Сандықтау ауданында Жабай өзенінің жағасын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде

Сандықтау ауданында Жабай өзенінің жағасын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде

01.02.2025 20:48:22 495

Ақмола облысында су ресурстарының жағдайын жақсарту бойынша кешенді іс-шаралар аясында Сандыктау ауданы Балкашино ауылының жағалауы бойында Жабай өзенінің жағасын бекіту және арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде.
Қазіргі таңда өзен арнасының бойында құнарлы өсімдік қабатын алу жұмыстары аяқталды. Өзеннің үш учаскесін түзеу жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстар екі ауысымда жасалып, 25 техника жұмылдырылған. Жоспар бойынша жұмыстар осы жылы аяқталады.
«Жоба жағалаудағы аумақтарды қорғауды күшейтіп, экожүйенің тұрақтылығын арттырады. Біз экологиялық және техникалық стандарттарды қатаң сақтай отырып, өзен маңындағы елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудеміз», – деді «Целингидротех» ЖШС учаске бастығы Қайролла Жақсылықов.
Жабай өзенінің арнасын түзеу бойынша негізгі жұмыстар осы жылдың наурыз айына дейін аяқталады, ал каналдарды жетілдіру, дамбалар салу көктемгі тасқын қаупі бар кезеңнен кейін жалғасады. Көктем уақытында құрылыс техникасының кезекшілігі ұйымдастырылады.
Айта кетейік, Ақмола облысында гидротехникалық нысандарды реконструкциялау және салу бойынша алты жоба жүзеге асырылуда. Жабай, Шағалалы және Қалқұтан өзендерінің жағаларын бекіту және түбін тереңдету, Жібек Жолы ауылында қорғаныс дамбаларын салу жұмыстары жүргізілуде, бұл тасқынның таралуын болдырмауға және жергілікті тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, Шортанды ауданының Дамса ауылында және Жақсы ауданындағы Чапаевская бөгетінде су өткізу құрылыстарын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде, бұл олардың өткізу қабілетін арттырып, су басу қаупін төмендетеді. Іс-шаралар «Демеу Қазақстан қоры» корпоративтік қорының қаражаты есебінен жүзеге асырылуда.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/927935