Жаңа жоба жүзеге асырылады
10.04.2025 16:49:29 1517Облыстық әкімдікте өткен кездесуде «Росс» ҒӨҚ ЖШҚ-ің өкілдері жобаға 3 миллиард теңге бөлуге әзір екендіктерін айтты. Қазіргі кезде облыс орталығында ресейлік-қазақстандық біріккен «RossDorCom KZ» ЖШС-і жұмыс істейді.
— Біз жол, өнеркәсіп және азаматтық құрылыс жұмыстарына қажетті металл құрылымдарын жасап шығарамыз. Сондай-ақ, Қазақстандағы мұнай-газ саласы да біздің металл құрылымдарын делдалдар арқылы сатып алады, – деді «Росс» ҒӨҚ ЖШҚ-ің бас директорының орынбасары Надежда Ростоцкая. – Астана қаласының ақылы жолдар басқармасының басшылары бізге хабарласып, Қазақстанда сапалы цинктеумен айналысатын кәсіпорын жоқ екендігін айтқан еді. Біздің металл қоршаулардың сапасының кепілдік мерзімі 50 жылдан асады.

Жоспар бойынша 2018 жылдың маусым айында кәсіпорынның өндірістік үй-жайларын салуды аяқтап, тамыз-қыркүйек айларында ол жаңа өнім шығарады деп күтілуде. 2019 жылы зауыт өндірістің толық қуаттылық деңгейіне шығады. Жаңа өндірісте 120 жұмыс орны құрылады. Павлодар облысының әкімі инвесторларға барынша қолдау көрсетіп, жаңа кәсіпорынның инфрақұрылымын бюджет есебінен тарту мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

— Заңнама бізге осындай қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр, ол үшін сіздердің дайын жобаларыңыз болуы қажет, – деді Болат Бақауов. — Сіздердің жобаларыңызға сәйкес біз келесі жылдың бюджетіне осы мақсатқа қаржы жоспарлайтын боламыз. Кәсіпорын жазда ашылсын десек, біз келесі жылдың ақпан, наурыз, сәуір айларында жұмыс істеуіміз керек. Ал, бұл кезде ауа райы онша қолайлы емес. Біз бұл жұмыстарды жедел әрі сапалы жүргізе аламыз деп ойлаймын.

Жақын арада қос тарап қайта кездесіп, өзара әрекеттестік туралы меморандумға қол қоятын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/10282?lang=kk