Enbekshi QazaQ

Қуқық

Ақмола облысының диқандары 6,6 млн тонна астық жинады 03.12.2024
Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласын өңір экономикасының басты драйверіне айналдыру – негізгі міндеттердің бірі. Осы ретте, биыл ауыл шаруашылығы өнімінен 1 трлн теңгеден астам кіріс түседі. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бір жарым есе артық. Бұл туралы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов ОКҚ брифингінде хабарлады.Оның айтуынша, өңір диқандары 6,6 млн тонна рекордтық астық жинады. Бір гектардан түсетін өнім көлемі 14 центнерден асты. «Астықтың сапасы да барынша жоғары екенін атап өткім келеді. Астықтың 60%-дан астамы тауарлық сапасы жоғары бидай. Әрине, бұл ең бастысы дихандардың қажырлы еңбегі, мемлекеттік қолдау мен заманауи технологияларды тиімді әрі уақытылы қолданудың нәтижесі. Нәтижесінде, жоғары сапалы тұқымды себу мен минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемі екі есе артты. Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту да маңызды. Биыл 1 239 жаңа техника сатып алынды», – деді өңір басшысы. Президент жақында астананы азық-түлікпен қамтуда Ақмола облысының маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан бұл жұмыстарды одан әрі нығайтып, өнім көлемін арттыру стратегиялық ұстаным болып табылады. Осы бағытта жақсы нәтижелер бар. Ақмола өңірі елорда тұрғындарының қажеттілігін, атап айтқанда, сүт өнімінің 50%-дан астамын, ет өнімінің 30%-н, жұмыртқаның 80%-н, картоптың 85%-н қамтып отыр. Яғни, астана тұрғындарына күн сайын 80 тонна ет өнімдері, 320 тонна сүт ассортименті, 700 мың жұмыртқа және 25 тонна ұн жеткізіледі. Астананы азық-түлікпен қамтуға зор үлес қосатын бірқатар кәсіпорын бар. Алдағы уақытта олардың саны арта түседі. Бұл ретте, Мемлекет басшысы «Родина» агрофирмасының тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде тарату бойынша тапсырма берді. Бұл кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері де, әлеуметтік жауапкершілігі де жоғары. Сондай-ақ Целиноградта «Ен-Дала», Аршалыда «Темір Агро», Бұландыда құс фабрикасы, Ақкөлде «Еңбек» және басқалар да өз кәсіпорындарын кеңейтіп жатыр. Сол арқылы алдағы уақытта елорданы табиғи әрі таза азық-түлікпен қамту көрсеткіші арттырылады. «Мал шаруашылығы саласында құс етінің өндірісі бойынша үздік орнымызды сақтап келеміз. Жалпы республика көлеміндегі үлесіміз 30%, ал тауық жұмыртқасы бойынша – 16%. Биыл 5 сүт фермасын іске қосып жатырмыз. Енді тауарлы сүт өндірісі жылына 30 мың тоннаға немесе 1,4 есе артады. Келесі жылы тағы екі ферма іске қосылады. Биыл жемшөп дақылдары үшін егістік алқаптарын кеңейттік. Нәтижесінде малға жеткілікті жемшөп дайындалды. Өңдеу саласында да оң серпін байқалады. Осы бағытта өңірде 67 кәсіпорын жұмыс істейді. Олар 10 ай ішінде 208 млрд теңгеден астам сомаға азық-түлік өндіріп, өткен жылғы деңгейге қарағанда 5 %-дан асып отыр. Бұл ретте, өңделген сүт, ірімшік пен сүзбе, өсімдік майы мен ұн өндірісі айтарлықтай артты», – деді облыс әкімі. Мемлекет басшысы үш жыл ішінде өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу бойынша міндет қойды. Ол үшін нақты шаралар қабылданып жатыр. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін агроөнеркәсіп саласына 132 млрд теңгеден астам инвестиция тартып, 80 жобаны іске асыру жоспарда бар. Бұл өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, олардың жүктемесі мен өндірістік қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Биыл 30 млрд теңгеден астам сомаға 27 жоба іске қосылмақ. Мемлекет тарапынан да көп қолдау көрсетілуде. Мысалы, фермерлер арасында көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына жеңіл кредит берудің «Кең Дала-2» бағдарламасы ерекше сұранысқа ие. Келесі егін егу науқанына толықтай дайындалу үшін жеңіл кредитке енді биылғы желтоқсан айынан бастап қол жеткізуге болады. Жақын күндері осы жұмыстарға арналған алғашқы 15 млрд теңгені шаруа қожалықтарына таратыла бастайды. Ал қаңтарда тағы қосымша қаражат қарастырылмақ. Бұл диқандарға жалақы төлеуді, сапалы тұқымды, минералды тыңайтқыштарды және басқа да қажетті тауарлар мен қызметтерді дер кезінде сатып алуға оң септігін тигізеді. Өңірде бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасады. Индустриялық сектордың дамуы да қарқынды жүріп жатыр. Өнеркәсіп саласында өндіріс көлемі 1,6 трлн теңгені құрады. Мұның 77%-дан астамын өңдеу саласы құрап отыр. Облыс республика көлемінде теміржол подшипниктерінің 100%, мамандандырылған көліктің 81%, астық жинау комбайнның 67%, құрамында алтын бар руданың 59%, трактордың 39%, өңделмеген алтынның 30%, керамикалық кірпіштің 28% өндіреді. Өңір жартылай өңделген алтын өндірісі бойынша бірінші орында тұр. Жалпы, машина жасау, тамақ өндіру және электрмен жабдықтау салаларында өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/895094
Абай ауданында жол жөндеу жұмысы аяқталды 03.12.2024
Тоқтамыс ауылына апаратын жолдың 10 шақырымына орташа жөндеу жұмысы аяқталды. Жоба аясында асфальт төселіп, қазір жол жиектерін нығайту жұмыстары жалғасуда. Мердігер – «Семей жолдары» ЖШС.Сондай-ақ Тоқтамыс ауылы бағытындағы 6-11 шақырым (5 шақырым) учаскесінде аудандық маңызы бар жолды орташа жөндеуге ведомстволық сараптама қорытындысын қабылдау аяқталды. Бүгінде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік қаржыландыруға өтінім беріліп, қаржы бөлінді. Жол жөндеу 2025 жылы аяқталады деп көзделген.Сонымен қатар 2024 жылы «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар» облыстық маңызы бар автомобиль жолында ұзындығы 20 шақырымды құрайтын екі учаскеде: 198-ден 208-ге дейін және 208-ден 218-ге дейін орташа жөндеу жұмысы жүргізілді.2024-2025 жылдары «Аягөз-Қарауыл-Семей-Қайнар» автожолының 84-99 шақырымы аралығындағы ұзындығы 15 шақырымдық учаскеге орташа жөндеу жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/895036
Көлік министрі «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына қатысты 03.12.2024
Марат Қарабаев «Amanat» партиясының республикалық қоғамдық қабылдауына қатысып, онлайн режимде Астана қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан және Жетісу өңірлері тұрғындарының өтініштері мен сұрақтарына жауап берді.Өңір тұрғындары тарапынан көлік инфрақұрылымын жақсарту, көшелерді асфальттау, республикалық маңызы бар жолдарды жөндеу, Жетісу облысында темір жол өткелдерін ашу және Түркістан облысының көліктік бақылау инспекциясының жұмысына қатысты бірқатар мәселе көтерілді.Кездесу қорытындысы бойынша барлық өтініш білдірушілерге толық жауап пен түсініктеме берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/895029
«Жастар. Энергия. Болашақ» Қостанайда есірткіге қарсы форум өтті 03.12.2024
Қостанай қаласындағы Жастар сарайында облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен ауқымды форум өтті.Бұл шара мыңнан астам оқушы мен студенттің басын қосып, жастардың есірткі қылмысының алдын алудағы белсенді рөлін айқындауға арналды.Іс-шара бағдарламасы ерекше мазмұнға толы болды. Алдымен қатысушылар арнайы техника, криминалистикалық зертхана және жауынгерлік қару-жарақ қойылған көрмені тамашалады. Бұл көрме Полиция департаментінің есірткіге қарсы күресте қандай құралдар мен әдістерді қолданатынын айқын көрсетті.– Біз қызметіміздің жұмысын ашық көрсету арқылы жастарға есірткі мәселесінің ауқымын түсіндіргіміз келеді. Олар бұл мәселеге бейжай қарамай, оның шешімінің бір бөлігі бола алатынын сезінулері керек, – деді Қостанай облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрбол Сәден.Форум барысында жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу және құқық бұзушылықтың салдары туралы мәселелер кеңінен талқыланды. Талқылауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, облыстық мәслихат депутаты Махаббат Жұтаев, психикалық денсаулық орталығының психолог-наркологы Гүлсім Бисімбаева және пара пауэрлифтинг бойынша жаттықтырушы Дмитрий Царенко қатысты.Студенттер есірткімен күрес шаралары және қылмыс үшін қарастырылатын жазалар туралы белсенді сұрақтар қойып, талқылауға қатысты.– Есірткі – тек денсаулыққа қауіп төндіріп қана қоймай, заң бұзушылыққа алып келетін ауыр мәселе. Жастар осыны түсініп, өз өмірлеріне жауапкершілікпен қараулары тиіс, – деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев.Форум аясында «Есірткіге қарсы үздік бейнеролик» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Байқауға қатысқан 30 жұмыстың ішінен үздіктер таңдалып, үшінші орынды Қазтұтынуодағы Қостанай жоғары колледжінің студенті Бекзат Құбжасаров, екінші орынды Қостанай гуманитарлық колледжінің студенті Шыңғыс Шелдебаев, ал бірінші орынды Гуманитарлық колледждің студенті Константин Щербинин иеленді. Барлық жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.– Біз студенттерді мұндай байқауларға қатысуға белсенді түрде ынталандырамыз. Бұл жастардың өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың шешімін іздеуге де атсалысуын қамтамасыз етеді, – деді Константин Щербинин.Сонымен қатар студенттер жеңіл ақша табуға итермелейтін есірткі қылмысының түрмеге алып келетін салдары туралы бейнероликтер тамашалады. Форумның ерекше сәті – есірткі іздеуге маманданған бельгиялық овчарка Тесланың жұмысы болды. Студенттер жасырған заттарды Тесла әп-сәтте тауып, көрермендерді тәнті етті.Іс-шара соңында есірткісіз жарқын болашаққа шақыратын музыкалық композициялар орындалып, жастарға салауатты өмір салтын ұстануға деген ынта-ықылас ұялатты.Бұл форум жастардың әлеуметтік жауапкершілігін арттырып, есірткіге қарсы күресте олардың белсенді рөл атқаруына түрткі болды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/895065
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақының жеңімпаздары анықталды 03.12.2024
Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақыны табыстау бойынша жыл сайынғы байқау аяқталды. Қоғам қайраткерлері мен сарапшылардан құрылған конкурстық комиссия 135 ұйымның өтінімін қарады.Нәтижесінде 15 номинация бойынша 66 үкіметтік емес ұйым сыйлықақы иегері атанды.Лауреаттардың жұмысы жоғары әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді. Сыйлықақы жеңімпаздары 5 мыңнан астам арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіп, 8 мыңнан астам адамға оңалту жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, халықтың әлеуметтік осал топтарынан 60-тан астам адам жұмысқа орналастырылды.Айта кетейік, кейінгі сегіз жыл ішінде бұл беделді марапат 486 үкіметтік емес ұйымға табысталған.Үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйлықақы жеңімпаздарының тізімі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/894999
2024 жылдың 11 айында Қазақстанда мұнай өңдеу көлемі 16,7 млн тоннаны құрады 03.12.2024
2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарында мұнай өңдеу көлемі 16,7 млн тоннаны құрады, бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,6% - ға артық (өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 103,6%).2024 жылғы есепті кезеңде мұнай өнімдерін өндіру көлемі:- автобензин - 4,88 млн.тонна немесе 2023 жылға 101,1%;- дизель отыны - 4,91 млн.тонна немесе 2023 жылға 103%;- авиакеросин - 0,68 млн.тонна немесе 2023 жылға 118,6%-ды құрады.Бүгінгі таңда қазақстандық мұнай өңдеу зауыттары тұрақты жұмыс істейді, жанар-жағармай материалдарының (ЖЖМ) қорларын тиеу және толықтыру үздіксіз жүзеге асырылуда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/895034
Қазақстанда үш жәрдемақы тағайындау процесі жеңілдетіледі 03.12.2024
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп әлеуметтік-еңбек саласындағы үш мемлекеттік қызмет көрсету процесін автоматтандыруды жоспарлап отыр.Ол үшін адами факторды алып тастауды және осы қызметтерді көрсету процесін автоматтандыруды көздейтін пилоттық жоба іске қосылады. Осылайша, оларды ұсыну бойынша операциялық процестер 7 жұмыс күнінен бір жұмыс күніне дейін қысқартылады.Жаңа тәсілмен көрсетілетін қызметтердің қатарына: «Қазақстанның Еңбек Epi» атағына ие болған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; «Халық Қаһарманы» атағына ие болған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау; «Жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша төленетін айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты берілетін зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау».«Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдау жүйесі арқылы әлеуметтік-еңбек саласының кейбір мемлекеттік қызметтерін проактивті көрсету жөніндегі пилоттық жобаны іске қосу туралы» бірлескен бұйрықтың жобасы 2024 жылғы 18 желтоқсанға дейін талқылау үшін «Ашық НҚА» порталында орналастырылған.Төмендегі сілтеме бойынша бұйрық жобасымен танысып, өз ұсыныстарыңызды қалдыра аласыз: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15324040.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/895026
ТЖМ құтқарушылары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметімен өзара іс-қимыл жасасуда 03.12.2024
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің ерекше мақсаттағы күштері «Батыр» Президенттік полкінің 0111 әскери бөлімінің базасында Алматы қаласы ТЖД құтқарушыларымен өзара іс-қимыл және тәжірибе алмасу мәселелері бойынша жұмыс кездесуі өтті.Іс-шара барысында құтқарушылар арнайы бөлімше қызметкерлерімен табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың, оның ішінде жер сілкінісінің зардаптарынан қорғау саласындағы білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісті.Жалпы өткізілетін іс-шаралар қиын жағдайларда Алматы қаласының азаматтары мен аумағын қорғауға бағытталған ведомствоаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/895014
ТЖМ құтқарушылары тұрғын үй секторында ауқымды рейдтік іс-шаралар жүргізуде 03.12.2024
Жылыту маусымы басталған кезде республикада Төтенше жағдайлар министрінің бастамасымен өрт қауіпсіздігі айлығы өткізілуде. Іс–шараның негізгі мақсаты – өрттің салдарынан адамдардың қаза болуына және жарақаттануына жол бермеу, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіз жүріс-тұрыс ережелері туралы хабардар болу деңгейін арттыру. Еліміздің бірқатар өңірлерінде ТЖМ құтқарушылары тұрғын үй секторында кезекті рейдтік іс-шаралар ұйымдастырды.Қостанай облысы ТЖД құтқарушылары Полиция академиясының курсанттарымен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп Қостанай ауданы Иван Павлов атындағы ауылда тұрғын үй секторын аралап шықты. Рейд барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзудың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Мамандар жергілікті тұрғындардың үйлеріндегі пешті жылытудың жай-күйін тексерді, мұржалардың болуы мен жарамдылығына назар аударды, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұсыныстар берді. Қауіпсіздікті арттыру үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп үйлерде улы газ датчиктері орнатылған. Іс-шара аясында өрт қауіпсіздігі ережелері бар жадынамалар таратылды. Тұрғындарға сақтық шараларын қатаң сақтау керектігін ескерту үшін мамандар дауыс зорайтқыш құрылғыны да қолданды.Абай облысында ауқымды акция ұйымдастырылды. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков, сондай-ақ 160-тан астам ТЖД қызметкері, жергілікті полиция қызметі, жергілікті атқарушы органдар, волонтерлер, әлеуметтік қызметкерлер, блогерлер мен журналистер қатысты. Акция барысында тұрмыстағы өрт қауіпсіздігінің негізгі талаптарын түсіндіру мақсатында әлеуметтік осал топтардың үйлеріне бару ұйымдастырылды. Бұл санатқа жалғызбасты зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі адамдар мен аз қамтылған азаматтар кіреді. Рейдтер кезінде улы газды анықтайтын датчиктер орнатылып, мұржаларды тазалау және тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды жоюға көмек көрсету жұмыстары жүргізілді. Осы жылыту маусымы басталғалы бері Абай облысының аумағында 3 мыңнан астам осындай датчик орнатылды.Батыс Қазақстан облысы ТЖД қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Орал қаласының тұрғын алаптарында рейдтік іс-шарасы өткізілді. Оған жергілікті атқарушы органдардың, полиция департаментінің, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ филиалының және волонтерлер ұйымдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында, «Respublica» партиясының демеушілік көмегімен департамент қызметкерлері тұрғын үйлерге улы газ датчиктерін орнатты. Сонымен қатар жылу беру кезеңіндегі өрт қауіпсіздігі шаралары, орнатылған газ датчиктерінің пайдасы туралы түсіндіру жұмыстары да жүргізілді. Іс-шара барысында дауыс зорайтқыш құралғылары іске қосылып, тұрғын алаптардың көшелерінде өрт қауіпсіздігі шаралары туралы ақпарат таратылды. Газ техникалық инспекция және «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ БҚӨФ қызметкерлерімен тұрмыстық газ жабдықтарында ақаулардың бар-жоғы тексерілді. Анықталған бұзушылықтар сол жерде жойылды.Бұл бағыттағы жұмыстар жылыту маусымы кезеңінің соңына дейін жалғасатын болады. Өңірлердің барлық елді мекендерінде осындай акциялар өткізу жоспарлануда.ТЖМ азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау және жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану қажеттілігін еске салады. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/895086
«Тірек мектебі – шағын жинақты мектеп» моделі еліміздің барлық өңірінде енгізіледі 03.12.2024
Ғани Бейсембаев ауыл мектептерінің сапасын арттыру бойыныша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесімен бөлісті. Әсіресе, Ақтөбе облысында жүзеге асырылған «Тірек мектебі – шағын жинақты мектеп» моделі тиімділігін көрсетті.Жоба нәтижесі 2023 жылмен салыстырғанда шағын жинақты ауыл мектептеріндегі білім сапасы орта есеппен 7 пайызға артқанын көрсетті. Облыста цифрлық білім беру экожүйесі қалыптасып, сапалы интернетке қол жеткізу мәселелері шешілді. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оны еліміздің барлық өңірлерінде кеңейтуді ұсынып отыр.«Жоба аясында Ақтөбе облысында жүргізілген кешенді жұмыстар шағын жинақты мектептердегі білім сапасының артуына ықпал етті. Оқу-ағарту министрлігі ұлттық үйлестіруші ретінде ауыл мектептерінің даму стратегиясын әзірледі. Енді әкімдіктер стратегия негізінде жобаны масштабтау жұмыстарын кезең кезеңімен іске асыруды қамтамасыз етуі қажет», - деп қорытындылады министр.Айта кету керек, биылғы жылы жобаға Ақмола, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарындағы 10 тірек және 30 шағын жинақты мектеп тартылуда. 2025 жылдың қаңтарынан бастап жобаға 17 өңірдің 192 тірек және 759 шағын жинақты мектебі қатысады. Ал үшінші кезеңде осы жобаға қалған шағын жинақты мектептердің барлығы толығымен қамтылуы тиіс. Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/895031
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы тағайындалды 03.12.2024
Жамбыл облысы әкімінің өкімімен жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы лауазымына Ерлан Бейсенұлы Байболат тағайындалды.Ерлан Бейсенұлы 1993 жылы Талас ауданы Қаратау қаласында дүниеге келген. Білімі жоғары.Еңбек жолын 2015 жолын құқық қорғау органдары саласынан бастаған.2018-2019 жылдары ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің әдіснама басқармасының сарапшысы, 2019-2020 жылдары ҚР Қаржы министрлігі Заң қызметі департаменті нормативтік құқықтық актілерді сараптау басқармасының бас сарапшысы, басшысы, 2020-2022 жылдары ҚР Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаменті нормативтік құқықтық актілерді сараптау және мониторингі басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.2022 жылдан бүгінгі күнге дейін Жамбыл облысы әкімі аппараты заң қызметінің басшысы, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары лауазымында еңбек етіп келді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/894862
"Таза Қазақстан": Қарағанды жастары экологиялық іс-шаралар өткізуді үйренді 03.12.2024
Қарағанды Жастар ресурстық орталығы жастар ұйымдарының, жоғары оқу орындары мен колледждердің еріктілері үшін "ЭкоЖастар: Болашақ біздің қолымызда" семинар-тренингін ұйымдастырды. Ол "Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында өтті.Экологиялық іс-шараны басынан аяғына дейін қалай ұйымдастыруға болатыны жайлы қарағандылық экотренер, саяхатшы және салауатты және экологиялық өмір салты бойынша жаттықтырушы Дамир Кәрімов айтып берді.Ол негіздерден бастады. Экотренер түрлі ұйымдармен – БАҚ, әкімдік, экологиялық ҮЕҰ және т.б. өзара іс-қимыл туралы егжей-тегжейлі айтып берді. әртүрлі іс-шараларды: акцияларды, әлеуметтік конкурстарды, марафондарды, шеберлік сабақтарын, дәрістерді және т. б. экологиялық шараларды өткізу тәсілдері қарастырылды.– Жеке тәжірибеме сүйене отырып, мен бір маңызды мәселені көтердім – экологиялық іс-шаралардың экологиялық еме болуы. Оны бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ, шарлар, баннерлер қолданылған кезде байқауға болады. Бұл іс-шараның зияны пайдасынан гөрі көбірек. Сонымен қатар тек ерекшеліктермен ғана емес, қателіктермен де бөлістім. Болашақта экологиялық іс-шараларды ұйымдастырушылар жағымсыз сәттерден аулақ болу үшін, – дейді Дамир Кәрімов.Сондай-ақ, семинарға қатысушылар жастардың экологиялық сауаттылығын арттыруға көмектесетін өзекті мәселелерді талқылады."Таза Қазақстан" бағдарламасы басталғаннан бері Қарағанды Жастар ресурстық орталығы 100-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырды. 2024 жылдың маусым айынан бастап өңірде алты ауқымды акция, тренинг және т. б. өткізілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894963
Нұра ауданында "Осал топ" санатындағы 10 отбасы баспаналы болды 03.12.2024
Тұрғын үйге кезекте тұрған Нұра ауданының тұрғындарына жаңа пәтер кілті табысталды. Қоныс тойын 10 отбасы тойлайды.Пәтер ауданы 80–86 шаршы метрге дейін. Оларды халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдері алды.Жаңа қоныстанушылар қатарында көпбалалы ана Меруерт Бейсембекова бар.– Біздің төрт баламыз бар. 2021 жылдан бері кезекте тұрдық. Әрине, біз тез баспана алатынымызға сенбедік. Пәтер кең, жарық. Ұлдар қазірдің өзінде өз бөлмелеріне жайғасып алды. Жақын арада пәтерге кіреміз деп ойлаймын, – дейді Меруерт.Жыл басынан бері Нұра ауданында барлығы 61 отбасы баспаналы болды. Жыл соңына дейін тағы 34 жаңа пәтердің кілтін тапсыру жоспарланған.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/894904
Шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа тетігі қалай жұмыс істейді 03.12.2024
Көлік министрлігі шетелдік рұқсат бланкілерін берудің жаңа, жетілдірілген тетігін әзірледі. Жаңа механизм адами факторды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жояды. Шетелдік рұқсат бланкі (ШРБ) — бұл тасымалдаушыларға жүкпен шетелге шығуға мүмкіндік беретін құжат. 1. ШРБ алуға өтінімді қараудың барлық процесі толығымен автоматтандырылды, ал қарау және беру мерзімі қысқартылды. Алдымен тасымалдаушы E-license платформасы арқылы ШРБ алуға сұранысты толтыруы кажет. Сұранысты қарау мерзімі 2 жұмыс күнінен 40 минутқа дейін, ал ШРБ беру 8 күннен 1 күнге дейін қысқартылды;2. Бұрын бланкілерді беру жүйесі тарихи ақпарат бойынша жұмыс істеген еді. Мәселен, тасымалдаушылардың өткен жылғы жұмысы немесе халықаралық тасымалдардағы тәжірибесіескерілді. Жаңа ережеге сәйкес тасымалдау тарихы мен өткен жылы көліктің қаншалықты белсенді пайдаланылғаны маңызды емес. Яғни, қалауы мен тиісті рұқсаты бар кез келген тасымалдаушы рұқсат бланкін ала алады. Бұл қазақстандық тасымалдаушылар арасында неғұрлым бәсекеге қабілетті орта құруға мүмкіндік береді.3.Енді тапшы бланкілерде компанияның атауы және автомобильдің мемлекеттік нөмірі көрсетіледі.4.Жаңа тетік шеңберінде автомобильдердің кіру және шығу фактілерін тіркеу «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде ШРБ-ны көлеңкелі нарықта қайта сатудың алғышарттарын жоққа шығарады.5.Тасымалдаушының жеке кабинетіне хабарлама келген сәттен бастап 30 күн ішінде нақты бланк бойынша шетелге шығуға болады. Ескі механизм бойынша бұл көрсеткіш 100 күнге жеткен.6. Бұрын төлем екі жолмен жүзеге асырылған: екінші деңгейдегі банктер арқылы немесе онлайн, міндетті мерзімі 5 жұмыс күніне дейін. Енді тек онлайн төлем қарастырылған, ол 40 минут ішінде орындалуы кажет. Төлем туралы ақпарат электрондық үкіметтің төлем шлюзі арқылы алынады.7.Бүгінгі таңда Қазақстан 42 елмен шетелдік рұқсаттармен алмасуды жүзеге асырады. Биыл рекордтық алмасу жасалды — 364 705 ШРБ.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/transport/press/news/details/894922
IT-технопарк, Жастар паркі және стадион: Yessenov Forum өңірге маңызды нысандар сыйлады 03.12.2024
IT-технопарк, Жастар паркі және стадион:Yessenov Forum өңірге маңызды нысандар сыйладыЕсенов университетінде «Yessenov Forum: Тұрақтылық мағыналар» форумы ұйымдастырылды. Yessenov Forum аясында «Yessenov Technopark» кешені, жастар паркі және футбол стадионының ашылу салтанаты өтті.Шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин, сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындарының ректорлары, ірі кәсіпорын басшылары, депутаттар мен қоғам өкілдері қатысты.Бірінші нысан – «Yessenov Technopark»Технопарк кәсіпкерлерге, жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне және мектеп оқушыларына арналған бірегей алаң болып табылады. Мұнда қатысушылар өз идеялары мен стартап жобаларын жүзеге асырып, токарь, дәнекерлеуші секілді жұмысшы мамандықтарды меңгереді.Заманауи екі қабатты ғимараттың жалпы ауданы 2000 шаршы метрді құрайды. Бірінші қабатта робототехника, цифрлық өндіріс, металл және ағаш өңдеу шеберханалары орналасқан. Екінші қабатта жасанды интеллект, ойын әзірлеу, блокчейн, криптовалюта, мобильді қосымшалар және киберқауіпсіздік бағыттары бойынша білім беріледі.Бұл бағдарлама Yessenov Forum-ға арнайы шақырылған әлемге әйгілі француз маманы, инновациялық оқыту әдістерінің жаңашылы Николя Садирактың 01 Edu бағдарламасы негізінде жүзеге асады. Ecole 42 және 01 Edu әдістемелері әлем бойынша білім беру жүйесіне заманауи серпін берді.Екінші нысан – «Жастар паркі»Форум қонақтары парктің ашылу салтанатына қатысып, жаңа аумақта ағаш отырғызды. «Жастар паркі» жастардың таза ауада демалуына және түрлі музыкалық әрі ойын-сауық бағдарламаларын өткізуге арналған. Парк аумағында амфитеатр, субұрқақ және 50 орындық шағын кафе жұмыс істейді. Барлығы 3000 ағаш отырғызылған саябақ тек студенттер үшін ғана емес, қала тұрғындары үшін де қолжетімді.Үшінші нысан – 1500 орындық футбол стадионыYessenov University кампусында пайдалануға берілген бұл жаңа нысан студенттердің салауатты өмір салтын ұстануына және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Аумағы 7000 шаршы метрді құрайтын стадионда футбол мен жеңіл атлетикадан облыстық деңгейдегі жарыстарды өткізуге болады.Ашылу салтанатынан кейін Yessenov University мен Atyrau University командалары арасында достық футбол матчы өтті.«Yessenov Forum: Тұрақтылық мағыналар» форумы – өңірдің тұрақты дамуына арналған тың идеялар мен шешімдер ұсынатын маңызды алаң. Жаңа нысандар студенттер, кәсіпкерлер және қала тұрғындары үшін инновациялық мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/894939
Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен инженерлері Халықаралық инженерлік академиясының мүшелігіне сайланды 03.12.2024
Қазақстанның көрнекті ғалымдары мен инженерлері Халықаралық инженерлік академиясының мүшелігіне сайландыМәскеу қаласында Халықаралық инженерлік академияның жалпы отырысы өтті, оған 40-тан астам елдің ұлттық инженерлік академияларының өкілдері қатысты.Отырыс барысында ғылыми, инженерлік және инновациялық қызметтің нәтижелері талқыланды. Қазақстанның Ұлттық инженерлік академиясының атынан сөз алған танымал ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, Ұлттық инженерлік академиясының академигі Темірбеков Нұрлан Мұханұлы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың инженерлік саланы дамытуға қатысты қойған бастамаларының жүзеге асырылуы туралы баяндады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инженерлік саланы экономикалық өсім мен елдің технологиялық тәуелсіздігінің негізі ретінде айрықша маңызды деп атап өткен болатын.Сонымен қатар Халықаралық инженерлік академиясының толық мүшелері мен корреспондент-мүшелерін сайлау өтті.Қазақстанның алғашқы ғарышкері, көрнекті сынақ инженері, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы – Әубәкіров Тоқтар Оңғарбайұлы, танымал химик ғалымдар – Мансұров Зұлхайыр Аймұхамбетұлы және Мун Григорий Алексеевич, көрнекті инженер ғалым – Бижанов Нұрахмет Кусаинович Қазақстаннан Халықаралық инженерлік академиясының толық мүшелері болып сайланды.Джомартов Асылбек Абдразақұлы, Надиров Ариф Надирович, Күлдеев Ержан Ітеменұлы, Нұрахметов Бауржан Құмарғалиұлы корреспондент-мүшелер болып сайланды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/894983
Қазақстанның жер ресурстарын тұрақты басқару саласындағы тәжірибесі туралы СОР16-да айтылды 03.12.2024
БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы конвенциясының 16-шы Тараптар Конференциясы (COP16) 2024 жылдың 2-13 желтоқсаны аралығында Сауд Арабиясы Корольдігінің Эр-Рияд қаласында өтеді.ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі аталған іс-шараға Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы, шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенцияның ұлттық үйлестірушісі Мұрат Теміржановты ұсынды.Конференцияда Мұрат Теміржанов Қазақстанның жер ресурстарын тұрақты басқару саласындағы тәжірибесі туралы айтты. Министрлік және жұмыс сессиялары шеңберінде жердің тозуының бейтарап теңгерімі (ЖТБТ) қағидаттарын енгізу, жерді пайдалану саласындағы ұлттық саясатты жетілдіру және тозған аумақтарды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау мәселелері талқыланды.Жер ресурстарының жай-күйін мониторингілеу және оларды тиімді қалпына келтіру үшін геоақпараттық жүйелерді (ГАЖ) және қашықтықтан зондтау деректерін қоса алғанда, озық технологияларды пайдалануға ерекше назар аударылды. Қазақстан БҰҰ-ның шөлейттенуге қарсы күрес жөніндегі Конвенциясы аясындағы халықаралық ынтымақтастыққа өзінің адалдығын атап өтіп, табысты тәжірибелермен бөлісуге дайын екендігін мәлімдеді.Қазақстанның COP16-ға қатысуы халықаралық әріптестермен диалогты нығайтуға, ұлттық бастамаларды ілгерілетуге және тұрақты жер пайдалану және климаттың өзгеруіне қарсы күрес саласында жаһандық күн тәртібін қалыптастыруға бірегей мүмкіндік береді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/894934
Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының м. а. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында болды 03.12.2024
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдері комитеті төрағасының м.а. генерал-майор Арман Қалиев Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің және ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімі екінші құтқару батальонының бөлімшелерімен танысты.Департаментте Арман Қалиев жұмыс кеңесін өткізіп, өңірлердегі төтенше жағдайларға ден қоюдың жеделдігін арттыру үшін Министрліктің техника мен жабдықтарды жаңарту бойынша жүргізіп жатқан жұмысы туралы айтты. Материалдық-техникалық базаны зерделеп, жеке құраммен ағымдағы міндеттер мен проблемалар туралы әңгімелесті, сондай-ақ қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың стелласына гүл шоқтарын қоюға қатысты. Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша төраға өңірдің және оның азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мақсатты жұмыс үшін тиісті тапсырмалар берді.«Техниканы жаңғыртудың, жеке құрамның кәсіби даярлығын арттырудың және ТЖ-ға тиімді ден қою үшін қауіпсіздік шараларын күшейтудің маңыздылығы бөлімшелердің жедел ден қоюға дайындығын нығайтуға, міндеттерді орындау кезінде тәуекелдерді азайтуға және халықтың құтқару қызметтерінің жұмысына деген сенім деңгейін арттыруға ықпал етеді», - деп Арман Зарлықұлы атап өтті.Сонымен қатар генерал-майор Арман Қалиев жұмыс сапарымен Абай облысының гарнизонына барды.Ол әскери бөлімнің техникасымен және қару-жарағымен танысты, 68303 әскери бөлімінің құрылысына бөлінген жер учаскесін қарады, сондай-ақ жедел-құтқару жасағы құтқару станциясына барды. Сонымен қатар генерал-майор Арман Қалиев жеке құраммен кездесу өткізді. Құтқарушылар аллеясында батырлардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір бөлімшелері жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырмалар берілді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894970
Еліміздің өңірлерінде қауіпсіздік шаралары күшейтілуде 03.12.2024
Жамбыл облысында 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне белсенді түрде кешенді дайындық жұмыстары жүргізілуде. Төтенше жағдайлар департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірдегі барлық гидротехникалық нысандарды тексеріп, қажет аудандарда алдын алу шараларын қабылдады.Облыста 1039 шақырым канал, 1615 шақырым арық, 406 су өткізу құрылымы, 299 автомобиль және 115 теміржол көпірі тазартылды. Трансшекаралық «Шон-Қақпа» су қоймасынан су жіберу шараларын қоса алғанда, су қоймаларының жағдайына тәулік бойы бақылау жүргізілуде.Қауіпті аймақта орналасқан 42 елді мекеннің қорғалу деңгейін арттыру үшін су тасқынына қарсы іс-шаралардың жол картасы іске асырылды. Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл аудандарында өзен жағалауын нығайту жұмыстары аяқталды. Су басу қаупін болдырмау үшін 27 шақырым каналдар мен дренаждық жүйелер кеңейтіліп, тереңдетілді, сондай-ақ 12 көпірдің су өткізу қабілеті арттырылды. Сонымен қатар 396 эвакуация пункті дайындалып, инертті материалдар мен жанар-жағармай қорлары жасалды.Жамбыл облысының әкімі Е.Қарашөкеевтің басшылығымен және облыстық ТЖД бастығы А. Тоқановтың қатысуымен Шу ауданының Шу өзеніне аэровизуалды тексеру де жүргізілді.Бүгінгі таңда Шу ауданының бірқатар елді мекендеріне, ауыл шаруашылық және автокөлік көпірлері мен жолдарын су басу қауіпін төндіріп тұрған «Тасөткел» су қоймасымен реттелетін Шу өзені болып табылатындығы мәлім. «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалының ағымдағы жылдың 29 қарашадағы мәліметіне сәйкес «Тасөткел» су қоймасында судың көлемі 354,9 млн. м3 құрап отыр. Судың су қоймасына түсуі және жіберілуі 120 м3/сек., яғни транзиттік режимде жұмыс істеуде. Шу өзенінің су өткізу қабілеттілігі 200 м3/сек. құрайды, алайда биылғы жылдың 13 қарашасында «Мерке-Шу-Бурылбайтал» автокөлік жолының 109 шақырымында орналасқан көпірдің маңындағы Шу өзенінің жағалауын (ұзындығы 350 метр) су шаю оқиғасы орын алды.Осыған байланысты табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Шу өзені қауіпті учаскелерді айқындап, жағалауын нығайту жұмыстарын шұғыл түрде жүргізуін қамтамасыз етуді ұйымдастыруда.Облыстың ТЖД Қазгидрометтің Жамбылдағы филиалымен бірлесіп метеорологиялық ақпаратпен жедел алмасу ұйымдастырылды. Өңірдегі су тасқынына қарсы жұмыстар қатаң бақылауда және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/894917
Қазақстанда ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру бойынша «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асуда 03.12.2024
ҚР Үкіметінің отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ауыл мектептерінде білім сапасын көтеру мақсатыныда қолға алынған шараларға тоқталып өтті. Бүгінде осы мақсатта елімізде өңірлердегі шағын жобаларды қамтитын «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы жүзеге асуда.Өткен жылы Ақтөбе облысында Оқу-ағарту министрлігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының және Білім беруді тұрақты дамыту қолдауымен цифрлық технологияларды пайдалана отырып, ауыл мектептерінің әлеуетін арттыру жөніндегі жоба табысты жүзеге асырылды. Жобаға 12 тірек және 134 шағын жинақты мектеп, 11 мыңнан астам білім алушы мен 3,5 мыңға жуық педагог қатысты.Жобаға қатысқан мектеп басшылары мен педагогтері цифрлық құзыреттілік пен кәсіби дамуға бағытталған арнайы курстардан өтті. Шағын жинақты мектептердің техникалық мүмкіндіктеріне қарай оқытудың 4 моделі әзірленіп енгізілді.«Жоба аясында тірек мектептерінің материалдық-техникалық базасы толығымен жаңартылып, шағын жинақты мектептер пәндік және цифрлық кабинеттермен жабдықталды. Мектептер жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етілді», - деп мәлімдеді Ғани Бейсембаев.Сондай-ақ өткен оқу жылы Алматы облысының 50 мектебінде жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша білім сапасын арттыру мақсатында «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесіне негізделген жоба жүзеге асырылды, ал биылғы жылы Маңғыстау облысында «Отпан» жобасы басталды. Жоба 50 мектепті қамтиды, оның ішінде 35 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан. Оған барлығы 60 мың білім алушы мен 7 мың педагог қатысты.Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда бүгінде 8 мың мектеп бар, оның 67% ауыл мектептері, 51% шағын жинақты мектептер. Шағын жинақты мектептердің ең көп саны Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында орналасқан.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/edu/press/news/details/894954