Қуқық
Бесарық ауылының тыныс-тіршілігімен танысты 13.07.2026
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Сырдария ауданына жұмыс сапары барысында Бесарық ауылындағы №12 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жұмысымен танысты. Спорт кешенінде дзюдо, бокс және таэквондо үйірмелері жұмыс істейді. Қазір мұнда 180 адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мекемеде 18 қызметкер еңбек етеді.Одан кейін аймақ басшысы ауылдың орталық алаңында тұрғындармен кездесіп, шағын өндірістік орталық пен ауылдық мәдениет үйінің жұмысын көрді. Жұртшылықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, Бесарық ауылын одан әрі дамытуда атқарылатын жұмыстар мен алдағы жоспарларға тоқталды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Бесарық ауылында сәтімен жүзеге асуда.Мұнда «Абай-Дәулет» серіктестігінің демеушілігімен фри картобын өндіретін зауыт жұмыс істейді. Сонымен қатар наубайхана, кондитерлік және жартылай дайын өнімдер цехтары, жұмыс қолғаптарын, пластик ыдыстарды, сабын мен ағаш бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар іске қосылған. «Қызылорда» супермаркеті мен дәмхана тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп келеді. Еске салсақ, 2024 жылы ауылда жалпы аумағы 1 мың шаршы метр болатын шағын өндірістік орталық пайдалануға беріліп, 13 кәсіпкерге өз кәсібін бастауға мүмкіндік жасалды. Оның 4-еуі «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы, 5 жоба «Өңірлік инвестициялық орталықтың» қолдауымен, ал 4 жоба шаруашылықтың өз қаражаты есебінен жүзеге асты. Нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылып, жобаларға 960 млн теңге инвестиция тартылды. Бүгінде кәсіпкерлер шағын өндірістік орталықта өз өнімдерін шығаруда.Айта кету керек, «Абай-Дәулет» серіктестігі 2018 жылдан бері ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бағыттады. Бұл қаржы 360 орындық мектеп, 120 орындық балабақша, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі секілді әлеуметтік нысандарды салуға, жөндеуге, абаттандыруға және көгалдандыру жұмыстарына жұмсалды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250507?lang=ru
Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің алаңында Қазпошта қызметінің шарттарын жетілдіру жайы талқыланды 13.07.2026
Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен жаңа Салық кодексін енгізу жобалық кеңсесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібіндегі мәселенің бірі – ұлттық пошта байланысы операторы «Қазпошта» АҚ қызметін салықтық реттеудің жекелеген аспектісі.Компания өкілдері отырыс барысында қатысушыларды салық заңнамасының кейбір ережелерін іс жүзінде қолдануды, олардың кәсіпорынның қаржылық қызметіне әсері туралы хабардар етті. Сондай-ақ қолданыстағы реттеу тетігін одан әрі жетілдіруге арналған ұсыныстар қаралды.Отырысқа қатысушылар Қазпоштаның әлеуметтік маңызы бар функцияларының тиянақты орындалуы мен халыққа әмбебап пошта қызметін көрсету мәселесін ерекше назарға алды.Талқылау түйіні, «Қазпошта» АҚ Қаржы министрлігімен бірлесіп, 2027 жылға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде әмбебап пошта қызметін қаржыландыруды жетілдіру ісін пысықтауы қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/1250514?lang=ru
Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне жаңа пәтерлердің кілті табысталды 12.07.2026
БАҚ күніне орай Солтүстік Қазақстан облысында салтанатты іс-шара өтті. Өңір журналистерін кәсіби мерекесімен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тәуелсіз, кәсіби әрі жауапты бұқаралық ақпарат құралдары – әділетті қоғам мен орнықты демократиялық дамудың берік тірегі екенін үнемі атап келеді. Журналистер қауымының қажырлы еңбегі елді шынайы әрі сапалы ақпаратпен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді нығайтып, ашық пікір алмасу мәдениетінің қалыптасуына зор үлес қосуда. Барша бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне кәсібиліктері, объективті ұстанымдары, принципшілдіктері және өз істеріне деген жауапкершіліктері үшін шынайы алғысымды білдіремін», – деді өңір басшысы. Іс-шара барысында ақпарат саласының 59 өкілі мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсіби шеберлігі және отандық журналистиканың дамуына қосқан елеулі үлесі үшін оларға «Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Еңбек ардагері» ведомстволық медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары, сондай-ақ өңірдің ақпарат саласын дамытуға қосқан үлесі үшін арнайы естеліктер табысталды.Мемлекет басшысының атынан бұқаралық ақпарат құралдарының екі жас өкіліне жаңа пәтердің кілтін табысталды. Бұл – журналист мамандығына көрсетілген зор құрметтің, ақпарат саласы қызметкерлеріне мемлекет тарапынан жасалып отырған тұрақты қолдаудың және олардың қоғамдағы маңызды рөлінің айқын дәлелі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1250412?lang=ru
СҚО-да «Эко-Платформа: Таза Қазақстан» интерактивті алаңы өтті 12.07.2026
Солтүстік Қазақстан облысында «Эко-Платформа: Таза Қазақстан» интерактивті алаңы өтті. Іс-шара Петропавл қаласында, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратының алдындағы алаңда республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен. «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалінде сөйлеген сөзінде Президент тазалық әрбір адамнан, әрбір үйден, әрбір көшеден және әрбір қаладан басталуы керек екенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы бір реттік науқан болмауы тиіс, ол қазақстандықтардың өмір салтына айналуы қажет.Іс-шараның мақсаты - халықтың экологиялық мәдениетін арттыру, экологиялық жауапты мінез-құлық қағидаттарын насихаттау және тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне интерактивті әрі ағартушылық форматтар арқылы тарту.Алаңға қатысушылар өз білімдерін экологияға қатысты өзекті сұрақтар бойынша қолжетімді әрі қызықты форматта тексерді. Іс-шараның негізгі элементі тақырыптық барабан болды. Оның көмегімен тұрғындар әртүрлі деңгейдегі сұрақтар мен тапсырмаларды таңдады. Мұндай формат білімді бекітіп қана қоймай, қалдықтарды сұрыптау, табиғатқа ұқыпты қарау және қоршаған ортаның тазалығына жеке жауапкершілікпен қарау мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік берді.Орталықтың қоғамдық даму және ақпарат орталығының жастар бастамалары бөлімі маманы Қайдар Әбілхаирдің айтуынша, мұндай іс-шаралар халық арасында экологиялық ойлауды қалыптастыруға ықпал етеді.«Бүгінде экология туралы жай ғана айту жеткіліксіз, адамдарды бұл жұмысқа түсінікті әрі қызықты форматтар арқылы тарту маңызды. Интерактивті алаң қатысушыларға ойын түрінде қалдықтарды сұрыптау, табиғатқа ұқыпты қарау және қоршаған ортаның тазалығы үшін жеке жауапкершілік туралы көбірек білуге мүмкіндік береді. Әрбір тұрғын «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыруға өз үлесін қоса алады», - деді Қайдар Әбілхаир.Ұйымдастырушылардың айтуынша, алаңды өткізу халықты экологиялық ағарту және қоршаған ортаның тазалығын сақтауға бағытталған бастамаларды қолдау бойынша кешенді жұмыстың бір бөлігі болды. Іс-шара өңір тұрғындары арасында экологиялық жауапты мінез-құлық қағидаттарын ілгерілетуге де ықпал етті. #ТазаҚазақстан #тұрақтыдаму #тазаел #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/1250403?lang=ru
Бүгін - ұшқышсыз авиация мамандарының кәсіби мерекесі 12.07.2026
Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінде ұшқышсыз авиация мамандары кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл дата 2022 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) дамыту және қолдану департаменті құрылған күнмен байланысты.Мамандандырылған бөлімшенің құрылуы ұшқышсыз авиациялық технологиялардың қарқынды дамуы, олардың қолданылу ауқымының кеңеюі және қазіргі заманғы әскери қақтығыстар сипатының түбегейлі өзгеруімен байланысты. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер жеке құрамның тікелей қатысуынсыз және өмірге қауіп төндірмей-ақ кең ауқымды міндеттерді орындауға мүмкіндік беріп, әскери іс-әрекеттер тиімділігін айтарлықтай арттырды.ҰАЖ барлау жүргізу, әскерді басқару, қарсыласты оқ атып жою және жүк жеткізу сияқты негізгі міндеттерді атқаруда маңызды құралдардың бірі саналады. Олардың қолданылуы шешім қабылдау жеделдігін, жауынгерлік тапсырмаларды орындау дәлдігін және жалпы басқару тиімділігін арттырады.Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою шараларында да белсенді қолданылады.Қазақстан Қарулы күштерінің қару-жарақ құрамында «шағын» деңгейден бастап «оперативтік-стратегиялық» деңгейге дейінгі әртүрлі кластағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар.Тұрақты түрде көрнекі сынақтар мен тәжірибелік-әскери жұмыстар жүргізіліп, онда ұшқышсыз авиациялық жүйелердің сенімділігі мен тактикалық-техникалық сипаттамалары тексеріледі. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында оны өндіріске қою мәселелері де қарастырылуда.Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану бойынша курсанттарды оқыту Қорғаныс министрлігінің барлық жоғары әскери оқу орындарында жүргізілуде. Щучинск пен Астана қалаларындағы әскери колледждерде ұшқышсыз және роботтандырылған жүйелерді пайдалану мен қызмет көрсету мамандары даярланады. Кадеттер осы жылы да қабылданады. Сондай-ақ бұл бағыттағы әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.Бүгінде ұшқышсыз авиация – Қарулы күштердегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Бұл сала мамандары күнделікті қызметте және түрлі оқу-жаттығулар барысында жүктелген міндеттерді табысты орындап келеді. ҰАЖ ведомствоаралық және халықаралық оқу-жаттығуларға да қатысып, барлау, оқ ату және әскери әрекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз тиімділігін дәлелдеді.Операторлар, инженерлер және техникалық мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен әскери борышқа адалдығы елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған ұшқышсыз авиациялық технологияларды одан әрі дамытуға берік негіз болып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250226?lang=ru
Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Екатерина Баранова 101 жасқа толды 12.07.2026
Осыған орай Алматы қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің, Алмалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасының әскери қызметшілері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері майдангерді арнайы барып құттықтады. Қорғаныс министрінің атынан ардагерге құттықтау хат табысталып, Жеңіске қосқан өлшеусіз үлесі мен Отан игілігі жолындағы жанқиярлық еңбегі үшін алғыс білдірілді.Екатерина Александровнаның өмір жолы – ерлік пен қайсарлықтың, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісі. Жеті сыныпты тәмамдағаннан кейін ол медицина техникумына оқуға түсіп, фельдшер мамандығын игере бастайды. Алайда бейбіт өмірді сұм соғыс үзді.1943 жылы Белгород облысындағы туған ауданы неміс-фашист басқыншыларынан азат етілгеннен кейін Екатерина Баранова әскер қатарына шақырылып, 1-Украина майданының әскери госпиталіне жіберілді. Ол жараланған жауынгерлерге медициналық көмек көрсетіп, олардың өмірін сақтап қалуға және қайта сапқа оралуына аянбай еңбек етті. Жеңіс күнін Екатерина Баранова Чехословакияның Карловы Вары қаласында қарсы алды.Соғыс жылдарындағы ерлігі мен батылдығы үшін Екатерина Баранова II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Праганы азат еткені үшін» медальдарымен және көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.Құрметті жасына қарамастан, Екатерина Александровна өмірге деген құштарлығын, сергектігі мен рухының беріктігін сақтап келеді. Ол үшін әскери қызметшілер мен жас ұрпақтың құрметі мен қамқорлығы ерекше маңызды.Мұндай кездесулер – Жеңіс ұрпағына деген құрметтің белгісі әрі бүгінгі бейбіт өмір үшін жанын аямаған ардагерлерге көрсетілген тағзым.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250134?lang=ru
Заң үстемдігі – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.Күн тәртібінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың және масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу, зардап шеккендерді қорғауда атқарылған жұмыстар, өңірдегі сыбайлас жемқорлық ахуалы және алдын алу үшін қабылданған шаралар, әлеуметтік саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері қаралды.Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу – біздің саясатымыздағы негізгі басымдықтың бірі» деп атап өтті. «Заң үстемдігін орнықтырып, құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен, сыбайлас жемқорлықтың барлық көріністеріне тосқауыл қою керек» деген міндет қойды.Аймақ басшысы осы талаптар өңірдегі барлық мемлекеттік органның қызметінде бұлжытпай орындалуға тиіс екенін атап өтті.«Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заңды қызметкерлерге түсіндіріп, оның талаптарын мүлтіксіз сақтау керек. Медициналық ұйымдардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін қайта зерделеп, рәсімдерді кезең-кезеңімен автоматтандыруға қатысты нақты ұсыныстар енгізуді тапсырамын.Денсаулық сақтау саласына халықтың сенімі бәрінен маңызды. Сондықтан басқармаға қарасты барлық медициналық ұйымда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алуды түбегейлі күшейтіп, әрбір бас дәрігердің жеке жауапкершілігін арттыру керек. Бірде-бір заң бұзушылық пен негізді шағым бақылаусыз қалмауы тиіс», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.Сонымен қатар, масаң күйде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алуда ведомствоаралық жұмысты жандандырып, алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымына бақылауды күшейту тапсырылды.Қылмыс деңгейі жоғары елді мекендерде «Ішімдіксіз ауыл» жобасын кеңейту үшін жергілікті ақсақалдар, қоғамдық кеңестер, учаскелік полиция инспекторлары және қоғам белсенділері нақты профилактикалық жұмыс жүргізуі тиіс.Отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар және әлеуметтік қызметтерге бөлінген қаражаттың тиімді пайдаланылуын қатаң бақылау маңызды. Бұл ресурстар қолайсыз отбасыларды ерте анықтап, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталуы қажет. Осыған байланысты отбасын қолдау орталықтарының қызметін ведомствоаралық деңгейде қайта қарау жүктелді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250136?lang=ru
Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер мен инвестициялық жобалар талқыланды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Күн тәртібінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, бюджет қаражатының игерілуі, аграрлық шаруашылық каналдарын бетондау, пайдалануға берілген әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау, инвестиция тартудағы өзекті мәселелер талқыланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер нақтыланды. Аймақ басшысы жауапты сала басшыларына алты айлық инвестиция жоспарын орындауды, өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды тиімді жүзеге асыруды тапсырды.Облыстық құрылыс басқармасына, қала және аудан әкімдіктеріне статистика департаментімен бірлесіп құрылыс нысандарының есебін жүйелеу, айлық, тоқсандық және жартыжылдық статистикалық есептерді толық әрі уақытылы ұсыну міндеті жүктелді.Бюджет қаражатын тиімді әрі толық игеру мәселесі де назардан тыс қалмады, жауапты басшыларға нақты тапсырмалар берілді. Жаңадан ашылған әлеуметтік нысандарды теңгерімге қабылдау және қабылдау актілерін рәсімдеуді бір апта ішінде аяқтау, аудандардағы спорт кешендерін заңнама талаптарына сәйкес аудан әкімдіктерінің теңгеріміне беру жайы да пысықталды. Бұл тұрғындардың сұранысына сай тиімді жұмыс кестесін, ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүйелейді, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жақсартады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1250125?lang=ru
Қорғаныс министрінің орынбасары елдің шығысындағы гарнизондарға жұмыс сапарымен барды 12.07.2026
Қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым жөніндегі орынбасары генерал-майор Алмаз Джумакеев Шығыс Қазақстан өңіріне жұмыс сапарымен барып, Аягөз және Өскемен гарнизондарындағы әскери бөлімдердің қызметін тексерді. Шығыс Қазақстан облысындағы әскери лазаретте болған генерал-майор Алмаз Джумакеев емдеу процесінің ұйымдастырылуымен танысып, әскери қызметшілерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасына ерекше назар аударды. Қасым Қайсенов атындағы 27943 әскери бөлімінде Қорғаныс министрінің орынбасары материалдық-техникалық базаның жай-күйін және жауынгерлік даярлық сабақтары өткізілетін оқу полигонындағы оқу-жаттығу нысандарын жан-жақты бағалады. Сонымен қатар әскери қызметшілердің тамақтануы, тұрмыстық жағдайы және қауіпсіздік талаптарының сақталуы тексерілді.Аягөз гарнизонында ол 10810, 36376, 16443 әскери бөлімдері мен «Оңтүстік» әскери қалашығында болып, тұрғын үй қорының жай-күйімен танысты. Ал 97616 және 10181 әскери бөлімдерінде бөлімдерді қайта орналастыру мәселелері қолбасшылықпен талқыланды. «Майлино» полигонындағы казарма ғимаратын аралау барысында генерал-майор Алмаз Джумакеев оны күрделі жөндеуден өткізу жөнінде тапсырма беріп, нақты нұсқаулар жүктеді.Инспекция қорытындысы бойынша Қорғаныс министрінің орынбасары гарнизон басшылығы мен әскери бөлім командирлеріне әскери инфрақұрылымды жетілдіру, тылдық қамтамасыз ету жүйесін нығайту және әскери қызмет өткеру жағдайларын жақсарту бағытында нақты міндеттер қойды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249994?lang=ru
Алматыда журналистерге арналған «Әскери дискурс – 2026» практикалық семинары басталды 12.07.2026
Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлерге арналған «Әскери дискурс – 2026» экстремалды журналистика бойынша практикалық семинары өз жұмысын бастады.Төрт күн бойы қатысушылар Арнайы операциялар күштерінің әскери бөлімдерінің бірінде оқу-жаттығудан өтеді. Бағдарлама аясында олар төтенше жағдайлар мен қарулы қақтығыстар кезінде журналистің жұмыс ерекшеліктерімен танысып, дағдарыс жағдайларында қауіпсіз қызмет атқаруға қажетті білім мен практикалық дағдыларды үйренеді. Семинар бағдарламасы теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды қамтиды.Алғашқы күні қатысушылар Алматы қаласына келіп, әскери бөлім аумағына орналасып, кіріспе брифингке қатысты. Қорғаныс министрлігінің өкілдері семинар бағдарламасымен таныстырып, қауіпсіздік талаптары бойынша міндетті нұсқама өткізді.Семинар барысында журналистерді қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс істеуге даярлау, барынша қауіпті жағдайда алғашқы медициналық көмек көрсету, жаппай тәртіпсіздік кезінде жария ету ерекшеліктері, оған қоса экстремалды жағдайда әрекет ету, аман қалу және тұтқынға түскен кездегі мінез-құлық қағидалары төңірегінде сабақтар өткізілмек.Практикалық бөлім арнайы жабдықталған оқу алаңдарында ұйымдастырылып, имитациялық құралдар, әскери техника және тактикалық дайындық элементтері пайдаланылады. Қатысушылар тәжірибелі әскери нұсқаушылардың жетекшілігімен барынша шынайы жағдайға жақындатылған ортада іс-қимыл алгоритмдерін пысықтайды.Семинар соңы қорытындылау рәсімімен аяқталып, белсенді қатысушылар марапатталатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1250005?lang=ru
Қостанай облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеді 12.07.2026
Қостанай облысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім алуға ынталандыру және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп отыр.Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамтуды арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында елімізде «Әділетті Қазақстан – баршаға және әркімге арналған» жол картасы іске асырылуда. Құжатқа сәйкес 2030 жылға дейін республика бойынша 3,3 миллионнан астам азаматты жұмыспен қамту көзделген. Оның кемінде 2,2 миллионы жастар болуы тиіс.Қостанай облысында соңғы бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден де төмен. Өңірде жастарды еңбек нарығына бейімдеу, тұрақты жұмыс орындарына орналастыру және кәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп 5 мыңға жуық жас жүгінген. Соның ішінде 3,5 мыңға жуығы жұмыспен қамтылды. Жастардың бір бөлігі субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілсе, енді бірі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтті. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз ісін бастауға мүмкіндік алды.2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 2 653 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 430-ы белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысып жатыр, ал 1 246 азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуда.Соңғы үш жылда 16–35 жас аралығындағы тіркелген жұмыссыз жастар саны екі еседен астам қысқарды. Егер 2022 жылы жұмыспен қамту органдарында 7 458 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, бүгінде олардың саны 3 482 адамға дейін азайды. Бұл еңбек нарығындағы оң өзгерістер мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.Өткен жылы облыста 13,8 мың жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Олар әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, жастар практикасына қатысты, кәсіптік білім алып, қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздерін оқып, мемлекеттік гранттарға ие болған жастардың қатары артты.Алдағы кезеңде тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру, жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға дейін сапалы сүйемелдеу, сондай-ақ жастарды кәсіптік оқытуға, еңбек нарығының белсенді шараларына және кәсіпкерлікке кеңінен тарту жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1249845?lang=ru
Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 12.07.2026
«Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы» РММ - табиғатты қорғау және ғылыми мекеме мәртебесі бар, қызметтік мақсаты өзінің аумағындағы табиғи процестер мен құбылыстардың табиғи барысын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін,өсімдіктер мен жануарлардың жекелеген түрлері мен қауымдастықтарын, әдеттегі және бірегей экологиялық жүйелерді сақтау мен зерделеу, оларды қалпына келтіру болып табылатын ерекше қорғалатын табиғи аумақ.Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы 1984 жылы 12 шілдеде Қазақ КСР-нің Министрлер Кеңесінің № 294 Қаулысымен ұйымдастырылған. Қорықты құру мақсаты – Қазақстанның Оңтүстік-Батысындағы шөлдік аймақтың табиғи кешендерін табиғи күйінде сақтап қалу.Қорықтың жұмысы үш бағыт бойынша орындалады:- қорықтың аумағын қорғау, қорғалатын табиғи кешендердің табиғи күйінде сақталуын қолдау;- табиғат жылнамасын жүргізу арқылы экологиялық мониторинг жүргізу, ғылыми зерттеулер жүргізу;- жергілікті халыққа экологиялық ағарту жұмыстары арқылы табиғат қорғауды насихаттау;Қорық аумағы Үстірт платосының батыс шыңдарының бір бөлігін, платоның енсіз жолағын және кең ойысты (Кендірлі сор) алып жатыр. Әкімшілік-аумақтық бөліну бойынша қорық Маңғыстау облысы Қарақия ауданының жерінде орналасқан. Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы Арал-Каспий суайырығының аумағындағы Үстірт жонының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Оның аумағы ендік бағытта ең жалпақ бөлігі 43 км-ге (шығыс бойлығы 54˚ 09' бастап, 54˚ 55' дейін), меридиандық бағытта – 95 км-ге (1942 ж. координаталар жүйесі бойынша солтүстік ендігі 42˚ 34' - 43˚ 23') созылған. Қорықтың жалпы ауданы 223 342 га құрайды. Ол Үстірттің Батыс шыңдарының оңтүстік бөлігін (солтүстік-батыста Мәмекқазған құдығынан бастап, оңтүстікте Қызылсай шатқалына дейін), оған жалғасып жатқан Үстірт жонының жіңішке шыңды жолағын, Қарынжарық – Кендірлі-сор ойпатының шығыс бөлігі мен Карынжарық құмды алқабының фрагменттерін, сонымен қатар, Қарамая тауын қамтиды. Қорықтың ең биік нүктесі Көкесем құдығы ауданындағы Үстірттің Батыс жонында (теңіз деңгейінен +340 м биіктікте), ең төменгі нүктесі Кендірлі сордың солтүстік бөлігінде (-52 м) орналасқан.Жер бедері мен топырақтың әртүрлілігінен қорықтың флорасы мен фаунасы алуан түрлі болып келеді: қазіргі уақытта оның аумағында өсімдіктердің 403 түрі, сүтқоректілердің 33, құстардың 174, бауырымен жорғалаушылардың 15, қосмекенділерден 1 түр тіркелген.Соның ішінде ҚР Қызыл кітабына: өсімдіктерден-майда қатыран, берік сүттіген, хиуа сораңы, кәдімгі жұмсақ жеміс, бор рияңы, құстардан – кішкене аққұтан, жалбағай, қарабай, қоқиқаз, жыланжегіш қыран, дала қыраны, қарақұс, бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, лашын, тазтырна, жекдуадақ, қарабас өгіз шағала, қарабауыр бұлдырық, қылқұйрық бұлдырық, үкі; бауырымен жорғалаушылардан: Палассов қарашұбар жыланы; сүтқоректілерден: арқар, қарақұйрық, қарақұлақ, итаю, сабаншы, шұбар күзен, шағыл мысығы, Оңтүстік-Батыс Азия қабыланы, ақбауыр жарқанат енген.Қорықтың әкімшілік ғимараты Жаңаөзен қаласында орналасқан. Қорық әкімшілігіне ең жақын шекара нүктесі 130 км және облыс орталығы Ақтау қаласы 150 км жерде орналасқан. Қорық аумағына Жаңаөзен қаласынан Қызылсай ауылынына (22 км), әрі қарай Бекет Ата грейдерімен (94 км), содан кейін шығысқа қарай Балуанияз Ата қорымына дейін (40 км), қорымнан 1,5 км жерде Мәмекқазған кордоны орналасқан. Қорықтың оңтүстік шекарасына Жаңаөзен қаласынан Құланды ауылына (15 км), әрі қарай Кендірлі-Қаясан дөңі арқылы қорықтың кордоны орналасқан Өнере жеріне дейін (120 км). Қорық аумағына ең жақын орналасқан елді мекен Аққұдық ауылы(30 км).Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/press/news/details/1249837?lang=ru
Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды: жобаға нарық көшбасшылары қосылды 12.07.2026
2026 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда кондитерлік өнімдерді таңбалау бойынша пилоттық жоба басталды. Жоба 2027 жылғы 1 маусымға дейін жалғасады. Бұл елде іске асырылып жатқан тауарлардың цифрлық қадағалануын қамтамасыз ету саясаты аясындағы кезекті қадам. Оның мақсаты нарықты контрафактілік өнімдерден қорғау және жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру.Жобаға саладағы жетекші компаниялар қосылып үлгерді. Отандық өндірушілер қатарында «Баян Сұлу» ЖШС және «Лотте Рахат» ЖШС бар. Импорттаушылар қатарында «Марс Казахстан» ЖШС, «Ферреро Казахстан» ЖШС, «Мон’дэлис Казахстан» ЖШС және «Нестле Фуд Казахстан» ЖШС қатысуда. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректеріне сәйкес, «Баян Сұлу» мен «Рахат» отандық кондитерлік өнім өндірісінің шамамен 50%-ын, ал импортты қоса есептегенде жалпы нарықтың шамамен 30%-ын қамтиды. Бұл пилоттық жобаның барынша репрезентативті болуына және саладағы негізгі ойыншылардың қатысуына мүмкіндік береді.ЕАЭО келісіміне сәйкес, таңбалауға кондитерлік өнімдердің негізгі санаттары жатады. Олардың қатарында қантты кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, печенье, вафли, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, мармелад, джемдер, жеміс және жаңғақ пасталары, сондай-ақ өнімнің басқа да түрлері бар.Пилоттық кезең техникалық және ұйымдастырушылық тәуекелдерді анықтауға, бизнес-процестерді жетілдіру қажеттілігін бағалауға және нормативтік базаны одан әрі жақсарту бойынша ұсыныстар қалыптастыруға бағытталған. Қатысушылар таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінің функционалын тегін сынақтан өткізуге, таңбалау құралын өндірістік және логистикалық процестермен интеграциялауды пысықтауға, сондай-ақ өнімге кодтарды түсірудің түрлі тәсілдерін сынап көруге мүмкіндік алады.Цифрлық таңбалау тұтынушыларды контрафактілік және заңсыз өнімдерден қорғауға, жеткізілімдердің ашықтығын арттыруға, адал бәсекелестікті қамтамасыз етуге және саланың дамуына жағдай жасауға бағытталған. Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім пилоттық жобаның қорытындысы бойынша, оның нәтижелері мен нарық қатысушыларының ұсыныстары ескеріле отырып қабылданады.Бүгінгі таңда Қазақстанда міндетті таңбалау аяқ киімге, темекі өнімдеріне, дәрілік заттарға, сыраға, мотор майына және киік мүйіздеріне қатысты қолданылып келеді. Биылғы қыркүйекте биологиялық белсенді қоспаларды, ал желтоқсанда жеңіл өнеркәсіп тауарлары мен зергерлік бұйымдарды таңбалауды енгізу жоспарланып отыр. Тұрмыстық баллондардағы сұйытылған газды және ағаш материалдарын таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Сонымен қатар өсімдік майын, тұрмыстық химия тауарлары мен косметиканы таңбалау сынақтан өтуде.Пилоттық жобаға қосылу үшін өндірушілер, импорттаушылар және тауар айналымының басқа да қатысушылары Бірыңғай тауарларды таңбалау мен қадағалау операторына info@digitaleconomy.kz электрондық мекенжайы арқылы өтінім жолдауы қажет.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1249665?lang=ru
Қазақстан Түрікменстанға құны 200 млн АҚШ долларынан асатын 178 экспорттық тауар позициясын ұсынды 12.07.2026
Астанада Қазақстан-Түрікменстан үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы аясында Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы өтті. Іс-шараға екі елдің мемлекеттік органдарының, бизнес қауымдастықтарының және салалық ұйымдарының өкілдері қатысты. Форум барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары, сондай-ақ өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған нақты шаралар талқыланды.Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық тұрақты оң серпін көрсетіп келеді. Соңғы бес жылда екіжақты тауар айналымы екі еседен астам өсіп, 530 млн АҚШ долларынан асты. Өсім екі тараптан да қамтамасыз етілуде. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты шамамен 50%-ға артып, 316,3 млн АҚШ долларына жетсе, Түрікменстаннан импорт көлемі бес есеге ұлғайып, 215,8 млн АҚШ долларын құрады.Оң үрдіс биыл да жалғасуда. 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 180 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7%-ға өсті. Қазақстанның Түрікменстанға экспорты 18,9%-ға артып, 114,8 млн АҚШ долларына жетті.«Сауда ынтымақтастығын кеңейту мақсатында Қазақстан экспорттық әлеуеті 200 млн АҚШ долларынан асатын шикізаттық емес 178 тауар позициясының тізбесін әзірледі. Экспорт көлемін ұлғайту үшін ең жоғары әлеует металлургия, машина жасау, тамақ, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, көлік құралдарын өндіру, фармацевтика және құрылыс материалдары салаларында шоғырланған», – деп атап өтті Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова.Отырыс барысында іскерлік байланыстарды нығайтуға және кәсіпкерлік қызмет үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, өзара сауда үйлерін құру, цифрлық сауданы дамыту, тауар айналымын ұлғайту жөніндегі жол картасын келісу және сауданы қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.Сонымен қатар сауда үйлері негізінде инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды және саудадағы кедергілерді жоюды қамтитын кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді жүйесін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және өзара сауда көлемін ұлғайтуға, сондай-ақ екі ел арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейтуге бағытталған бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.«Агроөнеркәсіптік кешенде, тоқыма өнеркәсібінде, энергетика, көлік және логистика салаларында ынтымақтастықты дамыту үшін елеулі мүмкіндіктер бар. Транскаспий халықаралық көлік бағытының маңызы артып келеді. Қазақстан мен Түрікменстан Азия мен Еуропа нарықтарын байланыстыратын осы дәліздің маңызды қатысушылары болып табылады. Көлік инфрақұрылымын бірлесіп дамыту және логистикалық рәсімдерді одан әрі жеңілдету екі ел бизнесі үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», – деді «QazTrade» АҚ Бас директорының орынбасары Нұрлан Құлбатыров.Көлік инфрақұрылымын дамытумен қатар, тараптар логистика саласындағы кооперацияны кеңейтуге де мүдделі. Бұл жүк тасымалының тиімділігін арттыруға, екі елдің транзиттік әлеуетін нығайтуға және өзара сауданың одан әрі өсуіне ықпал етеді.Форум қорытындысы бойынша Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ мен Түрікменстан Өнеркәсіпшілер және кәсіпкерлер одағы арасында кәсіпкерлікті қолдау, экспортты ілгерілету және екі ел кәсіпкерлері арасындағы іскерлік байланыстарды кеңейту салаларындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.Сондай-ақ «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен «Hazar Logistik» шаруашылық қоғамы, сондай-ақ «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен «Gamma» жеке кәсіпорны арасында электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісімдер жасалды. Бұдан бөлек, «Ashra Solutions» ЖШС мен «Ojar Aziýa» жеке кәсіпорны арасында инвестициялық-құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.«Форумның негізгі бағыты – B2B форматындағы келіссөздер. Біз трейдерлер мен дистрибьюторларды ғана емес, өндіруші кәсіпорындарды да шақырдық. Мақсат – тікелей байланыстар орнатып, сенімді жеткізу тізбектерін қалыптастыру. Мысалы, тоқыма саласында жіп пен мата өндірушілер мен дайын өнім шығаратын қазақстандық тігін кәсіпорындары арасында тікелей ынтымақтастық орнатуға жоғары қызығушылық байқалды. Форум алаңында өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға деген айқын қызығушылық көрінді. Бір алаңда Қазақстаннан 100-ден астам компания мен Түрікменстаннан 40-тан астам бизнес өкілінің басын қоса алдық», – деді «QazTrade» АҚ экспортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры Айнұр Әмірбекова.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mti/press/news/details/1249615?lang=ru
Биыл әскери міндеттілерден үш мың адам оқу-жаттығу жиындарына шақырылады 12.07.2026
Қорғаныс министрінің бұйрығына сәйкес осы жылы жоспарлы оқу-жаттығу жиындарына запастағы үш мың әскери міндетті тартылады.Аталған іс-шаралар резервтегілердің даярлық деңгейін жетілдіру, практикалық дағдыларды жаңарту, заманауи қару-жарақ пен әскери техниканы меңгеру, сондай-ақ Қарулы күштерді жұмылдырудың дайындық деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылады.Қатысушыларды іріктеу жергілікті әскери басқару органдары тарапынан армияның нақты әскери-есептік мамандықтары бойынша қажеттіліктеріне сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы және заңнамада белгіленген өзге де талаптар ескеріледі.Азаматтар арнайы шақырту негізінде шақырылады. Оны алған тұлғалар көрсетілген орынға белгіленген мерзімде келуге міндетті. Келмеген жағдайда бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.Заңнамаға сәйкес, бұл іс-шараларға тартылмайтын азаматтар санаты айқындалған. Олардың қатарында оқу жылы кезеңіндегі педагогтар, күндізгі бөлімде білім алушылар, кәмелетке толмаған үш және одан да көп баласы бар ата-аналар, сондай-ақ «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңында көзделген өзге де санаттар бар.Дайындық мерзімі бір айға дейін созылады. Осы уақыт аралығында қатысушылар азық-түлікпен, киім-кешекпен және медициналық қызметпен қамтамасыз етіледі. Жаттығу өтетін орынға бару және кері қайту Қорғаныс министрлігінің есебінен ұйымдастырылады.Мемлекет тарапынан әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған. Азаматтардың жұмыс орны мен атқарған қызметі сақталады. Жұмыс істейтіндерге заңнамаға сәйкес орташа жалақы төленеді, ал жұмыссыз азаматтарға бюджет қаражаты есебінен ең төменгі жалақы беріледі. Жиын уақыты жалпы еңбек өтіліне есептеліп жазылады.Жоспарлы оқу-жаттығу жиындары «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 33-бабы 1-тармағына сәйкес өткізіледі және елдің жұмылдыру резервін даярлаудың маңызды бөлігі болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249544?lang=ru
Алматыда Балалардың құқығын қорғау басқармасына басшы тағайындалды 12.07.2026
Алматы қаласы әкімінің өкімімен Жанат Айтбаева қалалық Балалардың құқығын қорғау басқармасының басшысы болып тағайындалды.Жанат Айтбаева 1968 жылы 23 ақпанда Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген.Жоғары педагогикалық және экономикалық білімі бар. Педагогика ғылымдарының кандидаты, экономика және бизнес магистрі.Білім беру және мемлекеттік басқару саласындағы жалпы еңбек өтілі 35 жылдан асады. Еңбек жолын мұғалім болып бастап, әр жылдары білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдарда басшылық қызметтер атқарған.Шығыс Қазақстан өңірлік «Дарын» ғылыми-тәжірибелік орталығын, Өскемен қалалық білім бөлімін басқарған. Сондай-ақ, Astana IT University проректоры, «Алматы дарыны» КМҚК директоры және Алматы қаласы Білім басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарған.2025 жылы қыркүйектен бері Алматы қаласы әкімдігі аппаратының идеологиялық жұмыс бөлімінің бас инспекторы, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы қызметінде болды.Білім беруді басқару және педагогикалық көшбасшылық мәселесіне арналған оқулықтар, оқу құралдары мен ғылыми монографиялардың авторы әрі тең авторы.«Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерейтойлық медалімен, сондай-ақ салалық марапаттармен және Құрмет грамоталарымен наградталған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1249430?lang=ru
Шиелі теміржол вокзалы қайта жаңғыртудан кейін іске қосылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртылған Шиелі теміржол вокзалының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, жаңа ғимарат жолаушыларға сапалы қызмет көрсететін бірегей нысанға айналатынын атап өтті. «Бүгін Өздеріңізбен бірге аймағымыз үшін маңызды жобалардың бірі - Шиелі теміржол вокзалының қайта жаңғыртудан кейінгі салтанатты ашылу рәсімінде бас қосып отырмыз.Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының еліміздегі теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту тапсырмасы аясында былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының тікелей бастамасымен жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттар, Жаңақорған ауданы Талап бекетінің платформасы енгізілген болатын. Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлінді. Аумағы 9 474 шаршы метр болатын Шиелі теміржол вокзалына 836 млн.теңгеден астам қаржы қаралған. Тәулігіне 200 жолаушыны қабылдайтын вокзал заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда да ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталып, төбе жабындысы мен есік-терезелері ауыстырылды. Электр желілері, жылу жүйесі жаңаланды және перрон аумағы абаттандырылды. Бүгін Жаңақорған теміржол вокзалын да іске қостық, Ертең Қазалы вокзалын ел игілігіне табыстаймыз. Жаңа нысандар баршаңызға құтты болсын!», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Шарада Жәнібек Тайжанов пен Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Күлімбетов сөз сөйлеп, сала қызметкерлері, мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249246?lang=ru
Қайта жаңғыртылған Жаңақорған теміржол вокзалы ашылды 12.07.2026
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев, Сыр өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Басқарма төрағасы-ректор Наурызбай Байқадамов, зиялы қауым өкілдері мен ел ағалары қайта жаңғыртудан өткен Жаңақорған теміржол вокзалының ашылу рәсіміне қатысты. Еске салсақ, Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздегі 124 вокзал жаңғыртылып жатыр. Былтыр сол кездегі облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жаңғыртудан өтетін вокзалдар тізіміне барлық аудан орталықтарындағы және Төретам, Сексеуіл станцияларындағы ғимараттарды, Жаңақорған ауданындағы Талап бекетінің платформасын енгізген болатын.Барлық вокзалдағы жаңғырту жұмыстарына 10 млрд. теңгеге жуық қаржыны бөлінді. Рәсімде Мұрат Нәлқожаұлы теміржол вокзалдары жолаушыларға қолайлы және қауіпсіз, өңірдің заманауи келбетін айшықтайтын нысандарға айналатынын атап өтті. «Облыс аумағы - тоғыз жолдың торабында орналасқан, өңірлер мен елдерді байланыстыратын маңызды көлік дәлізі.Бүгінде аймағымыздан халықаралық және өңіраралық теміржол бағыттарымен мыңдаған жолаушы, шетелдік туристер қатынайды. Сондықтан теміржол вокзалдарын заман талабына сай жаңғырту тұрғындар үшін де, қонақтар үшін де ерекше маңызға ие.Бүгін біз Жаңақорған кентінде 1 млрд.теңгеден астам қаржыға қайта жаңғыртылған, аумағы 8 838 шаршы метр болатын теміржол вокзалын ел игілігіне табыстағалы тұрмыз. Вокзал күніне 121 жолаушыны өткізуге қауқарлы. Ғимараттың қасбеті мен іргетасы қапталды, төбе жабындысы мен есік-терезесі ауыстырылды. Электр желілері монтаждалып, жылу жүйесі жүргізілді, перрон абатандырылды. Нысан заманауи талаптарға сай, жоғары сапалы жабдықтармен жарақталған. Бұдан бөлек, бүгін Шиелі, ертең Қазалы теміржол вокзалдарын табыстаймыз. Облыс аумағынан өтетін әрбір қонақ пен турист мұндағы қызмет сапасы мен жайлылыққа оң бағасын береді деп сенеміз», - деді Мұрат Нәлқожаұлы. Жиында Жәнібек Тайжанов пен еңбек ардагері Сәулебек Қалыбаев сөз сөйлеп, теміржол саласы қызметкерлері мен мердігер мекеме өкілдері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.Бүгінде облыс аумағынан 15 жолаушы пойызы өтеді, облыс орталығынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей, Түркістан қалаларына 6 жолаушылар пойызы жүреді.Өңірде 80 шақырымнан астам теміржол күрделі жөнделуде. Ел аумағындағы теміржол вокзалдарын қайта жаңғырту туралы Президент тапсырмасына сәйкес 2024 жылы Қызылорда теміржол вокзалы күрделі жөндеуден өтіп, абаттандырылды. Бұдан бөлек, аймақтағы 7 вокзал, Тереңөзек және Жалағаштағы 2 қызмет көрсету пункті күрделі жөнделіп жатыр. Талап бекетінде 322 млн.теңгеге 1 188 шаршы метрлік жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/1249233?lang=ru
Апта қорытындысы: Ақмола облысында «Айбын-2026» халықаралық жастар жиыны мәресіне жетті 12.07.2026
Ақмола облысының Щучинск қаласында Қазақстан мен шет мемлекеттерден келген 52 команданың құрамындағы мыңға жуық жастың басын қосқан XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны өз мәресіне жетті.Бір апта бойы Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледждің «Амандық» оқу полигонында жас патриоттар әскери-қолданбалы дайындық, күш-жігер, төзімділік және командалық үйлесімділік бойынша сынға түсті. Бағдарлама аясында әскери-тактикалық ойындар, зияткерлік сайыстар, спорттық жарыстар және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылды.Жиынның жабылу салтанаты мен жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Қорғаныс министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың және ардагерлер ұйымдарының өкілдері қатысты.Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков қатысушыларды жарыстың сәтті аяқталуымен құттықтап, «Айбын» жиынының жыл сайын ауқымы кеңейіп, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және Отан қорғаушылардың жаңа буынын тәрбиелеуге ықпал ететін маңызды алаңға айналғанын атап өтті.XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиынының бас жүлдесі – Гран-приді Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Әскери колледждің командасы жеңіп алды.Халықаралық санатта Қазақстан құрамасы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Өзбекстан командасы иеленсе, үшінші орынды Әзербайжан, Қырғызстан және Ресей құрамалары өзара бөлісті.Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтары арасында «Оңтүстік арландары» әскери-патриоттық клубы үздік атанды.Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар командалары арасында Жетісу облысының «Жетісу тарландары» әскери-патриоттық клубы жеңімпаз болды.Әскери колледждер мен облыстық мамандандырылған әскери мектеп-интернаттар арасында Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы Әскери колледждің командасы бірінші орынды жеңіп алды.Ауқымды іс-шараның жарқын қорытындысы ретінде «Амандық» полигонының аспанын безендірген дрондар шоуы көрсетіліп, дәстүрлі «Айбын жалыны» алауы жағылды. Оның маңында қатысушылар жарыстың әсерлі сәттерімен бөлісіп, жаңа достар тауып, бір апталық жиынның қорытындысын шығарды.XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жастар жиыны жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің, көшбасшылық қасиеттерді дамытудың, достық байланыстар мен халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249181?lang=ru
Астанада Қазақстанның тұңғыш Әскери-теңіз күштерінің қолбасшысына құрмет көрсетілді 12.07.2026
Астанадағы Ұлттық әскери-патриоттық орталықта Қазақстан Қарулы күштерінің ардагері отставкадағы контр-адмирал Ратмир Комратовтың 75 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шара өтті.Концерт залының фойесінде оның өмір жолы мен көпжылдық әскери қызметін баяндайтын тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ қонақтарға контр-адмирал туралы деректі фильм көрсетілді.Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің, Қарулы күштер Бас штабының, Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшылығының басшылығы, әскери қызметшілер, ардагерлер, әскери кафедра курсанттары, сондай-ақ мерейтой иесінің туған-туыстары мен жақындары қатысты.Қорғаныс министрінің атынан Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асқар Жоламанов Ратмир Комратовқа құттықтау хат табыстап, контр-адмиралдың Әскери-теңіз күштерін құруға және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті.Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков оның теңіз инфрақұрылымын дамытуға және әскери кеме жасаудың қалыптасуына қосқан өлшеусіз еңбегіне тоқталды.– Ратмир Әлімханұлының есімі Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің тарихында мәңгілікке жазылды. Оның кәсібилігі, көрегендігі және әскери борышқа адалдығы арқасында Қарулы күштердің бұл түрінің берік негізі қаланды. Бүгінде оның ісін жаңа буын әскери теңізшілері лайықты түрде жалғастырып келеді, – деді 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков.Өз кезегінде мерейтой иесі көпжылдық қызметке берілген жоғары баға мен көрсетілген құрметке алғысын білдірді.– Офицер үшін ең үлкен марапат – ел қауіпсіздігі жолындағы қызметінің және Отан қорғаушыларын тәрбиелеуге қосқан үлесінің жемісін көру. Қол жеткізген жетістіктерім – бірге қызмет еткен көптеген әріптестерімнің ортақ еңбегінің нәтижесі. Осы жолда жанымда болған барша жандарға шын жүректен алғысымды білдіремін, – деді Ратмир Комратов.Салтанатты іс-шара Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың орталық ансамблінің мерекелік концертімен және қатысушылардың естелік суретке түсуімен аяқталды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1249182?lang=ru