Бірліктің күші: қоғамның қолдауы арқасында Алматы облысында 110 мыңнан астам ағаш отырғызылады
28.04.2025 06:23:18 462
Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында көгалдандыру бойынша ауқымды жоспар жүзеге асырылуда.
2025 жылға бекітілген өңірлік жоспарға сәйкес, облыс қалалары мен аудандарында 110 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Облыс әкімдігінің мәліметінше, көктемгі кезеңде ғана 65 мыңнан астам көшет отырғызылды.
Ағаш отырғызу жұмыстары барлық аймақтарды қамтиды: ең көп ағаш Еңбекшіқазақ ауданында, Қонаев қаласында және Талғар ауданында отырғызылуда. Сонымен қатар, Балқаш, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Ұйғыр аудандарында және Алатау қаласында да белсенді жұмыстар жүргізілуде.
Айта кету керек, көшеттердің басым бөлігін әлеуметтік жауапкершілігі жоғары азаматтар, кәсіпкерлер, кәсіпорындар мен ұйымдар өз қаражаттары есебінен қамтамасыз етті. Бұл қоғамның экологиялық мәселелерді шешуге және туған жердің болашағына деген қамқорлығына нақты үлес қосып отырғанының жарқын көрінісі.
«Жасыл аймақтар құру — тек қана абаттандыру емес, бұл — тұрғындардың денсаулығы мен жайлы өміріне салынған инвестиция. Мұндай бастамалар экологиялық мәдениетті қалыптастырып, тұрақты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді», — деп атап өтті облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және абаттандыру басқармасында.
Күзгі отырғызу науқаны көктемде басталған жұмыстарды жалғастырады. Жыл соңына дейін отырғызылған ағаштар саны 110 670-ке жеткізіледі деп жоспарлануда. Акцияға мемлекеттік органдар, волонтерлер, оқушылар, кәсіпкерлік қауымдастығы, аудан мен қала тұрғындары, аға буын өкілдері, қоғамдық ұйымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен жастар белсене қатысуда.
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев экологиялық бастамалардың күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналуы қажет екенін бірнеше рет атап өткен болатын.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/984451?lang=kk