Ақтауда жас теңізшілер Отанға адал болуға ант берді

Ақтауда жас теңізшілер Отанға адал болуға ант берді

12.05.2025 12:40:44 44

       Теңізшілердің қаласында Әскери ант беру рәсімі өтті.

       Әскери-теңіз күштерінің 169 жас матросы үшін бұл рәсім – өмірлеріндегі маңызды оқиғаға айналып, олардың Отанға қызмет етуге және оның теңіз шекараларын қорғауға дайындығын білдіретін нышан болды.

       Салтанатты шара Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Рәсімге қатысушылар ерлікпен қаза тапқан батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, оларға құрмет көрсетті.

Іс-шараға ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, ардагерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, «Аналар жүрегі» сарбаз аналары комитетінің Ақтау және Маңғыстау облысы бойынша төрайымы Гүлмира Жанысбаева, сондай-ақ ата-аналар қатысты.

       – Әскери ант – бұл жай ғана сөз емес, бұл – жауапкершілік пен жауынгерлік ерліктің жолы. Сіздерге ел шекарасын қорғауда батылдық пен табандылық тілеймін. Халық сенімін абыроймен ақтайтындарыңызға сенемін, – деді ҚР Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы вице-адмирал Серік Борамбаев.

       Шараға әскери-теңіз күштері оркестрі орындаған патриоттық шығармалар мен матростар дайындаған концерттік бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға ерекше әсер қалдырған – қарумен саптық жүріс және жауынгерлік өнер элементтері көрсетілген көрнекі өнер көрсетулер болды.

       – Сіздердің жетістіктеріңіз – ата-аналар үшін үлкен қуаныш. Отан қорғау жолыңыз жарқын болсын, қызметтеріңіз абыройлы болсын, – деп Атырау қаласынан келген матростың анасы Армангүл Қыдырбаева ұлын мақтан тұтатындығын айтты.

Бұл салтанатты рәсім жас матростардың әскери қызметтегі алғашқы маңызды қадамы болып, олардың патриоттық рухын күшейтіп, сенім сыйлады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/992916?lang=kk