Тараз қаласының автопаркі 13 жаңа автобуспен толықты

Тараз қаласының автопаркі 13 жаңа автобуспен толықты

14.02.2025 23:48:32 1056

Бүгін Тараз қаласында жаңа 13 автобус пайдалануға берілді.
«Smart City Service» компаниясы тарапынан жеткізілген «Golden Dragon» маркалы автобустар төмен еденді, пандустармен, 360 градустағы бейне бақылау камераларымен, жолаушылар ағымын есепке алуға арналған есептеу құрылғыларымен қамтамасыз етілген.
Қоғамдық көліктер аталмыш серіктестік қызмет көрсететін №8 және №56 маршруттарға қойылса, осы бағыттағы 2022 жылғы «Golden Dragon» маркалы автобустар тұрғындар сұранысына байланысты №41 маршрутқа беріледі. Ал, №41 маршруттағы «Isuzu SAZ LE60» маркалы автобустар 12 ақпаннан бастап №37 бағытты қайта іске қосады. Аталмыш №37 бағыт облыс орталығына екі ауданнан қосылған елді мекендерге байланысты «Түрксіб» алқабынан бастап, Абай, Байтұрсынов, Лукманов, Арыстан баб, Сыздықов, Д. Бедный, Самарканд, Балуан шолақ, Абай даңғылы, Қонаев, Сейфуллин, Б.Момышұлы, Тәуке хан көшелері арқылы «Дорожник» және «Бектөбе» алқаптарына қатынайтын болады.
Жалпы 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары аясында 3 жыл көлемінде 200 бірлік автобус алып, қосымша 15 маршрут ашу көзделген болатын. Нәтижесінде 2023 жылы 73, 2024 жылы 155, осылайша жалпы саны 228 автобус жеткізіліп, жоспарланған меже артығымен орындалды.
Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып отыр. Айталық, шаһар аумағына енген елді мекендерді ескере отырып, №42 және №6 бағыттарға екі-екіден жаңа автобустар қосылды. Сонымен қатар тұрғындар сұранысына орай «Талас» станциясы мен Талас елді мекендерін «Ауыл береке» базарымен байланыстыратын №62 маршрут қызмет көрсетуді бастады. Бұған қоса биыл тасымалдаушылар есебінен кемінде 60 автобус сатып алып, қосымша 5 маршрут ашу жоспарлануда. Бұдан бөлек, 75 аялдама орнату, қосымша маршруттарға дауыстық хабарлама жүйесін енгізу жұмыстары да жүзеге асады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/933774