Қазақстан мен Вьетнам іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Вьетнам іскерлік ынтымақтастықты кеңейтуде

13.05.2025 01:22:22 44

Астанада Қазақстан мен Вьетнам арасындағы іскерлік дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға екі елдің ресми тұлғалары, бизнес өкілдері және мемлекеттік құрылымдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел Вьетнам Социалистік Республикасының Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам бастаған ресми және іскерлік делегациясының Қазақстанға сапары аясында өтті және екіжақты практикалық өзара іс-қимылды дамытуға бағытталды.

Дөңгелек үстелдің ашылуына Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаев қатысып, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге, инвестициялық байланысты кеңейтуге және іскерлік орталар арасындағы байланысты жандандыруға тілектестік білдірді.

Іс-шараны модераторы болған ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Алибек Қуантыров Қазақстанның экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстырып, сауда қатынастарын кеңейтумен қатар, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен тұрақты өндірістік тізбектерді қалыптастыру қажеттігін ерекше атап өтті:

«Қазақстан мен Вьетнам арасында экономикалық байланыс жағынан оң динамика бар, бірақ әлеует әлдеқайда кең. Біз вьетнамдық компанияларды ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, фармацевтика, көлік инфрақұрылымы салаларындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырамыз. Қазақстан Вьетнам үшін Орталық Азия, ЕАЭО және Еуроодақ нарығына кіру қақпасы бола алады. Біз мемлекеттік қолдаудың толық спектрін ұсынуға және нақты жобалар аясында жұмыс істеуге дайынбыз», — деді Қуантыров.

Кездесу барысында инвестициялық жобаларды іске қосу үшін салықтық және кедендік преференциялар, инфрақұрылымға қол жеткізу, инвестициялық келісімдер шеңберіндегі мүмкіндіктер сияқты практикалық шарттар егжей-тегжейлі талқыланды. Қазақстан тарапы өндірістік қуаты жоғары, экспорттық әлеуеті бар және жаңа жұмыс орындарын құратын жобаларға басымдық берілетінін атап өтті.

Іс-шара барысында вьетнамдық бизнес өкілдеріне дайын инженерлік инфрақұрылымы бар Қазақстанның индустриялық және еркін экономикалық аймақтарының мүмкіндіктері мен жобаларды KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы арқылы сүйемелдеу механизмдері таныстырылды.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша келесі құжаттарға қол қойылды:

  • Qazaq Air мен VietJet арасында VietJet Qazaqstan жаңа брендін іске қосу бойынша стратегиялық ынтымақтастық туралы келісім,

  • VietJet Kazakhstan мен Boeing арасында әуе компаниясын техникалық қызмет көрсету жөніндегі келісім,

  • Mareven Food компаниясы Алматы облысына 10 жедел жәрдем көлігін сыйға тартты.

Іс-шара жаңа жобалар үшін маңызды бастама болды. Жақын арада тараптар бастамаларды B2B және ведомствоаралық өзара іс-қимыл форматында пысықтауды жалғастырады. Қазақстан жобаларды барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін растады.

Дереккөз: https://invest.gov.kz

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/invest/press/news/details/993399?lang=kk