Қазақстан мен Аргентина Іскерлік кеңес құрды

Қазақстан мен Аргентина Іскерлік кеңес құрды

09.05.2025 17:22:08 77

Буэнос-Айрес, 2025 жылғы 7 мамыр – Қазақстанның Бразилиядағы және Аргентинада қоса атқарушы Елшісі Болат Нүсіпов “Қазақстан Ет одағы” атынан Басқарма төрағасы Мақсұт Бақтыбаев пен Аргентинаның сиыр етін ілгерілету институты (IPCVA) атынан Президент Джордж Брайтшмидт арасындағы Іскерлік кеңес құру туралы меморандумға қол қою рәсіміне қатысты. Сондай-ақ, іс-шараға ҚР-дың Буэнос-Айрестегі Құрметті консулы Сантьяго Делука, Аргентина Сыртқы істер министрлігі мен аргентиналық компаниялардың өкілдері қатысты.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін, Іскерлік кеңестің онлайн түріндегі алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында тараптар кеңестің негізгі қызмет бағыттарын талқылап, екі елдің экономикасының қазіргі даму жайы, екіжақты сауда үрдістері, сондай-ақ мал шаруашылығы мен ауыл шаруашылығы саласының ерекшеліктері жайында ақпарат алмасты.

Спикерлердің пікірінше, «Қазақстан–Аргентина» Іскерлік кеңесі, екі елдің іскер топтары мен экономикалық ұйымдары арасында түрлі салаларда тікелей байланыс орнатуға арналған тиімді алаңға айналуы тиіс. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар, жақын арада осы институттың екі елдің астаналарының бірінде бетпе-бет отырысын өткізуге әзірліктерін жеткізді.

Мәлім болғандай, аталған тетікті құру бастамасы алғаш рет 2023 жылғы 22 тамызда Буэнос-Айрес қаласында өткен Қазақстан мен Аргентина арасындағы саяси консультациялардың төртінші отырысы барысында айтылған болатын. Кейін, 2024 жылғы маусымда Елші Болат Нүсіповтің Аргентинаның сиыр етін ілгерілету институтының (IPCVA) басшылығымен кездесуінде осы мәселені бірлесіп пысықтау жөнінде нақты келісімге қол жеткізілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-brazil/press/news/details/991238?lang=kk