Шалқарда мектеп пен балабақша жөнделді
24.02.2025 03:10:24 583
Шалқар ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі күрделі жөндеуден өткен мектеп пен балабақшаға барды.
Ідіріс Үргенішбаев атындағы мектепте 700 оқушы оқиды, 141 мұғалім жұмыс істейді.
Оқу мекемесіне күрделі жөндеу жұмыстарын “Construсtion Group SAMRUK” ЖШС жасады. Бюджеттен 478 млн теңге жұмсалды. Сондай-ақ асхана, спортзал және компьютерлік классқа жаңа жабдықтар, жаңа үстелдер, жиһаз, интерактивті тақталар, сабаққа арналған музыкалық аспаптар сатып алынды. Мектеп ауласында шағын футбол алаңы бар. Қыста оның орнына мұз айдыны құйылды.
Асхат Шахаров мектептің тыныш-тіршілігімен танысып, оқушыларды әңгімеге тартты. 10 сынып оқушысы Жангүл Жарылқасова мектепте оқу үшін тамаша жағдай жасалғанын атап өтіп, олимпиадалардағы жетістіктері туралы айтып берді.
“Қазір мектебімізде жаңа пәндік кабинеттер мен цифрлық техникалар пайда болды, бұл оқуды әлдеқайда қызықты ететіні сөзсіз. Бізде робототехника сабақтары бар және бұл өте қызықты. Мен әртүрлі олимпиадаларға жиі қатысамын, жаңа цифрлық пәндердің арқасында көп нәрсені үйреніп келемін. Бұл маған конкурстарға дайындалуға және бірінші орындарды иеленуге көмектеседі”, - деп мойындады Жангүл Жарылқасова.
Мектептен кейін әкім №12 “Бөбекжай” балабақшасында болды.
Мектепке дейінгі мекеме 1963 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Бой көтерген уақыттан бері балабақшада күрделі жөндеу жүргізілмеген. 140 бала мұнда тәрбиеленіп жатыр.
“2024 жылы балабақшаны жөндеуге облыстық бюджеттен 210 млн.теңге бөлінді. Ғимараттың төбесі мен қасбеті толығымен жөнделді, терезелер, электр сымдары, кәріз құбырлары, жылу жүйесі ауыстырылды. Жаңа жылыту батареялары орнатылды. Сондай-ақ, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілді. Бірінші қабатта балалар ойын бөлмелерінде едендер оқшауланып, Сантехника толығымен ауыстырылды, - деді Мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі Динара Ажимадинова.
"Ауылдардағы мектептер мен балабақшаларда балаларды оқыту мен тәрбиелеу үшін қолайлы жағдайлар жасалуы тиіс. Сапалы білім-болашағымыздың табысының кепілі. Біз балаларымызға оқу және даму үшін барлық қажетті жағдайларды қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды дамытуға инвестиция салуды жалғастырамыз. Мұндай жаңартулар оқу сапасын жақсартып қана қоймай, ауыл тұрғындарының күнделікті өмірін жайлы етуге көмектеседі", - деді әкім.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/943847