Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулдарымен кездесу туралы
05.05.2025 04:21:36 121
Рио-де-Жанейро, 2025 жылғы 28 сәуір – Экономикалық дөңгелек үстел аясында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің Бірінші орынбасары Ақан Рахметуллиннің Қазақстанның Бразилиядағы Құрметті консулдары және оған үміткерлермен кездесуі өтті.
А. Рахметуллин кездесу қатысушыларына Қазақстандағы қазіргі даму үдерістерін, елде жүргізіліп жатқан реформалар мен Астананың сыртқы саяси сахнадағы белсенділігі жөнінде айтып берді. Бразилиямен екіжақты ынтымақтастықтың негізгі басымдықтарына назар аударып, ол Құрметті консулдар институтының елдер арасындағы диалогты нығайту және Қазақстан Республикасы азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғау ісіндегі маңыздылығын ерекше атап өтті. Қазақстандық дипломат бразилиялық қатысушыларды Қазақстанның мүдделерін Бразилия өңірлерінде белсенді ілгерілетуге шақырды.
Құрметті консулдар мен оған үміткерлер өз сөздерінде өкілдік ететін Бразилия аймақтарын таныстырып, бразилиялық штаттар мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты қалыптастыру жөнінде өз ойларымен бөлісті.
Іс-шараға Сан-Паулу штатындағы ҚР Құрметті консулы Жозе Хорасио, Мату-Гросу-ду-Сул штатындағы ҚР Құрметті консулы Алипиу Оливейра, сондай-ақ ҚР Құрметті консулы лауазымына үміткерлер Алекс Гарсия (Баия штаты) мен Педро Энрике Гарсия Демори (Парана штаты) қатысты.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/985559?lang=kk