Қарағандылық полицейлер Ақмола облысында күдіктіні ұстады
15.04.2025 18:03:04 253Қарағандылық полицейлер Ақмола облысында күдіктіні ұстады
Қарағанды қаласында 2023 жылдың жазында болған тонау қылмысына күдікті Ақмола облысында ұсталды. Оқиға барысында белгісіз ер адам 84 жастағы зейнеткердің қолынан ішінде 250 мың теңге мен ұялы телефоны бар сөмкесін жұлып әкеткен. Жедел іздестіру шаралары бірден қолға алынғанымен, алғашқы кезеңде қылмыскердің ізіне түсу мүмкін болмады. Алайда, Октябрь полиция бөлімінің қызметкерлері іздестіру жұмыстарын жалғастырып, нәтижесінде күдіктінің Ақмола облысының 31 жастағы тұрғыны екенін анықтады. Ол бір фермерден екіншісіне ауысып, қыстақтарда жасырынып жүрген. Наурыз айының ортасында, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, қарағандылық тәртіп сақшылары күдіктіні қолға түсірді. Тергеу барысында ол қылмысын мойындап, ұрланған ақшаны жұмсап, телефонды сатып жібергенін айтты. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/963955?lang=kk