Ұландық дзюдошы Астанада өткен Grand Slam чемпионатында қола жүлде иеленді
12.05.2025 12:40:48 77
Астанада өткен беделді халықаралық Grand Slam дзюдо турнирінде қазақстандық спортшылар Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжан қола жүлдегер атанды. Екі балуан да 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жоғары техникалық шеберлік, жеңіске деген жігер мен қайсар рух танытты.
Әсіресе Ұлттық ұланның спорттық командасын даярлау орталығының аға маманы (дене шынықтыру және спорт нұсқаушысы), ефрейтор Мағжан Шамшадиннің жеңісі ерекше қуаныш сыйлады.
Шамшадин шиеленісті белдесуде Франция өкілі Энцо Джинаны жеңіп, татамидегі мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Аман Бақытжанның өнері де көрермендерді тәнті етті — ол әлем чемпионатының жүлдегері, Оңтүстік Кореялық Харим Лиді сенімді түрде ұтып, қола жүлдеге қол жеткізіп қана қоймай, жанкүйерлердің зор құрметіне ие болды.
Grand Slam турнирі — әлемнің ең үздік дзюдошыларын жинайтын айтулы дода.
Қазақстандық балуандардың қола жүлделері ұлттық құраманың қоржынына қосылған маңызды жетістік болды және еліміздің спортшыларының халықаралық аренада жоғары деңгейде дайындығын, бәсекеге қабілеттілігін көрсетті.
Мағжан Шамшадин мен Аман Бақытжанды лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Жаңа белестер мен жарқын жетістіктер тілейміз!
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/992904?lang=kk