«Халық үніне құлақ асатын мемлекет»: Ербол Қарашөкеев қордайлықтармен кездесті
01.02.2025 20:53:51 781
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барды.
Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес өңір басшысы алдымен аудан тұрғындарымен кездесті.
Жиынға бірқатар басқарма мен құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.
Облыс әкімі алдымен аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылады.
Қордай ауданында 2024 жылдың қорытындысына сәйкес барлық салада оң динамика қалыптысты: өнеркәсіп өндірісі (101,1%), бөлшек сауда тауар айналымы (104,0%), құрылыс жұмыстары (142,3%), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі (102,4%), ауыл шаруашылығы (104,8%) саласында өсімге қол жеткізілді.
Жиында Ербол Қарашөкеев жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі қажеттігін баса айтты. Сонымен қатар аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамыту, инвесторларға қолайлы жағдай жасау міндетін қойды.
Жергілікті жерде ірі кәсіпорындардың құрылуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына, аймақтың экономикалық дамуына серпіліс берері сөзсіз.
– Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде үнемі айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Бұл бағытта Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, «жекелеген» мәселелерді ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту — басты мақсатымызға айналуы тиіс, — деді облыс әкімі.
Қордай ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алып, салада оң өсім байқалады. Дегенмен, 2022 жылдан бері Қордай ауылындағы 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тұралап тұр.
– Мәселе мердігер компанияның жұмысты жүйелі жүргізе алмауынан туындаған. Бұл – аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр. Қазір заң аясында тиісті шара қабылдануда. Қателік қайталанбауы тиіс, — деген аймақ басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасады.
Жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Облыс әкімі әлеуметтік салаға жеке тоқталып, аудан әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасарына балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.
Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары бірқатар мәселені көтеріп, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, медицина және жайылымдық жерге қатысты мәселе қозғалды.
Сондай-ақ аудан орталығындағы стадионды заманауи үлгіде жаңғыртудан өткізіп беруді сұрады.
Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев халық көтерген сауалдар қараусыз қалмайтынын жеткізді. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді.
Жиын соңында облыс әкімі егін, мал шаруалығында жаңа әрі озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытына басымдық беріп, кәсіп ашу шараларын аудан тұрғындарына кеңінен насихаттауды, жас мамандарға, жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуді, азық-түлік қауіпсіздігін және жанар-жағар май, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, бақылауға алуды тапсырды.
Бұдан соң, облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдап, мәселелеріне құлақ асты.
Айта кетейік, 2024 жылы Жамбыл облысының барлық деңгейдегі әкімдері халықпен 759 кездесу өткізді. Онда көтерілген 2 754 мәселенің 2 514 орындалып, 240 бақылауға алынған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/929251