Қуқық
Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай 10 әлеуметтік нысан қолданысқа беріліп, 76 отбасы баспаналы болды 24.12.2024
Жетісу облысында Тәуелсіздік күніне орай халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 76 отбасы жаңа баспаналарының кілтіне ие болды. Сол сияқты медициналық және ветеринариялық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, мәдениет үйі, ауылдық клуб және спорт кешені, жалпы алғанда 10 жаңа әлеуметтік нысан іске қосылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Атап айтқанда, Көксу, Ескелді, Панфилов аудандарында кезекте тұрған азаматтарға үй беріліп, өңірдегі 76 отбасы жаңа қоныс қуанышына кенелді. Оның 50-і Панфилов қаласының Жаркент қаласында, 16-сы Көксу ауылының Бозтоған және Мұқыры ауылдарында, 10-ы Ескелді ауданының Бақтыбай ауылында тұрғын үйге қол жеткізді.- Қуанышымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Өз үйіміз болса деген бірнеше жылдан бергі арманымыз орындалды. Бүгін үлкен отбасымыз кең, жайлы, жаңа үй алды. Мемлекеттің қолдауы мен қамқорлығының арқасында Тәуелсіздік күнін, алдағы Жаңа жылды енді өз үйімізде атап өтеміз, - деді Жаркент қаласының тұрғыны, көп балалы ана Шынар Азатбекова.Отбасымен бірге мерекелік қоныстой қуанышына жеткен Ескелді ауданының тұрғыны:- Тұрғын үйге кезекте тұрғанымызға біраз жыл болды. Шаңырағымызда төрт бала бар, міне, баспанамыздың кілтін алдық, үйдің ішін аралап көрдік, жақын жандарымыз құттықтап келіп жатыр. Еліміздің айтулы күні қарсаңында қоныс тойға жеткенімізге қуаныштымыз, – деді мұқырылық Сәулеш Жауынбаева.Сонымен қатар мереке қарсаңында Ескелді ауданында бірден 3 жаңа нысан іске қосылды. Аудан орталығы Қарабұлақ ауылында мәдениет үйі, Ақын Сара ауылында 120 орынды жаңа блокты-модульді ауылдық клуб пен әкімдік ғимараты пайдалануға берілді.Осы күні облыстың бірқатар ауылдарында жаңа медициналық мекемелер есігін ашты. Мәселен, Көксу ауданының 140 тұрғыны бар ПЧ-45 станциясында жаңа блок-модульдік медициналық пункт қолданысқа енгізілді.- Мұндай заманауи медициналық пункттің ауылымызда ашылғанына қуаныштымыз. Адам болған соң бас ауырып, балтыр сыздамай тұрмайды. Сондай кезде ешқайда бармай-ақ енді осында қараламыз. Бұл жаңа нысан тұрғындардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, - деді медицина саласының ардагері, ПЧ-45 станциясының тұрғыны Айша Сәрсенбаева.Сондай-ақ Панфилов ауданының Шежін, Керімағаш және Қызылжиде ауылдарында фельдшерлік-акушерлік пункт пен екі медпункт салынды. Оған қоса, Үшарал ауылында 50 орындық спорт кешені пайдалануға берілді. Онда күрес, бокс, бұқаралық спорт түрлері бойынша секциялар ашылды. Сонымен қатар ауданда алғаш рет инвестор есебінен салынған «Орбұлақ» халықаралық автовокзалы жұмысын бастады. Вокзал автопаркінде 31 автобус бар, 67 адам жұмыспен қамтылды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Фотографтар: Жұмабай Мұсабеков, Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/903460
Бейбіт Исабаев бірқатар сала мамандарына марапат тапсырды 24.12.2024
Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев желтоқсанның үшінші жексенбісінде аталып өтілетін энергетика саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай сала мамандарына және Тәуелсіздік күніне байланысты бірқатар ұстаздарға мемлекеттік марапаттар тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.Облыс әкімдігінде энергетика мамандарымен өткен жиында Бейбіт Исабаев өңірдің жылды жақсы көрсеткіштермен қорытындылап отырғанын, онда барлық сала қызметкерлерінің үлесі бар екенін атап өтті.- Энергетика - елдің дамуы мен өркендеуінің негізі. Экономиканың қай саласын да, тіпті халықтың күнделікті тұрмысының өзін жылу мен электрсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда сала мамандарына облыс тұрғындарының атынан ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да маңызды міндеттерді сіздермен бірге нәтижелі орындаймыз деп сенемін, - деген облыс басшысы сала үздіктеріне мемлекеттік марапаттар тапсырды.Атап айтқанда, еліміздің энергетика саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Темірбетон» ЖШС технологиялық жабдықтардың слесарь-жөндеушісі Манарбек Мұртазин ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін иеленсе, «ТАТЭК» АҚ техникалық директоры Дәулет Илипбаевқа, «Талдықорғанжылусервис» КМК бас инженері Ақылбай Тәжиевке, «Текелі энергокешені» ЖШС қазандық турбиналық цехының бастығы Владимир Коржға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді.Осы күні Бейбіт Исабаев облыста балаларға сапалы білім беру жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар ұстаздармен кездесіп, олардың ұрпақ тәрбиесіндегі қызметіне ризашылығын білдіріп, марапаттау рәсімін атқарды. Бұл ретте елдің әлеуметтік-мәдени және қоғамдық дамуына қосқан үлесі үшін Талдықорған қаласы Ынтымақ ауылындағы № 30 орта мектептің директоры Сәуле Усеноваға «Құрмет» ордені, Қаратал ауданындағы орта мектептің мұғалімдері Светлана Гончарова мен Нұрзия Рахметоваға «Шапағат» медалі, сол сияқты олардың әріптестері Бәтен Даниярова мен Алмагүл Малдыбековаға және Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қорының өкілі Валентина Спиридоноваға Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хаты табысталды. Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. Фотограф: Дмитрий ЕрофеевАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/903910
Құрметті Ұлытау облысының тұрғындары! 24.12.2024
Баршаңызды еліміз үшін ардақты, халқымыз үшін қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ата-бабаларымыз сан ғасыр бойы аңсап өткен азаттықтың ақ таңы атқанына биыл отыз үш жыл толып отыр. Осынау уақыт аралығында еліміз көптеген биік белеске қол сермеп, айқын мақсаттарын жүзеге асырып келеді. Егемендіктің арқасында жеткен әр жетістігіміз – көзіміздің қарашығындай қадірлі.Өздеріңіз білетіндей 2022 жылы, өңір халқы тағатсыздана күткен үлкен қуаныш – Ұлытау облысының құрылуы орын алды. Бұл тарихи сәтті де Тәуелсіздіктің тәтті жемісі дер едім. Сол уақыттан бері Жошы хан ордасын тіккен тарихи аймақ жаңаша түрленіп, дамудың даңғыл жолына аяқ басып келеді. Академик Қаныш Сәтбаевтың маңдай тері сіңген кенді өлкеміз Азаттықтың арқасында бұдан әрі тіпті көркейіп, гүлдене береді деген сенім мол.Қадірменді жерлестер!Еуразия жүрегінде, өркениеттердің ұштасқан орталығында талай ұлт пен ұлыстың қадірлі мекеніне айналған Ұлы далада азат елдің азаматы атанғаннан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіздіктің тал бесігінде тербеліп, қыран құсы қалықтаған көк аспанымыздың астында баянды да бақытты ғұмыр кешулеріңізге тілектеспін.Мерейлі күн қарсаңында бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!Құрметпен,Ұлытау облысының әкімі Дастан РыспековАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/903414
Ұлытау облысының орталығында «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті 24.12.2024
Арнайы рәсімде облыс әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихат төрағасы Бауыржан Шыңғысов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, боздақтардың рухына тағзым етумен жалғасты. «Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы мен күресінің жемісі, ұлттық рухымыздың биігі. Осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылы, халқымыздың үміті ақталып, Қазақстан өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алды. Бұл тарихи таңдау – ұлттың ең ұлы жетістігі.Ұлытау – ұлы бабаларымыздың рухани бесігі, қазақ мемлекеттілігінің бастау алған киелі мекені. Осындай қасиетті жерде біз Тәуелсіздігімізді ерекше қадірлеуге, оның әр сәтін бағалауға тиіспіз»,-деді өңір басшысы Дастан Рыспеков өз сөзінде. Іс-шара соңында жиналғандар «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/903818
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменовке «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атағын табыс етті 24.12.2024
«Сіз тек облыс төңірегінде ғана емес, бүкіл республикаға және шетелге танымал тұлғасыз. Біз өзіңізді жерлесіміз ретінде мақтан тұтамыз және өзіңізге қарап бой түзедік. Мемлекетке және халық игілігіне сіңірген еңбек жолыңызбен көпке үлгі болып жүре беріңіз»,-деді өңір басшысы өз құттықтауында. Сондай-ақ жиында облыс әкімі бар ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған бірқатар жерлесімізге ведомстволық марапаттар табыс етті. Атап айтар болсақ, «Мемлекеттік қызмет ардагері» наградасы Валентин Куприяновқа, «Қаржы қызметінің үздігі» төсбелгісі - 40 жылдан астам қаржы саласында қызмет етіп зейнетке шыққан Сайлаукүл Аманжоловаға, Ұлытау ауданының қаржы саласында 27 жылдық тәжірибесі бар, бүгінгі таңда қаржы бөлімін басқарып келе жатқан Тасболат Шайхинге берілді. Айта кетейік, 2022-2023 жылдары өңірдің айтулы 10 тұлғасына «Ұлытау облысының құрметті азаматы» атағы берілген. Комиссия шешімімен биыл Республика күніне арналған салтанатты жиында тағы бес жерлесіміздің есімі ерекше аталған болатын. Әлихан Мұхамедияұлы Бәйменовтің белгілі себептермен рәсімге қатыса алмауына байланысты бүгін табыс етілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/903825
ҰЛЫТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР - ҰЛТТЫҚ ЖОБАНЫҢ ҮЗДІК ҚАТЫСУШЫСЫ 24.12.2024
Жаңаарқа ауданы, Бидайық ауылының тұрғыны Ғалия Отарбаева «Ауыл аманаты» ұлттық жобасының үздік қатысушысы атанып, «Үздік сүт өнімі» номинациясына ие болды. Жерлесіміз марапатқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың және Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Қызылорда облысында өткен жиында қол жеткізді. Жиында «Ауыл аманаты» жобасының ауыл халқының өмір сапасын арттырудағы маңызы және оның болашақта қалай жалғасын табатыны жөнінде пікірлер айтылды. Айта кетейік, Ғалия Отарбаева «Ұлытау»ӘКК арқылы «Ауыл аманаты»бағдарламасы бойынша биыл мамыр айында 9 230 000 теңге жеңілдетілген несие алған. Қолдау қаражатына кәсіпкер 30 бас ірі қара мал және 10 тонна шөп азығын сатып алды. Бүгінде жерлесіміз сол уақытта сатып алған сиыр малының сүт өнімдерін өңдеумен және сатумен айналысады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ulytau/press/news/details/903838
2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспар 24.12.2024
Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін 204 негізгі жобаны қамтитын Қазақстанның 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылымдық жоспары әзірленіп, Үкімет бекіткен болатын. Бұл жобалар төрт негізгі бағытты қамтиды: Энергетикалық инфрақұрылым (46 жоба) – ЖЭО, ГЭС және энергия шаруашылықтарын қоса алғанда, жылумен және электрмен қамтамасыз ету саласындағы жаңа нысандарды жаңғырту және салу. Бұл еліміздің барлық өңірлерін тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Көлік инфрақұрылымы (59 жоба) – негізгі көлік дәліздерін дамыту, автожолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту. Бұл ішкі және халықаралық логистиканы жақсартып, Қазақстанның көлік торабы ретіндегі экономикалық тартымдылығын арттырады. Сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы (89 жоба) – сумен қамтамасыз ету, су бұру және сарқынды суларды тазарту нысандарын салу және жаңғырту. Бұл, ең алдымен, су ресурстары мәселесі өткір тұрған ауылдық және шалғай елді мекендердегі өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Цифрлық инфрақұрылым (10 жоба) – инфрақұрылымды бақылау және басқару үшін цифрлық шешімдерді енгізу, бұл жобаларды іске асырудың барлық кезеңдерінде тиімділік пен ашықтықты қамтамасыз етеді. @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/904089
ТХКБ өсімі мен дамуы: 2024 жылы жүк тасымалының көлемі 63%-ға артып, 4 млн тоннадан асты 24.12.2024
Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) тұрақты өсімді жалғастырып келеді. Өткізу мүмкіндігі жылына 6 млн тоннаға, оның ішінде 100 мың ЖФБ контейнерлік тасымалдарға дейін ұлғаюда. 2024 жылдың 11 айында жүк тасымалының көлемі 63%-ға артып, 4,1 млн тоннаға жетті, ал контейнерлік тасымалдар көлемі 2,6 есе өсіп, 50,5 мың ЖФБ құрады. Бұл көрсеткіштер бағыттың айтарлықтай өскенін дәлелдейді. 2024 жылы Транскаспий көлік дәлізінің үйлестіру орталығы іске қосылды. Ол инфрақұрылымды дамытуға және бағыттың функционалын кеңейтуге бағытталған. Жаңа платформа ТХКБ-ның бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жұмыс істейтін болады. Бұл Еуропа мен Азия арасындағы жеткізу мерзімін 15 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаға Қазақстан, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Қытай сияқты негізгі елдер мен компаниялар белсенді қатысуда. Бұл ТХКБ-ның жаһандық сауда үшін маңыздылығын айқындайды. Өткізу мүмкіндігін арттыруға және қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. @KZgovernmentАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/904094
Балалардың жолдағы қауіпсіздігі: полицейлер ережелерді сақтаудың маңыздылығын түсіндірді 24.12.2024
Баланың жолдағы қауіпсіздігі басты назарда. Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері елордалық тұрғындарға осы мәселенің маңыздылығын түсіндірді. Бұл істе тәртіп сақшыларына «Q88» аумақтарды тұрақты дамыту қауымдастығы көмектесті.Оқу орындарының алдында полиция қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірге балаларды тасымалдау кезінде ережелерді сақтау қажеттігі туралы профилактикалық акция өткізді.Биыл 10 айда жол апатында 267 бала көз жұмған. Олардың жартысынан көбі автокөліктерде жолаушы болған. Басым көпшілігін ересектер қауіпсіздік ережелерін бұза отырып тасымалдаған, яғни арнайы орындықты, адаптерлер мен ұстағыштарды пайдаланбаған.Айта кетейік, заңнама бойынша елімізде 12 жасқа дейінгі балаларды автокөліктерде тасымалдау үшін балаларға арналған автокреслоларды пайдалану міндетті болып табылады. Бұл балалардың жолдағы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.Сонымен қатар апаттылықты азайту мақсатында ел мектептерінде қозғалыстың жас инспекторлары отрядтары құрылған. Олар полицейлермен бірге қатарластарына жол жүрісі қағидаларын үйретіп жатыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/903772
Алматыдағы әскери институтта Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтті 24.12.2024
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында өткен шара ынтымақ пен патриотизмнің жарқын көрінісі болды.Білім ордасының бастығы генерал-майор Нұртас Қабақов жеке құрамды мемлекеттік мерекемен құттықтап, оның әрбір қазақстандық үшін маңыздылығын атап өтті.– Тәуелсіздік күні баршамызды еліміздің жетістіктерін сақтауға және нығайтуға ұмтылдырады. Борышқа адал, тәртіпті және мемлекеттің қорғаныс қабілетін нығайтуға қосқан үлестерің үшін алғыс айтамын, – деді ол.Генерал-майор Нұртас Қабақов жыл қорытындысы бойынша қызметтік міндеттерін үлгілі атқарғаны үшін әскери қызметшілер мен мерзімді қызмет сарбаздарына грамоталар табыс етіп, алғыс жариялады. Оқуда және жауынгерлік даярлықта жетістіктері бар курсанттарға "кіші сержант" әскери атағы берілді. Алматы қаласындағы № 1 Оқушылар үйінің шығармашылық ұжымы жоғары оқу орнының жеке құрамына концерт қойды. Жас әртістер жауынгерлерді басты құндылықтар – Қазақстан халқының бостандығы, бірлігі мен дәстүрлері туралы еске салатын жарқын қойылымдармен қуантты.Оларға оқу орнының аумағына арнайы экскурсия ұйымдастырылды, оқушылар ЖОО-ның ерекшеліктерімен және әскерилердің қызметімен танысты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903275
Қарулы күштердің әскери қызметшісі Мәскеуден жеңіспен оралды 24.12.2024
Арнайы операциялар күштерінде қызмет ететін майор Вадим Федосеев қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионатында алтын олжалады.Ресей Федерациясының астанасында өткен жарысқа 18 елдің спортшысы қатысты.73 келіден асатын салмақтағы майор В. Федосеевтің қарсыластары Түркіменстаннан және Ресейден келген спортшылар болды. Соңғы жекпе-жекте ол Өзбекстан өкілін 11:7 есебімен жеңді.Халықаралық әуежайда чемпионды әріптестері қошеметпен қарсы алды, олар әскери қызметшіні чемпиондық белбеуді жеңіп алуымен жылы құттықтады.Тұғырға апаратын жол оңай емес. Бұл жол сынақтар мен ауыр жаттығуларға толы. Оған соққылар, комбинациялар мен қорғаныс әдістерін үйренуге жаттықтырушылар подполковник Нұрдәулет Ержігітов пен Дәуірбек Дәулетов көмектесті.Спортшы бұған дейін де қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан қорғаныс министрі кубогының және әлем чемпионатының, армия қоян-қолтық ұрысынан ТМД чемпионы атанған.Вадим Федосеевтің Мәскеуде көрсеткен тамаша өнері – қазақстандықтарға Тәуелсіздік күніне арналған тамаша сыйлық және спортшының жеке жетістіктерінің қоржынына қосқан тың үлесі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903289
Шыңдағы рух күші: алматылық оқушылар Тәуелсіздік күнін шыңда атап өтті 24.12.2024
Алматы қаласындағы №102 орта мектептің "Жас сарбаз" сыныбының тәрбиеленушілері білім ордасының әскери дайындық жетекшісі Бақытжан Перімбетпен бірге теңіз деңгейінен 3450 метр биіктіктегі Күләш Байсейітова шыңына шықты.Шыңға олар Қазақстанның Мемлекеттік Туын тікті. Осылайша оқушылар Отанға деген адалдықтарын және жаңа биіктерге ұмтылыстарын білдірді.Жас альпинистер жасағының командирі Игнат Зизиннің айтуынша, қысқы жағдай өрмелеуді қиындатты.– Қар, –23 градусқа дейін аяз және биікке өрмелеу сынағы жақсы бейімделуді қажет етеді. Тек мұқият дайындықтың арқасында ғана біз барлық қиындықты жеңе алдық. Бұл тек сынақ қана емес, үлкен мәртебе болды, – деді ол.Шыңға шығуда сегіз жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан "Киров" әскери-патриоттық клубы жас альпинистерінің бұл біраз жетістіктерінің бір бөлігі. Бұған дейін клуб қатысушылары Үлкен Алматы шыңы және Тұран шыңы (ЯФИ) сияқты шыңдарды бағындырды.Дайындық кезінде әскери-патриоттық клубтың тәрбиеленушілері бағдарлау дағдыларын меңгеруді, альпинистік жабдықтармен жұмыс істеуді және экстремалды жағдайларда өмір сүруді қамтитын жеңіл атлетика және тау даярлығының жартыжылдық курсынан міндетті түрде өтетінін атап өткен жөн.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903328
Патриоттардың екі буыны Отанға адал болуға ант берді 24.12.2024
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде бірнеше шара өтті.Әскери қызметшілердің балаларына "Ұлт қорғау" әскери-патриоттық клубы ашылды. Балалар елордалық № 88 мектеп-гимназияның 9-сыныбында оқиды. Бұл оларға клуб құрамында кіру ғана емес, робототехниканың негіздерін үйренуге, шахмат ойнауға, садақ атуды үйренуге, көркем еңбек, аэробика және бимен айналысуға берілген жақсы мүмкіндік.Айтулы күн университет қабырғасында қазақстандықтардың екі буыны Отанға адал болуға ант беруімен ерекшеленді. Әскери-ғылыми взводтың сарбаздары Отанға адал болуға, ал "Жас сарбаз" балалар-жасөспірімдер қозғалысының қатарына кірген оқушылар білімді табандылықпен үйренуге, тәрбиелі және мақсатты болуға ант берді.Іс-шараға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, әскери қызметшілер мен университет қызметкерлері, сарбаздардың туған-туыстары қатысты.Жас жауынгерлер мен жас сарбаздықтарды ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Асқар Мұстабеков маңызды оқиғамен құттықтады. Жас жауынгерлерге мықты денсаулық, толағай табыс тілеп, барлық бастамаларға сәттілік серік болсын деді. Бұдан басқа ол клубтағы сабақтар мектеп оқушыларының таланттарын ашуға көмектесетініне сенім білдірді.Әскери қызметші Диас Нәбиев білім ордасының взводтағы қызметін үлкен үмітпен байланыстыратынын айтты.– Мен Астана тұрғынымын. Әскерге шақырылғанға дейін елордадағы IТ университетін бітірдім. Ғылыми взводтағы қызмет маған өз әлеуетімді іске асыруға мүмкіндік береді. Алда жүзеге асырғым келетін идеялар бар, – деді Диас Нәбиев.Салтанатты рәсім барысында әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілеріне куәліктер мен естелік сыйлықтар табыс етілді.– Менің әкем әскери қызметкер. Бала күнімнен маған казармалар мен әскери өмір таныс. Өсе келе мен де әкемнің жолымен Отаныма және еліме абыроймен қызмет еткім келетінін түсіндім. "Жас сарбаз" қатарына қосылу мен үшін өте маңызды оқиға, – деді тоғызыншы сынып оқушысы Мұқағали Темірхан.Іс-шара соңында Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері жиынға қатысушыларға қару-жарақ үлгілерін көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903330
Қорғаныс министрінің Тәуелсіздік күнімен құттықтау сөзі 24.12.2024
Құрметті сарбаздар мен сержанттар, офицерлер мен генералдар! Қымбатты отандастар! Сіздерді Қорғаныс министрлігі жеке құрамының атынан және өз атымнан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – азаттық жолында күрескен ұлт батырларын ұлықтайтын күн, мемлекетіміздің бостандығы мен еркіндігінің нышаны! Қазақ халқы талай ауыр сынақтарды, аштық пен қуғын-сүргінді басынан кешірді, қаншама нәубеттен аман қалып, елдігін сақтады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн» деді. Халқымыз ұлттық құндылықтарды, тілді, тарих пен мәдениетті қайта жаңғыртуда талай сыннан өтті. Бұл ата-бабаларымыз армандаған азаттық пен тәуелсіздік жолы. 1991 жылдан бастап осы күнге дейін Қазақстан болашағын бағамдап, армандарын жүзеге асыруда. Бүгінде бәріміз Қазақстанның қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастық, білім және ғылым саласындағы халықаралық қоғамдастықпен интеграциялануға ұмтылысын айғақтайтын шынайы тарихи оқиғалардың куәсіміз. Елдегі болып жатқан өзгерістер мемлекетіміздің болашағы елдің мықты, қарқынды дамуынан, бәсекеге қабілетінен және халықаралық беделінен көрінуде. Осы жолда әрқайсымыз аянбай еңбек етуіміз керек. Қазақстан Республикасының егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғауда Қарулы Күштер қауіпсіздікті сақтаудың кепілі. Бүгінде Қарулы Күштер жауынгерлік құрамды кезең-кезеңімен нығайтуға жұмыс істеп жатыр. Жоғарғы Бас Қолбасшының тапсырмасымен құрылған Арнайы операциялар күштері қарқынды дамып келеді. Жалпы әскери, әскери-теңіз және авиациялық құралымдарды күшейтуге, барлау-жауынгерлік және әскери-көлік әлеуетін, оған қоса артиллерия мен ӘШҚҚ әскерлерінің мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған кешенді ұйымдастыру шаралары да өткізілді. Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесіне енгізілген аумақтық әскерлер де жетіліп келеді. Жеткен жетістіктеріміз де баршылық, алайда алда алар асу, бағындырар шың да көп. Әлем алдында елімізді өркендеп келе жатқан мемлекет, Қазақстан халқын ынтымағы жарасқан ел ретінде таныттық. Осындай ұлы мереке күні Қарулы Күштердің барлық жеке құрамына, барлық отандастарға зор денсаулық, ырыс-ынтымақ және ашық аспан тілеймін! Құрметпен,Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрігенерал-полковник Р. ЖақсылықовАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903403
Қарулы күштердің әскери қызметшілері Тәуелсіздік күнін салтанатты жағдайда атап өтті 24.12.2024
Қалыптасқан дәстүр бойынша әскери бөлімдерде мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұран орындалып, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.Қонаев, Талдықорған және Алматы гарнизондарындағы Десанттық-шабуылдау әскерлерінің құрамалары мен бөлімдерінде Тәуелсіздіктің 33 жылдығына арналған салтанатты митингілер өтті. Жауынгерлік дайындықта үздік нәтиже көрсеткен әскери қызметшілер грамоталармен және алғыс хаттармен марапатталды. Олардың қатарында Тараздан келген Райымбек батыр атындағы Алматы десанттық-шабуылдау бригадасының мерзімді қызмет сарбазы қатардағы жауынгер Бақытжан Әділхан да бар. Оның айтуынша, тәуелсіздікке апаратын жол оңай болған жоқ, бірақ халықтың бірлігінің арқасында ел өз бетінше дамуға мүмкіндік алды.Каспий теңізі жағалауындағы Ақтау қаласында "Батыс" өңірлік қолбасшылығы әскери бөлімдерінің сержанттары Тәуелсіздік күніне арналған челленджді іске қосты. Олар эстафетаны "Шығыс" ӨңҚ әскери қызметшілеріне тапсырып, символдық жағдайда 16 шақырымға жүгірді.Осы арқылы жауынгерлер тамаша дене шынықтыру дайындығы мен әскери ұжымдардың бірлігін көрсетті.– Еліміздің бейбітшілігі мен тұрақтылығын қорғап қана қоймай, табандылық пен патриотизмнің үлгісін көрсететін Отан қорғаушыларымызды мақтан тұтамыз, - деп атап өтті "Батыс" өңірлік қолбасшылығының сержанты 1-сыныпты сержант Бағдат Байсеріков.Ал Алматы халықаралық әуежайында әскери оркестр мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары патриоттық флешмоб өткізді. Әскери музыканттар "Алматы" шеруін, "Қазақтай ел қайда?!", "Азия дауысы" композициясы мен "Адай" күйін орындады. Әскери қызметшілердің өнеріне жолаушылар мен әуежай қызметкерлері қошеметпен қол соқты.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903462
Алматыда әскери қызметшілер Бибігүл Төлегенованы мерейтойымен құттықтады 24.12.2024
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының әскери қызметшілері Астанадағы концерттен оралған қазақтың күміс көмей әншісі Бибігүл Төлегеновамен халықаралық әуежайда кездесті.16 желтоқсанда мерейлі 95 жасқа келген Бибігүл Төлегенованы әскери қызметшілер мен курсанттар әскери оркестрдің сүйемелдеуімен қарсы алды. Осылайша, олар шығармашылығы Қазақстан тарихы мен мәдениетінен орын алған ұлы әншіге терең құрмет көрсетті.– Сіздерге көрсетіп жатқан сый-құрметтеріңіз бен құттықтауларыңыз үшін шын жүректен ризамын. Өнер шығармашылық жолы ғана емес, Отанға, елге қызмет ету. Ыстық ықыластарыңыз маған қатты әсер етті, шын жүректен алғыс айтамын, – деді Бибігүл Ахметқызы курсанттар мен қатысушыларға сөйлеген сөзінде. Өз кезегінде курсанттар қазақтың бұлбұл әншісімен кездесу маңызды оқиға болғанын атап өтті. – Бибігүл Ахметқызын мерейтойымен құттықтау біз үшін үлкен мәртебе. Осындай ұлы тұлғамен кездесу бізді жігерлендіреді. Отанға қызмет ету – еліміздің рухани құндылықтарын қорғау ғана емес, сақтау және дамыту екенін түсінеміз, – деп деді әскери жоғары оқу орнының 2 курс курсанты Ерасыл Әскербеков. Бибігүл Төлегеновамен кездесу – ұрпақтар арасындағы байланыстың жарқын көрінісі. Бұл мәдениет пен өнердің болашақ Отан қорғаушылар үшін және бүкіл халық үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903468
Алматыда Қорғаныс министрі танымал армия спортшыларын марапаттады 24.12.2024
Биыл армия спортшылары Ғұсман Қырғызбаев, Ислам Сәтбаев, Демеу Жадыраев және Нариман Құрбанов елімізді әлемге әйгілі етті. Парижде өткен Олимпиададағы жеті медальдың төртеуін Армия орталық спорт клубының өкілдері еншілеген болатын.Генерал-полковник Руслан Жақсылықов CISM халықаралық әскери-спорттық ұйымымен байланыстың қайта жандануын оң бағалап, келесі жылы ол басқармадан бізге бір орын берілетінін мәлімдеді.– Екі жыл қатарынан әскери қызметшілеріміз республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде жеңіске жетті. Келесі жылы АОСК шеңберінде біз осы спорт түрінен әлем чемпионатын өткіземіз. Оған қоса, Жоғарғы Бас қолбасшы әскери спорт колледжін құру туралы шешімімізді қолдады. Бұл Қарулы күштер үшін де, мемлекетіміз үшін де спортты дамытудың тағы бір қадамы. Жастардың лайықты білім алуы және болашақта спортта жоғары жетістіктерге жетіп, өз әлеуетін іске асыруы үшін жағдай жасаймыз, – деп атап өтті министр.Қорғаныс ведомствосының басшысы АОСК басшылығының алдына бірқатар міндеттер қойды. Олардың қатарында қазақ күресі, самбо, жауынгерлік самбо және регбиді дамыту да бар. Генерал-полковник Руслан Жақсылықов бұдан бөлек Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туғанына жүз жыл толуына арналған спорттық іс-шараларды сапалы ұйымдастыру қажеттігіне де тоқталды.Кездесу соңында Қорғаныс министрі АОСК спортшыларын, команда бастықтарын, жаттықтырушылар мен спорт ротасының әскери қызметшілерін марапаттады. «Ел қорғаны» медалі аға лейтенант Марат Байқамұровқа, Қарулы Күштердің қызметкері Нариман Құрбановқа, ефрейтор Нұрқожа Қайпановқа, кіші сержант Жәмила Бақбергеноваға және капитан Зәмзәгүл Файзолановаға табысталды. «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің үздігі» белгісіне қатардағы жауынгерлер Асан Сәлімов, Абдулла Мусин, Әлімхан Сыздықов, ефрейтор Мейіржан Әшіров және Қарулы Күштердің қызметкері Камиль Куруглиев ие болды. Қарулы Күштердің қызметкері Ангелина Лукас министрдің грамотасын алды, ал атаулы сағаттар – подполковник Атахан Нұридиновке, лейтенант Асан Мәмбетқұловқа, капитан Ғұмар Қырғызбаевқа, Қарулы Күштердің қызметкерлері Камал Гаджимагомедовке пен Нұрым Дүйсеновке берілді.Оқу-әдістемелік жиын аясында Қарулы Күштер түрлерінің, әскер тектері мен жоғары оқу орындарының дене шынықтыру даярлығы және спорт мамандарының қызметінің қорытындысы шығарылды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/903582
Абай облысында цифрлық форматта 4,5 мыңнан астам жасөспірім тіркелген 24.12.2024
Абай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті облыс әкімдігімен және өңірдің әскери прокуратурасымен бірге жергілікті әскери басқару органдарының цифрлық трансформациясы аясында әскери есепке алуды ұйымдастыру мәселелері бойынша семинар өткізді. Отырыс облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Руслан Омаровтың басшылығымен өтті. Өзекті мәселелерді талқылауға оnline режимде Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, аудандық және қалалық әкімдіктердің өкілдері де қатысты.Департамент басшысы әскери саланы цифрландыру төңірегінде жүргізіліп жатқан жұмыстар және оның оң әсері жайлы баяндады. Оның айтуынша, цифрлық трансформация әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу ережелеріне өзгерістер енгізуге мүмкіндік берді. Енді азаматтар тұрғылықты жерін ауыстырған кезде әскери комиссариаттардың немесе ХҚКО-ның табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ, бұл деректер автоматты түрде өзгереді. Әскери қызмет өткермеген, оның ішінде 27 жасқа толған адамдарға әскери билеттер берілмейді. Оның орнына әскери міндетті мәртебесі беріледі, әскери есеп е-Gov порталының жеке кабинетінде көрсетіледі. Жұмысқа орналасу кезінде әскери қызметке қатысты анықтамалар алу үшін әскери комиссариатқа келудің қажеті жоқ. Жұмыс беруші бұл ақпаратты е-Gov ресурсында өзі көре алады. Негізгі өзгерістердің бірі 17 жастағы қазақстандыққа енді жеке ісімен әскери комиссариаттарға барудың қажеті жоқ. Енді тіркеу жүйедегі бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылады. Сондай-ақ зейнеткерлікке шыққан кезде әскери қызметті өткергенін растау туралы анықтама алу үшін әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ. Керек ақпарат зейнетақы төлемдерін есептеу жөніндегі уәкілетті органға беріледі.Тағы бір жаңалық, егер «e-Gov» мәліметтерінде қате болса немесе кей ақпар жоқ болса, азаматтар растайтын құжаттарды қоса бере отырып, деректерді тікелей «e-Gov» порталы арқылы түзетуге өтініш бере алады. Полковник Руслан Омаровтың айтуынша, барлық жергілікті әскери басқару органдары цифрлық құжат айналымына ауыстырылған. Осылайша, аймақта 17 жастағы 4634 жасөспірім тіркелген.Аталмыш жаңа формат ҚР Қорғаныс министрлігі ақпараттық жүйесінің басқа мемлекеттік органдардың электрондық ресурстарымен интеграциялық өзара іс-әрекетінің арқасында қолжетімді болып отыр.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/904057
Әуе қорғанысы күштері мен Astana International University ынтымақтастық туралы келісті 24.12.2024
Тараптар білім беру, ғылыми және практикалық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Іс-шараға Astana International University ректоры Серік Ирсалиев, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Талғат Сыздықов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің өкілдері қатысты. Меморандум қызметтің түрлі салаларында бірлескен оқу-білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды, ғылыми зерттеулер жүргізуді, оларды практикадан өткізуді және тәжірибе алмасуды көздейді. Тараптар бірлескен кездесулер, форумдар мен конференциялар өткізуге ниет білдірді. Семинарлар мен онлайн-вебинарлар шеңберінде қорғаныс ведомствосының психологиялық қызмет мамандары психологияның әртүрлі салаларында өз құзыреттерін ақысыз негізде жақсарта алады. Ынтымақтастық кадрларды даярлау және бірлескен жобаларды іске асырудың жаңа көкжиегі болмақ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/904076
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні құтты болсын! 24.12.2024
Құрметті отандастар!Баршаңызды 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!Тәуелсіздік – еліміздің ең басты мерекелерінің бірі. Бұл күн ерекше мән-мағынаға ие. Халқымыз үшін елдік пен егемендіктен асқан байлық жоқ.Азаттықтың арқасында Қазақстанда татулық пен тұрақтылық, бейбітшілік пен келісім орнады. Тәуелсіздік жылдары жарқын жетістіктерге қол жеткізіп, мемлекеттігіміз нығая түсті. Шекарамыз бекітіліп, қаржы-экономикалық көрсеткіштеріміз қарқынды дамыды. 16 желтоқсан – ұлтымызды ұйыстыратын, жұртымызды жұмылдыратын, абыройымызды асқақтататын мәртебесі биік мейрам.Осынау мерекеде сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасылық бақыт, қызметте толайым табыс тілеймін!Тәуелсіздігіміз ғұмырлы, туымыз тұғырлы болсын! Құрметпен, Мәди Такиев Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/minfin/press/news/details/903396