Нөлдік төзімділік

Нөлдік төзімділік

10.04.2025 16:49:48 1441

Облыстық прокуратураның бастамасымен биылғы жылғы мамырдан  Павлодар қаласында «Zero Tolerance» интернет-қосымшасы пилоттық режимде іске қосылды. Аталмыш қосымша арқылы кез келген адам уәкілетті органдарға құқық бұзушылық туралы хабарлай алады.

Бүгін облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте мобильдік қосымшаны пайдаланудың қазіргі ахуалы және оны облыс қалалары мен аудандарында енгізу мәселесі талқыланды.

Облыс әкімдігі аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы Олег Костенко 7 тамыз күні прокуратура, облыс әкімдігі және мүдделі ұйымдар арасында меморандумға қол қойылғанын айтты. Оған сәйкес тараптар мобильдік қосымшаны іске асыру және пайдалану бойынша ынтымақтасатын болады.

– Бұл меморандум тараптар қызметін ұйымдастыру тәртібін, олардың өзара әрекеттестігін, құқықтары мен міндеттерін, жауапты тұлғалардың функцияларын анықтайды, – деп атап өтті Олег Костенко. – Мобильдік қосымшаны облыстың бүкіл аумағында енгізу үшін жауапты адамдарды бекітіп, құқық иесімен қосымшаны пайдалану және қызмет көрсету туралы келісім жасасу керек, сондай-ақ жобаны ұйымдастыру техникасымен және интернетке автономды шығумен қамтамасыз ету қажет. Мобильдік қосымшаны әзірлеген және оған техникалық қызмет көрсететін «TKRgroup» ЖШС. Мобильдік қосымшаға келіп түскен хабарламалардың қаралу тәртібін жалпы бақылауды Павлодар облысының прокуратурасы жүзеге асырады.    

Облыстық прокуратураның 4-бөлімінің басшысы Ринат Рахматолла бүгінгі таңда мобильдік қосымша арқылы екі мыңға жуық хабарлама түскенін, олардың басым бөлігі ТКШ, тұрғын үй инспекциясы және облыстық ІІБ-ға қатысты екенін мәлімдеді.

– Қазіргі уақытта 90-ға жуық адам жол жүру ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардан облыс бюджетіне екі миллион теңге сомасына ақшалай айыппұл өндірілді, – деді Ринат Рахматолла. – Бүгінгі таңда аталмыш мобильдік қосымшаға 25 мемлекеттік орган қосылған. «Павлодар жылу желілері» ЖШС мобильдік қосымшаға қосылуға ниет білдірген жиырма алтыншы орган.

Мобильдік қосымшаны әзірлеген «TKRgroup» ЖШС-нің басшысы Вячеслав Демченко берген ақпарат бойынша үшінші кезең аяқталды, атап айтқанда, адамдар хабарламаларын салып, оларды талқылайтын таспа іске қосылды.

Павлодар облысы әкімінің міндетін атқарушы Дүйсенбай Тұрғанов мобильдік қосымшаны облыс деңгейінде іске асыру жөніндегі үйлестіруші облыс әкімі аппаратының мемлекеттік қызметтерді және ақпараттық технологияларды дамыту бөлімі болатынын айтты және «Zero Tolerance» мобильдік қосымшасын енгізу жөніндегі жұмысты облыстық басқармалар мен аумақтық органдарды қамтумен жалғастыруды тапсырды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/10574?lang=kk