Дефициттен дамуға дейін

Дефициттен дамуға дейін

26.11.2025 10:19:46 32


Шымкент қаласындағы «Қызылжар-2» ықшам ауданы толықтай кешенді инженерлік инфрақұрылымға қосылған.
Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты «Қызылжар-2» ықшам ауданында бірнеше жылдан бері өзекті болып келген инженерлік инфрақұрылым тапшылығы мәселесі түпкілікті шешімін тапты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл көктемде қала әкімі мен тұрғындардың кездесуінде осы кент тұрғындары ауыз су тапшылығын, электр қуатының тұрақсыздығын, көгілдір отынның жетіспеушілігін ең өзекті әлеуметтік мәселе ретінде атаған болатын.
Әкім тиісті мекемелерге шұғыл тапсырма беріп, ауданға инженерлік желілерді тезірек қосуды тапсырды. «Қызылжар-2» учаскесінде инженерлік желілердің құрылысы 2024 жылдың сәуір айында басталып, Алқап, Ордакент, Нұрлыкент, Сығанақ, Тереңөзек, Көлкент көшелеріне жобалау жұмыстары жүргізілді.
Жобаның бірінші кезеңінде маңызды инженерлік желілер — су, электр және газ желілері тартылды. Соның арқасында қазір 265 үй су мен жарықпен тұрақты қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, жаңадан орнатылған газ құбыры әр үйді табиғи газға қосуға мүмкіндік береді.
Жобаның екінші кезеңін келесі жылы жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл кезең Қызылжар-2 шағынауданының қалған бөлігін қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді. Толық салынып біткен соң ықшамауданның толықтай дамыған инженерлік инфрақұрылымы болады деп күтілуде.
Шаһар басшысы тұрғындарды жаңа инженерлік желілердің пайдалануға берілуімен құттықтап, мердігерлердің жұмысты сапалы әрі уақытында аяқтағанын атап өтті. Ол жаңа шағын аудандарды инженерлік желілермен қамтамасыз ету Шымкенттің стратегиялық даму бағыттарының бірі екенін айтты.