңдалған емдеу тактикасы репродуктивтік денсаулықты сақтап, ана атануға мүмкіндік береді», – деді Гүлжаһан Жұмадуллаева.Медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында көрсетілді. Дәрігерлердің айтуынша, заманауи емдеу әдістері мен мамандардың үйлесімді жұмысы күрделі клиникалық жағдайларда да оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1233911?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233913?lang=ru
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі 30.06.2026
4 маусым күні аймақ басшысы Мұрат Ергешбаев Жалағаш ауданының тұрғындарымен кездеседі.Сонымен қатар, аудандағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, ауылдық елді мекендерге барады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1233915?lang=ru
Қостанайда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту мәселелері талқыланды 30.06.2026
Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасында өңірдегі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға арналған кездесу өтті. Іс-шараға Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері, кәсіпкерлік саласының өкілдері және қоғам белсенділері қатысты.Кездесудің негізгі мақсаты – әйелдер кәсіпкерлігін қолдау, өңіраралық ынтымақтастықты дамыту, бизнесті кеңейту мүмкіндіктерін қарастыру және кәсіпкер әйелдердің тәжірибе алмасуына жағдай жасау болды.Жиын барысында мемлекеттік қолдау құралдары, кәсіпкерлік жобаларды іске асырудың тиімді тетіктері, бизнесті ауқымдандыру жолдары және өңірлер арасындағы серіктестікті нығайту мәселелері талқыланды. Қатысушылар кәсіпкерлік қызметті дамытуда тәжірибе алмасудың маңыздылығына тоқталып, жаңа серіктестік байланыстар орнату мүмкіндіктерін қарастырды.Іс-шара аясында әйелдер кәсіпкерлігін дамытудағы табысты тәжірибелер таныстырылып, шағын бизнесті тұрақты әрі бәсекеге қабілетті кәсіпорын деңгейіне жеткізуге бағытталған қолдау шаралары сөз болды. Сонымен қатар кәсіпкерлердің білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылын күшейту, еңбек нарығының сұранысына сай мамандар даярлау және кадрлық әлеуетті арттыру мәселелері көтерілді.Кездесуге қатысушылар қазіргі қоғамдағы әйелдердің экономикалық белсенділігінің артып келе жатқанын атап өтіп, олардың кәсіпкерлік, басқарушылық және қоғамдық қызметтегі рөлінің маңыздылығын талқылады.Жиын қорытындысында өңірлік ынтымақтастықты одан әрі дамыту, кәсіпкер әйелдерді қолдауға бағытталған бастамаларды жүзеге асыру және жаңа бірлескен жобаларды қолға алу жөнінде ұсыныстар айтылды. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және өңірдегі кәсіпкерлік ортаның дамуына оң ықпал ететіні атап өтілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1233942?lang=ru
Қазақстан мен Гонконг Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірі арасындағы сауда көпірін нығайтуда 30.06.2026
ҚР Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Гонконг арнайы әкімшілік аймағының Басшысы Джон Лимен және Гонконг іскерлік қауымдастығының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту, инвестициялар тарту және Қазақстан мен Гонконг бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыру мәселелерін талқылады.Келіссөздер барысында халықаралық сауда жүйесіндегі екі тараптың стратегиялық рөліне ерекше назар аударылды. Гонконгтың әлемдегі жетекші қаржы, сауда және логистика орталықтарының бірі екені, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың Азия-Тынық мұхиты өңірі нарықтарына шығуына кең мүмкіндік беретіні аталды. Ал Қазақстан Орталық Азия елдеріне, Еуразиялық экономикалық одақ нарығына және Еуропаға шығатын маңызды өңірлік хаб ретінде қарастырылады.Арман Шаққалиев Қазақстанның Гонконгпен практикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, іскерлік байланыстарды нығайтуға және отандық өнімдерді сыртқы нарықтарға ілгерілетудің жаңа тетіктерін қалыптастыруға мүдделі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екі тараптың өзара сауда көлемін ұлғайтуға, бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға және кәсіпкерлік субъектілерінің өзара нарықтардағы қатысуын кеңейтуге әлеуеті жоғары.«2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Гонконг арасындағы тауар айналымы 178,8 млн АҚШ долларын құрады. Біз Гонконг нарығына жеткізілетін қазақстандық өнім көлемін арттыруға мүдделіміз. Бұл қатарға ауыл шаруашылығы өнімдерімен бірге жеңіл және тамақ өнеркәсібінің тауарлары да кіреді», – деді Арман Шаққалиев.Кездесудің негізгі тақырыптарының бірі алтын саудасы, биржалық инфрақұрылым және қаржылық қызметтер салаларындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын дамыту болды. Джон Ли Гонконгта халықаралық алтын саудасы орталығын құру және бағалы металдар айналымына арналған заманауи экожүйені дамыту жоспарларымен бөлісті. Осыған байланысты тараптар тұрақты жеткізілімдерді қамтамасыз ету, бизнесті жүргізудің ашық әрі түсінікті қағидаттарын қалыптастыру және нарық қатысушылары арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті дамыту мәселелерінің маңыздылығын атап өтті.Гонконг Әкімшілігінің басшысы Қазақстанның өңірдегі жетекші алтын өндіруші елдердің бірі екенін және халықаралық бағалы металдар саудасының қалыптасып келе жатқан жүйесінде маңызды орын ала алатынын айтты. Оның пікірінше, бұл бағыттағы ынтымақтастықты дамыту екі тараптың да өндірушілері мен қаржы институттары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.Кездесу барысында іскерлік қауымдастықтар арасындағы тікелей байланыстарды нығайту мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Джон Ли кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты инфрақұрылымын қалыптастырудың маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның Гонконгтағы сауда және бизнес өкілдіктерінің қызметін кеңейту, сондай-ақ Гонконг ұйымдарының Қазақстандағы қатысуын арттыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.Өз кезегінде Арман Шаққалиев экспортты қолдау және бизнесті ілгерілету бағытында жүзеге асырылып жатқан құралдарды таныстырды. Атап айтқанда, бұл жұмыстар QazTrade компаниясы, шетелдегі серіктестік өкілдіктер желісі және сауда үйлері арқылы жүргізілуде. Қазақстан тарапы Гонконгпен сауда және инвестициялық байланыстарды нығайту мақсатында аталған тетіктерді одан әрі жетілдіруге дайын екенін жеткізді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жақын арада бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуге келісті. Жоспар аясында бизнес-миссиялар ұйымдастыру, кәсіпкерлер арасындағы кездесулер өткізу және перспективалы инвестициялық жобаларды пысықтау көзделіп отыр. Сонымен қатар «Бір белдеу – бір жол» халықаралық форумы алаңында Қазақстан мен Орталық Азияға арналған арнайы сессия өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.Кездесу тараптардың экономикалық әріптестікті нығайтуға және бизнес үшін жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады. Қазақстан мен Гонконг сауданы кеңейту, инвестициялар тарту және бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында Орталық Азия мен Азия-Тынық мұхиты өңірінің әлеуетін тиімді ұштастыра отырып, ынтымақтастықты дәйекті түрде дамытуды көздеп отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1234139?lang=ru
Қарулы күштердің әскери қызметшілері еліміздің барлық гарнизонында Мемлекеттік әнұранды бір мезетте орындады 30.06.2026
Қарулы күштердің әскери бөлімдері мен мекемелерінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған іс-шаралар өтті.Бүкіл ел аумағында Мемлекеттік Туды көтеру және Мемлекеттік Әнұранды орындау рәсімдері ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік рәміздердің жасалу тарихы мен маңызын түсіндіруге арналған сабақтар, челлендждер және мәдени-ағартушылық іс-шаралар өткізілді.Гвардейск гарнизонындағы 21450 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру құрметі мерзімді әскери қызметші Альтаир Тұрақбайға берілді. Әскери қызметші үшін бұл күн ерекше маңызды еді. Оның себебі Мемлекеттік рәміздер күні жауынгердің туған күнімен тұспа-тұс келді.– Осындай мәртебелі рәсімге қатысу – үлкен құрмет. Мемлекеттік Ту – біздің Отанымыздың, оның тарихы мен жетістіктерінің символы. Сондықтан маған көрсетілген бұл сенім өте қымбат. Бұл күн менің әскери қызметімдегі ең маңызды әрі есте қаларлық күн болды, – деді қатардағы жауынгер А. Тұрақбай.Алматы қаласында өткен салтанатты саптық жиында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығы штабының бастығы полковник Бақытжан Жетпісов мемлекеттік рәміздердің ел егемендігі мен ұлттық бірлікті нығайтудағы ерекше рөлін атап өтті.– 1992 жылғы 4 маусым – еліміздің тарихындағы айтулы күн. Дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны алғаш рет бекітіліп, ұлттық бірегейлік пен мемлекеттіліктің айшықты белгілеріне айналды, – деді ол.Ақтау қаласында Әскери-теңіз күштері мен Құрлық әскерлерінің, Ұлттық ұланның және ҰҚК Шекара қызметінің әскери қызметшілері Мемлекеттік рәміздер алаңындағы Мемлекеттік Туды көтеру салтанатына қатысты. Одан кейін әскери оркестрдің сүйемелдеуімен отан қорғаушылар облыс орталығының басты көшесін бойлай салтанатты шерумен жүріп өтті.Мереке күні Ақтөбе қаласында Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттары авиациялық техниканың музейлік үлгілері жанында сапқа тұрып, Мемлекеттік Әнұранды айтты. Олар барынша әсерлі орындай отырып әскери борышқа адалдығын, мемлекеттік рәміздерге деген құрметін және Отанға деген сүйіспеншілігін көрсетті.Мемлекеттік рәміздер – ұлттық бірегейлігі мен рухани тұтастығының ажырамас негізі. Халықтың ғасырлар бойғы тарихын, мәдениетін, дамуы мен өркендеуге деген ұмтылысын бейнелей көрсетіп, патриоттық тәрбиенің және азаматтық жауапкершілікті нығайтудың маңызды бағдары болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1234271?lang=ru
Атырау облысында 1500 орындық «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы басталды 30.06.2026
Атырау облысында 1500 көрерменге арналған көпфункционалды «Атырау Арена» спорт кешенінің құрылысы бастау алды. Халықаралық талаптарға сай салынатын жаңа нысан “Нұрсая” шағынауданында 4,6 гектар аумақта бой көтермек.Іргетасқа уақыт капсуласын салу рәсіміне Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшылығы, спорт ардагерлері мен спортшылар қатысты.Облыс әкімі жаңа спорт нысаны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту және заманауи спорт инфрақұрылымын қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында салынып жатқанын атап өтті.– Бүгінде облыста тұрғындарды спорттық инфрақұрылыммен қамту деңгейі 71 пайызды құрайды. Өңірде спортты дамыту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Былтыр сегіз спорт кешені пайдалануға берілсе, биыл тағы 22 нысанды ашу жоспарланған. Олимпиадалық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. «Атырау Аренада» 20 олимпиадалық спорт түрімен айналысуға мүмкіндік туады. Бұл кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелейтін маңызды орталыққа айналады деп сенемін, – деді Серік Шәпкенов.Кешен EPC келісімшарты негізінде салынады. Мердігер «Әлем құрылыс» ЖШС жобалаудан пайдалануға берілгенге дейінгі толық жұмыс цикліне жауапты. Жобада әр спорт түрі бойынша халықаралық стандарттарға сай жабдықталған заманауи жаттығу залдары қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгесін екі мыңға жуық бала мен жасөспірім тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады.Жоба жетекшісі Нұрсұлтан Жыланбастың айтуынша, құрылысқа 400-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылады.– Құрылысты 2027 жылғы қарашада аяқтау көзделген. Кешенде футбол, волейбол, баскетбол, жүзу, үстел теннисі, садақ ату, бокс, таэквондо, дзюдо, еркін күрес, грек-рим күресі, әйелдер күресі, семсерлесу, триатлон және өзге де спорт түрлері бойынша бөлімдер жұмыс істейді. Сонымен қатар жасанды өрмелеу қабырғасы салынады, бұл елімізде санаулы кешенде ғана бар. Бұдан бөлек, халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік беретін 5000 шаршы метрлік әмбебап спорт залы болады, – деді Нұрсұлтан Жыланбас.Кешен базасында оқу-жаттығу жиындары, республикалық және халықаралық жарыстар, сондай-ақ бұқаралық спорттық және мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған. Барлық санаттағы тұрғындарға қолжетімді болатын жаңа нысан Атырау облысындағы ең ірі спорт орталықтарының біріне айналмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234296?lang=ru
Атырау облысында өндірістік жарақаттану деңгейі 20 пайызға төмендеді 30.06.2026
Атырауда облыс әкімі Серік Шәпкеновтің төрағалығымен жиын өтіп, онда еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өндірістік қауіпсіздік мәселелері қаралды.Басқосуға әкім орынбасарлары, басқарма басшылары мен мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері қатысты.Жиын барысында өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Өңір басшысы еңбеккерлердің қауіпсіздігі әрбір жұмыс берушінің басты міндеттерінің бірі болуы тиіс екенін атап өтті.Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметінше, өңірде 2026 жылғы алғашқы төрт айда өндірісте 24 жазатайым оқиға тіркелген. Бұл былтырғыдан 20 пайызға аз.Жазатайым оқиғалардан 25 қызметкер зардап шеккен. Ал негізгі себептер ретінде жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігін тиісті деңгейде қамтамасыз етпеуі мен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауы атап көрсетілді. Әр жағдай бойынша арнайы комиссиялар құрылып, тиісті тексеру жұмыстары жүргізілген.Жыл басынан бері еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзған 33 кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы көлемі 15,9 миллион теңгеден астам айыппұл салынған.Жиын соңында Серік Шәпкенов өңір кәсіпорындарында еңбек және өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын бақылауды күшейтуді тапсырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234297?lang=ru
Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары тағайындалды 30.06.2026
Атырау облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымына Нұрлыбек Даралиев тағайындалды.Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы жаңа қызметкерді ұжыммен таныстырып, алдағы жұмысына табыс тіледі.Нұрлыбек Даралиев 1990 жылы 15 тамызда Атырау қаласында туған. Екі жоғары білімі бар: 2011 жылы Атырау мұнай және газ институтын «Пайдалы қазбалар кен орындарының геологиясы және барлау» мамандығы бойынша, 2017 жылы Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша бітірген.Еңбек жолын 2013 жылы жеке секторда бастап, кейін спорт және білім салаларында Атырау облысының мемлекеттік мекемелерінде қызмет атқарды.Нұрлыбек Даралиев — VIII шақырылымдағы облыстық мәслихаттың депутаты. 2023 жылдың сәуірінен 2026 жылдың мамырына дейін Атырау облыстық мәслихатының әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясына жетекшілік етті. Сонымен қатар Атырау облысы Полиция департаменті жанындағы нашақорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары міндетін атқарды.Жаңа қызметке тағайындалғанға дейін Атырау облысының спорт басқармасында түрлі лауазымда еңбек етті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234298?lang=ru
Қазақстандық экспорттаушылар Еуроодақтың жаңа климаттық талаптарына дайындалуда 30.06.2026
2026 жылдың 3 маусымда Астана қаласында «Еуропалық Одақтың трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі (CBAM): қазақстандық алюминий және қара металлургия өнімдерін экспорттаушылар үшін нарыққа қол жеткізу, қаржылық салдарлар және талаптарға сәйкестік мәселелері» тақырыбындағы зерттеудің таныстырылымына арналған семинар өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастығының, халықаралық ұйымдардың және сарапшылар қауымының өкілдері қатысты. Семинарды ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Күшікова ашты.CBAM (Carbon Border Adjustment Mechanism) – Еуропалық Одақтың климаттық саясаты аясында енгізілген трансшекаралық көміртекті реттеу тетігі. Оның мақсаты – импортталатын өнімдерді өндіру кезінде бөлінетін парниктік газдар шығарындыларын есепке алу және еуропалық әрі шетелдік өндірушілер үшін бірыңғай экологиялық талаптарды қамтамасыз ету. 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл тетік міндетті түрде қолданылатын кезеңге өтті. Осылайша, өнімнің көміртек ізін есепке алу Еуропалық Одақ нарығына шығудың маңызды шарттарының біріне айналды.Қазақстан үшін бұл мәселенің маңызы зор. Өйткені Еуропалық Одақ еліміздің негізгі сауда серіктестерінің бірі әрі қазақстандық алюминий өнімдерінің басты экспорттық нарығы болып табылады. Жаңа талаптар алюминий, темір және болат өнімдерін экспорттайтын отандық кәсіпорындардың қызметіне тікелей әсер етіп, олардың халықаралық саудадағы өзгеріп жатқан талаптарға бейімделуін қажет етеді.«2025 жылдың қорытындысы бойынша Еуропалық Одақтың Қазақстанның сыртқы саудасындағы үлесі шамамен 31%-ды, ал экспорт құрылымындағы үлесі 44%-ды құрады. Сонымен қатар, қазақстандық алюминий экспортының жартысынан астамы Еуропалық Одақ елдеріне бағытталған», – деп атап өтті Жанель Күшікова.Отандық бизнесті қолдау мақсатында Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі, Халықаралық сауда орталығы және «QazTrade» АҚ Еуропалық Одақ қаржыландыратын Ready4Trade Central Asia жобасы аясында CBAM тетігінің Қазақстанның алюминий және қара металлургия салаларына ықпалын бағалауға арналған зерттеу әзірледі. Құжатта жаңа механизмнің ықтимал қаржылық әсеріне талдау жасалып, кәсіпорындардың талаптарға бейімделуіне бағытталған практикалық ұсынымдар ұсынылған.«CBAM тетігі Еуропалық Одақтың климат пен сауда саласындағы кешенді саясатының маңызды құралдарының бірі саналады. Тұрақты даму көрсеткіштері бойынша есептіліктің ашықтығын арттыру және есеп жүргізу тәжірибесін жетілдіру қазақстандық экспорттаушыларға халықаралық нарықтардағы талаптар күшейіп жатқан жағдайда өз бәсекеге қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижелі болуы үшін мемлекеттік органдардың, бизнес қауымдастықтың және Халықаралық сауда орталығы (ITC) сияқты халықаралық серіктестердің өзара ықпалдастығы алдағы уақытта да ерекше маңызға ие», – деп атап өтті Йоханнес Баур, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің ынтымақтастық бөлімінің басшысы.«ITC–QazTrade зерттеуінің қорытындыларына сәйкес, 2025 жылғы экспорт көлемдері негізге алынған жағдайда қазақстандық экспорттаушылардың CBAM аясындағы жыл сайынғы міндеттемелері өңделмеген алюминий, феррохром, сондай-ақ болат прутоктар мен өзектер сияқты төрт негізгі тауар санаты бойынша шамамен 114 миллион еуроны құрайды.Біз қазірдің өзінде өнеркәсіптік экспорттаушыларды Еуроодақтың жаңа талаптарына жүйелі түрде бейімдеу жұмыстарын бастадық. Бұл шаралар қаржылық жүктемені азайтуға және қазақстандық өнімнің біз үшін стратегиялық маңызы бар нарықтардың біріндегі бәсекеге қабілеттілігін сақтауға бағытталған», – деді «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.Семинар барысында қатысушыларға зерттеудің негізгі қорытындылары мен кәсіпорындарды жаңа талаптарға бейімдеу бойынша ұсыныстар таныстырылды. Әсіресе шығарындыларды есепке алу және растау жүйелерін енгізу, қазақстандық өнімнің еуропалық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін сақтау және экологиялық таза өндірісті дамыту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. «Қазіргі таңда Қазақстан Еуропалық Одаққа құны 600 миллион еуродан асатын болат пен алюминий экспорттайды. Сарапшылардың бағалауынша, егер CBAM аясында стандартты шығарындылар көрсеткіштері қолданылса, қазақстандық экспорттаушылардың жыл сайынғы шығындары 100 миллион еуродан асып кетуі мүмкін. Оның 90 пайызы болат шыбықтар мен өзектерге тиесілі. Бұл өнімдер бойынша CBAM-ға байланысты шығындар кей жағдайда тауардың өз құнынан да жоғары болып, 123 пайызға жетуі ықтимал. Дегенмен, қазақстандық өндірушілер бұл шығындарды айтарлықтай азайта алады. Ол үшін нақты шығарындылар көлемін тұрақты бақылап, есепке алу, стандартты көрсеткіштердің орнына нақты деректерді ұсыну, жергілікті верификаторларды аккредиттеу, өндіріс орындарындағы шығарындыларды қысқарту және көміртек бағасын қалыптастырудың ішкі тетіктерін жетілдіру сияқты салыстырмалы түрде қарапайым қадамдарды жүзеге асыру жеткілікті», – деді Халықаралық сауда орталығының (ITC) сарапшысы әрі есептің жетекші авторы Йост Паувелин.Іс-шараға қатысушылар CBAM талаптарына тиімді бейімделу үшін шығарындыларды мониторингтеу мен верификациялаудың ұлттық инфрақұрылымын дамыту, білікті мамандар даярлау және мемлекет, бизнес пен халықаралық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, жаңа климаттық талаптар қосымша міндеттеме ғана емес, өндірісті жаңғыртуға, энергия тиімділігін арттыруға және заманауи экологиялық технологияларды енгізуге мүмкіндік беретін маңызды ынталандырушы фактор ретінде бағаланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1234299?lang=ru
Атырауда Мемлекеттік рәміздер күні салтанатты түрде аталып өтті 30.06.2026
4 маусым – ҚР Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл мереке ел егемендігін айқындайтын басты нышандар – Ту, Елтаңба және Әнұранның мән-маңызын дәріптейді.Осы орайда Атырау қаласындағы Мемлекеттік рәміздер алаңында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов, депутаттар, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, ардагерлер, жастар мен қала тұрғындары қатысты.Мерекелік жиынға жиналған жұртшылық Әнұранды бірге шырқады.Өңір басшысы Серік Шәпкенов мемлекеттік рәміздердің елдік рухты нығайтудағы және отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастырудағы ерекше рөлін атап өтті.– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рәміздердің халқымызды ортақ мақсаттарға жұмылдырып, ұлттық рухты асқақтатудағы рөлін әрдайым айрықша атап айтып келеді. Рәміздерді құрметтеу – Отанға деген құрметтің белгісі. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін мемлекеттік нышандарымызды қастерлей білсе, елге деген шынайы сүйіспеншіліктің бір көрінісі сол болмақ. Көк Туымыз әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз жас ұрпақты жігерлендіре берсін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! – деді облыс әкімі.Мерекелік іс-шара өңірдің шығармашылық ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламамен қорытындыланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1234300?lang=ru
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтауы 30.06.2026
Құрметті жерлестер!Сіздерді Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймын!Ту, Елтаңба және Әнұран - халқымыздың тәуелсіздігі мен бірлігінің, елдік рухы мен ұлттық құндылықтарының айқын белгісі. Мемлекеттік рәміздер – әр азаматтың жүрегінде Отанға деген мақтаныш пен патриоттық сезімді нығайтатын қасиетті нышандар.Бүгінде көк Туымыз әлем аренасында биікте желбіреп, Елтаңбамыз егемен еліміздің айбынын айшықтап келеді. Ал Әнұранымыз әрбір қазақстандықтың жүрегіне рух пен сенім ұялатады. Осынау мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін!Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1234306?lang=ru
Мемлекеттік органдардың байланыс орталықтары бірыңғай стандарттар мен заманауи цифрлық технологияларға көшуде 30.06.2026
Астанада «Электрондық қаржы орталығы» АҚ алаңында орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың аппарат басшыларының қатысуымен «Байланыс орталықтары азаматтармен өзара іс-қимылдың негізгі фронт-желісі ретінде» тақырыбында кеңес өтті. Қатысушылар халықпен кері байланыс сапасын арттыру, қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын енгізу және коммуникацияның цифрлық арналарын дамыту мәселелерін талқыладыЖасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Айнұр Юсупова Байланыс орталықтарының қызметін стандарттау жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 70-тармағын іске асыру нәтижелерімен таныстырды. Өз сөзінде ол соңғы жылдары елімізде байланыс орталықтарының жұмысына бірыңғай тәсілдерді енгізу үшін қажетті нормативтік және ұйымдастырушылық база қалыптасқанын, оның ішінде анықтамалық-ақпараттық қызметтердің қызметкерлері үшін кәсіби стандартты бекіту, олардың қызметін ұйымдастыруға қойылатын үлгілік талаптарды жетілдіру және міндетті аккредиттеу тетіктерін енгізу қалыптасқанын атап өтті.Мемлекеттік байланыс орталықтарының жұмыс істеуіне жүргізілген талдау нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Айнұр Юсупованың айтуынша, мониторинг азаматтарға кеңес беру сапасын одан әрі арттыру, телефон желілерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету және қызмет көрсетудің бірыңғай стандарттарын сақтау қажеттілігін көрсетті. Осыған байланысты мемлекеттік органдарға байланыс орталықтарын аккредиттеу, пайдаланылатын нөмірлік ресурсты ревизиялау және халықпен кері байланыс арналарының тиімділігін арттыру жұмысын жандандыру ұсынылды.Елімізде байланыс орталықтарының жұмысын ұйымдастырудың бірыңғай тәсілдері үшін нормативтік база қалыптастырылғаны, қызметкерлер үшін кәсіби стандарттар бекітілгені және аккредиттеу тетіктері енгізілгені атап өтілді.Кеңес барысында мемлекеттік органдардың қолданыстағы байланыс орталықтарын талдау нәтижелері жарияланды. Мониторинг қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға аккредиттеуден өтуді жеделдету, белгіленген талаптарға сәйкестікті қамтамасыз ету және азаматтар үшін сервистердің қолжетімділігін арттыру тапсырылды.Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің тәжірибесі сәтті өзгерістердің мысалы ретінде келтірілді. Министрлік «Электрондық қаржы орталығы» АҚ қатысуымен «бір терезе» қағидатын енгізе отырып, Бірыңғай байланыс орталығын жаңғыртты. Барлық жұмыс процестерін әкімшілік органдардың байланыс орталықтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі үлгілік талаптарға келтіру одан әрі даму үшін берік жүйелі және құқықтық іргетас қалады.Омниканалдық платформа мен сандық құралдарды енгізудің арқасында өтініштердің өмірлік циклін толық бақылауды қамтамасыз ету және пайдаланушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру мүмкіндігі туындады.Трансформация нәтижелері нақты көрсеткіштермен расталады. Жоғалған өтініштердің үлесі үш есеге жуық - 27,7%-дан 10%-ға дейін қысқарды, ал қызмет көрсету сапасын бағалау 5 балдың ішінен 4,84 балға дейін өсті.Одан әрі дамыту шеңберінде, талдау жасау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізу, сондай-ақ байланыс орталығын халықаралық сапа стандарттары бойынша сертификаттауға дайындау жоспарлануда.Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға байланыс орталықтарын одан әрі цифрлық трансформациялау және азаматтармен өзара іс-қимыл жасау сапасын арттыру жөнінде тапсырмалар берілді. Бұл шараларды іске асыру мемлекеттік сервистерді қолжетімді, ыңғайлы және халықтың қажеттіліктеріне бағдарлауға мүмкіндік береді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/1234316?lang=ru