ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЛАПКЕРЛЕР ЕЛІМІЗДЕ ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМ АЛУ МҮМКІНДІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЛАПКЕРЛЕР ЕЛІМІЗДЕ ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМ АЛУ МҮМКІНДІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

15.02.2025 00:00:51 1047

ТҮРКІСТАНДЫҚ ТАЛАПКЕРЛЕР ЕЛІМІЗДЕ ШЕТЕЛДІК ДИПЛОМ АЛУ МҮМКІНДІКТЕРІМЕН ТАНЫСТЫ

Түркістан облысының мектеп бітіруші түлектері үшін «Study in Kazakhstan» көрмесі өтті. Ахмет Ясауи университетінде ұйымдастырылған шараға әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының Қазақстандағы 20 филиалы қатысып, жалпы саны 10 мыңға жуық оқушыға жан-жақты ақпарат берді.

Қазақстандық жастардың халықаралық деңгейде білім алуына жаңа мүмкіндіктер ұсынған көрмеге 9-11 сынып оқушылары мен ата-аналары белсенді қатысты. Түркістан облысының алыс-жақын аудандары, сондай-ақ Түркістан және Кентау қалаларының талапкерлері университеттердің білім беру бағдарламалары, академиялық мүмкіндіктері мен оқу шарттары туралы тың мәліметтер алды.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев:

«29 қаңтар күні Қарағанды қаласында бастау алған көрме Түркістанда жалғасын тапты. «Study in Kazakhstan» – қазақстандық талапкерлерге өз елімізде оқи отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес білім алып, халықаралық деңгейдегі дипломға ие болу мүмкіндігін ұсынады. 2022-2024 жылдары ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі 23 стратегиялық серіктестік орнатты. Соның нәтижесінде 23 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары мен қосдипломдық бағдарламалары Қазақстанда іске қосылды», – деді.

«Study in Kazakhstan» көрмесі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып, қазақстандық студенттердің білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге және олардың әлемдік еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Талапкерлерге шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарына түсу мүмкіндігін ұсынатын көрменің жұмысы Қызылорда қаласында жалғасады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sci/press/news/details/935834