Хромтауда 400 орындық мәдени-демалыс орталығы ашылды

Хромтауда 400 орындық мәдени-демалыс орталығы ашылды

14.02.2025 23:49:13 847

Ауданның 90 жылдығына орай хромтаулықтарға «Қазхром» ТҰК» АҚ компаниясы осындай сыйлық жасады.
Өңір басшысы мәдени орталықтың ашылуында болды. Асхат Шахаров Хромтау ауданының тұрғындарын мерейтойымен құттықтап, жастардың шығармашылығы мен дамуы үшін маңызды орталыққа айналатын жобаны іске асыруға белсенді қатысқаны үшін ERG компаниясының басшылығына алғысын білдірді.
«Мемлекет басшысы әрқашан ұлттың күші тек экономикалық әл-ауқатында ғана емес, оның рухани байлығында да екенін атап көрсетті. Мәдениет – халықтың жаны, оның жады және болашағы. Осы орталықты ашу арқылы біз әр адамға бай мәдени мұрамыз туралы жан-жақты оқып біліп, оның дамуына үлес қоса алатын кеңістік жасаймыз. Біз жұмысшы мамандықтар жылында өңіріміздің өркендеуіне еңбегі сіңген азаматтарды ерекше бағалаймыз. Осы мәдени-демалыс орталығы қала тұрғындарының сүйікті мекені, өнерді, шығармашылықты құрметтейтін, рухани дамуға ұмтылатындар үшін керемет орта болатынына сенімдіміз», - деді құттықтау сөзінде облыс әкімі Асхат Шахаров.
Сондай-ақ, өңір басшысы былтырғы жылдың желтоқсан айында Мемлекет басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысып, оның болашағына оң баға бергенін еске салды.
«Бұл – ауданның келешегіне артылған зор сенім. Ендігі міндет – осы қолдауды ақтап, өңіріміздің қарқынды дамуын жалғастыру, жетістіктерді еселеп, жаңа белестерді бағындыру», - деп атап өтті әкім.
Мәдениет нысаны Ақтөбе облысының әкімдігі мен Eurasian Resources Group (ERG) арасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру туралы меморандум аясында бой көтерді. Оның құрылысына топтың құрамындағы «Қазхром» ТҰК» АҚ 1,6 млрд. теңгеден астам қаражат бөлген. Ал жобаның жалпы құны – 1,8 млрд. теңге.
Мәдени-демалыс орталығының ашылуына «Еуразиялық Топ» ЖШС Бас директоры Серік Шахажанов та қатысты. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын ERG басшылығымен кездесулердің бірінде Дөң КБК қызметкерлері Хромтауда заманауи кинозал ашу туралы тілек білдірген, хромтаулықтар кино көру үшін облыс орталығына қатынап жүрген. Компания басшылығы Хромтау қаласы халқының өсуін ескере отырып, мәдени-демалыс орталығын құру туралы шешім қабылдаған.
«Біздің компания жайлы еңбек жағдайларына ғана емес, қызметкерлеріміздің өміріне де көңіл бөледі. Шахтерлер мен кеншілер қаласы өсіп, дамып келеді, сондықтан кинотеатрдың орнына түгелдей мәдени-демалыс орталығын салу туралы шешім қабылданды. Біз өз қызметкерлеріміз бен Хромтау тұрғындарының сауалдарына сүйене отырып жүзеге асыратын барлық әлеуметтік жобалар адамдардың өмірін жақсартады деп үміттенеміз», - деді Серік Шахажанов.
Жаңа мәдени-демалыс орталығы – 400 орындық, цифрлық кино көрсету жүйесі, көрме кеңістігі және оқу сыныптары бар заманауи аудиториямен жабдықталған.
Облыс әкімі орталықтың мүмкіндіктерімен танысып, сахнаны, көрермендер залы мен шығармашылық үйірмелерге арналған кабинеттерді тамашалады. Хромтау ауданының әкімі Нұрхан Тілеумұратов орталықтың қосымша жұмысы туралы айтып, мұнда вокал, хор, аспаптық өнер және актерлік шеберлік үйірмелері ашылатынын, бұл жас таланттар үшін үлкен мүмкіндіктер туғызатынын атап өтті.
Ауданның 90 жылдығын мерекелеу аясында Хромтауда аудандық ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Облыс әкімі өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан хромтаулықтарға төсбелгілер мен алғыс хаттар табыс етті. 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануына байланысты жұмысшы мамандықтардың өкілдеріне ерекше көңіл бөлінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/932544