Жетісу облысындағы мал басы түгел "цифрландырылған"

Жетісу облысындағы мал басы түгел "цифрландырылған"

15.02.2025 00:06:50 1001

Қазіргі таңда облыcта 2,3 миллионнан астам мал бар, оның 500 мың басқа жуығы мүйізді ірі қара, 1,6 млн. бас ұсақ мүйізді мал, 200 мыңнан астам бас жылқы. Олардың барлығы «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінде тіркелген. Жалпы облыс көлемінде ветеринария саласына көп көңіл бөлініп келеді. Мәселен, соңғы екі жарым жылда өңірде 49 ветеринарлық пункт пен 1 ветстанция салынды. Биыл тағы 20 осындай нысан салынады деп жоспарланып отыр. Оған қоса осы салаға цифрландыру кеңінен енгізіліп, қолданылуда, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық ветеринария басқармасының мәліметіне қарағанда, ветеринариялық процестерді цифрландыру барысында «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қоры» мемлекеттік ақпараттық жүйесінің iszh.gov.kz Веб-порталына енгізілген аса қауіпті аурулардың диагностикасы бойынша «VetLab», «ISZH-Mobile» модулдері өңірде кеңінен қолданылуда. Сол сияқты қазіргі таңда облыс бойынша бірдейлендіру деректер қорында тіркелген 34 763 мал иесінің бәрі де толық «TortTulik» мобильді қосымшасын қолданып отыр.
Осы орайда ветеринар мамандар жұмысының сапасы мен тиімділігін арттыру үшін материалдық-техникалық базаны нығайтуға ерекше мән берілуде. Мысалы, облыс құрылғаннан бері 45 арнайы автокөлік, 217 компьютер, сол сияқты 238 дана планшеттер сатып алынып берілді.
- Қазір ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер қорының «ISZH-Mobile» мобильді қосымшасы іске қосылғаннан кейін ветеринар дәрігерлерге планшеттер сатып әперілді. Планшетпен жұмыс істеу біздің жұмысымызды біршама жеңілдетті әрі жеделдетті деуге болады. Үлкен шаруашылықтарды, жеке аулаларды аралау барысында атқарылған жұмыс, яғни малды тіркеу, профилактикалық іс-шаралар, екпе жасау бірден сол жерде планшет арқылы базаға енгізіледі. Тіпті интернет ұстамайтын жерлерде планшетке енгізілген деректер интернет байланысы бар жерде бірден тиісті базаға автоматты түрде жөнелтіледі, - дейді Ветеринарлық пункттері бар Талдықорған қаласының ветеринарлық станциясының ветеринар дәрігері, осы салада он үш жылға жуық уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан Айгерім Бекбосынова.
Бұған қоса, Жетісу облысының цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан «Жетісу облысының Ахуалдық орталығы» электронды картасына сібір жарасы көмінділері мен мал қорымдары және ветеринариялық пункттер енгізілген. Қазіргі кезде ведомствоаралық комиссия қорытындысы негізінде электронды картаға мал қорымдарының санитариялық-қорғаныш аймақтары кіргізілуде.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-oblysy/press/news/details/936892