Қобда қазақ орта мектебін қайта жаңғырту жұмыстары оқу процесін едәуір жақсартқан
04.03.2025 01:19:20 121
Ауданға жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Қобда ауылында орналасқан қазақ орта мектебіне барды.
Білім ордасы тірек мектептер қатарына жатады. 2008 жылы бой көтерген. Былтыр білім ошағына 98,3 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Мектеп директоры Сания Срымованың айтуынша, облыстағы шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту бойынша пилоттық жоба аясында цифрлық технологияларды пайдалана отырып, аталған оқу орны заманауи әмбебап кабинеттермен жабдықталған. Қаражат «Қазақстан халқына»қорынан бөлінді. Бұл жаңғыртулар оқу процесін едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.
Мектеп заманауи техникалық құралдармен жабдықталған 24 оқу кабинеті бар екі қабатты типтік ғимаратта орналасқан. Оқушылар үшін арнайы шеберханалар – қыздарға арналған тігін сыныбы және ұлдарға арналған металл және ағаш өңдеу шеберханасы бар. Сонымен қатар, жасөспірімдерге ғылым саласындағы білімдері мен дағдыларын дамытуға мүмкіндік беретін STEM зертханасын ашты. Заманауи технологиялардың арқасында мектепте робототехника оқытыла бастады. Сондай-ақ, мұнда ерекше қажеттіліктері бар оқушыларға сенсорлық кабинет ашылып, инклюзивті білім беру процесі енгізілді.
Оқу кабинеттерін көріп шыққан облыс әкімі балалармен жасанды интеллектінің мүмкіндіктері туралы әңгімелесті. Мектеп жасындағы балалардың жасанды интеллект сияқты инновациялармен танысуы маңызды екенін, бұл оларға сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал ететінін айтып, ал, бұл үшін олар білім алып жатқан мектепте барлық мүмкіндіктер бар екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылдық мектептерде жаңа технологиялар енгізіліп, инфрақұрылым мейлінше жақсартылып жатыр. Білім алу үшін ең қолайлы жағдайлар жасалуда. Әсіресе ауылдық жерлерде оқу орындарын заманауи жабдықтау, олардың әлеуетін дамытуда шешуші рөл атқарады. Біз әр балаға сапалы білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып олардың толыққанды дамуына мол мүмкіндіктер беру үшін мектептерді жаңғыртуды әлі де жалғастырамыз», - деді өңір басшысы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/948761