Сапарбаев Солтүстiк Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арналған үйлердi аралады

Сапарбаев Солтүстiк Қазақстан облысында қоныс аударушыларға арналған үйлердi аралады

14.04.2025 09:37:48 220

ҚР Премьер-Министрiнiң орынбасары Бердiбек Сапарбаев бастаған үкiметтiк жұмыс тобы Солтүстiк Қазақстан облысына келдi. Оның құрамында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бiржан Нұрымбетов, Бiлiм және ғылым вице-министрi Шолпан Каринова, Денсаулық сақтау министрi Камалжан Надыров, мәдениет және спорт министрi Елдос Рамазанов, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрi Данияр Есин бар.

Астаналықтардың жұмыс сапары Қызылжар ауданындағы еңбек күшi мол өңiрлерден қоныс аударушыларға арналған тұрғын үйлердi аралаудан басталды. Бұл үйлер өнiмдi жұмыспен қамту және жаппай кәсiпкерлiктi дамыту «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасы аясында салынуда. Биыл облысымызға 688 отбасы қоныс аударды. Ондағы 2060 адамның 1031-i жұмысқа қабiлеттi жаста, 935 — жеткiншек, 57 — студент, 37 — зейнеткер. Облыстың әлеуметтiк-экономикалық дамуының кешендi жоспары негiзiнде 2142 үйдiң құрылысы қарастырылған. 428 үй биыл салынды. Екi жатын бөлме, зал және ас үй 120 шаршы метрдi құрайды.

Бердiбек Сапарбаев Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылында тұрғызылған үйлердi аралап, қоныстанушылармен емен-жарқын әңгiмелестi. «Жылу үйге кiрiп, өмiр сүре беруге болады», — дейдi Руслан Насыров. Ол бұл ауылға мамыр айында әйелi және екi баласымен Түркiстан облысы Қазығұрт ауданынан қоныс аударып келген. Өз шешiмiнiң дұрыс екендiгiне көзi жеткен отағасы осы ауылды тұрақтап қалмақ.

«Бұл өңiрдiң топырағын алғаш досыма қонаққа келiп басқан болатынмын. Менi көшуге көндiрген сол. Жұмыспен қамту орталығына барып, қандай бос жұмыс орындары бар екенiн сұрадым. Ондағы мамандар барлығын түсiндiрдi, шарттарға құлағдар еттi. Бiрнеше жұмыс орнын ұсынып, таңдау жасауға мүмкiндiк жасады. Баспана мәселесi оңай шешiлетiнiн айтты. Бiз — жас отбасымыз. Қол жеткiзуге тиiстi жоспарымыз да көп. Бәйтерек бiзге ұнады. Адамдары кеңпейiлдi, көмек қолын созға қашанда дайын, — дейдi Руслан Насыров.

Жаңа үйлер жылы, жарық, қолайлы. Тұрғындардың көңiлiнен шығып отыр.

Жұмыс тобы атбасын тiреген келесi нысан — жергiлiктi мектеп болды. Қонақтар Бәйтерек ауылының тұрғындарымен кездесiп, жылы сөздер естiдi. Тұрғындар ауылының бiр орында тұрмай дамып, көркейiп келе жатқандығын мақтанышпен айтты. Су, коммуникация мәселесiнде еш қиындық жоқ. Тұрғындар үкiмет басшысының орынбасарына тек балабақшаның жiтiспейтiндiгiн айтып, осы мәселеге қолғабыс жасауды өтiндi.

Вице-премьер Бескөл ауылында да болды. Аудан әкiмдiгiнде жұмыс тобының халықпен кездесуi ұйымдастырылды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бiржан Нұрымбетов көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдаудың жаңа тәсiлдерi туралы егжей-тегжейлi айтып бердi.

Бердiбек Сапарбаев жұмыс тобының басты мiндетi халықтың өмiр сүру сапасын бағалау және проблемалық мәселелердi шешуге жәрдемдесу деп атап көрсеттi. Әсiресе, бiлiм және денсаулық сақтау сияқты маңызды әлеуметтiк салаларға ерекше тоқталды.

«12 жылдық бiлiм беруге көшуге келетiн болсақ, қазiр арнайы топ жұмыс iстеуде. Президент ең бастысы мектептердiң, мұғалiмдердiң, оқулықтардың дайындығын шешiп барып, асықпай орындауға тапсырма берген болатын, — деген вице-премьер сөзiн жалғап — Ауылдық жерлерде мұғалiмдердiң жетiспеушiлiгi болмаса, бұл салада басқа өзектi мәселе жоқ. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша бiз жергiлiктi атқарушы органдармен жұмысты ширатып, мұғалiмдерге тиiстi жағдайды қамтамасыз етуiмiз керек. Мектептердi зертханалармен, кабинеттермен жабдықтау бойынша жұмыстар қарқынды жалғасын табады».

Сондай-ақ Бердiбек Сапарбаев азаматтарды мемлекет беретiн мүмкiндiктердi пайдалануға және мемлекеттiк бағдарламаларға қатысуға шақырды. «Түрлi салада 14 мемлекеттiк бағдарлама бар. Олар арқылы 500 мың теңгеге тегiн грант алу мүмкiндiгi бар, сондай-ақ жеңiлдiкпен микрокредит алуға да болады. Бiрақ, өкiнiшке орай, көпшiлiк қолжетiмдi механизмдердi пайдаланбайды. Бiреу бiлсе, бiреу бiлмейдi. Ең бастысы — адамның өз iсiн ашуға деген ниетi. Бiз бұл тетiктердiң халық үшiн жұмыс iстеуiн көздеймiз. Тұрғындар бұл көмектердi пайдаланып, жұмыс iстеп, ақша тауып, отбасыларын асырай алуы үшiн бағдарламаларды одан әрi жетiлдiре түсемiз, — деп атап өттi Бердiбек Сапарбаев.

Кездесу соңында жұмыс тобының мүшелерi халықтың сұрақтарына жауап бердi.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sko/press/news/details/35439?lang=kk