Өңірлерде орнықты даму мақсаттары бойынша семинарлар өтті
05.04.2025 22:20:58 352
Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен (БҰҰДБ) және Экономикалық зерттеулер институтымен (ERI) бірлесіп, мүдделі тараптар мен азаматтарды Орнықты даму саласындағы Күн тәртібін ілгерілетуге тартуға бағытталған бірқатар семинарлар өткізді. Шаралар Алматы, Семей, Ақтау, Астана, Жезқазған, Петропавл және Қызылордамен қатар еліміздің басқа да өңірлерінде өтті.
Семинарлардың мақсаты – Орнықты даму мақсаттарын (ОДМ) жергілікті деңгейде іске асыру бойынша пікір алмасу, қоғамдық пікірді ескере отырып, басым бағыттарды анықтау, өзекті өңірлік мәселелерді айқындау, тұрақты шешімдер іздеу, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша проактивті шараларды әзірлеу болды. Қазақстанның үшінші Ерікті ұлттық шолуын дайындау процесіне халықтың барлық санатын тартуға ерекше назар аударылды.
Шараларға облыс әкімдерінің орынбасарлары мен мемлекеттік органдардың өкілдері, мәслихат депутаттары, азаматтық қоғам мен бизнес секторының өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушылар ұлттық ОДМ индикаторларын жергілікті деңгейдегі стратегиялық және бағдарламалық құжаттарға интеграциялаудың, сондай-ақ оларды іске асыру бойынша жүйелі жоспарлау шараларын әзірлеудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Әлеуметтік сала, құқық қорғау және арнайы органдарды дамыту департаментінің директоры Нұргүл Жанназарова өз сөзінде өңірлік институционалдық механизмдерді құру халықтың өмір сүру сапасын арттыру мен Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін аса маңызды екенін айтты. Оның айтуынша, жергілікті атқарушы органдар 2030 жылға дейінгі Күн тәртібін іске асыруда шешуші рөл атқарады, ал Шолу бойынша басым бағыттар қоғамның түрлі топтарының пікірін ескере отырып қалыптастырылады. Сондай-ақ, ол ОДМ-ға қол жеткізу – ортақ міндет екенін әрі Шолуды сапалы дайындау қажеттігін атап өтті.
Талқылаулар барысында қатысушылар ОДМ-ды іске асырылуын мониторингтеуді күшейтуге қатысты нақты ұсыныстарын айтты. Атап айтқанда, жобалық кеңселердің шеңберінде ОДМ бойынша жеке бөлімді Ұлттық даму жоспары мен өңірлік жоспарларға енгізуді ұсынылды. Бұл іске асырылып жатқан жобалардың ОДМ-ға әсерін жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, ОДМ бойынша деректерді жинау мен талдауға арналған ұлттық цифрлық платформаны құру туралы ұсыныс та айтылды.
Еске сала кетсек, биылғы жылдың шілде айында Қазақстан 39 елмен бірге Нью-Йоркте өтетін Жоғары деңгейдегі саяси форумда өзінің үшінші Ерікті ұлттық шолуын ұсынады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/economy/press/news/details/966371?lang=kk