Enbekshi QazaQ

Қуқық

Астанада виртуалды платформада курсанттар сайысы өтті 28.11.2024
Алғаш рет қазақстандық «Геотактика» үдеткішінің платформасында азаматтық жоғары оқу орындары әскери кафедраларының студенттері, Қорғаныс министрлігінің жоғары оқу орындары мен колледждерінің курсанттары арасында әскери-тактикалық жарыстар өтті. Astana IT университетінің базасында ұйымдастырылған жедел штабта Қорғаныс министрінің кеңесшісі Айгүл Төлембаева 23 команданың іс-әрекетін қадағалап, бақылады.Қорғаныс ведомствосының өкілі мамандарды оқытуда жаңа технологиялардың маңыздылығын атап өтті. Ол жарысқа қатысушыларға алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін командалық жұмыстың табысты болуын тіледі. – «Геотактика» үдеткіші әскери істің негіздерін, ұрыс тактикасын игеруге мүмкіндік береді, әртүрлі қару-жарақ түрлерін, сондай-ақ ұшқышсыз басқарылатын құрылғыларды басқаруды үйретеді. Сонымен қатар, бұл виртуалды шолу көзілдірігінің көмегімен компьютердегі аудиторияда жасалады. Одан бөлек «Геотактика» компьютерлік бағдарламасын пайдалана отырып әскери-тактикалық жарыстар кеңестік кеңістіктегі елдер арасында алғаш рет өткізіліп отырғанын және бұл отандық бағдарламашылардың әзірлемесі екенін атап өткім келеді, – деді А.Төлембаева. Виртуалды полигондағы дистанциялық жарыстар екі кезеңде өтті. Іріктеу турында қатысушылар әскери топография және атыс дайындығы бойынша жаттығуларды орындады. Финалға сегіз команда шықты, олар турнирді playoff форматында жалғастырды. Конкурсқа қатысушылар елді мекенді қорғау, шабуылдау және тазарту жөніндегі сценарийлерді пысықтай отырып, ұрыс тактикасында бағын сынасты.Киберқауіпсіздік циклі бойынша әскери кафедрада оқитын Astana IT University 3 курс студенті Алмас Мағзұмов жарыстан алған әсері жайлы былай деді: – Біз ақпараттық қауіпсіздік негіздерін, ақпаратты қорғау әдіс-тәсілдерін, шифрлау әдістемесін және т.б. зерделейміз. «Геотактика» бағдарламалық жасақтамасы теориялық білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Тапсырмалар әр түрлі деңгейде болды. Олар нақты ұрыс қимылдарын имитациялайтын ортаға енуге мүмкіндік берді. Мұндай жаттығу оқу материалдарын тез игеруге мүмкіндік береді, – деді сайыскер. «Финист» компаниясының басшысы Денис Зиновьев 2023 жылы қорғаныс саласындағы Defence Tech Battle стартаптар байқауында үздік инновациялық технология деп танылған үш өлшемді «Геотактика» тренажерінің мақсаты мен мүмкіндіктерін түсіндіріп өтті. – «Геотактика» үдеткіші әскери білім беру процесін кезең-кезеңімен цифрландыруға бағытталған. Бұл жаттығу құрылғысы әскери кафедралардың студенттеріне тәжірибеге бағытталған дағдыларды үйретеді. Бүгінгі таңда бағдарлама топография, атысқа дайындық және тактика бойынша сабақтар өткізуге, джостиктер мен виртуалды шындық көзілдіріктерін қолдана отырып, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды басқаруға мүмкіндік береді, – деді Д.Зиновьев. Әзірлеме халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің, Торайғыров университетінің, Satbayev University, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің, Astana IT University және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әскери кафедраларында нәтижелі қолданылып жүр. Әскери-тактикалық жарыстың қорытындысы бойынша үздік командалар анықталды. Олар ойын шарттары бойынша қала ішінде ұрыс жүргізді. Satbayev University әскери кафедрасының командасына үйлесімді және тиімді әрекеттері үшін бірінші орын берілді. Екінші орынды Торайғыров университетінің студенттері еншіледі. Үшінші орын Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері әскери институтының курсанттарына бұйырды. Әскери-тактикалық ойынның белгілі бір кезеңдеріндегі үздік көрсеткіштері үшін Щучинск қ. Шоқан Уәлиханов атындағы Қорғаныс министрлігі әскери колледжінің, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының командаларына номинациялар берілді.Жарысқа қатысушылар тәжірибе құнды жинап қана қоймай, Қорғаныс министрінің орынбасарынан алғыс хаттар алды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/891820
Қазақстан мен Ресейдің агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін зор мүмкіндіктері бар 28.11.2024
2024 жылғы 27 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың шақыруымен Ресей Федерациясының Президенті В.В. Путиннің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапары өтті.Мемлекеттердің басшылары дәстүрлі түрде Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарына тән өзара толық түсіністік, ашықтық пен сенім жағдайында, екіжақты ынтымақтастықтың барлық кешені бойынша жемісті келіссөздер жүргізді, өзекті халықаралық және өңірлік тақырыптар бойынша пікір алмасты, екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі тереңдетудің перспективаларын қарастырды.Тараптар өндірістік кооперацияны тереңдету, автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау, химия, фармацевтика, құрылыс сияқты басым салаларда және басқа да салаларда бірлескен өзара тиімді жобаларды дамыту, өзара қолайлы шарттарда өнеркәсіп өнімдерін өзара жеткізуді реттейтін ішкі рәсімдерді жеңілдетуге жәрдемдесу ниетін растайды.2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қоюдың 10 жылдық мерейтойы жылында Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өңірлік экономикалық интеграцияның халықаралық ұйымы ретіндегі өсіп келе жатқан рөлін сенімді түрде атап өтіп, Шарт шеңберіндегі еуразиялық экономикалық интеграция Тараптардың ұлттық мүдделеріне жауап беретініне, барлық мүше мемлекеттерге бәсекелес артықшылықтар жасайтынына және даму үшін зор әлеуетке ие екеніне сенім білдіреді.Тараптар екіжақты сауда-экономикалық кооперацияны ұлғайту және тиімді, сенімді, қауіпсіз және жіксіз жеткізу тізбектері есебінен тауарлар ағынын әртараптандыру арқылы жүк жөнелтушілер үшін қолайлы жағдайлар жасау мақсатында өңірлік өзара байланысты нығайту жөніндегі өзара іс-қимылдың басымдығын қолдайды. Осы күш-жігердің шеңберінде еуразиялық кеңістіктегі түрлі көліктік-логистикалық жобаларды ұштастыру идеясы оң бағаланады.Тараптар өзара тауар айналымы құрылымындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің өсу үлесін қанағаттанушылықпен атап өтеді. Қазақстан мен Ресей агроөнеркәсіптік кешендерді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктерге ие және халықаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен нығайтудағы өзінің маңызды рөлін түсінеді.Аграрлық ғылым, ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау, ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемін жолға қою және арттыру, трансшекаралық су ресурстарын үнемді және үйлестірілген пайдалану саласындағы ынтымақтастық алдыңғы кезектегі маңызға ие.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/891770
Телекоммуникация саласындағы үкіметаралық келісімге қол қойылды 28.11.2024
Қазақстан мен Ресей 7-ші әлемдік нөмірлеу аймағын бірлесіп пайдалану туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.Қол жеткізілген келісімге сәйкес, диапазондарды бөлу келесідей анықталды: - Қазақстан Республикасы +7 0, +7 6, +7 7 кодтарын пайдаланады. - Ресей Федерациясына +7 2, +7 3, +7 4, +7 5, +7 9 кодтары бекітілді. Бұл процесс тату көршілік және өзара құрмет қағидаттарына негізделген конструктивті диалогтың нәтижесі болды. Қазақстан мен Ресей бөлінген ресурстарды азаматтардың игілігі үшін тиімді және ашық пайдалану мақсатында тығыз ынтымақтастықты жалғастырады. Айта кеткен жөн, 2021 жылы Қазақстанға жеке код алу мақсатында халықаралық телефон коды +997 резервке қойылды.Байланыс операторларымен жаңа кодқа көшу мәселесін талқылау барысында, жаңа кодқа көшу мүмкін екені, бірақ бірқатар қаржылық және технологиялық проблемалар туындайтыны анықталды.Сонымен қатар, отандық байланыс операторларының барлық абоненттері мемлекеттік және банктік қызметтерді, әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшаларды алу үшін өз деректерін жаңартуы қажет болады. Осыған байланысты көшу кезеңінде ақаулар мен жағымсыз тәжірибенің ықтималдығы жоғары.Осыған байланысты, азаматтардың ыңғайлылығы үшін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Халықаралық электр байланысы одағымен қайта келіссөздер жүргізіп, +7 халықаралық кодын өзгеріссіз қалдыру туралы шешім қабылданды. ҚР ЦДИАӨМ баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mdai/press/news/details/891746
2024 жылғы IV тоқсандағы жоспарлы-профилактикалық жұмыстар 28.11.2024
Үздіксіз әрі сапалы телерадио хабарларын таратуды қамтамасыз ету мақсатында «Қазтелерадио» АҚ тоқсан сайын спутниктік, цифрлық және аналогтық эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді.Осыған байланысты, 2024 жылғы 29 қарашада (сағ. 03:00-ден 17:00-ге дейін) телерадио хабарларын таратуды өшіріп, кезекті профилактикалық жұмыстар жүргізілетінін хабарлаймыз.Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз.Сall-сenter: 193, +7 (727) 2 581 500, 8 8000 800 193e-mail: abonent@otautv.kzАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/891756
Қазақстанда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған оныншы электрондық аукцион аяқталды 28.11.2024
2024 жылғы 27 қарашада Қазақстанда көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған оныншы электрондық аукцион өткізілді.Аукцион ҚР ҚМ «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ-тың электрондық аукцион операторының: www.e-qazyna.kz сайтында өткізілді.Аукционда қол қою бонусының ең көп мөлшерін ұсынған 6 жер қойнауының учаскесі бойынша жеңімпаздар анықталды.Аукцион қорытындысымен Құзыретті органның сайтында таныса аласыздар: https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/documents/details/756024?lang=kz«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 100-бабына сәйкес аукцион жеңімпазы аукцион қорытындылары жарияланған күнінен бастап жиырма жұмыс күні ішінде (1) қол қою бонусын төлейді және (2) құзыретті органға қол қойылатын бонустың төленгенін растауды және өз тарапынан қол қойылған құзыретті орган бекітетін көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған үлгілік келісімшартқа сәйкес әзірленген көмірсутектерді барлауға және өндіруге немесе өндіруге арналған келісімшартты жібереді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/891695
Әлеуметтік инспекторлар жыл басынан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау мақсатында 2,4 мыңнан астам тексеру жүргізді 28.11.2024
2024 жылдың басынан бері Қазақстанның барлық өңірлерінде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторлары 2 474 тексеру жүргізді, оның 629-ы профилактикалық бақылау шеңберінде, 655-ы жоспардан тыс, 1 190-ы прокуратураның талабы бойынша.Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 949 ұйғарым берілді, сондай-ақ жалпы сомасы 215,8 млн теңгеден астам айыппұл түрінде 961 әкімшілік жаза қолданылды.Мемлекеттік бақылаумен: әкімдіктер – 174, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – 99, ДК – 49, мектептер – 802, дүкендер – 21, жергілікті атқарушы органдардың бөлімдері мен басқармалары – 110, мәдениет үйі – 12, мұрағаттар, мұражайлар – 12, банктер – 12, балабақшалар – 468, колледждер, лицейлер – 144, кафелер, мейрамханалар, қонақ үйлер – 33, нотариустар – 4, мемлекеттік мекемелер-114, ауруханалар, емханалар-88, санаторийлер – 8, сауда үйлері – 39, «Қазпошта» АҚ бөлімшелері – 9, полиция пункттері – 8, стомалогия – 4, оңалту орталықтары – 11, автобус паркі, авто/теміржол вокзалдары, әуежайлар – 9, кітапхана – 4, БЖСМ, спорт мектептері – 16 және басқалар қамтылды.Мәселен, Абай облысында қоғамдық бірлестіктің өтініші бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаның болмауына байланысты сауда үйлерінің біріне жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысы бойынша субъект айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ бұзушылықтарды жою туралы нұсқама енгізілді.Бұл ретте инспекторлар мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік инфрақұрылымды бейімдеудегі оң өзгерістерді атап өтеді.«Жылдан жылға мүгедектігі бар адамдар үшін жағдай жақсарып келеді. Жаңа объектілірде пандустар, тұтқалар, тактильді құралдар, лифттер қарастырылып, қол жетімді болуда. Бұрыннан жұмыс істейтін нысандар да жаңғыртылуда. Мысалы, Grand Bazar базарында мүгедектігі бар адамдарға арналған 20 тұрақ бар, енді ешкімнің көмегінсіз екінші қабатқа көтерілуге болады. Барлық халыққа қызмет көрсету орталықтарыт да қол жетімді болды: пандустар талаптарға сай жасалып, есіктер кеңейтіліп, табалдырықтар алынып тасталды. Бұл бағыттағы жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр деп санаймын», – деп атап өтті Тараз қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Астанағұл Керімқұлов.Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылғы 1 шілдеде ҚР Әлеуметтік кодексі күшіне енген кезден бастап, елімізде мемлекеттік әлеуметтік қорғау инспекторларының институты енгізілді. Олардың құзыретіне мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыру кіреді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/891703
"Рухтастар" республикалық жастар сыйлығына өтініш қабылдау жүріп жатыр 28.11.2024
"Рухтастар" республикалық жастар сыйлығына өтініш 5 желтоқсанға дейін қабылданады. Жеңімпаздар алты номинация бойынша таңдалады. "Жастар Рухы" ЖҚ филиалдары мен бөлімшелерін марапаттау үшін тағы екі санат бөлінген."Рухтастар" – AMANAT партиясы жанындағы "Жастар Рухы" Жастар қанаты құрылтайшысы болып табылатын жыл сайынғы республикалық жастар сыйлығы. Оны алты санаттың бірінде алуға болады: - Еңбек адамы – "Ыстық қайрат". Бұл номинацияда өз қызметі саласында жоғары кәсібилігімен танылған кандидатқа артықшылық беріледі. Мұнда күрделі және өмірлік маңызды мамандықтар ең өзекті болып саналады: шахтер, металлург, инженер, слесарь және басқалар. Осы номинацияға үміткерлердің өз кәсібіне енгізген инновациялары құпталады.- Жыл еріктісі – "Жылы жүрек". Бұл номинацияда еріктілер мен қоғам қайраткерлері марапатталады. Өрттің, су тасқынының немесе жер сілкінісінің салдарын жоюға қатысқан кандидаттар, жануарларға арналған баспана жасаушылар және қаңғыбас мысықтар мен иттерді құтқарушылар, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне көмектесетіндер қатысады. - Үздік жас ғалым – "Нұрлы ақыл". Бұл номинацияда ірі ғылыми журналдарда жарияланымдары бар жас ғалымдарға, республикалық және халықаралық ғылыми конференцияларға қатысушыларға артықшылық беріледі. Сондай-ақ өнертапқыштардан, ғылымды танымал етушілерден және зерттеушілерден өтінімдер қабылданады.- Жыл батыры – "Қайсар". Бұл номинация ерлік жасағаны, жанқиярлығы және төтенше жағдайларда көрсеткен батылдығы үшін беріледі. Мұнда әр түрлі құтқару және гуманитарлық операцияларға, апаттардың салдарын жоюға қатысушылар басымдыққа ие.- Жылдың әлеуметтік жобасы. Бұл номинацияға жеке де, команда да қатыса алады. Білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларында әлеуметтік маңызы бар жобаларды табысты іске асырған авторлар танылады. Экологиялық жағдайды жақсарту бойынша жобалар да өзекті: Қалдықтарды кәдеге жарату, көгалдандыру, су айдындарын қорғау және биоәртүрлілікті сақтау.- Жыл белсендісі – "Белсенді рухтас". Бұл номинация ұйымның жұмысына белсенді қатысқан, жастар бастамаларын іске асырған және қолдаған, іс-шаралар ұйымдастырған және өз қатарына жаңа мүшелерді тартқан "Жастар Рухы" ЖҚ мүшелеріне беріледі. Екі бөлек номинация "Жастар Рухы"ЖҚ үздік бөлімшесі мен филиалын анықтау және марапаттау үшін бөлінген.18–35 жас аралығындағы барлық адамдар сыйлықақы алуға өтініш бере алады. Мұны ресми сайттағы google формасын толтыру арқылы жасауға болады https://jastarruhy.kz.Өтінімде конкурсант туралы ақпаратты көрсету, оның жарияланымдарына немесе ол туралы және оның БАҚ-тағы қызметі туралы жаңалықтарға сілтеме жасау қажет.Сондай-ақ, өтінімге презентация форматында портфолио тіркелуі керек. Онда үміткердің неге сыйлыққа лайық екендігі туралы егжей-тегжейлі дәлелдер болуы керек. Сондай-ақ, үміткер жұмыста немесе волонтерлік қызмет барысында көрсетілген фотосуреттерді қосу керек.Жеңімпаздарды марапаттау 2024 жылдың 20 желтоқсанында өтеді. Финалистер салтанатты рәсімге қатысуға жеке шақырылады. Әр номинацияның жеңімпаздары диплом, мүсін және ақшалай сыйлық алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891671
Бұқар Жырау ауданындағы мектеп заманауи физика зертханасымен жабдықталды 28.11.2024
Бұқар жырау ауданындағы Ю. Гагарин атындағы мектептің оқушылары қазіргі заманғы стандарттар бойынша жабдықталған зертханада физикамен айналысады. Қажетті жабдықтар облыстық бюджет есебінен сатып алынды.Ю. Гагарин атындағы мектеп Ботақара ауылында орналасқан. Онда екі ауысымда 620 бала оқиды.Биыл мектептің физика кабинеті барлық датчиктер және өлшеу құралдарымен, зертханалық ыдыстармен және демонстрациялық құралдармен жабдықталды.Сондай-ақ, биыл мектептерді заманауи стандарттар бойынша жаңғырту бағдарламасы бойынша оқу орнында барлық парталар мен орындықтар толығымен жаңартылып, бастауыш сынып оқушыларына арналған жеке шкафтар сатып алынды.Оқу жылы басталмас бұрын мектепте күрделі жөндеу жүргізілді: қабырғалар мен барлық әжетхана бөлмелері жаңартылды, есіктер мен терезелер ауыстырылды.– Біз балаларымыздың заманнан қалмай, білім сапасы жағынан қала оқушыларынан кем түспеуін қалаймыз. Жөндеуге, жаңа жиһаз бен жабдыққа салынған инвестициялар оқу процесінің сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз, – деп есептейді Ю. Гагарин атындағы ЖББМ директоры Сағыныш Төлеуханова.Өткен жылы мектепте заманауи STEM-зертхана пайда болып, биология кабинеті жабдықталды, енді онда барлық қажетті көрнекі құралдар мен демонстрациялық үлгілер бар.Өңір мектептерін заманауи жабдықтармен және жиһазбен қамтамасыз ету – жүйелі жұмыс. Қарағанды облысының білім басқармасының хабарлауынша, химия, биология, физика, робототехника және STEM-зертханаларды жабдықтауға арналған жиынтықтар жыл сайын сатып алынады.Фото Бұқар жырау ауданы әкімдігіненАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891675
Ербол Қарашөкеев инвестициялық штабтың отырысын өткізді 28.11.2024
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен инвестициялық штабтың отырысы жаңартылған форматта өтті.Осы жылдың мамыр айында «Тараз» ӘКК базасында инвесторды іздеп, келісімшарт жасасудан бастап пайдалануға беруге дейінгі инвестициялық жобаларды сервистік сүйемелдеуді жүзеге асыратын «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Бүгінде аталған дирекция жалпы құны 757 млрд. теңгені құрайтын 30 жобаға қолдау көрсетуде. Сондай-ақ дирекция жамбылдық тауар өндірушілердің өнімдерін шетелдік нарыққа шығару үшін экспорттық әлеуетті арттыруға күш салып отыр.Штаб отырысында шетелдік және отандық 8 компания өкілдері инвестициялық жобаларды таныстырды.Қордай ауданында шетелдік компания құны 61,1 млрд теңгеге тау-кен металлургия комбинатын салуды жоспарлап отыр.«Тараз» индустриялық аймағының алаңында қуаттылығы жылына 48 мың тонна әк өндіретін зауыт, металлургиялық зауыт (қара металдардан жасалған болат дайындамалар) салу, шыңдалған шыны өндірісін жолға қою жоспарлануда.Шу ауданы «Jibek joly» арнайы экономикалық аймағында 367 млрд. теңгеге тағы бір металлургиялық зауыт бой көтереді. Мұнда сым, арматура, құбыр өндірісіне арналған болат шығарылады.Облыс орталығында қытайлық компания заманауи тракторлар шығаратын құрастыру желісін іске қосуды көздеп отыр.Түрік компаниясы шағын индустриялық аймақтың аумағында тамшылатып суару жүйелерін шығару ісін қолға алады.Шу ауданында Sany Renewable Energy Co. Ltd компаниясы жел генераторларына қажетті жабдықтар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыруда. Өндіріс ошағы 1 ГВт жел электр станциясына қажетті жабдық өндіруге қуатты болмақ.Таразда электротаксилер іске қосылып, электр станциялары орнатылады деп күтілуде. Компания бастапқы кезеңде 40 электромобиль мен 10 электроавтобус сатып алды.Сондай-ақ құны 8,2 млрд. теңгеге қонақ үй кешенін салу жобасы талқыланды.Бұл жобалардың барлығын жүзеге асыру нәтижесінде 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.– Мемлекет басшысы тікелей инвестиция көлемінің төмендеуіне жол бермеу үшін жұмысты күшейтуді тапсырды. Жүктелген міндеттерді мерзімінде әрі сапалы орындау қажет. Барлық мәселелер жедел және кедергісіз шешілуі тиіс. Нақты жағдайларды ескере отырып, түйткілдердің түйінін тарқатуға көңіл бөлген жөн, — деп түйіндеді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/891648
Инвестиция тарту мәселесі талқыланды 28.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен инвестиция тарту, ауқымды жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланған мәжіліс өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, жауапты сала басшылары, бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.Аймақ басшысы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, нақты міндеттер жүктеді.«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аймаққа инвестиция тартуда бірқатар жұмыс жүргізілуде. Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін халықаралық, өңіраралық көлік жолдарын реконструкциялау және салу, заманауи жылу-электр станциясы сияқты ауқымды жобалар бар.Жақында халықаралық стандарттарға толық сәйкес келетін жаңа әуежай терминалы жұмысын бастады. Өнеркәсібі және технологиясы дамыған елдермен ынтымақтастық орнатуымыз қажет. Ол үшін өңірді өркендетудің басым бағыттарын анықтадық. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығында күрішті терең өңдеу, су үнемдеу технологияларын енгізу, бақша дақылдарын, балық өңдеу, түрлі кеспелер, сүт өнімдері, томат пастасын жасау. Құрылыс индустриясында қажетті материалдар мен түсқағаздар, санитарлық-техникалық бұйымдар шығару. Жеңіл өнеркәсіпте мал терісін терең өңдеу, тоқыма бұйымдарын, арнайы киімдер тігу және тағы басқа өндіріс орындары, мұнай-газ саласына қондырғылар мен құбырлар жасау.Өңірдегі 14 мұнай компаниясы биылғы 10 айда 12,5 млрд. теңгеге өндіріске қажетті түрлі тауарлар сатып алған. Осы өндірістерді облыс аумағында орналастыруға барлық мүмкіндігіміз бар», – деді Н. Нәлібаев.Облыста жаңа инвестициялық жобаларды орналастыруға арналған, жалпы ауданы 300 гектардан асатын, дайын инфрақұрылымы бар 6 индустриялық аймақ жұмыс жасайды.Аймақ басшысы қолданыстағы заңнама аясында жер телімін беруге, басқа да қолдау көрсетуге, жобаларды сүйемелдеуге әрқашан дайын екенін атап өтті.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/891583
Үкімет отырысында көтерілген мәселелер бойынша міндеттер айқындалды 28.11.2024
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен теміржол және транзиттік әлеуетті арттыру, ІТ саласының даму мәселелері талқыланған Үкімет отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев селекторлық режим арқылы қатысты.Үкімет отырысынан кейін аймақ басшысының төрағалығымен аталған мәселелер бойынша міндеттер айқындалған мәжіліс өтті. Қызылорда қаласы, аудан әкімдері мен жауапты сала басшыларына тапсырмалар жүктелді.«Өткен жылы аудан әкімдеріне теміржол вокзалдарын жөндеу үшін жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеп, мемлекеттік сараптамадан өткізу тапсырылған. Бүгінде 6 теміржол вокзалын жөндеудің құны 2 млрд. 811 млн. теңге болатын жобалары «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына жолданды.Алайда, Жосалы теміржол вокзалының жоба-сметалық құжаттамасын әзірлеу әлі күнге дейін аяқталмаған. Төретам, Сексеуіл вокзалының құжаттамасын дайындау басталмаған. Қармақшы, Арал аудандарының әкімдеріне осы жұмысты тез арада аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізуді тапсырамын.Вокзалдардың сыртқы келбеті ғана емес, жолаушыларға қызмет көрсету деңгейі де жоғары болуы, келушілерге жақсы әсер сыйлауы тиіс. Көрсетілетін қызметтердің сапасын күшейтіңіздер. Қала, аудан әкімдіктерімен бірлесіп жан-жағының абаттандырылуын, көгалдандырылуын, санитарлық тазалығын күнделікті қамтамасыз етіңіздер.Еліміздегі ІТ саласының дамуы Мемлекет басшысының, Үкіметтің тұрақты бақылауында. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастырып, мамандарды көптеп дайындауымыз қажет. Өңіріміздегі ІТ орталықтардың жұмысын зерделеп, оларды заманауи құрылғылармен қамтамасыз ету және материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша ұсыныс беріңіздер.Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін облысымыз республикада бірінші болып аудандарда орталықтандырылған бейнекамералар, жылдамдық өлшегіш құралдар орнатылды. Жобаның тиімділігін арттыру үшін камераларды құқық бұзушылықтар мен қылмыс жиі орын алатын жерлерге орнатып, тұрақты жұмыс жасауын қамтамасыз етіңіздер», – деді Н.Нәлібаев.Бүгінде Қызылорда облысы аумағынан өтетін магистральді теміржол желісінің ұзындығы мың шақырымды құрайды. Облыс аумағынан 14 жұп, Қызылорда қаласынан Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 5 жұп жолаушы пойызы қатынайды.Өңірімізде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясына қарасты 8 теміржол вокзалы мен 2 қызмет көрсету пункті бар, 6 вокзал ғимараты жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.ІТ саласын дамыту шараларын ұйымдастыру және оларға жастарды көптеп тарту бойынша өткен жылдың қорытындысымен өңіріміз бірінші орынды иеленді. Биылғы 10 айдың көрсеткіші бойынша да көш бастап келеді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/891586
Аймақ басшысы Шиелі ауданындағы құрылыс нысандарын аралады 28.11.2024
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік нысандарды аралады.Алдымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Алмалы» елді мекенінде бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның құрылыс жұмыстарын көрді. Бас мердігер «Бақ-береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ғимараттың ішкі жұмыстарына, сылап-әрлеуге кіріскен. Амбулатория жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.Мұнан бөлек, аймақ басшысы «Жансейіт» елді мекеніндегі №133 орта мектепке барды, кенттегі «Руханият орталығының» құрылыс алаңындағы жұмыс барысын тексерді. Заманауи үлгідегі 100 орындық ғимараттың ішкі және сыртқы жұмыстары 100 пайыз орындалған. Іске қосылған соң жеке бу қазандығынан дизель отынымен жылытылатын болады. Құрылысын «СМП-Қызылорда» ЖШС қолға алған екі қабатты ғимараттың аумағы 2312 шаршы метр.Биылғы «Руханият жылына» орай салынған «Руханият орталығының» құрылысы да қарқынды. Мұнда жер жұмыстары, іргетас, қабырға қалау, шатырын жабу, сыртқы-ішкі қабырғаларын сылау, әрлеу, есік-терезе орнату жұмыстары толығымен аяқталған. Осы уақытта сыртқы қаптау және абаттандыру жұмыстары атқарылуда. Нысан биыл пайдалануға берілмек.Аймақ басшысы құрылысқа қойылатын басты талап сапа екенін тағы бір ескертіп, жұмысты уақытылы аяқтаудың маңызын атап өтті.–Нысандарда ұзақ жылдар бойы халыққа еш кедергісіз қызмет көрсетілуі тиіс. Ол үшін әрине, сапалы материалдар пайдаланылуы, құрылыстың барлық талаптары сақталуы керек. Басталған жұмыстың межеленген уақытында аяқталып, қолданысқа дер кезінде берілуін де басты назарда ұстау қажет, – деді облыс әкімі.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda/press/news/details/891588
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасына жаңа басшы тағайындалды 28.11.2024
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндеттерін орындауға атақты боксшы, Олимпиада чемпионы және Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев кірісті. Оның кандидатурасын ҚР Туризм және спорт министрлігінде арнайы комиссия келіскеннен кейін тағайындау туралы өкімге аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев қол қойды.Жаңа басшыны спорт қоғамдастығына облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков таныстырды.– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және туризм және спорт министрлігінің келісімі бойынша Серік Жұманғалиұлы Сәпиев Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды. Оның практикалық дағдылары мен білімі оның жаңа лауазымдағы әлеуетін ашуға көмектеседі деп сенеміз, – деді Ораз Тәуірбеков.Облыс әкімінің орынбасары басқарманың бұрыңғы жетекшісі Темірхан Абылаевқа атқарған қызметі үшін алғысын білдірді.Серік Сәпиев оған сенім артқаны үшін алғысын білдіріп, облыста спортты дамыту үшін бар күш-жігерін салатынын айтты.– Мемлекет басшысы айтқандай, биліктің вертикалы құрылуы тиіс. Алда назар аударуды қажет ететін спорт түрлері ескерілетін жаңа заң қабылданады. Қарағанды спортының тарихы зор әрі даңқты. Жетекшілік позицияны қайтару керек. Менің өз жоспарларым, идеяларым бар. Туған жерімді спортқа бейім еткім келеді. Алдымен мен барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарды тыңдап, олармен кездесепекшімін, аймақтарды аралаймын. Сапарлар қорытындысы бойынша шешім қабылдаймыз, – деп сұхбатында Серік Сәпиев жоспарларымен бөлісті.Серік Сәпиев бірнеше біліктілік бойынша жоғары білімі бар: "дене шынықтыру педагогы", "құқықтану", "мемлекеттік және жергілікті басқару", "спорт менеджменті" мамандығы бойынша "Болашақ" халықаралық бағдарламасының стипендиаты.Еңбек жолын Қазақстан бокс федерациясында бастады: жаттықтырушы-оқытушы, кейін спорт директоры болды. "Astana Arlans" кәсіби спорт клубын басқарды. 2017 жылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 2019 жылдың қаңтарында мемлекеттік қызметке ауысты – үш жылға жуық ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарды. Содан кейін ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарды. 2022 жылдың сәуірінен бастап осы тағайындауға дейін "MTEX management" ЖШС спортты дамыту жөніндегі басқарушы директоры болып жұмыс істеді, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті болып табылады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891046
Энергетика вице-министрі Қарағанды облысының тұрғындарымен кездеседі 28.11.2024
Қазақстанның энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов 29 қарашада сағат 10:30-да Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесу өткізеді.Кездесу Қарағанды индустриалды Университетінде (Теміртау қ., Республика даңғылы, 30) өтеді.Қатысушылар Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жеке сұрақтарын қоя алады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891157
Енді қазақстандықтар көлік басқаруға арналған медициналық анықтаманы eGov.kz порталынан ала алады 28.11.2024
Пайдаланушылары көлік құралын басқара алатынын растайтын 073/у нысанындағы медициналық анықтаманы eGov.kz порталынан ала алады. Бұл барлық жүргізушілер үшін көлік жүргізуге қарсы көрсетілімдердің жоқтығын растайтын міндетті құжат.Бұрын азаматтар бұл анықтаманы төрт маманнан (терапевт, психиатр-нарколог, офтальмолог және отоларинголог) медициналық тексерістен өткеннен кейін қағаз түрінде алатын. Жаңа көрсетілетін қызметтің арқасында eGov.kz порталында медициналық анықтама алу процесі жеңілдеді. Енді пайдаланушылар медициналық тексерістен өткеннен кейін анықтаманы электрондық форматта алады, ал цифрлық құжат автоматты түрде бірыңғай деректер қорында сақталады.Көрсетілетін қызметті пайдалану үшін:- eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Денсаулық» - «Медициналық көмек» бөліміне өту;- «№ 073/е нысаны бойынша медициналық анықтама беру» қызметін таңдау;- қол жетімді қол қою әдістерінің бірімен өтінішке қол қою қажет.Көрсетілетін қызметті алу нәтижесінде мамандардың қорытындысы бар медициналық анықтама PDF форматында пайдаланушының жеке кабинетінде қолжетімді болады. Анықтама оны алған сәттен бастап бір жыл бойы жарамды.«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891278
Қарағанды облысында "Ауыл аманаты" жобасының тиімділігі талқыланды 28.11.2024
"Ауыл аманаты" жобасын іске асыруда ауыл әкімдерінің рөлі артуы тиіс. Бұдан басқа, ауыл кәсіпкерлері мен кооперативтері өндіретін өнімдерді өткізуді жолға қоюда көмек қажет.Бұл туралы Amanat партиясының Қарағанды облыстық филиалында өткен семинар-кеңесте айтылды. Оған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев пен Amanat партиясының хатшысы Елдар Жұмағазиев қатысты.– "Ауыл аманаты" жобасы ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған. Жоба іске асырыла бастағаннан бері облысымызда мал шаруашылығын және ауыл тұрғындарының бизнес-бастамасын қолдауға жалпы сомасы 3,8 млрд теңгеге 494 шағын несие берілді. Бұл 686 жұмыс орны мен 60-тан астам ауыл шаруашылығы кооперативтерін құруға мүмкіндік берді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.Биыл республикалық бюджеттен ауыл тұрғындарының бизнес бастамаларын одан әрі қолдауға қосымша қаражат түсті. 155 ауылдық округте скрининг жүргізіліп, әрқайсысы үшін бағыттар анықталды. Талдау негізінде зәкірлік кооперативтер құру жоспарлануда.Семинар-кеңесте проблемалар туралы да айтылды. Жұмысты тежеп отырған себептердің бірі – өнім сатудың жүйесі ақсап тұрғанымен байланысты. Ауыл шаруашылығы кооперативтері деңгейінде сүтті қайта өңдеуді ұйымдастыру ұсынылады. Елдар Жұмағазиев мобильді вагондар арқылы өнімді сатудың мысалын келтірді.– Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру бойынша нақты міндет қойды. Бұл ауыл және аудан әкімдері үшін негізгі индикатор, – деп атап өтті Amanat партиясының хатшысы. – Әлеует зор. Талдау көрсеткендей, қазір қаражаттың көп бөлігі мал сатып алуға жұмсалған. Келесі жылдан бастап қайта өңдеуге басымдық беріледі. Біз әрбір ауыл әкімінің тұрғындарға шыға алатын өз даму бағдарламасы болатын деңгейге шыққымыз келеді. Бұл салық салынатын базаны ұлғайту үшін ауыл экономикасын қай бағытта жүргізу керектігі туралы болжам болады.Тағы бір міндет – мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету, осылайша олар өз істерін ашып, тұрақты табысқа ие бола алады.Жоба қатысушылары өздерінің табысты тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, Абай ауданының тұрғыны Надежда Елікбаева 4 млн теңге несие алып, өзінің жылыжай шаруашылығын құрған. Биыл ол көкөністерден жақсы өнім алып, өнімді толығымен сатқан. Болашақта кәсіпкер көкөніс қоймасын салып, қайта өңдеумен айналысқысы келеді. Надежданың айтуынша, бір жыл мерзімге кредиттік демалыс ол үшін жақсы қолдау болды, бұл өндірістік қуатқа шығуға мүмкіндік берген.Үздік ауыл кәсіпкерлері сертификаттармен марапатталды.Ал көрмеде қазірдің өзінде шығарылып жатқан өнімдер ғана емес, қолда бар жобалар да көрсетілді. Мысалы, Шет ауданынан Нұртілек Бектұрсынов өзінің аяқ киім цехын ашқысы келеді. Мамандығы бойынша ол жұмыс тәжірибесі бар технолог. Өз ауылында Қызылқой аудан әкімінің грантына аяқ киім жөндеу шеберханасын жабдықтаған.Басқа да бизнес-идеялар бар. Ақтоғай ауданының мұғалімі Әлия Бегетаева Беғазы киелі жерінен алынған жергілікті шикізаттан мумия өндіру жобасын ұсынды.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/891387
Алмасадам Сәтқалиев ОПЕК+ тобының төрағасы және тең төрағасымен кездесу өткізді 28.11.2024
Бүгін Астанада Қазақстанның Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев ОПЕК+ тобының төрағасы Сауд Арабиясы Корольдігінің Энергетика министрі Оның Корольдік мәртебесі Абдулазиз Бин Салман бин Абдулазиз Аль Саудпен телефон арқылы және тең төраға Ресей Федерациясы Премьер-Министрінің орынбасары мәртебелі Александр Новакпен жеке түрде үшжақты кездесу өткізді.Кездесуге қатысушылар әлемдік мұнай нарығында тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығын және ОПЕК+ тобындағы маңызды рөлді атап өтті.Қазақстан ОПЕК+ келісіміне, өндіруді ерікті түрде қысқартуға және ОПЕК хатшылығына ұсынылған жаңартылған өтемақы жоспарына сәйкес артық өндірісті өтеуге өзінің бейілділігін растады.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/energo/press/news/details/891650
Қазақстандық ғылыми делегация Ватиканда Апостолдық архиві мен кітапхана басшыларымен кездесті 27.11.2024
Қазақстандық ғылыми делегация Ватиканда Апостолдық архиві мен кітапхана басшыларымен кездестіР.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты мен Ватикан Апостолдық архиві және Ватикан Апостолдық кітапханасы арасындағы 2022 жылы қол қойылған іскерлік-әріптестік келісімдерді жүзеге асыру мақсатында Қазақстаннан Ватиканға қазақстандық ғылыми делегациясы келді. Қазақстандық делегацияны Ватикан Апостолдық архивінің вице-префекті Доктор Паоло Виан (Dott. Paolo Vian) мен Ватикан архивінің ғылыми қызметкері, профессор Энрико Флайани (Prof. Enrico Flaiani) қабылдады. Бұл кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки, Қазақстан Республикасының Швейцария Конфедерациясындағы, Қасиетті Тақтың жанындағы, Лихтенштейн Князьдігіндегі және Мальта Орденіндегі Елшісі Қайрат Саржанов, Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас директоры, филол.ғыл.докторы, профессор Дүкен Мәсімханұлы, ғылыми жоба жетекшісі, тарих ғыл.докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті академигі, белгілі ғалым Қалқаман Жұмағұлов, PhD, профессор Нұртас Абдимомынов, PhD, қытайтанушы Айнұр Әбиденқызы, аға ғылыми қызметкер Бағдат Дүйсеновтер қатысты.Кездесуде ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Дархан Ахмед-Заки Ватикан кітапханасы мен архив қорларында сақталған құнды қолжазбаларды зерттеу арқылы түркі әлемінің бай тарихын тануға болатынын және оның маңыздылығын, сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл басында Италияға ресми сапары аясында Ватиканға барып, Рим Папасы Францискпен кездесу нәтижесінде қазақстандық ғалымдардың Ватикан мұрағаттары мен кітапханаларын пайдалану үшін келісімге қол жеткізгенін атап өтті.Шығыстану институтының Бас директоры, профессор Дүкен Мәсімханұлы Екі елдің ғылыми мекемелері арасындағы ынтымақтастық қазақстандық ғалымдардың сирек кездесетін қолжазбаларға еркін қол жеткізуіне зор мүмкіндік береді және түркі әлемі мен Қазақстан тарихы туралы тың деректер ғылыми айналымға қосылады деп атап өтті.Кездесу барысында вице-префект Доктор Паоло Виан мен профессор Энрико Флайани қазақстандық делегацияны ерекше ықыласпен қарсы алып, олардың ғылыми бастамаларын қолдауға дайын екенін білдірді. Қазақстан тарапынан ғылыми ізденіске бағытталған жаңа бастамаларға ыстық ықылас танытып, өзара қарым-қатынастар мен ғылыми, мәдени байланыстарды дамытуға дайын екенін жеткізді.Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/891624
ТҮРКІСТАН: САУРАНДА ТІГІН ЦЕХЫ АШЫЛДЫ 27.11.2024
Сауран ауданына қарасты Қарашық ауылында жаңа тігін цехы ашылып, аудан тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындары пайда болды. Цехтың ашылуына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров пен облыстық мәслихат депутаты Инара Намазбаева, аудандық мәслихат депутаты Нұрсұлтан Абдуллаев арнайы қатысып, көпшілікке жылы лебіздерін білдірді. Жоба Сауран ауандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Дильназ Омарованың ұйымдастыруымен жүзеге асты.Жаңа өндіріс орнының ашылуы ауыл экономикасының дамуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Аудан әкімінің айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға, әсіресе жастар мен әйелдер үшін жұмыс орындарын ашуға бағытталған. Мақсат Асылбекұлы цехтың алдағы уақытта өнім көлемін арттырып, өңірлік нарықта сұранысқа ие болатынына сенім білдірді.Облыстық мәслихат депутаты Инара Әбдіғаппарқызы жаңа цехтың ашылуы облысымыздағы кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететінін атап өтіп, бұл секілді бастамаларды қолдауға дайын екендігін айтты. Ол сонымен қатар, өндіріс орындары ашылу арқылы қолөнер саласында да жаңа мүмкіндіктер туындайтынын жеткізді.Жаңа тігін цехы жергілікті тұрғындар үшін тек жұмыс көзі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан аймақтың дамуына оң әсер ететін жоба болмақ. Цех жұмысының алғашқы кезеңінде 20 адам тұрақты жұмысқа алынды, ал алдағы уақытта жұмыс орындарының санын көбейту жоспарлануда.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/891598
ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТЫҚ ОҚУШЫ АҚЫЛДЫ РОБОТ ҚҰРАСТЫРДЫ 27.11.2024
Сарыағаш ауданы білім бөліміне қарасты №52 М.Өтемісұлы атындағы жалпы білім беретін мектебінің 9-сынып оқушысы Байбек Елікбай қолжетімді материалдардан «ақылды робот» моделін құрастырды. Мектеп оқушысының қолынан шыққан жасанды құрылғы – адамдардың күнделікті тұрмысында пайдалануға таптырмас құрал. Ерекшелігі, бір құрылғының өзінде бірнеше жұмыс істеу функциясы бар. Су қайнату, ән тыңдаудан өзге шаң соратын шаңсорғышы бар ақылды робот қолжетімді материалдардан жасалған.Жоғары сынып оқушыларының арасындағы жасанды интелектке қызығушылық пен тың идея иелерін анықтауға арналған жобада «ақылды робот» жүлделі орын алды. Мектеп оқушысының қиялы мен ақыл-ойынан туған құрылғы бағдарламаларға негізделген операцияларды жүзеге асыру мүмкіндігіне ие. Адамның «механикалық көмекшісі» атанған ақылды робот қоқыс теріп, шаң жұтып қана қоймайды. Оларды сұрыптап, бөліп жинайтын көрінеді. Қарапайым заттардан құралған робот бағдарламаға жүктелген тапсырманы да мүлтіксіз орындай алады.– Әр адам жыл сайын бір тоннаға жуық қалдық шығарады. Соның ішіне тұрмыстық қалдық өте көп. Ал оны өңдеу жағы әлі күнге шешімін таппай келеді. Қоршаған орта ластанып, экология да нашарлауда. Санамдағы «Неге қоқыстардың барлығы қайта өңделмейді?» деген сұраққа жауап іздеу мақсатында ақылды роботты құрастырдым. Қоқыстарды сұрыптау ісіне жасанды интелектіні қосып, қоршаған ортаның тазалығына үлес қосқым келеді, – дейді Байбек Елікбай.Байбекке роботты жасап шығаруға жетекшісі Назгүл Асқарова көмектескен. Жол бойымен өзі қозғалып, айналасындағы қоқыстың барлығын теріп, жинауға қабілетті роботты құрастыруға бір жарым ай уақытын жұмсаған. Одан басқа қосымша функцияларымен да жұмыс істей алады. Робот оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырумен қатар, жастар арасында табиғатты таза ұстауды да насихаттайды.Айта кетейік, Байбек Елікбайдың «ақылды роботы» аудандық кезеңдегі ғылыми жоба конкурсында үздік деп танылып, жүлделі болды. Ендігі кезекте жас өнертапқыш өз жобасын облыстық, республикалық жарыста қорғауға ниетті.Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіАқпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/891599