Жаңаарқада Ұлттық ұлан батыры Айбат Амановты еске алуға арналған турнир өтті
19.05.2025 13:51:13 154
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында Ұлттық ұлан жауынгері Айбат Амановты еске алуға арналған үш күндік бокс турнирі өз мәресіне жетті. Айбат 2022 жылдың қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын.
Турнирге Жаңаарқа, Шет аудандары мен Ақадыр кентінен келген жүзге жуық жас спортшы қатысты. Бес салмақ дәрежесінде 60-тан астам медаль жиынтығы сарапқа салынды.
Спортшыларды марапаттау рәсіміне батырдың ата-анасы, ардагерлер, “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, аудан әкімдігі мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Айбат Амановтың отбасы тағайындаған арнайы сыйлық 63 келіге дейінгі салмақта жеңіске жеткен Еламан Хайнилзаятовқа бұйырды. Биылғы турнирде алғаш рет қыз боксшылар да марапатқа ие болды.
– Айбат Аманов сынды қаһармандар – тек ауданымыздың ғана емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Турнирдің 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай өткізілуінің де ерекше мәні бар. Жастар осындай ержүрек ұлдардан үлгі алуы керек. Бұл турнир балаларға тек жағымды әсер ғана емес, сонымен қатар баға жетпес тәжірибе сыйлады. Алдағы уақытта дәстүрлі турнирге айналатынына сенемін, – деді “Amanat” партиясының аудандық филиалының төрағасы Амангелді Түсіпов.
Турнирге жүзге жуық жас спортшы қатысты. Бес салмақ дәрежесінде 60-тан астам медаль жиынтығы сарапқа салынды.
– Бұл турнир үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Бұған дейін арнайы сыйлық тек ұлдарға берілетін. Биыл қыздар да жоғары деңгейде өнер көрсеткен соң, оларды да ынталандыруды жөн көрдік. Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұлан басшылығына алғысымыз шексіз. Бұл турнир жыл сайын ұйымдастырылып, болашақта республикалық деңгейге шығатынына сенемін, – деді жауынгердің анасы Гүлназ Әлкенқызы.
Еске салайық, 2022 жылдың қаңтарында жаппай тәртіпсіздіктер кезінде қатардағы жауынгерлер Мадияр Қайсарұлы (5547 әскери бөлімі, Қызылорда қ.) мен Айбат Аманов (5514 әскери бөлімі,Талдықорған қ.) өз өмірлерін құрбан етіп, қарулас жолдастарын қорғап қалды.
Көрсеткен ерлігі мен батырлығы үшін олар (қаза тапқаннан кейін) Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен III дәрежелі “Айбын” орденімен, сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бұйрығымен “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” төсбелгісімен марапатталды.
Қаһармандардың есімдері өз әскери бөлімдерінің жеке құрам тізіміне мәңгілікке енгізілді. Олардың құрметіне ескерткіш тақталар, билбордтар, стендтер мен мұражай экспозициялары орнатылған.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kvv/press/news/details/994880?lang=kk