Enbekshi QazaQ

Қуқық

ТҮРКІСТАН: КЕЛЕСТЕ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ 04.12.2024
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына іссапарында кәсіпкерлік және білім нысандарының жұмыстарымен танысты. Абай ауылында орналасқан жиһаз цехына барды.2006 жылы өз жұмысын бастаған цех үйде қолданатын және асханаға арналған жиһаздар өндірісін жолға қойып, облыс аумағын қамтамасыз етуде. Сұранысқа байланысты айына 200 жиһаз жасап шығарады. Жоба құны – 250 млн теңге. Цех аумағы 0,15 га жер учаскесінде орналасқан. Қазіргі уақытта цехта 20 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Жұмысшылар жалақысы – 250-400 мың теңге аралығында.– Облыста жиһаз кластерін дамыту жұмысы қолға алынды. Біздің өңірдің кәсіпорындары елімізді ғана емес, шетелдерге де жиһаз экспорттауға қабілетті болуы тиіс. Оған мүмкіндік бар, – деді Дархан Сатыбалды.Кәсіпкермен жүздесіп, ұсыныстарын тыңдаған облыс әкімі осы бағыттағы шағын кәсіпорындарды көбейту керектігін айтты. Жауапты басшылар мен аудан әкіміне осы бағытта жұмыс жүргізуді тапсырды.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896382
ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ КӨШПЕЛІ ПЛЕНУМЫ ӨТТІ 04.12.2024
Түркістандағы «Фараб» кітапханасында Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен «Әділетті Қазақстан: Ғасырлар ғұламалары мен Қазақстан қаламгерлері» атты көшпелі пленумы өтті. Жиынға еліміздің белгілі жазушы-ақындары, әдебиеттанушылар, ғалымдар және жастар қатысты.Жазушы, Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», І дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері Мереке Құлкенов жиынды ашып берді. Қазақстан Жазушылар одағының атқарған қызметі, көшпелі мәжілістің мақсаты жайлы сөз қозғады. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев сөз алып, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының қаламгерлерге деген ыстық сәлемін жеткізді. ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің кеңесшісі Шерхан Талап министр Аида Балаеваның құттықтауын жеткізді.Көшпелі жиын барысында спикерлер түрлі тақырыпта баяндама жасады. Атап айтсақ, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Қойшығара Салғараұлы тарихи шежірелерге үңіліп, тың деректерді ұсынды. Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, «Қазақ газеттері» серіктестігі бас директорының кеңесшісі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жүсіпбек Қорғасбек «Қазақ әдебиетін әлемге танытудың алтын қақпасы», Қазақстан Жазушылар одағы басқарма Төрағасының орынбасары, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Қасымхан Бегманов «Ғұламалар, заманалар, жылдар: ақын-жазушылардың қоғамдағы рөлі» тақырыбында, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облысындағы өкілі Серік Елікбай «Әділетті Қазақстан: Әулие Мәшһүр феномені», дінтанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан мен Орта Азия тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зікірия Жандарбек «Қазақ халқының рухани-мәдени болмысының қалыптасуына Қожа Ахмет Йасауи ілімінің ықпалы» тақырыптарында баяндама жасады. Ақын, публицист, мәдениет және қоғам қайраткері Өтеген Оралбаев та Түркістан руханиятына қатысты келелі ой қозғады.Жиын барысында қазақ ғұламаларының идеялары мен бүгінгі қаламгерлердің шығармашылығы арасындағы сабақтастық, ұлттық рухани жаңғыру және әділетті Қазақстан құру жолындағы әдебиеттің маңызы туралы пікір алмасулар өтті. Жарыссөзде бірнеше қаламгер өз ұсыныстары мен пікірлерін айтты.Пленум аясында кітап көрмесі ұсынылып, шығармашылық жобалар таныстырылды. Концерттік бағдарлама көпшілік назарына ұсынылды. Жалпы бұл шара ұлттық әдебиеттің тарихи және заманауи аспектілерін зерделеуге арналған маңызды диалог алаңына айналмақ.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896384
ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «КӨТЕРЕ АЛМАЙТЫН ШОҚПАРДЫ БЕЛІҢЕ БАЙЛАМА!» 04.12.2024
Түркістан облысында ауылдар мен елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, халықты әлеуметтік нысандармен қамту жұмыстары жалғасуда. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданына жұмыс сапарында бірнеше әлеуметтік нысанның құрылыс барысын қадағалады. Келес аудандық «Абай» ауруханасы ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі жөндеу жұмыстарының сапасына қатысты сын айтып, шұғыл түрде ретке келтіруге уақыт берді. Ішкі әрлеу жұмыстарын өзгертіп, жұмысқа жанашырлықпен қарауды ескертті. Сапаның сақталуына қатаң бақылау жүргізуді тапсырды. Бастысы – құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес аяқталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда жауапты компанияларға шара көріледі.– Осы құрылыс басталмай тұрып, проблемасы бітпеп еді, әлі солай. Бір мердігер кетіп тынды, екіншісінің тірлігі мынау. Көтере алмайтын шоқпарды белдеріңізге байлап нелеріңіз бар? Атүсті жүріп, жұмыс істеген соң сапа да оңбайды. Ең арзан құрылыс материалдарын пайдалануды қою керек. Бұл –аурухана! Мұндай қаражатқа жаңасын салуға болады. Біреу кедергі келтірсе, маған айтыңыз! Бірақ, уақытында және сапалы тапсырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.Аталған аурухана – 200 төсек-орындық. Мұнда 63 дәрігер, 260 орта буын қызметкері бар. Ғимарат көлемі – 7879,5 шаршы метр. Тапсырыс беруші – «Абай» Келес аудандық ауруханасы ШЖҚ МКК. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарланған.Абай ауылында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясында 600 орындық мектеп салынуда. Тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna» АҚ. Құрылыс жұмысы жұмысы 2025 жыл аяқталады деп көзделген. Жалпы сметалық құны – 4,8 млрд теңге.Облыс әкімі мектеп құрылысына қатысты ұсыныстары мен пікірлерін айтты. Созбалаңға салмай, сапалы атқаруды тапсырды.Одан кейін Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданы, Абай ауылындағы спорт кешенінің құрылысын тексерді. Аталған нысанның жер аумағы – 1,5 гектар. Құрылыс 2023 жылдың маусым айында басталған. Мұнда спортты дамытуға қолайлы жағдай жасалмақ.Дархан Сатыбалды аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына жұмысты жүйелі әрі жауапкершілікпен атқаруды жүктеді. Құрылысты кешіктіргендерге заң шеңберінде шара көрілетінін ескертті.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896373
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ, КЕЛЕС АУДАНЫНДА ҚУАТЫ АРТҚАН «АБАЙ» ГАЗ ТАРАТУ СТАНЦИЯСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ 04.12.2024
Түркістан облысына қарасты елді мекендердің инфрақұрылым сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Бүгін тағы бір әлеуметтік маңызы бар нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды.Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданы, Біртілек ауылдық округіне қарасты Біртілек елді мекенінде «Абай» газ тарту станциясын іске қосу рәсіміне қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.«Ауыл халқын қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты міндеттің бірі. Біз бюджеттің мүмкінгінше ауылдарды газбен қамтып жатырмыз. Екі жылда 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылуда. Түркістан облысында жылдар бойы тоқтап тұрған 40-тан астам газ нысандарының мәселесі шешіліп, «сақалды құрылыстар» ретке келтірілді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз. Жергілікті тұрғындарды ауыл-аймақты таза ұстауға, елді мекенді абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақырамын», деді Дархан Сатыбалды.Келес ауданындағы қолданыстағы газ тарату станциясы 1976 жылы іске қосылған. Бастапқы қуаттылығы – сағатына 2,8 мың текше метр болса, кейінгі жылдары қуаты 17,8 мың текше метрге дейін ұлғайтылды. Соңғы жылдарда аудан көлемінде табиғи газға қажеттілік артқан. Осыған орай, Келес ауданы елді мекендерін үздіксіз, тұрақты және жеткілікті көлемде сапалы табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында «Абай» АГТС нысанына құрылыс (қуаттылығын ұлғайту) жұмыстары жүргізілді.«Келес ауданы ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесінің тапсырысымен қолға алынған жобаның құрылыс жұмыстарын «Газ КZ» ЖШС жүргізген. Жер көлемі 0,80 гектарды құрайтын нысанның құрылысы 2019 жылы басталған. Жобаның жалпы сметалық құны – 699 494,5 мың теңге.Нысан соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған және толық автоматтандырылған. Жобаның қуаттылығы сағатына 30 мың текше метрді құрайды. Қазіргі уақытта 22 елді мекен (42 480 адам) табиғи газ тұтынуда. Алдағы уақытта осы АГРС арқылы «көгілдір отынға» қосымша 10 елді мекен (9 807 адам) қосылады. Жалпы аудандағы 32 елді мекен немесе 52 287 тұрғынды сапалы табиғи газбен қамтымақ. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік нысандар мен кәсіпорындар осы станцияға қосылады.Айта кетейік, облыс бойынша соңғы екі жылда 187 мың тұрғын немесе 90-нан астам елді мекен табиғи газға қосылды. Нәтижесінде, газбен қамтылған халықтың жалпы саны 1 млн 820 мыңға немесе 84,9%-ға жетеді (557 елді мекен).Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/896208
Ақтауда «Жылы жағажай» аумағындағы автомобиль жолы қайта жаңғыртылды 04.12.2024
Жылы жағажай – Ақтау қаласының туристік әлеуетке ие бірден-бір аймағы. Аталған жағажай Ақтау қаласы құрылғалы бері адамдардың сүйікті демалыс орны болып табылады. Себебі, Каспий теңізінің шомылуға ыңғайлы құм жағажайлары осы аумақта орналасқан.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс орталығының туристік әлеуетін арттыру мақсатында облыс әкімдігі «Жылы жағажай» аумағында орналасқан туристік нысандарға апаратын бірден-бір көліктік инфрақұрылым ұзындығы 27 км автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстарын 2019 жылы бастады.Айта кету керек, Жылы жағажайды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жұмыстар кешенді сипат алды. Атап айтқанда, автомобиль жолымен қатар, су, кәріз, электр энергиясы және газ желілерінің де құрылысы қатар жүргізілді.Реконструкцияланғанға дейін автомобиль жолы 1980 жылдары салынған 2 жолақты жарықтандырылмаған, жаяу жүргінші және веложолдары жоқ, заман талабына сәйкес келмейтін жол еді.Реконструкциядан соң автомобиль жолының техникалық сипаттамасы мынадай: жол бөлігінің ені– 14 метр, қозғалыс жолағының саны– 4, жарықтандыру жүйесі орнатылып, автотұрақтар, аялдамалар, жаяу жүргіншілер жолы мен веложол салынды.Жылы жағажайға баратын жолаушыларды тұрақты маршруттық автобуспен қамтамасыз ету мақсатында №6 «Әуежай-Ақтау-Жылы жағажай» тұрақты маршруты іске қосылды.Осылайша, «МАЭК» су алғышынан «Құрық» теңіз портына дейін автомобиль жолынреконструкциялау жобасы аяқталып, 2024 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді. Жобаны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 9,3 млрд. теңге жұмсалды. Құрылыс жұмыстары жергілікті мердігер компаниямен жүзеге асырылды.Өңірдің туристік әлеуетін толық ашуға бағытталған кешенді жұмыстар одан әрі жалғасуда.Осы орайда, облыс әкімдігімен жоғарыда аталған жобаның логикалық жалғасы ретінде «МАЭК» су алғышынан Құрық теңіз портына дейінгі автомобиль жолын реконструкциялау 34 км (ІІ кезек)» жобасы жүзеге асырылуда.Бұл жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланып отыр және автомобиль жолы Ақтау порты мен Құрық портын тікелей жалғастыра отырып, Ақтау қаласының Жылы жағажай, Мұнайлы ауданының Қызылқұм жеріндегі, Қарақия ауданының Сарша жеріндегі туристік нысандардың дамуына тың серпін береді деп күтілуде.Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/895946
Сыр өңірінің делегациясы Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты 04.12.2024
Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр өңірі делегациясының Италиядағы жұмыс сапары жалғасуда.Бүгін делегация Флоренция қаласындағы тері өңдейтін өнеркәсіп қауымдастығының жұмысымен танысты. Санта-Кроче-суль-Арно ауданындағы зауыттар негізінен аяқ киім тігуге арналған былғары өңдеумен, киім, жиһаз және басқа да өндіріспен айналысады. Өз өнімдерін әлемнің 122-ден астам еліне экспорттайды.Ауданда тері өндірісінің шамамен 35%-ы және аяқ киім өндірісінің 98%-ы шоғырланған. Былғары өндірісі тізбегінде 600-ге жуық кәсіпорын бар, оларда 8000-нан астам адам жұмыс істейді.Облыс әкімі «Aldo Gliozzi» қауымдастығының басшысы Эцио Кастелланимен мал терісін экспорттау және аймақта былғары өңдеу өндірісін дамыту бағытында келіссөздер жүргізді.«Бірінші кезекте Қызылорда облысы мен Италия арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатындағы бүгінгі кездесуге қызығушылық танытқаныңыз үшін алғыс білдіремін.Қызылорда облысы экономикасының ауқымды бөлігін тау-кен саласы құрайды. Негізінен мұнай өндіріледі, сонымен бірге, агроиндустриалды аймақ. Өңірде атқарылған жұмыстар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібінің өсімі бойынша республикада бірінші орындамыз.Елімізде және өңірімізде мал басы жыл сайын артып келеді. Кейінгі жылдары біздің облыстың өзінде екі миллионнан астам мал тіркелген. Осы ретте тері және жүн өңдейтін кәсіпорындарды дамыту керек. Жалпы алғанда, аймақ нарығын қамтуға және алыс-жақын шетелдерге экспорттауға мүмкіндік бар.Қызылорда облысының инвестициялық әлеуетін ескеріп, тері, жүн өңдеу саласында бірлесіп жұмыс жасауға дайынбыз.Серіктес қажет болған жағдайда, өз салаларында жетістікке жеткен кәсіпкерлер сіздермен келіссөздер жүргізуге, тәжірибе алмасуға арнайы іссапармен келді», – деді Н. Нәлібаев.Өңірде негізінен ет бағытындағы, ірі қылшықты жүнді және қаракөл қой тұқымдары аудандастырылған. Жобаларды іске асыруға шикізат қоры жеткілікті. Облыс бойынша өткен жылы 848,6 тонна жүн және 215,1 мың дана тері өндірілген.Жаңа жобаларды орналастыру үшін дайын инфрақұрылымы мен 300 гектардан астам жер учаскеcі бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.Өз кезегінде Эцио Кастеллани екіжақты әріптестікке қолдау білдіріп, алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға мүмкіндік қарастырылатынын айтты.Аймақ басшысы әрбір инвесторға қолданыстағы заңнама аясында жер телімі берілетінін, Қазақстандағы түрлі даму институттарынан қаржылай көмек алу үшін құжаттар сүйемелденетінін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/895860
«Таза ел-мықты өңір: «Таза Қазақстан» Қостанай облысында» 04.12.2024
Ел Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың сәуір айының басында іске қосылған «Таза Қазақстан» бағдарламасын қостанайлықтар ауқымды түрде қолдауды жалғастыруда. Бұл бастаманың мақсаты – халықтың экологиялық хабардарлығын арттыру және облыстың әртүрлі аймақтарындағы қоршаған ортаны жақсарту.Бағдарлама аясында өңірде қазірдің өзінде аумақтарды тазарту және абаттандыру, қалдықтарды жинау және қайта өңдеу бойынша креативті ауқымды іс-шаралар, сондай-ақ азаматтардың экологиялық сауаттылығын арттыруға бағытталған ағарту жұмыстары – акция, дөңгелек үстел, семинарлар ұйымдастырылып жатыр.Бағдарламаны жүзеге асыруда жергілікті кәсіпорындар және қоғамдық ұйымдармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Іс-шараларға бизнес-қауымдастық, жастар, спортшылар мен этномәдени бірлестік өкілдері белсенді қатысуда.  2025 жылдың 13 маусымы күні Қостанай ауданында «Жанашыр бол» қоғамдық қоры Қостанай ауданының тұрғындары арасында алюминий банкаларын жинау бойынша экологиялық байқау өткізді.Байқаудың мақсаты – қалдықтарды бөлек жинау мәселелеріне қоғамның назарын аудару, экологиялық мәдениетті дамыту және өскелең ұрпақ арасында тұрақты әдеттерді ынталандыру. Қатысушылардан мүмкіндігінше көп алюминий банка жинап, оларды қабылдау орнына тапсыру ұсынылды. Ең көп алюминий банка жинаған бес адамға велосипед сыйлыққа беріледі.Жарыс мамырдың басында басталып, 10 маусымда аяқталды. Қатысушылар барлығы 150 келі алюминий банка жинады. Кішкентай балалар барынша белсенділік танытты, бұл жастардың экологиялық санасының артқанын көрсетеді, бұл жағдай ұйымдастырушыларды ерекше қуантты.  Жобаның үйлестірушісі Наурызбек Бірмағамбетов: «Мұндай бастамалар табиғатқа жауапкершілікпен қарауды қалыптастырып, азаматтарды қоршаған ортаны қорғау бойынша нақты әрекеттерге тартуда маңызды рөл атқарады», - деп атап өтті. Бейімбет Майлы ауданында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында Варваринка, Николаевка және Асенкритовка ауылдарында «Варваринское» АҚ-мен бірлесіп «Таза жағалау» акциясы өтті.Іс-шараны ауданның және «Варваринское» АҚ еріктілері волонтерлік қызметтің экологиялық бағытын насихаттау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру мақсатында өткізді. Акцияға ауданның 60-қа жуық еріктісі мен «Варваринское» АҚ қызметкерлері белсенді қатысты.Акция соңында Аят өзенінің 5 шақырымдық жағалауының аумағы тазартылды. Еріктілер марапатталды.«Варваринское» АҚ қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Антон Труханов атап өткендей: «Бүгінгідей іс-шараларға жиналу ғана емес, сонымен қатар күнделікті өмірде қоршаған ортаға қамқорлық жасау маңызды. Экологиялық жағдайды жақсартуға әрқайсымыз өз үлесімізді қоса аламыз, тіпті аз ғана күш-жігеріміз айтарлықтай нәтижелерге әкелуі мүмкін. Барлығын табиғатқа мұқият болып, қоқысты қалдырмауға шақырамын. Бұл - біздің ортақ жеріміз және оны тек бірлескен күш-жігермен болашақ ұрпақ үшін сақтай аламыз».#ТазаҚазақстан #устойчивоеразвитие #чистаястрана #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1016766?lang=kk
Астанада мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік орта құру бойынша семинар өтіп жатыр 04.12.2024
Астананы дамыту орталығы мүгедектігі бар адамдар мен мобильділігі төмен топтар үшін қолжетімді қалалық және әлеуметтік орта құру бойынша еліміздегі алғашқы курсты бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Астанада «Мүгедектігі бар адамдар мен мобильділігі төмен топтардың қажеттіліктерін ескере отырып, халыққа қолжетімді инфрақұрылым және қызметтер бойынша семинар» жобасы басталды. Жобаның ұйымдастырушысы – Астана қаласы әкімдігінің «Астана даму орталығы» ЖШС.Инклюзия – физикалық және ақыл-ой кемістігі бар адамдардың қоғамдық өмірге толық араласа алуына жағдай жасауға бағытталған қазіргі қоғамның негізгі элементі. Бұл жобаны іске асыру қолжетімді және инклюзивті қалалық ортаны қалыптастыру, азаматтардың барлық санаты үшін тең мүмкіндіктер беру, сондай-ақ Астананың баршаға заманауи, жайлы және қонақжай қала ретіндегі ұстанымын нығайту жолындағы маңызды қадам болады.Жобаны іске асыру үшін ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2023 жылғы 14 қарашадағы бұйрығымен бекітілген ҚР СТ 3846-2023 ұлттық стандартын әзірлеген «Еуразиялық инклюзивті қоғамды дамыту қауымдастығы» ЗТБ сарапшылары тартылды.Жұмыстың алғашқы күндерінде, яғни 2-3 желтоқсанда 30 адам оқудан өтті. Астана қаласының туристік нысандары мен қонақүйлерінің 200 маманы дайындалады. Қатысушылар ұтқырлығы төмен азаматтар үшін қолайлы және қолжетімді орта құру үшін теориялық және практикалық білім мен құралдар алады, бұл болашақта елорданың туристік тартымдылық деңгейін арттырады.Оқыту 2 ағыны: 5-6 желтоқсан;Оқыту 3 ағыны: 12-13 желтоқсан;Оқыту 4 ағыны: 17-18 желтоқсан;Өтетін орны: Қонаев 12/1.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895810
Астанада қар тазалау жұмыстарына 2 700-ден астам жол жұмысшысы шықты 04.12.2024
Қыс мезгілінің басынан бері коммуналдық қызметтер елорданың көшелері мен алаңдарынан 831 мың текше метрден астам қар шығарды. Жұмыстар тәулік бойы үздіксіз режимде жүргізілуде, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.3-інен 4 желтоқсанға қараған түнде қар полигондарына 169 рейс, яғни 1 828 текше метр қар шығарылды.4 желтоқсандағы күндізгі ауысымда қар тазалау жұмыстарында 2,7 мыңнан астам жол жұмысшысы және мыңға жуық арнайы техника жұмыс істейді.Қыс мезгілінің басынан бері қаладан 65 мыңға жуық рейспен 831 мың текше метрден астам қар шығарылды.Ережеге сәйкес, ең алдымен, қалада кептеліс болмас үшін өте қарқынды қозғалыс учаскелері тазаланады. Сондай-ақ орташа қарқындылығы бар учаскелер-алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т. б. орындар қардан тазартылады.Орталық көшелерде, жолаушылар көлігі маршруттарында, аялдамалар мен тротуарларда тазалау басымдыққа ие.Елордада бірнеше жабдықталған қар полигоны жұмыс істейді. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылған, жарықтандыру қосылған.Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарлардан бас тартуды сұрайды.Төтенше жағдай туындаған кезде «112» телефонына хабарласыңыз.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895784
Жайлы әрі қауіпсіз өмір: Smart Astana қосымшасы 70 қызмет бойынша бағыт-бағдар береді 04.12.2024
Әлем қалаларында цифрлық технологияларға басымдық беріліп, «ақылды қала» тұжырымдамасы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінде маңызды рөл атқарып келеді. Астана қаласында да инновациялық бастама қолға алынып, қала тұрғындарының көптеген мәселесі заманауи автоматтандырылған ақпараттық технологиялар арқылы шешімін табуда, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.Астанада жүзеге асырылып жатқан инновацияның бірі - жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруді қамтамасыз ететін Smart Astana тегін мобильді қосымшасы.2015 жылы іске қосылған мобильді қосымшада бүгінде 28 мыңнан астам қолданушы бар. Қалалық цифрландыру және мемлекеттік қызмет басқармасына қарасты «Астана Innovations» акционерлік қоғамы елорданы цифрландыруға белсенді атсалысып келеді.«Астана Innovations» АҚ цифрлы сервистер департаментінің мәліметінше, мобильді қосымшада көлік, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және коммуналдық қызметтерді қамтитын 70-тен астам қалалық қызмет біріктірілген.Бұл қосымша - тек елордалықтарға ғана емес, бас қалаға саяхаттап келетін туристер мен өзге өңір тұрғындарына бағыт-бағдар беретін таптырмас құрал.Қосымшадағы «Саяхатшыға» бөлімі өзекті ақпараттар мен түрлі қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.«Саяхатшыға» бөлімі өз ішінде 10 қызмет ұсынады.Теміржол вокзалының пойыз кестесі: станциялар мен маршруттарды көре отырып, пойыздардың кету және келу уақытын тексеруге арналған.Әуежайдың ұшу кестесі: келу және кету уақытының өзгеруін қоса алғанда, рейстер туралы жаңартылған ақпаратты көрсетеді.Іс-шаралар: бұл бөлімде елордадағы концерттер, көрмелер, жарыстар және басқа да мәдени, спорттық іс-шаралар кестесі беріледі.Сауда орталықтары: елордадағы сауда орындарының орналасқан жері, жұмыс тәртібі мен байланыс нөмірлері туралы ақпарат ұсынылады.Мәдени нысандар: Visit Astana туристік ақпараттық орталығының веб-сайтымен біріктірілген бөлім. Онда елордадағы мұражайлар, сәулет ескерткіштері, театрлар мен басқа да көрікті жерлердің тізімі мен сипаттамасын оқуға болады.Ойын сауық мекемелері: бұл бөлімде мейрамханалар мен дәмханалардың қауіпсіздік критерийлері мен қызмет көрсету деңгейін ескере отырып жасалған электрондық рейтингті көруге болады.Автобекет кестесі: қалааралық автобустар туралы ақпарат береді. Олардың кету және келу уақыты жазылып, билет құны да көрсетілген.Демалыс орындары мен саябақтар: демалуға, серуендеуге және белсенді уақыт өткізуге арналған жерлердің тізімін ұсынады.Қоғамдық дәретханалар: бұл бөлімде қалада орналасқан дәретханалар тізімі берілген және шағым қалдыру мүмкіндігі де қарастырылған.Бұған қоса, қосымша мектептердегі сабақтың болмауы, тасжолдардың жабылуы мен ашылуы және қаладағы қолайсыз ауа райы туралы push-хабарламаларды лезде алу функциясымен жабдықталған. Астаналықтар үшін ұсынылатын маңызды ақпарат тізімі үнемі жаңартылып отырады.Жасыратыны жоқ, әлем елдері туризмді дамыту арқылы мемлекет қазынасын арттыруға әлдеқашан кіріскен. Біздің елордада да шетелдіктерге көрсететін көрікті жерлер баршылық. Ал олар туралы ақпарат беретін Smart Astana мобильді қосымшасы еліміздің туристік әлеуетін арттыруға мүмкіндік беріп келеді.Айта кетейік, қосымшаны App Store немесе Google Play дүкендерінен тегін жүктеуге болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895927
Aqyl Life: елордалық студенттер әлемдегі кітаптардың әсерін талқылады 04.12.2024
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы мен елордалық жастар саясаты мәселелері басқармасы Астанадағы Мәскеу күндері аясында елордалық сервис және туризм колледжінің студенттерімен Aqyl Life үшінші кітап кездесуін өткізді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.Шақырылған спикерлер ерекше әсер қалдырған және олардың дүниетанымына әсер еткен үш шығарманы талқылады.«Мұндай кездесулер спикерлерге өздерінің өмірлік және кәсіби тәжірибелерін өскелең ұрпақпен бөлісуге мүмкіндік беру мақсатында өткізіледі. Бұл – білім, мотивация және шабыт алмасудың маңызды платформасы, онда жастар өздерінің дамуы үшін құнды сабақтар ала алады. Спикерлер өз тәжірибелерімен ғана емес, жастарға өзіне деген сенімділіктерін арттыруға, көкжиектерін кеңейтуге және өмірдің түрлі салаларында табысқа жету үшін қандай қадамдар жасау керектігін білуге көмектесетін білімдерімен де бөліседі», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева.Іс-шараға танымал спикерлер қатысты, олардың қойылымдары көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қазақстандық актер, режиссер және тележүргізуші Дәурен Серғазин кітаптың кәсіби және жеке өсуіне қалай көмектескенін айтып берді.«Әр адам жұмысына немесе оқуына қарамастан, аз да болсын кітап оқуы керек. Кітаптың стилі бойынша үш түрлі болуы керек: бірі — кәсіби қызметі бойынша, екіншісі — қазақ әдебиеті бойынша, үшіншісі — тарих бойынша. Жеке өзім бір уақытта 4-5 кітап оқимын: олардың кейбірі оңай қабылданады, ал басқаларына мұқият көңіл бөлу керек. Мен әр кітапты ойластырып, талдау жасаймын. Олар түрлі ойларға жетелейді, - деді ол.Ашық пікірталаста сұрақтар қоюға, пікірлерін ортаға салуға және ұсынылған кітаптардың ең есте қалған сәттерін талқылауға мүмкіндік жасалды.Сондай-ақ, қатысушылар Aqyl life жобасы жастардың бірігуіне, жаңа идеялар қалыптастыруына және өзін-өзі дамытуға көмектесетінін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895929
Заң және тәртіп: Астанада вандализм үшін 300-ден астам адам жауапқа тартылды 04.12.2024
Астана қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Әділбеков өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордада өткізіліп жатқан «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы туралы айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелерде құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін осы жылдың 16 қыркүйегінен 15 желтоқсанына дейін елорда аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.Жедел-алдын алу іс-шарасы шеңберінде пәтерлер мен аулаларды аралау жүргізіледі, тұрғындар өздерінің аумақтық учаскелік инспекторларымен танысып, оған өздерін толғандырған мәселелерімен жүгіне алады.«Жалдамалы пәтерлерде тұратын адамдар бөлек тексеріледі. Жаңадан анықталған жалға берілетін тұрғын үй туралы ақпарат салық заңнамасының сақталуын тексеру үшін Мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі. Жедел-алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері 380 мыңнан астам пәтер мен 28 мың жеке меншік үй иелері тексеруден өтті», - деді Ержан Әділбеков.Сонымен қатар заңдылықтың басқа да бұзушылықтары анықталуда. Барлығы 24 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды.«Жедел-алдын алу іс-шарасы барысында ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдар қосымша тексеріледі. Сот белгілеген тыйымдар мен шектеулерді бұзудың 64 фактісі анықталды, 19 есепке алынушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп толықтырды Әділбеков.Айта кету керек, заңдылықтың кез келген бұзылуына «нөлдік төзімділік» қағидаты аясында жүзеге асырылатын вандализмнің жолын кесу жұмыстары жандандырылды.«Жыл басынан бері 147-1-бап бойынша бөтеннің мүлкін қасақана жойғаны немесе бүлдіргені үшін 338 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 125 адам қамауға алынды, 177 адамға айыппұл салынды. Ұсақ бұзақылық жасау фактілері бойынша 2 071 адам жауапқа тартылып, оның 628-і қамауға алынды, 1220 адамға айыппұл салынды», - деді спикер.Бұдан бөлек, қалалық инфрақұрылым мен жалпы үй мүлкінің зақымдану фактілерін анықтау бойынша мамандандырылған жергілікті рейдтік пысықтауларды тұрақты жүргізу ұйымдастырылды. Жыл басынан бері барлығы 1000-нан астам осындай іс-шаралар өткізілді.Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/895951
«Студенттік өзін-өзі басқару»: Астанада талантты жастар марапатталды 04.12.2024
Елордадағы «Жастар» сарайында «Студенттік өзін-өзі басқару» жобасы аясында өткен байқаудың жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.«Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған марапаттау рәсімі басталғанға дейін заманауи би, халық биі, ұлттық аспаптарда ойнау және вокал сияқты номинациялар бойынша байқаулар өтті. Аталмыш іс-шараға елордалық ЖОО студенттері белсене қатысты.«Мұндай іс-шаралар жастардың өзара қарым-қатынасын нығайтып, нетворкинг орнатуына және көшбасшылық қасиеттерін танытуына ықпал етеді. Сондай-ақ, олардың спортқа, белсенді өмір салтына деген қызығушылығы артатын болады. Осылайша тұрақты негізде ұйымдастырылатын іс-шаралар арқылы елордалық жастарға жиі бас қосып, жаңа идеяларды ортаға тастап, оны жүзеге асыруда бірлесе іс-әрекет істеуге, солайша дами түсуге жол ашылмақ», - деді Астана қаласының мәслихат депутаты Арсланбек Мағзұм.Шығармашылық байқаулар аяқталған соң жеңімпаздарды салтанатты марапаттау сәті басталды.«Іс-шараның негізгі мақсаты – Астана жастарын біріктіру. Мұнда елордалық студенттер өздерін танытып қана қоймайды, сонымен бірге оқу орындарының абыройын асқақтатуға үлес қосады. Марапаттау рәсімі өз деңгейінде өтті деп ойлаймын. Барлық жеңімпаз алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар, ал спортшылар кубоктар мен медальдарға ие болды», - деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Камилла Мұқатаева.Жеңімпаздарды атап айтсақ, футболдан және волейболдан APEMS командасы, теннистен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, баскетболдан С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті студенттері 1-орынды жеңіп алды. Ал аспаптарда ойнау мен вокал бойынша Қазақ ұлттық өнер университеті, замануи биден Esil University, халық биінен Astana international university студенттері 1-орынды иеленді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896138
«ESIRTKISIZ ELORDA»: Астанада жастар арасында есірткінің таралуымен қалай күресіп жатыр 04.12.2024
Биыл Астанада «ESIRTKISIZ ELORDA» жастар қозғалысы іске қосылды. Жоба нашақорлықтың алдын алуға және жастар арасында салауатты өмір салтын қолдауға бағытталған іс-шаралар кешенін іске асырады. Бұл жұмыс туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елорданың Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Самат Ибраев айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.Жоба аясында Астанада түрлі іс-шаралар өткізілуде. Сонымен, онлайн-тренингтерде кәсіби психологтар мен аддиктологтар (мінез-құлық бұзылыстары бойынша мамандар) елорданың мектептері мен университеттерінде тәуелділіктің табиғатына, оның қалыптасу кезеңдері мен механизмдеріне, құмар ойындар мен ішімдіктің алдын алуға, сондай-ақ әлемдік емдеу әдістеріне қатысты сабақтар өткізді. Жоба аясында әр кездесуде үнемі ақпараттық буклеттер таратылады. Бұл материалдарда салауатты өмір салты, тәуелділіктің алдын алу және саналы таңдаудың маңыздылығы туралы пайдалы мәліметтер бар.«Спорттық іс-шаралар да жобаның ажырамас бөлігіне айналды. «Astana CUP» футбол турниріне аула клубтарының командалары қатысты. Футболдан басқа бокс және таэквондо бойынша спорттық челлендждер өткізілді, бұл командалық рухты қалыптастыруға және спорттық дағдыларды дамытуға ықпал етті. Сондай-ақ 150-ден аса спортшыны біріктірген жыл сайынғы «Астана кубогі» турнирі өтті, онда жеңімпаздарға Кубок табыс етілді, ал қалған қатысушылар спорттық разрядтарға ие болды. Жобаның білім беру бөлігі ретінде танымал қоғам қайраткерлері, полиция қызметкерлері және танымал блогерлер қатысатын подкастар іске қосылды, онда есірткі қылмысының маңызды тақырыптары, есірткіні қолданудың салдары және тәуелділікпен күресудің тиімді әдістері талқыланды. «JAUAP» подкасының қонақтары ретінде Астана қаласы Прокуратурасы басқармасының бастығы Айжан Аймағановамен, полиция полковнигі Сергей Ильинихпен, бұрынғы нашақор, қазіргі таңда блогер Ринатпен және инфлюенсер Әлібек Ермағамбетов сияқты меймандармен әңгімелер жүргізілді», - деді спикер.Қала прокуратурасы оқушыларға есірткіге байланысты істер бойынша сот ісін жүргізудің ерекшеліктерін көрнекі түрде көрсететін симуляциялық сот процестерін ұйымдастырды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896320
Астанада волонтерлер арасында аға буын өкілдері марапатталды 04.12.2024
Халықаралық волонтерлер күніне орай Астанада аға буынның ең белсенді өкілдері – «күміс» волонтерлерді марапаттау рәсімі өтті. 30-ға жуық зейнеткер Астананың дамуына қосқан үлесі үшін алғыс хаттар мен сертификаттарға ие болды, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.Іс-шараны «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ұйымдастырды.«Біздің клубта 80-ге жуық қарт кісі бар, олар біздің орталықта түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға тегін көмектеседі. Бұл еріктілер әртүрлі бастамаларға белсенді қатысады, мысалы, «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында олар шала туылған нәрестелерге табиғи жүннен киім тоқиды. Сонымен қатар, олар кілем тоқу бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді, бұл дағдыларды ұмытпау үшін балаларға дәстүрлі қолөнерді үйретеді. Біз мектептермен меморандумдар жасадық, еріктілер апта сайын оқу орындарына барып, білімдері мен дағдыларын жас ұрпаққа үйретеді. Сондай-ақ, «күміс» еріктілер мәдени іс-шараларға, қайырымдылық акцияларына, экологиялық сенбіліктерге белсенді қатысып, қоғамды жақсартуға өз үлестерін қосып жүр», – деп атап өтті Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының әдістеме және есептілік бөлімінің басшысы Қымбат Тасымова.«Астана жастары» ЖРО еріктілерінің үйлестірушісі Индира Маремова атап өткендей, «күміс» еріктілер жас еріктілерге әртүрлі бастамаларға, соның ішінде сенбіліктер мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға арналған гуманитарлық себеттер жинауға көмектесуде маңызды рөл атқарады.«Олар жас ұрпақпен – оқушылармен және студенттермен тең дәрежеде еңбек етіп, қоғам өміріне елеулі үлес қосып жүр. Олардың атсалысуы ерекше маңызды және жасына қарамастан, олар сергек. Біздің аға буын еріктілер жастарға немерелері сияқты мейірімділікпен, қамқорлықпен қарайды. Біз оңай тіл табысамыз және қашанда достық қарым-қатынастамыз. Олар өзгелерге үлгі болып, ересек жаста да белсенді болып, қоғамға пайда әкелетінін көрсетеді, сондай-ақ жас еріктілерге өмірлік кеңестерін жеткізеді. Мұндай еріктілерді марапаттау оларға ерекше күш сыйлайды. Бұл олардың мотивациясын арттырып қана қоймайды, сонымен қатар олардың қоғамға қосқан үлесінің маңыздылығын көрсетеді. Осылайша, біз олардың қажырлы еңбегі үшін алғыс білдіреміз», – деп атап өтті Индира Маремова.Нұра ауданының белсенді ұзақ өмір сүру орталығының еріктісі Риза Бекпаева өз әсерімен бөлісті, ол орталықта зияткерлік ойындар курсын басқарады және «Күміс жоба» волонтерлік жобасына белсенді қатысады.«Мені іс-шараға шақырды, бірақ мұндай марапат болатынын білген жоқпын. Өте қуаныштымын, өйткені бұл өте жауапты жұмыс. Ерікті ретінде біз өзімізді қоғамның дамуына үлес қосып жатқандай сезінеміз. Біздің орталық еріктілер қозғалысы аясында ғана емес, балалармен және мектеп оқушыларымен де көптеген іс-шаралар өткізеді. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен мәдени салт-дәстүрлеріне арналған концерттер мен іс-шаралар ұйымдастыратын «Жансая» оңалту орталығымен ынтымақтастығымыз туралы айтпай кете алмаймын. Мұндай іс-шараларға қатысу маған үлкен күш сыйлайды, өйткені өзімнің жүрегім мен мейірімділігімнің бір бөлігін өз ісіме салғандай сезінемін. Бұл мен үшін өте маңызды», – деп қорытындылады Риза Бекпаева.Марапаттау рәсімінен кейін концерттік бағдарлама өтті. Іс-шарада белсенді ұзақ өмір сүру орталығының клубтық қызметіне белсенді қатысатын «Бәйтерек» хор ұжымы өнер көрсетті. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896298
Жыл басынан бері Астанада заңсыз айналымнан 300 келіден астам есірткі заттары тәркіленді 04.12.2024
Астанада уәкілетті органдар әкімдікпен бірлесіп, әсіресе жастар арасында есірткі қылмысына қарсы белсенді күрес жүргізуде. Жыл басынан бері қалада 400-ден астам есірткі қылмысы тіркелді. Бұл туралы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әлия Қибатқызы айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.2024 жылдың 11 айында Астанада 407 есірткі қылмысы тіркелген, соның ішінде 285 өткізу фактісі, сондай-ақ есірткінің синтетикалық түрлерімен байланысты 621 есірткі құқық бұзушылық.Заңсыз айналымнан 339 келі есірткі заттары, соның ішінде 20,8 келі «синтетика» тәркіленді.«Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған республикалық кешенді жоспары және мемлекеттік органдар мен жұртшылық барынша тартылған «Астана – есірткісіз қала 2023-2025 жылдарға арналған» бағдарламасы іске асырылуда. Оның аясында уәкілетті органдармен нашақорлықтың алдын алуға және есірткінің заңсыз айналымы саласындағы қылмыстарды анықтауға бағытталған бірқатар іс-шара жүргізілуде», - деді спикер.Мемлекеттік органдармен және ҮЕҰ-мен бірлесіп құқық қорғау органдары 496 алдын алу іс-шараларын, соның ішінде акциялар, семинарлар, дәрістер, дөңгелек үстелдер, кездесулер, спорттық турнирлер, конкурстар өткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896336
Астананың сол жағалауында орналасқан Шұбары елдімекені қашан газдандырылады 04.12.2024
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек өзінің инстаграм парақшасында елорданың Есіл ауданынан орын тепкен Шұбары елдімекенінің қашан газдандырылатыны туралы жазды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.«Шұбары елдімекенінің белсенділерімен кездестім. Елдімекен Есіл ауданында орналасқан, мұнда 5 мыңға тарта адам тұрады. Белсенділермен өзекті мәселелерді талқылап, елді мекенді одан әрі дамыту жоспарын белгіледік.Сол жағалаудың ортасында орналасқан елдімекеннің маңызды мәселелерінің бірі – газдандыру. Қазіргі уақытта газдандыру үшін көшелерде тарату желісінің құрылысы жүріп жатыр. Желілердің жартысынан көбі аяқталды. Жеткізуші газ құбырының құрылысын келер жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл Шұбары елдімекенінің тұрғындарына үйлерін газға қосуына мүмкіндік береді, сол сияқты ауданның және жалпы қаланың экологиясына жағымды әсер етеді әрі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырады.Сондай-ақ келер жылы сумен жабдықтау желілері мен кәріз желілерін салуды бастаймыз, бұл жоба 2025-2027 жылдары толық іске асырылады.Сонымен қатар жолдарды жөндеу, инженерлік желілер, камералар, бағдаршамдар орнату, абаттандыру, оқу орындарын салу және т.б. мәселелер қозғалды», - деп жазды Жеңіс Қасымбек.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/896377
Ауыл тұрғындарының игілігі үшін: Целиноград ауданы ауылдарының жайлылығы артты 04.12.2024
Целиноград ауданында халықтың тұрмысын жақсарту үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жылдан жылға аудан аумағында әлеуметтік маңызды мәселелер шешіліп, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалар жүзеге асырылып келеді. Ірі және шағын ауылдар мемлекеттің қолдауын түрлі бағдарламалар мен бастамалар арқылы айқын сезінуде.Мәселен, Рахымжан Қошқарбаев ауылында көше жарықтандыру жүйесін орнатуды қамтитын кентішілік жолдарды күрделі жөндеу жобасының екінші кезеңі аяқталды.Жоба аясында «Строительная компания АТТМ групп» ЖШС мердігерлік ұйымымен 466 тірек орнатылып, 11 шақырымнан астам электр сымдары мен СИП-кабельдер тартылды.Көше жарығы Қызылсуат ауылдық округінде де пайда болды. Бюджеттің төртінші деңгейінің қаражаты есебінен жергілікті әкімдік Шұбар, Аққайың және Қызылсуат ауылдарының көшелерін жарықтандыру бойынша сметалық құжаттама әзірледі.Іске асырылған жоба шеңберінде шамдары бар 99 тірек орнатылды, бұл жалпы ұзындығы 3,5 км жол учаскелерін жарықтандыруға мүмкіндік берді. Бұл жұмыстарға округтің жеке салық түсімдерінен 20 млн. теңге бөлінді.Айта кету керек, Қызылсуат ауылдық округінің бюджеті трансферттерді тартпай-ақ өзінің салық түсімдері есебінен ғана қалыптасады, бұл жергілікті қаржы ресурстарының дербестігі мен тиімді басқарылуын көрсетеді.Қызылсуат ауылдық округінің әкімдігі халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Алдағы жоспарда - Қызылсуат ауылында хоккей кортын салу және елді мекеннің кіреберіс жолын жарықтандыру.Жергілікті өзін-өзі басқару органдары тұрғындардың сенімін нығайту және одан әрі дамудың негізін қалау арқылы ресурстарды тиімді пайдаланудың мысалын көрсетеді.Тұтастай алғанда, бастамалар Целиноград ауданы өмір сүруге, жұмыс істеуге және инвестиция құюға тартымды бола отырып, бұдан ары дамуын жалғастыруда. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/895827
Алматыда аулалар мен көшелерді нашар тазалаған мердігерлерге айыппұл салынады 04.12.2024
Тазалық апталығы кезінде «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында қыс мезгіліне дайындық мақсатында қалада көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді жаппай тазарту өтті. Аула аумақтарына ерекше назар аударылады.Белгілісі, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша үй ішіндегі аумақтар аудан әкімдіктерінің қаражаты есебінен жиналады. Бұған дейін ПИК тазалаушыларының сапасыз жұмысы мәселе болып, оған тұрғындар үнемі шағымданған. Аудан әкімдігінің бұл жұмысқа қаражаты болмады. Сонымен қатар, мүлік иелері мен қарапайым серіктестіктердің бірлестіктерін құру кезінде үй ішіндегі аумақтар іс жүзінде иесіз қалған кезде құқықтық вакуум пайда болды.Бүгінде жағдай жақсы жаққа өзгерді. Енді көшелер, саябақтар мен аулалардың тазалығына жауапты мердігерлер өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін қатаң жауап береді. Бостандық ауданының әкімі Санжар Алин атап өткендей, тазалау сапасын бақылау үшін ОСИ және ПИК төрағалары, сондай-ақ мессенджерлер арқылы аудан тұрғындарымен кері байланыс жүйесі қолданылады.«Егер мердігерлер өз міндеттемелерін орындамаса, біз жедел әрекет етеміз. Алдымен учаске бастығына, содан кейін ұйымның өзіне айыппұл саламыз. Егер жағдай түзетілмесе, біз шартты сот арқылы бұзамыз. Сотқа дейінгі хат жіберілген мердігер бар», - деді аудан әкімі.Жалпы, Бостандық ауданында аумақтарды жинау жүйелі негізде жүргізіледі. Осылайша, «Stamp Service» ЖШС жалпы ауданы 309,7 га болатын 4 саябақты, 13 скверді, 9 бульварды, бөлу жолақтарын, қоғамдық пайдалану орындарын, Үлкен Алматы және Есентай өзендерінің жағалауларын және көлік айрықтарын тазалау және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуде.«Алматы Тазалық» КМК аудан аумағы шегінде жалпы ұзындығы 272,9 км 6 көлік жол айрығы, 263 көше мен өтпе жолдың жол төсемін тазалау жүргізіледі. бұдан басқа, ауданы 456 678 ш. м. 180,9 км тротуарларды механикаландырылған және қолмен тазалау жүргізіледі. 7 бірлік арнайы техника, 28 жұмысшы жұмылдырылды.«Еуразияказинвест» ЖШС 7 жер үсті және 12 жерасты жаяу жүргіншілер өткелдерін күтіп ұстауды жүзеге асырады. Аулаларды күтіп ұстаумен «АБС-ЛД Строй» ЖШС, «Аван Құрылыс» ЖШС, «Алматы дормеханизация» ЖШС, «Senim Group Construction» ЖШС сияқты ауданның мердігерлік ұйымдары күн сайын 670 аулаішілік аумақты санитарлық тазалаумен айналысады.Сонымен қатар, Алматы қаласы коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жанат Жақыпбектің ақпараты бойынша, күндізгі кезеңде техниканың көшелерді тазалауға шығуы 600-ге жуық бірлікті және 800 жол жұмысшысын, түнгі ауысымда 220 бірлік техниканы және 250-ге дейін жол жұмысшысын құрайды. 9 мердігер ұйымның күшімен «Алматы тазалық» МКК-нен басқа жалпы ұзындығы 2,7 мың км-ден асатын 2318 көшеден санитарлық тазалау жүргізіледі.Қысқы кезеңге аумақтарға қызмет көрсету үшін 841 бірлік техника дайындалды, жолдар мен тротуарларды тазартуға 1400 жол жұмысшысы тартылатын болады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/895988
Алматы бюджеті өзінің әлеуметтік бағытын сақтайды 04.12.2024
Алматыда 2025 жылы бюджет жобасында әлеуметтік салаға 806,1 млрд теңге бөлу жоспарлануда, бұл алдын ала ақпарат бойынша қала бюджеті шығыстарының 41% -ын құрайды. Әлеуметтік саланы қаржыландыруды ұлғайтудың болжамды өсуі 8,7% -ды құрайды. 2024 жылы әлеуметтік салаға 741,2 млрд., 2023 жылы 664,5 млрд. бағытталды.2025-27 жылдарға арналған бюджеттің тиісті жобасы Алматы Мәслихатының алдағы сессиясында қабылдау қарастырылуда. Бұл туралы қалалық Мәслихаттың баспасөз қызметі хабарлады.Естеріңізге сала кетейік, Мәслихаттың келесі отырысында Алматының 2025-2027 жылдарға арналған бюджетін бекіту мәселесі қаралатын болады.Мәслихаттың алдын ала ақпараты бойынша, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуды қаржыландыру 2025 жылы 2,6 есеге - 69,4 млрд теңгеге дейін ұлғаяды. Сондай-ақ 1326 дәрігер мен медициналық персоналды оқытудың үш деңгейлі бағдарламасы іске асырылады. Жаңа бюджеттен қаражаттың бір бөлігі Бостандық ауданында 500 адам қабылдайтын №4 жедел медициналық жәрдем қосалқы станциясының, екі отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның және жаңа емхананың құрылысын аяқтауға бағытталады. Қалалық медициналық мекемелер қажетті дәрі-дәрмектермен және жабдықтармен, оның ішінде вакциналармен және иммунопрофилактикалық препараттарымен қамтамасыз етілетін болады. Сирек кездесетін аурулары бар 4 мыңнан астам пациент тегін дәрі-дәрмектермен қамтылады.2025 жылы жедел жәрдемнің автопаркін жаңарту жалғасады, ол үшін 50 автокөлік сатып алу жоспарлануда. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары 20 денсаулық сақтау нысаны күрделі жөндеуден өтеді, оның ішінде он нысанды 2025 жылы аяқтау жоспарланып отыр және 30 жаңа және ескі денсаулық сақтау нысандарын жобалау жұмыстары жалғасуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/896004