Командалық-штабтық ойындар: ҰҚУ-нің магистранттары қауіпсіздік стратегияларын игеруде

Командалық-штабтық ойындар: ҰҚУ-нің магистранттары қауіпсіздік стратегияларын игеруде

05.04.2025 23:00:53 809

ҚР Ұлттық қорғаныс университетін бітіруші магистранттар мемлекеттің қоғамдық және әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жыл сайын өтетін командалық-штабтық әскери ойындарға қатысып жатыр.

Ойындар профессорлық-оқытушылар құрамының тікелей қатысуымен екі кезеңде өткізіледі. Командалық-штабтық ойынның мақсаты – әскери басқару органдарының іс-қимыл алгоритмін пысықтау, әртүрлі стратегиялық бағыттардағы әскери іс-қимылдарды жоспарлау және ұйымдастыру барысында генералдар мен офицерлердің кәсіби деңгейін тексеру.

Әскери ойын барысында қарқындылығы әртүрлі қақтығыстардағы міндеттерді орындау кезінде әскерлерді жедел және материалдық-техникалық қамтамасыз етудің барлық түрлерін ұйымдастыру мәселелері пысықталады.

Алғашқы кезеңде дағдарыс жағдайында мемлекеттік органдар мен әскери басқару органдарының өзара іс-қимылы мәселелерінде теориялық білімді кеңейтуге баса назар аударылмақ.

Бұл ретте магистранттар мемлекеттік және әскери басқару органдарының басшылары рөлінде әлемдегі, өңірдегі әскери-саяси жағдайды бағалап, министрліктер мен ведомстволардың қызмет бағыттарына байланысты оны тұрақтандыру жөніндегі шараларды ұсынады.

Екінші кезеңде командалық-штабтық әскери ойынның жоспарына сәйкес магистранттар әскери басқару органдарының лауазымды адамдары ретінде қорғаныс сипатындағы әскери іс-қимылдарды дайындау мен жүргізу мәселелерін пысықтайды.

Алынған тәжірибе ҚР Ұлттық қорғаныс университеті түлектерінің магистрлік жобаларын іске асыруға негіз болатынын атап өту керек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/967470?lang=kk