Қазақстан ТЖМ шұғыл жағдайларда іс-қимылдарды пысықтады
04.03.2025 01:17:34 154
Шығыс Қазақстан облысында Глубокое ауданындағы тау шаңғысы курортында жыл бойы 3000-ға жуық адам демалатын құтқару қызметтерінің ауқымды жаттығулары өтті. Құтқарушылар түрлі төтенше жағдайларда әрекет ету алгоритмдерін пысықтады.
Жаттығудың бірінші кезеңінде қысқа тұйықталу салдарынан қонақүй бөлмесіндегі өрттің болуы көрсетілді. Қызметкерлер оқиға туралы «112» қызметіне жедел хабарлап, демалушыларды эвакуациялауды ұйымдастырды. Келген құтқарушылар түтін аймағында зардап шеккендерді тауып, оларды таза ауаға шығарды. Содан кейін Апаттар медицинасы орталығының бригадасы реанимациялық шаралар өткізді. ТЖД психологтары эвакуацияланған азаматтарға қолдау көрсетті. Өрт сөндірушілер өртті қысқа мерзімде жойды.
Оқу-жаттығудың екінші кезеңі авариялық-құтқару жұмыстарына арналды. Өртті сөндіру кезінде электрмен жабдықтау тоқтатылды. Соның салдарынан адам тұрған аспалы жол тоқтады. Құтқарушылар альпинистік жабдықтың көмегімен жәбірленушіге жетіп, оны жерге қауіпсіз түсіріп, дәрігерлерге тапсырды.
Қар көшкіні кезінде құтқару операциясы да пысықталды. ТЖМ екінші құтқару батальонының әскери қызметшілерімен бірлесіп мамандар арнайы техниканы пайдалана отырып, қар үйінділерінен зардап шеккендерді шығарып алды. Оқу-жаттығудың барлық кезеңдері құтқару қызметтерін даярлаудың жоғары деңгейін, олардың ТЖ жағдайындағы жеделдігі мен үйлесімділігін көрсетті.
«Оқу-жаттығулар біздің құтқарушыларымыздың дайындығының жоғары деңгейін көрсетті. Төтенше жағдайларда ТЖ салдарын барынша азайту және мүмкіндігінше көп адамның өмірін сақтап қалу үшін тез, үйлесімді және кәсіби әрекет ету маңызды», — деп атап өтті облыстық ТЖД бастығының орынбасары Исхар Савазов.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer/press/news/details/948001