Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
24.12.2024 20:29:30 1078
Құрметті ақмолалықтар!
Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстан халқының егемендігі мен береке-бірлігін бейнелейтін бұл мереке әрқайсымыз үшін ерекше маңызды және ұлтымыздың баға жетпес байлығы. Бұл күні біз ғасырлар бойы осы күнді аңсап өткен жəне сол үшін күрескен ата-бабаларымыздың рухының алдында басымызды иеміз.
Тәуелсіздік жылдарында біз үлкен және қиын жолдан өттік және көптеген биік белестерді өткердік. Еліміз егемендігін алған сәттен бастап ел әлеуеті артып, экономикамыз нығайды, халықтың әл-ауқаты жаңа деңгейге көтерілді. « Біз не істесек те, бәрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстанымнан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету», – деп атап көрсетті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында.
Осы ретте, егемен еліміздің көркеюіне ақмолалықтар да өзіндік үлестерін қосып келе жатқандығын атап өткім келеді. Биыл біздің облыс ауыл шаруашылығы саласында, инвестиция тартуда рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізді. Өндірісте, агроөнеркәсіп секторында, оның ішінде машина жасау, өңіріміздегі шағын және орта бизнес салалары мен әлеуметтік салада көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Мұның барлығы әр облыс тұрғынының қажырлы еңбегінің нәтижесінде мүмкін болғандығы анық.
Құрметті жерлестер!
Аймақ пен елдің игілігі жолында атқарып жатқан адал және еселі еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін! Еңбекқорлық пен табандылық, елге деген зор сүйіспеншілік – бұл еліміздің экономикалық қуатын нығайтудың және саяси беделінің өсуінің кепілі, барлық қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартудың негізі.
Осы мереке күні әр шаңыраққа бақ-береке, ізгілік пен мейірім, дәулет пен молшылық, амандық тілеймін!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/903400