«Алтын микрофон»: жұлдыздарға жол Костанайдан басталады
12.05.2025 12:01:06 55
2025 жылғы 15–16 тамыз күндері Қостанайда тағы да жас дауыс иелерінің әндері шырқалмақ: мұнда Қазақстандағы ең беделді мәдени алаңдардың біріне айналған «Алтын микрофон» халықаралық вокалдық байқауы өтеді. Байқаудың құрылтайшысы – Қостанай облысы әкімдігі. Байқау облыстық мәдениет басқармасының қолдауымен өткізіледі. Ұйымдастырушысы – Қостанай облысы әкімдігінің мәдениет басқармасына қарасты «Облыстық көркемөнерпаздардың халық шығармашылығы мен кинобейнеқор орталығы» КМҚК, байқау барлық кезеңдерде – өңірлік деңгейден бастап халықаралық деңгейге дейін – жоғары деңгейде ұйымдастырылып, кәсіби қауымдастықтың сенімі мен байқаудың беделін жыл сайын дәлелдеп келеді.
«Алтын микрофон» байқауының тарихы 2002 жылдан басталады. Ол кезде бұл байқаудың кішкентай ғана қалалық вокалшылар сайысы екені және оның кейін ірі халықаралық жобаға айналары ешкімнің ойына кірмеген еді. Байқаудың негізін қалаушылардың бірі – белгілі қостанайлық конферансье, эстрада әртісі Вячеслав Авдеев болды. Оның бастамасы мен энтузиазмы үлкен жолдың алғашқы қадамына айналды. Байқаудың қалыптасуына елеулі үлес қосқан саяси және қоғам қайраткері Валерий Вишниченко да ерекше атап өтілуі тиіс. Содан бері «Алтын микрофон» байқауы өзінің ауқымын кеңейтіп, қатысушылар географиясы мен кәсіби стандарттарын тұрақты түрде дамытып келеді. 2023 жылы Армения, Беларусь, Болгария, Қырғызстан және Украина елдерінен 77 орындаушы қатысты.
Әр маусым – бұл шын мәнінде ауқымды мәдени процесс. 2025 жылғы байқау 14–21 сәуір аралығында Қостанай облысының төрт өңірінде өткен өңірлік кезеңнен басталды. Онда 171 вокалшы бақ сынап, олардың 68-і облыстық кезеңге өтті. Олардың өнерін өңіріміздің мәдениет майталмандары: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлбану Абдулина, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, композитор Азамат Мұқатов, халықаралық байқаулардың лауреаты, Рудный музыкалық колледжінің оқытушысы Алуа Мұсапирова, сондай-ақ «Алтын микрофон» байқауының Гран-при иегері, «X-Factor» жобасының жеңімпазы Бекболат Жазыкпаев бағалады.
Байқаудың облыстық кезеңі қазылар алқасын көп жылдан бері басқарып келе жатқан Гүлбану Абдулина «Алтын микрофонға» деген қызығушылықтың тек елімізде ғана емес, шетелдерде де жоғары екенін атап өтеді:
«Өтініштер тек Қазақстаннан емес, алыс-жақын шет елдерден де түседі. Байқау жылдар бойы адал, ашық және шығармашылыққа толы жоба ретінде өзін көрсете білді. Оның лауреаттары шетелдік сахналарда жарқырап, халықаралық жобаларға қатысуда. Бұл – сахна мәдениетін, әртістік шеберлік пен жауапкершілікті қалыптастыратын байқау. Сондықтан да ол ұстаздар мен әртістер үшін өте құнды», – дейді Гүлбану Абдулина.
Халықаралық финалдық кезең екі турдан тұрады және жарқын гала-концертпен аяқталады. Биыл байқауға 7–23 жас аралығындағы вокалшылар қатыса алады. Олар төрт жас санаты бойынша бөлінеді. Әр қатысушы екі шығарма орындайды, олардың біреуі қазақ тілінде болуы – Қазақстан Республикасының азаматтары үшін өзгермейтін шарт. Байқаудың тағы бір маңызды талабы – фонограмма мен автотюнға толық тыйым салынуы. Тек «минус» фонограмма немесе тірі музыкалық сүйемелдеу ғана рұқсат етіледі. Бұл – байқауды ұйымдастырушылардың басты ұстанымы. Ол жоғары көркемдік деңгейді сақтап қана қоймай, қатысушыларды кәсіби сахна мәдениетіне жақындатады.
Қатысушылардың өнері бірнеше маңызды критерий бойынша бағаланады: интонациялық тазалық, ырғақтың дәлдігі, орындаушылық шеберлік деңгейі, таңдаған репертуардың күрделілігі. Сонымен қатар, әртістік қабілет, сахналық мәдениет пен әсерлілік – дикция мен микрофонмен жұмыс та назардан тыс қалмайды. Осы барлық элементтер жас орындаушының кәсіби сахнаға дайындығын әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Қазылар алқасының кәсібилігі – байқаудың сапасына кепіл. Биыл қатысушылардың өнерін Қазақстан, Беларусь, Болгария, Армения, Қырғызстан және Украинадан келген мамандар бағалайды. Бұл елдерден байқауға жас таланттар да қатысады. Осылайша «Алтын микрофон» шын мәнінде халықаралық алаңға айналуда. Қазылар алқасының төрағасы – композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің директоры Жеңіс Сейдоллаұлы. 2020 жылға дейін бұл құрметті міндетті аңызға айналған композитор Кеңес Дүйсекеев атқарған еді.
«Алтын микрофон» байқауы 20 жылдан астам уақыт бойы жас вокалшыларды тәрбиелеп, кәсіби өнер әлеміне жол ашып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден 1025 қатысушы өнер көрсетті. Гран-при – 20, бірінші орын – 63, екінші орын – 63, үшінші орын – 114, арнайы жүлделер – 20. Жалпы жүлде саны – 280. Осы жылдар ішінде байқау музыкалық әлемге көптеген жаңа есімдерді сыйлады. «Алтын микрофон» жеңімпаздары кейін беделді халықаралық байқаулардың жүлдегерлері мен лауреаттарына айналды. Олардың қатарында – «X-фактор 2024» финалисі Мейрімхан Назарханов, Ninety One тобының солисі Батырхан Маликов, Әміре атымен танымал Ернар Садирбаев, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі Балуан Беркенов, «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы Анна Уварова, «X-Factor» жобасынан Айдар мен Бекболат Жазыкпаевтар, Ясмин Ибраева, Ерназ Қабдыхамитов және Ясмин Аюпова.
«Алтын микрофон» – жай ғана байқау емес. Бұл – жаңа буын әртістерін тәрбиелейтін, жас таланттарға үлкен сахнаға жол ашатын және Қазақстанның халықаралық имиджін нығайтатын ауқымды мәдени жоба. Осы жерде, Қостанайда, үлкен сахна жолының алғашқы ноталары естіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-madeniet/press/news/details/992854?lang=kk